Ахметов Еркін Қабайұлы

Рейтинг:

Жеке кәсіпкер, «Нұр-Әділ» шаруа қожалығының басшысы, «Құрмет» ордені, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі және «ҚР Конституциясына 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медальдарының иегері

Еңбектің туын жоғары көтерген дара тұлға

      Туған жердің топырағына табанын тіреп, маңдай терін төге жүріп елдің берекесін арттыру – әр адамның қолынан келе бермейтін мәртебелі іс. Міне, осындай еңбекпен өрілген тағдырын туған елдің игілігіне арнаған, шаруашылықтың тізгінін ұстаған табысты кәсіпкер, «Нұр-Әділ» шаруа қожалығының жетекшісі – Ахметов Еркін Қабайұлы.
      Жер анамен кіндігі бір байланып, табиғаттың тамырын баса біліп, құлашын кең жайып жатқан даласының төсінде таңмен таласа тұрып еңбек етіп, астық өндірісінің дамуымен қатар, отбасының несібесін, кәсібінің берекесін кіргізіп келе жатқан Еркін Қабайұлы 1960 жылы 2 маусымда Қарағанды облысы, Тельман ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келді. Тағдыр желінен қорған болған әкесі Ахметов Қабай Бекенұлы – саналы ғұмырын Ақтөбе ауылында жүк машинасында жүргізушілікке арнаған еңбек адамы болса, мейірім тамшысы мөлдір анасы Ахметова Ырымкеш Дінасылқызы Ақтөбе ауылында сүт фермасында бұзаушы және жанар-жағар май қоймасында оператор болып жұмыс жасаған. 
      Дән болып түскен астығы, береке мен бірліктің бастауы болған құтты мекенде балалығын өткізіп, Ақтөбе орта мектебінің табалдырығын аттайды. Еңбектің торысы басын оттан алмаған кездері, бала болса да еңбекке араласып, ата-анасының таптырмас қолғанаты бола білген Еркін Қабайұлы үйдің жұмысымен қатар, мектепте де сабақты жақсы оқыған қабілетті оқушылардың бірі болды. 
      Ол бала кезінен-ақ табиғаттың әр тынысын сезініп өсті. Көктемгі егіс даласының иісі, жазғы ыстық күн астында еңсе тіктеген егіннің сыбдыры, күзгі жиын-терімнің қарбалас шағы – бәрі де оның жанына жақын, жүрегіне ыстық еді. Ауылдағы қарапайым еңбектің қадірін түсініп өскен ол, ержеткенде сол еңбекке шын ниетімен ден қойды. 
      1977 жылы мектепті бітіріп шыққан соң, ресми алғашқы еңбек жолын ауылда механизатор болумен бастаған Еркін Қабайұлы өзінің еңбексүйгіштігін, таптырмас көмекші екенін тапсырманы орындау барысында дәлелдей білді. Адал еңбек қана абырой мен береке биігіне шығара білетінін сана түйсігімен түсінген жас еңбек ете жүріп, ұжымшардың, ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласа жүріп, Ақтөбе ауылында клуб меңгерушісі қызметін де абыроймен атқара білді. Ауылішілік өткізілетін мереке, іс-шараларда өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, талайды талантымен тамсандырған жас 1979-1981 жылдары аралығында Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келді.
      Өмір мектебінен өтіп, қайнаудан шыныққан болаттай болып, қандай іске салса да шыр айналдырып алып кететін қарымды қабілетімен келген Еркін Қабайұлы Қарағанды қаласында РГШО зауытына слесарь болып орналасып, кейін ПМК-40 кірпіш қалаушы болып ауысады. Қандай іске кіріссе де бір нәтиже шығарып, мерей биігінен көріне білген, әрдайым әділдік пен адалдықты ту етіп ұстанған талапты жастың 1984 жылы Қарағанды облысы, Жаңаталап совхозында есепші болып ауысуы, оны 1986 жылы Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша білімін арттыруға алып келді. 
      Жаңаталап совхозында еңбек ете жүріп, бухгалтер, бас бухгалтердің орынбасары, бас бухгалтер лауазымдарына дейін көтерілді. Талантының қадамы нық, сенімі берік, ой өрісі ұшқыр болады емес пе, өзін ішкі істер саласында жоғары мінберден көргісі келген кейіпкеріміз 1995 жылы Қарағанды облысында салық милициясының аға инспекторы болып жұмысқа орналасып, кейін нарық талабына сай, кәсіпкерлікке бет бұрады.
      2000 жылы «Нұр-Әділ» шаруа қожалығын құрып, әуел бастан осы шаруашылықта дәнді дақылдар саласын дамытуда көп еңбек сіңірген Еркін Қабайұлы 700 га егістікті қазірі таңда 2000 га дейін, ал 2013 жылы шаруашылығы төмендеп күйзелген ЖШС «Дарас ЛТД» сатып алып, өңделмей жатқан 1365 га алқапта астық өндірісін дамытып, екі шаруашылықты 3365 га дейін жеткізді. 
      Сонымен қатар, жаңадан жоғарғы өнімді техникалар 3 егістік кешені, «Вектор-410» және «John Deere» комбайндары, Беларус-3522 С, Беларус-1221,2, МТЗ-82, 25 тонналық жүк машинасы, 3 тиегіш-экскаватор және көптеген заманауи ауыл шаруашылық техникалары сатып алынып, қазіргі таңда екі ұжымда 16 маман еңбек етуде. 
      Тірліктің әр тармағын жіті түсінген ол, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуді мақсат етті. Күндіз-түні еңбектеніп, аз уақыттың ішінде өзінің шаруа қожалығын аяғынан тік тұрғызды. Оның жетекшілігіндегі шаруашылық – бүгінде заманауи техникамен жабдықталған, өнімділігі жоғары алқаптарға айналған. Ол үшін еңбек тек табыс көзі емес, халықтың ырзығы, елдің ырысы болды. 
      Табиғаттың тілін түсіне білген нағыз шаруаның қолынан ғана жер де, мал да көгермек. Өз қожалығында егіс көлемін жыл сайын ұлғайтып, жаңа технологияларды енгізуге жігерімен кіріскен Еркін Қабайұлы астық, майлы дақылдар, мал азығы – барлығы заманауи талаптарға сай өндіріп, тынымсыз еңбектің арқасында оның шаруашылығы тек өз ауылын ғана емес, тұтас өңірдің дамуына үлес қосып отыр.
      Тек жер мен малды ғана емес, адамды да бағалай білген кәсіпкер жұмысшылардың жағдайын жасауды басты міндет санады. Қожалық жұмысшылары үшін жаңа үйлер, әлеуметтік нысандар салынды, ауыл ішіндегі жолдар жөнделіп, мәдени орталықтарға демеушілік көмек көрсетілді. Оның арқасында ауылдың тынысы кеңейіп, тұрмысы жақсарып келеді. 
      Бүгінгі таңда ол – тек табысты кәсіпкер ғана емес, туған жердің шынайы жанашыры. Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалана отырып, озық жобаларды жүзеге асырып келеді. Мәселен, жаңа суармалы жерлерді іске қосып, ауыл шаруашылығының өнім көлемін еселеп арттыруда. Бұл өз кезегінде жергілікті бюджетке түсетін түсімді де көбейтті, ауыл экономикасының тынысын ашты. 
      Әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтық борышты қатар алып жүрген ол, ауыл мектебіне, балабақшасына қолдау көрсетіп, мәдени-спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға үлесін қосып келе жатқан Еркін Қабайұлының әр ісінен туған жерге деген махаббаты, елге деген адалдығы сезіледі.
      Еркін Қабайұлы Жаңаталап, Ақтөбе, Қаражар, Ростов орта мектептеріне, денсаулық мекемелеріне, ауылдағы хал-ахуалы төмен жандарға қамқор болып, жүйелі түрде көмек көрсетіп отырады (техниқалық, қаржылық, жем-шөп т.с.с.) Денсаулық амбулаториясына ауылдан үй сатып әперді, қазіргі таңда Жаңаталап ауылында мәдени-сауық орталығының құрылысын аяқтап келеді. 
      Кәсіпкерлігімен қатар, ауылдың, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, игі істерге бастамашы болып, әлеуметтік мәселелердің оң шешілуі жолында еңбек етіп келе жатқан Еркін Қабайұлы халықтың қолдауымен, үлкен сенімге ие болып, аудандық мәслихатқа, екі мәрте облыстық мәслихатқа депутаттыққа сайланып, халықпен бірге тонның ішкі бауындай етене қарым-қатынас жасап, билік пен халық арасындағы алтын көпір бола білді. 
      Кәсіпкерлік саласының дамуына, ел экономикасының өсіп-өркендеуіне өзінің үлесін қосып келе жатқан Еркін Қабайұлы еселі еңбегінің өтеуі ретінде түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды.
      Атап айтар болсақ: 
  •       Бірнеше мәрте Жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі табысты еңбегі және облыстың қоғамдық саяси өміріне белсене қатысқаны үшін Қарағанды облысының әкімдерінің Алғыс хаты; 
  •       Бұхар жырау аудандық мәслихаты V шақырылымның депутаты ретінде, депутаттық міндеттерін тиімді атқарғаны, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және белсенді азаматтық позициясы үшін Бұқар жырау ауданының әкімі Н.Қобжановтың Алғыс хаты; 
  •       «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалі; 
  •       «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі; 
  •       «Қазақстан Республикасы Мәслихаттарының 20 жылдығы» мерекелік медальдары; 
  •       2017 жылы Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтың Құрмет Грамотасы;
  •       2024 жылы Көктемгі су тасқыны – ауылға төтенше жағдай туындаған кезде тасқынның алдын алу жұмыстарына белсене араласып, ауыр жүк көліктерімен көмек көрсеткені үшін Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Б.Қазатайдың Алғыс хаты;
  •       2021 жылы «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі;
  •       2023 жылы ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.
      Білімі мен біліктілігін, қарым-қабілетін, мол тәжірибесін қазақ елінің дамуына арнап келе жатқан, жүрегінің әрбір дүрсілінен елім, жерім, туған жер деп соғып тұрған Еркін Қабайұлы отбасында асыл жар, асқар тау әке. Береке бесігі тербелген шаңырағының ішін шаттық нұрымен көмкеріп келе жатқан асыл жары Ахметова Айсұлу Баяғызқызы екеуі 39 жыл тәтті өмір сүріп, қазіргі таңда үш перзент тәрбиелеп өсіріп, құтты орындарына қондырып отырған үлгілі отбасы. 
      Ұлы Ахметов Нұрлан Еркінұлы – жоғарғы білімді, экономист, қазіргі таңда әкесінің орынбасары, ұжымда агроном-экономист қызметін атқарады, жары Ахметова Эльмира Жиналықызы – ауылда медбике, 6 бала тәрбиелеуде. 
      Ұлы Ахметов Нияз Еркінұлы – жоғарғы білімді, заңгер, қазіргі таңда ұжымда мамандығы бойынща қызмет істеуде, жары Ахметова Бибігүл Нұрғалиқызы – ұжымда есепші қызметін атқарады, 3 бала тәрбиелеуде. 
      Қызы Қабаева Сабина Еркінқызы – жоғарғы білімді, қаржыгер, қазіргі таңда Астана қаласында тұрады, жеке кәсіпкер. 
      Нарықтың тілін тап басып түсініп, кәсіпкерліктің көзін тауып, жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етумен қатар, елдің экономикасының дамуына, азаматтық қоғамның қалыптасуына өзінің үлесін қосып келе жатқан табысты кәсіпкер, ел ағасы Еркін Қабайұлының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

16 октября 2025 07:21
Людмила
[hide] [/hide Евгений! Вопрос: в далёком детстве Вашем Вы были в Монголии?? 1975-1980гг. Я из Москвы, ищу своих... если...
4 октября 2025 14:45
ERLAN
Барака Аллаху фикум пусть Аллах сделает болгим в обеих мирах твой труд и старание для людей ради Аллаха...
4 октября 2025 01:26
Жанар
Махаббат не только мастер своего дела-лучший скульптор лица, но и чуткий и внимательный Человек с большой буквой! Любви...