Адал еңбек ер атандырады
Кәсіптің көзін табамын дегендерге бүгінгі таңда мүмкіндік көп. Бүгінде ауыл тұрғындарының еңсесінің көтеріліп, етек-жеңін жинай түскендігі көпке аян. Біреуі мал бақса, екіншісі құс өсіріп, егіншілердің де шаруасының шалқығаны көңілге қуаныш ұялатады. Арамызда кәсібін өркендетіп, талай жанды жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалықтар жетерлік.
![]()
Еліміздің ауыл шаруашылығын еселеп арттыру және оны тұрақтандыру бүгінгі күндегі басты бағыттардың біріне айналып отыр. Әлемдегі ауыл шаруашылығы дәстүрлі саладан инновациялық шешімдер мен әзірлемелер үшін жаңа нарықтар құруға қабілетті жоғары технологиялық салаға айналуда. Ата кәсіпке айналған ауыл шаруашылығының ішіндегі мал шаруашылығы саласы бүгінгі күнде де қарыштап, ел экономикасының дамуына өз септігін тигізуде. Әсіресе, ірі қара асыл тұқымды малдардың санын арттыруды қолға алған кәсіпкерлердің санының арттыруы көңілге қуаныш ұялатады. Бүгінгі әңгіменің арқауына айналғалы отырған жандар зейнеттік жасқа жетсе де, кәсіпкерлік салада бақ сынап, ел арасында сапалы өнім ұсынуға тырысып бағып жүрген жандар – Бөлегенов Матайбай Құрманғалиұлы мен Бөлегенова Айгүл Махмұтқызы.
Матайбай Құрманғалиұлы еліміздің шығыс өңіріне қарасты Аягөз ауданы Матай станциясында 1948 қаңтар айының 19-жұлдызында дүниеге келген. Балалық шағы аталған өңірде өтіп, 1966 жылы Аягөз ауданда Ақтоғай өңірінде орналасқан 250 орта мектебінің түлегі атанып шығады.
1967-1973 жылдары Алматы қаласында жұмыс істей жүріп, Қазақ политехникалық институтын, онымен қоса Алматы қаласындағы Марксизм-ленинизм унерситетінде жоғары техникалық және саяси білім алып шығады.
![]()
Алматыда жұмыс істей жүріп, 1970 жылы ерен еңбегі үшін Лениннің 100-жылдығы медалімен марапатталады. Бұдан бөлек, Алма-Ата Промстрой құрылыс Трессінің Құрмет тақтасында бой көрсетеді. Матайбай мырза Политехникалық университетті бітіргеннен кейін Бөрлітөбе ауданының құрылыс бөлімінде бас архитектор болып қызметке кіріседі.
Әрдайым өзіне міндеттелген іске деген ұқыптылығын білдіріп жүретін ел азаматы 1974-1980 жылдары Аягөз ауданында жаңадан ұйымдасқан Габбасов совхозында құрылыс инженері болып тың жерден жаңа совхоз салуға қатысады. 1977 жылы үздік еңбегі үшін Бүкіл Одақтық социалистік жарыс жеңімпазы атанады.
1980-1991 жылдары Ақши совхозы партия ұйымын басқарып, 1984 жылы Ақши совхозы партия ұйымының жұмыс тәжірибесі Семей облысы көлемінде үлгі ретінде таратылған. Бұл еңбек бағаланған соң Бөлегенов Матайбай Қазақстан Компартиясы ХVIII съезінің делегаты атанады.
1991-2011 жылдары Майлин совхозын 5 жыл басқарып, 4 жыл серіктестік құрып жұмыс істеп, соңғы 11 жыл ауыл әкімі болып қызмет атқарған. Кейінгі 20 жыл осы
![]()
Майлин ауылында басшылық қызметті абыроймен атқарады. Ел азаматы саналы ғұмырының 45 жылын еңбекпен өткізді.
Қызмет барысында үздік деп танылған жан отбасында да асқаралы әке, арқасүйер азамат бола білді. Әрбір бастамаларында қолдауын білдіріп отыратын отбасындағы жары Айгүл Махмұтқызымен 1971 жылы шаңырақ көтеріп, бақытты жанұя құрып, өнегелі отбасының нақ көрінісін көрсете білді.
Айгүл Махмұтқызы 1950 жылғы 11 қаңтарда қазіргі Абай облысы, Аягөз ауданы, Таңсық совхозында дүниеге келген. Қарапайым отбасында тәрбиеленген жан 1966 жылы орта мектепті бітіріп, іргелі оқу орны Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік унивеситетінің физика-математика факультетіне оқуға түсіп, ұстаздық жолмен өмірін байланыстыруды жөн санайды (КазПИ).
Барлық жалынды жастық шағын білім саласының өркендеуіне арнап, 1970 жылдан 2010 жылға дейін Алматы облысына қарасты Бөрілітөбе ауданының, Семей облысы Аягөз ауданының мектептерінде физика пәнінің мұғалімі, оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі болып қызмет істеді. Білім саласындағы ұстазымыздың ерен еңбегі ақталып, “Қазақстан Республикасы оқу-ағарту ісінің үздігі” марапатына ие болды.
![]()
“Ер азамат – түздің адамы” деп бекер айтпаса керек, өз ісіне деген жауапкершілік жүгін жіті түсінетін кейіпкеріміз еңбек жолында тың бастамаларға дендеп, жеке кәсіп саласына ден қояды. Қос ел азаматы бос уақытты тиімді пайдалануды місе тұтып, 2010 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін заман талабына сай ауыл шаруашылығы саласына өз үлестерін қоса білді. Қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырларын өсіруге бағытталған мемлекет жоспарына сай Аягөз ауданында асыл тұқымды мал өсірумен шұғылданатын «Барак» шаруа қожалығын ашты. 24 жылға жуық уақыт асыл тұқымды малды селекциядан өткізіп, олардан таза тұқым алуға қол жеткізді. Әрине, бұл көп жылғы еңбекті талап ететін кәсіп. Мемлекет тарапынан, аудандық деңгейдегі көрсетілген қолдау, балаларының көмегі арқасында Аягөз ауданында алғаш рет асыл тұқымды мал шаруашылығы ашылып, осы күнге дейін жұмысын жалғастаруда. Республикалық ақбас тұқымды палатасына мүше болды. Мемлекеттік ауыл шаруашылығын дамыту саясатына ат салысып, өз үлесін қосып отыр. «Барак» шаруа қожалығы қазақтың ақбас асыл тұқымды ірі қара малының қалыптасуының 70 жылдық мерекесіне орай Қазақтың ақбас тұқымының Республикалық Палатасының Төрағасы Сүлейменов Қуаныш және атқарушы директор Матакбаев Дауреннің Алғыс хатын иеленді.
Қазіргі уақытта Матайбай Құрманғалиұлы кәсіп барысында туындаған қиындықтарға қарамастан өз ісін өркендеп келеді. Өз жұмысын әрқашан жақсы көріп және қаншалықты қиын болса да мәселелердің шешімін тауып, халық алғысына бөлену көптің қолынан келе бермейтін іс. Бірақ қызмет барысында әсіресе жеке кәсіп жолында әрқашан бәрі жақсы бола бермейді. Тіптен, кейде тұлға үшін құлдырау уақыты туындап, түйткілді мәселелердің шешімін табудың оңтайлы шарттарын іздестіретін де кездер көптеп кезігеді. Осы ретте, Матайбай мырза: “Қандай қиындық туындаса да,
![]()
қандай жетістікке қол жеткізсең де сенің бойыңнан адамгершілік қасиет алысқа кетпеуі керек. Мейлі қызмет жолы мейлі отбасын болсын адамдық дағдыдан айнымауын қажет”, - деп есептейді.
Матайбай мырза мен Айгүл анамыз отбасында үш бала тәрбиелеп өсірді. Перзенттерінің барлығы жоғары білімге қол жеткізіп, бүгінде отбасылы атанып, 12 немеренің қызығына кенеліп отырған ата мен әже. Тіптен, көптің қолы жете бермейтін бақыт немерелерінен шөбере сүйіп отырған ел ардақтылары. Қыздары Назерке – бизнес саласындағы маман, Абылай Архитектура университетін бітірсе, Алдияр Канада мемлекетінде білім алған. Сая Kimep-ті бітіріп, қызмет істеп жүр, қалғаны мектеп оқушылары.
Ел азаматының ерен еңбегі еленіп, 2018 жылы “Аягөз ауданының Құрметті азаматы” атағына ие болды. Еліміздің татулығы мен тұрақтылығының өрістеп-өрлеуінің қарқынын паш ететін кәсіби мамандар мен мемлекеттік қызметкерлер қашанда құрметке лайықты.
Ұлағатты істерімен, қарапайым да адамгершілік қасиеттерімен көптің құрметіне бөленіп жүрген жан Матайбай Құрманғалиұлы қырық жылдан астам ауыл шаруашылығына қарасты ерен еңбегі әлі талай жас өрендерге үлгі-өнеге боларына сеніміміз бол. Өн бойына шыдамдылық пен төзімділік, тиянақтылық пен жауапкершілік атты асыл қасиеттерді жинақтаған еңселі жанның есімі әлі талай бел-белестерді бағындырғандығымен сөз болары сөзсіз!
Халыққа жасаған қызметтеріңіз абырой әкелсін! Деніңізге саулық пен шығармашылық табыс, бақыт және отбасыңызға амандық тілейміз! Сіз бен Айгүл ханымдай жандардың өмір жолы мен өнегелі өмірі әлі талай жанның өмір көкжиегінде үлгі боларлықтай темірқазық болмақ!
![]()
![]()
![]()
![]()