Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, «Халықтар достығы» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары және «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерекелік медальдарының иегері
Қалыбы бөлек қайсар тұлға
Ер азамат қашанда ерлерге тән қажыр-қайраттың, ерік-жігердің, ақыл-парасаттың иесі. Ер азамат деп әке мен ананың ғана емес, ел баласы болып өскен, елінен ауа жүріп емес, халқымен бірге өмір кешкен, қиын-қыстау жерде замана түйінін шешкен парасатты жандарды айтамыз. Ер азамат деп ата-ана, ел үмітін ақтаған, сенімін бойтұмар қып сақтаған, достың сырын
![]()
шашпаған, зұлымдық жолын баспаған, сегіз қырлы, бір сырлы арлы жанды айтамыз. Ер азамат деп ата-анасының жанынан ұзап, ат жалын тартып, мініп, қатарынан озып, биіктегіге қол созып, мен боламын, тезірек өсіп толамын деген екпінді де қарымды талапкер жасты айтамыз. Ер азамат деп ата-анасына, еліне, халқына адал, туысқанға бауырмал, ізгі жанды айтамыз. Міне, бүгінгі әңгімемізге арқау болғалы отырған жан да осы бір сөздер легінің нақ көрінісіне айналған ел азаматы демекпіз.
Садықбаев Сұлтан Қабдоллаұлы 1942 жылы 3 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келді. 1960 жылы Балхаш ауданы, Бақанас орта мектебін бітірді.
1964 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітіріп, физика және химия пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шығады.
Еңбек жолын өзі оқыған Бақанас орта мектебінен бастайды. 1966 жылы әскер қатарына шақырылып, 1 жыл азаматтық парызын өтеп қайтқан Сұлтан өзі оқыған мектебіне қайтып оралады. Сол жылы көп уақыт өтпей, мектеп директорының орынбасары болып тағайындылады. Арада 1 жыл өткен соң, Балқаш аудандық комсомол комитетінің екінші
![]()
хатшылығына, санаулы айлардан соң бірінші хатшысы қызметіне сайланады. Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Ол кездегі қоғам өмірінде комсомол ұйымы айтарлықтай рол атқаратын еді. Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі бола жүріп, аудан экономикасының жәй-күшімен жете танысты, өмірлік тәжірибе жинақтады.
Ұйымдастырушылық қабілетімен қатар, принципшілдігімен де басшылар назарына іліккен Сұлтан Қабдоллаұлы 1972 жылы Алматыдағы жоғарғы партия мектебін қызыл дипломмен бітірген жас маман Сұлтан Қабдоллаұлы Күрті ауданына, оның ішінде темір жол бойында орналасқан «Күрті» кеншарындағы қой совхозына бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметіне жіберіледі. Күрті қой совхозында мал басын өсіру мәселесі жоғарғы дәрежеде жолға қойылды. Нәтижесінде небары 6 жылдан кейін совхоздың малы 2 есеге көбейіп, 56 мың басқа жетті. Жақсы атағы дүркіреген шаруашылықтың партком хатшысы Сұлтан Қабдоллаұлы «Халықтар достығы» орденіне ие болып және Москвадағы «Бүкіл Одақтық ауыл шаруашылық» көрмесінің Күміс медалімен наградталады.
![]()
1982-1986 жылдары Алматы облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушылық қызметтен ұйымдастыру бөлімінің басшысы болады. 1986-1999 жылдары Алматы облыстық әкімдігінде-облыстық әлеуметтік қамсыздандыру басқармасында, облыстық атқару комитетінде, облыстық кеңесте қызмет атқарып жүргенде де адамгершілік асыл қасиеттерінің арқасында абырой арқалады. 1999-2006 жылдары Жамбыл облыстың әкімдігінде аппарат басшысы қызметін атқарды. Бұл жылдар Жамбыл облысының тұрғындары үшін қиындыққа толы кезең болатын. Кезек күттірмейтін қауырт мәселелердің оңтайлы шешімін табуына Сұлтан Қабдоллаұлы ағамыздың да белсене қатысқандығын айтып өтуіміз керек. Сол өңірдегі белсенділігі үшін ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. 2006 жылы Алматы облысына оралған Сұлтан Қабдоллаұлы 4 жыл бойы Алматы облыстық әкімдігі ақпараттық талдау орталығының жетекшісі қызметін атқарады. Одан әрі де осы Алматы облысында «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы төрағасының кеңесшісі қызметін атқарады. Сонымен қатар, «Ветеран труда СССР», «Выставка достижений народного хозяйства СССР» медальдары, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерекелік медальдары және «Еңбек ардагері» медалінің иегері атанды.
Өз есімін ел азаматы ретінде қалыптастыра білген жан 2020 жылдың шілде
айының 24-жұлдызында мәңгілік мекеніне аттанып кете барды. Дей келе, орнында қалған оңалар демекші, ел азаматының ғұмыр жолында әрбір бастамасына демеу болған жары мен ұрпағын жалғастырар балалары барда ардақты азаматтың есімі ұмытылмасы анық.
Ел азаматының өмірлік жары Мергенбаева Нұржиян анамыз 1942 жылы 30 қарашада Семей облысы, Аягөз ауданы, Таскескен селосында дүниеге келген. Балалық шағын аталған өңірде өткізіп, 1967 жылы
![]()
Алматы қаласында орналасқан іргелі оқу орыны Шет тілдері институтында білім алады. Мамандығы – неміс тілі пәнінің мұғалімі.
1967 жылы Сұлтан екеуі тұрмыс құрып, 4 баладан бүгінде 7 немере, 2 шөбере сүйіп отырған жайы бар.
Перзенттерінің үлкені Данияр Сұлтанұлы – Алматы облысы Балқаш аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы. Жары Адилбаева Ардақ Мейрамбекқызы Балқаш ауданының орталық аудандық ауруханасында хирургия бөлімшесінде медбике анестезиолог болып жұмыс істейді.
Қыздары Садықбаева Ботагөз Сұлтанқызы – «Ashley Furniture» халықаралық жиһаз компаниясының бас директоры.
Ортаншы ұлдары Мадияр Сұлтан – «Mars Engineering» компаниясында директордың кеңесшісі.
Отбасының кенжесі Садықбаева Әсел Сұлтанқызы – «Azimut Solutions» IT компаниясында жоба менеджері.
Ардақты ата-ана Сұлтан мен Нұржиянның тәлімді тәрбиесін көрген ұрпақ әсілінде осал болуы мүмкін емес-ті.
Әр адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға.
Дәл осы тұлғаны ардақты қызымыз Садықбаева Ғалияның бойынан көруге болады. Ғалия – ұлағатты
![]()
ұстаз, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол Бақанас орта мектебінде институт бітіріп келгеннен, пенсияға шыққанға дейін сабақ берді. Мыңдаған шәкірттер тәрбиеледі. Сол шәкірттерінің көбі Ғалияның берген білімінен нәр алып, өсиетінен сусындап, бүгінде ел басқарып, әр салада қызмет істеп жүрген азаматтар мен азаматшалар өте көп.
Ұстаздық етуден, бала тәрбиесіне көңіл бөлуден еш жалыққан емес. Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет бола біліп, ақыл-парасатымен дүйім шәкірттерін аузына қарата білген Ғалия қазір зейнеткерлікке шығып, балаларының және немерелерінің ортасында мәуелі байтерекке айналып отыр. Шуақты шаңырақтың алтын діңгегі. Адамгершілігімен, азаматтық іс-әрекетімен айналасына қадірлі болған қызымызды әрдайым мақтан етеміз.
Саналы өмірін тәуелсіз республикамыздың экономикасының қанатын кең жайып дамуына сарп еткен қара нардай азаматтарымыздың бағасын көзі тірісінде беріп, қолда бар алтынымыздың қадірін білсек, нұр үстіне нұр болары сөзсіз! Бүгінде дамудың даңғыл жолына бет алған жұртымыздың басына көтеріп отырған ортақ шаңырағына уық болып қадала білген нағыз ер ұлдардың нарқын білетін елдің ешқашан экономикалық һәм рухани тоқырамасы айдан анық. Жайсаң көңіл, мәрт мінезді ағамыз өзіне нәсіп болған тағдыр мен өмірге, жолыққан жақын адамдарына барлығына дерлік дән риза қалыпта адалдық пен шыншыншылдық жағына болысып, ғибратты ғұмыр жасай білген жан десек, қателеспесіміз айдан анық. Ағамыздың артында қалған ұрпақтарының алда атқарылатын бастамаларына сәттілік, бастарына амандық, дендеріне саулық тілеп, ойға алға межелеріне алқынбай жетсін деген тілектеміз!