Қалиева Бағжамал Мұзамелқызы

Рейтинг:

Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, «ҚР еңбек сіңірген қызметкері», «Қаржы ісінің үздігі», 
«ҚР Құрметті азаматы», «Жаңа Қазақстанның «100 жаңа есімі» төсбелгілері және «Еңбек ардагері» медалінің иегері

Өзіндік ерекшелігі бар үздік қаржыгер

      «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін ұлы қағида қазығына сөзі мен ісін байлап өскен бүгінгі кейіпкеріміз, қайда жүрсе де, қандай қызметтің құлағын ұстаса да, ойын тура айтар мінезі мен табандылығы, ісінің жай-жапсарын мықты білетін кәсіби қабілет-қарымының кеңдігі мен тереңдігі әрқашан байқалып тұрады. Әрбір жақсы адам өзі өмір сүрген орта үшін рухани байлықтың бірі де бірегейі емес пе?! Өйткені ондай адамдар жан-жағына жақсылық нұрын шашып, көптің ұйытқысы, тілекшісі болады. Бағжамал Мұзамелқызының кісілігі мен кішілігі, ақкөңілділігі мен елгезектігі, жаны мен тәнінің үндестігі, білімі мен парасатының байлығы, адалдығы мен әділдігі, жүрген жүрісі мен тұрған тұрысы өзіне де, қауымға да әрдайым жарасып тұрады. Қандай ортада болсын, ол – бойының биіктігімен ғана емес, ойының биіктігімен де оқшау тұлға.
      Қай салада қызмет етсең де, ел мүддесі, ұлт беріктігі үшін, өркендеу жолында қызмет ету – әрбір азаматтың міндеті. Еліміздің экономикасының өсуіне, қаржы саласының жаңа заман талаптарына сай болып, мемлекеттік бюджет қаржысы саласында еңбек ете білген, бүгінгі таңда құрметті зейнет демалысындағы нәзік жандыларымыздың бірі Қалиева Бағжамал Мұзамелқызы, 1951 жылы 8 желтоқсанда Семей облысының Жарма ауданы Жаңғызтөбе кентінде дүниеге келді. Асқар тау әкесі Қалиев Мұзамел – Ұлы Отан соғысының ардагері болса, имандылық пен мейірімділіктің нұрлы шуағы түгесілмейтін анасы Қалиева Күлзия – тыл ардагері.
      Төрт түлікті тіршілігінің арқауы еткен берекелі өңірде бақытты балалығын өткізген ол, үлкен өмірге бағыт сілтер білім ордасының табалдырығын әскери «Солнечный» қалашығында аттады. Жас өскінде тасты жарып шығар қуат пен нұр болатыны бар емес пе?! Ақсақалының сөзі баталы, азаматының абыройы аласармаған өлкеде балалығын өткізген жас, мектеп қабырғасында оқып жүргенде де өзінің алғырлығымен, кез келген істі зерделей алатын зеректігімен, ұстаз тапсырмасын екі етпей орындайтын жауапкершілігімен, талапшылдығымен көзге түсті. Тек алға жүруге ұмтылып, үлкендердің ақылын зердесіне қондырып, ұстаздың тапсырмасын табандылықпен орындап, сабақ үлгерімін жақсарта білген оқушы, Бағжамал Мұзамелқызы сыныптастарының ортасында да беделді болып өсті.
      1969 жылы әскери «Солнечный» қалашығындағы №236 орта мектепті бітіріп шыққан жас талапкер, арман қанатына дем беріп, Целиноград қаржы-экономикалық техникумына оқуға түседі. Қандай істің де нәтижесін шығаратын, жаңа істерге бастамашыл болып жүретін жас, осы техникумнан 1972 жылы мемлекеттік бюджет мамандығы бойынша қаржыгер біліктілігін алып шығады. 
      Қаржы Министрлігінің жолдамасы бойынша еңбек жолын 1972 жылдың сәуір айында Семей облысында жаңадан құрылған Шар аудандық қаржы бөлімінің бюджет бойынша инспекторы, аға инспекторы болудан бастаған Бағжамал Мұзамелқызы, қаржы саласының қайнаған өміріне араласып кете барды. Қаржы бөлімінде жұмыс істей жүріп, қоғамдық іске белсене араласып, бастапқы комсомол ұйымының хатшысы жұмысын да қоса атқарып, қолы тиген іске жан бітіретін ұйымдастырушылық, іске деген тиянақтылық қабілетінің арқасында тексеру комиссиясының төрайымы және аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі болып сайланып, аудандық атқару комитетінің бастауыш комсомол ұйымының XIX, XX Шар аудандық комсомол конференциясына делегат болып қатысты.
      23 жасында Кеңес Одағы Коммунистік партиясының (КОКП) мүшелігіне өткен Бағжамал Мұзамелқызы 1976 жылдың маусым айында Семей қаласына Ленин ауданының қаржы бөліміне, сол жылдың желтоқсан айында ҚССР Қаржы Министрлігінің Семей облыстық қаржы басқармасына кадрлар және арнайы бөліміне ауыстырылды.
      Содан кейін Бағжамал Мұзамелқызы Семей облыстық қаржы басқармасының мемлекеттік аппаратын, құқық қорғау және қорғаныс органдарын қаржыландыру бөлімінің бастығы болып тағайындалады. 1997 жылы Семей қаласы Шығыс Қазақстан облысына қосылып, Семей қаласы облыстық маңызы бар қала болады. Осыған байланысты Бағжамал Мұзамелқызы Семей қаласындағы қаржы басқармасының мемлекеттік аппаратын, құқық қорғау және қорғаныс органдарын қаржыландыру бөлімінің бастығы болып ауысады, кейін кірістерді болжау және кредиттік қарым-қатынастар бөлімінің бастығы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарып, 2010 жылы құрметті зейнет демалысына шықты. 
      Қай жерге барса да, ашық мінезімен еркін араласып кетуі, тиянақты ісі, жауапкершілігі арқылы ұжымдастарының алдында бедел биігіне көтеріле білген Бағжамал Мұзамелқызы, 1982 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «Ауыл шаруашылығының экономикасы және ұйымдастыру» мамандығы бойынша біліктілігін арттырып, білім көкжиегін кеңейтеді.
      Қызметі мен партиялық жұмыстарды да қатар алып жүрген Бағжамал Мұзамелқызы, партиялық оқу жүйесіндегі жоғарғы саяси білім беретін Марксизм-Ленинизм университетін 1985 жылы тәмамдап шығады. Одан кейін де қабілет қаламын жиі ұштап, қаржы саласының шыңына шығып, басшылық қызметтерді өз деңгейінде атқаруда парасатты басшы тоқтап қалмады. Мәскеу қаласының Бүкілодақтық «Құрмет белгісі» орденді қаржы-экономикалық институтына біліктілігін арттыру курстарына бірнеше рет жіберіліп, КСРО Қаржы Министрлігінің шақыруымен 1989 жылдың шілдесінде Белорус КСР Минскіде өткен Бүкілодақтық тәлімгерлік мәселенің кеңесіне қатысты. Бағжамал Мұзамелқызының ұйымдастыруымен Семей облыстық қаржы басқармасында тәлімгерлік жұмысы дұрыс жолға қойылып, жас мамандарды жұмысқа баулу мәселесі табысты нәтижелер берген. Бағжамал Мұзамелқызы – құрметті ұстаз, үздік тәлімгер, білімді, қайратты қаржыгер. Көптеген мамандар оған еліктейтін. Қызмет еткен жылдары Бағжамал Мұзамелқызы үнемі біліктілігін арттырып отырды.
      Негізгі жұмысынан басқа, қаржы-экономикалық мамандықтар бойынша қала университеттерінде сағаттық жұмыс атқарды. Жоғары оқу орындарында мемлекеттік аттестаттау комиссиясының (МЕК) төрайымы болып тағайындалды.
      – Мемлекеттік қызметте қаржыгер мамандығы ешқашан оңай болған емес, өйткені бюджет қаражатын жалпы іс үшін дұрыс жұмсау өте қиын. Бұл міндет қаржыгерден жоғары кәсібилікті, мінсіз адалдық пен әдептілікті талап етеді, – дейді қызметі туралы айтып өткен Бағжамал Мұзамелқызы.
      Халқына жаққан жақсылар бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Олар елді биіктетсе, соларға қарап өсуші ұрпақ та сүйсінеді ғой. Осындай жақсылардың шоқтысы, жүрегі елмен бірге соққан, ел тынысымен өмірін біте қайнастырған, ел берекесін көтеруге сіңірген еңбегін бақытына бағалаған.
      Бағжамал Мұзамелқызының экономика, қаржы саласы, мемлекеттік қызметіндегі еңбегінің ерекшелігін айтпай өтуге болмайды. Бұған оның халқына еткен қалтқысыз қызметі куә дер едік. Көпшілік аузынан тастамайтын жарқын істері де айғақ. 
      Есімі мен еңбегі Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің құрылғанына 100 жыл толу мерекесіне орай жарық көрген, қаржы саласының ең үздік қаржыгерінің «100 жылдыққа 100 есім» және «Ертіс өңірінің қаржыгерлері» энциклопедиясына есімі енді. Семей қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін әртүрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
      Жұмыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін Кеңес Социалистік Республикалар Одағының Қаржы Министрлігінің «Қаржы ісінің үздігі» төсбелгісі;
  •       Қаржы жүйесіндегі ұзақ жылғы адал еңбегі және еңбек өтіліне қол жеткізгені үшін «Ветеран труда» медалі;
  •       «Тың жерлерді игергені үшін» медалі;
  •       Әр жылдары Семей және Шығыс Қазақстан облыстық қаржы басқармасының, Семей қаласы мәслихатының және әкімінің Грамоталары мен Алғыс хаттары;
  •       Социалистік жарыстарға және еңбекке коммунистік көзқарасы, коммунистік қозғалыстарға белсенді қатысқаны үшін «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісі;
  •       Халық шаруашылығында мемлекеттік қаражаттың тиімді және үнемді жұмсалғаны, қаржы жүйесі органдарының жұмысын жетілдіргені үшін «Коммунистік еңбектің екпіндісі» атағы;
  •       2023 жылы бойындағы жоғарғы кәсіби біліктілігі мен мол өмірлік тәжірибесін, ұйымдастырушылық қабілетін қаржы министрлігінің алдында тұрған міндеттерді табысты орындауға бағыттай білгені үшін Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің аппарат басшысының Алғыс хаты;
  •       2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет.
  •       Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты Республикалық байқауынан І дәрежелі Диплом, Қоғамның дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін «Жаңа Қазақстанның «100 жаңа есімі» төсбелгісі;
  •       Қоғамның дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісі;
  •       «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» төсбелгісі мен атағы берілді.
      Мемлекеттік қызметте бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары лауазымдарында 40 жылға жуық жұмыс істеп, құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан соң, ел ордасы Астана қаласына қоныс аударады. Одан әрі еңбек жолын жалғастырып, қалалық аурухананың әкімшілігінде және 2017-2022 жылдары Астана қаласының ҚР Стратегиялық жоспарлау агенттігінің Ұлттық статистика бюросы департаментінде Астана қаласы бойынша жұмыс жасады. Нәтижесінде еңбек өтілі 50 жылдан асады.       Бағжамал Мұзамелқызы отбасылық өмірде Мадина есімді қыз баласын дүниеге әкелді. Ол –  перзентін тәрбиелеп өсіріп, ұясына қондырып, өрбіген ұрпақтың, яғни немерелерінің қызығына тоймай, абырой бесігінде тербеліп келе жатқан бақытты әже.
      Қызы Мадина Ермұхаметқызы – қаржы мамандығы бойынша магистратураны үздік бітірген, экономика және бизнес магистрі. 2009 жылы құқықтану мамандығы бойынша екінші жоғары білім алды. Алғашқы еңбек жолын 2004 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің жетекші маманы қызметінен бастап, 2007 жылы Мемлекеттік қызметке ауысып, ҚР Қаржы Министрлігінің Семей қаласы бойынша Салық комитетінде және қазіргі таңда осы салада жұмысын Астана қаласында жалғастыруда. Ерасыл және Қасымхан есімді екі баланың анасы. Қазіргі таңда жолдасы екеуі де Астана қаласында мемлекеттік қызмет атқарады.
      Жаңа заманға қалыптасудың өтпелі, күрделі кезеңдерінде ҚР тұңғыш Президентінің тапсырмасын тиянақты жүзеге асыруда, қайыспай алға жол бастап, мемлекет мүддесіне сай батыл байламдарға барып жұмыс істеуі – туған жерінің дәулеті мен көркіне айналған жеміс деуге болады. 
      Міне, осы мақсатта абырой биігіне көтерілген, есімі елге елеулі Бағжамал Мұзамелқызының өмір жолын алға тарта айтқанда оның тұлғалық бейнесі сүйсінтері ақиқат. Қарап отырсақ, тіршіліктің төл тебіреністері, өмірдің мәні мен ұғымын ұзартар қағидаттары бары қайран боларлық дүние. Жүрегінің кеңдігімен, парасатының биіктігімен, айналасына шуақ таратар ішкі жылылығымен, уақыттың демін дәл сезінуімен, іскерлік қабілетінің жоғарылығымен ел басқару ісінде абырой биігінен көріне білген, осындай жандардың арамызда бары көңіл қуантады да.
      «Ердің асылы күшінен білінеді, әйелдің асылы ісінен білінеді» демекші, Бағжамал Мұзамелқызының берекелі өмір жолы – көпке өнеге. Сырлы аяқтай сыны кетпеген жанның жүзі де жылы, жүрегі де әрқашан мейірімге толы. Перзентіне саналы да сапалы тәрбие беріп, бар ғұмырын еңбекке арнаған жан – еліміздің бір кірпіші болып қалана білген мәртебелі тұлға.
      Әйелдік әдебі мен әдемі болмысын сақтай білген Бағжамал Мұзамелқызынан өскелең қазақ қыздары үлгі алады деген ойымыз бар. Жаны таза, рухы биік, кеудесі қазынаға толы сіз секілді қазақ әйелдері әрқашан құрметке лайық! Отбасыңыздың шамшырағы болып, жасай беріңіз, еңбеккер жан, аяулы әже!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

30 декабря 2025 21:16
Камила
Чудесная и достойная история👍 Огромная Вам благодарность, Бану Бияновна! ...
28 декабря 2025 01:12
Гулнар
Саламатсызба +77083784410 осы номерге хабарласыңызшы қолыңыз тисе рахмет ...
20 декабря 2025 23:03
Наталья Юрьевна
Юрий Иванович Человек с большой буквы. Таких педагогов, которые душой любят детей очень мало. В наше непростое время...