Есімі ел есінде
Қарапайым тірлік етіп жүрген әр тұлғадан жағымды мінез бен асыл қасиеттердің молынан табылып жататыны бар. Шыншыл да қайсар мінезді Дүйсенбай Мағзұмұлын өзінің замандастары да, ауылдастары да жақсы біледі. Ол отбасының өнегесін жерге тастамайтын, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, адал да еңбекқор азамат ретінде көпке таныс. Әрбір адал ниетті адам өз ғұмырының мәнді де мағыналы, атқарған ісінің жемісті де табысты болуын бар жанымен қатты қалайды емес пе?! Иә, адал еңбегімен, қалтқысыз қызметімен ғана ел-жұрттың алдында әрбір адамның абыройы артып, беделі биіктейді, сый-құрметі лайықты түрде көрсетіледі. Сонан соң туған-туысқа да, жора-жолдасқа да жүзі жарқын қадірлі болады. Бүгінгі кейіпкеріміз Дүйсенбай Мағзұмұлы да ел игілігіне еңбек етіп, алғыс арқалады.
Ат жалын тартып, еңбекке араласқаннан бастап «еңбегім еліме, елімнен қалса ғана ерніме тисін» деп адалынан еңбек етті. Халқымызда «Аттың бәрі қазанат емес, жігіттің бәрі азамат емес» деген нақыл сөз бар ғой. Дүйсенбай Мағзұмұлы қашанда адалдықтың адал жібін аттамады. Құлқынның құлы болмады, пендешілікке бармады, азаматтығынан жаңылмады, биігінен аласармады. Алысты жақын, бөтенді бауыр етіп алатын кішіпейіл қалпы бар. Қарапайым, жаны таза, жан-дүниесі жақсылықтан өрілген, айналасына тек қайырлы іс жасауға, өзгені қуантуға асығатын оның жүзінен ылғи да мейірім шуағы шашылып тұрады.
Жасы кіші кейінгілерге батагөй ақсақал ретінде де Дүйсенбай Мағзұмұлы еңбекті сүюдің үлгісін танытып, өз өнегесін көрсете білді. Кейінгі жастарға өзінің жүріп өткен жолдарын айтып, ақыл-кеңестерімен бөлісіп отырды. Оның бойындағы адалдық, қарапайымдылық, адамгершілік, білімділік, ұжыммен ауызбіршілікте жұмыс істей білетіндігі, жүктелген іске деген жауапкершілік қасиеттері бір-бірімен үйлесімді ұштасып жатады. Осы қасиеттерінің арқасында ол өз саласының мақтаулы, озат, үлгілі маманы бола алды.
![]()
Есімі тек жақсы жағынан ғана айтылатын, өзі өмірден өтсе де жасаған істері күннің шапағындай болып, әлі де халықты жылытып келе жатқан, «Үржар ауданының Құрметті азаматы» Селиханов Дүйсенбай Мағзұмұлы 1952 жылдың 1 қаңтарында Ресей Федерациясының Алтай аймағында дүниеге келген. 1962-1971 жылдары Шипунов атындағы (Ресей) мектепте оқып, білім алды. Кішкентайынын алғыр, бір істі бастауға ұмтылып тұратын жас мектеп қабырғасында да ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, ұстаздарының мақтауына ие болды.
Ұшамын деген қыранға қарлы шың кедергі болып па, ертеңгі күнге деген сенімі басым, тек ілгері жүруді ғана ойлайтын жас ақыры өз дегеніне жетіп, Семей қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түседі. Қандай істі де зерделей білетін зерек жас өзінің оң жамбасына келетін қаржылық мамандығын игеріп шығуда қатарластарының алды бола білді.
1975 жылы институтты бтіріп шыққансоң, алғашқы еңбек жолы Үржар ауданының Ленин атындағы колхозда зоотехник болумен басталды. Ауыл шаруашылығы бірінші орыннан түспей тұрған сол кездері мал шаруашылығына қатысты саласындағы мамандарға деген сұраныс өте жоғары еді. Тек бекітіліп берілген тапсырманы орындап қана қоймай, өзін дамытып, жоспар межесінен шыға білетін, ісін тиянақты атқара білген мамандардың ғана маңдайына шаң тимей тұрған кездері жас маманның айдарынан жел есті. Өзі жас, ізденімпаз, еңбексүйгіш, тапсырманы тиянақты әрі уақытылы, үлкен жауапкершілікпен орындай білгенінің арқасында ұжымдастары алдында да, басшылық алдында да құрмет пен сыйластық төріне қарай біртіндеп көтеріліп келе жатты.
![]()
1988-1991 жылдары Үржар аудандық атқару комитетітнің төрағасы, 1991-1992 жылдары Үржар аудандық атқару комитетінің және Халық депутаттары Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, 1993-1994 жылдары Үржар аудандық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, 1994-1995 жылдары Үржар ауданы әкімшілігінің басшысы қызметтерін абыроймен атқара білді.
Тоқыраудың қою бұлты тіршілік аспанында әлі де сейілмей тұрған сонау бір жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында тұрған жылдары бекітіліп берілген лауазымдық қызметтерді атқаруда туралық жолынан тайған емес. Атқарушылық қызмет – бір жағынан қылдан да нәзік, енді бір жағынан сегіз өрім қамшыдан да мықты өрілген берік саласы болғанымен, маман иесінің білімділігі және біліктілігіне байланысты жоғары өрлей түсетін бұралаңы мен қалтарысы көп жол. Осы бір қиын кездерде де өзінің біліктілігіне сенген маман қызмет ету барысында атына кір келтірмей, адамдық арын таза ұстаған күйі өзінің адалдығы, адами қасиетінің ақ парақтан да тазалығы, еңбексүйгіштігінің арқасында әріптестері ортасынды сыйлы бола білді. Басшылық қызметтерде жүрсе де қарамағындағылармен ұдайы ақылдасып, олардың да біліктілігін арттыру мақсатында жұмыстар жүргізіп, ел экономикасының соғып тұрған жүрегі саналған қызмет саласын дамытуда уақытпен санаспай еңбек ете білді.
1995-2003 жылдары Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының әкімі, 2003-2004 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2004-2007 жылдары Үржар ауданының әкімі, 2007-2009 жылдары Шығыс Қазақстан облысы бойынша көші-қон департаментінің басшысы қызметін атқарып, 2009 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Шығыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымдарын абыроймен атқарды.
![]()
2017 жылдан Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының кеңесшісі болып еңбек еткен Дүйсенбай Мағзұмұлы зейнеткерлікке шыққан соң да қызметтен қол үзбей, облыстық деңгейдегі жауапты қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өзінің белсенді азаматтық ұстанымын білдіріп отырды.
Ел ішіндегі көкейкесті мәселелерді көтеріп, олардың оң шешімін табуда табанды еңбек еткен кейіпкеріміз 2019 жылы елді елең еткізген пандемия кезінде мәңгілік сапарына аттанып кете барды.
Көзі тірісінде Дүйсенбай Мағзұмұлының ерен еңбектері мен ұлағатты істері лайықты бағаланып, көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болып, мерекелік медальдарды өр кеудесіне тағынды. Еліміздің, шығыс Қазақстан облысының, соның ішінде Үржар ауданының дамуына қосқан үлесі өлшеусіз.
Дүйсенбай Мағзұмұлы мен жары Шолпан Слямғалимқызының балалары Алмира-Данабек, Жәнібек-Жанар өмірден өзі орындарын тапқан отағасы мен отаналары.
Құзға өрмелеп жылан да, шыңға қалықтап қыран да шыға алады. Бірақ, сол екеуі де шыңды мекендеген ұлардай бола алмайды. Өйткені, оның бойындағы тектілік, өр намыс тек ұлы таулардың басында ғана мекендеуге рұқсат етеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз қарапайым отбасынан шығып, бір елдің тізгінін ұстап, өмірден көргені мен түйгенін ел мүддесі үшін қызмет етуге арнаған Дүйсенбай Мағзұмұлы әкеден алған адалдығы мен әділдігі, ана сүтімен бойына сіңірген имандылығы, мәдениеттілігінің арқасында елдің құрметіне бөленіп, халықтың ыстық ықыласы мен алғысына ие болған, өзінің адами асыл қасиеттері мен тек төрден ғана орын алатын текті тұлға. Арыны қатты, рухы биік, тау шөксе де шынары аласармайтын Хан тәңіріндей өзінің тұлғалық болмысын қалыптастырған Дүйсенбай Мағзұмұлы сынды ардақты тұлғаларымыз барда болашаққа басқан қазақ елінің қадамы қашанда нық болмақ. Дүйсенбай Мағзұмұлының абыройлы істері мен жарқын бейнесі кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақталып қалды.
![]()