Танашова Роза Кайыркеновна

Рейтинг:
Адал кәсібінің мәуелі жемісін терген кәсіпкер

      Ата-бабамыз ежелден еңбектің маңызын жете түсініп,  адамды адам ететін адал еңбек екенін ұрпағына өнегелі ісімен ұғындырып, құлағына құйып отырған. «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек етсең емерсің» -деген нақыл сөздерінің өзі дана халқымыздың күнделікті өмірінен алынғаны анық. Бұл туралы ұлы ақынымыз  Абай Құнанбайұлы: “Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің  мен ақылың екі жақтап…” – деген. Қазіргі бәсекелестік өрістеген заманда ақын атамыз айтқандай, күш-қайратыңа толы еңбегің мен ақылың бар қиындықтың шырмауынан алып шығатын тура жол екені сөзсіз. Бүгінгі жарқын өмір – нағыз шыңдалған  еңбектің, «қалауын тапқан» кәсіптің заманы. Сондай қажырлы еңбегімен кәсібін дөңгелетіп, ісін тыңғылықты әрі сапалы жүргізіп отырған жеке кәсіпкер - ана Танашова Роза Кайыркеновна. Қажырлы еңбек иесі 1969 жылдың 21 қаңтарында астықты  өлке, Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Аралбай ауылында дүние есігін ашқан. Қысы ызғарлы, климаты суық болса да, табиғатының сұлулығы көз тартатын өлкеде шаруашылықтың барлық саласы кеңінен таралған. Әсіресе, қамбаға толы астығы мен асыл тұқымды ірі қара малы Отандық өндірісіміздің қайнар көзі десе де болады. Бұл шырайлы өлке- нағыз  болаттай қайнаған құнарлы  еңбектің ордасы. Мөлдір таза, саф ауасының өзі адамға шабыт беріп, ерекше бір құлшынды, серпіліске жетелейді. Қай сала болмасын, бұл  мекеннің жанға жайлылығынан болар, өз айналымы мен әркетін тауып, өркениеттің өсуіне бірден бір септігін тигізіп келе жатыр.
      Асыр сала ойнаған алаңсыз балғын кезі Аралбай ауылында өткен Роза алғашқы қадамын Әліби Жангелдин атындағы  орта мектебінде бастап, кейіннен  Торғай қазақ орта мектебіне ауысып, киелі білім ордасында  оқуын аяқтайды. Білімге құмартып, мақсатын айқындаған  Роза 1986-1988 жылдар арасында Арқалық қаласындағы есептік-экономикалық техникумында оқып,«Есепші мамандығын» алып шығады.
      Тоқсаныншы жылдары елімізде  әлеуметтік құлдыраудың ауыр кезеңінің соқпағы орын алып, халық «екі қолға бір күрек» ұстап, жан баққан кезде, қарап отырмай,  әр түрлі салада аянбай еңбек етеді. Білім қай кезде де жаңаруды, ізденуді қажет ететіні белгілі. Көздеген нысанасына дөп тиіп, оның қыр-сырын әлі де меңгеру үшін 2004-2007 жылдар аралығында Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің «қаржы» мамандығын тәмамдайды. Еңбектің жемісін, көрген бейнеттің зейнетін көру деген осы болар бәлкім, бүгінгі таңда «кәсіп - бақыттың шырағы, еңбек - ырыстың бұлағы» демекші, өз кәсібін  меңгеріп, ісімен барша жанға үлгі болған , еңбегімен шыңдалған Отандық кәсіп иесі. Мұндай Отандық кәсіпті әрине, мақтанышпен айтып, дәріптеу керек. Осы арқылы Қазақстанның аты, мәртебесі танылып, өркендеп жатыр емес пе?! Иә, «Қазастандық бренд», «Табиғи сапалы өнім», «Отандық өнім» атаулары әр қазақтың жүрегіне жылылық сезімі мен сенімін ұялатады.Бұл туралы Роза Қайыркеновна: «2015 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында  өткен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ұлттық экономика министрлігі ұйымдастырған  байқауда Отандық табиғи өнімдерді насихаттап, өз жобамды ұсынып, қорғаған болатынмын. Соның нәтижесінде гранттық несие ұтып, жартылай фабрикат өнім жасайтын цех аштым» - деп өзі құлшына кіріскен келісті кәсібінің жеткен жетістіктерімен бөліскен болатын. Елеулі еңбегімен 2016 жылы Астана қаласында өткен «Қазақстанда жасалған қазақстандық тауар өндірушілер» көрмесіне қатысып, «Дипломымен» марапатталса, Назарбаев университетінің топ менеджменттік сертификатына қол жеткізеді. Жемісті еңбегімен танылып, нәзік жандыларға үлгі болып, жол көрсете білгені үшін Арқалық қаласы әкімінің «Құрмет грамотасын» иеленді. Кәсіпкер үшін  басты жетістік-халқын  азық-түлікпен, біршама жанды жұмыспен  қамтамасыз етіп, қуанышқа бөлеуі. Осындай  қайырымды әрі қадірлі ісімен еліне өнеге боп танылған Роза апайдың  үлкен  байлығы - отбасы, ізінен еріп, көз қуанышына айналған Алижан есімді ақылды ұлы. Ел қорғанына айналар азаматы  ана сүтімен дарыған өнегелі тәрибемен сусындап,  беделді білім ордасы, гимназияда білім нәрімен сусындауда. 
      Кейіпкеріміздің ата-анасы туралы сөз қозғайтын болсақ, әкесі – Танашов Қайыркен, 1939 жылы Аралбай селосында дүниеге келген. Кеңес үкіметі заманында көптеген жылдар бойы жүргізушілік қызметін атқарды. Сонымен қатар, жұмыс кооперативінде сауда саласында да біраз қызметтер жасап, іскерлігімен және жауапкершілігімен көзге түсті. Анасы – Бисенғалиева Бакытжамал, 1947 ж. Жангелді ауданы, Албарбөгет совхозында дүниеге келген. Тек кеңестік саудада қызмет жасап, зейнетке шыққан. Жангелді ауданы бойынша, ең алғаш – жеке кәсіпкерлік ашқан кісі. Бүгінгі күні Бакытжамал әжеміз, зейнеткерлік жасына қарамастан, өз ісіне адал – қария кәсіпкер. Роза Кайыркеновна – көпбалалы отбасында дүниеге келген. Үйдің – екіншісі.
      Қазіргі жаһандану заманында қайнаған тіршілікте тынбай  еңбек ете білген адам ғана, өмір ағымына ілесіп, көшін жалғастырары анық. Қашан да өз ісін сүйіспеншілікпен жасай білген жанның еңбегі берекелі, табысы келісті болмақ. «Кәсіп бар жерде, нәсіп бар». Тек  әр істің қыр - сырын меңгеріп, заман талабына сай қажеттілігін түсініп, меңгерсе, өз жемісін төкпек. Әрине,  оған біз  мақтана   сыр шерткен кейіпкер бойындағыдай асыл білім, төзімге толы қайрат, мықты шыдамдылық керегі анық.
      Бүгінде шағын кәсіп иесі  көштен қалмай, жылдан жылға қанатын кеңінен жайып, өсіп-өніп жаңа өрлеумен қарқынды   жұмыс жасап келеді. Адал еңбек қашан да өз берекесі мен ырыздығын берері хақ. Абай атамыз: «Сен де бір кірпіш дү­ниеге, кетігін тап та бар қалан» - деген. Сол сияқты біз еңбегін мақтан еткен Роза апайымыз да өзінің қалаған ма­ман­дығының қалауын тауып, сол жолда бақыт­қа,  бейнетінің  зейнетін көрген құрметті жан.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...