Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, «Еңбек үздігі» төсбелгісінің иегері
Денсаулық сақтау саласының ардагері, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медалінің иегері
Жарты ғасыр жарасқандар
Отбасы – тұлға тәрбиелеудің және оны қоғамның сан қырлы жақтарын игеруіне мүмкіндік туғызатын ең алғашқы әлеуметтік орта болып табылады. Оның тірегі – асқар тау әке мен аяулы ана. Үлгілі жанұя қоғам үшін ең үлкен қазына екені белгілі. Қазақ халқында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген даналық сөз бар ғой. Ұлы мен қызына тәлімді тәрбие беретін ата-ан
![]()
аның парызы аса салмақты. Отбасы татулығы мен үйлесімділігі ата-ана мен бала және ерлі зайыптылардың арасындағы сүйіспеншілік сезімімен тығыз байланысты. Отбасында өзара түсіністік, сыйластық, көмек, сүйіспеншілік сезімі болғанда ғана бақытты жандардан тұратын отбасына айналады. Тұлға отбасында өмірдің мәнін, оның мақсаты мен міндеттерін, құндылықтарын игереді, басқалармен қарым-қатынас жасау дағдыларын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырады, өзін-өзі ұстаудың нормалары мен мінез-құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді. Демек, отбасы – адам баласының алтын діңгегі, оның адамзат ұрпағына деген ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Сыйластық, жарастық орнаған ортада баланың ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Отбасының әрбір мүшесі өзара сыйластықты сақтауға тиіс. Сонда бірлік, татулық болады. «Отбасының сәні – сыйластық» деп халқымыздың көне нақылында да айтылған. Ерлі-зайыптылар арасындағы байланыс шексіз сүйіспеншілікке, өзара құрметке, сабырлыққа, мейірімділікке, әділеттілікке және жайлылыққа негізделуі тиіс. Ел ішінде сүттей ұйыған татулығымен, береке-бірлігімен, құндылық атаулыны қадір тұтуымен, көпшілікке үлгі болар отбасылар баршылық. Солардың бірі де, бірегейі жарты ғасыр жарасып, қол ұстасқан Ақтоғайлық Серікбай ақсақал мен
![]()
Мариям ананы ерекше атап айтуға болады.
Қасымов Серікбай мен Сауырбаева Мариям Мақамбайқызы – ұрпақтарына тәлімді тәрбие беріп, барлығын оқытып, тоқытып, үйлі еткен жандар. Отасқандарына жарты ғасырдан астам уақыт болса да олар сіз бен бізден ажырамаған, парасатты, байсалды жандар екенін көруге болады. Сыйластықтарына сызат түсірмей, шаттықты шаңырақтарына береке ұялатып, мызғымас бірлік пен тату-тәтті тірлік, ауызбірлік пен сыйластықтың үлгісін паш ете білді.
Баланың ақиқаттың ақ жолын ұстар адал болуы да, ешкімнің ала жібін аттамас адам болуы да – отбасындағы тәрбиеден бастау алады. Сегіз қырлы, бір сырлы, жоғын табатын, барын ұқсататын, шапшаң шешім қабылдайтын, тоқмейілсуді білмейтін, көлгірліктен ада, ішкі дүниесі бай, талғампаз, ізденімпаз, талапшыл азамат Серікбайдың бойындағы асыл қасиеттер әке қанымен, ана сүтімен дарығанын айтуға болады. Оның сол қасиеті балаларының да бойына сіңген.
Жұбайы Мариям Жаңаарқа өңірінің тумасы. Серікбай жұбайымен 1974 жылы ортақ тіл тауып, ата-ананың ақ батасымен отау көтерді. Серікбайдың әкесі Қасым ақсақал соғысқа қатысып, жаралы болып оралған. Өмірден ерте өтіп, жары Ақыжанға буыны бекіп, бұғанасы
![]()
қатпаған үш баланы «аманат» деп қалдырған. Қара шаңырақтың отын сөндірмей, қыстың қақаған аязына, күздің суығына, жаздың аптап ыстығына қарамастан, өмірдің сынағынан мұқалмай, талай қиындықты басынан өткеріп, балаларын оқытып, ел қатарына қосқан сол уақыттың батыр анасы еді. Бар арманы сол балаларының қызығын көріп, немере иіскесем деп Алладан тіледі. Ананың арманы орындалып, тілеуі қабыл болды. Қызы Сағынтай (2015 жылы өмірден озған) мен Күмісжан өз бақытын тауып, алысқа ұзамай, өз ауылының абзал азаматтарына тұр-мысқа шығып, өрісі кеңейді. Ал өмірінің жалғасы, Қасымның шаңырағының отын өшірмейтін шамшырағы жалғыз ұлы Серікбай болса Мәриямдай келінді қолына қондырды. Өсіп-өнген, текті жерден шыққан Мәриям әуелі бала келін, сонан соң ана келін атанып, киелі шаңырақтың ұйытқысы болып, әулеттің ар-намысын сақтап, дана келінге айналды. Дастарханы астан арылмайтын, үнемі құдайы қонағына төрден орын беріп күтетін Мариямды туған-туысы мен жақын-жуығы түгел жақсы көреді, құрметтейді. Ерінің жағдайын қас-қабағынан түсінетін ақылды жар, әрдайым оған сенімді серігі бола білді. Ерінің жағдайын жасап, балаларының да бабын таба білді. Ағайын-туысқа қабақ шытқан кезі болған емес. Жүрегі мейірімге толы қамқор жанның парасаттылығы, даналығы, сөзге ұсталығы, оның пайымды ақыл-кеңесі көпке үлгі болатындай.
Серікбай Қасымұлы 1948 жылы 1 қаңтарда Аманкелді ауылдық кеңесінің (қазіргі Шабанбай би ауылдық округі) Ақтұмсық ұжымшарында қарапайым отбасында дүниеге
![]()
келді. Табиғатынан тынымсыз, тиянақты, сыныққа сылтау іздеуді білмеген, ашығын айтатын мәрт мінезді Серікбай өзі туып өскен қазіргі Шабанбай би ауылында алғашқы еңбек жолын 1966 жылы Қаратал кеңшарында механизатор болып бастады. Күнге күйіп, шағырмақ суықта шыңдалған ауыл баласы бірер жылда-ақ жарқырап көзге түсті. 1971 жылы Долинка кентіндегі кеңшар-техникумын бітірген соң, өз ауылында шебер-баптаушы, механик, МТМ меңгерушісі болып жұмысын жалғастырды. 1977-1982 жылдар аралығында Қаратал кеңшарында бас инженер-механик, 1982-1987 жылдары Еңбек кеңшарында бас инженер-механик болып жұмыс істеді.
Еңбекқор азамат жоғары білім алуды да мақсат етті. Ол Целиноград ауыл
шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны 1987 жылы бітіріп, жоғарғы білім алып шықты. 1987 жылы Қызыларай кеңшарында партия комитетінің хатшысы, 1988-1992 жылдар аралығында сол кеңшардың директоры лауазымында қызмет атқарды. 1993-1997 жылдар аралығында Еңбек ұжымдық кәсіпорнының төрағасы, 1992-2004 жылдары Қараменде би ауылдық округінің әкімі болды. 2004-2006 жылдар аралығында аудан әкімі аппараттың Төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы, 2006-2010 жылға дейін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы болып, абыройлы қызмет атқарып, құрметті зейнеткерлік демалысына шықты.
Серікбай Қасымұлы аудандық партия комитетінің пленум мүшесі, ауылдық кеңестердің
![]()
бірнеше дүркін депутаты болып сайланды. Облыстық, аудандық партия комитеттерінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. «Еңбек үздігі» төсбелгісін омырауына жарқырата тақты. Қарағанды облысының әкімі С.Ахметовтың Алғыс хатын, 2010 жылы Ақтоғай ауданының әкімі Ғ.И.Омаровтың Алғыс хатын, 2011 жылы ҚР президенттігіне кандидат
Н.Ә.Назарбаевтың Қарағанды облыстық қоғамдық штабының төрағасы Э.Огайдың Алхыс хатын, Қарағанды облысының әкімі К.Мұхамеджановтың Құрмет грамотасын иеленді.
Ел азаматы, жұбайының адал жары, балаларына қорған болған әкесі 2022 жылы 19 қаңтарда мәңгілік мекеніне аттанды. Бүгінде перзенттері асқар тау әке жайында біраз дүниелерді кеше болғандай сағынышпен сөз етеді.
Серікбайдың жұбайы Мәриям Мақанбайқызы 1949 жылы 12 ақпанда Жаңаарқа ауданының «Жеңіс» ұжымшарында өнегелі отбасында дүниеге келген. 1972 жылы Қарағанды Мемлекеттік медицина институтын бітіріп, еңбек жолын Қаражал қаласында педиатр-дәрігер болып бастады. 1974 жылдан 1987 жылға дейін Ақтоғай ауданының
![]()
орталық ауруханасында педиатр-дәрігер болып жұмыс істеп, 1987-1997 жылдар аралығында Қызыларай, 1997-2004 жылдары Қараменде би ауылдық округінде дәрігерлік ауруханаларды басқарды.
Мәриям Мақанбайқызы тәжірибелі маман, білікті басшы ретінде өзін көрсете білді. Қиын кезеңдерде адам өмірі үшін арпалысып, уақытпен санаспай , өз антын адал атқара білді. Талай адамның дертіне шипа тауып, көптің алғысына бөленді. Ол халық құрметіне лайықты «Ақ халатты абзал жан» атанды. Еңбегі бағаланып, 1983 жылы «СССР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» деген мәртебелі атаққа ие болды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де аудан орталығындағы ауруханаға тәжірибелі білікті маманның қажеттілігіне байланысты өз мамандығы бойынша халқына еңбек етіп, сонымен бірге қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып келеді. Осы мекемедегі бастауыш ардагерлер ұйымының жетекшісі. Медицина саласының және облыстық ардагерлер ұйымының марапаттарының иегері. 2015 жылы «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 70 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. 2007 жылы Ақтоғай ауданының әкімі М.Жарылғаптың Құрмет грамотасымен, 2009 жылы Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының бастығы М.Шайдоровтың Құрмет грамотасымен, 2019, 2022 жылдары Қарағанды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Төреғожиннің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Серікбай мен Мәриям отбасындағы, еңбек жолындағы тағылымды жетістіктері өмірлерінің алтын арқауын құрады. Өмірге келген төрт баласы Айжан, Мейрам, Маржан, Жасұлан жоғарғы білімді, өз алдына шаңырақ көтерген, әр салада еңбек жасап, еліміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген жандар. Ата-анасының тәлім-тәрбиесін алған кенжесі Жасұлан мен инабатты келіні Жангүл қара шаңырақтан алыстамай, үлкенге деген құрметтің үлгісін көрсетіп отыр. Мейрам жұбайы Әсеммен, Маржан жолдасы Маркспен жанұясында перзенттерін өсіріп, тәлімді тәрбие беріп отыр. Немерелері: Нұрслан, Аружан, Әлижан, Іңкәр, Заңғар, Кәусар, Інжу. Жиен немерелері: Аяулым, Ерсұлтан, Әлихан, Әмина, Аруназ.
Бірлігімен түсіністіктері жарасқан, бірін-бірі қолдай да, тыңдай да білетін ұл-қыздары, келіндері мен күйеу балалары ардақты ата-ананың отау құрғандарына 45 жыл және 70 жасқа толғанмерейтойында темір тұлпар сыйлап, Қарағанды қаласының төрінде ағайын-туыс, құда-жекжат, құрбы-достарының басын қосып, думандатып той жасап, шаттыққа бөлеген болатын. Бұл мерейтойдың орны тым бөлек. Жарты ғасыр отасқан ардақты жандардың мерейлі мерекесі ұрпақ ортасында ұлықталды.
Байлық қолдың кірі, ал бақытты болуды бар байлығыңды жұмсасаң да сатып ала алмайсың. Бақыт – ақ ниетті, адал жандарға Алланың берген сыйы. Ақ бата мен жақсы тілеулердің алтын сандығы. Дүниенің есігін ашып, алғаш кәусәр ауасымен демалған нәрестеге де бақытты бол, өмір жасың ұзақ болсын деп батасын беріп, тілеуін тілеген ұлы халқымыздың қадірлі ұл-қызы бола білген Серікбай мен Мәриямның жүріп өткен өмір жолы бақытты отбасының символы деуге болады. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды» демекші, Жаратқан ием әрбір пендесіне өзіне тән қасиеттер берген. Сондай бір адами жақсы қасиеттер дарыған Серікбай мен Мәриям бар жақсыға лайықты жұп болды.
Қасиетті қара шаңырақтың, бір әулеттің ардақты да, ақылшы әжесі атанып отырған Мариям анамызға немерелерінің тек қызығын көріп, шөберенің иісіне мейірленіп, шаттыққа кенелуді Алла нәсіп етсін дейміз. Өмір атты ұзақ жолды керуеннен қалмай, қажымай талмай жасай берсе деген ұрпақ тілегі бар.
«Адамның бақыты – балада», «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген халық даналығы тегін айтылмаса керек. Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Олай болса, әулеті ұрпағымен бақытты, өнегелі. Бұл шаңырақ бейне бір мәуелі бәйтерек іспетті. Оның алтын діңгегі болған үлкендердің тілегі де, ойы да ортақ. Әрбір шаңырақ тек шаттыққа толы болса екен дейді. Қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып, қең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланады. Отбасы адамға бақыт, толық мәнді тыныс-тіршілік әкеледі. Тағы да айта кету керек, отбасы берекелі, тату болу үшін сыйластық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттер әр адамның жүрегінен орын алуы керек.
Серікбай Қасымұлының артында қалған отбасына амандық, дендеріне саулық тілей отырып, еңселі азаматтың ерлікті істері мәңгі жадымызда қала бермек демекпіз!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()