Оразаев Жарас Оразайұлы, Мұратбаева Жарқын Мұратбайқызы

Рейтинг:

Қос тұлға өнегесі

      Адамның өмір жолын кейде өзге бір өлшеммен бағалау қажет. Бірінің ғұмыры шуақты сәттерден тұрса, бірінің маңдайына тауқымет пен сынақ көбірек жазылады. Бірақ сол сынақтардан сүрінбей өтіп, өз тағдырымен бірге елдің де жүгін арқалап жүретін жандар болады. Ондай адамдардың өмірі – уақыттың қатпарында қалып қоймай, халық жадында сақталатын үлкен мектеп, үлкен өнеге.
      Сол өнегелі жандардың қатарында тағдырын қатар өрген қос тұлға – Оразаев Жарас Оразайұлы мен Мұратбаева Жарқын Мұратбайқызы бар. Бірі – ел үшін еңбек еткен ұйымдастырушы, қиын кезеңдерде халықтың қамын арқалаған қайраткер, бірі – саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, шәкірттерінің жүрегіне білім шырағын жаққан парасат иесі. Өмір жолын қатар кешкен, бір-бірін толықтырған, отбасын да, қоғамды да береке мен бірлікке бастай білген жұп туралы қалам құлашымызды кеңіне сермегенді жөн көрдік.
      Саналы ғұмырын туған халқының игілігіне арнап, елдік мүддені жеке басының қамынан биік қойған Оразаев Жарас Оразайұлы 1950 жылдың 5 шілдесінде Ақтөбе облысы, Шалқар ауданына қарасты «Тоғыз» станциясында дүниеге келді.
      Әкесі Медетов Оразай өмір бойы «Водоканал» мекемесінде еңбек етіп, маңдай терімен нәпақа тапқан, істің жайын жақсы білетін жауапты қызметкер су, жүйесі сияқты күрделі саланың тынысын терең түсінген, адал еңбекті өмірінің өлшеміне айналдырған жан еді. Ал анасы Кариева Райхан – шаңырақтың шуағы, үй шаруасының бар ауыртпалығын қайыспай көтеріп, 7 перзентті дүниеге әкеліп, әрқайсысының бойына мейірім мен мінезді қатар сіңіре білген асыл ана. Оның ұлағаты мен мейірімі Жарас Оразайұлының өмірлік ұстанымдарына да өз таңбасын қалдырды.
      Осындай еңбекқор әке мен жүрегі мейірімге толы ананың тәрбиесінде өскен Жарас кейін өз заманының өрелі азаматына айналып, халқына қызмет етудің биік жолын таңдады.
      1957–1965 жылдары аралығында Жарас Оразайұлы білімнің алғашқы баспалдағына айналған «Тоғыз» орта мектебінде білім алады. Бойында тумыстан бар алғырлық пен ұйымшылдық ерте байқалды. Мектептен бос уақытта ол ауылдың бүкіл балаларын маңайына жинап, футбол ойынына жетектеп шығатын. Тек өзі ойнап қана қоймай, командалар құрып, кішігірім жарыстар ұйымдастырып, ауылды думанға бөлейтін.
      Жарастың осындай белсенділігі мен табиғи көшбасшылық қабілеті үлкендердің назарын ерте аудартты. Балалық шағының әр күнінде ойын арқылы өмір мектебінен өтіп, кейінгі азаматтық жолына берік негіз қалап жүрді. Осы қарапайым ауыл мектебінен басталған жол оның елге қызмет ететін тұлға болып қалыптасуына бетбұрыс болды.
      1965–1967 жылдары Жарас Оразайұлы білім жолын Шалқар қаласындағы Ідіріс Үргеншібаев атындағы орта мектепте жалғастырады. Ол тек оқу жағынан ғана емес, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, ұстаздарының сенімін ақтаған алғыр шәкірт ретінде танылды. Жарас сабақ үлгерімінде үздік болумен қатар, мектептің мәдени және спорттық шараларында көзге түсіп, айналасына үнемі серпін мен жігер беріп жүрді.
      1967–1971 жылдары Жарас Оразайұлы білімге деген құштарлығы мен ізденісінің жетегінде Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы мұғалімдер даярлайтын институтқа түсіп, «Физика» пәнінің мұғалімі мамандығын таңдап, оны өзгелерге үйретуге қабілетті екенін дәлелдейді.
      Институт қабырғасында жүргенде Жарас оқу озаты болып қана қоймай, спорттың да қыраны атанады. Бокс үйірмесіне қатысып, жаттықтырушылардың назарын бірден аудартқан жалынды жас 4 жыл бойы шаршы алаңда намыс қайрайды. Соққысы мығым, жүрегі батыл Жарас Оразайұлы бокстан спорт шеберлігіне кандидат атағын иеленіп, талай жарыста қарсыластарына дес бермеді.
      Жоғары оқу орнын бітірген жас маман Жарас Оразайұлы 1971 жылы алғашқы еңбек жолын Арал қаласындағы №15 мектептен бастайды. Жас ұстаздың қолында диплом ғана емес, жүрегінде жалындаған жігер, бойында біліміне деген сенім, ұрпақ тәрбиесіне деген зор жауапкершілік бар болатын. Ол физика пәнін құрғақ теория ретінде емес, өмірмен ұштастырып, ғылымның қызықты әлемін аша білген ұстаз ретінде тез танылды.
      Оқушылары оны құрметпен тыңдап, әр сабағына ынтамен келетін. Ұстаздық жолға қойған алғашқы қадамының өзінде-ақ Жарас Оразайұлы педагог қауымының назарын аударып, білім беру ісіндегі табиғи талантымен көзге түсті.
      1976 жылы Жарас Оразайұлының қоғамдық белсенділігі мен ұйымдастырушылық қабілеті еленіп, оның еңбегі партия деңгейінде бағаланып, сол жылы Коммунистік партияның қатарына қабылданып, өзінің азаматтық жауапкершілігін жаңа белеске көтерді.
      Партия мүшелігі – сол кезең үшін үлкен сенім мен салмақты міндет жүктейтін мәртебе болатын. Бұл Жарас Оразайұлының қоғам өміріне бейжай қарамайтын, ел мүддесі үшін белсенді қызмет етуге дайын азамат екенінің айғағы еді. Ұстаздық қызметпен қатар қоғамдық-саяси жұмыстарға араласуы оның көзқарасын кеңейтіп, өмірлік ұстанымын бекіте түсті.
      1979 жылы Жарас Оразайұлы Арал қаласындағы №13 қазақ орта мектебіне мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. Мектептегі тәрбие жұмысына жаңа серпін алып келіп, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу, үйірмелер ашу, мәдени шаралар ұйымдастыру, спорттық жарыстар өткізу сияқты жұмыстарды жүйелі түрде жолға қойып, ұстаздармен, оқушылармен ортақ тіл таба білетін қасиеті оның беделін биіктете түсті.
      Осы қызметінде жүріп ол шынайы көшбасшыға тән парасаты мен ұйымдастырушылық қабілетін айқын көрсетіп, мектеп ұжымының тірегіне айналды.
      1981 жылы Жарас Оразайұлының кәсіби жолы жаңа арнаға бұрылды. Ол Аудандық білім қоғамына нұсқаушы болып тағайындалып, ұстаздық тәжірибесін кең ауқымда қолдануға мүмкіндік алды. Бұл қызмет оның ұйымдастырушылық қабілетін бұрынғыдан да терең ашып, аудан көлеміндегі тәрбие мен білім сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосуына жол ашты. 
      Нұсқаушы ретінде ол тек мектептерді аралап, әдістемелік кеңес берумен шектелмеді – ұстаздарға бағыт-бағдар көрсетіп, оқу-тәрбие процесін жетілдірудің тың тәсілдерін енгізуге күш салды.
      Жарас Оразайұлының кез келген ұстазбен тез тіл табыса алатын қасиеті, әр мектептің мүмкіндігі мен мәселесін дәл танып, нақты шешім ұсына білуі оны аудандық білім саласында беделді маманға айналдырды. Ұстаздық тәжірибесі мен теориялық дайындығы ұштасып, білім беру ісінің дамуына серпін берді.
      1984 жылы Жарас Оразайұлы Арал қаласындағы аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы қызметіне ауысады. Сол тұста ұлттық құндылықтар елеусіз қалып, ауылдарда рухани тоқырау сезіле бастаған еді. Осындай сындарлы шақта Жарас Оразайұлының азаматтық болмысы айқын көрініп, ұлттың ұмытылып бара жатқан дәстүрлерін қайта жаңғыртуға күш салды.
      Сол жылдары тоқырау тұсында қазақы рух әлсіреп тұрған шақта ол бұрынғы салт-дәстүрдің символы болған «Наурыз» мерекесін алғашқы болып батыл ұйымдастырды. Халық көптен бері көрмеген шаттық мейрамын аңсап жүргендей, Наурыздың қайта жаңғыруы ауылға ерекше рух пен қуаныш сыйлады.
      Жарас Оразайұлының ұйымдастырушылық қабілеті тек мерекемен шектелмеді. Ол спорт пен мәдениеттің дамуына да ерекше серпін берді. Оның бастамасымен өткізілген спорттық жарыстарға аудан ғана емес, облыстың түкпір-түкпірінен спортшылар ағылып келетін болды. Тоқабай ауылы кенеттен өңірдегі ең белсенді, ең өнерлі, ең спортшыл ауылдардың біріне айналып, өзгелерге үлгі болды. Жарас Оразайұлының табандылығы мен қайраткерлігі арқасында сол кезеңдегі тоқырау ауыл үшін күш-қуат жинап, жаңаша рухани оянуға бастайтын мүмкіндікке ұласты.
      1987 жылы Жарас Оразайұлы Тоқабай елді мекеніне парторг қызметіне жіберілді. Бұл міндет – ауыл өмірінің барлық саласын үйлестіріп, қоғамдағы идеологиялық бағытты дұрыс қалыптастыруды талап ететін аса жауапты қызмет еді. Жарас Оразайұлы жаңа ортаға келген бойда елдің тынысын, ауылдың ахуалын, халықтың мұң-мұқтажын жіті байқады. Ол парторг деген атақтың артында үлкен жауапкершілік жатқанын терең түсінді. Сондықтан кабинеттің төріне жайғасып отырумен шектелмей, ауылдың күнделікті тіршілігіне белсене араласып, шаруашылықтың да, мәдениеттің де, тәрбиенің де басын бір арнада ұйыстырды.
      Тоқабай – осы жылдары жаңаша дем беруді қажет еткен, өзіне жан бітіретін азаматты аңсаған ауыл болатын. Жарас Оразайұлы сол ізденісті сездірмей-ақ орындады. Ауылдағы жастар қозғалысын жандандырып, спорттық алаңдарды қайта жандандырып, мәдени шараларды жиілетті. Ұжыммен жұмыс істеуде талапшыл бола тұра, адамға деген мейірімін жоғалтпағаны оны халыққа жақын етті.
      Парторг ретіндегі ең үлкен жетістігі – елдің бірлігін күшейтіп, ауылдың тірлігін жандандыруы еді. Әр адамды тыңдай білетін қасиеті мен ортақ іске жұмылдыра алатын ұйымдастырушылық қабілеті Тоқабайды сол жылдары аудан көлемінде үлгілі елді мекендер санатына қосты.
      1993 жылы Жарас Оразайұлы Тоқабай елді мекеніндегі совхозға директор болып тағайындалды. Бұл кезең ауыл шаруашылығы саласы үшін ең ауыр, ең күрделі жылдар еді. Кеңес Одағы ыдырап, жүйе өзгеріп, шаруашылықтардың құрылымы түбегейлі шайқалған шақта кез келген басшының мойнына бірнеше есе ауыр жүк артылатын.
      Жарас Оразайұлы бұл міндеттен қашпады. Ең әуелі ұжымның берекесін сақтап қалуды басты міндет санады. «Ауыл – адамынан» дегенді ұстанған ол әр қызметкермен жеке сөйлесіп, олардың жағдайын біліп, жұмысқа деген сенімін арттырды. Қиын кезеңге қарамастан, шаруашылықтың ішкі тәртібін сақтап, мал басын көбейту, техника мен ғимараттарды сақтап қалу, өнімділікті барынша төмендетпеу бағытында жанкешті еңбек етті.
      Басшы ретінде ол тек экономикамен шектелмей, ауылдың әлеуметтік жағдайына да айрықша көңіл бөлді. Мектеп пен клуб жұмысын тоқтатпай, жастардың бос уақытын ұйымдастыру, ауылдың еңсесін түсірмеу бағытында көптеген игілікті істер атқарды.
      1990 жылдар – ел тарихындағы ең күрделі, ауыр сынақтардың бірі. Кеңес Одағы құлағаннан кейінгі күйреу, жұмыссыздық, әлеуметтік тоқырау әсіресе ауыл-аймақты қатты шайқалтып, Тоқабай совхозы осы дауылға төтеп бере алмай күйреуге шақ қалған еді. Жұмыс орындары жабылып, халық жоқшылыққа тап болып, әр үйдің есігін үміттен гөрі үрей қағып тұрған шақта ел ішінен «мен бармын» деп алға шығып, бар жауапкершілікті алған - Жарас Оразайұлы болды.
      Жарас Оразайұлы ауылдың тағдырын аман алып қалу үшін бұрын-соңды болмаған батыл шешімге барады. Ақтөбе ет комбинатының басшылығымен келіссөз жүргізіп, Тоқабай совхозының тағдырына араша түсер жол іздейді. Нәтижесінде ауылдағы 80 отбасын арнайы әскери қалашық – Богословкаға көшіруге қол жеткізеді.
      Жаңа қонысқа жан бітіру оңай емес еді. Бірақ Жарас Оразайұлының жігері мен ұйымдастырушылық қабілеті бұл жолы да елдің панасы болды. Ол ауылға «Арал» деп ат қойып, жаңа мекеннің рухани іргесін бекітті. Бұл тек көшіріп әкелу емес, халыққа жаңа өмір сыйлау еді.
      Жұмыссыздарға жұмыс тауып, балаларын мектепке орналастырып, әр үйдің түтіні түзу шығуына жағдай жасады. Жаңа қоныстың тамыры тереңдеп, өнікті тіршілік басталуы үшін ол шемішке майын өндіретін зауыт, пластикалық ыдыс жасайтын шағын кәсіпорын ашып, халықты еңбекпен қамтыды.
      Бір кезде тоқыраудың тұманында жоғалып бара жатқан 80 үйдің тағдыры қайта дүниеге келгендей болды. Арал ауылы еңбекке толы, тіршілікке толы жаңа ошағына айналды.
      1993–1998 жылдары Жарас Оразайұлы Ақтөбе ет комбинатының құрамындағы бордақылау кешенінің директоры қызметін атқарды. Өндірістің тынысын тоқтатпай, ұжымның бірлігін сақтап, мал бордақылау ісін жүйелі жолға қоюға күш салды. Шаруашылықтың әр тармағын қайта құрып, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына айрықша көңіл бөліп, тоқырау жылдарындағы өндірісті сақтап қалуға барын салды.
      Өндіріс тағы да тоқтап, халықтың тұрмысы қайтадан тығырыққа тірілген шақ. Арал ауылында жаңа өмір басталғандай көрінген кезең де ұзаққа созылмай, қаржы дағдарысы мен өндірістің тұралап қалуы елдің еңсесін тағы езіп жіберді. Осындай ауыр кезде көпшілік не істерін білмей абдырап жатқанда, ел басқарудың ауыр жүгін бір сәтке жерге тастамаған Жарас Оразайұлы тағы да алдыңғы шепке шықты.
      Жарас Оразайұлы аласапыран кезеңде елдің әр шаңырағын аман алып қалуды бірінші орынға қойып, халықты Ақтөбе мен Алға қалаларына көшіру туралы батыл шешім қабылдады. Бұл күрделі істі мұқият ұйымдастырған ол, көшірілген әр отбасыға жаңа мекеннен үй, жер және жұмыс тауып, қиналғандарға тірек бола білді. Халықтың тұрмысын түзеп, толық орналастырып болғаннан кейін ғана, өзі отбасын алып, ең соңында, күзге таман көшті.
      2000–2004 жылдар аралығында ол Ақтөбе қаласындағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Ақтөбе филиалының құрылымдық бөлігі саналатын «Көлік коммуникациялары және теміржол» институтының шаруашылық бөлімін басқарды. Бұл оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтып, ғимараттардың жөндеу жұмыстарына жетекшілік етіп, оқу процесінің сапалы жүруіне қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруда ерекше еңбек етті.
      Еңбектің қай саласына барса да, өзін жауапты, тиянақты, адал қызметкер ретінде таныта білген Жарас Оразайұлының өмір жолы кейін білім ордасында да жалғасты. Өндіріс пен басқару саласында жинаған мол тәжірибесін ол кейін Ақтөбедегі жоғары оқу орындарында тиімді пайдаланды. Атап айтқанда, ол алдымен Ақтөбе педагогикалық институтының шаруашылық бөлімінде жемісті еңбек етіп, оқу орнының әкімшілік-шаруашылық жұмысына айтарлықтай үлес қосты. Жарас Оразайұлы өзінің өмір жолын адалдықпен және білім саласына деген берілгендікпен өткізді. Ол өмірінің соңғы еңбек белестерін білім беру саласында абыроймен және ерекше жауапкершілікпен атқарды. Оның еңбегі шәкірттері мен әріптестері үшін өнегесі мол, парасаты терең ғұмыр жолының жарқын үлгісі болды. Өкінішке орай, Жарас Оразайұлы өзінің лайықты еңбек жолының соңында, құрметті зейнет демалысына шығуға аз ғана уақыт қалғанда, бұл бақытты сәтке жете алмай, 59 жасында өмірден озды.
      Халық үшін атқарған қызметі бағаланып, ол түрлі марапаттарға ие болды. Соның алғашқысы – 1976 жылы берілген Құрмет Грамотасы. Бұл марапат оған Коммунистік партияның қоғамдық өміріне белсенді араласқаны, ұйымдастырушылық қабілеті мен ел ісіне адалдығы үшін табысталған еді.
      Жарас Оразайұлының еңбегі тек ұйымдастырушылық қабілетімен немесе қайраткерлік істерімен ғана өлшенбейді. Оның жан дүниесінде жүрекпен жазылған өнерге деген ұмтылыс та бар еді. Сол жүректен туған туындылардың бірі – «Алпыс жас» атты өлеңі. Бұл өлеңінде 
      Жарас ғұмырдың мәнін, елге жасаған еңбектің қадірін, өмір белестерінен түйген сырын шынайы сезіммен өрнектейді.
      Жарас Оразайұлының азаматтық болмысы мен адамдық қасиеті айналасына да ерекше әсер қалдырып, өмірі мен еңбегін ардақтаған жандар талай жүрекжарды сөз арнаған. Солардың бірі – жиені Әжібаев Бөтей. Оның «Командасы Жарастың» атты өлеңі – Жарас Оразайұлына деген құрметтің, сүйіспеншіліктің, ел арасындағы беделінің айғағы. Бұл өлеңде Бөтей Жарастың жанынан табыла білген елдің бірлігі мен оның жетекшілік қасиетін ақындық тілмен бейнелейді.
      Кейіпкеріміздің ақын жандылығы да бар. Жары Жарқын Мұратбайқызына былай өлең арнайды.
Ертең мұғалім күні, мерекеміз,
Жұбайлас боп отыз екі жыл біз келеміз.
Құтты болып, тойлаңыз мерекені,
Құттықтауға арнадым бір-екі сөз.
Үстем болсын қашан да мерейіңіз, 
Жанұяда аман боп, көбейіңіз.
Студенттерге сапалы білім беріп,Теледидардан қашан да көрейік біз.
Шәкіртің жақсы көрсін білім алған,
Еңбегіңнің жемісіне шаттан-қуан.
Өмірің гүлдей жайнап өте берсін,
Орындалсын армандарың сен ойлаған
... деп жары Жарас өлең арнайды.
      Жарас Оразайұлының өмірлік серігі, шаңырақтың шырағын жаққан асыл жары Мұратбаева Жарқын Мұратбайқызы 1950 жылдың 29 сәуірінде Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты «Ұялы» елді мекенінде дүниеге келді. Теңіз иісі аңқыған, балығымен аты шыққан Ұялы ауылы – Жарқын апайдың мінезін қалыптастырған, кеңпейілділік пен төзімділікті бойына сіңірген қасиетті мекен.
      Жарқын Мұратбайқызының тектілігі мен еңбекқорлығы оның шыққан отбасынан бастау алады. Әкесі Шоманов Мұратбай теңіз жағалауының ең жауапты, ауыр еңбектерінің бірі – балық зауытындағы жұмысшы қызметін атқарған жан еді. Арал өңірінің тіршілігін көтеріп тұрған балық шаруашылығы – маңдай тер мен табандылықты талап ететін сала. Мұратбай ақсақал сол еңбектің ортасында жүріп, отбасының нәпақасын тауып, балаларына адалдық пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетті.
      Анасы Шоманова Ұлдай мектепте техникалық қызметкер ретінде еңбек етіп, білім ордасының тынысын ашып, тазалығы мен тәртібін сақтауға күш салған абыройлы жан болатын. Аналық мейірім мен кішіпейілділікті, әр іске ұқыптылықты Жарқын Мұратбайқызы осы асыл анасының тәлімінен бойына сіңіріп өсті.
      Екі қарапайым еңбек адамының шаңырағында қалыптасқан тәрбие – Жарқын апайды сабырлы, төзімді, еңбекқор етіп өсірді. Сондықтан оның кейін Жарас Оразайұлының тағдырлас жары болып, қиындық пен қуанышты бірге көтере білуі – шыққан тегінен дарыған парасат пен тектіліктің жалғасы еді.
      1957–1965 жылдар аралығында туған жері Ұялыдағы орталау мектептің табалдырығын аттап, алғашқы әліппеден бастап дүниенің заңдылықтарына дейін осы қара шаңырақта бойына сіңірді. Теңіз самалына толы шағын ауыл мектебі оның зердесінің оянуына ғана емес, табиғи алғырлығын танытуына да мүмкіндік берді.
      Білімге деген ынтасы одан әрмен ұлғайып, Жарқын Мұратбайқызы 1965–1967 жылдары Арал қаласындағы №15 қазақ орта мектебінде оқуын жалғастырды. Бұл жылдары ол өз қатарластарынан білімділігімен, есепке жүйріктігімен, шапшаң ойлауымен ерекшеленді.
      Жоғары білімге деген ұмтылыс оны 1967 жылы Алматыдағы қыздар педагогикалық институтының математика бөліміне жетеледі. Жарқын Мұратбайқызы институт қабырғасында өзін тек үздік студент ретінде ғана емес, жауапкершілігі жоғары, талабына берік білімгер ретінде көрсетті.
      Еңбегі мен табанды ізденісінің нәтижесінде 1971 жылы институтты қызыл дипломмен тәмамдап шыққан Жарқын Мұратбайқызының алғашқы еңбек жолы өзінің киелі білім ордасы Арал қаласындағы №15 қазақ орта мектебінде басталды. Математика пәнінің мұғалімі ретінде мектепке жұмысқа орналасып, ұстаздық жолдың нағыз жауапты да қасиетті міндет екенін жан-тәнімен сезіне жүріп, әр сабағын шәкірт жүрегіне білім шамын жағуға арнады.
      Бұл 16 жыл – оның педагогтік шеберлігінің қалыптасқан, ұстаздық беделінің шындалған, адамдық болмысының биіктеген кезеңі еді. Математика сияқты күрделі ғылымды қарапайым тілмен түсіндіру, қиын есептерді қызықты етіп жеткізу – кез келген мұғалімнің қолынан келе бермейді. Жарқын Мұратбайқызына осы өнерді меңгеріп қана қоймай, оны шәкірттеріне үйреткен ерекше ұстаз болды.
      Сабақ жүргізудегі әділдігі, талап қоя білуі, әр оқушының мүмкіндігін дәл танитын мұқияттылығы оның сыныбын әрдайым алдыңғы қатардан көрсетті. Оқушылары аудандық, облыстық пән олимпиадаларына қатысып, білім додаларында үздік танылып отырды.
      Жарқын Мұратбайқызының педагогтік еңбегі – күнделікті сабақ пен дәптер тексеруден әлдеқайда биік дүние еді. Ол мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, жас ұстаздарға бағыт-бағдар беріп, тәрбие жұмыстарының ұйымдастырылуына да үлкен үлесін қосты.
      1987–1993 жылдары Жарқын Мұратбайқызының ұстаздық жолы жаңа бір белеске көтеріліп, Арал ауданының Тоқабай елді мекеніндегі №284 орта мектепке ауысып, математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Тоқабай ауылындағы мектеп сол кездері қоғамның өтпелі кезеңін бастан кешіп жатқан болатын. Әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға қарамастан, балаларға сапалы білім беру, ауылдағы ұстаздардың бірлігін сақтау – үлкен жауапкершілік қажет етті. Ұжымдағы беделі де ерекше еді. Жас мұғалімдер оған ақыл сұрап келіп, тәжірибесімен бөлісуді өтінетін. Ал Жарқын апай болса, әріптестерін де, шәкірттерін де өз баласындай көріп, бағытынан жаңылдырмай, қолдау көрсетіп отырды.
      1994–1998 жылдары Жарқын Мұратбайқызы тағдырдың қиындығы мен халықтың тағдырын бірге көтерген кезеңнің бел ортасында жүрді. Тоқабай елді мекеніндегі жұртшылық жаңа қоныс – Ақтөбе облысы, Алға ауданына қарасты «Арал» ауылына көшірілген кезде, Жарқын апай да сол көштің басы-қасында болып, ұстаздық қызметін сол жерде жалғастырды.
      Оқушыларға деген мейірімі, алғырлықты қолдауы, талап қоюдағы әділдігі – бәрі «Арал» ауылының балаларына үлкен серпін берді. Тіпті ата-аналардың өзі жаңа мектептегі оқу сапасының жақсаруына Жарқын апайдың үлесін айрықша атап өтетін.
      1999–2009 жылдары Жарқын Мұратбайқызы Ақтөбе қаласындағы кооперативтік колледжде математика пәнінен сабақ беріп, өзінің көп жылдық тәжірибесін жоғары курс студенттерін оқытуға арнады. Жаңа орта, жаңа талаптар, жоғары білімге бағытталған жастар – барлығы Жарқын апайдың кәсіби қабілетін одан әрі шыңдай түсті. Ол студенттердің ойлау қабілетін дамытуға, логикалық талдау дағдыларын қалыптастыруға, математика заңдылықтарын өмірмен байланыстыра түсіндіруге ерекше мән берді.
      Колледждегі 10 жыл – оның ұстаздық жолындағы ең кемел кезеңдерінің бірі болды. Бұл жылдары Жарқын Мұратбайқызы тек пән мұғалімі ғана емес, студенттердің рухани жетекшісі, әріптестерінің сенімді кеңесшісі болды. Ұжым ішінде беделге ие болып, оқу орнының дамуына өзінің үлесін қосты.
      2009 жылы Жарқын Мұратбайқызы осы колледжден құрметті еңбек демалысына шықты. Қырық жылға жуық уақытын ұстаздыққа арнап, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, сансыз жастың өміріне жол көрсеткен асыл жан бүгінде зейнеткерлікте.
      Жарқын Мұратбайқызы мен Жарас Оразайұлы – бір-біріне тірек, бір шаңырақтың алтын діңгегі болған өнегелі жұп. Олар өмірдің сан тарау қиындықтарына мойымай, 4 перзентті тәрбиелеп өсіріп, әрқайсысына тағылым мен білім беріп, үлкен өмірге нық қадам жасауына жол ашты.
      Оразаев Жалғас Жарасович – Шымкент қаласындағы химия-технологиялық институтын бітіріп, алғашқы еңбек жолын Ақтөбе қалалық әкімдігінде бастады. Кейін Атырау мен Қостанай қалаларының әкімдіктерінде басшылық қызметтер атқарып, басқару ісінде мол тәжірибе жинады. Бүгінде Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасында басшылық қызмет атқарып, мемлекеттік қызметтің биік сатысында абыроймен еңбек етіп жүр.
      Оразаев Жолдас Жарасович Алматыдағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының түлегі. Ол өзінің еңбек жолын Алға ауданы әкімдігінде бастады. Кейіннен Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе облысының және Қостанай облыстарының әкімдіктерінде жауапты қызметтер атқарды. Бүгінгі таңда ол Астана қаласында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында еңбек етіп, елдің іргелі саласының дамуына үлес қосуда.
      Оразаев Мейрамбек Жарасович – Алматыдағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын тәмамдап, теміржол саласында кәсіби жолын бастады. Хромтау – Алтынсарин темір жолының құрылысына мастер ретінде қатысып, ел инфрақұрылымына өз үлесін қосты. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында құрылыс саласында абыроймен еңбек етуде.
      Оразаева Жазира Жарасовна – Қ.Жұбанов атындағы университеттің тарих факультетін тәмамдаған. Кейін М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде аспирантурадан өтіп, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын қорғады. Еңбек жолын 
      Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Ақтөбедегі филиалында бастаған. Бүгінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің тарих факультетінде «Қазақстан тарихы» пәнінің аға оқытушысы болып қызмет етеді.      Төрт перзенттің төрт жақта елге қызмет етіп, ғылымда, мемлекеттік басқару мен техникалық салаларда жетістікке жетуі – Жарас пен Жарқынның отбасылық тәрбиесінің, парасатты болмысының айқын дәлелі.
      Жарас Оразайұлы мен Жарқын Мұратбайқызының ғұмыр жолы – адалдық пен еңбекке, елге қызмет пен отбасы құндылығына құрылған қос шынардың тарихы. Бірі елдің ең қиын кезеңінде халықтың жүгін иығына артқан қайраткер басшы болса, екіншісі бірнеше буынды білім нәрімен сусындатқан парасатты ұстаз еді.
      Қиындыққа мойымай, тоқырау жылдары елдің еңсесін көтеріп, жүздеген отбасының тағдырын аман алып қалып, ел көшін бастайтын ердің қайсар мінезі, батылдығы мен көрегендігі, жүрегінің тазалығы мен жанкешті еңбегінің арқасында халқының сүйікті перзентіне айналған Жарас Оразайұлы мен Ұялыдан басталған ұстаздық жолы Арал мен Тоқабайдан, Ақтөбе мен Алғадан өтіп, мыңдаған шәкірттің жүрегіне із қалдырып, математика пәнінің мұғалімі ғана емес, адамға бағыт беретін парасат иесіне айналған Жарқын Мұратбайқызының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...