ТАЩАНОВА НҰРЖАМАЛ ИБРАГИМҚЫЗЫ

Рейтинг:

ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНЫҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН НҰРЖАМАЛ

      Біз кейде бір кісінің жақсылығын айтар болсақ, «Ол деген ...» - деп, тереңнен дем алып, әріден сөз қозғап кетеміз. Тарихына үңілсең таңдай қақтырмай қоймайтын қазақ елінде ел бейбітшілігі мен тұрмыстың ауыр шоқпарын беліне байлаған ер-азаматтар мен жауырынды жандармен бірге иық тірестіріп, ел игілігіне қызмет етіп, ұлт тағдырына алаңдаған нәзік жандылар да болған. Елге қызмет, жүрегінде Отан деп соққан дүрсілі бар әрбір перзенттің борышы. Әйелмін демей, әйгілі істердің атқарылуына сеп болып, нәзікпін демей, найсап жандарға тегеурінділік көрсетіп, қарлығаштың қос қанатындай тұрмыс пен қатар  ел игілігі үшін белді қызметтерді атқарып, тайғанақ тағдырдан тайып жығылмай, әр атқан күннің шапағынан нәр алып, артынан ерген елге үміт шуағын сыйлап келе жатқан азаматшаларымыз баршылық. Қамшының сабындай ғұмырда тынымсыз еңбектеніп, сәбидің езуіне күлкі, тағдырдан теперіш көрген жанның жүрегіне иман нұрымен қатар өмірге деген ұмтылыс сезімін ұялатып, ел мұқтажын мінберге жеткізіп, өлшеусіз еңбек атқарып, ағайын жүрегінде айбынды, ел есінде елеулі болып қалған, бір мақалаға ғана емес, том кітаптарға сұранып тұрған азаматшаларымыздың бірі – Тащанова Нұржамал Ибрагимқызы. 
      Көптің көңілінде жарқын да жылы сөзі, атқарған игілікті істері қалған Нұржамал Ибрагимқызы 1943 жылдың 13 қаңтарында табиғат сұлулығы суретшінің қылқаламына сұранып тұрған Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қасық ауылында дүниеге келді. Қазақта «Түтінің өшпесін..»,- деген мағынасы тәлім мен тәрбиеге толы сөз бар. Әкесі – Доған Ибрайұлы перзенті болмай, сәби жұпарын аңсап жүрген ағасы Құдабайға Нұржамалды береді. Бұл да ұрпағын ойлаған елдің адамгершілігі мен азаматтығының, кейінгі ұрпақты ойлағанының белгісі еді. Бірақ, есікті қақпай кіретін тағдырдың тосын сыйы бар емес пе?! Шаңырақтың ішін баланың күлкісіне толтырып, шаттыққа бөлеген сол бір бақытты кездері апасы өмірден озып, әке тәрбиесін көрді. 
      Балалық шағын Ырғайты (қазіргі Ноғайбай) ауылында өткізген Нұржамал жастайынан алғыр, пысық, әрі ат спортына бейімделіп өсті. Атасы жай шаруа қатарында болса да, көкірегі ақыл-қазына даналыққа толы, ағаштан түрлі тұрмыстық бұйымдар жасаған, қолы алтын шебер ұста болған. Домбыраның ішегін, аттың ер-тоқымын жасап, ағаштан түйін түйген өнер иесі еді. Бала Нұржамалдың балалығын бақытты сәттерге толтырып, ағаштан түйе, қой, ат секілді ойыншықтар жасап беріп, қаракөл терісінен етік, мәсі, тон тігіп кигізіп, төрт жасынан атқа мінуді үйретеді. Ата еңбегінің далаға кетпегені, оның үстіне айтқан сөзді тез қағып алатын алғырлығы, қабілетінің арқасында Нұржамал 12-13 жасында ат спортына қатысып, ат жарыста 1 орынды жеңіп алды. 
      Мектепте оқып жүрген кезінде көрген болашақ жолдасының анасы қатты ұнатып: «Келін боласың, біз сені өзіміз оқытамыз» -деп, мектепті толық бітірместен, сол кездегі Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласына тұрмысқа шығып кете барады. Бір отбасының жалғыз  ұлының тілеуін тілеп, түтінін түзу ұшырған Нұржамалдың екінші атасы – Тащанов Хафиз бен  анасы Қаракөзова Жамал көзі ашық, сол кездегі белді қызметтегі, сауатты кісілер еді. Кеңестік дәуірдің айдарынан жел есіп тұрған Қырғыстанда қаржы министрі, Москва, Ленинград, Геращенко, Бондаренкода құрмет төріне көтеріле білген ардақты азамат болған. Кейін Қазақстанға келіп, Алматыда «Ұлттық банк», 1963 жылы Шымкентте «Край» банкті басқарады.
      Берекесі төрт түлік болған ауылда өсіп, ұстаздық етуді жаны қалап, мұғалім болуды армандаған Нұржамалдың мамандық таңдау саласындағы ойын өзгерткен атасы еді. Талай белді қызметтерде болып, сауаттылығы мен көрегенділігінің арқасында түрлі игілікті істерді атқаруда белсенді жұмыс атқарған атасының «Экономика мамандығы - ең керекті мамандық. Экономиканы білген адам мемлекеттің, әлеуметтік экономиканы көтере біледі. Мемлекет басқара біледі. Ал, жеке баста адам өлгенше   бір жапырақ нанын табады. Экономист бол, балам» - деген сөзіне құлақ асып, Алматы халық шаруашылығы институтының «Промышленно производственный» факультетіне түсіп, экономист мамандығына ие болды.
     «Экономист – қызметіне жұмысқа кірген кезде института теория басқа, өндірісте практика басқа. Сол күннен бастап экономика неден құрылды?. Бәрін білуім керек болған соң, өндірістің технологиясынан үйренуден бастадым. Альхамдулиллях .Осындай үлкен өмірге жол көрсеткен жұбайымың әкесі болды» - деп, атасы Тащанов Хафиз парасаттылығы мен даналығына бас иген Нұржамал алғашқы еңбек жолын 1964 жылы Шымкент қаласының №12 мектеп-интернатында «Счетовод-кассир» болып бастады. Оқуы бөлек, қызметі бөлек болса да бар күш-жігерін салып, тынымсыз еңбектенгенінің арқасында таңдаған мамандығын шыр айналдырып алып кетті. Ел басқару қызметінде болған екінші әкесінің тәлімін алып, ел басқару ісіне араласа бастаған Нұржамал Мәскеу қаласына келіп, 1967 – 1969 жылдары  «Главриссовхозстрой" КСРО мелиорация және су шаруашылығы министрлігінде "Автотрест"еңбек бөлімінің экономисі болып, жауапкершілігі мол қызметтер атқарды. Қарадан шығып хан болу - мыңның бірінің ғана қолынан келетін үлкен іс. Алып империяның шетін күзетіп, ел астанасына шалғайда жатқан ауылдан келіп, қабілеті мен еңбекқорлығының арқасында өзі қалаған қызметке қол жеткізе білген Нұржамал қиыншылықтан қорықпады, қайта қарсы жүрді. 
      Өзіне тапсырылған қай істің де шырайын шығарып, өз межесінде орындауды, оларды жұмыс деп қана қарап қоймай, маңыздылығы бар істерді одан ары қарай жалғастыра білді. Қарамағындағы жұмысшыларының, өзіне сеніп жұмыс тапсырған басшыларының үмітін ақтап, сенімінен шығып, өзі де ұжымдастары ортасында бедел биігіне көтеріле білді. 1969 - 1989 жылдары КСРО мелиорация және су шаруашылығы министрлігі, "монтаж-автоматика" трестінің жоспарлау-экономикалық басқармасының бастығы болып қызметтер атқарды. КСРО - қанатын кең жайып жатқан үлкен аймақ. Ол жерде он бес республиканың өкілдері, басшылары, мен министрлері жұмыс істеді. Десек те, олар үшін үлкен мәселе - тұрғын үй болатын. Осы бір істі қолға алған 1982 жылы Мәскеуге келіп, миниcтрлерге тұрғын үй салу үшін күрделі инвестиция бөлу туралы мәселе көтеріп, министрліктен: "Сіздің кәсіпорныңыз – жоғары инженерлік, реттеуші - инженерлер мен энергетиктерден тұрады. Сіз құрылыс компаниясы емессіз" –деген, жауап алса да, тауы шағылмай қолына алған ісін аяқсыз қалдыруды ар санап, ақыры тұрғын үй салу үшін ортақ құрылыс алаңын құруды ұсынып, тұрғын үй құрылысы үшін күрделі қаржы бөлуге қол жеткізіп, Шымкенттен 16 пәтерден тұратын бес қабатты элиталық үй және 12 коттедж салды. Мұндай іргелі істер атқару - ол кездері мыңның бірінің қолынан ғана келетін келелі іс еді.
      Қоғамда болып жатқан өзгерістер мен оқиғаларды ой сүзгісінен өткізіп, өз дәрежесінде екшей алатын Нұржамал Ибрагимқызы қоршаған ортамен, елмен тығыз байланыста болды. Беделді қызметте жүріп, бұқараның, жұмысшылардың сөзі мен мұқтажына құлағы әркез түрулі болатын ол – 1984 жылы КСРО еңбекші халықтың өміріне тың өзгерістер әкелді. Соның бірі - еңбекақы жүйесінде жаңа экономикалық реформаның енгізілуі. Таң шапағымен таласып, кешқұрым қызыл іңірде үйіне оралған әр жұмысшының маңдай тері мен ақ адал еңбекақысын есептеудің, төлеудің жүйесі ескіріп келе жатқан еді. Оның үстіне дамып келе жатқан экономиканың ілгері жүруі үшін де күннен-күнге ұлғайған жұмыс күшінің табысын есептеу үрдісі жаңа реформаны күтіп тұрды. Бұқараның базынасына бей-жай қарай алмайтын Нұржамал, арнайы құрылған жұмысшы топпен бірге алты ай ішінде жаңа реформаны әзірлеп, жалақыны бөлудің жаңа жүйесі – «Ұжымдық мердігерлік» әзірледі. Яғни, атқарған жұмысы мен маңыздылығы және қауіптілігіне қарай еңбекке қатысу коэффицентін (КТУ) әзірледі. Бұл жұмыс-сол кездегі ұтымды әрі тиімді шыққан реформалардың бірі болды. Егер бұрын еңбек ақысы 80-120 сомды құраса, жаңа жүйе енгізілгеннен кейін Тресттің жалақысы "1 тонна 270 сом" шықты, әр жұмысшының орташа жалақысы 470 рубль болды.  Мықтылардың білім-біліктілігі жете бермейтін жалақы реформасын жасауға сеп болған Нұржамалдың еңбегін бағалап, Мәскеу төріндегі экономика институтында академик Л.И.Абалкиннің басқаруымен өткен оқу кеңесінде академик Л.И.Абалкин: «Қазақтың қызы провинциалка бәрінен озды», - деген болатын. Осылайша, Қазақстан Республикасында алғаш рет бір тігісті су құбырын өндіру бойынша өзімің бірегей зауытын құрды. Қазіргі уақытта осы зауыт Шымкент қаласында жұмыс істеп келеді. Ерекшелеп айтып өтер тағы бір жайт Нұржамал Ибрагимқызының жетекшілік етуімен қолданысқа енгізіліген еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі (КТУ) әлі күнгі құрылыста және де басқа салаларда қолданылып келеді. 
      Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылып қалған кездер еді. Аталарымызға арман болған Тәуелсіздікке қол жеткізіп айды аспанға бір-ақ шығарып, егемендігімізді әлем алдында паш етіп, зайырлы, құқықты ел деп жарияладық. Десек те, бөркімізді аспанға атқанымызбен, бір қазанға қол салған шаруашылықтар мен колхоз-совхоздардың шаруашылығына нарықтың салқыны тиіп, шаруалары шатқаяқтай бастады. Үкімет теңге шығарушы қолға алып, құқықтарын заңдастырып, жаңа бағдарламалар қабылдап жұмыс бастап жатса да үні ауыл халқының барлығына жетпей түрған кезінде нарықтың тілін түсінген жандардың әр қайсысы бір-бір кәсіптің көзін ашып жатты. Әр аймақ өз қамын өзі күйттеп, елінің бас көтерер азаматтары мен сауаттыларын жеке кәсіп ашуға үндеп, оларға құқықтық және қаржылық жағынан көмек көрсететін кәсіпкерлік палаталарын ашты. Міне, осы кезде, қай саладан да хабары бар, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін өжет  те қайсар жан Нұржамал Ибрагимқызы 1992 жылы тұсауы жаңадан кесіліп аяғын тәй басып жатқан Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Қазақстан Кәсіпкерлерінің Халықаралық Конгресінің директоры болып тағайындалды. 
      Мәңгілік елдің іргетасын қалап, қазақ дейтін елді әлемге танытып, Тәуелсіздігін көп елге мойындатқан білікті саясаткер, қоғамның көшбасшысы, тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдына бірнеше рет барып, кәсіпкерліктің дамуы саласындағы жаңа идеялары мен бағдарламаларын ұсынды. «Өндіріс - мемлекеттің басты күші екенін және осы идея аясында экономиканы 30 пайызға көтере алатынын, ол үшін шикізат қана емес, жергілікті өңдеу өндірісін іске қосу керек екенін айтып, энергетика, тоқыма өнеркәсібі және ауыл шаруашылығын қалай жақсартуға болатыны жайлы бүге-шігесіне дейін жазылған  жаңа жоспар-идеясында ұсынды. 
      Танымға томпақтау келсе де, сол кездері кәсіпкерлік бизнес дейтін сөдер ауыздан-ауызға жел екпінімен дөңгелеген қаңбақтай тез таралды. Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту жолында түрлі шаралар атқарылып, бағдарламалар қабылдап, жұмыс жүргізген жылдары, экономикасы қазақ елімен тағдырлас өзге елдердің де ғалымдарымен қоян-қолтық жұмыс жасалды. 1993 жылы Мәскеуден Қазақстанға Югославияның "Земеньполе" ғалымдарының қатысуымен жүгерінің элиталық сорттарын өсіру және Канададан жабдықтар жеткізу туралы ұсыныспен кәсіпкерлер делегациясы келді. Қазақстанда жүгерінің элиталық сұрыптарын өндіру үшін жүгері калибрлеу зауытын құру туралы ұсыныс қаралды. Осы делегациялармен бірлесе жұмыс жасаған Нұржамал Ибрагимқызы жабдығының құны 7 миллион 500 мың долларды (7 500 000$) құрайтын бірлескен кәсіпорын құруды және 50-ден 50-ге дейін инвестиция салуды ұсынып, ұсынысты шет елдік делегация мен Қазақстанның ғалымдары бір ауыздан мақұлдады. Нәтижесінде, 1994 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы "Балтабай"ауылында элитный жүгері шығаратын зауыт Канадамен бірге іске қосылса, Шымкенттегі труба шығаратын «Қызылсай» да іске қосылып, бүгінде толық қуатында жұмыс істеп, Алматы облысын отандық өнімдермен толық қамтамасыз етіп келеді.
     Таршылық көрген сол жылдары табандылық таныта еңбек етіп, кәсіпкерлік саласында, ел экономикасының өркендеуі жолында Нұржамал Ибрагимқызы түрлі бағдарламалар мен ұтымды ұсынылған алғашқы талқылаудан- ақ мақұлдауға ие болған идея-жоспар, бағдарламалардың дүниеге келуіне себепші болды. Бала кезден қоғамдық өмірге белсене араласып, өсе келе эконимкалық саладағы қызметтерде болған, көзі ашық, көкіреі ояу, сауатты Нұржамал 1992-1995 жылдар аралығында өндірістің жаңа технологиясы туралы экономикалық реформаны әзірлеумен айналысты. Біліктілігі мен шеберлігін арттыру мақсатында әлемнің экономикасы озық дамыған мемлекеттерінде жұмыс істеп, экономикалық көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, ел мүддесі үшін елге пайдасы тиетін түрлі ғылыми жұмыстар жүргізді. Германияда, Швейцарияда, Израильде жұмыс істеп, Еуропада болған кезінде Қазақстандағы өндірістік объектілерді ұлғайту үшін әлемдік көшбасшылардың нарықтық экономикасын зерттеді. 
      Көктемде жайылған түкті кілемдей жасыл желекке толы қазақ жерінің қай өлкесі де табиғи қазба байлықтарға бай. Қазақстан - батысында түгін тартсаң, мұнайы атқылап, орталығында түсті металы мен алтыны, шығысында кенді Алтайы көзін ашуын күтіп жатырған табиғи байлықтарға толы аймақ. Осындай табиғи байлықтарға толы жерді мекендеп жатырған егеменді елдің экономикасын алға жылжытып, ғылымының дамуына үлесін қосып, өзіндік қолтаңбасын қалдыруды мақсат етіп, қолына алған бірініші ісі – Тәуелсіздік алған жылдары құлдырап кеткен Қазақстандағы энергетика саласын құтқару болды. Кеңес дәуірі дүркіреп тұрған кездері тұрғындардың қажеттілігін өтеген Кентау трансформатор зауытының жұмысы тұралап қалып еді. Жұмысы қаржыға тірелген осы зауыттың 27% - ын сатып алатын инвестор табу - алдыңғы кезектегі мәселе еді. Анасының етегінен айрылған баладай, тоқырау жылдары берекесі сетінеген зауытқа қызығушылық танытқандар аз еді. Бірақ, елеусіз қалса да, ел игілігне маңызы зор зауыттың есігіне түскен қара құлыпты ашқан Нұржамал Ибраимқызы инвестор іздеп тауып, бір кәсіпкерді зауыттың еншілесі етті. Қаржы құю үшін кәсіпкерге Қазақстанның дамуындағы осы саланың қуатын көрсетіп, жұмысын тоқтатудың аз-ақ алдында тұрған жұмыс орнындағы дизайнерлер мен технолог мамандарды кәсіпорында ұстап қалуды ұсынды. 
      Шын жүрекпен, аса ықыласпен жасалған еңбек далаға кетпеді. Талай адамның үмітін ақтады. Нұржамал өзі бас болып, технологтарды, өзімен бірге Мәскеуде жұмыс істеген білікті маман, конструктор-энергетик Гетманды шақыртып алып, зауыттың жұмысына қан жүгіртті. Тоқыраудың балақтан жабысқан төбетін сілкіп тастап, қиыншылығы мол қандай жұмысты да қайсарлық таныта жұмыс істеп келе жатырған Нұржамал жаңа технологияны енгізу қажет болатын Қазақстандағы барлық нысандарды қарастыру жайлы тапсырма беріп, жаңалануды күтіп тұрған өзге де энергетика саласындағы нысандардың жұмыс қабілеттілігін тексерді. Жұмыста аса қағілез, өзіне тапсырылған істі шыр айналдырып алып кететін еңбекқор да жауапкершілігі мол Гетман барлық кәсіпорынға зерттеу-талдау жасап, «ҚазМұнайГаз» жаңа жабдықтар мен технологияны қажет етеді деп тауып, «Оптимат» жабдығын әзірлеп, бірнеше нысанға тегін орналастырды. Жаңа жоспар мен жүйенің арқасында алты ай ішінде керемет нәтижелер көрсетіп, 360 млн. теңге үнемдеді. Бір жабдықтың құны 1500 долларды (1500$), жалпы құны 3 миллион АҚШ долларын (3.000.000$) құрады. Осындай ғалымдар мен білікті мамандардың аралсуымен, аянбай еңбек етуімен өмірге қайта келген Кентау трансформатор зауытының базасында бүгінде ҚР барлық облыстарына жаңа зауыттар құрылып, игерілуде.
      Экономиканың алтын діңгегі саналған энергетика саласының дамыуна зор үлесін қосқан Нұржамал Ибрагимқызы - жүрегіне иман нұры ұялаған, жүзінен мейірімділіктің тамшысы тамып тұрған алтын жүректі жан. 2004 жылы Сауд Арабиясы Корольдігінің шақыртуымен қажылыққа барып қайтуы нұр үстіне нұр болып құйылды. Қажылық парызын өтей отырып, әр адамға рухани дамудың қажет екендігін  түсінген Нұржамал 2006 жылы «Lnear Cruise» туристік қажылық компаниясын құрды. «Өмір мен жұмыстың осындай қарқынында рухани білім алған иман жүрегінде шыңдалады, сабыр келеді. Сауд Арабиясында шейхтер Қазақстанда туристік компания құруды ұсынды. Туристік компанияны құру онша қиын болған жоқ. Оның қажылармен жұмыс жасауы - ең қиынға айналды. Өйткені, әр қажыға ортақ тіл табу керек. Жүректе иманды нығайту керек. Қажы - Алланың қонағы. Егер біз қажыларымызға жақсы жағдай жасасақ, онда Ұлы Жаратушы Мейірімді Алла біздің игі істеріміз үшін он есе сауап береді. Содан бері «Lnear Cruise» туристік қажылық компаниясы жыл сайын ұйымдастыратын және прогрессивті туристік компания болып табылады. Сауд Арабиясы Корольдігіне қажылық (қажылық және умра) 2000-нан астам қажылар «Ансар» круиздік қызметін пайдаланды»,- деп үзік сырды қағаз бетіне түсірген Нұржамал Ибрагимқызы қайырымдылық шараларға үзбей қатысып келеді.
      2019 жылдан бастап Нұржамал Ибрагимқызы «мақсаты - экспортқа дайын өнімді өткізу бойынша бірлескен кәсіпорындар құру» болып табылатын Қазақстан Республикасының экономикасын дамыту үшін шетелдік компаниялармен бірге ірі инвестициялық компанияда еңбек етіп келеді. 
      КСРО Ғылым академиясының экономика институтында еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа реформасын жасап, Шымкент қаласында жаңа құбыр шығару зауытын салу, ауылдық жерлерді сумен қамтамасыз ету, жүгерінің элиталық сорттарын өсіруге арналған жаңа жүгеріні калибрлеу қондырғысын салу, Шымкент қаласында Кентау трансформатор зауытын дамыту, Алматы электр қондырғылары механикалық зауытының жұмысын жолға қоюында аянбай еңбек етіп,  үлес қосып, сонымен қатар, «Ansar Cruise» туристік қажылық компаниясын құрған Нұржамал Ибрагимқызы 1 ұл, 3 қыз, 6 немере, 5 шөбере сүйіп отырған бақытты әже!
      Қаңтардың қаһарлы аязында бүрсең қағып тоңсақ та, күн жылынып, көктем шығар сол бір қиыншылықтарды ұмытып кетіп жатамыз. Сол сияқты, тоқыраудың өкпені тесіп жіберер қара суығында тұрмыстан қалжыраған ел мен есігіне қара құлып салынып, шаруасы шатқаяқтап қалуға аз-ақ қалған алып зауыттардың басын көтеріп, бүгінде іргелі кәсіпорынға айналуына сеп болған   алтын қол, асыл жүректі азаматтарымыз бен аға-әпкелеріміздің еңбегі елеусіз қалып келеді. Бірақ, көкірегінде рухани саңылауы бар әр жүректің таным-түйсігін ашатын «Алтын кездік құм астында шірімес» - деген сөз бар. Кәсіпкерліктің кер құласы жорға жүріспен экономиканың төбесіне көтерілгенде, осы саланың ардақты азаматтарының істері еріксіз есіңе оралып, есімі аузыңа түседі. Етегінде тұрғанда биіктігі байқалмай, алыстаған сайын шыңы бұлтпен тілдесіп, биіктей түсетін асқаралы Алатаудай, уақыт өткен сайын энергетика саласына жасаған істері айқындалып, құрмет биігіне көтеріліп келе жатқан Нұржамал Ибрагимқызының жасаған еңбектері мен ел экономикасы үшін атқарған істері кейінгі ұрпақ жадында ұмытылмас ерлік болып жатталып, есімі жүректерінде өшпестей сақталып қалады.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
7 июня 2022 19:03
Дулат

Құтты болсын. Нұржамал апай. Өте лайықты сыйлық

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...