Тоқсейтова Шолпан Әбубекқызы

Рейтинг:

«КС-Бытсервис» ЖШС басшысы

Іргелі іс басындағы жан

      Бүгінде бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен нәзік жандылар қоғам дамуына өз үлесін қосып жүр. Нарық заманы – отбасын да, мансап жолын да қатар алып жүретін іскер әйел болуға талпынғандардың уақыты. Соқпағы мен тәуекелі көп бизнес ортада өз орнын еншілеп қана қоймай, табысқа кенелген Тоқсейтова Шолпан Әбубекқызы – өз кәсібіне белсенді кірісіп, дөңгелетіп отырған көшбасшы.
      Іскер әйел, бақытты ана, «КС-Бытсервис» ЖШС басшысы Тоқсейтова Шолпан Әбубекқызы 1964 жылы 3 маусымда Қызылорда облысы Тереңөзек ауданында қарапайым отбасында дүниеге келді. 
      «Әкем Тоқсейтов Әбубек пен Қалкөзова Күлтай екеуі де өте балажан еді. Біз мектептен келе жатқанда әкеміз алдымыздан шығып қалса, өзі органда қызмет жасайтын кезі ғой, қап, тоңып қалдың-ау деп, шинелін ағытып, бізді бауырына қысып алып, үйге қайтып келіп анамызға: «Тоңып қалыпты, тез пештің қасына апар, тамақ бер», – деп безектеген. Анамыз онсыз да тамақ береді ғой, сонда да шыдай алмай, өзі еріп келіп тұр ғой.
      Мектепте жүргенде анам: «сабақ оқы, жақсы оқы, жақсы оқысаң ғана адам боласың», – деп, мені үй шаруасына көп жұмсамады. «Біздің заманымыз басқа болды, дұрыс оқи алмадық, енді сендер оқыңдар» дейтін. Дегенмен де анам да, әкем де өте сауатты кісілер болды. Қандай қиын-қыстау заманда өмірге келіп, сонда да білімге құштарлығы мықты болған, мектепте өте жақсы оқыған. Әкемнің жазуы тасқа басқандай, орысша жазғанда бір қатесі жоқ. Анам тек оқымай қалғаны болмаса, бір агропромды басқарып отыратын кісі болатын ба еді?! Жерді жақсы меңгерген. Үкіметтің жұмысын жасамады дегені болмаса, анашым тыным таппайтын, өте еңбекқор. Өмір бойы есіктің алдында егіндік болды, отбасымызға қажетті көкөністі сол жерден жинап алатын. Сексенге келгенше егін егіп, огородқа барып, ортасына отырып алып, арам шөбін жұлып, өсімдіктерін жақсы өсірді. Қазір жастар да жасамайды олай. Әкем өмір бойы балықшы, аңшы болған. Үйде аңшылардың, балықшының барлық құралдары болды.
      Әкемнің әкесі мықты аңшы, тігінші болған, қымбат жағалы киімдер, ішіктер тіккен. Қиын замандарды бастан кешкен атам: «Таста анау арам затты, менімен бірге жүр», – деп, балық аулауды көптеген адамдарға үйреткен екен. Көп қылып аулап, арбаға тиеп ауылға алып келеді екен, содан мұқтаж адамдарға балықты шелектеп таратады. Әкем де бала кезінде балыққа көп барған адам. Бір күні солай есекпен бір жағадан екінші жағаға жүзіп бару керек болғанда, әкешімді балық жеккен есекке отырғызған, мүмкін салмағы жеңіл болғасын шығар, өйткені үлкен кісіні есек көтере алмайтын болған. Солай әкем есекпен жүзіп келе жатқанда есек аударылып кетіпті, әйтеуір құдай сақтап аман қалған, ағасы мінгізгенде, қолына арқанды ұстатып, «арқаннан айырылма дегенді мықты есіме сақтап алғанмын» дейді, сол арқанның арқасында ағып жатқан дариядан аман шығыпты.
      Бала кезімнен білімі бар, ақыл-ойы кең кісі көрсем, сол кісімен танысып, білмегенімді үйренсем деп ұмтылатынмын. Сол себепті ме білмеймін, қай жерде болсам да, айналамда жақсы кісілер табыла жүретін. Олардың бәрін айтып тауыса алмаспын. Тек қана сол кісілерді Алла сыйласын деймін. Бүгінгі күнімде қолымды бір нәрсеге жеткізген болсам, бірінші Алла, одан кейін осы әкем мен анашымның арқасы, оларға алғысым шексіз. Анамнан төзімділікті, сабырлы, кешірімшіл болуды, әйел заты қандай болу керек, отбасын қалай ұстау керектігін үйренсем, әкемнен қайсарлықты, өжеттілікті, батылдықты үйрендім, адалдық пен әділдікті бетке ұстауды үйрендім. Әкешім мені, қыз бала болсам да, ер баладай көрді, өзінің інісіндей көріп, маған сіз деп сөйлейтін, жасым жас болса да, бір нәрселерді сұрап, менімен ақылдасатын, «сіз қалай ойлайсыз» деп, пікірімді сұрайтын еді. 
      Бірде құдаларды шақырып, үйде қонақ күтіп жатырмыз, содан таныстырайын деп әкем бізді шақырды, сондағы әкемнің құдаларға мені таныстырғанда мен таң қалдым, «отымның жылуы, суымның тұнығы Ақ Шолпан деген тұңғышым» дегенде менің төбем көкке жеткендей болды, байқадыңыз ба, сөз байлығы қандай әкемнің?!
      Жас кезінен әкем де, анам да көп бейнет көрген жандар, өзінде болмаса да жұртта болсын деген жандар, ағайынға мейірімді, абзал, асыл жандар болды. Үйге қонақ келсе, әкем үлкен демей, кіші демей, алдынан жүгіріп шығады. Анам самаурыны мен қазанының буы бұрқырап, қонақтың артынан ілесіп, үйге кіріп жатады. Анамызға «қонақ келетінін білдіңіз бе, қалай асыңыз тез дайын болды» деп таң қаламыз. Бәріміз жиналғанда, ата-анамыз ортамызда, дастарқан басында өте көңілді, «балалы үй – базар» дегендей, улап-шулап, апақ-шапақ болып отыратын едік. Соның өзі бір дүние еді. Дегенмен мен өзімді бақыттымын деп санаймын. Менің байлығым – ата-анам, бауырларым, жанұям. Ата-анам бұл дүниеден озса да, артында біздерге рухани азық қалдырды, қасымызда болмаса да, әрқашан да жүрегімізде, ата-анамызға арқа сүйеп, жасымыз 60-тан асса да, өзімізді бала сезініп жүргенімізге Аллаға мың алғыс.
      Айта берсем тауыса алмаспын, нағашы атам сияқты әкеме, анама арнап жүрегімнен жыр-дастан жазғым келеді. Ол кісі сия қарындашпен отырған жерінде өлең жазып отыратын, ағаш сарайдың көлеңкесінде отырып, ойындағыны сарайдың жарына жаза беретін. Балалары үшін отқа да, суға да түсіп, «балаларым ішсін, жесін» деп, бар тапқанын бізге беріп, ешкімнен кем болмасын деп оқытып, өсірген әкешім мен анашыма айтар алғысымыз шексіз!
      Ал бауырларыма келер болсам, өзіме тетелес сіңлім Алма, 19 жасында 1985 жылы Смоленск деген Ресей қаласында оқып жүріп, кенеттен қайғылы жағдайға ұшырап, қайтыс болған. Одан кейін Айгүл, Анар деген екі сіңлім бар. Екеуі де тұрмыста, отбасылы, Аллаға шүкір, – деп бастады сөзін кейіпкеріміз Шолпан Әбубекқызы. 
      Жазда аптабы болмаса, малға да, жанға да жайлы жерде балалығын өткізген Шолпан Әбубекқызы 1981 жылы Жалағаш ауданында орта мектепті бітіріп шыққан соң, Жезқазған қаласына жоғары оқу түсіп, 1986 жылы инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп шығады. 
      Мектеп қабырғасында жүріп өзінің белсенділігімен «комсомолдың культмассовый секторын» басқарған жас, жоғарғы оқу орнының да қоғамдық өміріне белсене араласты. Осы оқу орында жүріп, көңілі қалаған жігіт Музафаров Айбекпен отау құрады. Бірақ ер азамат үшін Отан алдындағы қызмет қашан да бірінші орында болған емес пе?! Жолдасы әскерден келген соң, қол ұстасқан күйі бақытты өмірге аттанып, қазіргі Атырау қаласына келеді. 
      Өзінің алғашқы еңбек жолын арнайы жолдамамен келіп, «Гурьевэнергоға» қарайтын «ПТС» мекемесіне қазіргі «Атырау жылу жүйелері» мекемесінде «Наладка» бөлімшесінің инженері болудан бастайды.
      – Бүкіл қалада жылу алатын мекемелерге, нысандарға жылуды тиімді пайдалану үшін орнатылатын «шайба» деген шектегіш болады, соның өлшемін есептеп беретін болдым. Мені жұмысқа қабылдаған, сол кездегі басшысы Ильясов Еламан Кауанович, маған жас маман ретінде көп қолдау жасады. Мен кеше ғана институттың табалдырығынан аттап келген бойым, жұмыс бағытын онша түсінбей отырғанда, маған ағалық кеңес беріп: «Сен институтта жақсы оқыпсың, көп нәрседен хабарың бар екен, бұл жұмысты да алып кетесің, батыл бол, «көз – қорқақ, қол – батыр» деген, білмегенің болса, ұялма, сұра, түсіндіреміз» деп. Мен сол кісіге өте ризамын. Жұмыстың оңайы жоқ қой, дегенмен басында біраз қиналдым. Бір жағынан жұмыстың қиындығы, бір жағынан қасымда басқа ұлттың өкілдері, үш әйел адам жұмыс жасады.
      Қала сыртында ұзыннан жатқан үлкен құбырлар бар емес пе, сол құбырлардың схемасын сызып алып кел деп, мені бастықтарым жұмсайтын. Жиырма градус аяз, паналайтын жер де жоқ, суықтан, желден үсіп тоңып схема сызып келемін, әрбір бекіткен бекеттерді өлшеп, менен басқа схема сызатын адам болмағаны ма деп күрсініп жүретінмін, бірақ схема керек қой деп, бар ынтаммен сол жұмысты атқарып жүрдім. Артынан білгенім, схема да, басқасы да бәрі бар, тек мен сол схеманы жаттасын деген әрекет екен. Нәтижесінде сол кез мен үшін жақсы мектеп болды. Кейде осы күнге жеткенім сол кезде алған тәжірибемнің, қиындықты жеңе білгенімнің арқасында болар деп ойлаймын, – дейді өзінің өмірде кездескен сынақтарын тәжірибе деп қабылдап, алғашқы еңбек жылдарында тәжірибесімен бөліскен әріптестеріне алғысын айтқан Шолпан Әбубекқызы. 
      Міне, бүгінгі құрмет төріне шығуына алғашқы баспалдақ болған сол бір жылдардағы, уақытпен санаспай жасаған еңбегінің алғашқы табалдырығы болатын. Қолына алған қандай істе де шыр айналдырып алып кететін епті жан, қызмет бабында кесе көлденең кездескен қиыншылықтардың табандылық, сабырлылық, алғырлық таныта отырып шешіп шығаратын, іс жүргізу барысында екі жақты да риза етіп, өзіне міндеттелген жүктемелердің шегінен шыға біледі. 
      Қолынан іс келетін маман, қай қызметте де сұранысқа ие, қандай ортада да абырой биігіне көтеріледі емес пе?! Аянбай жасалған еңбегі мен қызметке деген құштарлығы, сеніп тапсырылған іске деген жауапкершілігінің арқасында, оның үстіне өзінің бойындағы ұйымдастырушылық, басшылық қабілетін көрсете білгенінің арқасында қызметте сатылай көтеріледі.
      Проектный институтында сантехникалық бөлімінде – инженер, «Теплокоммунэнерго» мекемесінде – І дәрежелі инженер, 2003 жылы «Евразия-БизнесНС» ЖШС-інде диспетчер болып, 2005 жылдың 1 мамырынан бүгінгі күнге дейін «КС-Бытсервис» ЖШС басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді. 
      – Халыққа қызмет көрсету, халықпен жұмыс жасау өте қиын, дегенмен, жасаған еңбегіме әрбір кісінің ризашылығын, алғысын естігенде, жұмысымнан қанағат аламын. «Ешбір өзен өзінен су ішпейді, ешбір ағаш өз жемісін өзі жемейді» деген қағида бар. Қолыңыздан келгенше, халыққа қызмет жасау керек, адамдарға пайдаңызды тигізіп, сонда сіз бақытты боласыз – менің ұстанымым осы.
      20 жыл деген аз уақыт емес, көпқабатты үйлерге қызмет көрсетеміз, қарамағымызда 12 үй бар, сол үйлерде суы, жарығы, жылуы, кәрізі, тағы да басқасы, лифт, домофон деген сияқты, бәрі үздіксіз жұмыс жасап тұру керек, соның бәрінің жұмысын бақылап отыратын мекемеміз.
      Бұл жұмысымда да өз білімімді, тәжірибемді алға ұстап, өзімді білімді маман ретінде танытқан болармын, соңғы екі жылда Атырау қаласындағы ПИКтер Ассоциациясына басшы болып тағайындалдым. Әкем «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп айтатын. Менің мәртебемді көтеріп, маған қолдау көрсетіп жүрген апайым Салихова Нұрбике Сапаргалиевнаға алғысым шексіз! Ол кісіге ешқандай туыстығым жоқ, бірақ сол көп әріптестердің арасынан мені өзі таңдап, алға сүйреп келеді. Сапаргалиевна апайыма Алланың нұры жаусын деп тілеймін, ол кісінің орны мен үшін бөлек. Үмітін ақтауға тырысып жүрмін. Әріптестеріме де рақмет, сау болсын, бәрі бір кісідей мені қолдады, – деп алғысын білдіреді әріптестеріне Шолпан Әбубекқызы. 
      Ескі замандардан бері қарай бағамдап қарайтын болсақ, қазақтың асыл аруларының арасынан ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де молынан кездеседі. Өз ұстанымына берік, қазақтың қайсар қыздарының бірі де бірегейі Шолпан Әбубекқызы бүгінгі қыз-келіншектерге үлгі боларлық жан деуге болады. Өзінің саласын бес саусақтай білетін ол, табысты кәсіпкерлердің, аналардың қатарынан көрініп отыр. Сыртынан қарап сүйсінесің. Кейіпкеріміздің бүгінгі жасап жүргені – таза еңбек, адал маңдай тер. Ерінбеген адам талай жетістікке жетерін ол бүгінде мойындатып келеді.
      Иә, еңбек етемін деген адамға бүгінгі таңда мүмкіндіктер көп. Тек, жетістікке жетемін деген ынта-жігер мен таңмен таласа тұрып жасайтын еңбекқорлығының серігің болса болғаны, талабың қорған болары хақ. Дұрыс қойылған мақсат, адамды жетістікке жетелейді. Адамда көздеген мақсаты мен соған жетуге деген құлшынысы болуы керек. Иә, қандай да болмасын адал кәсіпте береке болатыны рас. Аздан бастап, сатылап өсіп, өзін директорлыққа дейін жеткізіп отырған жандар қаншама. Дегенмен оған жету жолында қиындықтар кездесетінін жасыра да алмаймын. Оған күш-жігер, қайсарлық пен мықты қайрат керек. Биікті бағындырғың келсе тынымсыз еңбек керек. Мұнда миға да, санаға да тыныштық болмайды. Үздіксіз ой үстінде болып, кәсіпті берік нық аяғынан тұрғызу үшін еңбек, еңбек және еңбек керек. Бір биікті бағындырып болып, келесі биікке қалай жетемін деп талпыну жатады. Мұндай сынақтарды Шолпан Әбубекқызы да басынан өткерді, бірақ, ата-анасының қанатты сөздері, тәлім-тағылымының арқасында кедергілерді жеңіп, белестерді бағындырды. Оны біз кейіпкеріміздің мына бір сөздерінен көре аламыз. 
      «Тоқсаныншы жылдары елдің бәрі жұмыссыз қалды, біз де жолдасым екеуміз жұмыс болмай қиналдық. Бір күні базарға барсам, бір әйел адам базардағы саудагерлерге тамақ сатып жүр, мен екінші ұлымды босанып, үйде отырмын, маған да мен де осылай жасасам болады екен ғой деген ой келді. Үйге келіп, бір ыстық тамақ жасап апарайын дедім, содан палау басып, қазанымен базарға алып бардым. Осының алдында жолдасым бір бизнес жасап жүрген еді, ақшаның бетіне қарамай жұмсадым. Енді намыстанып, тамақ сатуға ұялып, анау базарды шыр айналып жүрдім. Бір таныс келіншек мені көріп, манадан жүрсің ғой деп сұрады. Міне, тамақ әкеліп едім сатуға деп қолымдағы сөмкені ашып көрсеттім. (Не нәрсенің де мәнісін білмесең, қиын екен. Бірақ қайсар мінезім бар қайтпайтын). Ол ешқандай күлкі етпей, мазақ қылмай, маған түсіндіріп айтты, қазанмен емес, 500 грамдық шиша ыдысқа салып алып кел, сөйтіп мына қатарларды жағалап сұра, тамақ ішесіз бе деп, әлі кешке дейін біраз уақыт бар, алады деді. Қатты қуанып кеттім, үйге ұшып келіп, тез-тез шыны дайындап, тамағымды жылытып, шиша ыдысқа салып, қайтып бардым базарға. Жаңағы Мақпал деген келіншек еді, өзі кіп кішкентай, бірақ жүрегі өте үлкен, маған жаны ашып, ақылын айтып, қамқорлығын көрсетті.
      Мен еш уақытта ұмытпаймын оны. Соған шауып бардым, міне, әкелдім деп. Ол мен үшін базардың бастығы сияқты болды ғой, негізінде қақпаның алдына тұрып нан сататын. Енді қатарларды жағалап, сат тамағыңды, деді. Солай күнде-күнде тамақ сататын болдым. Содан бір-екі таныс келіншектер «Алматыға барамыз, зат әкеліп сатамыз, бізбен бірге барасың ба» деді. Үйге келіп, отағасымен ақылдасып, баратын болдым. Марфуға деген қайын апам 
      300 доллар берді. Ол кезде ол көп ақша болатын. Сонымен Алматыдан зат тасып, оны «Авангардтағы» базарға апарып сатып, күнкөріс әйтеуір. Алайда сол кәсіптен байып кеткен жоқпыз, тек ешкімге алақанымды жаймай, ішетін тамағымыз бен киіміміз түгел болды. Бір күні бірге жұмыстас болған бастығымды кездесіп қалдым. Ол мені жұмысқа шақырды, бізге білімді маман керек болып жатыр деді. Артынша мен де, жолдасым да жұмысқа орналастық.
      Бірақ сол кезде өмір бізге қиындықтан еш уақытта шыға алмайтындай көрінді», – дейді кейіпкеріміз сол бір қиындығы арқаға аяздай батқан жылдарды еске алып. 
      Ұжым ортасында сыйлы, жібек мінезді, қызметте талапшыл Шолпан Әбубекқызы – отбасында асыл жар, аяулы ана. Текті әулеттің табалдырығын аттап, жары Музафаров Айбек екеуі саналы екі ұл тәрбиелеп өсірді. Мерейін өсіріп, әлеуетінің тегін жалғап отырған перзенттері туралы да кітапқа енгізуді есте қалдырмады. 
      – Шеркеш ауылына келін болып түстім. Ата-енем өте тамаша кісілер болып шықты. 
      Атам – Арыстанғалиев Құндақбай деген кісі, Атырау өңірінде үлкен қызметтерде болған өте сабырлы, салмақты кісі болды. Замандастарының көбісі таниды. Арыстанғали деген арғы атамыз Мақаш басқарманың қасында «писарь» болып жасаған екен.
      Енем Жұмағамбетова Үбәйда, Қайыршақты мектебінде 40 жыл мұғалім болған, дүниеге екі қыз, бес ұл әкелген көпбалалы ана. Енем, жарықтық, өте жомарт еді. Мен ол кезде жас келін болып, тамақ жағында жүргенде еш араласпайтын, бірдеңені бүлдіріп жатырмын ба, күйдіріп жатырмын ба, еш сыр бермейтін. 
      Менің кіші ұлым Темірлан кішкентай кезінде, атаға үлкен үй салып беремін, төбесінде үлкен жалауы бар дейтін. Олай дегені Анар сіңлім облыстық әкімшілікте жұмыс жасады. Сонда жұмысына 1-2 рет барғанда көргені гой. Қазір мықты дизайнер, Әмірхан деген немереміз бар, Назым деген келініміз бар, Аллаға шүкір, тіл көзден аман болсын! Үлкен ұлым – Ринат деген жігіт, Атырау өңірінің игі істеріне белсенді қатысып жүрген болашағы мол жас инженер. Келінімнің ата-анасы құдаларымыз профессионал музыкант, құдамыз Садықов Аманқос – атақты термеші, құдағайымыз Садықова Ғанипа – өзі сазгер, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өте тамаша кісілер, атақ-даңқы болса да өте қарапайым, – дейді сыйлы құдасы мен бір-бір саланың білікті мамандары болған перзенттерін мақтаныш ете отырып, әңгімесін аяқтаған Шолпан Әбубекқызы. 
      Шолпан Әбубекқызы – ылғи да жақсылық жасағысы келіп тұратын жан. Оның адамгершілік абзал қасиеттері, азаматтық тұлғасы, өресінің биіктігі, болмысының бейнесі, төңірегіндегілерге жанашырлығы айқын көрінеді. Осындай қасиеттер былайғы қым-қуыт тіршіліктің тінінде, жайбарақат күндердің күресінен байқала бермеуі де мүмкін. Бірақ қандай да қиыншылықтарды болмасын мойнымен көтере алатын кейіпкеріміздің төзімінің мықтылығына кейде таң қала қарайсың, қызығасың да. Қандай жағдай болмасын, ол өз жолынан жаңылған емес. Тағдырлас қиналған жандардың қасынан табылды, сүрініп жатқанды демеді, құлағанды тұрғызды. Бұл, әрине, екінің бірінің қолынан келмейтін мәрттік пен жомарттық. Сол қалпынан әлі күнге таймай келеді. Пейілі таза, мейірбан жүректі Шолпан Әбубекқызының ісіне мығымдығы, жақсы жолдасын қапыда қалдырмайтынынан да болар, оның достары ылғи да жанынан табылып жатады. Ол өзінің салмақты қалпынан ажырамай, бәрін сабырмен шешуге ұмтылады. 
      Ісімен де, сөзімен де, өнегеліліктің өрмегін салып келе жатқан Шолпан Әбубекқызының деніне саулық, отбасына амандық, еңбегіне табыс тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

16 октября 2025 07:21
Людмила
[hide] [/hide Евгений! Вопрос: в далёком детстве Вашем Вы были в Монголии?? 1975-1980гг. Я из Москвы, ищу своих... если...
4 октября 2025 14:45
ERLAN
Барака Аллаху фикум пусть Аллах сделает болгим в обеих мирах твой труд и старание для людей ради Аллаха...
4 октября 2025 01:26
Жанар
Махаббат не только мастер своего дела-лучший скульптор лица, но и чуткий и внимательный Человек с большой буквой! Любви...