Абылғазинов Секен Абылғазыұлы, Черубаева Нағима Закарьяқызы

Рейтинг:

Елге сіңген ерлік пен еңбек

      Өмірдің өзі – шексіз кітап. Оның әр беті адам тағдырынан құралған. Сол тағдырлардың ішінде ерекше салмағы бар, ұрпаққа өнеге болып қалғаны – соғыс және еңбек ардагерлерінің өмір жолы. Олар – бір дәуірдің тірі шежіресі, ел жадында мәңгілікке таңбаланған қаһарман бейнелер. 
      Соғыс... Бұл сөздің өзі қара бұлттай қоюланып, жүректі тітіркендіреді. Оқ пен оттың ортасында, ажалдың қақпасында жүріп, елінің, жерінің амандығы үшін жанын шүберекке түйген боздақтар аз ба еді? Солардың қатарында небір асыл азаматтар ел намысын қорғап, ерлік дастанын жазды. Соғыс майданында жүріп, әр қадамын өлім мен өмір таразысына салып басқан ардагерлер – бүгінгі бейбіт күннің алтын көпірін салған жандар.
      Қанды қырғын аяқталған соң, олар қаруын жерге қойып, жаңа майданға – бейбіт еңбектің майданына шықты. Өйткені туған жерді қорғау – бір міндет болса, оны қайта қалпына келтіру – одан да қасиетті парыз еді. Қираған ауылдар мен қаңыраған егістіктерді қайта жандандыру үшін күндіз-түні еңбектенді. Қолдарына орақ ұстап, маңдайдан тер төгіп, елдің еңсесін тіктеді. 
      Соғыс пен еңбектің азабын қатар көрген ардагерлердің жүзі қартайса да, рухы ешқашан мұқалмады. Олардың маңдайындағы әр әжім – уақыт бедері ғана емес, күрестің, төзімнің, қайраттың белгісі. Олар елге адал қызмет етудің, ұрпаққа аманат қалдырудың айқын үлгісі болды. 
      Осындай жандардың өмірі – шынайы дастан. Олар «ерлік» сөзін қағазға емес, жүректерге жазып кетті. Соғыстағы батылдығы, бейбіт күндегі еңбекқорлығы – бүгінгі ұрпақ үшін шамшырақ. Олар бізге тек тыныш күнді ғана емес, төзім мен табандылықтың, елжандылық пен адалдықтың да бағасын үйретті. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де, от пен оқтың ортасында болаттай шыңдалып келген соң, саналы ғұмырын ел қызметіне арнаған Абылғазинов Секен туралы айтып өтпекшіміз.
      Өз дәуірінде батыр, ал бүгінгі күнде – біз үшін рухани ұстаз, өмірі өнеге, тағдыры тағылым, ерлігі – бізді ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар елдік рухқа жетелеп келе жатқан Секен Абылғазинов Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зайсан қаласында дүниеге келді. Оның балалық шағы, ауыр еңбекке толы болды. 
      Орта мектепті тәмамдай сала, 1943 жылдың 16 қаңтарында небәрі 17 жастағы бозбала күйінде Ұлы Отан соғысына өз еркімен аттанады. Алғашқы әскери дайындықты Қиыр Шығыстағы Раздольная станциясында және Комсомольск-на-Амуреде, кейін Свердловск қаласында кіші командирлер даярлау курсы бойынша өтіп, оны бітіргеннен кейін сержант шеніне ие болады. 1943 жылдың шілде айында №369 атқыштар дивизиясының құрамындағы миномёт батареясының расчет командирі болып тағайындалып, майданға аттанады.
      1944 жылдың қараша айынан бастап неміс басқыншыларының мықты бекінісі саналатын Шығыс Пруссия жерін азат етуге қатысады. Екінші Беларусь майданының құрамындағы 8-ші механикаландырылған корпусқа қарасты 68-ші механикаландырылған бригададағы 2-ші мотоатқыштар батальонының бөлімше командирі, сержант Секен Абылғазинов неміс басқыншыларына қарсы ұрысын ары қарай жалғастырады.
      Сол сұрапыл соғыс жылдарында қоршауда қалған Шығыс Пруссия жерінде қиян-кескі шайқастар болып жатқан еді. Шын мәнінде, немістер бекінген әр қаланы, әр ауылды үлкен құрбандықтар арқылы азат етуге тура келді. Жаудың табан тірескен қарсылығына қарамастан, 18 жастағы жас сарбаз Секен Абылғазинов Польша жеріндегі көптеген елді мекендерді, оның ішінде Бартенштейн, Вормдитт, Хейлсберг қалаларын азат етуде табандылық пен батылдық танытты. 
      Сондай-ақ басқа да әскери бөлімшелермен бірге өз ротасымен Висла өзенінің Балтық теңізіне құяр тұсындағы Ногат өзенінің бойындағы Мариенбург қаласына жақындап келді. Шабуыл басталар алдында бұл қаланың теміржол және тасжол торабы ретіндегі стратегиялық маңызы зор екенін білді. Расында да, жау күштері бұл қаланы берік қамалға айналдыруға тырысып, қатты қарсылық көрсетті. Алайда, Кеңес Қарулы Күштерінің жойқын шабуылына төтеп бере алмаған неміс әскерлері қаланы тастап кетуге мәжбүр болды.
      Осы операция барысында от жүректі сарбаз ерліктің ерекше бір үлгісін көрсетті. 1945 жылдың 15 ақпанында «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған жас майдангер Секен Абылғазинов ержүректігімен, батылдығымен көзге жиі түсіп отырды. 
      Қаланы алғаннан кейін де ұрыс жалғаса берді. 1945 жылдың 24 сәуірінде осы Мариенбург қаласы мен оның маңындағы Соколово деревнясын жаудан азат ету жолында денесінің жеті жерінен ауыр жарақат алып, жан арпалыс күрестен кейін үшінші тәулікте ғана есін жиды. Ұлы Жеңіс күнін ол госпитальда қарсы алды. 
      Отан алдындағы әскери қызметі үшін Секен Абылғазинов «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен және басқа да үкіметтік наградалармен, мерейтойлық Құрмет грамоталарымен марапатталды. 
      1945 жылдың қазан айында туған елге оралған Секен Абылғазиновты аудандық комсомол комитеті инструктор қызметіне шақырды. Бұл жерде де өзіне артылған үлкен сенімді ақтай білді. 1960 жылдың соңына дейін Зайсан қаласында әртүрлі басшылық-ұйымдастырушылық қызметтер атқарды. 1961 жылдан бастап автомобиль жолдарының құрылысы және пайдалану шебері мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастырды.
      Жас маман әрі майдангердің күш-жігері мен қабілеті елеусіз қалмады: 1965 жылы Секен Абылғазинов Тарбағатай ауданында жаңадан ұйымдастырылған ДЭСУ-342 мекемесінің бастығы болып тағайындалды. Осы сәттен бастап заманының заңғар тұлғасы Секен Абылғазиновтың өмірінің жаңа кезеңі басталды. 
      Ол Тарбағатай ауданының жол шаруашылығымен берік, мәңгілік байланыста болды. Бұл сала оның өмірлік кәсібіне, негізгі өнеріне айналды. 
      Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында туып-өскен Секеннің Тарбағатай ауданының шекарасын алғаш кесіп өткен кезі еді. Бұл елді мекенде өзін жат сезінбеуіне Ақжар ауылының жергілікті тұрғындарының, сондай-ақ сол жерде тұрып жатқан туған бөлелерінің жылы лебізбен қарсы алуы себеп болды. Осы жағдай оның бар ынта-жігерін оятып, жаңа ортаға тез бейімделуіне ықпал етті. 
      Жақын бөлелерінің бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, ақсақал Соқпақбаев Әбілмаш еді. Жұмыс көп болғандықтан, қызметі таңертең ерте басталып, күннің батуымен аяқталса да, Секен күн сайын осы бөле ағасы Әбілмаш ақсақалға келіп, сәлем беріп, қал сұрасып, жаңалықтармен бөлісіп, жоспарларын айтып отыруды әдетке айналдырған. 
      Тұратын дайын үй болмағандықтан, отбасын Зайсанда қалдырып, өзі әзірге Ақжарда қызметтес адамдардың үйлерінде уақытша тұрып жүрген кезі еді. Жеңгесі Камал апай кешкісін қызыл күрең шайын демдеп, ыстық бауырсақпен кешкі ас әзірлеп, жаюлы дастарқанымен күтіп алатын. Бұл қамқорлық Секеннің шаршағанын ұмыттырып, ертеңгі жұмыс күніне жаңа күшпен, жаңа қарқынмен кірісуіне себеп болатын.
      Сол бір кездерді ол ешқашан ұмытқан емес, жиі есіне алатын. Кейін жанұясын көшіріп әкелгенде, Әбілмаш ағасы мен Камал жеңгесі қазақтың салты бойынша төсек-орнын беріп, бөлек шығарып салғанын Секен мәңгі есінде сақтады. 
      «Менің әкем Жұматаев Адығай (ел арасында Кәрнебай ақсақал атанып кеткен) көп жылдар бойы ДЭСУ-342 мекемесінде қарапайым жұмысшы болып істеді», – деп еске алады қызы Жұматаева Жұмабике. 
      «Отбасымызда әкем, анам және мен – үшеуіміз тұратынбыз. Мен 1-сыныпта оқитынмын. Бір күні әкем анама: «Бүгін бір ер азаматты қонаққа шақырамын», – деді. Анашым тамағын дайындап, күтіп алды. Ол кісі – Абылғазинов Секен аға екен. Тамақ ішіліп болған соң, әкем Секен ағаға: «Мынау – менің бір тал қызым, 1-сыныпта оқиды», – деді. 
      Сол күннен бастап Секен аға сабағыма көмектесетін, тізесіне отырғызып алып ән үйрететін, домбыра шертетін. Жанұясын көшіріп әкелгеннен кейін де туысқандардай араласып жүрдік. Ерлан атты ұлы болды. Әкемнің қасынан қалмай: «Ата, ат тағалайтын балғаңызды берші», – деп сұрап жүретін. Содан әкем оған кішкене балға жасап беріп, атын «Балғабай» деп атап кеткен», – деп еске алады Жұматаева Жұмабике. 
      Секен Абылғазыұлы тек өзіне үй тұрғызып қана қоймай, мекеме жұмысшыларын баспанамен қамтамасыз ету жолында тұрғын үй құрылысының бастамасшысы болды. Еліне сыйлы азамат ешқашан шаршауды білмейтін. Қажетті кадрларды іріктеп, мамандарды оқытып, тәжірибеден өткізу – жаңа құрылған жол жөндеу учаскесіндегі басшылық қызметінің алғашқы күндерінен-ақ оның жұмысында маңызды орындардың біріне айналды.
      Қазақстандағы соғыстан кейінгі кезең автомобиль көлігінің айналымын күрт арттыруды талап етті. Ал оны жүзеге асыру жолсыз, көпірсіз елестету мүмкін емес еді. Сондықтан мемлекет елді мекендер арасын жалғайтын жолдарды салуға жоспар құрып, іске кіріскен. 
      Сол кезеңде жергілікті, аудандық және облыстық маңызы бар жолдар мүлдем жоқтың қасы болатын. Жаңа құрылған мекемеге қойылған басты талап – өңіріміздегі елді мекендерді жалғайтын жолдар салу болды. 
      Қазақстанның қолданыстағы жол желісінің техникалық жағдайы бұл талаптарға сай келмеді. Республика бойынша жалпы жол желісі 108 541 км болса, оның тек 1 033 шақырымы ғана қатты төселген жолдар еді және олардың өнімділік сипаттамалары өте төмен деңгейде болатын. 
      Өңірдің заңғар тұлғалы ер азаматы Секен Абылғазыұлы әрқашан жаңашылдығымен, жұмыстың ескірген әдістерінен батыл бас тартуымен және жаңа бастамаларды батыл жүзеге асыру қабілетімен ерекшеленді. Сонымен қатар, ол сапа мәселесін ешқашан естен шығармай, әрдайым үлкен нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылатын.       Жол құрылысында жаңа техника мен озық технологиялардың маңыздылығын жете түсіне отырып, аудан бойынша асфальт төселген тасжолдар мен көпірлерді салу, жөндеу, күтіп ұстау жүйесін қалыптастыру ісіне белсене кірісті. Күрделі де маңызды мәселелерді шешуден ешқашан тайсалмай, кезең-кезеңімен, қажырлы әрі шеберлікпен еңбек етуді басты қағидат етті. 
      Бұрынғы жөндеу әдістері, әсіресе қара жолдарда, бұл талаптарға сай келмейтінін түсінді. Сондықтан Секен Абылғазыұлы жол төсемін нақты қозғалыс қарқындылығына сәйкес салуды қарастырып, автомобиль жолдарының тірек желісін салуда қаржылық әрі материалдық-техникалық ресурстарды айтарлықтай үнемдеуге қол жеткізді.
      Техника құралы шалғайда жатқан ауылға бөлу қарастырылмағандықтан, әр жерден шашылып жатқан ауыл шаруашылыққа бір кездері пайдаланылып, енді іске жарамсыз болып табылған машиналардың темір-терсектерінен шебер жұмысшыларымен біріге отырып өздеріне керек техникаларды құрастырып алатын еді.
      – Әкемнің басқарған мекемесі – дорожно-эксплуатационно-строительное управление (жол салу, жөндеу және пайдалану басқармасы) болғандықтан, арнайы техникасыз жұмыс жүргізу қиынға соғатын. Покровка және Киров совхоздарының ортасында барлау экспедициясын жүргізген геологтардан саз балшыққа батып қалған С-80 және С-100 деген алып тракторларды өз әдіс-тәсілдерімен шығарып алып, жөндеп, іске қосып алды. Әртүрлі саймандар мен қажетті техникаларды құрастырып алу үшін Крупская, Шілікті, Тарбағатай совхоздарының басшыларымен орнатқан сыйластық қарым-қатынасы көп көмек берді. Сонымен қатар, ол техникаларды әрі қарай жөндеп, қалыпты жағдайда ұстауда білгір бульдозерист Сырыхтың еңбегін ерекше бағалайтын.
      Бұл жерде грейдерист Найманғазының еңбегін атап өтпеу мүмкін емес. Қыстың аязды, боранды күндерінде жолдарды тегістеп, күреп, тазалап отыру үшін грейдердің бір жағындағы күректі жерге бір түсіріп, бір көтеріп, үздіксіз жұмыс істейтін. Екі жағында орналасқан үлкен дөңгелектерді де қолмен бұрап, реттеп отыратын.
      Төрт жылдың ішінде ДЭСУ-342 мекемесінің жолшылары Абылғазинов Секеннің тікелей басшылығымен ауданның алыс-жақын ауылдарын түгелдей Ақжар орталығымен байланыстыратын 267 км қиыршық тасты жол, сай-сала мен өзендерді басып өтетін стратегиялық маңызы зор көпірлер салып, жоспарды 100% орындап шықты. Бұл аудан экономикасын көтеруде үлкен үлес болды, – дейді Зайсан қаласындағы ҰҚК Шекара қызметінің 2017 және 9807 әскери бөлімдерінде аэродром ұшу жетекшісі қызметін атқарған Абылғазинов Еркін Секенұлы.
      Аудан экономикасын дамытуда автомобиль жолдарының орасан зор маңызын жақсы түсінген Секен Абылғазинов бұл маңызды қызметке айрықша мән беріп, 1965–1987 жылдар аралығында өзі басқарған ДЭСУ-342 учаскесі төңірегінде күрделі мәселелерді сәтті шеше алатын, аудан бойынша үздік мекемелердің бірін қалыптастырды. 
      Ендігі сөз кезегін – кейіпкеріміз жайлы айтылған, сыр мен сағынышқа толы естеліктерге берсек...
      Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, Қазақ ССР оқу ісінің үздігі, ұстаз Әлібек Нұрмұхамедұлы:
      – «Тектіден текті туады, тектілік рух қуады», – демекші, Секен ағаның түр-тұлғасы, ашық, көпшіл, ақжарқын мінезі – сөйлеген сөзінен, көзқарасынан-ақ оның нағыз адам екенін аңғаруға болатын.
      Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек бидің інілері Айтеке биді сынамақ болып:
      – «Әй, Айтеке, айтшы: жігіт деп кімді, нағыз жігіт деп кімді айтады?» – дегенде, ол:
      – «Жігіт деп түр-сипаты келістіні айтады, ал нағыз жігіт деп – сөзге тоқтайтын, өзі көпті сөзімен тоқтата білетінді айтады», – деген екен. 
      Сәкен – дәл сондай нағыз жігіт бола білді, көптің ағасы да, әкесі де бола білді. Сымбатты бойына киімі жарасып тұратын. Адаммен сөйлескенде аңқылдап күліп, жылы жүзімен баурап алатын. 
      Мекеменің ескілігіне қарамастан, жыл сайын мамыр айында сылап-сипап, сырлап, жайнатып қоятын. Сәкеңнің бұл ісін басқа мекеме басшылары үлгі тұтатын, – деп еске алса, жоспарланған нәрсені жүзеге асыру үшін ондаған жылдар қажет болған, өз халқына, Отанына, ұлы патриот пен ұлы тұлғаның от пен сүйіспеншілікке толы жарқын өмірі туралы Тарбағатай ауданының құрметті азаматы Шайханов Құнапия ақсақал былай дейді:
      – Тарбағатай ауданы 1965 жылы қайта құрылғаннан бастап, ДЭСУ-342 мекемесінде басшы болып Әбілғазинов Секен ағамыз қызмет атқарды. 
      Секен аға басқарған ДЭСУ-342 мекемесі 1965–1987 жылдар аралығында Ақжар – 29, Ақжар – Маңырақ – Қазақстан, Құйған – Ақжар, Ласты – Ақжар, Қарасу – Шілікті, Қазақстан – Шілікті бағыттарындағы жолдарды салып, сондай-ақ фермалар мен орталықтағы жолдарды жаңадан салып, оларды күтіп-баптап, ұстады. 
      Жолдардың сапалы салынуы совхоздардағы техника бұзылуының азаюына, уақытты үнемдеуге ықпал етті. Бұл – аудан экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға, жол жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. 
      Мен 1978 жылдың мамыр айының басында Ақжар ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайландым. Сол кезде Секен аға ауылдық кеңестің депутаты және атқару комитетінің мүшесі болатын. Секен ағамен жақын танысып, атқарылатын бірқатар жұмыстарды бірге жүзеге асырдық. 
      Көктемгі тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында Ақжар ауылының шеңберінде орналасқан мекеме басшыларын жинап, жиналыс өткіздім. Көшедегі арық, су жолдарын тазалау жұмыстарын әр мекемеге бөліп тапсырдық.
      ДЭСУ-342 мекемесіне олардың орналасқан жерінен бастап «Сарғасқа» тоғамынан көпірге дейінгі бөлікті тазалау жүктелді. Бұл тоғамнан аққан су ұжымшардың егістігі мен көпжылдық шөбін суғаруға пайдаланылатын. 
      Секен аға тоғамды тазалау үшін Беларусь тракторын қойып, мекемелердің тоғамнан шығарған балдырлар мен тұрғындардың әртүрлі қоқыстарын, жарамсыз автокөлік дөңгелектерін тиеп, қоқыс төгетін жерге шығарып, үлкен көмек көрсетті. 
      1979 жылы маусым айында аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Зарыпқан Бұлғынбайұлы Дәукеев Ақжар селосының көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салуды міндеттеді. 
      Жол салуға мүмкіндігі бар мекеме басшыларын шақырып, жиналыс өткіздім. Көше жолын әр мекемеге бөліп, жол бойымен жаяу жүргіншілер жолының екі жағына цемент құйып, ортасын құм мен қиыршық таспен толтыру қажет болды. Сол кезде қыздырылған асфальт жоқ еді. 
      Жиында сөз алған Секен аға: 
      – Біздің мекемеде көптен бері жатқан, өзен жағаларын бекітіп, көпір салуға арналған 1,5 метрлік плиталар бар, соларды жолға төсеуге болады, – деген ұсыныс айтты. Сөйтіп, сол плиталарды көшелерге төсеп шықтық. Секен ағаның азаматтық ұсынысы біздің қиын жағдайдан шығуымызға үлкен көмек болды. 
      Сол кезде Совет, Ленин (қазіргі Байжігіт) көшелерінің ортасына, қарапайым болса да, жаяу жүргіншілер жолы салынды. 
      Аудан әкімшілігінің тапсырмасымен, зейнетке шыққаннан кейін де Секен аға Зайсан қаласынан, Приозерное поселкесінен, Ақжар, Қарасу ауылдарынан тігін цехтарын ашып, қажетті киім-кешектерді тігіп, нарықтық заманда жұмыс істейтін ұжым құра білді... 
      Секен Абылғазыұлы жұмыста өте қарбалас болуына қарамастан, өзіне сеніп тапсырылған ұжымның қоғамдық жұмыстарына белсене араласуға үнемі уақыт тауып отырды. 
      Салаға басшылық еткен әр жылдары: 
      - партия бюросының мүшесі, 
      - сот отырысына қатысушы, 
      - сайлау комиссиясының тұрақты төрағасы болды. 
      Қазақ ССР, ШҚО, Тарбағатай аудандық Кеңесінің әр жылдардағы шақырылымдарының депутаты болды. Оның Қазақстандағы жол құрылысы саласындағы ерен еңбегі Қазақстан мен Одақ үкіметтері тарапынан жоғары бағаланып, «Еңбек ардагері» атағы берілді. 
      1966–1984 жылдары аудандық қаржы бөлімінде бюджет бөлімінің бастығы, аудандық қаржы бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін атқарған, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы Кожебаев Уалихан Айтахметұлының естелігінен: 
      – Секен ағаны еске алғанда, Шығыс өңіріндегі іргелі, үлкен аудан – Тарбағатайдың елді мекендерін бір-бірімен қосып, одан әрі үлкен Шығыс шеңберіне ұласқан күре жолдар бейне бір кино ленталарындай көз алдыңнан өтіп жатады… 
      Сонау 60-жылдардан бастап Секен аға аудандық жол жөндеу мекемесін өмірінің ақырына дейін басқарды. Аудан ішіндегі іргелі 8 кеңшарды, сондай-ақ Зайсан балық зауыты, Тұғыл мал сою пункті, Пристань, автобаза, астық қабылдау пункттері орналасқан Тұғыл кентін ауданмен қосатын жолдарды салуда аудандық жол жөндеу мекемесі ерекше еңбек етті. 
      Аудан орталығы Ақжардан 110 шақырым қашықтықтағы Шілікті кеңшары, 60 шақырым жердегі Қазақстан кеңшары, Құйған, Қарасу, Жетіарал, Дәулетбай кеңшарларын қосатын жолдардың Секен ағаның тікелей басшылығымен салынғанын өз көзімізбен көрдік. 
      Шілікті мен Қазақстан кеңшарларын ауданмен қосатын жолдағы Майлы асуының жолын салуда мекеме ерекше еңбек етті. Ол кезде тау жыныстарын жарып, жол салу халық үшін ерекше жаңалық болатын. Үлкен және Кіші Майлы асулары салынғаннан кейін ғана Шілікті мен 
      Қазақстан кеңшарларына ауыр жүк тасымалдайтын техникалар қатынап, құрылыс материалдарын жеткізу мүмкін болды. Нәтижесінде жоғарғы ауылдарда зәулім мектептер, емханалар, дүкендер салынып, пайдалануға берілді. 
      Секен аға – жеке басы ақкөңіл, ашық-жарқын, аузын ашса жүрегі көрінетін, дос көңілін қалдырмайтын, сертінде тұратын мәрттігі жоғары жан еді. Ол кісімен әңгімелесудің өзі бір ғанибет болатын. Өз ойын қалжыңмен жеткізгенде Секен аға адамдарды үлкен-кіші деп бөлмейтін. 
      Секен ағаны аудан орталығы – Ақжардың тұрғындары ерекше сыйлап, құрметтейтін. 
      Ақжар тұрғындары үшін ең қиын шаруалардың бірі – отын-су, шөп тасу сияқты жұмыстар еді. Аудан орталығында үлкен кеңшарлар мен ірілі-ұсақты мекемелер бола тұрса да, халық көмір мен шөпті жол жөндеу мекемесінің көлігімен ғана жеткізетін. 
      Ақжарда қалған қарт-қариялар Секен ағаға осы уақытқа дейін риза болып, алғыстарын білдіріп, үнемі еске алып отырады. Секен аға саналы ғұмырында өзі қызмет атқарған мекемеде қолынан іс келетін маман кадрларды тәрбиелеп кетті. Ағаның ізін басқан Сапанов Жақай аға мен соңғы толқын жол құрылысының үздік мамандары – Сыдықаев Амантай, Көшербаев Дүйсенбек – ауданымыздың дамуына ерекше үлес қосқан азаматтар екенін мақтанышпен айтуға болады. 
      Қазіргі таңда ауданымыз қарыштап дамып келеді. Аудан орталығы облыс аудандарының ішінде алдыңғы қатарда, күн сайын гүлденіп, өркендеп келеді. 
      Секен ағамыздың жоғарыда мақтаған ізгі қасиеттері оның өмірлік жары – Нағима апайдың есімімен тікелей байланысты. Шешеміз – өз алдына ерекше жан еді. Қолынан дәм таттық, дәмдес болып, қызық-қуанышты бірге бөлісіп, өмір кештік. Аға екеуі ұлағатты ұл, инабатты қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір балалары білім алып, өмірден өз орындарын тапқан, бақытты жанұя иелері. 
      Ал бүгінде, ер тұлғалы асыл азамат Абылғазинов Секеннің өмірден өткеніне 35 жылдан астам уақыт өтсе де, біз есімі мен ісі өлмейтін осы бір тамаша адамның – талантты инженердің, аудандық жол жөндеу мекемесінің жетекшісінің жарқын естелігін сақтап келеміз. 
      Жол жөндеу саласындағы көрнекті еңбегі үшін ол Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, Қазақ ССР Автомобиль жолдарын салу министрлігінің, ШҚО жолшылар кеңесінің, Қазақ Компартиясының Тарбағатай аудандық комитетінің, Халық депутаттарының облыстық кеңесі атқару комитетінің, сондай-ақ оқу-білім орталықтарына үнемі қолдау көрсеткені үшін Білім беру орталығының Құрмет грамоталарымен және көптеген медальдармен марапатталды. 
      Зайсан шекара отрядының 2017 әскери бөлімінің командирі, кейіннен Қазақ ССР ДОСААФ Орталық комитетінің төрағасы, генерал-майор Б.Байтасовтың атынан мемлекеттік шекараны қорғаудағы белсенді көмегі үшін бірнеше рет алғысқа ие болды. 
      Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі, Бейбітшілік Қорғау комитетінің төрайымы Н.Базанова 1977 жылы Абылғазинов Секеннің Бейбітшілік Қорына жасаған үлесі үшін Алғыс жариялайды. 
      Қазақ ССР-нің Құрметті жол құрылысшысы», жол құрылысы саласын қалыптастырып, оның қуатын арттыруға зор еңбек сіңірген заңғар тұлға Секен Абылғазинов туралы ауданның Құрметті азаматы Сыдықаев Амангелді былай дейді: 
      – 1972 жылдың күзінде ДЭСУ-342 мекемесіне механик-электрик мамандығы бойынша жұмысқа қабылдандым. 
      Есте қалған бір оқиға – Покровка–Майлы ауылындағы «Мұқалбай» кезеңінде ылдиға су жеткізіп, құбыр (труба) салу керек болды. Жұмыс барысында тура су өтетін жерден салмағы 20 тоннадай үлкен тас кездесті. С-100 маркалы трактор тасты қозғалта алмай қойды. Кешке таман ГАЗ-69 жеңіл автокөлігімен мекеме бастығы Секен аға келіп: 
      – Жұмыс неге тоқтап тұр? – деп сұрады. 
      Тракторшылар Қоңдыкеров Мұқаш пен Айқынбаев Саулық (марқұмдар) «тасты трактор қозғалта алмады, мүмкін су бағытын өзгертейік», – деп сұрады. 
      Сонда Секен аға: 
      – Тасты қозғалта алмасаңдар, ертең Ақжардан өңкей шалдарды – Баласай, Кәрнебай, Әбілмәш ақсақалдарды күректерімен әкеліп, тасты соларға қозғалттырамын! – деп күліп кетіп қалды. 
      Бастық кеткен соң тракторшылар ақылдасып: «ертең шалдар келсе, ұятқа қаламыз, бір амалын табайық» деп, екі трактормен әрең дегенде тасты жолдан қозғалтып тастады. 
      Ертеңінде таңсәріде Секен ағай жетіп келді, қасында мекеме кассирі Қапиза апай бар екен. Тасты қозғалтып қойғанымызды көріп: «Біліп едім, осылай істейтіндеріңді», – деп, тракторшыларға 20 сомнан сыйақы (премия) алып келіпті. 
      Секен аға туралы айтқанда, ағаның жұбайы Нағима апай жайлы да айтпай кетуге болмайды. Екеуі бір-біріне жарасқан, үлгілі отбасы болатын. Нағима апай шәкірттердің жанын түсіне білетін ерекше жан еді. Ақжар ауылындағы көпшілік шәкірттер Нағима апайды қатты сыйлайтын. Ол шәкірттеріне қатал болғанымен, әділетті ұстаз болатын. 
      Абай атындағы мектептің мұғалімдері Нағима апайды өздерінің ұстаздары деп біледі. Менің отбасымдағы балалардың көбі де – Нағима апайдың шәкірттері, – деп аяқталады жазба естелік. 
      Біртуар азамат Абылғазинов Секен осындай жан еді және ол біздің жадымызда әрдайым осы бейнесімен сақталады. Оның Тарбағатай ауданының жол құрылысына және экономикасына қосқан үлесін бағаламауға болмайды. 
      Ол – қайратты, асыл тұлға еді. Ол – өте батыл адам болатын. 
      1987–1989 жылдары Кеңес Одағы ыдырап, қайта құру кезеңі басталған шақ еді. Осы бір қиын-қыстау жылдары құрметті зейнетте жүрген Секен аға денсаулығына қарамай, жергілікті халықты жұмыссыздықтан қалай қорғауды ғана ойлады. Сол кездегі ауданның бірінші хатшысы Сайлаухан Аухадиевтың: «Сізге үлкен міндет жүктегелі отырмын, бұл іс Сіздің қолыңыздан келеді. Ауданда Өскемен қаласындағы «Өрнек» тігін фабрикасының филиалын ашқалы отырмыз, соны Сіз басқарсаңыз», - деп үлкен істің тізгінін ұстатқалы отырғанын жеткізді. Сөйтіп Өскемен қаласында орналасқан «Өрнек» тігін фабрикасының филиалдарын Зайсан қаласынан, Ақжар ауылынан, Приозерное поселкесінен, Қарасу және Покровка ауылдарынан ашып, жас мамандар даярлап, цехтар орнатып, автоматтандырып, аудан бойынша алғашқы өндіріс жүйесін небәрі бір жыл ішінде іске қосты. 
      Зайсанда тоқыма-трикотаж киімдерін өндіру цехы қарқынды жұмыс істесе, Ақжар, Приозерное және Қарасуда мақта матадан дайындалған төсек-орын жабдықтары, ас үйге арналған мата құралдары, әйелдерге арналған үй киімдері (пижама, халат және т.б.) тігіліп, апта сайын Газ-53 жүк көлігімен екі-үш мәрте дайын тауарларды апарып, қайтарында маталар әкеліп отырды Онда өнім сапасы қатаң сараптамадан өтіп барып қабылданатын. Егер ауыр жүк көлігіндегі тауардың ішінен бір ғана зат стандартқа сай келмесе, барлық тауар кері қайтарылатын. 
      Секен Абылғазыұлы басқарған «Өрнек» тігін фабрикасы филиалдарының барлық шығарған өнімі сапалы, заманауи, рентабельді және сұранысқа ие болды. 
      Покровка ауылында тері қабылдап, оны өңдеуден өткізіп, ерлер мен әйелдерге арналған қысқы тондар мен былғары бұйымдарын тігетін фабрика құрылды. Мамандар даярланып, цех жабдықталып, шикізат қабылданып, ауданымызда бұрын-соңды болмаған өндіріс мекемесі іске қосылуға сақадай-сай дайын тұрған еді. Амал қанша, оның ашылуына Секен Абылғазыұлының мезгілсіз дүниеден өтуі кедергі болды. 
      Соғыс және еңбек ардагері Абылғазинов Секен ақсақал аудан, облыс көлеміндегі барлық жағдайды дұрыс бағалап, қиыншылықтарға төтеп беру жолында белсенді әрекет ете білді. Ол халықты жігерлендіріп, көпшілікке пайдалы әрі қажетті істермен айналысты.
      Соғыс және еңбек ардагері Секен Абылғазинов туралы А.Жанахметовтың «Қос майданның жауынгері», З.Сағатованың «Майдангер аға», А.Ақбабаұлының «Тыл ардагері», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ә.Сақажанованың «Ұлағатты ұлы сезім» атты мақалалары жарық көрді. 
      Өмірін өнегемен өріп, есімі мен ерлігі ел есінде сақталып қалған Секен Абылғазинов отбасында арқа сүйер азамат, асқар тау әке бола білді. Осы тұста кейіпкеріміздің жары туралы кеңірек тоқтала кетсек. 
      Балаға білім нәрін себуші, жан-жақты білім беруші, білгенін ерінбей-талмай үйретуші ұстаз ғана өз еңбегінің жемісін көре алады. Егер білімді ұстаздан тәлім алған шәкірт өзгелерден оза шапса, бұл – ұстаздық еңбектің ақталғаны. 
      Әрине, өсіп келе жатқан ұрпақ – адамзат болашағының жалғасы. Адамның артында қалатын саналы ұрпақ болса, оның жер бетінде қалдырған ізі ғасырлар бойы жалғаса береді. Білім күшінің құдіреті – міне, осында. Бұл бізге білімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Тәуелсіз ел атанып, көк туымыз көкте желбіреп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымыз танылып жатқан қазіргі кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Адамның тұлға болып қалыптасуына ата-анамен қатар, мұғалімнің де рөлі орасан зор. 
      Міне, осылайша, тек мектепте ғана емес, бүк түсіп жатқан туған жердің топырағын аршып, тарихын зерттеп, ұлттық рухты, мәдениетті, руханиятты шәкірт бойына сіңіре білген, бір ауыздан айтқанда, бір мектептің ғана емес, ауданның, облыстың, тіпті бүкіл Республиканың ұстазы бола білген Черубаева Нағима Закарьяқызы туралы айтып өтпекпіз. 
      Ағарту жолында аянбай еңбек етіп, ұлт болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде қызмет атқарумен қатар, білім саласының дамуына да өзіндік үлесін қосқан, жарты ғасырға жуық еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз, асыл бейнесі шәкірт жүрегінде мәңгі сақталған Нағима Зақарьяқызы 1930 жылдың қараша айында Зайсан ауданының Теректі ауылдық кеңесіне қарасты Кеңарал ауылында дүниеге келген. 
      Асқар тау әкесі – Закарья Черубайұлы 1942 жылдың 14 қыркүйегінде Кеңес әскеріне шақырылғаннан кейін, анасы Рахметова Мағрипамен бірге қаршадай қыз 12-13 жасынан бастап колхоздың әртүрлі тапсырылған жұмыстарын атқарды. Сөйтіп, балалық шағы 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында майданды азық-түлікпен қамтамасыз ету науқанымен тығыз байланысты болып, жастайынан туған өңірінің тіршілігіне белсене араласып, тылда еңбек етті. 
      Топырағына қасиет дарыған, талай тарланбоздың тұсауын кескен құтты мекенде балалық шағын еңбекпен өткізген Нағима Закарьяқызы 1950 жылы Зайсандағы қазақ орта мектебін тәмамдап, Алматыдағы Зоовет институтына оқуға түседі. Алайда 1951 жылы отбасының қамын ойлап, әкесінің өтініші бойынша үйіне оралады. 
      Педагогикаға деген икемі мен ынтасы арта түскен Нағима Закарьяқызы білім жолына түсуге бел байлайды. Халықтық тәрбиенің асыл қазынасын қастерлей білетін қабілетімен, ұлттық мәдениетті бойына сіңіре білген бойжеткен сол жылы Зайсан педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Өзінің алғашқы еңбек жолын 1952 жылы Зайсан ауданына қарасты Ақарал мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастайды. 
      Ұстаз болу – үлкен жауапкершілікті, парасаттылықты, пайымдылық пен кіршіксіз көңілді бұзбайтындай ұқыптылықты, оқушы жүрегіне үңіле білу үшін мейірімділік пен сабырлылықты, шаршамайтын шыдамдылықты талап етеді. Нағыз ұстаз бала үшін тек мұғалім ғана емес, ана да бола білуі керек. Осындай кезде ғана шәкірт пен ұстаз арасында үзілімейтін байланыс орнап, сол оқу орнынан үлкен тұлғалар, ақындар, елге пайдасын тигізетін азаматтар, ел қамын ойлаған басшылар мен ұлттық құндылықты өмірінен де жоғары қоятын зиялылар шығады. 
      Міне, осындай жауапкершілік жүгін сезінген Нағима Закарьяқызы Қарабұлақ ауылындағы мектептерден бастап, 1987 жылы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылындағы Ушинский атындағы бастауыш мектебінде, кейіннен Абай атындағы орта мектепте зейнетке шыққанға дейін тынбай, дамылсыз ұстаздық етті. 
      Сондай-ақ, «Бастауыш мектеп» атты ғылыми-әдістемелік, педагогикалық журналға жас ұрпаққа заманауи білім беру ісін жетілдіру, мұғалімдерге ғылыми-әдістемелік тұрғыдан көмек көрсету мақсатында тәжірибелі оқытушы ретінде өзі дайындаған сабақ үлгілерін жариялап тұрды. 
      Бір жерден нәр алып, тамырын тереңге жіберіп, жүз жыл жасаған бәйтеректей, осы бір мектепте тәжірибе жинақтап, шәкірт тәрбиелей білген Нағима Закарьяқызы ұжымдастары мен шәкірттері арасында беделді маманға айналды. Жыл санап емес, күн санап дамыған заман көшінен қалмау үшін өзін үнемі жетілдіріп, жан-жақтылығын арттырып отырды. Мұғалімнің деңгейін көтеретін курстарға тұрақты қатысып, біліктілігін шыңдай түсті. Ол пән бойынша қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға шәкірттер дайындады. 
      Білікті маман қай салада да, қандай кәсіпорында да, білім ордаларында да сұранысқа ие. Тәрбиелеген шәкірттері түрлі жеңістерге жетіп, өзі де мектепішілік, қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі білім бәсекелерінде бақ сынап, біліктілігін арттырып қана қоймай, тәжірибе жинақтап, мектептің мерейін үстем етті. 
      «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, ширек ғасырдан астам ұстаздық етіп келе жатқан, еңбек жолында көзінде таланттың ұшқыны бар зерек, алғыр оқушыларды тәрбиелеп, аламан жарыстарға қатыстырған жүйріктей ұстаз. 
      «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» – еліміздің түкпір-түкпірінен келген жүйріктердің арасында оқ бойы озып шыққан шәкірттерінің жеңістерінің артында Нағима Закарьяқызының ерен еңбегі жатыр. Оқушы талабын ұштап, қабілетін тап басып танып, балапанын баулыған құстай жүректерге жол тауып, тапсырылған әр істі тиянақты атқаратын ұстаз еңбегі елеусіз қалған жоқ. Оның жетістіктері де мол. 
      Нағима Закарьяқызы жерлестері мен ағайын-туысқандарының, тілектес замандастарының құрметіне бөленді. Бүкіл болмысы, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері жас ұрпақты жарасымды мінезді, өресі биік, білімді азамат етіп тәрбиелеуге бағытталды. Қазақстан Республикасының Білім беру Министрлігі Черубаева Нағима Закарьяқызының ерен еңбегін ерекше бағалады. 1980 жылы Қазақ ССР Оқу Министрлігінен «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген значок алды. 
      1982 жылы СССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы атынан көпжылдық адал қызметі үшін “Еңбек ардагері” медалімен марапатталды. Тыл ардагері Нағима Закарьяқызы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының Жеңіс жылдықтарына Қазақстан Республикасының Президенті мен Ресей Федерациясының Президентінің жарлықтарымен мерекелік медальдармен марапатталды. 
      Нағима Закарьяқызының қажырлы іскерлігін, тапқырлығын, ақылгөйлігін оқытқан оқушылары, әріптестері, дос-сырлас жақындары талай айтып, баспа беттеріне жариялаған. Зайсан қаласының сыйлы, құрметті азаматы ретінде қала әкімі Зайнолдин мырзаның атынан көптеген алғыс хат пен құттықтаулар қабылдап отырды. 
      Найза ұшына үкі таққан жаужүрек батыр да, айбарымен әлемді дүр сілкіндірген хан да, сөзінде серпіліс, өлеңінде ота бар ақтілек ақын да, табиғатқа тіл бітірген қылқалам иесі – суретші де, аққу қанатындағы әнді өлеңге қоса білген әнші де, сары даланың төсінде ескен самал суылын домбыраның қос ішегінде ойната білген күйші де анадан туып, ұстаз алдынан көрді. Ұстаздан тәлім алып, қолына қалам ұстауды үйреніп, жүрегінде қоздаған шоқты жалынға айналдыра білді. 
      Бүгін біздің жеткен әр жетістігіміз бен атқарған ұлы істеріміздің артында ана тілегі мен ұстаздың тәлімі, өлшеусіз еңбегі жатыр. Құм көшіп, уақыт өтсе де, шәкірт жүрегіне әділдік пен адамдықтың, ілім мен ғылымның дәнін еге білген ұстаздың еңбегі ешқашан ұмытылмайды, шәкірт жүрегіне салған ізі ешқашан өшпеді. Ұстаз есімі – шәкірт жүрегінде соңғы демі қалғанша сақталып, еңбегі өмірде кездескен қиыншылықтарда дұрыс бағыт сілтеп, арман шыңдарына жетелейді. Ұстаздықты меңгерген адамның құдіреттілігі де осында. 
      Ұлағатты ұстаз туралы К. Ушинский атындағы бастауыш мектептің 1972 жылғы шәкірттері Төлеубек Рахымжанов, Расима Жәкішева және 1975 жылғы шәкірттері Шүршітбаев Мұхтар, Жумабекова Мунира және Құнанбаева Жәмиланың «Қалдырған ізін мәңгілік», З.Сағатованың «Ұстаздық еткен жалықпас» тақырыптарында көптеген мақалалары жарық көрді. 
      – Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған сияқты едік, бүгін міне, 44 жылдың өтіп кеткенін байқамай қалыппыз. 1971 жылдың қыркүйек айында Ушинский атындағы бастауыш мектептің табалдырығын аттаған едім. Сол күннен бастап қолыма қалам ұстатып, әріпті үйреткен алғашқы ұлағатты ұстазым – Нағима Черубаева еді. 
      «Мектептің жүрегі – жақсы мұғалім», – деп ұлы даланың педагогы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, Нағима апайдың оқушыларға берген тәлім-тәрбиесі, білімді толық игеру, ой қабілетін дамыту, ой-өрісін кеңейту, тұтас ұлттың болашағы үшін білім беру ұстанымдары арқылы жүзеге асты. 
      Ұстазымыздың білімі мен шеберлігіне, өнегелі еңбегіне қарап, оны еліне қызмет еткен бірегей тұлға деп айта аламын. Ұстазымыздың дүниеге көзқарасы, мәдениеті мен санасына сай, білімді ұл мен қыздар өсірді. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған ұстазын ұмытпай, есіне алып: «Бұл – менің ұстазым», – дейді, шәкірті Ақжар ауылының тумасы Қуанбаева Жамила. 
      Шәкірті исламтанушы, докторант, «Уақып» қорының кеңесшісі Қуат Қабдолда ұлағатты ұстазы туралы:
      «Жеті жасқа толып, мектеп табалдырығын аттаған кезіміздегі ең алғашқы ұстазымыз – Нағима (Нақан апай) Шерубайқызы апайымыз болды. Апайымыздың сабағын тып-тыныш отырып тыңдайтынбыз. Ұстазымыз сабақты қызықты етіп өткізіп, әртүрлі шаралар ұйымдастыратын. Мені сол кезде сыныптың жауапты оқушысы етіп сайлап қойды. Сондықтан болар, жауапкершілікті бала кезден сезіне бастадық. Әлі есімде, бір жолы соңғы қоңырауда ұзын жолдан тұратын «Нан дәмі» атты өлеңді жатқа оқытқызған еді. Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Кім маған бір әріп үйретсе, соның қызметінде қырық жыл болуға бармын», - деп айтпақшы, ұстазымызға өмір бақи қарыздармыз. Айтпақшы, Алла бұйыртып, кейіннен сол бастауыш мектептің орнына «Байжігіт баба» мешіті салынып, ауылдың ең қадірлі, көрікті орындарының біріне айналды», - деп еске алады.
      Нағима Закарьяқызы – ұлағатты ұстаз болумен қатар отбасында асыл жар, аяулы ана. 
      Жолдасы Секен Абылғазинов екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп өсіріп, жоғары білім беріп, құтты орындарына қондырды. 
      Осындай ағарту саласы мен мәдениеттің, тарих пен ұлт руханиятының ұстазы бола білген, сөзі мен ісінде, еңбектерінде ұлағаттылық тұнып тұрған Черубаева Нағима Закарьяқызының асыл бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

1 ноября 2025 08:58
Назым
Гульбану Жоламановна творит чудеса.  Она знает ключ к счастливой жизни — и щедро делится им с другими. Классная женщина...
16 октября 2025 07:21
Людмила
[hide] [/hide Евгений! Вопрос: в далёком детстве Вашем Вы были в Монголии?? 1975-1980гг. Я из Москвы, ищу своих... если...
4 октября 2025 14:45
ERLAN
Барака Аллаху фикум пусть Аллах сделает болгим в обеих мирах твой труд и старание для людей ради Аллаха...