Шорабаев Абдигани

Рейтинг:


АҒАҒА ҚАРАП ІНІ ӨСЕР

      Қазақта «Інісі бардың тынысы бар, Ағасы бардың жағасы бар», – деген тәмсіл бар. Тектен-тек айтылмаса керек. Қазақ тәрбиесінде інінің қашан да өзінен жасы үлкен ағасын сыйлап, ақылын тыңдап, ілтипатты, ізетті болуы талап етіледі. Ағасы болса інісіне көмектесіп, қамқорлық көрсетіп жүреді. Иә, өмірде қолынан алып ініні жетектеп жүретін ағалар да, көңілдегіні айтқызбай дөп басатын інілер де бар. Аға мен іні арасында өзара тазалық, бауырмалдық, тілектестік сезім жататыны бесенеден белгілі. Ағаға еліктеу қай заманда да болған.
      Шорабаев Әбдіғани Дүйсенұлы 1968 жылы 13 желтоқсанда Шиелі ауданында дүниеге келеді. Бала күнінен елдің ортасында өсіп, халықтың тұрмыстық ахуалын сезініп өсті. Тұрмыста тапшылық көрмегенімен, еңбектің наны тәтті боларына көзі жетті. Ол 1976-1986 жылдар аралығында аудан орталығындағы №45 қазақ орта мектебінде білім алған. 1987-1989 жылдары Кеңес әскері қатарына шақырылып, әскери борышын өтеген. Отанның алдында әр адамның өз міндеті барын ол әскерде жүріп сезінді, жауапкершілігі мен табандылығы артты. Еңбек жолын 1990-1993 жылдары Тұтынушылар одағына қарасты автогараж мекемесінде автокөлік жүргізушісі және ет комбинатында ет дайындаушы қызметтерін атқарды.
    «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу, жақсы ағаға ілесіп ізін бас та, жолын қу» демекші, Әбдіғани Әбдіманап ағасы не бастап, қандай жұмысты атқарса да, қасынан табылды. Имандылық шараларында шырақ оты болып жағылды. Мәселен, Төңкерістегі зәулім мешіт саңғырап бой көтергенде бұл Алла үйінде Әбдіғанидың зор үлесі, төл қолтаңбасы жатқанын көпшілік біледі.
      Ыбырай Жақаев ауылындағы мешітті ағасы Әбдіманап Шорабаев ақшасын бөліп, құрылысын бастады. Бірақ толық бітіруге мезгілсіз келген ажал мүмкіндік бермеді. Әбдіғани Шорабаев мешіт құрылысын асқаралы ағаның қырық күндік асына дейін аяқтап, мешіт халық игілігіне пайдалануға беріледі. Аға алдындағы борышын орындап, аға аманатын абыройлы атқарып, елдің алғысына бөленді. Ыбырай Жақаев ауылының тұрғындары Әбдіғани Шорабаевқа ризашылығын білдіріп, қомақты мөлшердегі сыйақы ұсынады. Осы жерде Әбдіғани Дүйсенұлы: «Құрметті жамағат! Осы конвертте қанша қаржы болса, соның барлығы – тұрмысы төмен отбасына таратылып берілсін», – деген ұсынысын айтып, азаматтық танытты.
      Ағасы базар салса, оның қасынан бірінші болып табылған да ізінен ерген, өзіне тартқан ақжүрек, ақпейіл інісі – Әбдіғани. Базардың құрылысына қажетті заттарды машинамен өзі тасыды. Күні-түні қатып жүріп, ағасының қасында бірге жүріп кірпіш қалады, базардың мық шегесін бірге қақты. Бүгінде Орталық базарда халықтың тұрмыстық қажеттілігінің бәрі бар. Азық-түліктен бастап, құрылыс материалдары, күнделікті тұрмыста пайдаланылатын ұсақ-түйек жабдықтар, киім-кешек пен өзгеде тауарлар сауда сөресінде самсап тұр. Әбдіғани Дүйсенұлы әу баста халықтың жағдайына алаңдап өскен азамат. Оны айналасындағылардың әлеуметтік жағдайының төмен болуы ойландырады. Басты мақсаты да сол, халыққа қажеттіні арзан бағамен сату болса, екіншісі – халықты жұмыспен қамту. Қанша адам осы базардан нәпақасын тауып, бала-шағасын асырауда.
      Шиелі ауданында 1993 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан, қазіргі таңда 480 сауда нүктесі бар, 600-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған «Әбдіманап базары» ЖШС директоры Әбдіғани Шорабаев: «Бұл менің жылдар бойғы еңбегімнің жемісі деп білемін. Жұмысым – халыққа қызмет ету. Алдағы уақытта бұдан да жоғары белестерге жетуге жұмыс жасаймын», – деді.
      Шымкент қаласында Қазақстанның үздік сауда кәсіпорнын анықтау мақсатында «Сауда үздігі-2016» байқауы өз мәресіне жеткен болатын. Аталмыш шара елімізде алғаш рет 2002 жылы ҚР Сауда кәсіпорындары қауымдастығы ұйымдастырған және сауда кәсіпорындары үшін жоғары баға болып саналады. Оның мақсаты – сауда кәсіпорындарының табысты тәжірибелерін анықтау және тарату, сауда саласында көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру. Сонымен бірге, өз жұмысы барысында инновациялық тәсілдерді қолданатын ұйымдарды анықтау.
      Байқауға республика аумағында қызмет етіп келе жатқан, түрлі мақсаттағы және меншіктегі сауда орындары қатысты. Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов «Сауда үздігі – 2016» республикалық байқауында Қызылорда қаласынан «Ең үздік сауда кешені» номинациясы бойынша ІІ орынды иеленген «Нұр-Назар» ЖШС «Арай» СОО және «Ең үздік сауда базары» номинациясы бойынша ІІІ орынды алған Шиелі ауданының «Әбдіманап» ЖШС-н марапаттап, жеңістерімен құттықтады.
        Алла Тағала: «Құлым мені тану жолында маған қарай бір қадам жасаса, мен оған қарай он қадам жасаймын, он қадам жасаса, мен оған қарай жүгіремін», – деген. Әбдіғани Дүйсенұлы Шиелі ауданы, Қарғалы ауылдық округінде мешіт салу ісін қолға алып, құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Тұрмысы төмен отбасынан шыққан адамдарға қаражат бөліп, мұсылмандықтың бес парызының бірі – қажылыққа бару сапарын ұйымдастырады. Оның ішінде жақын туысы Тұрсынбай Шорабаев та бар. Ағасы Әбдіманап қажылық парызын өтей алмай кеткенін ескеріп, бәдәл (өкілдікпен) қажылыққа екі мәрте кісі жіберіп, парызын өтейді.
       Жылқыға құмарлық қазақтың қанында бар. Баласы ат жалын тартып мінер жасқа жеткенде тоқымқағарын жасап, тойын қылған. Шорабаевтар әулетіндегі атұстар ұлдардың үлкені – Әбдіжәлел (Әбжәли) Дүйсенұлы болатын. Ол 1958 жылы өмірге келіп, Көкпар тартудың хас шебері бар болғаны 27 жыл өмір сүріп, 1985 жылы жұлдыздай ағып түскен еді. Әбжәли жасынан атқұмар, атсейіс болып өскендіктен, бәйге, көкпар десе делебесі қозатын. Әсіресе мығым денелі, жөпшеңдіге дес бермейтін қарулы жігіт көкпар тартудың майталманы болатын. Көкпаршы жігіттің әбжіл қимылы мен көз ілеспейтін шапшаңдығына сүйсінбейтін жан болмай, оның ойынынан ләззат алатын. Жүйрік ат пен мықты жігіттің қайратына ел сүйсінетін еді. Талай жарыстарда топ жарып, менмін деген жігіттерді аттан аударып, көкпарды тақымына қысып кете беретін.
       Міне, осы ағасына арнап Әбдіғани Дүйсенұлы Шорабаев 2018 жылдың 20 қазанында 60-жасқа толуына орай үлкен ас беріп, көкпар ұйымдастырып, оны асыл ағасына арнаған еді. Бұл тартысты сайысқа Әбдіғани Дүйсенұлы түрлі дәрежедегі сыйлықтармен қоса, бас жүлде үшін су жаңа автокөлік тіксе, дос-жарандары тағы бір машина тігіп, сайыс көрігін қыздыра түсті. Мұның бәрі аста-төк астамшылықтан аулақ, өмірде өте қарапайым жан болған ағаны еске түсіру үшін жасалған игі іс екені анық. «Жомарттыққа не жетсін? Жүйріктен құтылып не кетсін?», – деген сөз осындайда айтылса жөн.
         Жалпы, атсейістік Шорабаевтар әулетінде ардақты әкелері Дүйсен Шорабаевтан бастау алады. Бұл әулеттегі жігіттердің барлығы әкеге тартып ат құлағында ойнап ер жетеді. Әбдіманап та бәйге десе ішкен асын жерге қоятын. Жеке кәсіпкер Әбдіғани Шорабаев бәйгеге ат дайындайды. Оның 20-дан астам асыл тұқымды аттары бар. Талай бәйгеде топ жарған тұлпарлар екені ақиқат.
        Сапарбай Нариман Құлахметұлы: «Шиелі аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы: Үстіміздегі жылдың 6-10 сәуір аралығында Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Әбдіманап Шорабаевты еске алуға арналған республикалық турнир өткізілді. 2009 жылдан басталған турнир 3 жыл қатарынан облыстық деңгейде өтсе, кейінірек республикалық деңгейге көтерілді. Дәстүрлі турнирді өткізуде Әбдіманап Шорабаевтың туған інісі, танымал кәсіпкер Әбдіғани Шорабаевтың ерекше еңбегін атап өткен жөн. Қайырымды жан, мәрт азамат бұл турнирді жыл сайын өзінің жеке қаражатымен ұйымдастырып келеді.
      Жетінші рет ұйымдастырылған бокс бәсекесіне Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарынан, Алматы, Шымкент қалаларынан және Шиелі ауданынан 150-ден аса үміткер қатысты. 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдерге арналған турнир тартысты өтті. Қатысушылар өз салмақ дәрежелері бойынша бірнеше топқа жіктеліп, шаршы алаңда сынға түсті. Сайыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Оразбекұлы Әшім сөз алып, жарысқа қатысушы боксшыларға сәттілік тіледі. Бас-аяғы бірнеше күнге созылған бәсекеде бағы мен бабы озған боксшы жастар анықталып, 10 сәуір күні жүлделі орындар табысталды. Турнир қорытындысы бойынша жалпы командалык есепте Қызылорда облысы, Шиелі ауданының боксшылары топ жарып, І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, Алматы облысы ІІ орын, ақтөбелік спортшылар ІІІ орынды қанжығалап қайтты. Бұл турнир «Жастар жылына» орай өткізіліп отырғандықтан, тәрбиелік мәні өте зор десе болады. Турнирден кейін жас жеткіншектеріміздің спортпен шұғылдануға көбірек ден қоятыны анық.
      «Бақ қонып, Қыдыр дарыған» әулеттің өкілі Әбдіғани Дүйсенұлы алдына көмек сұрап келген жандардың меселін ешқашан қайтармайды. Бұл жағынан да әуелі парасат-пайымы жоғары әкесі мен «Атымтай жомарт», ел аузынан түспейтін ағасынан үлгі алғандығы байқалады. Өз жиған-тергенін өзгелермен бөлісіп жүретін, қашанда айналасындағыларға қайырымдылық жасауды әдетке айналдырған жомарт жан – «Әбдіманап базары» ЖШС директоры Әбдіғани Шорабаев. Ол 2005 жылдан бастап тұрмысы төмен отбасыларына, мүгедектерге, ата-анасынан айырылған жетім балаларға көмек көрсетіп, білім ордалары мен аудан көлемінде өтетін түрлі іс-шараларға демеушілік жасап келеді.
        Аудандағы үлкен сауда орнының басшысы Әбдіғани Дүйсенұлы өткен жылы 5 млн-ға жуық қаржыны қайырымдылық шараларына жұмсады. Үстіміздегі жылы 3 млн-нан астам қаржы, көмекке мұқтаж жандарға демеушілік жасауға арналған «Қолы ашықтың – жолы ашық» деген жақсы сөз бар қазақ халқында. Кемел елдің келісті келешегі, ұлағатты болашағы дегенде, ішкен асын жерге қоятын аптал азаматтар жетерлік ортамызда. Ал Әбдіғани Шорабаевтың басты мақсаты – кісіге қамқор болу, мейлінше жомарттық таныту. Ол бақай есеппен жасалатын іс емес, қайтарымын күтпейтін жақсылық, қанға біткен қасиет. «Еңбек ет те, міндет ет» дейді. Десе де, азаматтығы биік, парасаты терең тұлғалардың елге жасаған еңбегін міндетсінбейтіні анық.
       Әбдіғани Дүйсенұлы туралы сөз бола қалғанда, көпшілік оның осындай игі істері мен жақсы қасиеттерін, қайырымдылығын айтады. Ал тұрмысы төмен отбасылардың мұң-мұқтажына ортақтасып, көмек қолын созу, демеу болу, қолда бармен бөлісу – үлкен азаматтықтың, адамдықтың белгісі.
        Кім де болсын туған жерден тамыр тартады. Ал, әкенің қанымен, ананың сүтімен келетін қасиеттің жөні басқа. Әкесі Дүйсен мен анасы Сәрсенкүлдің үкілеген үмітін ақтады. Атаның емес, адамның баласы болуға талпынды. Ұлт тарихында көрнекті орны бар Шиелі ауданының өркен жаюына, өрістеуіне еңбек сіңірді. Әбдіғани Дүйсенұлының азаматтық ұстанымы да берік. «Алтын алма – алғыс ал, алғыс алтын емес пе?» деген қанатты сөз бар. Жақсы адам қашанда жақсы істі жалғастыруды жаны сүйеді. Сол жақсы ісі халықтың игілігіне, қажетіне жарап жатса, оның арманының орындалғаны, халық сүйіспеншілігіне бөленгені деп түсінген жөн шығар», – дейді ол. Шиелі жерінде дүниеге келіп, туған топырағында ерекше шабытпен еңбек еткен ер бүгінде абыройдың асқарында. Жақсы адамның жинаған дүниесі емес, жақсы атының қалатыны осындайдан көрінсе керек. Жалпы, адамдық мақсат та азаматтың көкейінде осы тұрғыда өрбісе керек.
       Шәкәрім ақын айтқандай, «Адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл» тәмсілі Әбдіғани Дүйсенұлы Шорабаевтың өмір бойғы темірқазығы іспетті. Бүгінде жақсылық жасаудан жарысатын адамды табу қиын. Ол бір жарнама, немесе мақтан үшін болмағандықтан, бұл да азаматтың өз арының алдындағы мақсаты. Парызы. Ал парызды ұғынып, ұлтқа қызмет етуге белсене араласу – ұрпақтар сабақтастығында ең жақсы көрініс беретін дүние. «Адамшылдықтың алды – махаббат, ғаділет, сезім» деген болатын хакім Абай. Махаббат – бауырластық мәселесіндегі ең маңызды қасиеттердің бірі. Сол себепті мұсылмандар өзін жақсы көргені сияқты басқаларын да жақсы көріп, оған жәрдем беруі тиіс. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сендердің ешбірің өзі жақсы көрген нәрсесін бауыры үшін де жақсы көрмейінше толық иман келтірмейді», – деп айтқан (Бұһари, Мүслим). Кеңпейілділік – адам бойындағы ізгі қасиетті білдіретін ұғым.
      Шорабаев Дүйсен айналасына жайлы, қолы ашық, алды кең, пейілі жомарт адам болатын. Осы бір қонақжай шаңыраққа әкенің кеңпейілділігінің арқасында қаншалықты ырыс-береке дарығанын шамалау қиын емес. Әулет мықты болатын болса, бір ауыл мықты, ал бір ауыл мықты болса, бұл мемлекеттің түбірі мықты деген сөз. Ел бірлігін жыр еткен Бұхар бабамыздың: «Айнала алмай ат өлсін, Айыра алмай жат өлсін, Жат бойынан түңілсін, Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз!», – деген сөзі ағайынды Шорабаевтардың өмірлік қағидасына айналғаны хақ. Еншісі бөлінбеген ағайынды азаматтардың жомарттығы мен қайырымдылығы да ағадан ініге беріліп, қазіргі кезде де жалғасын тауып келеді.

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...
14 сентября 2025 12:14
Айнагуль
Отбасыңызға 40 жыл болып жатыр екен, аз ба-көп па, бәрі Алланың қолында, бастарыңа амандық, жан ұяларыңда бақ пен...