Қыпшақбаев Нариман

Рейтинг:

Инженер-гидротехник, «ҚР еңбек сіңірген гидротехнигі», техника ғылымдарының кандидаты, 
МКВК Қазақ филиалының директоры

Өнегелі өмір жолы

      Кейде бір адамның өмір жолына үңілсең, тұтас бір дәуірдің тынысын сезесің. Кейде бір тағдырдың белестерін парақтасаң, ел тарихының күрделі кезеңдері, халықтың үміті мен ізденісі, табиғат пен қоғам арасындағы нәзік байланыс көз алдыңнан өтеді. Нариман Қыпшақбаевтың ғұмыры – дәл осындай, жеке жетістікпен ғана шектелмейтін, ел мүддесімен, су тағдырымен, ғылым мен мемлекеттік жұмыстардың тоғысқан кеңістігімен сабақтас өмір жолы. Отан дегеніміз – Жер мен Су, онсыз ел болу мүмкін емес!
      Су – тіршіліктің өзегі, өркениеттің күретамыры. Ал сол суды әділ бөлу, ұқыпты пайдалану, болашақ ұрпаққа аман жеткізу – үлкен парасат пен терең білімді талап ететін жауапкершілік. Осындай күрделі де стратегиялық салада ғұмырын сарп еткен, инженерлік ойды мемлекеттік деңгейдегі шешімдермен ұштастырған, ғылыми ізденісті нақты жобалармен бекемдеген тұлғалардың бірі Нариман Қыпшақбаев туралы қалам тербемекпіз.
      Ғұмырын су тағдырымен сабақтастырған, инженерлік ой мен мемлекеттік парасатты бір арнаға тоғыстырған тұлғалар сирек туады. Нариман Қыпшақбаев – дәл сондай, есімі тек бір мекеменің немесе бір кезеңнің шеңберімен шектелмейтін, аймақтық және халықаралық деңгейдегі су саясатына ғылыми салмақ қосқан көрнекті қайраткер.
      Бастауын қарапайым тектілік бұлағынан алып, саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған, ғылым мен тәжірибені тоғыстырған, ел мүддесін су саясаты арқылы қорғауға ғұмырын арнаған сондай ірі тұлғалардың бірі – Қыпшақбаев Нариман. Ол 1934 жылдың 27 мамырында Қостанай облысы, Жангелді (бұрынғы Торғай) ауданының кең жонды, қоңыр желі ескен, тарихы қатпарлы Торғай топырағында дүниеге келді.
      Әкесі – Бөлекбаев Қыпшақбай (1892–1947), өз дәуірінің қайсар да еңбекқор азаматтарының бірі. ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы аумалы-төкпелі кезең, ауыл шаруашылығының жаңа жүйеге көшуі, колхоздастыру науқаны – бәрі де қарапайым халықтың иығына ауыр жүк болып түскен уақыт еді. Осындай күрделі заманда Қыпшақбай өз ауылында колхоз ұйымдастырушыларының бірі болып, жаңадан құрылған шаруашылықтардың бірінде бригадир қызметін атқарды. Сол заманның тәртібі мен заңына сәйкес іс жүргізбеді деп қуғындалды. Анасы – Бөлекбаева Ақшөкен. 1940 жылы Нариман небәрі алты жаста болған кезде дүниеден өтті.
      Даланың қуаң тартқан жазын, көктемгі тасыған өзенін, күзгі сарқындысын көріп ержеткен оның санасында су тіршіліктің алтын өзегі ретінде орнығып, сол бір бала қиял уақыт өте келе нақты ғылыми ізденіске, мемлекет мүддесін ойлаған стратегиялық көзқарасқа ұласты.
      Орта білімді 1864 жылы Ыбырай Алтынсариннің өзі ашқан Торғай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептен оқып, 1953 жылы мектепті үздік тәмамдап, зеректігімен, алғырлығымен ұстаздарының ықыласына бөленді. Мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде пәндерді терең меңгеріп қана қоймай, қоғамдық өмірге белсене араласып, ұйымдастырушылық қабілетімен дараланды. Білімге деген құштарлық Қыпшақбаев Нариманды сол кезеңдегі ауыл шаруашылығы ғылымының іргелі ордасы – Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтына алып келді.
      Жоғары оқу орнында «Гидромелиорация» мамандығын таңдап, 1958 жылы «инженер-гидротехник» дипломын алып шыққан ол еңбек жолын 1958 жылдың тамызында Алматы облыстық су шаруашылығы басқармасында бастады. Алғашқыда бір ғана Түрген өзені бойынша учаскелік гидротехник қызметін атқара жүріп, ол теориялық білімін нақты өндірістік тәжірибемен ұштастырды. Өзен арнасын реттеу, суару жүйелерін жетілдіру, шаруашылықтарды сумен тұрақты қамтамасыз ету сынды жауапты міндеттерді орындау барысында ол судың әр текше метрінің артында супайдаланушылырдың талабы, халықтың несібесі тұрғанын терең сезінді.
      Өзінің қызметтік міндеттерін әрдайым абыроймен атқарып, ұжымдастарының құрметіне бөленген Нариман Қыпшақбаев Еңбекшіқазақ ауданы Су басқармасының су пайдалану бөлімінің бастығы ретінде ұйымдастырушылық қабілетін, инженерлік терең білімін және стратегиялық ойлау жүйесін қатар көрсете білді. 1960 жылдың тамыз айынан бастап Қазақстан Республикасы Су ресурстары министрлігінің құрылуына байланысты министрлікке жұмысқа шақырылып - аға инженер, бас инженер, бөлім бастығы қызметтерін атқара жүріп, өндірістік процестердің тиімділігін арттырумен ғана шектелмей, су қорларын ұтымды басқарудың ғылыми негіздерін енгізуге ұмтылды.
      1966 жылы Одақта су шаруашылығын одан әрі дамыту мәселесі көтерілуіне байланысты 1968-1974 жылдар аралығында Семей облыстық су шаруашылық басқармасында басшылық қызмет атқарды. Ол кезеңде көптеген су мәселелерін шешуге ат салысты. 300 шақырымдық Белағаш су құбыры, Шар және Егінсу су қоймаларын салу, оның суармалы жерлерін іске қосу, Аягөз, Айғыз өзендері бойында суармалы шабындық жерлер дайындау, Үржар, Мақаншы, Жарма, Ақсуат аудандарында ескі суармалы жерлерді жетілдіру және жаңа суармалы жерлер дайындап, оған жаңа «Фрегат», «Кубань», «Волжанка» сияқты суару техникаларын кеңінен пайдалануды жүзеге асырды. Өзеннен суды реттеу үшін темірбетоннан бөгеттер тұрғызу, каналдарды бетондау арқылы су шығынын азайту және тағы басқа да қажетті іс-шараларды кең ауқымда жүргізді.
      1970 жылдың мамыр айынан бастап Қазақстан Республикасы Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінде министрдің орынбасары, кейін министр қызметін атқаруы – оның кәсіби беделі мен басқарушылық шеберлігінің заңды нәтижесі еді. Бұл кезеңде еліміздің аграрлық секторы суармалы егіншілікке арқа сүйеп, ірі гидротехникалық кешендер іске қосылып жатқан болатын. Осындай күрделі үдерістерді үйлестіру, су ресурстарын аймақтар арасында әділ бөлу, мемлекетаралық су қатынастарын келісім аясында реттеу – терең білім мен байыпты саяси пайымды талап ететін жауапты міндеттер еді. Нариман Қыпшақбаев осы жауапкершілікті салмақтай көтеріп, саланың стратегиялық бағыттарын айқындауға белсене атсалысты.
      1990 жылдың ақпан айынан Қазақстан Республикасы Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметіне келді. Кеңестік басқару жүйесі ыдырап, жаңа мемлекеттік құрылымдар қалыптасып жатқан алмағайып уақытта су ресурстарын тиімді басқару мәселесі ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі міндетке айналды. Су – тек ауыл шаруашылығының ғана емес, энергетиканың, экологияның, тіпті халықаралық қатынастардың тірегі. Осындай өтпелі кезеңде Нариман Қыпшақбаев саланың институционалдық негізін сақтап, жаңа жағдайға бейімделген басқару тетіктерін қалыптастыруға күш салды.
      Су ресурстарын басқару мен қорғаудың ғылыми негіздерін, мемлекеттік су кадастрын жүргізу жүйесін, Қазақстан аумағындағы су қорын бағалау мен болжау әдістерін, су ресурстарын кешенді пайдалану қағидаттарын, мемлекетаралық және мемлекетішілік су қатынастарының құқықтық қырларын, су саясаты мен су заңнамасының стратегиялық мәнін терең меңгерген соң интеграцияланған су ресурстарын басқару ұғымы, яғни су, жер, экология, экономика және қоғам мүдделерін біртұтас жүйе ретінде қарастыру қағидасы оның кәсіби дүниетанымының өзегіне айналды.
    1996 жылдан бастап Алматы қаласындағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының «Су бұру және су ресурстарын қорғау» кафедрасының профессоры ретінде ғылым мен білім саласына бет бұрып, тәжірибесін жас буынға жеткізуге кірісті. Ғылыми ізденісін үздіксіз жалғастырған Нариман Қыпшақбаев 1998 жылы академиялық профессор атағын алып, 2009 жылы техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. 2006-2017 жылдар аралығында Қазақ ұлттық агарлық университеті Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы студенттеріне инженерлік ойлаудың жаңа буынын тәрбиелеуге үлес қосты. Оның дәрістерінде су саясатының философиясы, табиғатқа жауапкершілік, болашақ алдындағы парыз туралы терең ойлар айтылатын.
      1996 жылдан бүгінгі күнге дейін Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясы Ғылыми-ақпараттық орталығының Қазақ филиалының директоры ретінде Орталық Азия елдері арасындағы трансшекаралық су мәселелерін ғылыми тұрғыдан талдау, ақпараттық-сараптамалық қамтамасыз ету, ортақ келісімдерге ғылыми негіз ұсыну бағытында табанды еңбек етіп келеді.
      Нариман Қыпшақбаев – инженер немесе министр ғана емес, сан қырлы ғылыми ортада мойындалған, су ресурстарын интеграцияланған басқару идеясының табанды насихатшысы. 
      2004 жылдан бастап Орталық Азия және Кавказ елдерінің Өңірлік су серіктестігі Өңірлік кеңесінің мүшесі ретінде аймақтық ынтымақтастықтың нығаюына атсалысса, Қазақстанның Су серіктестігінің төрағасы ретінде ұлттық деңгейде су саясатын жетілдіру бағытында ғылыми ұсыныстар әзірлеуге ұйытқы болды. Бұл ұйымдар – су қауіпсіздігі, экологиялық тұрақтылық, мемлекетаралық сенім мәселелерін талқылайтын маңызды алаңдар.
      Су ресурстары комитеті төрағасының кеңесшісі болған уақытт аралығында мемлекеттік шешімдердің ғылыми негізді болуына, Қызылорда облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі ретінде Сыр бойының суармалы егіншілігі, Арал теңізі бассейнінің экологиялық жағдайы, ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері бойынша сараптамалық қолдау көрсетіп, өңір дамуына тікелей үлесін қосқан маман.
      Нариман Қыпшақбаев ғылыми қауымдастықтағы пікір алмасуларға белсенді қатысып, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мен тиімділігі жөніндегі заманауи көзқарастарды дамытуға атсалысты.
      1992-1995 жылдары Арал теңізі бассейнінің Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының мүшесі болып ол аймақтық су теңгерімін сақтау, экологиялық ахуалды тұрақтандыру, трансшекаралық өзендерді әділ пайдалану мәселелерінде маңызды рөл атқарды. Ал 
      1997 жылдан бері осы Комиссияның Құрметті мүшесі, Су саясаты жөніндегі Ұлттық диалог кеңесінің мүшесі ретінде ел ішіндегі стратегиялық құжаттардың дайындалуына үлес қосып, ал Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы су бөлісу жөніндегі бірлескен жұмыс топтарының мүшесі ретінде халықаралық келіссөздер алаңында кәсіби пайымын танытты. Нариман Қыпшақбаев елімізде су ресурстарын бассейндік басқару принциптерімен бассейндік кеңестерідің құрылуына, Қазақстанның басты су айдындарына қатысты стратегиялық шешімдерді талқылауға белсене қатысып келеді. 
      Қазақстанның су шаруашылығы саласында тынымсыз еңбек ете білген Нариман Қыпшақбаев бірнеше монографияның, отыздан астам ғылыми мақалалар мен жарияланымдардың авторы.
      Трансшекаралық Қорғас өзеніндегі «Достық» біріккен гидроторабын орнату идеясы - халықаралық су ынтымақтастығының инженерлік әрі саяси астарын терең талдаған еңбек. Қорғас өзені – екі мемлекетті жалғайтын, бірақ сонымен бірге жауапкершілікті де тең бөлуді талап ететін арна. Нариман Қыпшақбаев гидротехникалық шешімдердің тиімділігі тек техникалық дәлдікке ғана емес, мемлекетаралық келісім мәдениетіне тәуелді екенін ғылыми негізде көрсетеді.
      2004 жылы «Су шаруашылығының аймақтық мәселелері» және 2014 жылы жарық көрген «Суды пайдалану мен қорғауды басқару» атты көлемді монографияларында су ресурстарын интеграцияланған басқару қағидаттарын, су саясатының құқықтық негіздерін, экологиялық қауіпсіздік пен экономикалық тиімділіктің үйлесімін кешенді түрде талдайды. Монографиялар – су саласының мамандарына ғана емес, мемлекеттік басқару құрылымдары үшін де әдіснамалық бағдар болатын құнды еңбектер.
      2025 жылы Қазақстанның су шаруашылығы тарихындағы маңызды құжаттар мен өзі дайындаған анықтамалар, баяндамалар жинағын 2-томдық кітап ретінде барша су саласы мамандарына ұсынды.
Нариман Қыпшақбаев ғылыми еңбектерінде су мәселесін тек инженерлік есептермен шектемей, құқықтық, экономикалық, экологиялық және геосаяси факторлардың тоғысқан кеңістігінде қарастырады.
Ғалымның шынайы салмағы оның атақ-лауазымымен емес, ойының тереңдігімен, сөзінің салмақтылығымен, уақытпен үндесе білген пайымымен өлшенеді. Нариман Қыпшақбаевтың халықаралық және республикалық деңгейдегі конференциялардағы баяндамалары – осының айқын дәлелі. Ол мінберге есеп беру үшін емес, су тағдыры арқылы ел тағдырын толғау үшін көтерілді.
      Адамның өмір жолы тек қызметтік белестермен өлшенбейді, оның шынайы болмысы шаңырақ астындағы тыныштықтан, отбасы ішіндегі мейірімнен, перзенттерінің көзіндегі сенімнен көрінеді. Нариман Қыпшақбаев – мемлекеттік деңгейде биік жауапкершілік арқалаған, ғылыми ортада мойындалған тұлға ғана емес, отбасында асыл жар, асқар тау әке, ақылман ата.
Оның жары – Нұржамал апай өмірлік серігі ғана емес, инженер-гидротехник, жобалаушы болып зейнетке шыққанша еңбек еткен жан. Тағдыр жолындағы сенімді тірегі, шаңырақтың берекесін кіргізіп, төрін шуаққа бөлеген парасатты жан болды. Ұзақ жылдар бойы иық тірестіре жүріп, тіршіліктің талай сынағынан бірге өткен олар – отбасы деген ұлы ұғымның мәнін терең түсінген, сыйластық пен сабырды серік еткен жандар. Шаңырақтың ішін шаттық нұрымен, бақыт гүлімен көмкеріп, төрт перзентті дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген бақытты әке мен ана атанды.
      Адам ғұмырының шынайы бағасы – оның артында қалған ізінде, ел жадында сақталған есімінде, ұрпақ жүрегіне ұялаған өнегесінде. Нариман Қыпшақбаевтың саналы ғұмыры – 
ғылым мен мемлекеттік қызметті, инженерлік дәлдік пен азаматтық жауапкершілікті бір арнаға тоғыстырған, ел мүддесін бәрінен биік қойған тағдыр.
      Ол су ресурстарын басқару саласында тек инженер ғана емес, стратегиялық ойшыл, ғылыми мектеп қалыптастырған ұстаз, халықаралық деңгейде мойындалған сарапшы ретінде танылды. Қай қызметте жүрсе де, су мәселесін тар техникалық шеңберде емес, ұлттық қауіпсіздік, экологиялық тұрақтылық, экономикалық даму және мемлекетаралық ынтымақтастық тоғысқан кең кеңістікте қарастырды. Әр шешімінде болашақ ұрпақтың қамын ойлап, әр бастамасында ел мүддесін алға қойды.
Ғалымның еңбегі – тек жарық көрген монографиялар мен мақалаларда ғана емес, жүзеге асқан жобаларда, қалпына келген экожүйелерде, тиімді басқарылған су арналары мен халықаралық келісімдерде.
Осындай ғибратты ғұмыр иесіне денінің саулығын, отбасының амандығын, шаңырағының берекесін тілейміз. Еңбегінің жемісін көріп, ұрпағының қуанышына бөленіп, ел алғысына бөлене берсін.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...
7 мая 2026 13:03
Айым
Сәлеметсіз бе сізге көрінейін деп едім ...