![]()
Еңбекпен өрілген ерен ғұмыр
Қазақ баласы ежелден «Ер – елінің айнасы» деп, халқына адал қызмет еткен азаматтарды төрге оздырып, ерекше қадірлеген. Бүгінгі таңда да осы игі дәстүр сабақтастығын жойған жоқ. Ел ертеңі мен қоғам дамуы – маңдай терімен адал ырзық тапқан, еңбегімен абырой жинаған жандардың қажыр-қайратына тікелей байланысты.
![]()
Осындай ел аузында жүрген, абыройы асқақ тұлғалардың бірі – Қарақұлов Жаңабай Қарақұлұлы. Оның ғұмыры тек бір әулеттің шежіресі ғана емес, тұтас бір дәуірдің тынысын паш ететін халық өмірінің шынайы көрінісі. Бұл кісінің өмір жолы – қарапайым қазақ перзентінің төзім мен тектілікті серік етіп, биік парасатқа ұласқан ерен еңбегінің жемісі.
Келер ұрпақ жасанды даңқтың емес, мағыналы ғұмыр кешкен, жаны жайсаң жандардың ізіне үңіледі. Осы тұрғыдан алғанда, Жаңабай Қарақұлұлының адалдықпен ардақталған бейнесі – жастар үшін айқын бағдар, өшпес өнеге.
Адамның тұлға ретінде қалыптасуы оның шыққан тегі мен нәр алған топырағына тікелей байланысты. «Асылдың сынығы» атанған азаматтың өмірлік ұстанымдарын тереңірек ұғыну үшін, оның туған өлкесі мен әке-шешесінің тәліміне үңілу қажет. Бұл – Жаңабай ағаның тағдыр-тарихындағы ең маңызды алғашқы
![]()
тарау, қасиетті қайнар бастау болып табылады.
Жаңабай Қарақұлұлы 1949 жылдың қараша айының алғашқы таңында Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Сарытөр атты аядай ғана ауылда жарық дүние есігін ашты. Бұл – көзін ашқан сәттен қазақтың қара топырағына тамырын терең жайған, еңбек пен адалдықты серік еткен ауыл. Қарашаңырақтың төрінде емес, қара жердің төсінде өсіп-өнген ұл. Жаңабай – өзі туған өлкенің болмысынан сыр тартып, құлазыған дала мен көкмайса төскейдің үнін естіп өскен.
Әкесі – Қарақұл Тұрдалиев, тағдырдың тезінен өткен, талай қилы кезеңде қайыспай еңбек еткен, сұрапыл соғыстың сойқанын да, бейбіт күннің бейнетін де қатар көтерген жан. Ол ауылдағы колхозда ұзақ жылдар шопан болып еңбек етіп, мал шаруашылығында маңдай терін аямай төккен. Ал анасы – Батбанбибі Шәкірбаева – ауылдың ардақты анасы, қара жұмыстың қаймағын сүзіп, шаңырақты шайқалтпай ұстаған нағыз қазақы кейуананың бейнесі. Ол да колхоз жұмысына белсене араласып, күннің суығы мен ыстығына қарамай, егістік пен үй тірлігін қатар алып жүрген еңбек иесі болды.
Бұл шаңыраққа Жаратқан он төрт сәби сыйлағанымен, тағдырдың қатал сынағы он екі перзентті ерте алып кетіп, тек Жаңабай мен қарындасы ғана өмір көшін жалғады. Кез келген жанды еңсерер мұндай ауыр кезеңде ата-анасы іштей егілсе де, сыртқа мұңын шашпай, бар мейірі мен үмітін қалған екі баласына арнады. Жаңабай осылайша әулеттің соңғы шырағы, үміт оты ретінде ер жетті. Бұл салмақты жүкті арқалау ол үшін жай ғана міндет емес, азаматтық борышқа айналды. Балалық шағы бейнетпен өрілгенімен, шаңырақтағы өзара құрмет пен адалдық оның мінез-құлқын ерте шыңдады. Ол әкесінің қабағынан істің мәнін ұғып, анасынан сабыр мен төзімді үйренді. Осындай рухани-адамгершілік ортада өскен ол қазақтың қара топырағынан нәр алып, болмысы биік тұлға болып қалыптасты.
«Білімдінің күні жарық» деген қағиданы ұстанған Жаңабай Қарақұлұлының бойындағы оқуға деген құштарлық пен талпыныс оның өмірлік бағдарына айналды. Білім соқпағы Сарытөр ауылындағы бастауыш мектептен басталып, кейін аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектепте жалғасты. Ол заманда ауыл баласы үшін әр кітап – қазына, әр ұстаз – шамшырақ еді. Мектеп бітірер шақта зейнетке шыққан әкесінің: «Білімді бол, бірақ кісілігіңді жоғалтпа» деген өсиеті оның басты қағидасына айналды. Осы мақсатпен 1966 жылы Шымкент кооперативтік техникумына оқуға түсіп, кәсіби мамандық алды.
![]()
Жаңабай Қарақұлұлының ғұмырнамасы еңбексіз толықпайды. Оның өмірінің әр белесі – қарапайым қызметтің үлкен мағынаға айналған көрінісі. Оқу орнын тамамдаған соң, еңбек жолын Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында товаровед болып бастады. Алайда тағдыр оны туған топырағынан алыстатпады. Жарты жылдан соң әкесінің шақыртуымен ауылға оралып, ата-ана алдындағы перзенттік парызын бірінші орынға қойды. Ол өз тамыры терең жайылған Сарытөріне келіп, ел игілігі жолындағы жаңа қызметіне белсене кірісті.
Алайда ауылға оралғанда, мамандығына сай жұмыс табыла қойған жоқ. Бірақ бұл да оның жігерін жасыта алмады. Қайта қайрай түсті. Ел ішінде жүргенде қоғамдық негізде колхоздың комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Комсомолдан кейін трактор бригадасының есепшісі қызметіне ауысты.
Колхоз басшылығы осындай қарымды жастың келешегіне сеніп, 1969 жылы оны партия қатарына ұсынды. 1971 жылдан бастап ауылдағы азық-түлік дүкенінің меңгерушісі болып тағайындалды. Жұрт «дүкенші» десе, тауар таратушыны ғана елестететін. Бірақ Жаңабай дүкенді де тәрбие орнына айналдырды. Адал таразы, тура с
![]()
өз, әділ қызмет – оның саудадағы басты ұстанымы болды. Жұрт оның әділдігіне сенді, сөзіне тоқтады. Оған қарап: «Міне, нағыз азамат, нағыз қызметкер!» – дейтін.
1974-1985 жылдар аралығында автодүкен меңгерушісі болды. Бұл кезеңде ауыл-ауылды аралап, халықтың күнделікті тұтыну заттарын қамтамасыз ету – үлкен еңбек пен ұйымдастырушылықты қажет ететін шаруа еді. Кейінірек аудандық тұтынушылар қоғамының заготконтор мекемесін басқарды. Бұл мекеме – аудан экономикасында салмақты орны бар ұйым болатын. Ондағы директорлық қызмет – өз алдына бір төбе. Осы тұста ол тек басшылықпен ғана шектелмей, шаруашылықтың барлық саласына араласып, іскерлік қабілетін толықтай көрсетті. Қызметкерлердің мәселесін шешіп, кәсіпорынның табысын арттырып, бүкіл ауданға үлгі бола білді.
1995 жылдан бастап нарық дәуірінің көшіне ілесіп, жеке кәсіпкерлікке бет бұрды. Бұл жол да оңай болған жоқ. Бірақ бала күнінен еңбекпен шыңдалған жан үшін мұндай сын – тек кезекті белес қана. Жаңабай Қарақұлұлы осы тұста «Береке» базарының іргесін бекітіп, соның тыныс-тіршілігіне білек сыбана араласты. Бұрын алақандай жерге жайғасып, ашық аспан астында отырған саудагерлерге арнайы орын, қажетті жағдай жасады. Бүгінде сол базар – ауданның сауда-саттығындағы ең үлкен нүкте. Бұл – ең алдымен, Жаңабайдай азаматтың ел үшін жасаған еңбегінің жемісі.
Осы саланың тасын өрге домалатып жүріп, «Құрмет» орденін, «ҚР Тәуелсіздігіне 10, 15, 20, 25 жыл» медальдарын, облыс пен аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттар мен Мақтау қағаздарын иеленді. Алайда, ол үшін ең үлкен марапат – «Түлкібас ауданының Құрметті азаматы» атағы болды. Міне, еңбек жолы осылай өрілді. Қарапайым есепшіліктен – ауданның тұтас экономикасына үлес қосқан кәсіпкерге дейінгі жол – қажыр мен қайраттың, адалдық пен табандылықтың жолы еді. Бұл жолда ол ешкімге иілмеді, ешкімді итермеді. Өз жолымен, өз салмағымен биікке шықты.
![]()
Киелі қазақы ұғымда «Шаңырақ» – жай ғана үйдің атауы емес, тұтас бір әулеттің тіні, берекенің ордасы, ұрпақтың іргесі. Бұл ұғым Жаңабай Қарақұлұлының ғұмырлық философиясынан ерекше орын алады. Ол үшін отбасы – жан тыныштығы ғана емес, жауапкершіліктің, тектіліктің, тірліктің, тиянақтылық пен парасаттылықтың тұтас жиынтығы. Нұрзада ана екеуі киелі Меккеге барып, мұсылмандық парызын өтеген қажылар.
Жаңабай Қарақұлұлы өмірлік жары Нұрзада Тортайқызымен бір шаңырақ астында тағдыр тоғыстырғанда, бұл жұптың жарасымы қазақтың «жақсы адам – елдің ырысы, жақсы әйел – үйдің тынысы» дейтін тәмсілін шындыққа айналдырды.
Нұрзада Тортайқызы 1949 жылдың 1 тамызында Жамбыл облысы, Жуалы ауданында дүниеге келді. Соғыстан кейінгі ел еңсесін енді ғана тіктеп, жұрт жұтаңдықтың жібін үзіп, тіршілікке қайта жан біткен шақ. Сол уақыттың өз заңы бар еді: еңбек – нанның ғана емес, намыстың да өлшемі болатын. Әр үйдің түтіні түзу шығуы үшін әр адам өзін аямайтын. Қыз бала да «қыздың жолы – жіңішке» деп еркелемей, ерте есейетін. Нұрзада Тортайқызының бойындағы қайсарлық пен қанағат, сабыр мен мейірім – сол дәуірдің көрігінен өткен қасиеттер.
Мектептегі білім – әлемге ашылған терезе болса, Нұрзаданың жүрегі ақ халаттылар жолына тоқтады. Қазақ танымындағы адалдық пен пәктіктің нышаны – ақ түс медицинада жаңа мағынаға ие болып, жауапкершілік пен ұқыптылықтың символына айналды.
![]()
Осы мақсатпен ол Жуалы ауданының орталығы – Боранды (Бурное) кентіндегі медициналық училищеге оқуға түсті. Бұл – өмірдің кезекті белесі ғана емес, тағдырлы шешім болатын. Себебі бұл саланы таңдаған жан өз иығына дипломды емес, халықтың шексіз сенімі мен уақыттың ауыр сынын арқалап шығатынын ол терең сезінді.
Ол көп жылдар бойы мейірбике болып қызмет атқарды. Бұл бір ауыз сөйлемнің ішіне қаншама түнгі кезек, қаншама таңғы асығыс, қаншама ауыр халдегі жанның үміті сыйып тұр. Мейірбике деген – ақылдың ұқыптылығы мен жүректің жұмсақтығы қосылған тұс.
Нұрзада Тортайқызының кәсіби болмысы қазақы ұғымдағы «жүзі жылы, сөзі салмақты» деген сипатқа толықтай сай келетін. Аурухана қабырғасындағы күнделікті ауыр жағдайлар, уайым мен асығыс тіршілік адамды қатал етіп жіберуі мүмкін. Алайда, оның мінезі бұл қиындықтарға бой алдырмай, керісінше шыңдала түсті.
Уақыт өте келе оның тағдырында жаңа белес басталды. Түлкібас өңірінің дамуына үлес қосып жүрген белгілі азамат, кәсіпкер Қарақұлов Жаңабай Қарақұлұлымен шаңырақ көтерді. Бұл одақ қазақтың «жақсы жар – жарты ырыс» деген тәмсілін дәлелдегендей болды. Олар бір-бірін толықтырып, тіршіліктің қос қанатындай жарасты: бірі – еңбектегі мығымдық болса, екіншісі – мейірімнің мөлдірлігі еді.
Отбасылық береке күнделікті қарекеттен басталатынын ұққан Нұрзада Тортайқызы медицинамен ғана шектелмей, қоғамға пайдалы өзге салаларда да өзін көрсете білді. Ол балабақшада аспаз әрі тәрбиеші болып қызмет атқарды.
![]()
Сырттай қарағанда бұл кәсіптер әртүрлі көрінгенімен, мақсаты ортақ: бірі – шипа берсе, екіншісі – нәр сыйлады, ал үшіншісі – болашақ ұрпақ мінезін қалыптастырды. Бұл қызметтердің барлығына тән ортақ қасиет – адамға деген шексіз сүйіспеншілік. Жаңабай әке мен Нұрзада ана отбасында 4 ұл мен 3 қызды тәрбиелеп өсірді. Қос ата-ананың үлкен жеңісі – балаларының бәрі лауазымды қызметтерде болуы ғана емес, сол қызметке жетер жолда адамдықтың жібін үзбей, білімге ұмтылып, еңбекпен өсуі. Өйткені қызмет – уақытша, ал мінез – мәңгі. Ол ұл-қызын «бай бол» деп емес, «абыройлы бол», «елге сыйлы бол» деп тәрбиеледі. Тәрбиенің төресі – баланың өзіне ғана емес, өзгенің де пайдасына жарауы.
Бұл шаңырақтың қуанышы – немерелер мен шөберелер. Қазір бұл әулетте 33 немере, 3 шөбере өсіп-өніп келеді. Немерелерінің алды жоғары оқу орнын бітіріп, түрлі салада қызмет етіп жүр. Олардың жетістігі – тек өздерінің ғана емес, атасының тілеуі мен әженің аналық жүрегінің жемісі. Әрқайсысы – бір жұлдыз. Ата мен әже сол жұлдыздардың жарығына қарап шүкіршілік етеді.
Қазақ «Тектінің тұяғы тасқа түссе де, тұлпар боп шабады» дейді. Бұл әулетте сол тектілік бар. Бұл шаңырақтың төрінде – ақыл, босағасында – береке, қабырғасында – мызғымас тәрбие тұр. Сондықтан да Қарақұловтар әулеті – бүгінгі ұрпаққа ғана емес, болашаққа да жол көрсететін парасатты отбасы.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()