![]()
Жеке кәсіпкер, «Талшын» балабақшалар желісінің, «Мейірім» оңалту орталығының және «Көксу Резорт» демалыс кешенінің негізін қалаушы
Ел игілігін еселеген азамат
Қазақ даласында адамды атақ емес, артында қалған ізі танытқан. Дүние көшінде дабырамен көрініп, уақыт өте көмескі тартатын есімдер де бар, ал үнсіз жүріп, елге сіңірген еңбегімен жұрт жадында қалатын азаматтар да болады. Нұрғазин Ерлан Қадірбекұлының ғұмыр жолына үңілгенде, қарапайым қалпынан айнымай, еңбекті өмірлік ұстанымына айналдырған, елге пайдасын тигізуді мұрат еткен азаматтың болмысы айқын аңғарылады. Оның өмірі – бір сәттік жетістіктің емес, жылдар бойы жинақталған тәжірибе, табандылық пен жауапкершіліктің жемісі.
Адамның туған жері – оның мінезі мен дүниетанымының бастауы. Сол қасиетті топырақтан нәр алған Ерлан Қадірбекұлы 1985 жылдың 8 қарашасында Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Көлденең ауылында дүниеге келді.
Балалық шағы еңбек пен қарапайымдықты қадірлеген отбасында өтті. Әкесі ауыл шаруашылығы саласында комбайншы болып еңбек етсе, анасы отбасы тәрбиесіне ден қойды.
Комбайншының еңбегі сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның ар жағында маусыммен санаспайтын бейнет, аптап ыстыққа мойымайтын төзім және ел несібесіне деген зор жауапкершілік жатыр. Егін орағы кезінде алып техниканың тізгінін ұстау екінің бірінің қолынан келе бермейтін. Әкесінің маңдай термен отбасының ырысын тауып, ауыл шаруашылығының ауыр да абыройлы жүгін арқалауы, анасының мейірімі мен өнегелі тәрбиесі Ерланның бойында еңбекқорлық, жауапкершілік және адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына берік негіз қалады. Ол бала күнінен әкесінің адал еңбегінен табандылықтың үнсіз тағылымын алып, анасының тәлімінен ізгілік пен кісілікті бойына сіңіріп өсті.
Анасы Бақыт үйде отырып, отбасының барлық шаруасын ұқыптылықпен атқарып, шаңырақтың жылуы мен берекесін сақтап, балаларына мейірім мен қамқорлық сыйлап, оларды адамгершілікке, еңбекқорлыққа және үлкенді құрметтеуге тәрбиелеп жүрген ардақты жан.
Бір жағында даламен тілдескен әкенің адал еңбегі, екінші жағында бала тәрбиесіне ғұмырын арнаған ананың қамқорлығы Ерланның дүниетанымының қалыптасуына ықпал етті. Абай Құнанбайұлының «Адамның адамшылығы жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген нақылының мәні де осында. Әке еңбегі мен ана тәрбиесі қатар өрілген отбасында өскен баланың өмірге деген көзқарасы күнделікті тіршіліктің өзінен қалыптасады. Әкесі адал еңбектің қадірін ісімен дәлелдесе, анасы мейірім мен тәрбиенің мәнін өз қызметімен көрсетті.
Адамның туған топырақтан алған тәлімі оның тамырын бекітсе, білім сол тамырдан көктеген өркеннің көкжиегін кеңейтеді. Қазақ танымында оқу ешқашан әріп танып, куәлік алумен ғана шектелген емес. Білім – дүниенің сырын ұғып, өз орныңды табу, алдыңдағы асуларды бағамдау, сананы серпілтіп, өмірге биік көзқараспен қарау. Ерлан Қадірбекұлының да балалықтан азаматтыққа бастар жолы мектеп қабырғасынан басталып, үлкен өмірдің сан тарау соқпағына ұласты.
Ерлан Қадірбекұлы туған ауылы Көлденеңдегі орта мектепті тәмамдады. Ауыл мектебінде өткен он бір жыл оның тек білім алып қана қоймай, адамгершілік, еңбекқорлық, үлкенді құрметтеу, ұстазды сыйлау, достық пен жауапкершілік сияқты өмірлік құндылықтарды бойына сіңірген маңызды кезең болды. Балалық шақтан азаматтық өмірге бастар осы белес оның дүниетанымын қалыптастырып, болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға жол ашты. Ұлы ағартушылар Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлы дәріптеген білім мен ұстаз қадірін терең түсінген Ерлан Қадірбекұлы мектептен кейін де оқуын жалғастырып, кәсіби білім алуға нық қадам басты.
Оның студенттік кезеңі Семей қаласымен байланысты болды. Ауылдан үлкен шаһарға келу – тек мекен ауыстыру емес, дүниетанымның кеңеюі мен өз бетінше шешім қабылдаудың бастауы еді. Семей – қазақ руханиятының алтын бесігі. Ұлы Абайдың ізі қалған, Шәкәрім мұрасымен сабақтас, Алаш арыстарының рухы сіңген қасиетті өлкеде білім алу оның өміріндегі маңызды белестердің біріне айналды.
2003–2007 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы университетте білім алып, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын игерді. Бұл мамандық сырт көзге спортпен ғана байланысты көрінгенімен, оның мәні әлдеқайда терең. Дене шынықтыру мұғалімі жас ұрпақты шымырлыққа ғана емес, тәртіпке, төзімге, жігерге тәрбиелейді, жеңісті дұрыс қабылдап, жеңілістен сабақ алуға үйретеді. Спорт тәнді шынықтырса, тәртіп мінезді қалыптастырады, ал ұстаздық осы қасиеттерді жас буынның бойына сіңіретін жауапты міндет.
Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген сөзі әр жастың білім жолындағы темірқазығы іспетті. Студенттік шақ адамды тек дәрісханадағы сабақпен тәрбиелемейді, кейде өмірдің өзі университеттен де қатал ұстазға айналады. Біреуге бұл кезең алаңсыз жастық дәурен болып көрінсе, енді біреуге ерте басталған жауапкершіліктің мектебі болады.
Ерлан Қадірбекұлының студенттік жылдары да үлкен жауапкершілікпен өрілді. Ол 2007 жылы шаңырақ көтеріп, оқуымен қатар отбасы қамын да мойнына алды. Жас кезінде отау құру оның азаматтық болмысын шыңдап, өмірге деген көзқарасын тереңдете түсті. Студент бола жүріп, білім алу мен отбасы міндеттерін қатар алып жүруі оның ерте есейіп, жауапкершіліктің мәнін жете түсінгенін аңғартты. Бүгінде ол көпбалалы әке ретінде шаңырағының берекесін сақтап, балаларының тәрбиесі мен білім алуына ерекше көңіл бөліп, адал еңбегімен отбасысына үлгі болып жүрген ардақты азамат.
Алайда ол оқуымен және отбасылық міндеттерімен ғана шектелген жоқ. Кәсіпкерлікке де бет бұрып, еңбекке ерте араласты. Жастық жігерін нәтижелі іске жұмсап, қолынан келетін кәсіпті табыс көзіне айналдыруға ұмтылды. Бұл оның кейінгі іскерлік болмысының алғашқы қадамдары еді.
Осы жылдары ол автомеханик болып еңбек ете жүріп, әскери қызметтен оралған азаматтарға арналған «дембельдік альбомдар» әзірлеумен де айналысты. Әскердегі қызмет кезеңінен сыр шертетін фотосуреттер мен естеліктерді жинақтап, арнайы безендірілген альбомдар дайындау ісімен бес-алты жыл бойы тұрақты түрде шұғылданды. Сол кезеңде мұндай альбомдарға сұраныс жоғары болып, оның еңбегі көпшіліктің ықыласына ие болды. Тапсырыстар еліміздің Астана, Алматы, Қостанай, Балқаш, Өскемен, Семей және Зыряновск қалаларынан қабылданып, дайын альбомдар тапсырыс берушілерге жіберіліп отырды.
Адам өмірінде кейде тағдырдың бағытын түбегейлі өзгертетін шешуші белестер болады. Алғашында ол жаңа мекенге қоныс аудару немесе басқа қызметке орналасу секілді қарапайым қадам болып көрінуі мүмкін. Алайда уақыт өте келе дәл сол шешімнің жаңа мүмкіндіктерге, тың бастамаларға жол ашқаны байқалады. Өмір адамды бірден биікке көтермейді. Әуелі ниетін байқап, төзімі мен табандылығын сынайды, содан кейін ғана еңбегіне қарай өріс береді. Ерлан Қадірбекұлының өміріндегі осындай маңызды бетбұрыс 2013 жылдан басталды.
2013 жылы Ерлан Қадірбекұлы Жетісу облысының Текелі қаласына қоныс аударды. Жаңа ортаға бейімделіп, өмірдің жаңа белесін бастау кез келген адам үшін оңай емес. Мұндай шешімнің астарында тәуекел, үміт және үлкен жауапкершілік жатады.
Текеліге келген соң қалалық емханаға шаруашылық меңгерушісі болып жұмысқа орналасып, осы қызметті 2025 жылға дейін абыроймен атқарды. Алайда ол бір қызметпен ғана шектелмей, кәсіпкерлікке де ден қойды. Жаңа мүмкіндіктерді іздеп, тың бастамаларды жүзеге асыру оның өмірлік ұстанымына айналды.
Осындай игі бастамалардың бірі туған жері – Үржар ауданының Көлденең ауылында жүзеге асты. Қай жерде жүрсе де туған жер алдындағы азаматтық парызын ұмытпаған Ерлан Қадірбекұлы 2019 жылы ауылда ЖК «Сұлтан» қарамағындағы «Талшын» жекеменшік балабақшасын ашты. Бұл тек кәсіпкерлік нысан ғана емес, ауыл балаларының сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен білім алуына жағдай жасап, ата-аналардың тұрмыс-тіршілігін жеңілдетуге әрі жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болды.
Бүгінде Көлденең ауылындағы «Талшын» балабақшасында сегіз адам еңбек етеді. Бұл – жай ғана көрсеткіш емес, бірнеше отбасының тұрақты табыс көзі. Әсіресе ауылдық жерде әрбір жұмыс орнының әлеуметтік маңызы ерекше. Сондықтан балабақшаның халыққа тигізген пайдасы оның атауынан әлдеқайда ауқымды.
Көлденең ауылында басталған игі бастама кейін Жетісу облысы Көксу ауданының Жамбыл ауылында жалғасын тапты. 2023 жылы мұнда екінші «Талшын» балабақшасы ашылып, он сегіз жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Іскерлік аясын одан әрі кеңейткен Ерлан Қадірбекұлы 2025 жылы Көксу бекетінде тағы бір «Талшын» балабақшасын іске қосты. Жаңа мекеменің ашылуы нәтижесінде он тоғыз тұрғынға тұрақты жұмыс орны ұсынылды.
Осылайша «Талшын» балабақшалары үш бірдей елді мекенде табысты жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда бұл үш білім беру ұйымында жалпы саны қырық бес адам еңбек етеді. Бұл оның әлеуметтік кәсіпкерлік бағытындағы бастамаларының жүйелі түрде дамып, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға үлес қосып отырғанын көрсетеді.
Алайда оның кәсіпкерлік қызметі мұнымен тоқтап қалған жоқ. 2023 жылы дәрігер Ерасыл Еділханмен бірлесіп, Жетісу облысы Талдықорған қаласында ЖШС «Мейірім» оңалту орталығын ашты. Алпыс орынға шақталған бұл орталық қызметтік бағыты жағынан көпбейінді медициналық мекеме саналады. Мұнда бүгінде отыз екі маман еңбек етеді.
Бұл жоба екі саланың тәжірибесін тоғыстырған сәтті әріптестіктің нәтижесі болды. Бірі ұйымдастырушылық және кәсіпкерлік қабілетін, екіншісі медицина саласындағы кәсіби білімін ұштастырып, өңір тұрғындарына сапалы оңалту қызметін көрсететін заманауи орталық қалыптастырды.
Сол жылы кәсіпкерлік қызметінің тағы бір бағытын дамытып, «Жеті-су» брендімен квас пен мохито сусындарын өндіруді қолға алды. Арнайы шағын өндірістік цехта жүзеге асырылатын бұл жұмыс маусымдық сипатқа ие. Жаз айларында мұнда он адам тұрақты еңбекпен қамтылады.
Ерлан Қадірбекұлының тағы бір ауқымды бастамасы туризм және демалыс саласымен байланысты. 2026жылы Жетісу облысы, Көксу ауданының Талапты ауылында «Көксу Резорт» демалыс кешенін ашты. Қазақ жерінің табиғи байлығы, тау мен өзеннің үйлесімі, кең даланың көркем келбеті ішкі туризмді дамытуға мол мүмкіндік береді. Алайда табиғаттың сұлулығымен қатар, келушілерге қолайлы жағдай жасау да маңызды. Туристік нысанның құндылығы тек әсем табиғатымен емес, қызмет көрсету сапасымен, тазалығымен, жайлылығымен және ұлттық ерекшелігімен айқындалады.
«Көксу Резортта» демалушыларға барлық қолайлы жағдай қарастырылған. Мұнда сақ үлгісіндегі монша мен қазақы үйлер орналасқан. Бұл кешенді жай ғана тынығу орны емес, ұлттық рухты дәріптейтін ерекше демалыс мекені ретінде танытады. Ұлттық нақыш пен заманауи талаптың үйлесуі оның өзіндік келбетін қалыптастырған.
Қазіргі таңда демалыс кешенінің аумағында қосымша алты үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл оның қызмет аясын кеңейтіп, алдағы уақытта келушілерді көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. Бүгінде мұнда алты адам тұрақты еңбек етеді.
Жыл сайын аз қамтылған отбасыларға «Мектепке жол» акциясы аясында мектепке қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын алуға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына балабақша төлеміне жеңілдіктер қарастырылған. Ауыл тұрғындарына да түрлі әлеуметтік қолдау мен көмек көрсетіледі.
Ел игілігі жолындағы еңбегі лайықты бағасын да алды. 2021 жылы Нұрғазин Ерлан Қадірбекұлы туған ауылы Көлденеңнің дамуына қосқан үлесі үшін медальмен марапатталды. Сонымен қатар қоғамдық және кәсіпкерлік қызметіне байланысты түрлі Алғыс хаттарға ие болды. Бұл марапаттардың әрқайсысы оның елге сіңірген еңбегі мен жүзеге асырған игі бастамаларының нақты көрінісі.
Адамның түздегі еңбегіне қуат беріп, үлкен мақсаттарға жетелейтін ең қымбат құндылық – отбасы. Қазақ «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Ерлан Қадірбекұлының өмірлік серігі, отбасының берекесін кіргізіп отырған жан – Нұрғазина Айжан Болатқызы. Ол – ультрадыбыстық диагностика (УДЗ) дәрігері. Кәсіби қызметін абыроймен атқара жүріп, шаңырақтың ұйытқысы болып, перзент тәрбиесіне де ерекше көңіл бөліп келеді. Ер азаматтың қоғамдық қызметі мен кәсіпкерлік бастамаларының табысты болуы көбіне түсіністікке негізделген осындай тату отбасының берекесімен сабақтас.
Отбасында төрт перзент тәрбиеленіп өсіп келеді. Тұңғышы Ералы 11-сыныпты аяқтап, үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Бейбарыс 10- сыныпта білім алады. Сұлтан 5-сыныпта оқыса, кенжелері Талшын 2-сыныптың оқушысы. Әрқайсысы – ата-анасының қуанышы мен үміті, әулеттің жалғасы.
Қызмет пен кәсіптің жауапкершілігін отбасы тәрбиесімен қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен қазақы танымда шаңырақтың шынайы байлығы дүние-мүлікпен емес, татулықпен, өзара сыйластықпен және ұрпақ тәрбиесімен өлшенеді. Ерлан Қадірбекұлы мен Айжан Болатқызының отбасы да еңбекке адалдықты, білімге құрметті, жауапкершілік пен мейірімді қатар ұстанған өнегелі шаңырақтың үлгісін көрсетіп келеді.
Нұрғазин Ерлан Қадірбекұлына алдағы уақытта да қажымас қайрат, баянды бақ, ұзақ ғұмыр тілейміз. Айжан Болатқызымен бірге құрған шаңырағы әрдайым шаттық пен берекеге толып, Ералы, Бейбарыс, Сұлтан мен Талшынның қызығына кенеле берсін. Бастаған әрбір игі ісі ел игілігіне қызмет етіп, туған жерге сіңірген еңбегі еселене түссін. Халықтың алғысы мен елдің ықыласы әрдайым серік болып, абыройы артып, мерейі үстем болғай. Еңбекпен өрілген өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болып, елге қызмет ету мұраты жалғасын таба берсін. Деніне саулық, отбасына амандық, шаңырағына құт-береке, әрбір ісіне толайым табыс тілейміз.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()