Усманова Маржан

Рейтинг:

Жеке кәсіпкер

Іскер әйел

      Әйел ол – әрқашан рух беруші, ұйымдастырушы, муза. Тарихты кім жасайды, әлемді кім өзгертеді деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, ол әрине нәзік жанды әйел заты деуге болады. Ер-азаматтар ұлы қолбасшылар, патшалар, императорлар, ғалымдар секілді белгілі тұлғалардың жанында үнемі барынша көреген және дана әйелдер жүріп, қолдау берді. Әйелдер мемлекет басқарды, елін қорғады, ер-азаматқа тірек болды. Әлі де солай жалғасуда. Сондай дана әрі қайратты әйелдер туған елінің бейбітшілігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп, осы жолда жеке өмірін құрбан етіп, ерлік пен патриотизм символына айналды.
      Жарықтың жылдамдығынан да тез дамыған ғылыми-нарықтық бүгінгі таңда да қазақ қыздары осы бір сенім мен абырой тұғырынан түскен жоқ. Бір ауыз сөзге тоқтап, бір ауыз сөзбен шешімін айтқан аталарымыздың берген бағасы бойынша, орамалының өзі бес жүз жорға тұратын қазақ қыздары от басы, ошақ маңында айналып қалмады. Азаматының ақ жағалы болуымен қатар, шаңырағының да берекесін кіргізіп, перзенттерін де тәрбиелеп, нарықтың ді тілін ұғынып, кәсіпкерлік саласында жетістіктерге, толағай табыстарға жетіп келеді. 
      Уақытпен санаспай адалынан еңбек ете білгеннің, еңсергені де көп болатыны секілді, үйдің де, түздің де, кәсіптің де жұмысына үлгеріп, спорттық заттар сататын дүкеннен әр аяғын «Біссімілламен» басқан нәзік жанды кәсіпкер қыздарымыздың бірі, «SPORT MAN» сауда дүкенінінің иесі Усманова Маржан Мақсатқызы. Әрбір адамның балалық шағы ұмытылмас бақытты кезең болып саналады емес пе?! Ата-ананың берген тәрбиесі баланың өмірлік азығы. 
      Жақсы тәрбие ғұмырлық болады. Балаға әкенің қанымен, ананың сүтімен берілген тәрбие ғана жетістікке жетелей алады. Бүгінгі кейіпкеріміз де сондай өнегелі тәлім-тәрбиемен сусындап есейген жан. 
      Бастаған ісін үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілеті басым, сауда саласын меңгерген Маржан Мақсатқызы 1990 жылдың 3 қыркүйегінде Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында дүниеге келді. Тағдыр желінен қорған болған, әр бастамасының қолдаушысы бола білген әкесі Мақсат Дүйсенбайұлы адалдық пен әділдікті, аялы алақаны мамықтан да жұмсақ анасы Гүлсім Нұрадинқызы қызға тән ибалық, имандылық мен өнегені бойына сіңіріп өсті. 
      Талай ақтаңдақ тұлғалардың табан ізі қалған қасиетті топырағының асты да, үсті де қазынаға бай құтты мекенде бақытты балалығын өткізген Маржан Мақсатқызы өмір аламанында жеңіс тұғырына жетелей білетін білім ордасының табалдырығын Жаңаөзен қаласындағы №14 мектепте аттады. Ата-анасының татулығы, бір-біріне деген сыйластығы, балаларына деген махаббатын көріп есейген Маржан Мақсатқызы олардың ес білгелі ұрсысып, бір-біріне қабақ шыта қарағанын байқамапты. Кейіпкеріміз де кішкентай күнінен жан-жақты болды. Әрдайым ізденіп, өзіне керегін таңдай білетін, талғампаз әрі пысық қыз болды. Өзінің жасына қарамастан ол жан-жағында болып жатқан жаңалықтарға құлақ түріп жүретін зерек те еді. Мектеп мақтанышы ғана емес сынып көшбасшысы да бола білді. Сынып жетекшісінің оң қолы болып, түрлі шаралардың ұйымдастырылуына әрдайым ұйытқы болып жүрді.
      Қазақ қыз баланы қонағым деп, қашан да төр берген. Бүгінгі кейіпкеріміз де мектепті бітірген соң балабақшада, бала тәрбиесі саласында еңбек ете жүріп, өмірлік жолдасын кездестіріп, таңдаған адамына тұрмысқа шығады. Азаматының арын биік қойып, табалдырық аттаған әулетінің түтінін түзу ұшыру жолында қызмет ете жүріп, дүниге тұңғышын әкеледі. Жар міндеті мен келіндік қызметімен қатар, бала тәрбиесі қосылған Маржан Мақсатқызы үй жұмыстарын жасап жүріп те уақыт тауып, ғаламтор арқылы өзін жетілдіріп, қаржылық сауаттылығын арттырады. 
      Арқа сүйер азаматы Өтегенов Марат Бұрғылау мұнай мекемесінде бұрғышы болып жасағанымен, спорт саласынан да алыс емес, шаршы алаңда қарсыласынан басым түсіп, жеңіс қолы жиі көтерілген талантты боксшы. Спорт саласын таңдап, ізіне түскенде, қазақ елінің абыройын асқақтатқан, көк туды көкте желбіреткен спортшы да болар еді... Десек те, мұнай саласында қызмет етіп жүріп те, спортты тастамаған Марат Рамимұлы бүгінгі таңда да жарыстарға жиі қатысып, жеңіс туын желбіретіп келіп жүр. 
      Біздің бұл жерде кейіпкеріміздің жолдасын айтқанымыздың себебі, Маржан Мақсатқызының да осы жарының қолдауымен, спорттық тауарлар сататын дүкен ашуында еді. Міне, бүгінгі таңда Жаңаөзен қаласындағы іздеп жүріп келетін сауда дүкеніне айналған «SPORT MAN» дүкенінің иесі де Маржан Мақсатқызы еді.
      Сауда саласы – біздің көзімізге жеңіл болып көрінгенімен, оның да өзіндік қиындықтары, шыдамдылықты, табандылықты талып ететін сәттері, тұтынушылардың көңілінен шыға алмасаң, кәсібіңді бір жолға түсіре алмасаң жүнжітіп жіберетін сәттері болады. Бірақ, осындай қиындықтан өтіп, қайнаудан шыныққан болаттай болып шыңдалып, мезгіліне сай салауатты өмір салтын ұстанатын жергілікті тұрғындарға қандай тауар керек екенін алдын ала біліп, спорттық дүкен ішіне кірген адам өзінің іздеген затын таба алатындай қамтамасыз ету – нәзік жанды әйел заты түгіл жауырынды ер азаматтардың да иығына ауырлық танытар іс. Бірақ, өзінің жұмысын сүйіспеншілікпен, ерекше махаббатпен жасаған Маржан Мақсатқызы сауда саласынан бір сәт те шаршаған емес. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда Жаңаөзен қаласы бойынша спорттық тауарлар сататын үздік дүкендердің көшін бастап тұр. 
      Кейіпкеріміз табысты кәсіпкер ғана емес, отбасында да аяулы жар, асыл жүрек ана. Жары Марат Рамимұлы екеуі 8 бала дүниеге әкеліп, 20 жасында ана атанған, "Алтын алқа" алған, "Батыр ана" атағы бар, I дәрежелі "Ана даңқы" орденінің иегері.
      Иә, елімізде әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің маңызды мәселелеріне белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан біздің елде әйелдің саяси һәм қоғамдық белсенділігіне айрықша көңіл бөлініп, белсенді де іскер, білімді де білікті қыз-келіншектерге даңғыл жол ашылған. Бұл жөнінде Елбасы: «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деген болатын.
      Міне, осындай нәзік жандылардың бірі, кәсіпкерлік саласында ерлермен иық тіресе жұмыс жасап жүрген Усманова Маржан Мақсатқызының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....
30 марта 2025 19:53
Людмила.
Наши самые дорогие, родные!!! БАХЫТЖАН Рахимжановичь здоровья вам и вашей большой семье! Горжусь, что с вами работала,...
25 марта 2025 23:30
Гульнар
Бүгінгі күні Серікбек пен Гульмира білімділігі мен біліктілігінің арқасында көптеген адамдардың алғысына бөлініп...