Садықов Тимур Амангелдіұлы
Жеке кәсіпкер, «Мега-Строй дизайн» ЖШС және «Нұр-Томирис» ЖШС басшысы
Талапты ерге нұр жауар
Кәсіпкерлік – тәуекелге бел буып жасалынатын экономикалық әрекет. Жиған-тергеніңмен өмірде жинақтаған білім нәрін барынша өз мүддесіне лайық етіп қолдана білу. Қоғамда орын алып жатқан кәсіпкерліктің түрі жетерлік, экономикалық әрекет, тауарларды өндіру және сату, іс-шарадан, көрсетілген қызметтерден, істелген жұмыстардан жүйелі пайда алуға бағытталған дербес қызмет түрлерінің барлығы делік кәсіп түрі болып табылады. Біздің бүгін сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де кәсіптің көзін таба білген ел ардақтысы демекпіз. Қазақта ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейді деп сөзі мен ісі сəйкес келетін, өз намысынан ел намысын жоғары қоятын, адамгершілігі мол, халқына қамқорлық таныта білген адамдарды айтады. Өмір дерегіне көз жүгірте отырсаңыз, Тимур Амангелдіұлын сондай жан екеніне риясыз сенесіз. Себебі кәсіптің көзін тауып, бүгінде қаншама жанды жұмыспен қамти білудің өзі өзінше бір өнер. Қазіргі таңда еліміз егемендігін алғалы Қазақстанның қай өңірінде болмасын өз ісімен айналысып, кəсібін дөңгелентіп, кəсібінен нəсібін тауып, өз жанұясымен қатар, бірнеше отбасына көмектесіп отырған адамдар өте көп. Бұл заман талабынан туындаған,өмір ағысына ере бермей қарсы тұра білген қайсар жандарды қазіргі тілмен кəсіпкерлер деп ерекше атап жүр.
Садықов Тимур Амангелдіұлын Абай облысы, Көкпекті ауданы, Үлгілі малшы ауылында 1972 жылы 15 маусымда дүниеге келген. Тәлімді тәрбиені ата-анасынан бойына дарытқан ер азаматының ата-анасы да ел арасында есімдері ерек аталған өнегелі отбасылардың қатарынан.
Әкесі Садықов Амангелді Ибадоллаұлы еліміздің шығыс өңіріне қарасты Абай облысы, Көкпекті ауданы, Қособа ауылында 1943 жылы дүниеге келген. Ғұмыр жолында Көкпекті ауданының үлгілі малшы совхозында бас экономист маманы болып жұмыс атқарған.
Ақ жаулықты анасы Садықова Күлзия Әбдіғаниқызы қазіргі Абай облысы, Көкпекті ауданы, Талапкер ауылында 1946 жылы дүниеге келген. 1980 жылдары Семей облыстық мәслихаттың 2 мәрте депутаты болған.
Отбасында ата-ананың махаббатымен бауырларының мейіріміне бөленіп өскен Тимур мырза төрт ағайынды. Отбасының үлкені Сәуле – Павлодар қаласының тұрғыны, бүгінде жеке кәсібін дөңгелентіп отырған сауда адамы. Ағасы Талғат – Павлодар облысының полиция полковнигі. Отбасының кенжесі, Тимурдың інісі Әсет – Павлодар облысы, Усепенка ауданының подполковнигі.
1996 жылы ел азаматы отбасылық жағдайға байланысты Павлодар қаласына көшіп келеді. Нәтижесінде кәсіп ашып, осы өңірден нәсібін табады. Азық-түлік дүкенін ашып, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сапалы өнімнің арқасында көпшіліктің алғысына бөлене түседі.
2009 жылы «Мега-Строй дизайн» құрылыс жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алады. Нәтижесінде өзі ғана емес, өзгелерді де жұмыспен қамти түседі. Қарамағында 26 адам жұмыс жасап, мемлекеттік тендрлерге қатысып, біршама істердің жүйелі атқарылуына сеп бола білді. Сөзіміздің дәлелі, Тимур мырзаның ықпалымен Павлодар қаласының мемлекеттік мекемелерінде күрделі жұмыстарды жүргізе білді.
Тимур мырза бала күнінен ата кәсіп мал шаруашылығымен шұғылданып, жанына жақын тартып өскеннен болар, осы кәсіпті дөңгелентіп әкетуді місе тұтады. 2017 жылы кәсіп бастап «Нұр-Томирис» ЖШС құрып, үкімет тарапынан жер алып, Ресейден герефорд асыл тұқымды малын алып, қазақ жерінде игеруге тырысты. Тек қана ұсақ малдар емес, жылқы шаруашылығымен де айналысып, Мұғалжар жылқы тұқымдасын қолға үйретіп, санын көбейтуді қолға алды. Қазіргі таңда «Нұр-Томирис» ЖШС -де он алты адам жұмыс атқарады. Ірі қара малдың етін Павлодар қаласындағы мекемелерге таратып, мемлекеттік мекемелерді етпен қамтамасыз етіп келеді.
Өз ісінің кәсіби маманы атанып отырған жан отбасылы. Өмірлік жары – Садықова Арайлым Төлегенқызы. Арайлым Баянауыл ауданының тумасы. Мамандығы – мұғалім. Бүгінде жолдасының жанында шаруашылық ісін жүргізуге көмек көрсетіп, бухгалтерлік қызмет етіп келеді. Тимур мырза мен Арайлым ханым төрт баланың ата-анасы. Балаларының үлкені Индира Тимурқызы – Қарағанды қаласындағы медициналық академияның студенті. Отбасының екінші перзенті Ислам – Павлодар қаласында орналасқан құрылыс колледжінің студенті, үшінші баласы Нұрсұлтан – №39 мектептің 3-сынып оқушысы. Кенжесі Томирис – 1-сынып шәкірті.![]()
Қазақ елінің экономикасының нығаюы, болашағының бекем болуы өз ісінің шебері, яғни білікті мамандардың еншісінде. Кәсіпкерлік қызметпен айналысып, кәсіпорын құру үшін қаражат іздеп табатын және сол тапқан қаражатымен кәсіпкер тәуекелдікке бас тігетін адам деп түсінеміз. Əрбір кəсіпті дөңгелетіп əкету үшін біліммен қатар ынта, жігер, еріктілік қажет. Жас кезінен бастап еңбексүйгіштігінің арқасында көзге түсіп жүрген жігіт ағасының кәсібіне береке, отбасына амандық, деніне саулық тілейміз! Қазақ халқында кең таралған «Талапты ерге нұр жауар» деген мақал осы кісіге арнап айтылғандай. «Теңіз тамшыдан құралады» дегендей, еліміздің əрбір азаматының осындай істері бүкіл елімізге пайдасын тигізері анық. Сіз алар асу әлі алда демекпіз. Сіздерден төгілген шапағатты шуаққа барша қазақ елі бөленіп, абыройларыңыз асқақтай берсін!
Мақаламыздың соңын Көкжайық ауылының тұрғыны Алпыс Омарбековтың «Елім деп соққан жүрегі» атты мақаласымен аяқтағанды жөн көрдік: «Тамыз айының басында Көкжайық ауылының Қособа өзенінің бойында ұрпаққа өнеге болып қалатын айтулы іс-шара өткізілді. Өз заманында осы өзеннің бойында «Қособа» атты дүркіреген ауыл болған. Уақыт шіркін қоя ма... Қазір сол ауылдан тек Қособа атты өзен мен шоқайған екі-үш тал мен ата-бабаларымыздың моласы ғана қалған. Ұзақ уақыттан бері жанымызды жегідей жеп, қабырғамызды қайыстырған осы зираттардың қоршауы еді. Мұндай іске аз қаражат кетпейтіні мәлім. Қазіргі бас пайдамызды ойлаған заманда екінің бірі мұндай шығынға батпасы айдан анық. Әйтеуір көптің тілегі қабыл болып, жүректері «Елім, жерім!» деп соққан, бұрынғы осы ауыл тумалары қазіргі уақытта Павлодар қаласының тұрғындары, жеке кәсіпкер Тимур, Талғат
Садықовтар ауылға келіп, Қособа өзенінің маңайында орналасқан зираттың қоршауын өз қаражаттарына тұрғызды. Олардың бұл бастамасын осы ауылдың көне тұрғындарының ұрпақтары, ауылдың еңбектеген баласынан бастап, еңкейген қартына дейін зор қуанышпен қабылдап, асқан ұйымшылдықпен қол ұшын берді. Атап айтқанда, Қадылбек Аймұхамбетов, Берік Жұмағазин, Майра Жұмағазина, Айгүл Сатенбаева сынды ауыл азаматтары аянбай еңбек етті. Кезінде сол ауылда туып, өмір бойы еңбек еткен ардагерлер Тоқан Шақпақбаев, Тоқтархан Орынбеков аталарымыз, Роза Жұмағазина әжелеріміз де ризашылығын білдіріп, алғыстарын жаудырды. Осындай қуанышты хабарды естіген осы күні Семей қаласында тұратын Сайлау Аймұхамбетов бастаған, Ажа ауылынан Асқар Құралбек, Дулат Ескеалмасов, Асқар Әубәкіров, Үлкенбекен ауылынан Қайырлы Махамбетов сияқты жерлестеріміз бір-бірімен кездесіп, ата-бабаларын еске алып, көңілдерін бір босатып алды. Ер азаматтар жағы қоршаумен айналысса, сол жерде жүрген әйелдер шәй-тамаққа кірісіп, мәре-сәре болып жатты. Қоршау тұрғызылып болған соң, мал сойылып, «Бөдес ата» мешітінің имамы Жұмабек Доспайұлы Меирманов ата-баба рухтарына арнап құран оқып, қатым түсірді, өткізіліп отырған шараның алдымен сауапты іс екенін және артымыздан ерген ұрпаққа өнегелі үлгі болатынын айтып, аталмыш тақырыпта уағыз-насихат өткізді. Барлығымызды бір серпілтіп, рухани жаңғыртып, ұйымшылдыққа шақыратын бастаманы көтерген Амангелді ұлдары Талғат пен Тимурға айтар алғысымыз шексіз! Осындай жүректері елінің мұңы үшін езілген бір туар азаматтар көбейе берсін! Жаратқан олардың отбасыларына амандық, береке берсін! Осы шараға қол ұшын берген барлық ауыл тұрғындарына алғысымыз шексіз! Игі іс-шараларда басымыз қосыла берсін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!».![]()
![]()
![]()
![]()