Еңбектен асқан ем жоқ
Ақ халатты абзал жандардың күллі ғұмыры – адамзаттың тыныс-тіршілігімен сабақтас. Адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, антына берік, сертіне адал жандар ғана бұл салада білгір атанады. Бүгінгі кейіпкерлеріміз айналасына адамдығымен үлгі, «дәрігерлер» династиясына айналып отырған білікті отбасы мүшелері – Нұржанов Серікбек Қабдығалымұлы мен Нұржанова(Дүйсембина) Гүлмира Табаракқызы.
![]()
Отбасы мүшелері – стоматология саласының мамандары. Бұл мамандық иелері негізінен пациенттердің тіс-жақ жүйесіндегі аурулардың алдын алатын, емдейтін және қалпына келтіретін мамандар. Серікбек мырза –тіс технигі. Ол пациенттердің жетіспейтін тістерін жасайды және тістерді ауыстыратын түрлі құрылғыларды жасаумен де шұғылданады. Серікбек Қабдығалымұлы – Найман руынан тарайтын Қожанның ұрпағы. 1962 жылдың қараша айының 10-жұлдызында Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданына қарасты Қаратал ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, үлгілі педагогтың жанұясында дүниеге келген. Оның әкесі Нұржанов Қабдығалым – 1941-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Соғыстан кейін Зайсан ауданындағы Қарабұлақ, Рожков, Дайыр, Правда, Қаратал ауылдарындағы мектептерде ұстаздық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстазды шәкірттері мақтанышпен еске алады. Бүгінгі таңда Қаратал орта мектебінде Қабдығалым Нұржанұлы атындағы тарих пәні кабинеті ашылған. Отбасының ұйытқысы, ақ жаулықты анасы Серімжан Допайқызының да руы – Найман, ол балаларының бойына еңбекқорлықты, адалдық пен көркем мінезділікті сіңіре білген жан.
Серікбек Қабдығалымұлы аталмыш елді мекенде орналасқан Қаратал орта мектебін 1978 жылы бітіріп, еңбек жолын сол ауылдағы ауруханада кочегар болудан бастайды. Еңбек жолына өзгерістер енгізген кейіпкеріміз 1980-1982 жылдары совхозда жұмысшы болып еңбек етеді. Оқуға дендеп мән бере алмаған Серікбек Қабдығалымұлы осы уақыт аясында науқас әкесіне қарайласып, анасына қолғабыс етуін – өзінің ең басты міндеті деп санаған. Серікбек мырза әр ер азаматқа лайық әскери борышын өтемек ниетте 1982-1984 жылдары аралығында Кеңес армиясы қатарында Отан алдындағы борышын өтейді. Үлгілі тәртібі, өнегелі тәрбиесінің арқасында әскери комиссариат берген мінездемемен Өскемен медициналық училищесіне «Тіс технигі» мамандығына оқуға қабылданады. Өз ортасында белсенді, өзіне сенімді жан аталмыш оқу орнында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, спорт сайыстарынан жоғары орындарға ие болады. Училищенің көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшелерінің бірі атанып, домбыра, гитарамен құйқылжыта ән салып, көрермендерді баурап алады. Ол 1986 жылы училищенің толық курсын тәмәмдап, мамандығы аясындағы алғашқы еңбек жолына қадам басып, Өскемен қаласындағы Облыстық стоматология поликлиникасының ортопедиялық бөліміне мамандығы бойынша тіс технигі болып жұмысқа қабылданады. Араға он жыл салып, 1996 жылы Серікбек мырза Қарағанды қаласына қоныс аударуына байланысты жұмыс орнын ауыстырады.
![]()
Бүгінде елімізде тіс емдейтін стоматология қызметіне сұраныс жоғары десек, артық айтпағандығымыз. Тіс дәрігері – мамандығы шағын элементтермен тұрақты жұмыс істеуді талап ететін, ең жоғары дәлдікті қажет ететін қиын әрі қызықты сала. Осы сала тұрғысында ол 1996-1999 жылдары Қарағанды қаласындағы ТНПО «Стоматология» бірлестігінің ортопедия бөлімшесінде тіс технигі мамандығымен қызмет атқарып, халыққа стоматологиялық қызметін жасауды жалғастырады. 1999 жылы аталмыш мекеменің аты КГКП – «Карагандинское ОСО» болып өзгереді. 1999-2003 жылдары «Жүрек» клиникасында тіс технигі қызметін жалғастырады. Ол жинақтаған білімі мен тәжірибе жүзінде іске асырған білігін болашақ жас тіс техниктеріне үйрету мақсатында ұстаздық қызметке ден қояды. Серікбек мырзаның есімі 2003-2013 жылдары Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы жанындағы медициналық колледжіне тіс протездерін дайындау пәндерінің ұстазы болумен танылады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген халық даналығы текке айтылмаса керек. Серікбек мырза жастарды тек қана болашақ мамандыққа ғана баулып қоймай, зергерліктен де тәлім-тәрбие беріп, отбасында әкеден дарыған асыл қасиет бала жанының бағбаны болып, біраз жылдар нәтижелі еңбек етеді. Өз мамандығының майталманы атанып үлгерген жан, 2013-2018 жылдары «Зуботехническая лаборатория» ЖШС мекемесінде мамандығы бойынша жұмыс жасап, халыққа қызмет етеді. Оның сапалы жұмыстарының нәтижесінің жарқын айғағы – елімізден бөлек, арнайы Германия, Израиль, Ресей мемлекеттерінен келіп, тіс протездерін жасатқан пациенттердің болғандығы. Осы сала барысында еңбегі мен адамгершілік асыл қасиеттерінің арқасында ұжым арасында сыйлы, білімді маман, ардақты әке, айналасына қамқорлық шуағын шашып жүретін жаны жайсаң адамның ұлағатқа толы еңбек жолы мен өмірі – медицина саласын таңдаймын деген жастар үшін мотивациялық күш, болашаққа қадам басуға үлкен ынта болары анық деп есептейміз. Серікбек Қабдығалымұлының еңбегі еленіп, Республика деңгейінде жарық көрген «Лучшие профессионалы стоматологической службы Казахстана» басылымының кейіпкері және төсбелгісінің иегері атанды. Серікбек Қабдығалымұлы еңбек ету барысында сан мәрте грамоталар мен алғыс хаттарымен марапатталған.
![]()
Серікбек Қабдығалымұлы бүгінде мамандығының нағыз майталманы ғана емес, өз отбасының нағыз арқа сүйер тірегіне айналып отырған жан. Кейіпкеріміздің жары Нұржанова (Дүйсембина) Гүлмира Табаракқызы отбасының ұйытқысы, балаларының аяулы анасы. Бүгінде бір саланың білікті майталманы. Серікбек мырза мен Гүлмира ханымның қырмызы қыздары – Қарлығаш. Ата-ана жолын жалғастырушы жанның мамандығы тіс технигі әрі педагог-психолог. Ұлы Нұрланның мамандығы да тіс технигі, сонымен қатар финансист және ағылшын тілінің мұғалімі, мемлекеттік және жергілікті басқару ісі мамандығының да иегері. Келіні Меруерт – педагогика саласының маманы. Шырайлы шаңырақтың немерелері Айша мен Мансұр бүгінде оқу үздіктері, жан жақты болып өсіп келе жатқан бүлдіршіндер. Немерелерінің үлкені Айша – сурет салу өнерімен айналасып, 2018 жылы Прага қаласында өткен №13 арт фестивалінің ІІІ дәрежелі дипломының лауреаты атанды.
Гүлмира Табаракқызы – Найман руының ішіндегі Қаратай батырдың ұрпағы. Гүлмира ханым 1966 жылы желтоқсан айының 4-жұлдызында Шығыс Қазақстан облысына қарасты Катонқарағай ауданы, Қызыл Жұлдыз ауылында дүниеге келген. Аталмыш өлкеде балалық шағын өткізген жан 1984 жылы Өрел орта мектебін үздік аяқтаған шәкірттерінің бірі. Болашақ мамандығына таңдау жасаған ол Өскемен қаласында орналасқан іргелі оқу ордасы Өскемен медициналық училищесіне оқуға түсіп, 1987 жылы ойдағыдай аяқтап, «тіс дәрігері» мамандығын игеріп шығады.
Адамның денсаулығы ауыз қуысынан басталады. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін, ересектер мен кішкентай балалардың көңілін табуды талап ететін, мінсіз күлкіге ие болуына ықпалын тигізетін осы бір мамандық иесі 1987-1993 жылдары аралығында Өскемен қаласындағы Облыстық стоматологиялық поликлиникадағы профилактикалық бөлімшеде тіс дәрігері мамандығы бойынша жұмыс жасайды. Медицина – үнемі ізденісті талап ететін сала екендігі жасырын емес-ті. Осы ретте Гүлмира ханым 1993 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтының «стоматология» факультетіне оқуға түсіп, нәтижесінде 1998 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясын үздік аяқтап, қолына «Жалпы тәжірибедегі дәрігер-стоматолог» деген диплом алып шығады. Таңдаған мамандыққа қаяу түсірмей, адалынан халық арасында сыйлы бола түсу – маман үшін нағыз бақыт іспеттес. Ол өз кәсіби білігін жетілдіре түсу ниетінде 1998-2000 жылдары аталмыш оқу орнында Ортопедиялық стоматология кафедрасы жанынан 2 жылдық клиникалық ординатураны оқып, білімін шыңдай түседі. Еңбек жолына өзгерістер енгізіп 2000-2002 жылдар аралығында «Жүрек» клиникасында дәрігер-стоматолог жұмысын атқарады. 2002-2008 жылдары Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы жанындағы медициналық колледжде Ортопедиялық стоматология мамандығының оқытушысы қызметіне орналасады. Гүлмира Табаракқызының бағына ұстаздық ету қабілеті – әжесі Тамаш Жайлаубайқызынан дарыса керек. Әжесі Тамаш – Сұлтанмахмұт Торайғыровпен бірге, Шыңғыстай ауылында, Абдикерім болыстың ашқан мектебінде бала оқытқандығымен танымал болса, Гүлмира ханымның атасы Дүйсенбі Досбердіұлы – Ленин орденінің иегері, латын, араб тілдерін жетік меңгерген, сауатты адам болған. Қызыл Жұлдыз ауылынының қой және жылқы шаруашылығын басқарған, «халық жауы» деп бірнеше рет қамауға алынып, Сталиндік зорлық-зомбылықты басынан кешкен, қазақ халқының патриот ұлдарының қатарында болған жан. Текті жердің ұрпағы болғандықтан болар, Гүлмира Табаракқызы отбасы бақыты мен жұмыс барысында барынша мүдірмей, сыйлы болуды мақсат тұтып, болмысымен әрдайым көптің көңілінен шығады.
![]()
«Дәрігерлер» династиясы атанған отбасының ел үшін жасаған ұтымды жұмыстарының бірі – колледж қабырғасында ұстаздық жұмыспен қатар жолдасы Серікбек Қабдығалымұлы мен қызы Нұржанова Қарлығашпен бірлесіп, оқу-ағартушылық жұмыстар жасап, орыс, қазақ тілдерінде «Стандарты по технологии изготовления съемных протезов», «Алмалы-салмалы протездерді дайындаудың стандарттары», «Анатомия коронковой части зубов и основы их моделирования», «Тістердің сауытты бөлігінің анатомиясы және оларды пішіндеу негіздері» деген төрт оқу әдістемелік құрал жазып, баспадан жарыққа шығарады. Ерен еңбегі еленіп, 2005-2006 оқу жылында оқытушылар арасында өткізілген конкурстан сүрінбей өтіп, Гүлмира Табаракқызы – колледждің үздік оқытушысы атанады. Осы жылы конкурста колледждің «Үздік сынып жетекшісі» номинациясын жеңіп алса, кейіпкеріміз жетекшілік еткен 301-КСО тобы «Үздік топ» атағын жеңіп алады. Өз мамандығының нақ майталманы 2005-2013 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінде орта медицина қызметкерлерін аттестациялау жөніндегі комиссия мүшесі қызметін атқарады. 2008-2016 жылдары Қарағанды қаласындағы «Стома на Востоке» стоматологиялық клиникасында дәрігер-стоматолог қызметін атқарады. Гүлмира ханым – әмбебап дәрігер, ол тістерді емдеу, жұлу, тіс протездерін салу, дентальды имплантация жасау, орнатылған имплантантқа тіс салу, балалардың тістерін емдеу, плазмолифтинг сынды жұмыстармен шұғылданады. 2016-2020 жылдары Гиппократ медициналық фирмасында қызмет атқарады. Қазіргі уақытта Гүлмира Табаракқызы «Таш-Дент» стоматологиясында жеке кәсіпкерлікпен айналысуда және Қазақстан стоматологтары ассоциациясының, Қазақстан имплантологтары ассоциацияларының мүшесі. Дәрігер өмір бойы оқып өтетіндіктен біліктілігіңді арттырып отыру – оның негізгі ұстанымдарымның бірі. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ғалымдардан дәріс алып, біліктілігін жетілдіргендігін – өзі әрдайым мақтан тұтады. Гүлмира Табаракқызы Ресей, Украина, Америка Құрама Штаттары, Израиль, Оңтүстік Кореядан келген әріптестерінен де көп нәрсе үйреніп, тәжірибе алмасып, білімі мен дағдыларын жетілдіріп отыруды естен шығармайды.
Тіс емдеу – зергерлік жұмыс. Осы бір ерекше қабілет – оның ата-анасынан берілген болар деген ойдамыз. Себебі Гүлмира ханымның әкесі Табарак Дүйсенбіұлы – темірден түйін түйген, 90-жылдары шетелдік көліктердің қосалқы бөлшектерінің кейбіреуін сұраған адамдарға ұстаханада жасап бере алатын қабілеті болған. Ал ақ жаулықты анасы Жамал Тыштықбайқызы – он саусағынан өнері тамған ісмер, қазақтың ұлттық дүниелері алаша-сырмақтың сан алуан түрін нақышына келтіре жасап, тоқыманы өте жақсы тоқыған ерекше жан. Өз кезегінде Гүлмира ханымның ерен еңбегі еш уақытта еленбей қалған емес-ті. Республика деңгейінде жарық көрген «Лучшие профессионалы стоматологической службы Казахстана» басылымның кейіпкері және төсбелгісінің иегері атанса, еңбек ету барысында сан мәрте грамоталар мен алғыс хаттарымен марапатталған.
Адам жанының бағбаны атанған қос тұлғаға ұжым атынан зор денсаулық, баянды бақыт тілейміз. Халық аузында «Ақ халатты абзал жан» атанып кеткен Сіздердің біздің қоғамымызда алатын орындарыңыз ерекше екенін жақсы түсінеміз. Адам жанының арашашысы болып жүрген Сіздерге қандай құрмет көрсетсе де, артық болмасы ақиқат. Себебі Сіздер атқарып жүрген қызығы мен шыжығы аралас мамандықтарыңыздың ыстығына күйіп, суығына тоңып, жылдар бойы абыройлы қызмет етулеріңіз – Сіздердің кәсіптеріңізге деген адалдық пен шынайы сүйіспеншілікті білдіреді.
Осы ретте, Серікбек Қабдығалымұлы мен Гүлмира Табаракқызы халық денсаулығын сақтаушысы, ел игілігі мен амандығының аса маңызды тұлғаларының қатарында жүрген жандардың бірі ретінде алғыс айта отырып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз!