Касымжанова Азиля Кайратовна

Рейтинг:

Жеке кәсіпкер, 
«Sauat Educational», «Azmar Premium» білім беру орталықтарының басшысы

Жеке кәсіптен – ұлт болашағына дейін

      Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен ананың, әр шәкірттің жүрегіне ізгілік дәнін сеуіп, ұлт болашағына сәуле шашқан ұстаздың орны қай қоғамда да биік. Елдің еңсесін тіктейтін де, ертеңін қалыптастыратын да – ұрпақ. Ал ұрпақ тәрбиесін жүрекпен атқарып, білімнің шамын жағып жүрген аяулы жандар бар. Солардың бірі емес, бірегейі – Касымжанова Азиля Кайратовна.
      Оның өмір жолы – бір ғана адамның тағдыры емес, білім мен тәрбиенің тағылымды тарихы. Бұл жол – армандардың асуына айналған ақ жол. Бұл – қыз балаға тән ибалылық пен қайсарлықты, анаға тән мейірім мен ұстазға тән көрегендікті тоғыстырған тағдыр жолы. Азиля Кайратовнаның өмірі – өзінің ғана емес, жүздеген шәкірттің, ондаған ұстаздың, мыңдаған ата-ананың тағдырын бірге арқалаған ұстаздық ғұмыр.
      Қарапайым ауылдан қанат қаққан, әлемнің бірнеше елінде білім мен тәжірибе жинақтаған, сан түрлі салада із қалдырып, ақыры жүрек қалауымен ұстаздықты өмірінің темірқазығына айналдырған бұл жан – бүгінгі жаңашыл, ұлттық рухпен тыныстаған қазақ әйелінің бейнесін толық ашып тұр. Азиля Кайратовнаның өмірі – бізге «Қазақтың қызы қандай болу керек?» деген сұрақтың нақты жауабы сияқты.
      Кейде адам бойындағы күш-қуат тек сөзімен емес, ісімен де, тынысымен де сезіледі. Сол қуатты өз ортасына ғана емес, айналасына үлгі ете алған жан – шын мәнінде тұлға. Азиля Кайратовна замандастарына серпін, шәкірттеріне шамшырақ, ұлтына тірек бола білген сондай дара тұлғалардың қатарында.
      Адам баласының мінезі мен болмысы туған жердің табиғатымен үндесіп жатады. Кең даланың еркіндігі, самал желдің жұмсақтығы, жусан иісі – ұлт мінезі мен адам болмысының әуені іспетті. Азиля Кайратовнаның өмірбаяны да осындай табиғатпен, туған жермен тығыз өрілген.
      Ол 1992 жылдың мамыр айының 11-і күні Қарағанды облысындағы Ақшатау атты табиғаты көркем, топырағы қасиетті ауылда дүние есігін ашты. Бұл өңір – сайын даланың төсінде орналасқан, тарих пен табиғат тоғысқан мекен. Көне ғасырдың шежіресіндей Ақшатау – талай дарынды ұл-қызды түлеткен топырақ. Міне, сондай ұлы даланың қойнауынан өрбіген Азиля Кайратовна да, осы ауылдың мәуелі бауындай бой түзеп, балауса арманмен ер жетті.
      Әр перзент үшін ата-анасының тәрбиесі – өмірлік мектептің бастауы. Азиля Кайратовнаның бойындағы ұқыптылық, жауапкершілік, табандылық пен білімге құштарлықтың қайнары – ата-анасынан дарыған. Оның әкесі Қайрат мырза – ел басқару ісінің тізгінін ұстаған, 
      Абай ауданының әкімі болған, мемлекеттің дамуына үлес қосқан білікті басшы. Әке өнегесі – тұлғалық биіктің алтын арқауы. Қайрат мырзаның тәртіпке беріктігі, әділдігі мен парасаты қызының бойында көрініс тапты.
      Ал алтын құрсақты ана – Сәуле ханым – үйдің шырағын жағып, шаңырақтың жылуын сақтаған мейірімді жан. Қазақ әйелі қай кезде де отбасының ұстыны, ұрпақтың тәрбиешісі болған. Сәуле ананың төзімі мен табандылығы, қарапайымдылығы мен кісілік келбеті Азиля Кайратовнаның ішкі әлеміндегі инабаттылықтың іргесін қалады. Ана жүрегіндегі жылу – қыз жүрегіне сіңіп, үлкен өмір жолына жұмсақ мінез, салмақты сөз, нұрлы көз сыйлады.
      Білім – адамзаттың шамшырағы. Ал шамшырақты жүрекке жаққан жан ешқашан қараңғылықта қалмайды. Азиля Кайратовнаның өмірлік жолындағы ең басты бағдар да – осы білім жарығы. Оның жастайынан ғылымға, жаңа білімге, жаңашылдыққа құштарлығы – бала кезден тамыр тартқан қасиет.
      1999 жылы Қарағанды қаласындағы №39 Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының табалдырығын имене аттаған сәт – білімге деген сапарының алғашқы баспалдағы еді. Қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевтың есімімен аталған бұл оқу ордасы – өзіне сенген жас ұрпаққа тек оқулық емес, өмірлік бағыт берген білім шаңырағы болатын. Азиля Кайратовна сол ортада тек жақсы оқып қана қоймай, зеректігімен, ізденімпаздығымен, ұстаздарына деген құрметімен ерекшеленіп, ұстаздардың үмітін ақтап өсті. Жастайынан бойына сіңген ұқыптылық пен талапшылдық – оны білімнің биік шыңына жетеледі.
      2010 жылы мектепті үздік бітіріп, сол жылы-ақ Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне түсіп, инженер мамандығы бойынша білім ала бастайды. Бұл мамандық – сан мен жүйені, логика мен еңбекқорлықты талап ететін, ер-азаматтардың саласы саналып келген сала. Алайда, ол қыз бала бола тұра, бұл күрделі салада өзінің талабымен, табандылығымен көзге түсе білді.
      Инженерлік білімін жетілдіру үшін 2014-2016 жылдар аралығында осы университеттің магистратура бөліміне түсіп, «Машина жасау» мамандығы бойынша тереңірек білім алады. Бұл кезеңде ол тек отандық тәжірибемен шектеліп қалмай, шетелдік оқу бағдарламаларына қатысып, жаһандық ойлау қабілетін жетілдіре бастайды.
      2015 жылы жазғы демалыс кезінде Польшаның жоғары оқу орындарының бірімен академиялық алмасу бағдарламасы аясында білім алып, халықаралық тәжірибеге алғашқы қадам жасайды. 
      Еуропаның білім беру жүйесін көзбен көріп, шетелдік студенттермен тәжірибе алмасуы – оның көкжиегін кеңейтіп, болашақтағы ұстаздық және кәсіпкерлік қызметіне үлкен әсер етеді.
      Алайда, білім іздеу мұнымен тоқтаған жоқ. 
      Азиля Кайратовна ғылым жолындағы тағы бір асуға ұмтылып, жоғарғы айтылған университетінде математика және статистика бағытындағы екінші магистратураға оқуға түседі. Бұл жолы жазғы демалыстарында Чехиямен түйісіп, ол елде де білім нәрімен сусындайды. Озық математикалық ойлау, логика мен дәлдік, деректермен жұмыс істеу қабілеті – оның бойындағы білімпаз қасиетті одан сайын айқындай түседі.
      Шетелдік академиялық бағдарламалардан алған тәжірибелер, түрлі әдістемелер мен жаңа форматтар – оның болашақ ұстаздық жолына тың серпін береді. Ол тек оқуға ғана емес, көргенін елге әкелуге, өзгеге үлгі етуге, жаңа білім мен тәсілдерді отандық білім беру саласына енгізуге ұмтылды. 
      Азиля Кайратовнаның еңбекпен етене араласуы студенттік шақтың өзінде-ақ басталды. Бірінші курсты аяқтаған сәтте-ақ, жастықтың жалынын, білімнің сәулесін арқалап, Англияға сапар шегеді. Онда жаз айларында қосымша білім алып, тәжірибе жинап, шет ел мәдениеті мен еңбек тәртібін бойына сіңіреді. Әлемді көру, өзге жұрттың еңбек дағдысын үйрену – оның болашақтағы кәсіби болмысына іргетас болды. Ол сол кезде-ақ бір нәрсені терең түсінді: еңбек тек маңдай термен ғана емес, жүрекпен жасалса ғана нәтиже береді.
      Сол кезеңде Азиля Кайратовна сұлулық әлеміне де жақын болып, модельдік өнерді де еркін меңгеріп, сұлулықтың символы болып модель ретінде еңбек етті. Ал 2012 жылы, екінші курс кезінде, EXPO-2012 көрмесінде ерікті ретінде қызмет етіп, халықаралық журналист Арфлед Ли мырзаның жеке көмекшісі болады. Бұл – тек көмекшілік емес, әлемдік деңгейдегі коммуникация мектебі, жауапкершілікті, тіл білу мен мәдениетаралық қарым-қатынастың мәнін терең түсіну кезеңі еді.
      Үшінші курста фотография өнеріне қызығып, фотограф көмекшісі ретінде қызмет атқарды. Ал төртінші курста ол Белоруссияның Минск қаласындағы әлемге әйгілі трактор зауыты – МТЗ-да инженер ретінде қызмет етті. Ер-азаматтармен иық тірестіре жүріп, техникалық салада да өзінің білімін, білігін дәлелдеді.
      Алайда жүрек қалауы ұстаздыққа қарай бұрылып тұрды. Сол себепті 2015 жылы үлкен тәуекелге барып, туған жері Қарағанды қаласында «Sauat Educational» атты білім беру ордасын ашады. Аталмыш білім ошағының басты мақсаты – баланың бойына біліммен қатар тәрбиені де сіңіру. Жеке бастамамен ашылған орталық аз уақыт ішінде көптің ықыласына ие болып, беделді оқу орнына айналады. 700-ден астам оқушы, 40-қа жуық ұстаз – бүгінгі таңда «Сауаттың» шуағына бөленіп отыр.
      2021 жылы ол тағы бір маңызды қадам жасап, «Azmar Premium» бастауыш мектебін ашады. Мұнда қазіргі заман талаптарына сай жаңа технологиялар, білім беру әдістемелері, баланың жан-жақты дамуына бағытталған бағдарламалар енгізіледі. Қазіргі таңда бұл мектепте 128 бала тәрбиеленуде. Әр бала – бір үміт, әр ата-ана – бір сенім. Сол сенімді арқалап жүрген ұстаздар мен басшы – білім мен мейірімнің арасын жалғаған алтын көпір.
      Азиля Кайратовнаның жаңашылдығы, іскерлігі мұнымен де тоқтамақ емес. Тамыз айында ашылмақ болып отырған «Sauat Kids» орталығы – бастауыш жастағы балалар үшін арнайы ұйымдастырылған ұзартылған күн тобы. Мұнда 88 бала мен 9 ұстаз қамтылмақ. Сонымен қатар, «Ақниет» атты қосымша білім беру орталығын ашу жоспарда тұр. Бұл – оның тек білім беріп қана қоймай, ұлттық рухты, тіл мен дінді, өнер мен тәрбиені қатар ұсынғысы келетін кең ауқымды көзқарасын көрсетеді.
      Ең бастысы – Азиля Кайратовна ашқан орталықтар құр атаумен емес, шынайы сапамен танылып үлгерді. Оның басшылығындағы «Sauat Educational» орталығы «Жеке үздік мектеп» номинациясымен марапатталғаны – еңбектің еленгені. Еңбек жолы – адамның өз жолын табуы. Ал Азиля Кайратовна сол жолды жүрекпен тапты. Өйткені оның әр ісінде – адал ниет, әр бастамасында – терең мақсат, әр жетістігінде – маңдай тер мен табандылық жатыр.
      Ұстаздық тек сабақ берумен шектелмейтіні анық. Нағыз мұғалім – елдің ертеңіне жол сілтеп, ұрпақтың санасына сәуле шашып, жүрекпен қызмет ететін жан. Азиля Кайратовна – сондай тұлғалардың бірі. Ол тек білім беру ісімен ғана шектелмей, ауылдағы жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жол ашатын қоғамдық бастамаларға белсене араласып келеді.
      Ағылшын тілін ауыл балаларына қолжетімді ету мақсатында жасаған жобасы – соның айғағы. Қарағанды облысы әкімінің грантын жеңіп алып, ауылдағы 500-ден астам баланы ағылшын тілінің негіздерімен тегін оқыту – бір ауыл үшін үлкен жетістік. Азиля Кайратовнамен бірге тағы бір ұстаз ауыл балаларына шынайы жанашырлықпен, қажыр-қайратпен білім берді. Бұл жоба арқылы ауыл мектебі жаңа тыныс алып, көптеген шәкірттердің болашағына жарқын жол ашылды.
      Өмірдің басты құндылықтарының бірі – берекелі отбасы. Азиля Кайратовна 2014 жылы өзінің өмірлік серігі Абдіқашев Ержан Несіпбайұлымен шаңырақ көтеріп, үлгілі отбасының іргесін қалады. Ержан мырза – кәсіби біліктілігімен, іскерлігімен көзге түскен азамат. Қазіргі таңда ол «Қаражыра» АҚ көмір кен орнында техникалық директор қызметін абыроймен атқарып жүр. Екі жастың отауы қуанышпен толығып, 2015 жылы Ақназар есімді ұл өмірге келді. Бүгінде Ақназар – талапты да зерек бала, 5-сынып оқушысы. Бұл шаңырақта өзара сыйластық пен түсіністік, ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтар бірінші орынға қойылған.
      Азиля Кайратовна – еңбекқорлығы мен білімге деген құштарлығы арқылы кәсіби ортада құрметке ие болған заманауи, іскер маман. Отбасында сүйікті жар, қамқор ана ретінде де өзінің мейірімі мен парасатын танытып келеді. Еліне адал қызмет етіп, кәсіби біліктілігін арттыру жолында тынымсыз еңбектеніп келе жатқан Азиля Кайратовна – бүгінгі қоғамдағы жас буынға үлгі боларлық жан.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

18 октября 2026 10:18
Зинаида
Сара Жаманбайқызы! Сіздей өнерді жүрегімен сүйіп, кейінгі ұрпаққа насихаттап жүрген жанның еңбегі қашанда бағалы....
14 октября 2026 19:09
Алёна
Самый лучший врач в городе Шымкент...
6 октября 2026 14:18
Зухра Зуфаровна
Сергей Михайлович — руководитель, которого я вспоминаю с особым уважением и благодарностью. Я сама была ученицей этой...