Сармырзаұлы Оңайжан

Рейтинг:

Елім дегн ер

      Әр дәуірдің дара туған біртуар тұлғалары болады. Қазақта халқына қисапсыз қызмет жасап, ел мерейін өсірген, саналы ғұмырын халқына қалтқысыз қызмет етуге арнаған, өмірден өтіп кетсе де ізгілікке толы ғұмыр жолы бүгінгі ұрпағына үлгі болып, есімі ыстық ықылапен аталып, құрметпен еске алынатын ардақты азаматтар аз емес. Осындай халқының құрметіне бөленген, есімі Маңғыстау жұртына жақсы таныс азаматтың бірі – Оңайжан Сармырзаұлы еді.
      Біздің кейіпкеріміз кемелді ісімен көпшілік құрметіне бөленген, өз заманының дара туған туған биік тұлғасы деуге әбден лайықты азамат болатын.
      Ол 1929 жылы қараша айында Гурьев облысы (1973 жылға дейін Маңғыстау Гурьев облысының құрамында болды) Маңғыстау ауданы Орта-Еспе ауылдық советінде дүниеге келді. Әкесі Сармырза Есжанұлы ортаға сыйлы, артық әңгімесі жоқ, құранын қолын тастамаған, намазын қаза етпеген жан. Ағаштан домбыра, бесік жасайтын шеберлігі де болған. Балық аулап, мал да баққан, колхоздың түрлі басшылық қызметтерін де атқарған. Анасы Кіпия Қаленқызы Пір Бекет атадан бата алған Байсал ақсақалдың баласы қасиетті Мыңкісі атаның ұрпағы. Жылы жүзді, жұмсақ сөзді Кіпия әжей бойынша ерекше қасиет дарыған көріпкел, сынықшы еді. Қиналып, көмегіне зәру болғандардың жанына демеу болған аяулы ананың қабіріне барып, дұға бағыштайтындар аз емес. 
      Балалық бал дәурені отызыншы жылдардың зобалаңына, жасөспірім кезі соғыстың салқынына тап келген сол кездегі ұл мен қыз жауапкершілік жүгін жан дүниесімен ұғынып өте ерте есейді. Соғысқа кеткен ер азаматтардың орнын әйелдер мен буыны бекіп үлгермеген балалар басты, солардың қатарында Оңайжан Сармурзин де бар еді.
      1943 жылы Маңғыстау аудандық прокуратурасында секретарь болып бастаған еңбек жолы 1947 жылы аудандық халық сотында жалғасты. Осы орындарда соғыс кезіндегі қатал тәртіп жағдайында алты жылдай қызмет етуі оның жастығына қарамастан аса тиянақтылығын, өзіне тапсырылыған жұмысты әр кез мұқият орындауға бар ынта-жігерін аямай жұмсай білгенін көрсетеді. «Жақсыменен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» демекші, ауданның қадағалау органдарына сол кездері басшылық жасаған Үсен Сағымбаев, Хасан Көшов сияқты ел ағаларының балаң жігітке қағазбен жұмыс жасап қоймай, адаммен қарым-қатынас жасау, ортада өзін ұстай білуді, адамгершілікті, намысты жоғары қоюды да үйретті. Өмірі туралы әңгіме қозғаған сәттерде Оңкең осы ағаларының қамқорлығын ерекше ілтипатпен еске алып, «менің оқытушыларым мықты болды» деп отыратын.
      Міне, осындай өз ісінің озығы болған азаматтардың қарамағында еңбек жолын бастап, өмірдің қатал мектебінен өткен жас жігіттің іске жауапкершілігі, тындырымдылығы оны кісілік санатқа көтеріп, 17-18 жасында-ақ сөзіне тұратын азамат атандырды, есімін еліне танытты.
      1949 жылы әскер қатарына алынды. Әскери қызметтен кейін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде жұмысын жалғастырды. Қиындықтан қаймықпайтын, қандай істе де тиянақты жас жігітке аудан басшылары сенім артып, 1953 жылдың қаңтарынан желтоқсан айының соңына дейін Маңғыстау аудандық ауыл шаруашылық және дайындау бөлімінде, ал 1953-1957 жылдары Қазақстан ЛКСМ аудандық комитетінің секретары, кейін бірінші секретары болып жұмыс істеді. 1957 жылы кешкі жұмысшы жастар мектебін бітіріп, Алматы малдәрігерлік зоотехникалық институтына оқуға түсіп, отбасылық жағдайына байланысты сырттай бөлімге ауысады. 1957-1959 жылдар аралығында еңбекшілер депутаттары аудандық совет атқару комитетінде секретарь болды. Сондай-ақ 1957 жылы Москвада өткен жастар мен студенттердің VI-Бүкіл дүниежүзілік фестиваліне қатысып, дүниенің төрт бұрышынан келген жастармен дидарласты. Бұл оған ерекше әсер етті, дүниетанымын кеңейтті.
      Ісіне тиянақты, жігерлі жас 1959-1962 жылдары Қазақстан Компартиясы аудандық комитеті бюросының қаулысымен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Шымкент облысаралық партия мектебіне оқуға жіберді. Ол мектепті бітіріп келгеннен кейін аз уақыт нұсқаушы болып істеген Сармурзинді аудандық партия комитеті ол кездегі аса жауапты жұмыс – аудандық партиялық-мемлекеттік бақылау комитетінің, соңынан, халықтық бақылау комитетінің төрағасы етіп тағайындады. Сонымен бірге аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланды. Аудандық бақылау комитетінің жұмысы жан-жақты еді. Комитет басшысы мекемелерде, ұйымдарда орын алатын кемшіліктерді түзету айыптыларға шара қолдану сияқты негізгі міндеттерін атқарумен қатар, аупарткомның бюро мүшесі ретінде аудан көлеміндегі шаруашылық, мәдениет, тәрбие, тағы басқа мәселелерге араласып отыратын. Бұл жылдар Оңайжан Сармұрзаұлының басшы қызметкер ретінде әбден қалыптасқан, іскерлігі, ұйымдастыру қабілеті жетілген, қандай жұмысты да атқара алатын деңгейге жеткен кезі болды.
      Асыл азаматтың өз қолымен жазған өмірбаянына көз жүгіртсек аудандық партия комитетінен кейін 1973-1979 жылдары Маңғышлақ облысының Маңғыстау аудандық Совет атқару комитетінің төрағасы, 1979-1981жылдары ауыл шаруашылық қызметкерлері кәсіподағының Маңғышлақ облыстық комитетінің төрағасы болып қызмет атқарыпты. 1981 жылы Маңғыстау аудандық ауыл шаруашылық басқармасы құрылуына байланысты басқарма басшысы қызметіне бекітілді. 1982 жылы аудандық аграрлық өнеркәсіп комитетінің төрағасы және аудандық Совет атқару комитеті председателінің бірінші орынбасары лауазымдарында еңбек етіп, құрметті зейнет демалысына шықты.
      Кейіпкеріміздің отбасына келер болсақ, 1949 жылы әскерге аттанар алдында қосылған жары Күнсәуле Жұмалықызы, арғы тегі Адай елінің бірлігіне бір кісідей еңбек еткен, артында айтқан сөзі қалған Дәулеталы Томпыұлы Самалық бидің немересі. Қажетті жерінде орынды сөзді саралап-саптап айта білетін сабырлы адам болатын. Жұмыс жасай жүріп, балаларын тәрбиелеген, келген қонағына кең дастарханын жайып құрмет көрсеткен. Отбасында сегіз бала – төрт ұл және төрт қыз дүниеге келді. Үлкен ұлы Жеделбай жоғарғы оқу орнын аяқтағалы тұрғанда 21 жасында кенеттен қайтыс болса, кенжесі Үсен 31 жасында автокөлік апатынан көз жұмды. Екеуі де үлкендердің шешімімен перзенттері өмірден сәби кезінде өтіп кеткен аға-жеңгеге берілген балалар болатын... Аға баласы атанып, іні есебінде өскен балаларына деген сағыныш әке жүрегінде мәңгілік жара болып қалғаны сөзсіз. Балалары жоғарғы оқу орындарын бітірген, қазіргі кезде әрбіреуі бір-бір отаудың иесі, бала-шағаларымен қызықты өмір сүріп жатқан жанұялар.Бұл күнде Оңайжан Сармырзаұлы мен Күнсәуле Жұмалықызының отбасында дүниеге келген балаларынан жиырмадан астам немере-жиен, сонша шөбере-жиеншар тарады. Үлкені Әлия Оңайжанқызы бүгінде зейнет демалысына шыққанымен, сүйікті ісін жалғастырып жүрген белгілі дәрігер, «Алтын дәрігер» атағымен марапатталған жоғары санатты отоларинголог дәрігер. Өздері еңбек еткен салалаларында адамгершіліктерімен, істерімен үлгі бола білген ұлдары Хасан мен Асан да зейнеткерлер. Біреуі мұнай саласында жұмыс жасаса, бірі ішкі істер саласында қызмет атқарды. Қыздары Клара, Маржан, Меруерт әр салада еңбек етіп жүр.
      «Бақыт, қайда барасың дегенде, береке-бірлігі жарасқан жерге барамын» - деген екен. Оңайжан мен Күнсәуледен басталған шаңырақтағы бақыттың, береке-бірліктің алтын тіні үзілмей ұрпағына жалғаса берсін дегіміз келеді.
      Ұлы Абай адамзаттың адамдық қасиетін үш-ақ нәрсеге теңейді: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Өн бойына осы үш қасиетті бірдей сіңірген Оңайжан Сармурзин бірнеше рет аудандық, облыстық партия комитеттерінің бюро мүшесі, аудандық, облыстық кеңесінің депутаты болып сайланды. Қазақстан Компартиясы он төртінші съезінің делегаты, «Құрмет белгісі» орденінің, бірнеше медальдардың иегері, Бүкілодақтық Қазақстан Республикалық комсомолы Орталық Комитеттерінің, Кеңестер Одағы, Қазақстан Республикасы халықтық бақылау комитеттерінің, Қазақстан Кәсіподақ комитетінің Құрмет Грамоталары мен төсбелгілерімен наградталды. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», республикалық дәрежедегі зейнеткер болды. Өзі туып-өскен өлкеде абыройлы еңбек етіп, өңірдің дамуына сүбелі үлес қосып, түбекті түлеткен Оңайжан аға «Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы» еді. Өз ісіне деген адалдықтың, қызметтегі тазалықтың, жәй ғана адамдықтың үлгісі көрсетіп, қандай қызметте болса да, кісілікті кішілікпен алмастырып, қарапайым қалпынан ауытқымаған, жылы жүзінен төгілген шуағымен жан-жағын нұрға бөлеген, ісімен де, сөзімен де көптің жүрегіне жылу ұялатқан ардақты азамат Оңайжан Сармырзаұлы 2011 жылы 18 қазанда 82 жасында келмес сапарына аттанды. Жамбасы тиіп мәңгілік мекені болған жер – өзінің Маңғыстауындағы Қамысбай қорымы.
      Ұлылардың адами асыл қасиеттерінен ескен самал, ұрпақты ізгілікке бастайды емес пе, Оңайжан аға туралы естеліктер аз емес. Олар айтқан сөз біз естігендей емес, орны бөлек. Көзбен көріп, қызметтің ыстық-суығына бірге күйген, достық, бауырлас қарым-қатынаста болған адамдардың ыстық лебіздері, ол кісіге деген ерекше шапағаты, ізгі ниеті мен ықыласы әрбір сөзден, сөйлем жолдарынан, тіпті әріптерінен де көрініп тұрады. Журналистік тілге салып өзгертсек, қиянат болар. Сондықтан, бізге жеткен естеліктердің бірқатарына кезек берейік.
      Қазақ елінің қалам ұстаған жазушы-журналистеріне, қыл қалам шеберлеріне есімі белгілі маңғыстаулық журналист Бірғали Байекеевтің О.Сармурзин туралы айтқан ойы кейіпкеріміздің кісілік келбетін анық көрсетіп тұрғандай:
      «...Әлеуметтік өмірді ізгілендіруді (гуманизациялауды) ниет тұтқан мемлекетіміздің мақсаты-халықтың рухани мәдениетін түлетіп, дамытып, жеке адамның бойындағы адамгершілік, имандылық, қарапайымдылық қасиеттерді қалыптастыру екендігі хақ. Осы ретте басшылардың, зиялылардың ішінде Оңкең-Оңайжан Сармурзиннің жан-дүниесі мен жаратылысы, кісілік келбеті мен мінез-құлқы – жалпы пенделік қасиеті қай қазаққа да үлгі бола алады. Жаратылысынан жайсаң жан адамның адамға жасайтын қиянат, зәбірін, зорлық-зомбылығын жан-тәнімен жек көрді. «Ат белгісі – құнаннан, аға белгісі – туғаннан» дегендей, Оңайжан аға жас кезінде жасымады, жасық талдай иіліп, майыспай, жігерін танытты, ер-азаматтығын елдік істе айдындады, айбындады. Тұғыры биік жерден орын таңдады. «Халықтың мұңы-күйігің, жетер жерің-биігің» дегенді дәп қылды, шүкіршілік, ынсап, қанағатты дәт қылды. Оңкең ағамызда жұмыр басты пендеге тән пендешілік болды деп айта алмаймын. Шарайнадай шындыққа жүгінсем, Оңкең – мансап пен дақпырттың, кеудемсоқ құр мақтанудың, қу дүниенің құлы болмаған адам. Дұрысына бақсам, шекпен киген шенділердің ішінде жаман сөзге қалмаған, тек жақсылықтарды жалғаған, елі үшін еңбек етуден талмаған, құр байбалам салмаған, саналы ақылымен самғаған сиректердің бірі – өзі, асылдардың көзі».
      «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз, ұлтының болашағы мен елінің келешегіне деген тынымсыз еңбегіне куә болған Оңайжан ағаның замандастары жазған, әр жолынан құрмет пен сыйластық төгіліп тұрған мұндай жылы естеліктері аз емес. Көп жылдар Маңғыстау ауданында, облыста басшылық қызмет атқарған үзеңгілес інісі, «Маңғыстау облысының құрметті азаматы» Даржок Сейбағытұлы: 
      «...Оңкең жастайынан ел арасындағы өмірдің нешебір белестерінен өткен адамдармен ауылдас, жұмыстас, сапарлас болғандықтан, көне әңгімелерді жақсы білетін еді. Сонымен бірге, демалыс кездерінде қолына домбыра алып, Маңғыстаудың жыр әуендерін сазына келтіріп тартатын кездері де болатын. Алыс сапарларға шыққанда жолдастыққа таптырмайтын кішіпейілділік, қарапайымдылық, сыйластық қасиеттері адамды өзіне жақындататын еді. Таза жүруге, қаңқу әңгімелердің арасында болмауға, жақсы адамдарға жақын болуға, жұмыстың қиын-қыстау кездерінде кісілерге шамадан тыс артық әңгіме айтпауға тырысатын адамгершілік, азаматтық қасиеттердің иесі еді»-деп еске алады. 
      Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Дүйсенбі Әріпұлы өз естелігінде: «Оңайжан Сармурзиннің іскерлігі кішіпейілдігімен ұштасып жатушы еді. Ол әкімшілік баспалдағында жоғары тұрған адамдар алдында, қайсыбіреулерге ұқсап майысып, иіліп-бүгіліп тұрмайтын, жорғаламайтын. Ал қатардағы еңбекші, бұқара адамдарды құрметтеп, олардың талап-тілектерін орындауға күш салып отыратын. Қолында билігі бар қанша басшы болса да өзіне келген кісі қойған мәселені жеткілікті шешуге жағдай бола бермейтіні белгілі, осындай да түрікмен халқының «бидай наның жоқ болса да, бидай сөзің жоқ па еді» дейтін мәтеліндей Оңкең «бидай сөзді» таба білетін. Басшының нұрлы жүзі, тілектес ниеті, жылы-жылы сөзі қабылдауында болған кісіні ризалыққа бөлейтін. Сол үшін де ол, әсіресе, бұқара халыққа ұнамды басшы бола білді. Елге үлгі боларлық осындай биязы мінезі, кішіпейіл құлқы, қарапайымдылығы арқасында үлкен беделге ие болды. Ол пендешілік ұсақтыққа бармады. Көптеген жылдар билік басында келе жатса да тазалық, адалдықтан аттамай, қарапайым өмір сүрді. Белгілі ақын Сәкен Иманасовтың:
      Айтам бүгін-айтсам деген сөзімді,
      Дүниеге қарап шындық көзіммен.
      Ар алдында мен өзімді әрдайым,
      Тұрғандай-ақ дар алдында сезінем
,-дегеніндей, Оңкең де ар тазалығын, адалдықты адамгершіліктің ең жоғарғы биігі деп білді. Оңкеңнің азаматтық келбетін тани білген замандастары арасында беделі өте жоғары болды» - депті.
      Өмір дегенің дос-жаранға қамқор болу, санаңды торлаған тұманды ойларды шуақты қуанышқа ауыстыра білуің, сенім үдесінен шығу. Уәделі сөздеріңе берік болуың. Кісінің сыртқы емес, ішкі болмысына үңіліп қадірлеу. Ең бастысы, өзгеге жақсылық тілеуші бола білу. Оңайжан Сармурзин туралы естеліктерді оқи, ол кісінің өмірбаянымен таныса отырып, ағаның нағыз өмір сүргеніне көз жеткіздік.
      Жүзін жарық дүниенің шапағы шарпыған жұмыр жүректі әрбір пенде өмірден өз орнын алумен қатар, халқыма, елме, Отаныма пайдамды тигізсем деген мақсатпен ғұмыр кешеді. Бірақ, айқайға құламайтын тау секілді тағдыр адамның айтқанымен жүре ме? Осы бір ақ пен қара, әділдік пен қиянат итжығыс түсіп жатқан кезде, парасаттылықтың үлгісін көрсетіп, елдің еңсесін тіктеп, қиын кезде халықтың қалың ортасынан табыла білген, азаматтық арына дақ түсірмей, туған топырағын перзенттік махаббатымен аялап өткен азаматын елі де ұмытпайды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Оңайжан Сармырзаұлы осындай шоқтығы биік азаматтар сапындағы ерекше тұлға.
      Елім үшін, туған жерімнің игілігі үшін деген ердің жаны пейіштен жай тауып, иманы серігі болғай!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...
14 сентября 2025 12:14
Айнагуль
Отбасыңызға 40 жыл болып жатыр екен, аз ба-көп па, бәрі Алланың қолында, бастарыңа амандық, жан ұяларыңда бақ пен...