Оразбаев Инахаят Мұхатұлы, Саукимбаева Анипа Мұстафақызы

Рейтинг:

Халықтың қызметіне өмірін арнаған қос тағдыр...

     Бұл өмірде елдің жадында мәңгі сақталатын, артында өшпес із қалдырған жандар болады. Олар – ұрпаққа үлгі, халыққа қызметтің шын мәніндегі иелері. Солардың қатарында Оразбаев Инахаят Мұхатұлы мен Анипа Мұстафақызы секілді ұлтқа адал қызмет еткен аяулы жандар тұр. Ел қызметін өмірінің шамшырағы, адалдық пен әділдікті жетіқарақшы етіп ұстанған маман иелері туралы жеке-жекелеп жазғанды жөн көрдік.
     Алтын құрсақты қазақ даласында елдің қамын ойлаған, өнегелі өмірімен, айтар ойы, ерекше сөзімен, тәлімді істерімен елдің сыйлайтын, алдын кесе өтпейтін, жүктің ауырын көтерген нардай, ел тыныштығының, ел мүддесінің жолында ақсақалдық таныта алатын азаматтар ортамызда баршылық. Аптал азамат ретінде ол иығына артылған жүкті қара нарша көтеріп, сындарлы сынақтардан сүрінбей өте білді. Инахаят Мұхатұлы елдің елдігі мен ауызбірлігіне жік түсірмей, тізгінді тең ұстауымен де ерекшеленген азамат. Халқына адал қызмет етті. 
     Намысына дақ түсірмеді. Азаматтық абыройының туын жоғары ұстады. Қайсар, бірбеткей мінезінен танбады. 
     Өнегелі өмірі, атқарған игі істерімен аудан тұрғындарының, елдің мүддесіне арнаған Инахаят Мұхатұлы 1954 жылы 10 сәуірде Қарағанды облысы, Жезді ауданы, Сарысу ауылында дүниеге келді. Асқар тау әкесі Мұхат - Сарысу ауылының беделді азаматтарының бірі болса, анасы Байжігітқызы Шәрбан үй шаруасында, бала тәрбиесінде болған.
     1962 жылы сол кездегі Қарағанды облысы, Жезді ауданына қарасты, Сарысу ауылының №7-ші орта мектебіне оқуға барып, 1972 жылы орта мектепті аяқтап шыққан Инахаят Мұхатұлы 1972-1974 жылдары аралығында Кеңес әскері қатарында Германия Демократиялық Республикасындағы Галле қаласында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келеді. 
     Қайнаудан шыныққан құрыштай, өмір мектебінен өтіп, қайсарлық пен табандылықты серік етіп келген Инахаят Мұхатұлының алғашқы еңбек жолы Сарысу ауылының №7 орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болумен басталады. Одан әрі білімін жетілдіріп, Жезқазған мемлекеттік университетінің география пәні мұғалімі бойынша бітіріп шыққан жас маман, ауылдың, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен аудан басшылығының көзіне түсе білді. 
     1978 жылы Жезқазған облысы, Жезді ауданы, аудандық комсомол комитетіне қарасты Сарысу асыл тұқымды қой заводының (совхоз) комсомол ұйымының хатшылығына келуі Инахаят Мұхатұлының алдынан көптеген жетістіктердің есегін ашқандай болды.
     Жұмыс барысындағы өткінші кедергілерден қорықпады, қайта салмағы ауыр жауапкершілігі мол жұмыстар атқарып, өзін істе шыңдаумен қатар, еңбекқорлығының арқасында бірнеше белді қызметтерді атқарды. Қандай ортада жүрсе де адами қасиеттерден айнымай, әділдік пен имандылықты тұсбағдар етіп ұстанып, жұмысшылармен, өзге де қызметкерлермен шынайы достық қарым-қатынаста болып, мұқтаж жандарға қол көмегі мен жасын сыйлап жөн сұрап келгендерден тәжірибелерінен түйген ақыл-кеңесін аямады. Өзінің ұйымдастырушылық, табандылық, қайсарлық қабілетімен ұжымдастары ғана емес, облыс басшылығының көзіне түсіп, сеніміне ие болған Инахаят Мұхатұлы 1985 жылы Жезді ауданы, Жетіқоңыр совхозының кәсіподақ ұйымының төрағасы, 1989 жылы Мибұлақ селосы, Совет атқару комитетінің төрағасы, 1994 жылы Жезді ауданы, Мибұлақ селолық әкімшілігінің басшысы, 1995 жылы Мибұлақ селолық округінің әкімі, Жетіқоңыр қауымдастығының төрағасы қызметін абыроймен атқарып, 2018 жылы құрметті зейнет демалысына шықты.
     Әрдайым халықпен бірге, мұң-мұқтаждары назарда ұстаған Инахаят Мұхатұлы жоғарыда айтып кеткеніміздей, жастайынан еңбекқор, өмірге ғашық болған азамат. Қай кезде болмасын аузынан ауыл-елі түспейтін, жүрегі кең, реті келгенде шын мұқтажға көмек қолын созуға дайын тұратын жомарт жан. Елмен, жақын-жуығымен сыйластығы мығым, жан-жағындағы достары да, әріптестері де, қызметтестері де оның қарапайым қалпына тәнті. Бойындағы ізгілік пен парасаттылық оның адалдығы мен әділдігін паш етіп тұрғандай. 
     Әрдайым өз жұмысына асығып тұратын, бүгінін бір жақсы іспен аяқтауға тырысатын нағыз маман бола білді. Өзі қандай болса, жанындағы қызметкерлері де сондай, іскер, өз шаруаларына мықты, сайдың тасындай қаланған жан. Ал осындай ел басқарушысы бар аймақтың қандай болмағын бағамдай берсеңіз болады! Көп мақтауды ұната бермейтін, сөзден іске дейтін азаматтың өн бойы толы жақсылық. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, талантты, талапты жастарды әрдайым қолдауынан кенде қалдырған емес. Білімді, өнерлі, спортсүйер жастарды үнемі демеп отырды.
     Жұмыр жүректі пенденің маңдайына жазылған тағдыр өлшемі әртүрлі болады емес пе, зейнеткерлікке шықса да ел қызметінен қол үзбей, қоғамдық істерге белсене араласып, ақсақалдық айтарын ағайынға тыңдата білген Инахаят Мұхатұлы 2023 жылдың қыркүйек айының 4 күні дүниеден озды. 
     «Елім» деген ерді, елі де сүйеді емес пе, Жезді ауданының халқының әлеуметтік жағдайын көтеруде уақытпен санаспай еңбек еткен, зейнеткерлікке шыққан соң «Билер кеңесінің» белді мүшесі болған Инахаят Мұхатұлы еңбегінің өтеуі ретінде түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ: 
  •      1974 жылы Тактикалық дайындықтағы ұтымды іс-әрекеті, үздік жауынгерлік даярлығы үшін Гвардия командирінің Алғыс хаты; 
  •      1980 жылы Комсомол комитетінің қоғамдық өміріне белсене араласқаны үшін Қазақ ССР ЛКСМ-інің Грамотасы; 
  •      1981 жылы Жас коммунистерді тәрбиелеудегі еңбегі үшін Облыстық атқару комитеті хатшысының Құрмет Грамотасы; 
  •      2019 жылы ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбегі және шығармашылығы үшін Ұлытау ауданы әкімі мен Ұлытау аудандық мәслихаты хатшысының Құрмет Грамотасымен марапатталды. 
     Парасат-пайымы келіскен азамат өзіне жүктелген сенімді жақсы сезінген, қандай жағдайда да ар-ұяттан аттап көрмеген, әрі ешкімге кек сақтамайтын, алды қашанда кең кешірімді жетекші екенін көрсете білген Инахаят Мұхатұлы - халықтың алғысы мен үлкеннің батасын алған жан. 
     Есімі ел есінде сақталып қалған Инахаят Мұхатұлының жары Анипа Мұстафақызы туралы қалам құлашымызды кең сермей айтсақ. 
Қас-қабағын бағып ұдайы науқастың, 
Ағаруы тегін бе еді тал шаштың. 
Қарсы тұрып ажал дейтін дүлейге, 
Денсаулықтың майданында шайқастың. 
Демейсің-ау, шаршасаң да шаршадым, 
Бір басында жүрер сенің қанша мұң. 
Жүрегіңнің бар жылуын жеткізіп, 
Тұрғандай-ақ дірілдейді саусағың. 
Ажарында нұр ойнайды жараса, 
Науқастардың беті бермен қараса. 
Ауыр ойдан айыға алмай жүргенің 
Адам үшін ұзақ өмір, араша,
– деп, ақын жырлап өткендей, медицина қызметкерлері қай уақытта да құрмет пен абыройдың алдыңғы орнынан түскен емес. Оның дәлелі бүгінгі таңда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгердей, пандемия ортасында жүріп, антына деген адалдығын, еліне деген қызметін өтеп, уақытпен санаспай еңбек еткен барша дәрігерлердің сансыз еңбегі. Дәрігерлердің ортасында пульманолог, терапевт, кардиолог пен хирург деген болмайды. Өйткені, бұның бәрі алдына келген науқастың ауыр жүгін арқалаған, барлығы да халық үшін қызмет етіп жүрген, Алладан кейінгі адам жанының арашашысы. Сондықтан да олар туралы, елеулі еңбегі туралы айтылар сөз де, жазылар сөйлем де, шырқалар ән де аз емес.
      Саукимбаева Анипа Мұстафақызы 1953 жылдың қыркүйек айының 27 күні, қазіргі Жезқазған облысының, Рудник елді-мекенінде алты ағайындының екіншісі болып дүниеге келді. Асқар тау әкесі Мұстафа мен анасы Ұлтайдың тағылым бесігінде тербеліп өскен жас 1961 жылы Рудник елді-мекенінің № 29 мектебінің табалдырығын аттайды. Білімін одан әрі №2 орта мектебінде жалғастырып, оқу-білімге жастай құштар болған Анипа мектепті жақсы оқып, үздік оқушылар қатарынан бітіріп шықты.      Болашағын медицина саласымен байланыстырған Анипа Мұстафақызы 1972-1978 жылдар аралығында Алматы мемлекеттік медицина институтында жоғарғы білім алып, 1978 жылы тамыз айынан бастап Жезқазған елді-мекенінің облыстық ауруханасына интернатурадан өтіп, халық денсаулығын жақсарту саласындағы алғашқы еңбек жолын Жезді аудандық ауруханасына бас дәрігер болумен бастайды. 
     Дәрігерлік – асқақ абырой, мәртебелі міндет. Өз өмірінен өзгенің өмірін жоғары қоятын қамқор жандар дауа іздегеннің көңіліне демеу, еміне шипа табады. Ұстаз үшін алғысын айтып, алдына келген шәкіртінен ыстық жан жоқ болса, дәрігер үшін ризашылығын білдірген емделушісінен артық құрмет жоқ. Мейірімділікпен көрсеткен қызметі үшін жергілікті тұрғындардың алғысына ие болған Анипа Мұстафақызы одан әрі кожвенерология бөліміне дәрігер болып ауысса, 1982 жылы өз еркімен Жезді аудандық ауруханасынан жұмыстан шығып, туған-өлкесіне оралып, қазіргі Сәтбаев (Никольск) қалалық медсанчастіне дәрігер-терапевт болып жалғастырып, Жезді аудандық ауруханасына қайта ауыстырылып, жедел-жәрдем дәрігері болып та жұмыс істейді.
     Анипа Мұстафақызы қызмет еткен жылдары үнемі өзінің білім-біліктілігін көтеріп, арнайы курстардан өтіп, ой көкжиегін кеңітіп, ем алушыларға сапалы қызмет көрсету үшін өзін жиі қамшылап отырды. 
     Тұрмыс құрған соң, еңбек жолын 1986 жылы жолдасы Инахаят Мұхатұлы Жезді ауданына қарасты Жетіқоңыр совхозына әкім болып тағайындалуына байланысты, Жетіқоңыр отбасылық ауруханасына бас маман, дәрігер-терапевт болып ауысқан Анипа Мұстафақызы осы жерде өмірінің соңына дейін халыққа қызмет атқарады. 
     Әр адамның алдында үлкен таңдау тұрады – бұл болашақ мамандықты таңдау. Жан дүниесі, жүрегі әрдайым білімге, ғылымға, медицинаға жақын болған Анипа Мұстафақызы бұл таңдауда ойланбастан дәрігер болам деген шешімді қабылдайды. Адамдарды емдеу, өмірлерді сақтап қалу, жақындарына қамқор болу, дәрігер үшін бұл өмірлік ұстаным болғандай. 
     Анипа Мустафақызы әрдайым білімін ұштап, деңгейін жоғарылатып жүретін жақсы дәрігер бола білді. Ол кісі жүзі жылы, өте мейірімді, пациенттеріне мұқият, әрқашан көмек қолын созуға дайын тұратын жандардың қатарынан еді. Үлкеннің де, кішінің де алғысын алып жүрген өз ісінің нағыз маманы болған. Жетіқоңыр селосына еңбегі сіңген, халықтың қалаулысы, сыйлы дәрігері бола білді. Өз еңбек жолында көптеген Алғыс хаттар мен марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
  •      Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласындағы мүлтіксіз, адал еңбегі, саланың дамуына қосқан жеке зор үлесі және медицина қызметкерлері күніне байланысты Ұлытау аудандық орталық аурухана директорының Грамотасы; 
  •      2016 жылы Ұлытау облысының Ұлытау ауданы бойынша «Үздік дәрігер» номинациясы;
  •      2021 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Халық алғысы» медалі, мемлекеттік наградасын иеленді. 
     Халық денсаулығын жақсарту жолында есіл еңбегі «Ақ желеңді Әнипа» және тағы да көптеген мақалалар болып басылған Анипа Мустафақызы 2021 жылдың тамыз айының 19 күні дүниеден өтті. 
     Инахаят Мұхатұлы мен Анипа Мұстафақызы екеуі дүниеге екі ұл мен бір қыз әкеліп тәрбиелеп өсіріп, атына саналы ұрпақ қалдырып кеткен бақытты ата-ана. 
     Екеуінің тағдыр жолы – елге қызмет етудің шынайы үлгісі. Бірі – халықты басқарса, екіншісі – халықтың жанын емдеді. Қос тағдыр – қызмет пен махаббаттың, адалдық пен абыройдың жарасымын көрсетті. Олар бір-бірін толықтырып, өмірді мәнге, отбасын өнеге, қызметті қасиетке айналдыра білді. 
     Артында қалған ұрпақ – ата-ана аманатына адал, ел есінде жатталған қос тұлғаның рухани жалғасы. Осындай жандар барда елдің жүрегінде сенім де, мейірім де, үміт те сөнбейді. 
     Өзі өмірден өтсе де, жасап кеткен істері өскелең ұрпаққа қызмет етіп келе жатқан қос тұлғаның жаны пейіште, иманы жолдас болғай деп дұға ете отырып, мақаламызды тәмамдаймыз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...
14 сентября 2025 12:14
Айнагуль
Отбасыңызға 40 жыл болып жатыр екен, аз ба-көп па, бәрі Алланың қолында, бастарыңа амандық, жан ұяларыңда бақ пен...