Мемлекеттік қызмет саласының ардагері
Еңбек шуағымен нұрланған өмір
Адамның өмір жолы – бір ғана жеке тағдырдың шеңберімен шектелмейді. Әрбір азаматтың ғұмыр белесі – туған елдің тарихымен, туған жердің тынысымен, ұлттың дәстүрі мен құндылығымен сабақтасып жатады. Кісінің ардақтысы, елдің аяулысы деген мәртебе – тек лауазымнан, атақ-даңқтан ғана емес, жүректен шыққан адал еңбек пен айналасына жасаған жақсылығынан, ел-жұртына тигізген шапағатынан туады. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген халық тәмсілі де осындайда айтылса керек.
![]()
Өмірдің әрбір белесі бір-бір парақ болса, сол парақтарды ел мүддесі үшін толтырып өткен адамдар болады. Солардың бірі – елге адалдығымен, әділеттілігімен, қарапайым болмысымен танылған, қай салада жүрсе де өз ісіне жан-тәнімен берілген, елінің сүйікті перзенті болған Жакенов Сайлау Жәкенұлы еді. Оның ғұмыры – туған халқының шежіресінен ойып аларлықтай өнегелі беттердің бірі.
Сайлау Жәкенұлы – ата жолын ардақтап, елдік дәстүрді бойына сіңірген, адал еңбекпен шыңдалып, әділдікпен өрілген тағдыр иесі. Жаратылысынан ақжарқын, қолы ашық, жаны жомарт жан болатын. Қай жерде қызмет етсе де, қай ортада жүрсе де адамгершілік пен әділдікті ту етіп, ел мүддесін бәрінен жоғары қойған. Қазақы болмыста «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ұғым бар. Сайлау Жәкенұлының өмірі мен еңбегі осы ұғымның нақты көрінісі іспетті.
Ол – өзінің білімімен, іскерлігімен ғана емес, жүрегіндегі жылуы мен адамға деген мейірімі арқылы елінің сүйіспеншілігіне бөленген жан. Айналасына шуағын төгіп, кімге болсын қол ұшын беруге дайын тұратын мінезімен көптің жүрегінде қалды. Оның әрбір атқарған ісі, елге жасаған еңбегі, ауылын көркейту жолында төккен тері – барлығы да артында қалған ұрпаққа үлгі, өнеге.
![]()
Қазақ даласында «атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген өсиет бар. Сайлау Жәкенұлы осы қағиданы берік ұстанып, тек ата-анасының ғана емес, тұтас бір өңірдің, ауыл-аймақтың баласы бола білді. Жаратылысы ізгі, сөзі өтімді, ісі берекелі болғандықтан да елдің батасын алып, үлкен-кішіге сыйлы болды. Оның есімі бүгінде тек отбасына ғана емес, тұтас Тарбағатай топырағына ортақ мақтаныш болып отыр.
Сайлау Жәкенұлы 1955 жылдың сәуір айының 26-сында Қызылорда облысы, Арал ауданының Ұзын-Қайыр атты ауылында дүниеге келді. Сарықұмды жамылған, дария толқынымен үндесіп жатқан қасиетті Арал топырағы – Сайлау Жәкенұлының өміріне арқау болған, арман-үмітін тербеткен алтын бесігі еді. Бұл өлке қазақ тарихында да, қазақтың шаруашылық мәдениетінде де ерекше орны бар киелі аймақ. Аралдың толқынымен бірге тербеліп өскен бала Сайлау ағаның бойына осы өңірдің кеңдігі мен дарқандығы дарығандай.
Әкесі – Баймағанбетов Жәкен. Өмір жолы өнеге мен ерліктің, қажыр мен қайраттың мектебі болды. Ол – Ұлы Отан соғысының от-жалынын көрген ардагер, тағдырдың талай тауқыметін еңсеріп шыққан қайсар жан. Соғыстан соңғы жылдары Мәскеудегі «Всесоюзный Институт Пищевой Промышленности» («Жалпыодақтық Азық-түлік Өнеркәсібі Институты») атты беделді оқу орнын отбасын асырай жүріп, сырттай тәмамдап, балық өндірісінің технологы мамандығын меңгерген. Қай істі қолға алса да, кәсібіне адалдықпен, жүрек қалауымен кірісетін. Жәкең аға тек кәсіби білікті маман ғана емес, елінің болашағын ойлаған, туған жердің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азамат еді. Көп жылдар бойы «Зайсанрыбпром» өндірістік бірлестігінде басшылық қызмет атқарып, аудан экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Еңбегі еленіп, «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапатталды.
![]()
Ал анасы – Баймағанбетова Зүлфия. Үйдің алтын қазығы, көп балалы ананың бейнетін арқалаған, өмірін отбасының берекесіне арнаған жан еді. Қарапайым болса да, жүрегі кең, мейірімге толы, қазақ әйеліне тән сабыр мен шыдамдылықты бойына сіңірген асыл ана. Үй ішінің жылуы мен татулығы – Зүлфия ананың мейірімінен бастау алып жататын.
1968 жылы Балық шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен Жәкен Баймағанбетов Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Приозерный (қазіргі Тұғыл) кентіне қоныс аударып, сондағы «Зайсанрыбпром» өндірістік бірлестігінде директордың орынбасары болып тағайындалды. Арқа төсін жайлаған бұл өлке де қасиетті топырақ еді. Көпбалалы әулет Арқаның төрінде жаңа өмірін бастады.
Дегенмен, қуаныштың көлеңкесіндей қайғы да қатар еріп жүреді. 1971 жылы аяулы анасы Зүлфия онкологиялық дертке шалдығып, бақилық болды. Бұл қаза Сайлау Жәкенұлының жүрегіне өшпестей із қалдырды. Анадан ерте айырылу – оның өмірге деген көзқарасын тереңдетіп, қайсар мінезін шыңдады. Ана орны бос қалмасын деп, әке көп ұзамай Майса есімді ананы шаңыраққа әкелді. Қырықтың қырқасындағы ер мен әйел қосылып, 13 балаға ата-ана атанды. Майса ана өз баласындай бауырына басып, бәрін бір үйдің перзентіндей тәрбиелеп өсірді.
![]()
Осылайша Сайлау Жәкенұлы бала кезінен көпбалалы шаңырақтың тәрбиесін көріп өсті. Мұндай ортада өскен бала үшін ынтымақ, татулық, бауырмалдық, бір-біріне қолдау көрсету – өмірлік қағидаға айналатыны белгілі. Кейінгі өмірінде елге жасаған қамқорлығы мен жомарттығы, ағайын-туысына деген шексіз мейірімі – осы отбасылық құндылықтардың жалғасы болатын.
Адамның азамат ретінде қалыптасуы – маңдай терімен, табанды еңбегімен өлшенеді. «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» деген халық нақылы Сайлау Жәкенұлының ғұмырлық ұстанымы іспетті. Ол қай ортада, қай салада жүрсе де, өзінің маңдай терін төгіп, адалдығымен, әділеттілігімен ерекшеленіп отырды.
1973 жылы Сайлау Жәкенұлы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті аяқтап, өмірдің жаңа бір белесіне қадам басты. Жас жігіттің жүрегінде алуан арман, болашаққа деген үміт оты маздап тұрды. Сол жылдары ауыл өмірі еңбекпен өрілген кезең еді. Мектеп бітірген жас жігіт те ауыл тіршілігіне белсене араласып, түрлі салада қызмет атқара бастады.
1974–1978 жылдар аралығында ол ауылдағы Мәдениет үйінде кітапханашы болып қызмет етті. Кітапхана – білімнің қазынасы, рухани байлықтың ордасы. Жас Сайлау осында жүріп, талай оқырманға рухани азық сыйлады, өз бойына да талай жақсылық дарытты. Кітапты сүйіп оқыған адамның ойы терең, тілі бай, жүрегі кең болатыны белгілі. Кітапханашы болып еңбек ету оның дүниетанымын кеңейтіп, шығармашылыққа деген құштарлығын арттырды.
![]()
Сонымен қатар, ол «Зайсанрыбпром» өндірістік бірлестігінде «Фурманов» атты плавбазада капитанның көмекшісі болып та еңбек етті. Бұл – жауапкершілігі мол, жігіттің қайратын, шыдамын сынайтын жұмыс еді. Бала кезінен әкесінің балық шаруашылығындағы еңбегін көріп өскен Сайлау үшін бұл кәсіп те жат болмады. Қиындыққа мойымай, адалдықпен жұмыс істей білді.
Өмір жолының ең бір үлкен бетбұрысы – Сайлау ағаның заңгерлік мамандықты таңдауы болды. 1978–1980 жылдары ол Талдықорған заң техникумында оқып, заңгер-юрист мамандығын алып шықты. Бұл таңдау оның бүкіл болашақ тағдырын айқындап берді. Заңгерлік – тек қағазға қарап баға беретін кәсіп емес, бұл – әділдіктің жолы, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, ақиқатқа қол жеткізудің жауапты миссиясы.
1980–1981 жылдары жас заңгер Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы) Мақат ауданында
![]()
нотариус қызметін атқарды. Бұл – халықпен тікелей жұмыс істейтін, үлкен сенімді қажет ететін сала. Әрбір құжаттың артында адамның тағдыры, отбасының болашағы тұрғандықтан, Сайлау аға әр іске ұқыптылықпен, әділдікпен қарады.
1982–1988 жылдары ол Өскемен қаласында «Зайсанрыбпром» өндірістік бірлестігінің орталық мекемесінде еңбек етті. Мұнда да өзінің жауапкершілігімен, заңгерлік білімімен көзге түсіп, ұжым ішінде үлкен құрметке ие болды.
Ал 1988–1993 жылдары Өскемендегі «ДВП» зауытында заңгер-кеңесші қызметін атқарды. Бұл – оның еңбек жолындағы ең елеулі кезеңдердің бірі еді. Зауыт банкротқа ұшырай бастағанда, Сайлау Жәкенұлы ел үшін, мекеме үшін барын салды. Қиыр Шығысқа дейін барып, жоғалған қаржыларды іздеп, Мәскеудегі Арбитраждық сотқа қатысып, әділдікке қол жеткізді. Ақыры зауыттың жоғалтқан қаражаттарын қайтарып, мекемені экономикалық қиындықтан құтқарып қалды.
![]()
Бұл – тек бір зауыттың ғана емес, онда еңбек етіп жүрген жүздеген адамның тағдырына араша түскен үлкен ерлік болатын.
Осы жылдары ол тек негізгі қызметін атқарып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Облыстық соттың алқа биі ретінде көптеген істерге қатысып, әділ шешім қабылдануына ықпал етті. «Әділ би – елдің тірегі» дегендей, Сайлау қай істе де туралықты, әділеттілікті бірінші орынға қойды.
1993 жылы Өскеменнен отбасылық жағдайға байланысты екінші туған жері – Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Тұғыл ауылына көшіп келді. Бұл кезең – елде нарықтық қатынастар енді басталған, халыққа оңай соқпаған қиын шақ еді. Дегенмен, Сайлау Жәкенұлы қай кезде де алға ұмтылып, елге пайдасын тигізуді мақсат тұтты. Ол «Азамат» атты жеке кәсіпкерлік ашып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты.
Кәсіпкерлікпен айналыса жүріп, қайырымдылық ісінен ешқашан қол үзген жоқ. Ауылдағы жағдайы
![]()
төмен отбасыларға, мұқтаж жандарға көмектесіп, қайырымдылық қорының тірегіне айналды. «Атымтай Жомарт» деген ат та ел аузында осы кезде айтылды. Ол үшін жомарттық – байлықтың емес, жүректің ісі еді.
2001–2018 жылдары Сайлау Жәкенұлы Тұғыл кенті округі әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды. Бұл – халықпен етене жұмыс істейтін, күнделікті тұрмыстың түйткілін шешетін жауапты қызмет еді. Оның басты мақсаты – ауылдың дамуы, халықтың тұрмысы, елдің игілігі болды.
Осы жылдары ол Тұғылдың экономикасы мен мәдениетін өркендетуге зор үлес қосты. Ауылдың санитарлық жағдайын жақсарту, әлеуметтік нысандарды дамыту, мәдени шараларды ұйымдастыру – бәрі де оның қолтаңбасынсыз өткен жоқ. Оның арман-мақсатының бірі – ауылға таяу тау арасында
![]()
ағып жатқан "Құсты" өзенінің бойынан су қоймасын (плотина) салдыру, Зайсан көлінің жағасында туризмді дамыту.
Сайлау Жәкенұлы – «қызмет дегеніміз – халыққа қызмет» екенін әр ісімен дәлелдеген жан. Жұмыста да, үйде де, тіпті көшеде кездескен адамдардың мәселесіне қол ұшын беріп, жәрдемдесуден жалыққан емес. Қытайдан келген қандастарға да, Ресейден көшіп келген өзге ұлт өкілдеріне де құжаттарын реттеуге көмектесіп, олардың алғысына бөленді.
Сайлау Жәкенұлы – тек заңгер, басшы ғана емес, шығармашылыққа да бейім жан еді. Өлең жазды, ән айтты, саз шығарды. Қырыққа жуық өлеңі, жиырмадан астам әні бар. Оның әндерінің ішінде «Тұғылым – туған жерім» шығармасы ауылдың бейресми гимніне айналды. Туған жерге деген махаббатты жүрек тереңінен толқытып жеткізген бұл әнді ауылдан алыста жүргендер сағынышпен айтып жүрді.
Тұғыл Мәдениет үйіндегі «Айдын» ансамблінің белді әншісі болып,
![]()
ауыл сахнасын думанға бөлеп жүрді. Ән айтуға құштарлық, сөз өнеріне іңкәрлік – оның болмысындағы табиғи қасиет еді. Анасына, әкесіне, туыстарына, достарына, туған ауылына арнап жазған өлеңдері – соның айғағы. Тіпті, оның шығармашылық мұрасы артында қалды. 2022 жылы «Тұғылым – туған жерім» атты өлеңдер жинағы жарық көріп, туған жерге деген мәңгілік махаббаттың ескерткіші болып қалды.
Шын мәнінде, адамның өмірдегі барлық жетістігі де, рухани байлығы да, елге жасаған еңбегі де ең әуелі өз отбасынан нәр алады. Әкеден – үлгі, анадан – мейірім, отбасынан – тәрбие көрген азамат қашан да елінің тұтқасы болады. Сайлау Жәкенұлының өміріндегі ең қымбат қазынасы да – өзінің отбасылық бақыты, сүйген жары, өсірген ұрпағы еді.
Жұбайы – Қанапиянова Сақыпжамал. Ол да ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жан. Отыз бес жыл бойы ұстаздық қызмет атқарып, талай шәкіртінің жүрегіне білімнің шырағын жаққан, өмірге жолдама берген ардақты ұстаз. «Ұстаз – ұлы тұлға, ұстаз – мәңгілік шамшырақ» деген тәмсіл Сақыпжамал
![]()
апайдың болмысына лайық десек, артық айтқандық емес. Шәкірт тәрбиелеумен бірге шаңырақтың алтын қазығына айналып, Сайлаудың ең сенімді серігі, өмірлік досы болды. Екеуінің отауы отыз жылдан аса уақыт бойы берекеге толы болды.
Бұл шаңырақта екі ұл өсіп, азамат болып жетілді. Үлкен ұлы – Жәкенов Азамат. 1988 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді, елге қызмет етіп жүрген білікті маман. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының статистика басқармасының басшысы қызметін абыроймен атқарып отыр. Әртүрлі медальдар мен марапаттарға ие болған, еңбегінің жемісін көрген азамат. Отбасылы, жұбайы Гаухар – жоғары білімді ұстаз. Олардың Кәусар мен Көркем атты қос қыздары атасы Сайлаудың асыл қасиеттерін жалғап келе жатқандай.
Кіші ұлы – Сайлауұлы Асылбек. Мамандық бойынша юрист-консульт, бүгінде Өскемен қаласында тұрады. Жеке кәсіпкерлікпен айналысып, адал еңбегінің нәсібін көріп отыр. Жастайынан әке жолын көріп өскен Асылбек те әділдікке берік, еңбекқор жан.
![]()
Сайлау Жәкенұлының арманы – балаларының елге адал қызмет етіп, елінің сүйікті азаматтары болуы еді. Бүгінде сол арманы орындалғандай. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әкенің тәрбиесін көрген екі ұлы да өз саласында абыройлы, адал еңбегімен елге сыйлы болып жүр.
Шаңырақтың шаттығы немерелердің күлкісінен де көрінді. Атасы немерелерін алақанына салып еркелетіп, оларға айрықша мейірім төккен. Немере – ата-әже үшін ғұмырдың екінші көктемі, өмірдің жаңа жалғасы. Кәусар мен Көркем аталарының әндерін тыңдап өсті, аталары жайлы әңгімелерді жүрегіне түйіп өсуде. Бұл – ұрпақ сабақтастығының, әулет жалғастығының айғағы.
Сайлау Жәкенұлының отбасы – нағыз қазақы шаңырақтың үлгісі. Бір-біріне сүйенген, сыйластық пен ынтымақты басты орынға қойған әулет. Мұндай шаңырақтан шыққан балалардың да, немерелердің де болашағы берекелі болары сөзсіз.
Өмір – мәңгілік емес, бірақ адал еңбекпен, ізгі жүрекпен, жақсылыққа толы істермен өткен ғұмырдың ізі ешқашан өшпейді. Сайлау Жәкенұлы өзінің тұтас өмірін туған жерінің игілігіне арнап, адалдығымен, қарапайымдылығымен, әділеттілігімен ел жадында қалды. Артында ұрпақ сүйініп айтар есімі, жақсылықпен еске алар елі қалды.
Жақсы адамның ғұмыры – өзі өмір сүрген уақытпен емес, елінің жүрегінде сақталған өнегесімен өлшенеді. Сайлау Жәкенұлы да сондай тұлғалардың бірі болды. Ол кісінің еңбегі мен адамдық бейнесі келер ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала бермек. Өкінішке қарай, Сайлау Жәкенұлы 2021 жылдың 8 қарашасында дүниеден өтті. Бірақ оның артында қалдырған асыл мұрасы – өнегелі өмірі мен тәрбиелі ұрпағы ел есінде мәңгі жасай бермек.
![]()
![]()
![]()
![]()