Жеке кәсіпкер, «Үздік меценат» атағының, «Құрманғазы ауданының 95 жылдығы» мерекелік төсбелгісінің иегері
Елім деп жүрген іскер азамат
Әр адамның өмір жолы – туған жердің топырағынан бастау алатын тағдырлы сапар. Кабдулов Нұрбол Сейтжанұлы да сондай еңбек пен ізденіске толы өмір жолын қалыптастырған азаматтардың бірі. Ол 1985 жылдың 12 қазанында Ақтөбе қаласында дүниеге келді. Балалық шағы ата-анасының қызметіне байланысты Ақтөбе облысы аумағында өтіп, сол өңірдің табиғаты мен тіршілігі оның мінезінің қалыптасуына, дүниетанымының кеңеюіне ықпал етті.
Әкесі Кабдулов Сейтжан Муфтахиұлы – Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданының тумасы. Туған жерге деген сағыныш пен құрмет отбасында әрдайым ерекше сезіліп тұратын. Бұл сезім Нұрболдың жүрегіне де ерте жастан сіңді. Әке өнегесі мен отбасы тәрбиесі оның жауапкершілігі мол, іскер азамат болып қалыптасуына негіз болды.
Нұрбол жастайынан еңбекқорлық пен табандылықты серік етті. Уақыт өте келе өз алдына үлкен мақсаттар қойып, кәсіпкерлік саласына қадам басты. 2014 жыл оның еңбек жолындағы жаңа кезеңнің бастау алған уақыты болды. Дәл осы жылы ол өз кәсібін бастап, өмірлік бағытын айқындады.
![]()
Ал 2015 жылы әкесінің кіндік қаны тамған қасиетті Құрманғазы ауданына арнайы келіп, халыққа қызмет етуді мақсат тұтты. Ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді сауда қызметін ұсыну ниетімен «Береке» отбасылық дүкенін ашты. Бұл тек сауда орны ғана емес, елге адал қызмет етудің, туған жерге деген перзенттік борышты өтеудің бір көрінісі еді.
Сол уақыттан бері Нұрбол Сейтжанұлы «Береке» дүкенінің тізгінін ұстап, оны тұрақты дамып келе жатқан шағын кәсіпке айналдырды. Оның іскерлігі, адалдығы мен халыққа деген жанашырлығы дүкеннің сенімді сауда нүктесіне айналуына себеп болды. Бүгінде ол туған өлкесінде еңбек етіп, ел сенімін ақтап жүрген жас кәсіпкерлердің бірі. Нұрбол Сейтжанұлы – тек кәсіп иесі ғана емес, ауыл экономикасының дамуына үлес қосып отырған іскер азамат ретінде танылып отыр. Ашқан «Береке» отбасылық дүкені уақыт өте келе тек сауда орны болып қана қоймай, бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шағын кәсіпкерлік орталығына айналды. Ауыл тұрғындары үшін қолжетімді баға, сапалы қызмет және адамгершілік қарым-қатынас – оның жұмысының басты ұстанымы. Сондықтан да ол елдің ризашылығына бөленіп, ауылына жанашыр кәсіпкер ретінде құрметке ие.
Нұрбол – өнегелі отбасының тірегі, көпбалалы әке. Жары Хамиева Жансая Дүйсенәлиқызымен бірге 8 бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Жансая Дүйсенәліқызы – «Алтын алқа» иегері, ардақты ана. Бұл – тек марапат емес, үлкен еңбектің, төзім мен мейірімнің белгісі. Отбасындағы береке мен татулық – олардың басты байлығы.
Балалары да ата-анасының тәрбиесін ақтап, түрлі білім және спорт салаларындағы жетістіктерімен көзге түсіп келеді. Әлемдік жарыстарға қатысып, жүлделі орындармен оралуы – отбасының мақтанышы ғана емес, туған ауылдың да мерейі. Бұл – ата-ананың берген тәрбиесінің, қолдауы мен сенімінің жемісі.
Қоғамдық өмірге белсенді араласатын Нұрбол Сейтжанұлы 2021 жылы Құрманғазы ауданының «Үздік меценат» атағымен марапатталды. Бұл атақ оның тек кәсіпкер ғана емес, елге жанашыр, қайырымды азамат екенін айқындайды. Ал 2024 жылы Құрманғазы ауданының 95 жылдығына арналған мерекелік төсбелгімен марапатталуы – туған жер алдындағы еңбегінің лайықты бағалануы.
Елге қызмет ету – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ал туған жердің қамын ойлап, халықтың игілігі үшін нақты қадам жасай білу – нағыз азаматтың белгісі. Нұрболдың ел ішінде атқарған игі істері соның айқын дәлелі. 2021 жылы Құрманғазы ауданы аумағында аяқсу стансасын тартып беруі аудан халқы үшін үлкен жаңалық, көптен күткен қуаныш болды. Аяқсу – ауыл тұрмысының ең өзекті мәселелерінің бірі. Су бар жерде тіршілік бар, береке бар. Жергілікті тұрғындар бұрын тұрмыстық судың тапшылығын сезінсе, енді бұл мәселе шешімін тауып, халықтың күнделікті өмірі жеңілдей түсті. Бұл тек техникалық жоба емес, бұл – ауыл тұрғындарының денсаулығы мен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік қадам еді. Ал 2023 жылы Нұрбол тағы бір ауқымды істі жүзеге асырды: 1600 метр магистральді желі тартып, Ганюшкина ауылынан Безымянный елді мекеніне дейін су жеткізді. Бұл – үлкен еңбекті, табандылықты және қомақты қаржыны талап ететін жұмыс. Магистральді желі тарту арқылы шалғайдағы ауыл тұрғындары да сапалы ауызсуға қол жеткізді. Бұрын су мәселесін уайымдап келген халық үшін бұл нағыз игілік болды. Судың келуі – тек тұрмыстың түзелуі емес, ол – ауылдың дамуына жол ашу. Мал шаруашылығының жандануына, шағын кәсіптің дамуына, тұрғындардың ауылдан көшіп кетпеуіне се
![]()
п болар маңызды фактор. Нұрболдың бұл бастамалары – туған жерге деген шынайы жанашырлықтың, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.
Нұрболдың 2021–2023 жылдары жүзеге асырған су тарту жобалары – ел игілігіне жасалған сүбелі еңбек. Туған жерге туын тіккен азаматтың ісі ел жадында қалады. Осындай нақты істер арқылы ол ауыл халқының алғысына бөленіп, абырой биігінен көрініп келеді. Ол ауылда өтетін түрлі мәдени, спорттық және қоғамдық шараларға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Қайырымдылық шараларынан, демеушілік көмектен ешқашан шет қалған емес. Ауыл жастарына үлгі болып, елдің бірлігі мен берекесіне үлес қосып жүрген осындай азаматтар – өңірдің тірегі.
Нұрбол Сейтжанұлының өмір жолы – адал еңбек пен отбасы құндылықтарын қатар ұстанған, туған жерге қызмет етуді парыз санаған азаматтың жарқын үлгісі. Ол – тек табыс тауып, тірлік дөңгелетіп жүрген азамат емес, маңдай термен келген несібенің қадірін білетін, еңбекті ерлікке балаған азамат. Оның өмір жолына үңілсек, бір күнде қалыптасқан табыс емес, жылдар бойғы ізденіс пен табандылықтың, сабыр мен сенімнің жемісін көреміз.
«Нұрболдың кәсіпкерлікке келуі – жай ғана табыс табудың амалы емес, елге қызмет етудің бір жолы болды. Әр бастамасының артында жауапкершілік, әр шешімінің түбінде ой мен сарап бар. Ол үшін кәсіп – тек пайда емес,
![]()
адамдарға жұмыс беру, отбасылардың ырысын арттыру, туған жердің дамуына үлес қосу болды. Осындай қалпы оны өзгелерден даралайды», – дейді жары Жансая өз сөзінде.
Еңбектің дәмін ерте татқан азамат ретінде Нұрбол қиындықты айналып өтпеді, қайта соны шыңдалу мектебі деп қабылдады. Нарықтың құбылмалы кезеңдерінде де сабырын жоғалтпай, алға ұмтылды. Тәуекелге бел буғанда да есеппен қадам басты. Әрбір бастамасын жүйелі жоспарлап, табандылықпен жүзеге асыра білді. Соның нәтижесінде ісі ілгерілеп, айналасына сенімді серіктестер мен адал қызметкерлерді топтастырды.
Кәсіпкердің басты қасиеттерінің бірі – көрегендік. Нұрбол уақыт талабын дер кезінде аңғарып, жаңашылдыққа ашық болды. Ол тек бүгінгі күнмен шектелмей, ертеңгі мүмкіндікті ойлайды. Жаңа технологияны енгізу, қызмет сапасын арттыру, халық сұранысына сай жұмыс істеу – оның тұрақты қағидаларының бірі.
Сонымен қатар Нұрболдың адами болмысы да ерекше. Іскерлік пен кішіпейілдікті қатар ұстай біледі. Қарапайымдылығы – оның ең үлкен байлығы. Қанша жетістікке жетсе де, тәкаппарлыққа бой алдырмай, елмен етене араласып жүреді. Қиналғанға
![]()
мүмкіндігінше көмек қолын созып келеді. Бұл – оның азаматтық келбетін айқындай түсетін асыл қасиет.
«Ауданымызға белгілі, елге жанашыр кәсіпкер Нұрбол Қабдолов өзінің азаматтық жауапкершілігі мен жомарттығымен жұртшылықтың жүрегіне ерекше орын алған тұлға. Ол әрдайым туған елінің тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамай, ауыл өмірін жақсартуға үлес қосуға тырысады.
2021 жылы Нұрбол Қабдолов М.Қабдолқызы көшесіне өз қаражаты есебінен жаңа су сору насосын орнатып берді. Бұл қарапайым іс емес еді: нәтижесінде 1000-ға жуық тұрғын таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз иетілді. Сол кездің өзінде ауыл халқы үшін бұл жаңалық ерекше әлеуметтік қолдау, үлкен жеңілдік болды. Тұрғындар үшін судың үздіксіз әрі сенімді болуын қамтамасыз ету – күнделікті тұрмыстың, денсаулық пен жайлылықтың басты кепілі. Кәсіпкердің бұл қадамдары ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымына нақты әрі тиімді үлес болды».
Сонымен қатар 2023 жылы Нұрбол Қабдолов Жапырық және Бұзауслан елді мекендеріне 1300 метр су құбырын сатып алып, оны ел игілігіне тарту арқылы табыстады. Нәтижесінде 1800-ге жуық тұрғын тұрақты әрі сенімді ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл тек қана ауылдағы инфрақұрылымды жақсарту емес, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, балалар мен үлкендердің денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам болды.
![]()
Нұрбол Қабдоловтың бұл қайырымды істері әлі күнге дейін ауыл тұрғындарының жадында сақталған. Оның жанашырлығы мен қоғамға деген адалдығы – көркемдік, жауапкершілік пен жан пейілінің айқын көрінісі. Ол тек өз қаражатын жұмсаған жоқ, сонымен бірге ауыл тұрғындарына өмір сапасын жақсарту, тұрақты инфрақұрылымды қамтамасыз ету жолында нақты іс-қимылымен үлгі көрсетті.
«Міне, осындай азаматтық жауапкершілік пен туған жерге деген шынайы махаббат – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнеге. Нұрбол Қабдоловтың есімі ауылда тек кәсіпкер ретінде емес, елге адал қызмет ететін жанашыр азамат, туған жерге деген жанашырлық, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнеге», – деп бағалайды Құрманғазы ауылдық округі тұрғындары.
Иә, аудан халқын күнделікті тұрмысқа қажетті киім-кешекпен тұрақты түрде қамтып отырған «Шаңырақ» пен «Арзан» дүкендері – ел алғысына бөленіп отырған сауда орындары. Алысқа бармай-ақ, өз ауылынан сапалы әрі қолжетімді тауар таба алған жұрттың ризашылығы бекер емес. Бұл дүкендер тек сауда жасап қана қоймай, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, тиімді баға ұсынуымен ерекшеленіп келеді. Соның арқасында аудан тұрғындары үшін сенімді, тұрақты сауда нүктесіне айналды. Тіпті ел ішінде осы еңбекті бағалап, халықтың ықыласынан туған шағын өлең жолдары да айтылып жүр:
«Арзан» деген аттарың,
Шақырады еріксіз.
Сауда жасап жүреміз,
![]()
Дүкенге күнде келіп біз.
Таныс болып етене,
Дүкенге бас сұғамыз.
Ұнаған киім-кешекті,
Арзанға алып тұрамыз.
Ибалы ілек жастарсыз,
Барлығың да көкелер.
Деген бар ғой қазақта:
«Алғыспен ел көгерер!»
Аналық менің алғысым,
Толағай табыс тілеймін.
Тілеулес боп бәріңе,
Сырттай өзім жүремін.
Аман болып бастарың,
Ұзақ болып жастарың.
Жанұяларың аман боп,
Тыныштық тек заман боп,
Аман-есен жүріңдер.
Қиын да қызық еңбектің,
Жемістерін теріңдер.
Деген тілек менде бар,
Ұжымдағы қыз-жігіт,
Алғыс-жырды қабыл ал!
Ақ тілекпен Мырзағалиқызы София, «Серпер» газетінің сенімді серігі, байырғы тілші.
![]()
Мұндай халықтық ризашылық – кәсіпкер еңбегінің шынайы бағасы. Елге қызмет ету – үлкен абырой, ал ел алғысына бөлену – соның ең асылы.
Нұрбол Сейтжанұлы халық денсаулығын жақсарту мақсатында Құрманғазы аудандық ауруханасы базасында 2 операциялық блоктың салынуына қолдау көрсетті. Бұған дейін аудан тұрғындары күрделі оталарды жасату үшін Атырау қаласына баруға мәжбүр болатын. Екі араның қашықтығы шамамен 300 шақырым болғандықтан, бұл науқастар үшін уақыт жағынан да, жол азабын тарту тұрғысынан да қиындық тудыратын. Жаңа операциялық блоктың ашылуы нәтижесінде енді аудан тұрғындары қажетті хирургиялық көмекті өз ауданында ала алады. Бұл халыққа қолайлы жағдай жасап, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Сонымен қатар Нұрбол Сейтжанұлы Құрманғазы аудандық мүгедектер қоғамы филиалы бірлестігінің жұмысына белсене атсалысып, қоғам мүшелеріне үнемі қолдау көрсетіп келеді. Осы игі істері үшін бірлестік төрайымының Алғыс хатымен және Құрманғазы аудандық мүгедектер қоғамының төрағасының Алғыс хатымен марапатталуы – оның мүмкіндігі шектеулі жандарға деген шынайы жанашырлығының айқын дәлелі.
Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлесі ескеріліп, 2021 жылдың «Үздік меценаты» атағы Дипломына ие болды. Бұл тек қаржылай көмек емес, елдің ертеңіне деген сенім мен жауапкершіліктің көрінісі.
![]()
Білім саласына да бейжай қарамай, жас ұрпақтың сапалы білім алуына қолдау көрсетіп жүрген азамат Абай атындағы жалпы орта мектебі әкімшілігінің Алғыс хатына да ие болды. Бұл – ұстаздар қауымы мен ата-аналардың ризашылығынан туған құрмет.
Осындай марапаттар – Нұрбол Сейтжанұлының абыройлы еңбегінің, елге деген адал қызметінің заңды жемісі. Елге тірек, жұртқа медет бола білген азаматтың еңбегі әрдайым ел есінде сақталары сөзсіз.
Іскер азамат үшін үйдегі береке мен бірлік сырттағы ісіне де қуат береді. Жұбайының қолдауы, бала-шағасының амандығы – кәсіпкердің ең үлкен мотивациясы. Өйткені табыстың шынайы мәні отбасының шат күлкісінде, ата-ананың ақ батасында, перзенттердің жарқын болашағында екенін жақсы түсінеді.
Нұрбол – еңбекті ту еткен, табандылықты серік еткен, адалдықты ар еткен азамат. Оның жолы жастарға өнеге, елге үлгі. Кәсіпкерлік тек қаржы айналымы емес, ол сенім мен жауапкершіліктің, еңбек пен ерік-жігердің тоғысы екенін дәлелдеп жүрген тұлға. Осындай азаматтардың арқасында қоғам дамып, ел экономикасы нығая түседі. Нұрболдың еңбегі – бүгіннің жемісі ғана емес, ертеңгі ұрпаққа қалатын өнегелі із.