Шманов Байбатыр Әмірбекұлы

Рейтинг:

Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, 
«Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалінің иегері

Ел рухын көтерген ел перзенті

      Қазақ даласы – тұғырлы тұлғалар мен тарлан мінезді азаматтарды өмірге әкелген қасиетті мекен. Бұл кең-байтақ елдің әр қиырында ел үшін туған, ұрпақ үшін жанын берген, еңбегімен ер атанған тұлғалар бар. Олар – шынайы еңбек адамы, руханият жанашыры, адалдық пен әділет жолының күрескері. Осындай азаматтардың бірі де бірегейі – Шманов Байбатыр Әмірбекұлы еді.
      Ұлытаудың құт дарыған топырағында дүниеге келген ол жастайынан еңбекпен есейіп, біліммен қаруланып, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Оның өмір жолы – қарапайым ауыл баласының ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлік жолына айналған үлгі.
      Тек өзінің жеке басының қамын емес, елдің ертеңін, ұрпақтың болашағын ойлап, бүкіл саналы ғұмырын ауылына, халқына, еліне арнаған Байбатыр Әмірбекұлы туралы айту – өткен тарихты сөйлету, Ұлытау өңірінің рухани тынысын тану деген сөз. Ол отбасында – әке, ауылда – ұстаз, қоғамда – көшбасшы, мемлекет деңгейінде – мәдени мұра қорғаушысы ретінде тер төкті. Қай қызметті атқарса да, оны жан-тәнімен, бүкіл болмысымен атқарды.
      Өзінің өнегелі өмірінде ол бір емес, бірнеше салада – білім беру, мемлекеттік басқару, мәдениет пен мұрағат ісі, тарихи мұраларды жаңғырту секілді бағыттарда еңбек етті. Әсіресе «Ұлытау» тарихи-мәдени қорық-музейін құру мен қалыптастыру жолындағы еңбегі – нағыз ұлт жанашырына тән ерлік іс болды.
      Бұл еңбек – бір адамның ғұмырлық жолын ғана емес, бүтін бір дәуірдің тарихын, ел ішіндегі сан түрлі өзгерістер мен күрделі кезеңдерді көрсететін, шын мәніндегі деректі шежіре.
      1954 жылы 28 наурызда Жезқазған облысына қарасты Қарсақпай кентінде дүние есігін ашқан Байбатыр Әмірбекұлы – табиғаты қатал, бірақ рухы биік дала төсінде есейіп, ер жеткен тұлға. Қарсақпай – аты аңызға айналған өндіріс ошағы ғана емес, қазақтың еңбек адамының нағыз мектебі, күрделі тарихи-әлеуметтік кезеңдерде ұлттың ар-намысын сақтап қалған қасиетті мекен.
      Байбатыр Әмірбекұлының балалық шағы ХХ ғасырдың 50-60 жылдарындағы қарапайым ауыл өмірімен өрілді. Ол сол заманның барлық баласы сияқты жоқшылық пен қиындықты көріп өсті. Бірақ сол қиындықтар оның бойына қажыр-қайрат, еңбекке деген құрмет, тәртіпке деген жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді дарытты. Әкесі мен анасы ауыл еңбегіне араласып, балаларын тәрбиелеуде үлгілі жандар болды. Олар бала Байбатырды кішкентайынан әділдікке, туралыққа, адал еңбек етуге баулыды.
      Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен-ақ Байбатыр Әмірбекұлы зерек, ізденімпаз, алғыр бала ретінде көзге түсті. Ол №3 Аманкелді атындағы орта мектепте білім алып, жаратылыстану бағытындағы пәндерге ерекше қызығушылық танытты. Әсіресе физика, математика, тарих пәндерінен үздік көрсеткіштерімен оқушылар мен мұғалімдер арасында абыройға ие болды.
      1971 жылы аталған мектепті сәтті аяқтап, өзінің туған жері – Аманкелді совхозында еңбек жолын бастайды. Бұл кезде ол небәрі 17 жаста еді. Сол кездің ауыл жастары секілді, мектеп бітірген соң бірден еңбекке араласу – қалыпты жағдай болатын. Байбатыр Әмірбекұлы да сол дәстүрден тыс қалмай, еңбек жолының алғашқы қадамын дала тіршілігінің бел ортасынан бастады. Мал шаруашылығы, техника, құрылыс немесе шаруашылық жұмыстары, қандай қызмет болса да, ол оны өзіне міндет емес, парыз санады.
      Жас жігіттің бойындағы табандылық пен ұйымдастырушылық қабілет ауыл ақсақалдарының, совхоз басшыларының назарынан тыс қалған жоқ. Сол кездің өзінде-ақ кейіпкерімізге үлкен үміт артылып, болашағынан зор үміт күтетін азамат ретінде бағаланды.
      Ауылда еңбек ете жүріп, ол болашақта үлкен мақсаттар қойды. Оның арманы тек еңбекші болу емес, елге білім беру, ағарту, басқару саласына үлес қосу болатын. Ол үшін білім қажет еді. Бірақ өмірдің жолы әрқашан тіке бола бермейді. 18 жасқа толған шағында ол әскер қатарына шақырылды.
      1972 жыл. Еліне адал қызмет етуді армандаған 18 жасар жас жігіт әскер қатарына шақырту келген бұл жыл оның есінде ерекше қалды. Осы жылы Байбатыр Әмірбекұлы Кеңес Одағының әскери қызметіне шақырылып, үлкен өмір мектебінің жаңа бір белесіне қадам басты. Бұл – сол дәуірде әрбір азамат үшін борыш саналған міндет еді. Байбатыр бұл міндетке де жауапкершілікпен қарады.
      Әскери қызметін Германия Демократиялық Республикасындағы (ГДР) Потсдам қаласында өтеді. Бұл сол кездегі Кеңес Одағының Еуропадағы басты әскери базаларының бірі болатын. Потсдам – тарихи, саяси маңызы бар қала. Бұл жерде Кеңес әскері жоғары деңгейде дайындалған, тәртіп қатаң, талап биік болатын. Осындай ортада тәрбиеленген Байбатыр Әмірбекұлы тек әскери машықты меңгеріп қана қоймай, тәртіп пен ұйымшылдық, темірдей тәртіпке бағыну, нық шешім қабылдау, шапшаң әрекет ету сынды қасиеттерді бойына сіңірді.
      Ол әскери бөлімде қарапайым жауынгерден бастап, өз ортасына сыйлы, жауапты міндеттерге сеніп тапсырылатын сарбазға дейін өсті. Әскер қатарындағы екі жыл бойында ешқандай тәртіп бұзбағаны, керісінше, үлгілі мінез-құлқы, ұйымдастырушылық қабілеті үшін командирлер тарапынан алғысқа ие болғаны – оның өмірлік ұстанымының бір бөлшегі.
      1974 жылы Байбатыр Әмірбекұлы әскери борышын абыроймен өтеп, туған топырағы – Аманкелді ауылына оралды. Әскердегі тәрбиесі оны бұрынғыдан да байсалды, ұқыпты, іскер етіп қайтарды. Бұл кезең – азамат ретінде қалыптасудың, биік мақсаттарға ұмтылудың тағы бір маңызды баспалдағы.
      Елге оралған соң, 1974-1975 жылдары Аманкелді совхозында еңбек етуді жалғастырды. Бұл кезде елде де, ауылда да қайта жаңару кезеңі басталып, түрлі бастамалар қолға алынған еді. Байбатыр өзінің әскери тәртібін, қажырлы мінезін еңбекке жұмсап, кез келген тапсырманы тыңғылықты орындайтын, сенімді азамат ретінде көзге түсті.
      Бірақ бұл оның арманының шегі емес. Жасынан ғылым мен білімге жақын болған ол, әскери өмірден кейін өз болашағын ұстаздықпен, ғылыммен байланыстыруды мақсат етіп, жоғары білім алуға бет бұрды. Осылайша 1975 жылы ол Жезқазған педагогикалық институтына оқуға түсті.
      Байбатыр Әмірбекұлы 1975 жылы үлкен өмірлік шешім қабылдап, жоғары білім алуға, еліміздің білім беру саласына үлес қосуға бел буады. Бұл шешім – оның табиғи дарыны мен ғылымға деген ықыласының көрінісі. «Адам баласының бойындағы игілік – білімде» десек, Байбатыр Әмірбекұлы осы жолға үлкен сеніммен қадам басады.
      Осы жылы ол Жезқазған педагогикалық институтының физика және жалпы техникалық пәндер мамандығына оқуға түсіп, білімге деген құштарлығын нақты іске айналдырды. Бұл кезең Кеңес Одағының ғылыми-техникалық прогреске басымдық берген тұсы болатын. Физика, техника, инженерлік бағыттар ел дамуының тірегі саналды. Байбатыр Әмірбекұлының дәл осы саланы таңдауы арқылы болашақ ұрпаққа тек білім ғана емес, ғылымға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті де сіңіруді көздеді.
      Институт қабырғасында ол өзін тек жақсы студент ретінде ғана емес, қоғамдық өмірге белсене араласатын, ұйымшыл, тәртіпті, іскер жас ретінде де көрсетті. Оқытушылардың сеніміне ие болып, студент жастардың арасында да абырой жинады. Сабақтағы жүйелілік, зертханалық жұмыстардағы мұқияттылық, техникалық есептерді талдау мен эксперимент жүргізудегі шеберлігі оның ұстаздыққа бейімділігін ерте танытты.
      1975-1980 жылдар аралығында алған білімі – тек теория емес, өмірмен тікелей байланысы бар терең ілім. Жезқазған педагогикалық институтының қабырғасында өткізген бұл бес жыл – оның интеллектуалдық деңгейін қалыптастырған, ұстаздық қасиетін ашқан кезең.
      1980 жылы институтты сәтті аяқтап, туған өлкесіне қайта оралады. Қайда жүрсе де, туған топыраққа, ауылына адал болған Байбатыр Әмірбекұлы өзінің алғашқы еңбек жолын бастаған №3 Аманкелді орта мектебіне мамандығы бойынша физика пәнінің мұғалімі ретінде қызметке орналасады. Бұл мектеп – ол білім алған, балалық шағын өткізген алтын ұя. Енді осы мектептің ұжымына жас маман ретінде емес, ел болашағын тәрбиелеуші ұстаз ретінде қосылды.
      Сабақ беру ісінде Байбатыр Әмірбекұлы өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, талапшыл да жанашыр ұстаз ретінде танылды. Ол оқушыларға тек формулалар мен заңдылықтарды үйретіп қоймай, олардың ойлау қабілетін дамытуға, техникалық шығармашылыққа жетелеуге ерекше мән берді. Оның сабағы оқушылар үшін қызықты да терең мазмұнды болатын. Сонымен қатар сыныптан тыс үйірмелер жүргізіп, болашақ инженерлер мен физиктердің алғашқы қадамдарын жасауына ықпал етті.
      Кейіпкеріміз мектептің қоғамдық өміріне де белсене араласты. Педагогикалық кеңесте батыл ұсыныстар айтып, ұстаздар мен оқушылар арасындағы тығыз байланысты қалыптастыруға атсалысты. Қарапайым ауыл мектебінде жаңашыл бағыттар енгізуге тырысып, жас мұғалімдерге үлгі бола білді.
      Байбатыр Әмірбекұлы кәсіби ұстаз ретінде қалыптасып, ел болашағына деген сенімін білім арқылы іске асыра білді. Бірақ оның ұйымдастырушылық қабілеті мен қоғам алдындағы белсенділігі тағы бір жаңа кезеңнің басталуына жол ашты.
      1980 жылдардың басы Кеңес Одағы үшін де, Қазақстан үшін де күрделі кезеңді қамтыды. Ел ішіндегі әлеуметтік-саяси жағдай, экономикалық жүйенің өзгеріске бет бұруы, халықтың жаңа серпінді реформаларға мұқтаждығы қоғамда белсенді, іскер, патриот азаматтарды қажет етті. Міне, дәл осындай кезеңде Байбатыр Әмірбекұлының бойындағы көшбасшылық қабілет, қоғамдық іске деген қызығушылығы мен жауапкершілігі жаңа арнаға бұрылды.
      1980 жылдың қазан айында ол Аманкелді атындағы совхоздың комсомол комитетіне хатшы (секретарь) болып сайланды. Бұл қызметке кездейсоқ келмеген ардақты азамат өз ортасында беделді, тәртіпті, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары тұлға ретінде танылған болатын. Комсомол ұйымы – сол уақыттағы жастар қозғалысының негізі, ауылдық жерлерде мәдени, саяси, қоғамдық жұмыстардың басты ұйымдастырушысы еді.
      Байбатыр Әмірбекұлы 1980-1982 жылдары аталған қызметті үлкен жауапкершілікпен атқарды. Жастар арасында саяси-ағарту жұмыстарын жүргізіп, мәдени шаралар ұйымдастырды, еңбекке баулу, қоғамдық белсенділікті арттыру бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізді. Ауыл жастарын патриоттық рухта тәрбиелеп, түрлі сенбіліктер, байқаулар, насихат шаралары арқылы ұйым жұмысын жаңа деңгейге көтерді. Жастардың бойына еңбекқорлық, отансүйгіштік, білімге ұмтылу сынды қасиеттерді сіңіруге тырысты.
      Бұл қызмет оның бойындағы басқарушылық, ұйымдастырушылық қабілетті толық ашып, кеңінен танылуына жол ашты. Жоғары басшылық оның іскерлігін, белсенділігін байқап, 1982 жылы Байбатыр Әмірбекұлын келесі бір аса жауапты қызметке ұсынды.
      Ол Халық депутаттары Алғабас селолық кеңесінің атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл қызмет – ауылдық деңгейдегі ең жоғары басқару лауазымдарының бірі. Тікелей халықпен жұмыс, тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерді шешу, инфрақұрылымды дамыту, мәдениет пен білім беру саласын үйлестірудің бәрі оның күнделікті атқаратын міндетіне айналды.
      1983 жылы Байбатыр Әмірбекұлы Алғабас совхозының партия комитетінің төрағасы болып сайланды. Сол кездегі партия ұйымдары – тек саяси ғана емес, экономикалық, мәдени жұмыстардың да үйлестірушісі болатын. Совхоз ішіндегі тәртіп, жоспарлы жұмыс, ауыл шаруашылығы науқандары, жұмысшылардың жағдайының бәрі осы партия ұйымының тікелей бақылауында болды.
      Байбатыр Әмірбекұлы бұл қызметке де жаңашылдықпен кірісті. Партия комитетінің жұмысына серпін беріп, ауыл ішіндегі түрлі бастамаларды қолдап отырды. Жастардың жұмыспен қамтылуына, мал шаруашылығын дамытуға, мектеп, клуб, мәдениет үйі сияқты мекемелердің жағдайын жақсартуға баса мән берді.
      1988 жылы Ұлытау ауданының партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметіне сайланды. Бұл кезеңде елімізде қайта құру (перестройка), жариялылық (гласность) саясаты белең алып, ел ішінде әлеуметтік-саяси ахуал өзгере бастаған болатын. Сол уақыттағы көптеген басшылар бұндай өзгерістерге бейімделе алмай жатқанда, Байбатыр Әмірбекұлы заманауи талаптарға икемделіп, партия жұмысын жаңаша ұйымдастыруға күш салды.
      1990 жылы ол Ұлытау селолық кеңесінің атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Мұндағы жұмысы кең көлемдегі халық шаруашылығы, әлеуметтік саясат, ауыл жағдайын жақсарту секілді салалармен тығыз байланысты болды. Әсіресе ауыл халқының тұрмыстық жағдайын көтеру, ауыз су, жол, жарық мәселелерін шешуге белсенді араласты.
      1991 жылы Мұқан Иманжанов атындағы селолық кеңестің төрағасы болып тағайындалды. Бұл кезде ел тәуелсіздікке бір қадам жақындап, кеңестік құрылымның ыдырау кезеңі басталған болатын. Халық арасында белгісіздік, сенімсіздік, қиыншылықтар күшейген шақта Байбатыр Әмірбекұлы жергілікті басқару жүйесінің тұтастығын сақтап, халықты сабырға, бірлікке шақырып, тұрақтылықты қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарды.
      Бұл онжылдықта Байбатыр Әмірбекұлы саяси тұлға ретінде қалыптасып, елдік деңгейдегі шешімдерге тікелей араласып, күрделі де жауапты кезеңдерде өзіне сеніп тапсырылған міндеттерді абыроймен атқарды.
      1992 жылы Байбатыр Әмірбекұлы «Ұлытау» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры болып тағайындалды. Бұл қызметке кездейсоқ тағайындалмаған ардақты азаматтың өмір жолы мен қоғамдық қызметі оны Ұлытау сияқты тарихи, мәдени және табиғи мұраға бай аймақтың қорық-музейін басқаруға даярлаған болатын.
      «Ұлытау» – Қазақстанның ұлттық тарихында ерекше орын алатын жерлердің бірі. Бұл аймақ – көне заманнан келе жатқан түркі халықтарының рухани орталығы, тарихи тұлғалар мен оқиғалардың куәсі. Байбатыр Әмірбекұлы үшін Ұлытау – халықтың мәдени мұрасы мен ұлттық тарихының жаны. Ол осы мұраны сақтау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу міндетін үлкен жауапкершілікпен өз мойнына алды.
      Ұлытау қорық-музейін басқаруды бастапқыда тарихшы, мәдениеттанушы әрі аймақтың патриоты ретінде қабылдаған Байбатыр Әмірбекұлы музейдің құрылымы мен қызметін жаңарту үшін бірнеше маңызды қадамдар жасады. Алғашқы кезде музей республикалық бюджеттен қаржыландырылып, Қазақстанның мәдениет министрлігінің қарамағында болды. Республикалық басқару жағдайы жергілікті мекемелердің кеңейтілуі мен дұрыс жұмыс істеуіне үлкен кедергі жасады. Бұл мәселені шешу үшін ол басқарушылық қабілетін әрі байланыс орнату шеберлігін пайдаланып, республикалық деңгейде бірқатар маңызды келіссөздер жүргізді.
      Қорық-музейдің жұмысын жақсарту мақсатында Байбатыр Әмірбекұлы бірнеше кешенді шараларды қолға алды. Музей кешенінің жоспары қайта қаралып, жаңа үлгіде толықтырылды. Құнды тарихи жәдігерлер мен археологиялық қазбаларды есепке алу, сақтау, жөндеу және қорғау жұмыстары басты назарда болды. Байбатыр Әмірбекұлы музейдің материалдық базасын нығайту үшін бірнеше техникалық жаңартулар енгізіп, қажетті жабдықтар мен көлік сатып алуға күш салды. Музей қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастыруда да ерекше қадамдар жасады.
      Сонымен қатар Ұлытау қорық-музейінде мәдени, ғылыми жұмыстардың өркендеуі үшін маңызды қадамдар жасалды. Музейдің ғылыми қызметкерлері мен зерттеушілерімен тығыз жұмыс істей отырып, Байбатыр Әмірбекұлы тарихи ескерткіштердің сақталуы мен жаңаруы мәселелерін шешуге тырысты. Мұнда көптеген тарихи құнды мұраларды зерттеу, қалпына келтіру және сақтау шаралары атқарылды. Атап айтқанда, Байбатыр Әмірбекұлының басшылығымен Қаракеңгір кеңшарындағы «Ерден» бабамыздың кесенесін қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін ол Алматы археологиялық институтымен байланыс орнатып, қажетті құжаттарды алу үшін археологтарды іссапармен Ленинградқа жіберді.
      Ұлытау қорық-музейі 1990 жылдардың басында маңызды өзгерістерге ұшырады. Республикалық бюджеттен бөлініп, Жезқазған облысының мәдениет басқармасының қарауына берілген бұл мекеме сол уақытта өңірдегі мәдени-тарихи мұраларды сақтап, жаңғыртуға зор үлес қосқан. Жезқазған облысының мәдениет басқармасын сол уақытта басқарып отырған марқұм М.Жұмабековтің бастамасымен көптеген маңызды жұмыстар атқарылды. Оның жетекшілігімен, Ұлытаудағы «Алаша хан» және «Жошы хан» мазарларының қайта қалпына келтірілуі мен жөндеу жұмыстары жүргізілді, олардың айналасы абаттандырылды.
      Бұл жұмыстың тағы бір айқын көрінісі – Ұлытау ауданына үш жүздің басын қосқан ескерткіш орнату идеясы. М.Жұмабековтің жетекшілігімен және танымал тұлғалардың қатысуымен жүзеге асырылған бұл тарихи оқиға өңірдің рухани өміріне жаңа серпін берді. Жергілікті гранит тасқа жазу жазылып, белгі қойылған тас Ұлытау ауданы Шеңбер совхозы жерінен алынған. Тас тасымалдау, оны дайындау, орнату ісіне сол кезде Шеңбер совхозының директоры марқұм Жүкен Усабеков пен Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Қозы-Көрпеш Байтоқов сынды көрнекті тұлғалар айрықша еңбек сіңірді. Осы ескерткіштің ашылуына Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арнайы қатысып, салтанатты түрде лентасын қиды. Бұл оқиға аудан тарихында маңызды бетбұрыс болып, Ұлытау жерінің үш жүздің басын қосқан белгі монументі бой көтерді.
      1992 жылдың жаз айында Қазақстан Республикасының мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиевтің басшылығымен Ұлытау қорық-музейіне ресми тексеріс жасалды. Бұл тексеріс барысында «Талдысай» елді мекенінде ашық аспан астында жасалған жұмыстар көрсетілді, түрлі көрмелер ұйымдастырылып, жоғары бағаға ие болды. Музейдің жұмысы мен қорық аймағындағы жүргізілген шаралар республика көлемінде танылып, мәдениет министрлігінің қолдауын алды.
      Байбатыр Әмірбекұлының басшылығымен Ұлытау қорық-музейінің беделі артты, музейдің ғылыми әлеуеті күшейтілді, мәдени шаралар мен көрмелер ұйымдастыру мәселелері оң шешімін тапты. Музей қорында сақталған құнды жәдігерлер мен табиғи ескерткіштерді қорғау, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу, музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасын тапты.
      1993 жылы «Ұлытау» тарихи-мәдени қорық-музейінің ұжымымен өткізілген республикалық семинарда Байбатыр Әмірбекұлы музейдің атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндамалар жасап, тәжірибесін басқа мекемелермен бөлісті. Бұл семинар Қазақстанның мәдениет саласындағы маңызды оқиғалардың бірі ретінде бағаланды. Музей қызметкерлері мен ғылыми зерттеушілердің қатысуымен өткен бұл шаралар ұлттық мәдениетіміздің жаңғыруына қосылған зор үлес болды.
      Байбатыр Әмірбекұлының Ұлытау қорық-музейі үшін жасаған еңбегі – тек тарихи ескерткіштерді сақтап қалу емес, сонымен қатар ұлттың мәдени мұрасына деген ұрпақтың қамқорлығын қалыптастыру. Бұл жұмыстары арқылы ол тек ұлы тарихи тұлғалардың мұрасын ғана емес, бүтіндей бір халықтың рухани байлығын келер ұрпаққа жеткізу міндетін атқарды.
      1993 жылы Ұлытау ауданы бойынша тұңғыш әкім қызметіне ұсынылды. Ол Амангелді ауылында әкім болып тағайындалды. Оның әкім болып сайлануы ауданның дамуына үлкен серпін беріп, жаңа кезеңнің бастамасы болды. Байбатыр Әмірбекұлы, мәдениет саласындағы мол тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеттерінің арқасында, өңірдің әкімшілік жұмыстарына жаңа көзқарас пен тың тәсілдерді енгізді. Оның басшылығымен ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, ауыл шаруашылығын жекешелендіру кезеңінде тиімді шаралар қолға алынды. Бұл оның өз қызметінде табандылық пен жауапкершілікпен жұмыс істегенін, сондай-ақ халықпен тығыз байланыс орнатуға мән бергенін көрсетеді.
      Ауыл шаруашылығын жекешелендіру кезеңі – Қазақстан тарихындағы ең қиын әрі жауапты уақыттардың бірі еді. Сол жылдары ауылдық жерлерде экономикалық қиыншылықтар мен әлеуметтік мәселелер шиеленісе түсті. Бірақ сол кезде ауыл әкімі болған тұлғалардың басшылығымен ауылдардың жағдайы айтарлықтай жақсарды. Олардың ұтқыр шешімдері мен қажырлы еңбегі ауыл шаруашылығының дамуында елеулі өзгерістерге әкелді.
      1995 жылы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 50 жыл толу мерейтойы қарсаңында, Байбатыр Әмірбекұлы ауылда әкім ретінде үлкен мәдени іс-шара ұйымдастырды. Бұл шара аудан көлемінде ерекше атап өтіліп, көпшіліктің көңілінде ұзақ уақыт сақталып қалды. Мерейтойды ұйымдастыруда ауыл басшылығының ұйытқы болуымен ауыл тұрғындары мен ардагерлерге үлкен құрмет көрсетілді. Соғыс ардагерлерінің ерлігі мен ел үшін жасаған құрбандығын еске алып, олардың алдында бас иіп, өтпелі кезеңдердің қиындықтарына қарамастан ауылдың өркендеуі үшін бірлік пен өзара қолдау көрсетілгені маңызды болды.
      Ұлы Отан соғысының 50 жылдығын атап өту шарасы ауылдың мәдени өмірін жандандырып қана қоймай, халықтың патриоттық сезімін нығайтып, бірлікті арттырды. Жергілікті тұрғындар үшін бұл оқиға тек тарихи мерейтой ғана емес, сонымен қатар ауылдың қиын жылдардан кейінгі жаңаруының символына айналды. Осы кезеңде ауыл тұрғындарының күш-жігері мен басқарудың дұрыс бағытта жүзеге асырылуы ауылды жаңғырту мен дамытудағы маңызды қадам болды.
      Байбатыр Әмірбекұлы әкім болып сайланған кезде, оның басқаруымен Ұлытау ауданының көптеген маңызды мәселелері шешімін тапты. Ұлытау ауданында мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосқан тұлға ретінде Байбатыр Әмірбекұлының есімі халық арасында кеңінен танылды. 1994 жылы ол аудандық деңгейдегі мәдени шараларды ұйымдастыру мен жаңа бастамаларды енгізу ісіне күш салды. Әсіресе ұлттық мәдениетті сақтау, тарихымыз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу бағытында маңызды қадамдар жасады. Мектептер мен мәдениет үйлерінде өткізілген түрлі шаралар арқылы жастарды ұлттық мұраға, дәстүрге құрметпен қарауға тәрбиеледі.
      1997 жылы Байбатыр Әмірбекұлы №3 Аманкелді орта мектебінің директоры болып тағайындалды. Бұл қызметті атқарған жылдары мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартуға және оқу үдерісін жетілдіруге көп еңбек сіңірді. Мектептің ішкі тәртібі мен білім беру сапасын жақсарту үшін ол жаңашылдық енгізіп, оқу бағдарламаларын жаңартуға да үлес қосты. Әсіресе балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін қосымша үйірмелер мен арнайы курстар ұйымдастырды.
      Кеңес үкіметі кезеңінен қалған тозығы жеткен ауыл мектебін басынан аяғына дейін күрделі жөндеуден өткізу – оның ең басты жетістіктерінің бірі болды. Мектептің ғимараты мен ішкі жағдайы толық жаңартылып, оқушылар мен мұғалімдер үшін заманауи талаптарға сай жағдайлар жасалды. Сонымен қатар тозығы жеткен жылу қазандығы қайта жаңғыртылып, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды шаралар атқарылды.
      Байбатыр Әмірбекұлының басшылығымен білім, мәдениет және спорт салалары аудандық, облыстық, тіпті республикалық деңгейге көтерілді. Ол осы салалардағы инфрақұрылымды нығайтуға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлді. Білім беру мекемелері мен мәдениет үйлері, спорт алаңдары аудан халқының игілігіне толықтай пайдаланылды. Оның жүйелі жұмысының нәтижесінде аудан тұрғындары түрлі спорттық жарыстар мен мәдени іс-шараларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді, бұл өз кезегінде Ұлытау ауданының әлеуметтік дамуына үлкен ықпал етті. Байбатыр Әмірбекұлының стратегиялық көзқарасы мен жетекшілігінің арқасында өңірдің білім мен мәдениет саласындағы жетістіктері жаңа деңгейге көтерілді.
      Аудан көлемінде мәдени шараларды ұйымдастыруды жетілдіріп, Ұлытау ауданында өткізілген түрлі фестивальдар, көрмелер, өнер байқаулары оның тікелей қатысуымен жүзеге асырылды. Ол қазақ халқының дәстүрлі өнерін, ән-күйін, қолөнерін және ұлттық тағамдарын дәріптеу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, ұлттың мәдени құндылықтарын жаңғыртты. Оның бастамасымен әр жыл сайын ұлттың рухани мұрасына арналған байқаулар, көрмелер, өнер фестивальдері өткізілді.
      1999 жылы Байбатыр Әмірбекұлы тағы да саяси салада өзін сынап көрді. Осы жылы ол Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау науқанына қатысып, №8 «Аманкелді» сайлау округінен «Ұлытау» аудандық мәслихатына депутат болып сайланды. Бұл кезең оның қоғамға, халыққа деген адал қызметін жалғастыра отырып, кеңінен танылған кезең болды. Ол мәслихат депутаты ретінде ауданның әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуына ықпал етті.
      Ұлытау ауданындағы мәдениет пен білім саласындағы жетістіктер – оның қайталанбас ұйымдастырушылық қабілетінің көрінісі. Оның жетекшілігімен көптеген әлеуметтік жобалар жүзеге асып, ауылдың мәдени өмірі жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Кейіпкеріміздің басшылығымен мәдениет үйлері, кітапханалар, ауылдық клубтар жаңартылып, өнер мен мәдениеттің орталығына айналды.
      Атқарылған адал еңбектің нәтижесінде ардақты азамат марапаттар төрінен көрінді.
      2002 жылы Облыстық білім жүйесіндегі шығармашылық еңбегі және жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуегі табыстары үшін Құрмет Грамотасын иеленді. «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, құрмет төрінен көрінді.
      Саяси жұмыстары мен мәдени қызметтерін қатар алып жүріп, Байбатыр Әмірбекұлы Қазақстанның мәдени мұрасын сақтауға үлкен үлес қосқан тұлға ретінде танылды. Ол түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға қатысып, Ұлытау ауданындағы мәдениет пен білім саласының дамуына айтарлықтай әсер етті. Сондай-ақ ол аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін түрлі бастамаларды көтеріп, жергілікті билікпен бірлесе отырып, мәдени және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға күш салды.
      2004 жылы Байбатыр Әмірбекұлы өз өтініші бойынша қызметтен босап, «Сәтпаев» қаласына қоныс аударды. Ол өз өмірінің соңғы кезеңінде «Қазақмыс Корпорациясында» қызмет етті. Осы кезеңде де оның жұмысқа деген жауапкершілігі мен ұлт мүддесіне деген жанашырлығы байқалып тұрды. Байбатыр Әмірбекұлының өмір бойы өз саласында жасаған еңбегі, ұрпаққа деген қамқорлығы, туған жерге деген махаббаты – ел жадында мәңгі сақталатын құндылықтар.
      Байбатыр Әмірбекұлының өмір жолы еліміздің тәуелсіздік алған кезеңіндегі күрделі және маңызды оқиғалармен тығыз байланысты болды. Ол өз өмірін туған жерінің гүлденуіне, халқының әлеуметтік және мәдени дамуына арнады. Оның халық алдындағы қызметі, мәдениет саласындағы ірі бастамалары мен ел үшін жасаған еңбегі әрқашан ұрпақ үшін үлгі-өнеге болады. Өмірінің соңғы кезеңінде де ол қоғамның игілігі үшін қызметін жалғастырып, ұлттың мәдени мұрасын сақтау жолында күресуді тоқтатқан жоқ.
      Кейіпкеріміз – сүрлеулі жол қалыптастырған нағыз тұлға, сонымен қатар отбасында жарының арқа сүйер азаматы, перзенттерінің асқар тау әкесі, олардан тараған ұрпақтарының баталы, айбыны Алатаудай биік атасы еді. Мейірімімен шаңырағын берекеге толтырған жары екеуі 4 перзентін тәрбиелеп өсіріп, құтты орындарына қондырып, 12 немере сүйді. Әрқайсысы әке мен ананың тағылымын жолға қойып, өмір аспанында қанатын кең жайып келеді. 
      Байбатыр Әмірбекұлы 2016 жылы маусым айының 16 жұлдызында өмірден озды. Отбасының тірегі болған ардақты азаматты жақындары сағына еске алады. Сатымен өмірдің белестерінен өтіп, шаң қаптыра оза түсетін бәйгенің тұлпарындай мәре сызығына жеткен ардақты жанның кешегі күні – тұнып тұрған тарих. Тарихты түлеткен, рухты тірілткен азаматтың жаны пейіште, иманы жолдас болғай деп дұға етеміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...