![]()
Еңбегі елеулі агроном
Самұрықтың қанатынан ескен суылға ілескен уақытпен таласа, ғылыми технология да көз ілеспес жылдамдықпен жүйткіп келеді. Жиырма бірінші ғасырдың табалдырығынан имене аттаған Ғылым перзенті өте жылдамдықпен дамып, адамзатқа керекті технологияларды халық игілігіне беріп келеді. Осындай жаңа өндірістің бірі, табиғаттың төрт мезгілімен санасқан өткен ғасырдағы егіншілерді босағада қалдырған – жылыжай кешені. Жылыжай тиімді кәсіп. Бірақ, қолына қармақ ұстағанның бәрі балықшы, құдық қазып қауға салғанның бары малшы бола бермейтіні секілді, бұл кәсіптің де өзіндік қиыншылықтары бар. Кез-келгеннің қолынан келе бермейтін, жан-жүрегімен беріліп, аянбай еңбек еткен жүз адамның бірінің ғана қолынан келетін кірпияз кәсіп. Бүл кәсіпке де табандылық, дария тасыса да тобығымен су кешетін сабырлылық, қайтпас қайсарлық, үздіксіз еңбек, өз кәсібіңе, жұмысшыларға деген адалдық және көкөніске, егінге деген айрықша махаббат пен ерекше мейірім керек.
Бүгін біздің қаламымызға арқау болып отырған азамат - «BRBAPK» ЖШС-ының директорынын орынбасары, әр ісінде ізгілік пен береке тұнып жатырған, арда азамат Булекбаев Шакен Маханбетұлы. Табиғаттың шәлкес мінезін көтере алмайтын кірпияз көкөністі өсіріп, еңбегінен береке тауып, халықты көкөніспен қамтамасыз етіп келе жатырған Шакен Маханбетұлы 1967 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Қолына алған әр істі шыр айналдырып алып кететін, азаматтың жас кезінен таңдаған мамандығы агроном болды. Ізгі ниеттің жолы қашан да ақ емес пе, таңдайға түскен тілегін тәңір қабыл етіп, «Ғалым-агроном» шыға келді.
Тасқа салса да жүзі қайырылмайтын болат қылыштай қайтпас қайсар, жігерлі Шакен қай істі бастаса да дөңгелетіп әкетіп отырды. Алғашқы еңбек жолы 1991 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Қоғалы совхозында агроном болудан басталды. Адамзат көзіне көрінбегенімен топырақтың да бұғып жатырған өзіндік сыры бар. Оны тереңінен танып, егін шаруашылығына ерекше ықылас қоя білген адам ғана түсініп, жерге көмілген дәннің жапырағын жайқалта алады. Шағын кәсіпті іргелі жылыжай кешеніне айналдыра білген, ерекше қабілеті мен еңбекқорлығының арқасында аз ғана уақыт ішінде 1994 жылы совхоз директорының орынбасары болып тағайындалған Шакен Маханбетұлының қызметтік жолын рет-ретімен атап өтсек:
- 2000 жылдан 2005 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданында «Жаңару» ЖШС- інің басқарма бастығы болып жұмыс істеді.
- 2006-2008 жылдары Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімінің бас маманы қызметін атқарды.
- 2008-2010 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашалығы басқарамасындағы өсімдік және су шаруашылығы бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.
- 2010-2011 жылдары ««Продкорпорация» ҰҚ» АҚ-ның Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы өкілдігінің бастығы қызметін атқарды.
- 2011-2012 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс каласындагы «Жана Ақ-Дала» ЖШС-інің қызанақ заводының бастығы болып жұмыс істеді.
- 2012-2013 жылдары «Қазақстан мақтасы» АҚ-нын сатып алу және каржыландыру бөлімінің бастығы қызметін атқарды.
- 2013-2014 жылдары Алматы облысынын Еңбекшіқазақ ауданы, Бөлек ауылындағы «АгроМеркур» ЖШС-інің өсімдік шаруашылығы бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді.
- 2014 жылғы 1 қазанынан бастап бүгінгі күнге дейін Шакен Маханбетұлы «BRBAPK» ЖШС-інің директор орынбасары болып қызмет атқарады.
Қай ортаға барса да, қандай ұжымға түссе де адамдық кейпінен танбаған Шакен Маханбетұлы ұжымды үлкен жетістіктерге жеткізді. Шакеннің басшылығымен жылыжайдың екі жылдық жұмыс кезінде, ерекше күтім жасалып 14 мыңга жуық қияр мен қызанақ өсірілді. Осындай серпіліс жасап, табиғаты жайлы оңтүстік өңірде көкөніс шаруашылығын жолға қойды. Осылайша халықты керекті көкөніспен қамтамасыз етіп қана қоймай, жеке кәсіпкерлікті де дамытып, ауыл тұрғындарын жұмысқа тартты. Республикамыздың бюджетіне 250 миллионнан астам теңге салық түсірді. Бұл дегенің ел экономикасына да тигізген пайдасы зор деген сөз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көп жылдық стратегиясында айтылғандай Қазақстандық сапалы өнімдер шығарып, Отандық сауда белгісі жасады. Бұл кәсіпорын импорттың орнын басу және отандық өнімін шетке шығаруды ұлғайту максатымен құрылды және осы көзделген мақсаттарды табысты орындады. Жылыжайдың өнімі Алматы қаласының дүкендерінде кеңінен сатылып жатыр. Тек 2017 жылы ғана «BRBAPK» жылыжайы Оңтүстік астанаға 2 500 тоннадан астам қияр мен қызанақ жеткізді.
Қазіргі кезде жылыжай кешені жергілікті тұрғындар есебінен 200-ден аса адамды жұмыспен қамсыздандырды. Олардын басым бөлігі – әйел адамдар. Алысты болжай алатын, жұмысшылар тұрмысын түзеу үшін барлық жағдайды жасап отырған Шакеннің бастамасымен «BRBAPK» ЖШС-і өз қызметкерлерін жылы түскі тамақпен қамсыздандырады, жүйелі түрде дәрігерлік тексеріс өткізіледі, алыс тұратын жұмыскерлерге тасымалдайтын көлік бар, ұлттық мейрамдарда жұмыскерлер мен олардын жанұялары үшін мерекелік шаралар өткізіліп, сыйлықтар таратылады, жүлделердің ұтыс ойындары мен спорт жарыстары жүргізіледі.
Агрономдық туа бітті бойына тараған Шәкен Маханбетұлы 2011-2012 жылдары Израильде өсімдік шаруашылығындағы жаңа технологиялар бойынша оқу курсын бітіріп, алынған ғылыми мағлұматтарды өндіріске табысты енгізді, сөйтіп Қазақстанның бүкіл жылыжай саласының дамуына өз септігін тигізді. Шетелде жаңа технологияларды үйренуде жетістікті тәжірибе алғаннан кейін, «BRBAPK» ЖШС-інің жас мамандар – агрономдардың шетелдік жылыжай бизнесіндегі көшбасшы компанияларында ғылыми және кәсіби әлеуеттерін жоғарылату мүмкіндіктеріне қолдау көрсетеді.
Сонымен бірге, Отандық сапаны әлемдік аренаға шығару үшін еңбек етіп жүрген азамат, отандық жоғарғы оқу орындары студенттерінің «BRBAPK» ЖШС-інің жылыжайында оқу тәжірибесін өткізуіне белсенді түрде жәрдемдеседі. Шәкен Маханбетұлының күш салуының арқасында Қазақстандағы ең ірі жылыжайдың әлеуметтік маңызды және экономикалық тиімді жұмысын қамтамасыз ететін кәсіпқой мамандар тобы біріктіріліп топтастырылды.
Қаламымызды қалай тербеп, сияға қанша малсақ та кәсіпкерліктің көшін сүйреп, ел қажеттілігін өтеп келе жатырған азамат туралы ақпарат бір мақалаға симасы анық. Жұмысшыларға көрсеткен қамқорлығынан мейрімділік пен адамдықтың жұпар иісі аңқып, сөзі мен ісінен кісілік келбеті мен азаматтық болмысы айқын көрініп тұрған, тұрғындар игілігі үшін үнемі еңбек үстінде жүретін Шакен Маханбетұлы секілді, сом тұлғалы, ел ағалары аман болсын!