Нургалиев Жагыпар

Рейтинг:

ІСТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН

Білу ғана аз, сол білгеніңді істе қолдана білу керек.
Иоганн Гёте

      Адамның жетістікке жетуіне ата-ана үлгісінің ықпалы зор екені ақиқат. Тау тұлғалы әкесі Нұрғалиев Әбіл – бастаған ісін еш уақытта орта жолда қалдырмайтын жан. Әркез адалдық туралы айтатын оның болмыс-бітімі де соған үндеседі. Әкесінің болмысы, жүріс-тұрысының өзі үлгі. Асыл анасы Нұрғалиева Мұқлиза, батасын беріп, тілеулес болып отыратын мейірбан, қамқор ана, жан жылуын балаларына арнаған. Ата-анасы – Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының тумалары. Әкесі көп жылдар бойы Ұлан совхозында алдыңғы қатарлы шопан болып, зейнет жасына жеткенге дейін жұмыс жасаған. Анасы 10 баланы өмірге әкелген алтын алқа иегері, Батыр ана. Анасы совхоздың түрлі жұмыстарын істеп, бүгінде құрметті демалыста.
      Жетістігі мол жандардың бірі – Нұрғалиев Жағыпар Әбілұлы 1953 жылы 1 қантарда ШҚО облысы, Ұлан ауданы, Асубұлақ кентінде өмірге келеді. 1972 жылы Өскемен қаласында ауылшаруашылық техникумын бітіреді. 1972-1974 жылдар аралығында Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарында қызмет етеді. 1975-1980 жылдары Ұлан совхозының 3 бөлімшесі, Борсақ ауылында зоотехник қызметін атқарады. 1981 жылдан бастап «Никитинка» совхозында зоотехник мамандығы бойынша әр түрлі салада қызмет атқарады. Жауапкершілігі мол маман ферманың бригадирінен бастап, Ұлан ауданының бас зоотехнигі қызметіне дейін көтеріледі.
      1972 жылы техникум бітірерде мемлекеттік емтихан тапсырған кезінде емтихан төрағасы: «Оқуды жақсы оқыған екенсің, осыдан сенің талабың зор, мақсатың айқын екені байқалады. Дегенмен, жақсы маман болу үшін алған білімің жеткіліксіз. Ғылыми кітаптар мен журналдарды көбірек оқы, түбі сенен жақсы маман шығады», – деген болатын. Осы сөздер оның жадында сақталып қалғаны ғой, өз еркімен ізденіп, білімін жетілдіріп отырады. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде өндірісте бірнеше жаналықтар енгізеді. Басшылар да Жағыпар Әбілұлының осы қабілетін ескеріп, көтермелеп отырады.
    «Білім мен құдіреттілік – екеуі бір нәрсе» деген Френсис Бэконның сөзін басшылыққа алып, 1986 жылы Алматы зооветеринарлық институтына сырттай оқуға түсіп, зооинженер мамандығы бойынша диплом алады. 1991 жылы Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу технологиялық институтына аспирант болып қабылданады. Аспирантураны бітіргенімен, ғылыми атақ қорғауға жағдайы болмайды. Өзі қызмет еткен шаруашылық салаларында аспирантурада алған білімін кеңінен қолданып, тәжірибелер жасайды. 2000 жылы Ұлан ауданы әкімшілігінде ауыл шаруашылығы бөлімін менгерушісі қызметін, 2008 жылдары Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылық ғылыми зерттеу институтында, мал шаруашылығы бөлімінде аға ғылыми қызметкер болып қызмет жасайды.
  – 2009 жылы Санкт-Петербург қаласының ауыл шаруашылығы университетінде іс-тәжірибеден өттім. Сонда алған бір тәжірбием: ғылыми жетістіктерді, жана технологияларды өндіріске енгізу болды. Үйге оралған кезден бастап білгенімді іске асыра бастадым. Басында институттың ғылыми қызметкері ретінде жұмыстар атқардым. 2011 жылдан бастап жеке кәсіп ашып, «ВК Консалтинг» деген атпен шаруашылықтарға осы уақытқа дейін кенес беріп келемін. Негізгі бағыт – төрт түлік малды асылдандыру және жаңа озық технологияларды мал шаруашылығы саласына енгізу.
      Қазақ амандық сұрасқанда, алдымен, «Мал-жан аман ба?» – дейді. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп, күн кешкен елдің күйкі тіршілігі көпке үлгі. Отар-отар қойды, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқыны жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіріп, төрт түлікті түлете білген елдің баласы емеспіз бе?! Агросаланың тың серпін алып, биікке бағыт алуында да осы біз тәрізді жеке серіктестік, мекемелердің үлесі басым. Сол жауапкершілікті түсіне отырып, жұмыс істеп келеміз.
      Жастықтың әсерімен көп нәрсеге еліктеп, техникум қабырғасында жүргенде еркін күреспен шұғылданады. Спорттың еркін күрес және қазақша күрес түрлерімен 40 жасқа келгенше айналысады. Салауатты өмір салтын ұстанатын Жағыпар Әбілұлы атқа мініп, кең далада серуендеуді қатты қалайды. Жаныма жақын жандар экологиялық таза жемістер жесін деген ниетпен жеміс-жидек өсірумен айналысып келеді.
       Бір отбасының басшысы болып жүрген азамат бүгінде сүйікті жар, қамқор әке, немерелерінің қорғаны мен тірегі. Қуаныш пен қиындықты тең бөлісіп келе жатқан жұбайы Құнанбаева Рахила Зияденқызы екеуі үш бала тәрбиелеп өсіріп, аяғынан тік тұрғызып, білім алуына барлық жағдай жасайды. Отбасының тұңғышы, үлкен қыздары Назгүл Жағыпарқызы Өскемен қаласында тұрады. Назгүл – отбасылы, үш баланың анасы, мамандығы тігінші. Отбасын құрып, отау тіккен ұлдары Табиғат Жағыпарұлы ата-анасымен бірге тұрып, шаңырақтың отын жағып отыр. Шаңырақтың шаттығын ұрпақ жалғасы – қылықты немерелері еселей түсуде. Шаңырақтың кенжесі Мадина Жағыпар Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында жер кадастры мамандығы бойынша енбек етіп жүр. Оның отбасылы болатын күндері алғы күндердің еншісінде.
      Ауыл шаруашылығы – материалдық өндірістің ең маңызды түрлерінің бірі. Ауыл шаруашылығы халықты азық-түлікпен және өнеркәсіпті шикізаттың кейбір түрлерімен қамтамасыз етумен айналысады. Ауылшаруашылығы саласының ел экономикасын қарқынды дамыту бағытында алар орны ерекше. Қазақтың таза өнімі жыл өткен сайын шетелдіктердің қызығушылығын арттырып отыр. Ел арасында өлшеусіз еңбегімен, шаруашылық басында ұтымды тәсілімен танылған Нұрғалиев Жағыпар Әбілұлының ауылшаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстары мұнымен тоқтамасы анық. Оның көздеген мақсаты айқын, талабы нық.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...