Батырбаев Еркін Жақыпбекұлы

Рейтинг:

Жеке кәсіпкер

Атына заты сай азамат

      Батырбаев Еркін Жақыпбекұлы – атына заты сай, бойына қазақы тәрбиенің тұнығын сіңірген, қоғамның қажетін өтеуді парыз көрген, Алланың аманатына адалдықпен жауап беріп келе жатқан арда азамат. Оның өмір жолы – тек жеке тағдыр емес, ол – елге қызмет еткен ердің тағдыры, ізімен ұрпақ тәрбиелейтін үлгі.
      Бүгінгі таңда ел арасында да, ел тарихында да есімі аталып, қоғамдық жұмыстарда, тарихи ізденістерде, мәдени-рухани бастамаларда көрініп жүрген азаматтар саусақпен санарлық. 
      Батырбаев Еркін Жақыпбекұлы – сондай ұлтжанды азаматтың жарқын бейнесі.
      Қазақ: «Тұқымына тартып туады, тегіне тартып қуады», – дейді. Шынымен де адамның болмысы туған топырағы мен ата-анасының тәрбиесінен нәр алады. Еркін Жақыпбекұлының өмірлік ұстанымдарының, парасат-пайымының, рухани кеңістігінің түп негізі де түбінен тартқан тектілік пен ұяда көрген үлгіден басталады. Ол 1966 жылдың шіліңгір шілдесінде Түркістан облысы, киелі Шаян өңірінде дүниеге келген. Бұл мекен – сан ғасырлық тарих пен шежірені көкірегіне сыйдырған, даласы – дархан, халқы – парасатты, топырағы – қасиетті өлке. Бұл жерден талай марғасқа – батырлар, шешендер, діндарлар мен ой алыптары шыққан. Осындай ортадан нәр алған баланың елдік рухпен өсетіні – заңдылық.
      Еркін Жақыпбекұлына анасының мейірімі – болашақ мейірбандықтың бастауы болды. Әкенің үнсіз тәрбиесі мен қабағынан көп нәрсе ұғып өскен ол, сол кездегі қазақы тәрбиенің қадірін ерте сезінді. Жақсы мен жаманды айыру, ата-анаға құрмет – оның бойына сіңген асыл қасиеттер.
      «Жігіттің жақсы болуы – ата-ананың дұғасы мен халқының ықыласы», – деген атасының сөзі Еркіннің жүрегінде жатталып қалған. Әкесі – адал еңбегімен еленген қарапайым азамат, анасы – жүрегі мейірім мен иманға толы, тәрбиелі жан еді. Ұяда көргені – өмірлік өнегеге айналды.
      Адам өмірінде бір кезең бар – жүректі алысқа жетелейтін арманмен астасып, ақыл мен талапты бір арнаға тоғыстыратын, болашаққа жол ашатын кезең. Ол – білім жолы. Еркін Жақыпбекұлы үшін бұл жол – жай ғана оқу емес, өз мүмкіндігін сынау, іштегі отты ояту, көкірегіндегі сана шамын жағу жолы.
      1973 жылы мектеп табалдырығын аттаған Еркін Жақыпбекұлы оқуға ерекше ынтамен кірісті. Бала күнінен білімге құштар болып, ұстазға құрметпен қарап, дәптерін ұқыпты ұстайтын. Алғырлығы мен ізденімпаздығы мектеп қабырғасында-ақ көзге түсті. Қарапайым ауыл мектебінде оқыса да, ой-өрісі кең, мінезі сабырлы, мәдениеті жоғары болатын.
      Математика мен физикаға ерекше қызығушылығы – оның логикалық ойлау қабілетін шыңдап, нақты дәлдікке ұмтылысын қалыптастырды. Білімге деген табанды талпыныс оның болашақ жолын айқындап берді.
      1983 жылы мектепті үздік аяқтаған Еркін Жақыпбекұлы сол жылы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің физика факультетіне оқуға түседі. Бұл – екінің біріне бұйыра бермейтін үлкен жетістік еді. Қарағанды – сол кездегі еліміздің білім мен ғылымның ордасы, ал физика факультеті – терең білім мен табандылықты талап ететін сала.
      Студенттік жылдар – оның рухани кемелденуіне, азаматтық болмысының қалыптасуына зор ықпал етті. Жатақхана тіршілігі, кітапханадағы түндер, аудиториядағы білім жарыстары – бәрі оның өміріндегі жарқын кезеңдерге айналды.
      Университет қабырғасында жылу физикасы кафедрасында білім алған Еркін Жақыпбекұлы мамандығының қыр-сырын терең меңгерді. Қарапайым ауыл баласының ғылым көгіне көтерілуі – табандылық пен еңбектің нақты нәтижесі еді. Ол ешқашан «қолымнан келмейді» демейтін, қиындықтан қайтпайтын.
      Ішкі сенімі мен қажыр-қайраты сессияларды сәтті тапсырып, ұстаздардың ризашылығына бөленуіне жол ашты. Қазақ: «Білекті бірді, білімді мыңды жығады», – дейді. Еркін Жақыпбекұлы – осы сөздің айқын үлгісі. Бес жылдық тынымсыз еңбектің нәтижесінде 1988 жылы физика пәнінің оқытушысы дипломын иеленді. Бұл – жай құжат емес, маңдай термен келген мәртебе болатын.
      «Университет мені ғылымға ғана емес, өмірге де үйретті. Сол кездегі ұстаздарымның жанкешті еңбегі мені тәрбиелеп қана қойған жоқ, рухани биіктікке бастады», – деп ерекшелеп атап өтті кейіпкеріміз. Білім – адамның көзін ашатын ғана емес, көкірегін де оятатын шамшырақ. Еркін Жақыпбекұлы сол шамшырақты серік етіп, өмірінің әр кезеңінде ақыл мен парасаттың жетегінде жүрді.
      Қазақ «Мінез – адамның айнасы, еңбек – адамдықтың белгісі» дейді. Шынында да, адамды тану үшін оның жасаған ісіне, жүріп өткен жолына қарау жеткілікті. Еркін Жақыпбекұлының еңбек жолы – тек өмірбаян ғана емес, бір ұрпақтың еңбекке деген құрметінің көрінісі.
      Ол алғашқы еңбек жолын Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Соналы орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі ретінде бастады. Дипломын қолына алған сәттен бастап, оқушы алдындағы жауапкершілікті терең сезінді. Себебі ұстаз – тек білім үйретуші емес, баланың болмысына бағыт беруші, жүрегіне ізгілік дәнін егуші тұлға екенін жақсы ұқты.
      Ұстаздық – жүрек таңдауы. Еркін Жақыпбекұлының бойындағы сабырлылық, ұқыптылық, адалдық пен жауапкершілік – оны осы жолға лайық етті. Ол физиканы тек формуламен емес, өмірмен байланыстыра үйретіп, балалардың ой-өрісін кеңейтуге күш салды. Сабақтары мазмұнды, түсінікті, қызықты өтетін.
      1988-1990 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектепте физика және математика пәнінен дәріс берді. Бұл жылдары да ауыл мектебінде жүріп, ғылыми бағытта сапалы білім беруге тырысты. Білімге деген ынтаны ояту – оның басты мақсаты болды.
      Өмір жолы әрдайым біркелкі болмайды. 1990 жылдар – өтпелі кезең, жаңа мүмкіндіктер мен сын сағаттар уақыты еді. Еркін Жақыпбекұлы бұл шақта тәуекелге бел байлап, кәсіпкерлікке бет бұрады. Бұл шешім – заман талабымен қатар, отбасы алдындағы жауапкершіліктің де көрінісі болды.
      1990-1992 жылдары Алғабас жұмысшылар кооперативінде сатушы болып еңбек етті. Қарапайым жұмыстан бас тартпай, адал еңбегімен сауда ісін де меңгере білді. Сауда – тек табыс емес, сенім мен есептің, дәлдік пен төзімнің саласы. Еркін Жақыпбекұлы бұл салада да әділдік пен адалдықты серік етті.
      1992-1994 жылдары Еркін Жақыпбекұлы «Алғабас» өндірістік-коммерциялық ассоциациясында жұмыс істеп, кәсіптің ұйымдастырушылық және басқарушылық қырын меңгерді. Бұл тәжірибе оны жеке іс бастауға дайындады.
      1994 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Ол үшін бұл – табыс табу емес, елге адал қызмет етудің жолы. Еркін Жақыпбекұлы адал сауданы серік етіп, қулықпен емес, иманмен іс қылды. Біреудің еңбегіне қол сұқпай, маңдай термен келген нәсіпті бағалап, ауылдастарына жұмыс ұсынып, қол ұшын беріп жүрді. Нағыз қазақ кәсіпкеріне тән адамгершілік пен жауапкершілікті бойына сіңірген жан.
      Қай салада еңбек етсе де, Еркін Жақыпбекұлы әрдайым «елім» деп өмір сүрді. Ұстаздықта – ұрпақ тәрбиесін, кәсіпте – халық қажетін бірінші орынға қойды. Ол үшін кез келген іс – елге қызмет етудің бір жолы. Адалдық пен жауапкершілік – оның өмірлік ұстанымы.
      Қазақ үшін отбасы – киелі ұғым. Ердің де, елдің де негізі осы қара шаңырақтан басталады. «Отан – отбасынан басталады» деген сөз Еркін Жақыпбекұлына толықтай сай. Оның өмірін тереңірек түсіну үшін отбасы туралы айту – маңызды. Себебі оның адами болмысы мен өмірлік құндылықтарының бастауы – осы қасиетті ұя.
      Ер адамның ғұмырындағы ең маңызды шешімдерінің бірі – жар таңдау. Себебі отбасының берекесі, баланың тәрбиесі, ердің тыныштығы – әйелдің қолынан өрілетін нәзік те нық арқан. Еркін Жақыпбекұлының өмірлік серігі – Мелдебекова Камшат Семейқызы – ізеттілік пен инабаттың үлгісі, ақыл мен адалдықтың тұнығы. Бұл екі жүректің табысуы – тағдырдың емес, тағылымның тоғысуы десек, артық айтқандық емес.
      Камшат Семейқызы – әйелдің асыл болмысын бойына жинаған, отбасының жылуы мен ұйытқысы бола білген аяулы жан. Ол – ерінің абыройын арттырып, балаларына рухани тірек, ұлттық тәрбиенің тірі үлгісін көрсеткен ақ жаулықты ана. Осындай аналар барда ғана шаңырақ биік, ошақ мызғымас. Еркін Жақыпбекұлының отбасы – мейірім мен ізгілікке, шүкір мен тәубеге негізделген нағыз қазақы өнегенің ошағы.
      «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген халқымыздың нақыл сөзі Еркін мен Камшаттың отбасы үшін дәл келген. Төрт баласы – Аслан, Рамазан, Асылайым және Ақбота ата-анасының ғана емес, ауыл-аймақтың мақтанышы. Қызықты, немерелердің келуімен шаңырақтың қуанышы артып, үлкен ұлы да үйлі-баранды болып, бір немере сүйді. Еркін аға бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, балаларына әрдайым: «Дүние – мұздай, ериді де кетеді, бірақ ар мен ұят, иман мен ізетті өмір бойы ұстаңдар!» деп кеңес береді. Шаңырағы сүттей ұйыған, дастарханы кең, ниеті таза бұл отбасы – нағыз қазақы береке мен тәрбие ошағы.
      Кей адамдар қоғамға бейімделіп өмір сүрсе, ал кейбіреулері оны өздері түзетіп, қызмет етеді. Еркін Жақыпбекұлы – дәл осындай азаматтардың қатарында. Ол ешқашан қоғамға қарап өмір сүрген жоқ, керісінше, ел үшін еңбек етіп, халыққа қызмет көрсету идеясын ту етіп көтерді. Оның болмысы – тұтас ұлттың келешегін ойлайтын, өткенін құрметтейтін және болашағына сеніммен қарайтын ұлы ойшылдың болмысы. Қоғамдық жұмыстарға даңқ үшін емес, рухани парызды орындау, ел алдындағы жауапкершілікті сезініп араласқан Еркін аға үшін ең маңыздысы – елдік мүдде мен ұлттық бірлік.
      Еркін Жақыпбекұлының қажылық сапары да оның рухани кемелденуінің айқын көрінісі болды. Бұл оның өміріндегі жаңа белес, терең рухани жаңғырудың бастамасы еді. Сол сапардан оралған Еркін аға өзін тек діни тұрғыда жаңартып қана қоймай, жастарға имандылықты насихаттайтын, өмірдің мәнін терең түсінген ақылман тұлғаға айналды.
      Халқын сүйген азамат тек бүгінін емес, өткенін де қадірлейді. Еркін Жақыпбекұлының қоғам алдындағы үлкен еңбектерінің бірі – тарихи тұлғаларды тірілту, ел жадына сіңіру, бабалар рухына тағзым ету. Сіргелі Қара Тілеуке (Қарабатыр) Төбетұлының 330 жылдығына арналған «Батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері: Тарих және тағылым» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының бастамашысы, ұйымдастырушысы әрі қатысушысы болды. Бұл конференцияда айтылған әр сөз, ұсынылған әр ой – елдің тарихы мен жадын жаңғыртуға бағытталған.
      Жалғыз сөзбен емес, нақты іспен көрініп жүрген Еркін Жақыпбекұлы бұл шараға белсене қатысып қана қоймай, арнайы ғылыми жинақтың авторы ретінде де танылды. Ол – өз атасы ғана емес, тұтас бір ұрпақтың қорғаушысы болған батыр баба туралы деректерді іздеп тауып, оны халыққа жеткізген өлкетанушы. 
      Еркін Жақыпбекұлының жан дүниесі тарихи дерек пен шежірені зерттеуге, ел мен жердің шын тарихын ашуға бағытталған. Ол – тарихқа құрметпен қарап, нақты зерттеумен айналысатын азамат. Көптеген ғылыми-зерттеу экспедицияларға қатысып, конференцияларда сөз сөйлеп, елдік тақырыптарды көтеріп жүр. Ол қатысқан ірі ғылыми шаралар – Қаракерей Қабанбай батырдың 333 жылдығына арналған «Батырлар институты: ұлттық рух және құндылықтар сабақтастығы» атты республикалық конференция, сондай-ақ «Тарих және тағылым: жаугершілік замандағы қазақ батырлары» атты жиын, елдік мұратқа арналған «Бабалар рухына тағзым» төсбелгісімен марапатталуы – осы жолдағы ерен еңбектің көрінісі.
      Қашанда ел өз ұлын ескерусіз қалдырмайды. Еңбек пен ерлік елдің жүрегінен орын алғанда ғана, оның шынайы бағасы беріледі. Еркін Жақыпбекұлының марапаттары – атаққа ұмтылған адамның жетістігі емес, халық ықыласына бөленген азаматтың абыройы.
      Біреу үшін марапат – мәртебе, біреу үшін ол – мансаптың сатысы. Ал Еркін Жақыпбекұлы үшін бұл – жан тазалығы мен жүрек пәктігінің ел алдындағы шағын ғана көрінісі. Себебі ол ешқашан мақтан үшін, медаль үшін еңбек еткен емес. Ол әр ісін ниетпен, шынайы жүрекпен атқарды. Сол себепті де марапаттар оны іздеп тапты. Жылдар бойы жасаған игі істері үшін Еркін Жақыпбекұлы талай мәрте аудандық, өңірлік, республикалық деңгейдегі Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұл хаттарда тек құр сөз емес, шын жүректен шыққан алғыс пен ықылас жатыр.
      2024 жылы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты әділеттілік пен ұлттық рухты қорғау жолындағы қайсарлығы үшін Департамент басшысы Б.Кайшыбековтің Құрмет грамотасын иеленді.
      Бәйдібек аудандық мәслихатының төрағасы А.Кенеханның Алғыс хаты – елдік мүддедегі қоғамдық белсенділігі үшін берілген құрмет.
      Б.Қайшыбековтің Құрмет грамотасы – рухани-мәдени іс-шараларға белсене қатысқаны үшін.
      «Amanat» партиясы аудандық филиалының хатшысы Т.Дүйсенбековтің алғысы – азаматтық көзқарасы мен ұйымдастырушылық қабілетін мойындаған үлгі.
      Бәйдібек аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Пернеевтің алғысы – ұстаздық саладағы үлгілі еңбегінің белгісі.
      Қажы Ана қайырымдылық қорының басшысы М.Нақыпбековтен алған Алғыс хат – ел ішіндегі қайырымдылық пен рухани игіліктер жолындағы қызметіне берілген баға.
      Бұл – жай қағаз емес, ақ тілекпен, адал баға берілген қоғам тарапынан берілген рухани орден.
      Төсбелгі – атақ емес, ел тануының, ұлттың риясыз құрметінің белгісі. Еркін Жақыпбекұлының кеудесінде бірнеше төсбелгі жарқырайды, бірақ олар жарқырау үшін тағылған жоқ, елге қызметінің айғағы ретінде тағылды.
      Сіргелі Тілеуке Қарабатыр ескерткішінің ашылу салтанаты мен 325 жылдық мерейтойына қосқан үлесі үшін Ш.Қожабайдың Алғыс хаты мен төсбелгісімен марапатталды.
      Қаракерей Қабанбай батырдың 333 жылдығына арналған «Батырлар институты» конференциясына белсенді қатысқаны үшін – «Ер Қаптағай» қоғамдық бірлестігінің арнайы төсбелгісімен марапатталды.
      «Бабалар рухына тағзым» төсбелгісі – бабалар ерлігін дәріптеудегі ізгілікті істерінің белгісі.
      «Бабалар еңбегін зерттегені үшін» арнайы марапат – ұрпақ алдындағы үлкен еңбектің белгісі.
      Еркін Жақыпбекұлының ең үлкен жетістігі – халықтың алғысы мен ұрпаққа үлгі болу, тарихта із қалдыру. Кәсіпкерлік, ұстаздық және қоғам белсенділігі оның өмірінде бір арнаға тоғысып, тарихи конференцияларға қатысып, ғылыми еңбектер жазып, кітаптарда есімі қалды. Ол: «Мен атақ іздемедім, алғыс – адал жүректің жемісі», – деп айтқандай, халықтың разылығы оның ең басты марапаты.
      Батырбаев Еркін Жақыпбекұлы – туған жеріне адал қызмет еткен, ойы терең, сөзі салмақты, ісі өнеге азамат. Оның өмір жолы – ұрпаққа үлгі, ұлтқа мақтаныш. Ұстаздық, кәсіпкерлік, өлкетанушылық пен қоғамдық қызметке дейінгі ғұмыры – елге арнаған еңбектің айғағы. Ол абыройын атақпен емес, адал еңбегімен жинаған ардақты жан. Егер бүгінгі жас буын оның өмірінен тәрбие алып, адами қасиетінен үлгі көрсе, бұл мақаланың да, тұлғаның да миссиясы орындалғаны. Еркін Жақыпбекұлының шаңырағына амандық, бірлік пен береке тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

16 октября 2025 07:21
Людмила
[hide] [/hide Евгений! Вопрос: в далёком детстве Вашем Вы были в Монголии?? 1975-1980гг. Я из Москвы, ищу своих... если...
4 октября 2025 14:45
ERLAN
Барака Аллаху фикум пусть Аллах сделает болгим в обеих мирах твой труд и старание для людей ради Аллаха...
4 октября 2025 01:26
Жанар
Махаббат не только мастер своего дела-лучший скульптор лица, но и чуткий и внимательный Человек с большой буквой! Любви...