Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл және 30 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл және 25 жыл» мерекелік медальдарының иегері
Шұғыласы ізгілік нұрын шашқан Сәулеш
Күре жол – ел экономикасының негізі қозғаушы күштерінің бірі. Тоғыз жолдың торабында орналасқан қазақ елі үшін темір жол көлігі барлық ішкі, сыртқы қатынастардың, логигистикалық байланыстардың, ел дамуының басты күші болып саналады. Шойын жолдың қазақ даласының төсіне бауыры төселгеніне ғасырдан аса уақыт өсте де, ішкі байланыстың бірінші орнынан түскен емес. Міне, осындай ішкі байланыс, логистика, темір жол саласында қызмет етіп келе жатқан нәзік жандыларымыздың бірі, ер азаматтармен бірге иін тірестіре еңбек етіп, тіпті басшылық қызметте де нәтижелі жұмыстар атқара білген Мәнкеева Сәулеш Сейілханқызы бүгінгі мақаламыздың кейіпкері болмақ.
Алдымен, кейіпкеріміздің бойында адамгершілік пен адалдық, мінез жайдарлылығы мен аналық жұмсақтығы кез келгенді өзіне бірден баурайтын қасиетінен бастаған дұрыс деп ойлаймын. Оған табиғат сыйға тартқан көркем мінезі мен парасаттылығын, кәсіби біліктілігін қосыңыз. Сондықтан да оны қоршаған айналасы жақсы көреді, құрмет тұтады. Тіпті, оның ортаға ақ дастарханын жайып салып, ақ жүрегін ақтарып, алаңсыз сыр шертетін сәттері көптің аузында жүреді. «Мынау не ойлап қалады екен?» деп сақтанбайтын да жан. Өзінің ең жақын адамына сыр шерткендей, жүректегісін жайып салатын ашықтығы, жанының тазалығы, достыққа адалдығы көпке өнеге боларлық. Үйі – қонақтан, қолы – жұмыстан босамайтын нағыз іскер жан. Иә, бұл біз әңгімелегелі отырған Сәулеш Сейілханқызының болмыс-бітімі.
![]()
Адамға шабыт беретін оның қызығушылығы дегеніміз дұрыс болар. Өйткені, адам өзінің жан қалауымен жасаймын деген ісінің нәтижесін көріп, тіпті өзі күткеннен де үлкен жетістіктерге жетеді. Бастысы, сол нәрсені жасаймын деген адамда ынта мен жігер болуы керек. Міне, сондай жан-жақты ізденімпаз, тынымсыз табанды, ерік-жігері мықты, қайтпас қайсар мінезді, өте еңбекқор жан Сәулеш Сейілханқызы 1955 жылдың 23 қарашасында Алматы облысы, Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында дүниеге келді.
Әкесі Сейілхан Әлжанов Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Қиян-кескі ұрыста бірнеше жерінен жараланып, 1944 жылы елге әйтеуір аман оралған. Табиғатынан зерделі, сауаты жетік азамат есеп-қисапқа да икемді еді. Сондықтан да соғыстан кейін Алматы облысы, Жамбыл ауданының ветеринарлық емханасында, «Сельхозтехника» ауданаралық бірлестігінде бас бухгалтер қызметін ойдағыдай атқарды. Өмірінің кейінгі кезеңінде, осы аудандағы «Прогресс» совхозында мұнай базасының меңгерушісі болды.
Ал, жүрегіндегі мейірім жүзінен төгіліп тұрған анасы Зейнетай Жұмағазықызы сауда саласында дүкен ұстаған, аса қонақжай, дастарханы берекелі жан болған. Өйткені, бармағынан бал тамған аспаз, түрлі нан, тоқаш, бәліш пісірудің нағыз маманы саналатын. Тағамын татқан адамның таңдайынан көпке дейін дәмі кетпейтін. Сонымен қатар, қолы ұсынықты шебер тігінші
![]()
атанды. Оның инесінен шыққан күртешелерді көрген адамның тамсанбасқа лажы қалмайтын.
Балалық шағын талай ақтаңдақ тұлғалардың табаны тиген қасиетті топырақта өткізген Сәулеш Сейілханқызы В.Г.Белинский атындағы орта мектебінде білім алады.
Мектепті бітірген соң, жалынды жастың алғашқы еңбек жолы 1972 жылы Ұзынағаш автотранспорт кәсіпорнында әуелі диспетчер болумен басталды. Одан кейін аға диспетчер, экономист-инженер, кадр бөлімінің бастығы лауазымында қызмет сатысы да жыл санап биіктей берді. Бұл аралықта мақсаткер Сәулеш Сейілханқызы алдымен Алматы технологиялық техникумын, одан кейін Алматыдағы Қазақ автомобиль жолдары университетін инженер-экономист мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Жамбыл ауданының орталығына қоныс теуіп, жолаушылар мен халық шаруашылығының әртүрлі өнімдерін тасымалдаумен айналысқан 4 ірі мекеменің арасында Ұзынағаш автотранспорт кәсіпорнының жұлдызы жоғары тұрды. Өйткені, мұндағы үш автоколоннада барлығы 280-ге жуық жүк көлігі болды, 500-дей адам тиянақты жұмыс істеді. Олардың арасында 61-і коммунист еді. Аудандағы транспортшылардың ең ірі партия ұйымына жетекшілік ету оңай болып па? Сондықтан, бұл орынға жан-жақты қабілетті, қайратына жігері сай, білімі мен білігі лайықты адам керек дегенде, таңдау Сәулешке түскен. Осыған орай, жергілікті партия ұйымының хатшысы болып сайланған жас коммунист Сәулеш Сейілханқызы өзіне жүктелген аса жауапты міндетті 1986-1991 жылдар аралығында зор жауапкершілікпен жалындап жүріп атқарды, еңбек ортасында сый-құрметі артып, абырой-беделге ие болды.
Міне, сол жер оның алғашқы еңбек баспалдағы болды. Өзінің барлық күш-жігерін адал еңбекке жұмсап, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылып, үлкеннің сын-пікірін дұрыс қабылдап, жұмысының кем-кетік, олқы тұстарын жөндеп, өз жұмысын аса бір құштарлықпен атқарды. Жас
![]()
маман бір ғана оқумен шектеліп қалуды ойлаған жоқ. Оның ойында тек жақсы жұмыс жасаумен қатар, білімін, біліктілігін жоғарылатып, жоғары оқуға түсу болды. Іштей өзін дайындады. Армандады. Иә, адам ойлаған арманына өзінің ақыл-парасатымен, білімділігімен жетеді ғой. Ол да солай оқып, білімімен арманына жетемін деп шешті. Өзінің көкейіндегі ізгі ниеті арқылы, болашақтан күтер үміті мен алға қойған мақсатымен арманына жете алатынына көзі жетті. Жоғары білім алсам деген арманы оған ұйқы да бермеді. Оған жету жолында көп күш-жігерін жұмсады. Расымен де арманның орындалуы жақсы ниеттілікті, төзімділікті, табандылықты, қайырымдылықты, білімді, ақылды қажет етеді ғой, Әркім өз ісінің білікті маманы болғанда ғана, кәсібіне береке еніп, қоғамға пайдасы тиіп, еңбек еткен салада өз қолтаңбасын қалдырады.
Алмағайып дәуірдің әрбір кезеңде алдан шыға беретін өз сынағы болады. Сондықтан шығар, сонау тоқсаныншы жылдардың соңында жекеменшік дербестікке біртіндеп бөліне бастаған Ұзынағаш автотранспорт кәсіпорны да нарық көшіне ілесе алмай қожырады. Осы кезде тәжірибесі жеткілікті майталман маман ретінде Сәулеш Сейілханқызын Ұзынағаш
![]()
жолаушылар тасымалдау автотранспорт кәсіпорны шақырып, 1999 жылдан 2005 жылғы мамыр айына дейін ол сонда кадрлар бөлімінің аға инспекторы қызметін атқарады. Кейіпкеріміздің бұдан кейінгі еңбек жолын, Сәулеш Сейілханқызымен сұхбаттас болып, еңбегін мерейлі еткен журналист Рәтбек Сағид-Уаһастың сөзімен жалғастырсақ:
«Иә, бұдан кейін оның мемлекеттік қызметте ең бір жемісті кезеңі басталған. Сәулеш Сейілханқызы әбден кемеліне келіп, тәжірибесі жан-жақты толысқан шағында Ұзынағаш ауылдық округінде, оның сол кездегі әкімі, мемлекеттік қызметте барынша ысылған іскер азамат, бүгінде марқұм Бейсенбек Бақтыбекұлы Қазиевпен иық түйістіре еңбек етті.
Бұл кезде ай сайын емес, күн сайын аумағы кеңейе түскен аудан орталығының таңдай қақтырар табысы да, кей сәтте титықтатып жіберетін тауқыметі де аз емес еді. Жүзге жуық көшеде тұрып жатқан сан мыңдаған адамның күнделікті сұранысын өтеу үшін де қаншама ізденісті
![]()
шараларды жүзеге асыру керектігі белгілі жағдай ғой. Осының бәрі округ әкімінің аппаратындағы санаулы адамдардан еселенген қажыр-қайратты талап ететін. Күн сайын толассыз келіп-кетіп жататын тұрғындардың талап-тілегіне назар аудару өз алдына, іс-қағаздарын ықтияттап жүргізуге де қыруар уақыт кететін. Әлеуметтік мәселелерді шешу, ауылдың тазалығы, әртүрлі шараларды дер кезінде ойдағыдай ұйымдастыру, т.с.с. толып жатқан жұмысты атқару үшін ерте келіп, кеш кетуге тура келетін. Дегенмен, округ әкімінің аппаратындағы бас маман Сәулеш Сейілханқызы Мәнкеева осының бәріне үлгерді. Үлгеріп қана қоймай, әріптестеріне үлгі-өнеге көрсетті.
Мемлекеттік қызметте жұмыс атқарған кезінде ол өзінің өте сауатты, ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігі аса жоғары, халықпен етене араласып жұмыс істей білетін көпшіл, сонымен қатар, айналасындағыларға әрдайым талапшыл, бастамашыл, ұстанымы берік азамат екенін дәлелдеді.
Аудан көлемінде лайықты абыройға бөленген айтулы маман ретінде ол енді 2007 жылдан бастап Жамбыл аудандық мәслихатының аппаратында бас маман қызметіне ауысты. Одан кейін мәслихат аппараты басшысының орынбасары болды. Осы кезеңде депутаттар корпусымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, аудан аумағында қабылданған бірқатар оңтайлы шешімдердің ойдағыдай жүзеге асырылуына өзіндік үлесін қосты.
Сәулеш Сейілханқызы 1991 жылдан учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі, 1993 жылдан бастап Жамбыл аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы міндетін тұрақты түрде талмай атқарды. Осынау отыз жылдан астам уақыт аралығында ол аумақтық сайлау комиссиясының қатарында осы комиссияның төрағасы, аса тиянақты іскер азамат Владимир Петрович Новаковскиймен бірге жүрді. Қазақстан Республикасы Президентінің бірнеше сайлауы мен референдумын, 1995 жылы тамыздың 30-да Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданған Бүкілхалықтық референдумды, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің, Сенатының сайлауларын, облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының осы мерзім аралығында өткен барлық сайлауын және ауылдық округ әкімдерінің сайлауларын өткізуге хатшы ретінде тікелей атсалысып, аса жауапты науқандардың ойдағыдай өткізілуіне, сөйтіп қоғамдағы саяси тұрақтылықтың сақталуына өлшеусіз үлес қосты.
Сәулеш Сейілханқызы аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы міндетін атқарған кезде әрбір округтік, учаскелік комиссия мүшелерімен жиі-жиі байланысып, жер-жердегі саяси ахуалды жіті қадағалады, науқанды өткізуге қажетті шаралардың бәрін мұқият ойластырып, күні бұрын ұйымдастырды. Кеңсе қағаздары мен құралдарына дейін әзірлеп зыр жүгірді. Мінезі әртүрлі адамдармен тіл табыса жұмыс істеуге қаншалықты мәмілегерлік қажет екенін енді ойлай беріңіздер. Сондай мәмілегерлік Сәулештің бойынан молынан табылды.
Әрине, жарты ғасырдан астам талмай атқарған жемісті еңбегінің жемісін көріп, осындай абырой биігіне көтерілген Сәулеш отбасында да аяулы жар, ардақты ана бола білді. Келген жерінің өрісін кеңейтті, үш қызын құндыздай құлпыртып, үлпілдетіп өсірді. 1975 жылы өмірге келген үлкен қызы Мадина – жоғары білімді бухгалтер-аудитор, Алматы қаласында қызметте. Одан көрген Әмина атты немересі ағылшын және қытай тілінің маманы болуға ұмтылған студент.
1977 жылы туған ортаншы қызы Майра Қарғалы ауылында, Социалистік Еңбек Ері Құдыс Әбсәметов атындағы орта мектептің мұғалімі, қазақ сыныптарына орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Одан көрген немерелері – Аружан Алматыдағы транспорт компаниясында қызметте. Сәулештің өзіне тән ең сүйікті Азаматы әскерде десант қатарында болып оралған соң, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақтың техникалық университетіне түскен. Болашақта информатика және ақпараттық қауіпсіздік саласына маманданып жүрген 2 курс студенті.
1981 жылы дүниеге келген кенже қызы Динара экономист-маркетолог. Ол да үш баланың анасы. Ерәлім, Әлима атты екі немересі Республикалық жоғары физика-математика мектебінің үздік оқушысы, Әсимасы болса 1-сыныпқа барып, әжесін қуанышқа кенелтіп жүр» – деп, кейіпкеріміз туралы, оның еңбегі мен атқарған істері, адамгершілігі жайлы айтып өтеді.
Өз өзіне деген сенімділігі басым, күрделі жұмыс болса да табандылық пен сабырлылық таныта отырып жеңіп шығатын, болмайды деп шегеріп тастамай, ебі мен ыңғайына қарап, істі аяғына дейін нәтижелі жеткізе білетін білікті жан өзінің еңбексүйгіштігі, ізденімпаздығының арқасында ұжымдастары алдында беделге ие болды. Марапаттары да жоқ емес, атап айтар болсақ:
Қазақ КСР-ның транспорт министрі Анатолий Родионович Караваевтың қолынан кәсіпорынға берілген ауыспалы Қызыл Туды иеленді;
Жүк транспорты мекемесінде жұмысшыларды табысты еңбекке жетелеген ерен ұйымдастырушылық қабілеті үшін Алматы облыстық автотранспорт тресінің бастығы Марат Қараұлы Шәуеновтің қолынан Құрмет Грамотасы;
Қазақстан Республикасының Орталық Сайлау Комиссиясы Алғыс хаты;
Алматы облысының әкімі мен Жамбыл ауданының әкімі бірнеше мәрте Құрмет Грамотасы мен Алғыс хаттары;
2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалі;
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл және 30 жыл» мерейтойлық медальдары;
Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл және 25 жыл» мерекелік медальдары;
«Жамбыл ауданының Құрметті азаматы» атағы;
Автомобиль транспорты мекемесінің басшылығы тарапынан Құрмет Грамотасы;
Сонымен қатар, 2005 жылы Қырғызстан Республикасы Президентінің сайлауы өткізілген кезде ТМД бақылаушыларының Миссиясын атқару мақсатымен Алматы облысының құрамында Бішкек қаласына сапарлап қайтты.
Сәулеш Сейілханқызының 2007-2017 жылдары аудандық мәслихат аппаратында 12 жыл бойы табандылықпен атқарған табысты еңбегі, Жамбыл ауданының мерейлі 90 жылдығына орай Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын-жазушы Рәтбек Терлікбаевтың басшылығымен редакцияланып, жарыққа шыққан «Ағала ордам қонған жұрт» атты 632 беттік тарихи-танымдық кітап-альбомда атап айтылды.
«Халыққа, елге адал қызмет ету – әркімнің өз отбасынан бастау алады. Әкем мен анам үлкен қызметкер болған, еліне, жеріне адал еңбек еткен. Туған-туыстарына, көрші көлемге, көп балалы отбасыға қол ұшын берген жандар. Жас кезімнен соны көріп өскенмін, сондықтан да, жақсы игі істер істеу, жақсылық жасау сол менің бойыма сіңген қасиет деп ойлаймын, сол жасаған еңбегім нәтижелі болса, ол қажетін тапса, мен үшін сол бақыт» – деп, атқаратын қызметі туралы айтып өткен Сәулеш Сейілханқызы үшін жүректен шыққан шынайы алғыс – халықтың ыстық ықыласы.
Десе де, «тұяғы бүтін тұлпар» қайда? Сәулештің өмірлік серігі, балаларының асқар таудай әкесі Тұрсын Құмғанбайұлы Мәнкеевтің бақи сапарына тым ерте аттанып кеткені – өмірдегі өкінішінің ең үлкені. Нар тұлғасы келіскен, нағыз намыстан жаралған ер еді. Кезінде Қарғалы шұға комбинатының мата өңдеу өндірісінде ауысым шебері болды, мата бояу аппаратында өнімді еңбек етті.
Тұрсын өмірден көшкелі бері де біраз жыл өтті. Бір отбасының ендігі жүгі өзінің нәзік иығына ауысқанымен, бар салмақты самаладай жарқырап жүріп, сыр бермей көтерді Сәулеш. Балаларының тәрбиесіне сергек қарады, үй-ішінің игілігі үшін уақытпен санаспай еңбек етті. Ағайын-туыс, құда-жегжат, көрші-қолаң, қызметтес, әріптес, дос-жолдастың барлығының ықыласына ықыластана жауап қайтарды, адамгершілігі мен ақжарқын мінезінің арқасында кездескен кедергілердің бәрінен сүрінбей өтті.
Кешегі ардақты ана, енді бүгін асыл әжеге айналды. Ағайын арасындағы жөн-жобаның бәрін өзі ретімен атқаратын үлкендік дәрежесі тағы бар. Артына қараса, қаншама асулардан алқынбай асқанын, алдына қараса, әлі де талай қызықты, бақытты күндер күтіп тұрғанын аңғарады. Енді лайым тек алға қарай ұмтыла берсін. Балалары мен немерелерінің қуанышына кенеліп, Жамбыл бабасының жасына жетсін деген тілектен басқа не дегендейміз» – дейді, ақ жүректен ағытылған ақжолтай тілегін білдірген журналист Рәтбек Сағид-Уаһас.
Логистика саласы, ел индустряисының, экономикасының дамуына өзіндік үлесін қоса білген ардақты тұлға Сәулеш Сейілханқызының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!