Бидайбеков Зәріп Бидайбекұлы

Рейтинг:


Автокөлік жол құрылысы саласының ардагері, Қазақ КСР «Құрметті жолшысы», Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы, Алматы облысының Құрметті ардагері, «Еңбек ардагері», «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарының иегері

Сенім жүгін арқалаған азамат

      Қандай істі қолына алса да шырайын шығаратын, нарықтық экономиканың тілін түсінген, қаржылық әрі саяси сауатты, кәсіпкерлікте қабілетті, автокөлік жол құрылысы саласына өмірін арнаған, Қазақ КСР «Құрметті жолшысы», Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы, Алматы облысының Құрметті ардагері Зәріп Бидайбеков 1949 жылы 18 наурызда Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Добын ауылында дүниеге келді. 
      Асқар тау әкесі Бидайбек ақсақал бір қазанға қол салған сонау бір ұжымдаса тірлік еткен жылдары адал еңбегімен абырой биігіне көтеріле білген абзал жан. Жұмысының ауырлығына қарамастан барлық перзенттеріне жеткілікті дәрежеде көңіл бөліп, саналы, қоғам мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін адал азамат болып ержетулеріне көп ықпал етіп, ақ жолды, дұрыс бағытты сілтеп отыратын, адамға жақсылық жасауды жаны сүйетін, көңілі ақ ұлпадай кіршіксіз таза, жүзіне қараған кісіге өзінің адалдығы мен мейірімін, еңбектен есіп тұрған нұрлы сәулесін төгетін ерекше мейірімді жан болған. Ал, мейірімі күн нұрынан да жылы анасы Әнипа перзенттерін дүниеге әкеліп, өсіріп, жетілдірген алтын құрсақты ана.
      Мінсіз табиғатының өзі суретшінің ұлы картинасына сұранып тұрған, даласынан ескен желінен баласының тазалағы, данасының кіршіксіз көңілі мен дархандығы сезіліп тұрған өлкеде бақытты балалығын өткізген Зәріп Бидайбеков ауыл іргесіндегі білім ордасының табалдырығын аттады. Үлкенді тыңдайтын әрі сыйлай білетін, айтқанын екі етпей орындайтын, олардың есті сөздерін естіп өскен ол мектеп қабырғасында да үздік оқушылардың қатарында болды. Ұстаз тапсырмасын орындауда алғырлық танытып, сайыстар мен интеллектуалдық ойындарда оқығаны мен көргенін зерделей алатын зейіні мол оқушы болып өскен Зәріп Бидайбеков Шонжы орыс-қазақ 11 жылдық мектебінде тәлім алды. Мектепішілік өткізілген шараларға белсене қатысқан кейіпкеріміз спортқа бір табан жақын болып өсті.
      Мектепті бітірген соң, Талдықорған қаласындағы индустриалдық техникумында «Техник-механик» мамандығы бойынша білім алып, кейін Өскемен қаласындағы жол құрылысы институтынан «Инженер-құрылысшы» мамандығын игеріп шығады. 
      Өзінің алғашқы еңбек жолын 1969 жылы ақпан айында Талдықорған қаласында №23 жол және көпір құрылысы басқармасында жұмысшы болып бастады. 1969 жылдың тамыз айынан Талдықорған темір бетон зауытының техника қауіпсіздігі жөнінде инженері, 1970-1973 жылдары Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылындағы №325 жол құрылысы және пайдалану мекемесінде (ДЭСУ-325) механик, жол жөндеу бекетінің бастығы, 1973-1978 жылдары ДЭСУ-325 мекемесінің бас инженері және 1978-1981 жылдары ДЭСУ-325 мекемесінің бастығы қызметін абыроймен атқарды. Осы жылдары жаңадан Көкпек-Шонжы, мемлекеттік күре жолдан Дардамты, Кетпен, Кіші Дихан ауылдарына салынған қатқыл табанды асфальт жолдар мен заманауи темір бетон көпірлері халық игілігіне әлі де қызмет етуде. Ал Үлкен Ақсу-Долайты, Шарын өзендерінен өткел көпірлердің құрылысы Зәріп Бидайбекұлының тікелей қатысуымен салынған бұл нысандар аудан үшін өте маңызды болуда. 1975-1978 жылдары мекеменің бас инженері, ал 1978 жылы осы мекеменің бастығы болып қызмет етті. Тікелей басшылық жасаған Кетпен ауылы-Кетпен тау асуы – Шалкөде (биіктігі 3070м) автокөлік жолы салынып, пайдалануға берілді. Бұл жол Алматы облысындағы ең биік тау жолы болып саналып, 2022 жылы бұл асу «Асанбай асуы» деп көрнекті мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров тың 100 жылдығына орай Үкімет қаулысымен аталды.
      1981-1987 жылдары №202 мемлекеттік маңызды жолдарды пайдалану мекемесінің бастығы болып қызмет атқарды. Мұнда да тәулік бойы көліктердің толассыз қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуге өте үлкен ауқымды жұмыстарды іс жүзіне асырды. 
      Көлік жолдары құрылысын дамытуда және пайдалануда сіңірген ұзақ жылғы жемісті еңбегі ерекше бағаланды. Қазақ КСР-і көлік жолдары министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталып, Қазақ КСР-інің «Құрметті жолшысы» атағы берілді.
      Зәріп Бидайбекұлы 1978 жылы А.Розыбакиев атындағы кеңшардың (совхоздың) партия комитетінінің хатшысы болып сайланып, 1990 жылдың ақпан айына дейін осы қызметті атқарды. Бұл кеңшардың құрылғанына небәрі 10-ақ жыл болғанымен, осы жылдары шаруашылық өндірісі ұлғайып, рентабельділігі 44%-ға жетіп, әр жылы 1,2-1,5 миллион сом таза пайда кіріс болып, аудандағы алдыңғы қатарлы ірі шаруашылыққа айналды. Ал сол кездегі «Тұрғын үй-91» бағдарламасына сәйкес әр жыл сайын 40-42 тұрғын үйлер салынып, Алматы облысында бірінші орынды иемденді.
      1990 жылы ақпан айында халық депутаттары аудандық Кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланған Зәріп Бидайбеков 1992 жылы ақпан айында аудан әкімшілігі бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалып, 1998 жылдың маусым айына дейін осы қызметті атқарды. Бұл жылдар Қазақстанның тәуелсіздік алған күнінен бері қарайғы жалпы ұлттық экономикалық дағдарыстан шығып, өркендеуге бетбұрыс жылдары болатын.
      Лауазымды қызметті өзіне тән бірбеткейлік пен талпыныс, қойылған мақсаттарға қол жеткізуге негізделген сенім арқасында жеткілікті дәрежеде атқарды. «Солдат майданнан, болат қайнаудан шынығады» деген, қиын кезеңдерде түрлі қызметтер атқарып, аз ғана уақыт ішінде мол тәжірибе жинақтаған Зәріп Бидайбеков басшылық қызметте де өзіне деген сенім төрінен көріне білді. Өзінің қарамандағылармен тонның ішкі бауындай етене араласып еңбек етіп, лауазымы қаншалықты жоғары болса да қарапайымдылық қалпынан айныған емес. 
      Әріптестерімен бірлесіп, дағдарыстан шығуға халықты жаппай жұмылдырып, аудан көлемінде кәсіпкерлікті дамытып, жаңадан кіші және орта бизнес нысандарын көптеп іске қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға нақты іс-шараларды жүзеге асырды. Шекаралас Қытаймен сауда-саттық, бірлескен кәсіпорындардың ашылуына іс-шаралар жасалды. Құрылыс, көлік, халыққа қызмет көрсету мен ауыл шаруашылық саласы жаппай жекешелендіріліп, жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге (ЖШС) айналды, көптеген инвестициялар тартуға жағдайлар жасалды. Мұның өзі ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының тұрақтанып, әрі қарай дамуына өз ықпалын тигізді.
      Көршілес Қытайдағы Іле Қазақ Автоном облысының басшыларымен келіссөздер жүргізіп, шекарадағы «Қалжат» кеден бекетінің іске қосылуына Зәріп Бидайбеков аудан және облыс әкімі З.Нұрқаділовтың тапсыруымен тікелей басшылық жасап еңбек етті. Бүгінгі күні бұл кеден Алматы облысының маңызды логистикалық бекетіне айналуда. Сонымен қатар Райымбек, Ұйғыр, Панфилов аудандарының аймақтарына тиесілі Қытай мен Қазақстан мемлекеттік шекарасын демаркациялау (белгілеу) шараларына үкіметтік комиссияның мүшесі болып, еліміздің шығысындағы мемлекеттік шекарасының біраз бөлігі дау-дамайсыз, бейбіт жолмен қайтадан заңдастырылып бекуіне үлкен үлесін қосты.
      Өзі қызмет еткен кезеңде мойнына жүктелген міндетті абыройлы атқарып, ісіне адалдығымен, еліне жасаған жақсылығымен танылып, уақыт сынынан сүрінбей өткендерді жұртшылық аңыз-әңгіме ретінде айтып жүретіні де анық. Адами қасиетті өмірінің темірқазығындай берік ұстанып, еліне адал қызмет етуі арқылы бүкіл ғұмырын халқының мүддесімен ұштастыруға бел байлаған білікті де білгір басшының бірі әрі бірегейі Зәріп Бидайбековтей ел ағасының осындай мықты тәжірибесі болғандықтан, 1998 жылы маусым айында Алматы облысы табиғат, өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғауда мемлекеттік бақылау басқармасының бастығы қызметіне тағайындалды.
      Табиғи байлықтарды қорғау аясында жасалынған іс-шаралар нәтижесінде 2000 жылы республика деңгейінде бірінші орынды аталмыш басқарма иемденіп, бастығы З.Бидайбеков Қоршаған ортаны қорғау министрінің бұйрығымен бағалы сыйлықпен марапатталды.
      1998 жылы желтоқсан айында Алматы облысы әкімі З.Нұрқаділовтің шешімімен облыстық Жол және коммуналды шаруашылық басқармасы бастығы болып тағайындалған. Бұл қызметте облыстық маңыздағы жолдарды сапалы жөндеу мен пайдалануда білікті маман екендігін көрсетіп, ауқымды жұмыстарды ұйымдастырды. Облыс көлемінде тұрғылықты үйлер мен мемлекеттік әлеуметтік кешендердің (мектептер мен ауруханалар, мәдени тұрмыстық нысандары) жылуы мен су құбырларының тұрақты сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз етуге басшылық жасаған Зәріп Бидайбеков 2002-2012 жылдары «Прогресс» ЖШС атқарушы директоры болып, құрметті зейнетке шықты.
      «Ер дәулеті - еңбекте» дейді, ғасыр өтсе де ескірмейтін қазақ даналығы, еңбек еткен жылдары бірнеше кәсіпорындарды тоқыраудың шеңгелінен алып шығып, ел қызметіне пайдалануға берген қайсар, дария тасыса да тобығымен су кешер сабырлылығы басым азамат Зәріп Бидайбеков еңбек еткен жылдары түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. 
      Атап айтар болсақ:
  •       2001 жылы желтоқсан айында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында аудан және облыс көлемінде атқарған қажырлы еңбектері үшін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалі;
  •       2009 жылы «Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы» атағы;
  •       2024 жылы «Алматы облысының Құрметті ардагері» атағы;
  •       2024 жылдық 1 сәуірінде Қазақстан Республикасының көлік министрінің бұйрығымен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 
      Бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған Зәріп Бидайбеков отбасында адал жар, асқар тау әке, немере қызығына тоймай отырған ата. Жұбайы, дәрігер-стоматолог болып медицина саласында ұзақ жыл еңбек еткен Сара Қалиқызы екеуі төрт перзент өсіріп, саналы етіп тәрбиелеп, білім беріп, әрқайсысы бір-бір мамандықтың белді мамандары болуына көмектесіп, өмірден өз орындарын табуына бағыт сілтеді. Қазіргі таңда барлығы өмірден өз орындарын тауып, адал еңбегімен нәпақа айырып жүр.      Қыздарының үлкені Ләззат - Жәния, Жанұзақ атты балалардың анасы. Жоғары білімді кәсіпкер.      Екінші қызы Жәннәт - жоғары білімді кәсіпкер. Жұбайы Серікпен отау құрып, Әсия және Әділет атты балалары бар. 
      Үлкен ұлдары Жандос жұбайы Әсеммен отау құрып, Әдия және Арын атты балалары бар. Жандос жоғары білімді заңгер, Астана қаласында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында басшы қызметте істейді.
      Кіші ұлдары Жәнібек - жоғары білімді экономист-есепші, жұбайы Жаниямен отау құрып, Ерасыл, Алира және Амира атты балалары бар. Алматы қаласында Республикалық сот сарапшылары палатасының аға экономикалық сот сарапшысы қызметін атқаруда.
      Немере қызы Жәния мен Арнурдың жанұясында Кәусәр мен Ансар, ал Әсия мен Азаматтың жанұясында Әмірали атты шөберелері өсіп келеді.
      Айтары мол өткенге құлақ түрсек «Әр заманның өз азаматы болады» деген бар. Тарихын тастағы жазулардан оқып-білген әр дәуірдің де өз қиыншылықтары болып отырған. Және сол қиыншылықтарды еңсеретін қапсағай денелі батырлары, елдің қамын ойлаған данышпандары, жетімін жылатпаған мейірімді жандары, иек артып сенім білдірген қара нардай қабырғалы азаматтары болған. Тоқырау жылдардағы біздің үміт артқан, жүк ауырын көтерген қара нарымыз деп Зәріп Бидайбековті айта алар едік. Санаулы ғұмырын саналы ұрпақ тәрбиелеп, халқына қалтқысыз қызмет ету жолына арнап келе жатқан абзал азаматтың отбасына амандық, деніне саулық, еңбегіне мол табыс тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...
14 сентября 2025 12:14
Айнагуль
Отбасыңызға 40 жыл болып жатыр екен, аз ба-көп па, бәрі Алланың қолында, бастарыңа амандық, жан ұяларыңда бақ пен...