Бірегей немесе зерде-ғұмыр
Сағыпазұлы Көбестің ата-бабалары, қазіргі Ресей мемлекеті, Астрахань облысынан екен. «Қиғаш» өзені жағалауын ерте қоныстанушылардан. Алмағайын-аласапыран кезеңде, үдере қоныс аударғандардың көшінен болса керек.
Дәулет Оспанұлы (1864-1932жж.). Зайыбы Жаңыл.
Аруақты, арқалы адам әрі Палуан болған. Сол кездерде, жыл мезгіліне орай өткізіліп отыратын жәрмеңкелерге («Кірдуан») қатысып, палуандықпен ел мүддесін қорғаған намысқой да екен. Туралықтың тізгінін, шындықтың шылбырын ұстаған адам ретінде де танымал болған.
![]()
Дәулетұлы Сағыпаз (1884-1932жж.). Зайыбы Мәтен.
Ғасыр басындағы нәубет жылдардың салдары ма (аштық шеңгелі, оба, тырысқақ,т.б індетті аурулар), Сағыпаз атаның 9 ұрпағынан фәниде тұрақтаған 3 перзенті – Көбес, (1932-1994 жж), Марфуға (1925-2016 жж), Мәжекен (1929-2020 жж). Сағыпаз атамыз діни білімді, арабша сауатты болғандықтан, ауылда балаларды оқытқан (Құран кітабы, қамшысы сақтаулы). Біртоға тұйық, өте сабырлы, иманжүзділігімен ел есінде. Кейіннен Кеңес кезеңінде, қоғамда атеистік ұғым қалыптаса бастағандықтан, «Қырық үйлі», кейіннен «Тұңғыш» ұжымшарының мүшесі болып, балық та аулаған.
Ел ырыздығы үшін, маңдай тері төгіліп, озаттар көшбасшыларының қатарында болған (Журналист, жазушы Р.Иманғалиев «Нарын-шежіре» 2-кітап).
![]()
Сағыпаз зайыбы, Сұлтангелді қызы Мәтен (1890-1958жж.) 42 жасында жесірлік қамытын киген, әсіресе соғыс жылдарында азаматтарды жоқтатпай, елдің ұйытқысы бола білген.
Ер мінезді, аузы дуалы адам екен. Қилы кезеңнің қиындығымен (Кеңес үкіметінің орнығуы, ұжымдастыру, Ұлы Отан соғысы кезеңі) ширыққан ана «Қырық үйлі», кейіннен «Тұңғыш», «Красная Армия» ұжымшарының белсенді мүшесі – балықшы, егінші де болған.
Ұжымшардан жүктелген жауапты жұмыстарды абыроймен атқарған.
Бұрынғы «Красная Армия» ұжымшарының мәдени клубындағы Құрмет тақтасында, фотосуреті мен деректері, мадақталған озаттар қатарында тұрған. (Журналист, жазушы Р.Иманғалиев «Нарын-шежіре» 2-кітап).
Қабидолла зайыбы, Иманәлі қызы Маһузия (1897-1984 жж.) Жұбайы Тәжаяқұлы Қабидолла (1895-1937жж.) туралы, өкінішке орай, нақты деректер сақталмаған.
![]()
Қабидолла атамыздың 9 ұрпағынан фәниде тұрақтаған 2 перзенті – ұлы Меғат пен қызы Табиғат. Маһузия Иманәліқызы ұлының бұғанасы бекімей тұрып, қызы бір жасқа толмаған кезде, 40 жасында жесірлік қамытын киген екен.Тұйық, өте биязы және діндар, қайырымды адам болған .
Бес уақыт намазы мен оразасын үзбеген. Негізі діни білім алған. Жады мықты, ауыз әдебиетінен хабардар болған.Ұлы Отан соғысы жылдарында «Красная Армия» ұжымшарының шаруашылық жұмыстарына белсене атсалысқан.
Өте ісмер, шебер тігінші болған. Соғыс жылдарында «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін!» ұранымен майданға киім-кешек дайындауға қатысқан (бір түнде тонды тігіп үлгереді екен).
Дәулет Оспанұлы, Дәулетұлы Сағыпаз, Сұлтангелдіқызы Мәтен, Иманәліқызы Маһузияның өміржолдары «Киелі мекен, қасиетті өлке - Құрманғазы» атты танымдық-тағылымдық-ақпараттық ІІ-энциклопедиясына енгізілген. 2021 жылы «Ағатай»баспасынан шыққан («Туған жер» Қазақстандық өлкетанушылар бірлестігі, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Құрманғазы ауданының өңірлік тарихы жөнінде).
![]()
Әкесі Сағыпазұлы Көбес (1932-1994 ж.ж.) еңбек жолын балықшы боп бастаған.
«Красная Армия», «Панфилов», Ленин атындағы ұжымшарларда еңбек еткен.
1958-1961 жылдары Анапа қаласында Бүкілодақтық деңгейдегі Балық шаруашылығы саласындағы ұжымдар басшыларын дайындайтын арнайы оқу орнын бітірген соң, басқарма бастығының орынбасары, партия ұйымының хатшысы, есепші жұмыстарын атқарған. Денсаулығына байланысты 52 жасында зейнетке шыққан. Туған-туыс, көрші-көлемге қайырымды болған. Ұлтжанды,сөзге шешен еді. Бала кезден, ұрпақтарын ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, зейін-зердесін тереңдетіп, жеті ата, руын үйреткен. Күнбе-күн, кешке қарай, міндетті түрде ер
![]()
тегі айтып беретін. «Білім мен еңбектеріңе ғана сеніңдер»-деп қайталаудан жалықпайтын.
Анасы Табиғат Қабидоллақызы (1937-2016 ж.ж.) Ленин атындағы ұжымшарда балық, егін шаруашылығы саласында еңбек еткен.
Ананың ұлағатты тәрбиесінен, отбасының қорғаны да, төрешісі де әке екенін түйсініп өскендіктен, ұрпағы болмыс-санасында азаматтың мәртебесі жоғары деген көзқарас қалыптасты.
Абзал әке, бекзат болмысты ана 9 перзентін, «Ешкімнің алажібін аттамауға», «Құдайға ниет түзу болу» адалдыққа үйретіп, арлы жолдан тайдырмай тәрбиелеген.
![]()
Қазақ қызы туралы әңгіме бастасақ, арқаланып кететініміз жасырын емес. Бір шаңырақтың ғана емес, үлкен бір әулеттің, елдің берекесін келтіріп, несібесін тасытқан - Домалақ ана, Қазақ халқы бастан кешкен аса күрделі кезеңдердің бірі ХVШ ғасырдағы көрнекті қайраткерлердің бірі Бопай ханым және мәңгілік алауындай, Ұлы Отан соғысындағы Әлия мен Мәншүк, Хиуаздар қазақ қызының бойындағы өлмейтін, өшпейтін асыл қасиеттердің жауһарындай еді.
Заман өзгеріп, жылдар ауысқанымен, қазақ қыздарының бойында батылдық, қайсарлық, тектілік пен өжеттілік, имандылық әлі күнге өшкен жоқ.
Ел бірлігін ойлаған, адал еңбекті тірлігінің арқауы еткен асыл аналарымыз, аяулы қыздарымыз, әлі күнге дейін бар. Міне, осындай, қазақ қызына тән асыл қасиеттерді бойына сыйғыза білген, талай басшылық қызметте болған Зерек Көбесқызын айта аламыз.
Зерек Көбесқызы 1959 жылы 28 наурызда Қазақстан Республикасы Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, (бұрынғы Қазақ КСР, Гурьев облысы, Теңіз ауданы) Кудряшов ауылында дүниеге келген.
![]()
1966 жылы Кудряшов ауылындағы Н.В.Гоголь атындағы орта мектеп (қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы) табалдырығын аттаған Зерек үздік оқушы болып қана қоймай, мектептің қоғамдық өмірінде де үнемі белсенді болып, мектеп мақтаныштарының біріне айналды. «Октябрят-Пионер-Комсомол» кезекті тәрбие сатыларынан өтіп, сыныпта староста атанды (көркем жазу үлгісі ретінде дәптері Ленин бөлмесіне қойылған). Отряд вожатыйы, комсорг бола жүріп, түрлі әдеби, спорттық сайыстар мен үйірмелерге қатысқан. Ұл-қыздарына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, өнегелі тәрбие бере алған отбасында өскен Зерек Көбесқызы мектептегі кезінен көшбасшы жастар қатарында болды. Кітапқұмар болған. Мектеп кітапханасынан басқа, екі ауылдық кітапхананың тұрақты оқырманы бола жүріп, аудан бойынша кітап дүкендерінен кітап таңдап алатын.
![]()
Мектеп директорлары З.Сейтқазиев, Қ.Байғазиев бастаған ұстаздар ұжымының шәкіртке деген сыни ыждағаттылығын З.Сағыпазова ризашылықпен жадында ұстайды.
Зерек Көбесқызы мектепті тәмамдаған соң, 1976-1979 жылдары, деңгейі одақтық дәрежеде болған, Гурьев теңіз балық өнімдері техникумында оқып, «Балық өсіру технигі» мамандығы бойынша бітіріп шығады (Кострома, Волгореченск қалаларында 3 ай диплом алды тәжірибеден өткен).
Кейіннен, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін «Жергілікті және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша бітіріп, жоғары білім алған.
![]()
Техникум директоры В.М.Григоренко, директор орынбасары Г.А.Темірәлиев бастаған ұстаздардың кәсіби біліктілік, адами қамқорлықпен болашақ тағдырына бағыт-бағдар бергені, сірә, ұмытылмас.
Мектепті ана тілінде бітіргендіктен, техникумда оқу алғашқыда қинағаны да рас. Алайда, төзім мен еңбек өз жемісін берді, оқу кезеңінде Жоғары шәкіртақы алуға қол жеткізді.
Өзінің алғашқы еңбек жолын жолдамамен, 1979 жылдың тамыз айында Алматы облысы, Еңбекші Қазақ ауданы, Ақжал поселкесінде «Қапшағай шабақ өсіру шаруашылығында» (директор А.Әлімбетов) лаборант болып бастап, онан әрі ихтиопатолог лауазымдарында еңбек етеді (маман тұрғысында кәсіби сатымен өсуіне мүмкіндік те, ұсыныс та болған).
Сағыпазова Зерек Көбесқызының тағдырында қырық жылдай еңбек жолының отыз алты жылдан астамы – мемлекеттік қызметте өткен екен.
Және үш кезеңді кәсіби сатымен - Теңіз аудандық балық қорғау инспекциясында, Шортанбай және Бірлік ауылдық округтерінде, Құрманғазы ауданы әкімдігінде.
Әкесінің денсаулығына байланысты еліне оралған З.Сағыпазова 1981 жылдың маусым айы мен 2002 жылдың қаңтар айы аралығында Теңіз (Құрманғазы) аудандық балық қорғау инспекциясында мемлекеттік инспектор, инспекция бастығының орынбасары, инспекция бастығы, бас маман лауазымдарында жұмыс атқарған.
Теңіз аудандық инспекциясы ұжымының шешімімен, З.Сағыпазова – жас мамандар резервіне ұсынылып, есепте тұрған.
Осы ұжымдағы бастауыш партия ұйымының ұйғарымымен, Зерек Көбесқызы партия мүшелігіне кандидат, кейіннен ауданда Коммунистік партия мүшелігіне өтеді.
Теңіз аудандық балық қорғау инспекциясы, Гурьев( Атырау) қаласындағы «Орал-Каспий облысаралық бассейндік басқармасы құрылымында болған.
Теңіз аудандық балық қорғау инспекциясының басшылары қатарында В.С.Березуев, Ж.Бегалиев, З.Сағыпазова, М.Қисамеденов, Р.Қорқытов,Е.Оңғалиев, Б.Цой болған еді.
Ал, «Орал-Каспий облысаралық бассейіндік басқармасы» Мәскеу қаласы, КСРО (СССР) Балық шаруашылығы Министрлігі, «Главрыбвод» құрамында еді.
Облысаралық басқармада қызметкердің кәсіби біліктілігін арттыруға айырықша мән берілетін. З.Сағыпазова Одақтық деңгейде семинарлар, тағылымдамалық курстарда Ресейдің Москва, Дмитров(1ай), Орынбор, Омбы, Орск қалаларында, Қырғызстанның Фрунзе (Бішкек) қаласында болған.
Бұл облысаралық бассейіндік басқармаға 4 облыстың (Гурьев /Атырау/, Маңғыстау, Орынбор, Батыс Қазақстан) балық қорғау жүйесі құрылымдары қарасты болған.
Құрылымынан көрініп тұрғандай, Бассейндік басқарма кәсіби деңгейі бойынша бәсекелестігі өте жоғары орта болатын және сол кездегі талап бойынша, құжаттама орыс тілінде жүргізілетін болғандықтан, тілді де жетік меңгеру міндеті болды.
Осындай шыңдалу барысында басқарма басшылары болған О.Мұхтаров, Б.Сүлейменов, Б.Бимурзин т.б бастаған басқарма ұжымының «шеберханасынан» өтіп, адами болмыс-бітімі, кәсіби жауапкершілігі қалыптасқан З.Сағыпазоваға, жас маман резервінде болғандықтан, Басқармада жұмыс та ұсынылған.
Атап өткен жөн, Теңіз аудандық балық қорғау инспекциясының бақылау аймағына, көршілес Ресей мемлекетінің Астрахань облысы, Красный-Яр ауданымен су бойы шекаралас өлкеде, яғни Теңіз (Құрманғазы) ауданының әкімшілік аумағында сол кезде, жалпы ұзындығы 669 шақырым 85 өзен-өзектер; қазылған балық өткел-арналар, сонымен бірге 60 шақырымдай Солтүстік Каспий теңізі жағалауы орналасқан.
Осы бақылау аймағындағы жұмыс дағдысы айырықша. Апталап су айдындарында, күндіз-түні, жылдың төрт мезгілінің өзіне тән қиындықтарына бейімделіп, қауіп-қатерге кезіге жүріп, төзуге, кейде қайық не кемелерде түнеуге тура келетін. Мұны кәсіби балықшылар жақсы түсінеді, ал әйел заты үшін бұл нардың жүгіндей еді. Әлі есінде, рейдтен оралып, жағаға шығып, жерге аяқ тигенде, табан асты толқынданып тұрғандай сезілетін. Әсіресе, басшылықта болған кезде, әрбір мемлекеттік инспектордың тағдыры, қауіпсіздігі үшін арқалайтын жауапкершілік бөлек еді (ұжымда 60 жуық қызметкер).
Аудандық инспекцияда жұмыс әр бағдарлы (ерекше қорғалатын аймақта (заповедная зона) орындалуы тиіс заңдылық талаптары, су айдындарын ластанудан қорғау, балық аулау орындарындағы заңдылық талаптары, аулау құралдарының заңдылығы, кәсіби балық өлшемдерінің сақталуы, балық қорын молайтудағы шабақ құтқару шараларының маңызы, ауылшаруашылығы саласындағы су тарту қондырғыларына қойылатын талаптар және минералды тыңайтқыштар, улы химикаттарды қолдану, сақтаудағы заңдылық талаптары, құқық қорғау органдарымен бірлескен шаралар, балық қорғау заңдылықтарының бұзылуы, т.б).
1981-2002 жылдар аралығында, З.Сағыпазованың аудан көлемінде кәсіби бағыттағы шаралардан бөлек (лекция, жиын өткізу, ақпаратты жарнамалар тарату,т.б) «Серпер» үнжариясында іс-шаралардың орындалысы туралы мақалалары да жарияланған. 2001 жылы аудандық «Серпер» газетінде (бас редактор Т.Дәрелов) «Балық қорын сақтау мен молайту» туралы Зерек Көбесқызының көлемді мақаласы жарық көрді.
Аудандық партия комитеті тарапынан резервтегі жас маман тұрғысында З.Сағыпазоваға жұмыс та ұсынылған.
Теңіз аудандық балық қорғау инспекциясындағы қызметі кезеңінде, ауданда 15ауылдық Кеңес, құқық қорғау органдары, 8 кеңшар (совхоз), Шортанбай балық зауыты, Ганюшкин Сүт зауыты, 4 ұжымшар (колхоз), жүздеген шаруа қожалықтары,т.б басшыларымен тиісті табиғат қорғау заңдылық талаптарын сақтау бойынша өзара үйлесімді жұмыс атқару оңай болмайтын.
Аудандық партия комитетіне (бірінші хатшылар Қ.Т.Темірташев, Ғ.Қ.Алдамжаров, М.Т.Еркеғұлов, Б.Б.Сапуанов, Ә.Бисенов, Б.Л.Құрманбаев): Аудандық Кеңес атқару комитетіне (төрағалары Т.Өтепов, П.А.Сутырин, В.В.Башмаков,т.б), Қоғамдық ұйым «Халықтық бақылау»-ға (С.Нәжімов), аудандық балық қорғау инспекциясынан, өңірдегі табиғат қорғау заңдылықтарының сақталуы бойынша хабарламалар, көкейкесті мәселелерге қатысты ұсыныстар берілетін.
Әсіресе, 1991-2000 жж. аралығындағы қоғамдағы жалпыға ортақ қиын-қыстау кезеңдерде (билік жүйесінің өзгерісі, кеңшарлардың таратылуы, жекешендірілуі, мерзімінде берілмеген жалақы, жанар-жағар май, қосалқы бөлшектерге бөлінетін қаржының кешіктірілуі, жұмыссыздық т.б) қай салада да жұмысты өз деңгейінде ұйымдастыруға көп кедергі-тосқауылдар әкелді. Ол кезде ауылдарға жол төселмеген, су тартылмаған, газ жүргізілмеген, интернет байланысы жоқ. Әрі қазіргі кездегідей заманауи жұмыс құрал-жабдықтары болмаған (компьютор, э.пошта, ксерокс, ұялы телефон, т.б).
Жоғарыдағыдай жағдай қалыптасқан кезеңдерде, мемлекеттік қызметті атқару да оңай болмады, көптеген мамандар өзге салаларға не кәсіпкерлікке бетбұрыс жасады.
Ал, З.Сағыпазованың Теңіз аудандық балық қорғау инспекциясындағы 21 жылға жуық мемлекеттік қызметі - алғашқы кәсіби және адами болмысының шыңдалу мектебі болды.
Аудан әкімдері Р.Ғ.Сисатов, Ә.И.Нәутиев, С.Қ.Аманғалиев, А.Ә.Тәкешов, С.Қ.Арыстанов, А.К.Барақатов, Б.Б.Шаяхметовтың басшылығымен, жергілікті атқарушы органдарда он бес жыл, яғни 2002-2017жылдары Шортанбай, Бірлік ауылдық округтерінде ауылдық округ әкімі, аудан әкімдігінде Азаматтық қорғаныс пен Төтенше жағдайлар саласында мемлекеттік қызмет атқарды (бас маман,бөлім басшысы).
Бұрынғы мемлекеттік қызметтен, ауылдық округтерде жүйе-құрылым мүлде бөлек еді. Шортанбай ауылдық округінде (Шортанбай, Жасталап ауылдары), тұрғындарды әлеуметтік қолдау мен мәдени шараларды ұйымдастыруда, мекемелер, қоғамдық ұйымдар Шортанбай балық зауыты басшылығымен (Б.Абдулов, С.Зулхарнаев) өзара ынтымақтастықта еңбек етті.
Аталған округте ауылдық аурухана, мектеп апатты жағдайда болса, ал мәдениет үйі күрделі жөндеуді қажет ететін. Сондықтан, мүдделі органдармен бірге, жаңа мәдени-әлеуметтік нысандардың жоспарлануы, күрделі жөндеудің жобалық, құрылыс құжаттамаларының дайындығы көп күш-жігерді талап етті. Қысқа мерзімде құжаттамалардың жасақталуы мен нысандардың құрылыс жоспарына енгізілуі қамтамасыз етілді (қазіргі кезде, аталған нысандар Шортанбай ауылындағы көзқуантарлық орындар). Осы бағыттағы жұмысында аудан әкімі Р.Сисатов, аудан әкімінің орынбасарлары Қ.Садихов, С.Рахимов, Ғ.Қалиев, аудандық Қаржы бөлімінің басшысы Р.Нұрғалиеваның көрсеткен қолдауын үнемі жадында ұстайды.
Зерек Көбесқызы басшылық еткен жылдары округте «Ардагерлер кеңесі», «Әйелдер кеңесі» қоғамдық ұйымдарының жұмысы жетілдірілді. Әжелер ансамблі құрылды. Мәдениет үйінің меңгерушісі Р. Нұрқалиева мен кітапханашы Б.Шүкірова, Шортанбай, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп директорлары Г.Юсупова, Қ.Сағипова, учаскелік аурухана Бас дәрігері Г.Ермұханованың, өзара ауызбірлігін қалыптастырумен мәдени шаралардың мазмұндылығын арттырды (дайындық ЖК, шаруа қожалығы жетекшісі Р.Дошахованың Тігін цехында өткізілетін).
Бірлік ауылдық округінде (Бірлік, Амангелді ауылдары) барлық әлеуметтік-мәдени іс-шараларды ұйымдастыруда, «Каспий балық» ӨК басшылығы (Ә.Т.Бисенов, кейіннен Ж.Шакупов) мен ұжымы тарапынан ардагерлер мен тұрғындардың әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне қолдау көрді.
2003 жылы Махамбет бабамыздың 200 жылдығына орай, аталған кооператив демеушілігімен, ардагерлер үшін Махамбет ауданына танымдық сапар ұйымдастырылды.
«Ұлағат» атты Әжелер ансамблінің, шағын Домбыра оркестрінің құрылуы, «Зоренька» фольклорлық ансамблі жұмысының жаңғыртылуы жолға қойылды. Округ көлемінде ұйымдастырылатын мәдени шаралар өткізуде С.Имашев, А.Иманов атындағы мектеп директорлары Б.Қапетова, Р.Сапаров, Г.Мұрасқалиева, кітапханашы М.Құрманғалиева, М.Мұратованың өзара ынтымақтастығы қалыптастырылды. Алғаш рет, 1 мамыр – Қазақстан халқының Бірлік күніне орай, ауылдық округ мекемелерінің Шеруі де өткізілді.
2004 жылы Бірлік ауылдық округі Аудандық деңгейде өткізілген «Ауылым – алтын бесігім» көркемөнерпаздық байқауда жүлделі І орын иеленді (округтің екі ауылында дайындық өткізетін мәдени нысан да жоқ еді).
2004 жылы Зерек Көбесқызы мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттыру мақсатында, аудан әкімдігінің ұсынысымен, Атырау қаласында Атырау теле-радиокомпаниясымен өткізілген «Ой тамызық» бағдарламасына қатысып, сұхбат берді.
2005 жылы «Каспий балық» ӨК басшылығы (Ә.Т.Бисенов) Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай, екі соғыс ардагеріне екі автокөлік сыйлады. Бұл – ауданның ешбір округінде қайталанбаған.
Ұлттық құндылықтарды қалыптастыру, ұлттық жадыны жаңғырту мақсатында, ауыл тұрғындарының ұсынысы негізінде, Округ әкімінің 2007 жылғы 26 шілдедегі №32 шешімімен бұрынғы «Советская» көшесіне «Алаш» қозғалысының қайраткері Мухтасиб, саяси қуғын-сүргін құрбаны Мұхамбет-Шәріп Бекбаевтың есімі берілді.
Ауылдық округтің, ауылдың бұрынғы орысша атауы ауыстырылып, Бірлік ауылдық округі, Бірлік ауылы атауы берілуіне қатысты тиісті ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылды.
Ауылдық округ сұранысы негізінде, Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен Мұхамбет Шәріпұлы Сандыбаев Хиямеден, Құрманғазы ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлім арқылы «Днепр» маңында қаза тапқаны анықталып, Ұлы Отан соғысы боздақтарына арналған Ескерткіш тақтаға есімі енгізілді.
Құрманғазы ауданы әкімдігінде 2007-2017 жылдарда, Зерек Көбесқызы өз кезегінде, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мен күрделілігі бойынша, тың сатысына кезікті.
Енді, аудан әкімдігі тарапынан Азаматтық қорғаныс және Төтенше жағдайлар саласындағы З.Сағыпазова басқарған бөлім (бөлімде кәсіби білікті бас маман Н.Дәрелов екеуі болған), Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментімен, аудан әкімігінің 15 бөлімі және ауданның 19 ауылдық округімен, Құрманғазы аудандық Төтенше жағдайлар бөлімімен (басшылары С.Хабибуллин, Ж.Серікбаев, Ө.Жаманғарин т.б) өзара тығыз байланыста жұмыс атқарылды.
Аталған сала бойынша, жұмыс үйлесімділігін аудан әкімінің орынбасары, Қ.Садихов қадағалады. Білімдар да талапшыл басшыны ұстаз тұтты.
АҚ пен ТЖ саласы бойынша, З.Сағыпазова әлденеше рет Астана және Алматы, Атырау қалаларында біліктілікті арттыру курстарына қатысты. Бұл да жұмысты жүйелі ұйымдастыруға өз септігін тигізді.
ҚР Азаматтық Қорғаныс және Төтенше Жағдайлар саласындағы заңдарының рөлі мен маңызы туралы, аудан бойынша әр бағдарлы ақпаратты насихат жұмысы жүргізілді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында (судағы, газ пайдаланудағы, өрт қауіпсіздігі, дала, орман өртінің алдын алу, жол қауіпсіздігі, қысқы кезеңдегі, көктемгі су тасқыны және тұрғындарды, маман, басшы құрамды оқыту, аудандық Көшіру комиссиясы, жұқпалы аурулардың алдын алу т.б) Азаматтық қорғаныс құрылымдары мен мүдделі органдарының өзара іс-қимыл жүйесін қалыптастыру бойынша өткізілген аудандық ТЖ комиссиясы мәжілістері, Шұғыл құтқару отряды (Ж.Шамұратов), тиісті құрылымдар қатысуымен оқу-жаттығулар, тұрақты түрде аудандық «Серпер» газетінде насихатталды. Атап өткен жөн, аудан көлемінде еңбек еткен қай кезеңінде де, ақпаратты-насихат мақсатындағы мақалаларына бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесімен қолдаған «Серпер» газетінің Бас редакторы Т.Дәреловке ықылас-ризашылығы ерекше.
АҚ пен ТЖ саласы бойынша атқарылған жұмыс туралы Облыс әкімдігіне, Атырау облыстық ТЖ департаментіне әр ай, тоқсан сайын, жылдық қорытынды есеп берілетін.
Ауданның мүдделі барлық органдары мен АҚ пен ТЖ құрылымдарының бірлескен және үйлесімді іс-шараларының нәтижесінде, аудан әкімдігінің жұмысы - облыс бойынша 7 ауданның арасында алдыңғы деңгейге жетті.
Ауданда ұйымдастырылған Халықаралық Оқу-жаттығулар жоғары деңгейде бағаланып, іс-тәжірибе тұрғысында Астанада насихатталуы ұсынылды.
Ауданда типтік сипаттағы Құрманғазы аудандық ТЖБ-ң ғимараты салынды.
Аудан әкімдері Ә.Нәутиев, А.Тәкешовтың қабылдауында арнайы болып, өмір жолындағы ұстаздары В.С.Березуевтың 80 жасқа толуына орай ұлығылануына және Ж.Бегалиевке «Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілуіне бастамашы болып, шәкірттің ұстазы алдындағы парызы тамшыдай болса да өтелгені деп сезінді.
Иә, біздің бүгінгі кейіпкеріміз - мемлекеттік қызмет сапында жүріп, ел аманатының орындалуына ықыласты еңбек етті әрі ар-ожданының сақталуымен мемлекет абыройын қалыптастыруды мүдде тұтты. Өміріндегі кәсіби үш кезеңді қысқаша шолу арқылы, адами болмысы әрі кәсіби маман тұрғысында қалыптасуына қолдау көрсеткен замандастарына, қамқорлық танытқан аға ұрпақ өкілдеріне қарыздар екендігі үнемі жадында.
Құрмет төріне мәртебелі еңбекпен көтерілген Зерек Көбесқызының марапаттары:
1980 жылы Қаз.КСР Балық шаруашылығы министрлігінің («Казминрыбхоз») бағалы сыйлығы;
1980-1989 жылдар аралығында жыл сайын Атырау қаласындағы «Орал-Каспий облысаралық бассейндік басқармасының Құрмет Грамоталары мен Алғыс хаттары;
1985 жылы «Орал-Каспий облысаралық бассейндік» басқарма бойынша «Үздік санитарлық инспектор» аталымы бойынша Жеңімпаз;
1985 жылға дейін Теңіз аудандық Кеңесі атқару комитетінің шешімімен 3 мәрте «Ауданның үздік табиғат қорғаушысы» аталымы бойынша Жеңімпаз;
1986 жылы СССР Балық шаруашылығы Министрлігі «Главрыбвод» сыйақысы;
1988 жылы Атырау қаласындағы «Орал-Каспий облысаралық бассейндік басқармасың Құрмет тақтасына есімі енгізілген;
Құрманғазы ауданының 90 жылдығына орай төсбелгісі;
Өлкетану ісіне сіңірген еңбегі үшін «Өренді өлкетанушы» төсбелгісі;
Астана қаласы Мемлекеттік істер агенттінің Алғыс хаты;
2014 жылы Ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқаны үшін «Құрманғазы ауданының Құрмет Грамотасы»-мен, аудан, облыс Әкімдерінің көптеген Алғыс хаттарымен марапатталған.
2017 жылы З.Сағыпазова зейнет демалысына шықты.
З.Сағыпазова зейнетке шыққаннан кейін де, қоғамдық өмірде белсенділік танытуда. Құрманғазы ауданының «Өренді өлкетанушы» клубының мүшесі.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, ҚР Ұлттық Мұражайы мен «Туған жер»-Қазақстандық өлкетанушылар бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында, Атырау облысы Құрманғазы ауданының өңірлік тарихы жөнінде «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» І-ІІ-ІІІ кітаптарына 2020-2023 жылдары тиісті материалдар дайындауға З.Сағыпазова атсалысты.
ІІ-ІІІ кітаптарының редколлегия құрамында болды.
Жергілікті,облыстық бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысын үзбеген Зерек Көбесқызы 2021-2023 жылдары мақалалар жариялады: «Қазақты жанындай сүйген Ғазиза», «Тәубе», «Адалдық тұғыры», «Жұлдызсыз батыр жайлы не білеміз?», Республикалық әдеби-мәдени, тарихи-тағылымдық «Сарайшық» журналында 2022-2023 жылдары «Тағдыры ерекше емші ана», «Тарихқа айналған тұлғалар», «Қайсар ана», «Ешқашан аяқталмайтын дастан немесе Абу ақынның «Жұлдызсыз батыры», «Мәңгілік парасаттың рухани ордасы, «Елге өмірін арнаған Ел анасы» атты мақалалары оқырмандар тарапынан жоғары бағаға ие болды (Емші аналар, «Алаш» қозғалысы қатарындағы қайраткер, саяси қуғын-сүргін ұрпағы, ҰОС ардагері, т.б).
Зерек Көбесқызы қоғамдағы «Еңбек майданы»-мен қатар, отбасында ата-анасына қолдау көрсету мақсатындағы, бауырларын өсіп-жетілдіру, олардың білім алып, мамандықтарына орай жұмысқа орналасуы, отбасын құруларына қамқорлық таныту міндеті де, яғни ата-ана аманатының орындалуы да өмірлік мақсаты болды. Кезінде түрлі ұсыныстармен мансап сатысымен өрлеу мүмкіндігінен, бауырларына деген қамқорлық пен ата-ана аманатын жоғары қоя білді.
Сіңлілері Ресейдегі Волгоград, Астрахань және Ақтөбе қалаларында оқып, жоғары білім алса, інілері Атырау, Ақтөбе қалаларында арнайы оқу орындарын бітірген (техникум,колледж).
Сіңлісі Сагпазова Үмітжан, арнайы орта білімді, Астрахань қаласындағы Мәдени-ағарту училищесін бітірген, талантты әнші болған, Марапаттары бар. 2013 жылы дүниеден озды.
Сіңлісі Байгазиева Сәулем, жоғары білімді, Ғ.Мүсірепов атындағы мектепте ұстаз. Алғыс хаттармен марапатталған.
Інісі Сагпазов Социал, арнайы орта білім, мемлекеттік қызмет те атқарған, қазір «Күзет» қызметкері. Марапаттары бар.
Сіңлісі Сагпазова Гүлбану, жоғары білімді, бала-бақшада психолог, тәрбиеші. Алғыс хаттар. «Жаңа Өзен қаласына 50 жыл» төсбелгісі иегері. Жаңа-Өзен қаласында тұрады.
Сіңлісі Кубесова Гауһар, жоғары білімді,мемлекеттік қызметкер. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Құрманғазы балық инспекциясы бөлімінде. Алғыс хаттар, «Құрманғазы ауданының Құрмет Грамотасы», «Балық шаруашылығы саласында еңбек сіңірген қызметкер» төсбелгісінің иегері.
Інісі Сагпазов Демократ, арнайы орта білім, «Қазақстан темір жолы» «ҰК» АҚ «Атырау магистральдық желісі бөлімшесі» филиалы, Атырау жол дистанциясында жол шебері (мастер).Алғыс хаттар, «Кәсібі бойынша Үздік» төсбелгі иегері.
Сіңлісі Сагпазова Бейбіт жоғары білімді, «Қазақстан темір жолы» «ҰК» АҚ «Көпсалалы қызмет көрсету орталығы» филиалы Атырау аймақтық қызмет көрсету орталығының Есеп тобының бастығы. Алғыс хаттармен марапатталған. Атырау қаласында тұрады.
Інісі Сагпазов Ынтымақ, арнайы орта білім, мемлекеттік қызметте де болған. Құрманғазы балық инспекциясы бөлімінің Су кемесі экипажы құрамында. Алғыс хаттары бар.
Әулеттің немере-жиендері де мектепті «Үздік аттестат», «Алтын белгі»-мен бітіріп, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында жоғары оқу орындарында білім алуда (магистратурада оқып жатқаны да бар).
Ойымызды түйіндер болсақ, қайсар қызымыз Зерек Көбесқызын, әрісін айтпағанда, бергісі қаһарман апалары Әлия, Мәншүк, Хиуаздың бейбіт күндегі сіңлісі деуге толық негіз бар. Өйткені, 60 мыңнан асатын көп ұлтты халқы бар, мемлекетіміздің «Батыс қақпасы» саналатын, Ресей елімен шекаралас, ұлы Құрманғазы туған ауданның ел-жұрты, керек жеріне қалқан болған Зерегіне мұндай бағаны баяғыда-ақ беріп қойған. Біз білетін Зеректің қанында атойлап тұрған қайсарлық, беті қайтпас өжеттік бар. Бірақ, онысы ата-ана берген уыз тәрбиеден асып, жөнсізге жорық бастатпаған. Бәрі де жарасымды. Зерек ханымның тал бойына жарасқан татымды, жан сүйсінтер тамаша болмыс. Оның бейбіт өмірде қалай жүзеге асқанын аз сөзге сыймайтын ғұмыр шеруінен көруге болады.
Киелі Атыраудың Ақ Жайық, ару Қиғаштан басқа да, жүздеген тарау-тарау арналарында, ел қазынасы болған сапалы су маржаны –балық қорын қорғау мен оның өсіміне жағдай жасау жолындағы жансебіл, ар-ұжданмен атқарған тірлігі, аудан жұртшылығының ауызындағы аңызбен астасып өрілген ащы шындық. Оңай олжаға кенеліп үлгергендер, өзге бақылаушылардың тұзағына түспей сытылып кеткендерімен, жігері жүрегін жүдетпеген Зеректің «қылпыған қармағынан» құтылып кетпегені – айта жүрер әңгімеден бөлек, тасқа басылған тарих.
Әкім болып, халқына жақын болғанның бірі де бірегейі. Әділдікке келгенде, әлжуаздық көрсетуді білмейтін от-жалын қыз Зерек Сағыпазова. Өзін ойламады, ел-жұртының қамын соқты. Екі бірдей округтегі әкімдік қызметіне разылықпен алғыс айтатын ауыл жұртының, әлі де қарасы қалың.
Шортанбай округінен, Бірлік округіне әкім қызметіне ауыстырылғанда, орысы мен өзгесі аз емес Шортанбай тұрғындарының қимастық пікір-тілектері, алымды қыздың елжандылығына берілген баға екені, адамға да, Аллаға да аян.
Ауданның қайыру беруі екіталай «Азаматтық қорғаныс пен Төтенше жағдай» саласындағы қызметте де, жалпақшешейлік танытпай, жұмысты іргетасынан бастап, заңға сәйкес қалай болуы керектігін іс жүзінде дәлелдеді. Ол жүрегі нәзік әйелзаты. Ата-ананың уыз тәрбиесінің қаймағын бұзбаған қайырымды, ортасы қайдалап жоқтайтын, керімсал көктем лебіндей жан. Ындыныңмен құлай жоқтап, көп көрмесең көңілің көншімей жүретін, жаныңның жұтаңдау жерін лезде толтыратын замандас. Үлкеннің алдын мерейлендіретін, кішінің жүзіне қан жүгіртетін атадан қасиет дарыған қарапайым қарағың!
Дүниеде ана құрсағынан бір өрбіген бауырға деген алабөтен іңкәрлік пен айтып сөз жеткізе алмайтын сағынышты, олар десе жүзінен жүдеңкі үргелек сезім мен тілеуқор көңілді де Зерек үйретер бізге. Өйткені, дүние тастай қатқан мейірімсіздікке, тасбауыр ұрпаққа толып барады, бетін әрмен дегендейсің. Иә, атажұрттың қадірлі аға ұрпағының тағылымды өмір-шежіресімен бірге, З.Сағыпазованың тағдыры мен еңбек жолы да, туған өлке тарихы жылнамасында өрнектелген.