Сұлтанов Сейіткамал

Рейтинг:
Шаруашылық жұмысын жандандырған іскер азамат

Кәсіппен айналысу үлкен тәуекелділікті талап етеді. Кез – келген кәсіпті игеру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондай – ақ, қай істі болмасын бастау үшін де адамның ынта – ықыласы жеткіліксіз, оның алған біліміне қоса қарым –қабілеті мен тәжірибесінің болуы маңызды. Шыны керек, біреу істегенді екінші біреу істей алады деу де жаңсақ пікір. Өйткені әр адамның өресі әр түрлі. Алайда, мемлекет кәсіп бастаймын дегендерге мол мүмкіндік беріп отыр. Тек қалаулы істі тауып, соны ұршықша иіру қажет. “Қалауын тапса, қар жанар” дегенмен де, әркім қалаулы ісін кәсіпке айналдыруға болады. Міне, осындай өз кәсібін бастап оны дөңгелетіп отырғандардың бірі Қызылордалық – Сейіткамал Сұлтанов Абзалұлы.
         Ол – 1973 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылында дүниеге келеді. Алғаш мектеп табалдырығын 1980 жылы аттап, №129 «Қызыл ту» орта мектебінде білім алады. Орта мектепті аяқтаған соң  еңбек жолын Шіркейлі совхозында жұмысшы болып бастайды. Кейін 1991 жылы Қызылорда политехникалық институтына оқуға түсіп, «Құрылыс инженері» мамандығы бойынша тәмамдайды. Аталмыш оқу орнынан жоғары білім алған соң «Мұнай құрылыс» компаниясына жұмысқа орналасады. Жас маман тәжірибе жинақтай жүріп, «Сұлтан-Абзал» шаруа қожалығының экономисі болып ауысады. Кейін сол қожалықтың төрағасы болып, шаруашылық жұмысын жандандыру үшін бар күш – жігерін жұмсайды. Өзінің жұмысқа жауапкершілігі мен ұйымдастырушылық қабілетімен танылған іскер азамат өзі туып – өскен ауыл Шіркейлі ауылдық округінің әкімі қызметін абыроймен атқарады. Мемлекеттік қызметке үш жылдай жұмыс жасап, халықпен тығыз байланыс жасап, ауылының әлеуметтік –экономикалық дамуы жолында қызмет атқарады. Кейін 2017 жылы «Мади Қажы атындағы» ЖШС – нің директоры қызметіне тағайындалады. Тарихқа сүйенсек, 1967 жылы үкіметтің біріктіру саясатымен, колхоздарды біріктіріп Шіркейлі совхозы болып құрылды. Елдің бірлігімен,  еңбегімен ауыл үлкен жетістіктерге жетіп, көреген басшы Жаңабай Азаматовтың ұйымдастыруымен күріш шаруашылығы, мал шаруашылығы дамып, мамандар Б.Мұстафаева Социалистік Еңбек Ері, Б.Синаева Қаз ССР Жоғары советінің екі мәрте депутаты, Қ.Әзбергенов, Қ.Майлықожаев кеңес үкіметінің үздіктері атанды. Ауыл 1975 жылы шаруашылықтың IX бесжылдықтың барлық көрсеткіштерін асыра орындағаны үшін «Қызыл Ту» орденімен наградталды. Сол жетістіктер әрқашан сақталып, Тәуелсіздікке жетіп отыр. Заман талабына сай бірнеше рет ауылдағы шаруашылықтың атауы өзгеріп «Шіркейлі» күріш совхозы, «Шіркейлі» өндірістік кооперативі, «Тапал Ахун» АҚ, «Шіркейлі» ЖШС аталды. Бүгінгі таңда «Мади Қажы атындағы» ЖШС – гі болып аталып қызмет атқаруда.
         Шаруашылық төрағасы болып сайланған Сейткамал Абзалұлы халықтың әл – аухатын жақсартып, аз уақытта  тұраланып қалған шаруашылықтың тіршілігіне қуат  беріп,  жандандырып келеді. Қазіргі таңда шаруашылықта 250 – ге жуық адам жұмыс істейді. Шаруашылық құрылысқа қажетті өнімдерді өндіру және мал шаруашылығы сонымен қатар күріш өсірумен айналысады. Шаруашылық 2019 жылы 450 гектар жерге жаңа жоңышқа, 60 гектар жерге тұқым жоңышқа, 150 гектар бидай және 2300 гектар жерге күріш егіп, сапалы жоғары мол өнім жинады.
         Сонымен қатар, шаруашылықты әртараптандыру мақсатында құрылыс заттарын шығаратын үлкен цех ғимараты бой көтерді. Аталған өндірістік цехта жаңбырлы сылақ, құйылмалы еден, кафель желімі, ішкі жұмыстар үшін 2в1,   ротбонд, қара қағаз, 3 түрлі эмульсия және грунтовка өндірісі жолға қойылған. Бүгінгі таңда бұл құрылыс материалдары Қызылорда қаласын толық қамтамасыз етіп, Түркістан облысында да жоғары сапа, тиімді бағада болғандықтан үлкен сұранысқа ие болып отыр. Өндірістік цех екі ауысыммен қарқынды жұмыс жасайды. Бұл ел экономикасының дамуына үлес қосып, әрі халықты жұмыспен қамтуда. Шаруашылықтың техникалық базасы жеткілікті. Жыл сайын қажетті техника алынып, жұмысты одан әрі дамыту бағытында біраз жұмыстар атқарылуда. Шаруашылықта ХТЗ трактор,  К-700 трактор, МТЗ-80 трактор, кейс, класс, Джон-дир комбайны, эксковатор, макдон жаткасының соңғы маркасы бар. Соңғы жылдары жаңадан тағы класс, кейс комбайндары, макдон жаткасы, соқалар, скрипер, грейдер, эксковатор, камаз, жеңіл авто көліктер алынды.
         Әлемге және елімізге келген Коронавирус (COVID-19) ауруына байланысты шаруашылық ауыл тұрғындарына қажетті медициналық маска, 1500 миллион теңгеге дәрі-дәрмек, адамдардың дене қызуын өлшейтін термометр құралы,   тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, және ауылдың кіре берісіне қойылған тосқауыл (блокпост) бекетін қажетті заттармен қамтамасыз етті. Түркістан облысында апаттан зардап шеккен Арыс және Мақтарал ауданының халқына 5 тонна ақ күріштен көмек берілді.
         Уақыт талабына сай туған шағын өндірістің тауары бүгінде сұранысқа ие. Қолдан келгенді кәсіпке айналдыру да оңай шаруа емес. Жалдамалы жұмыстан нәпақа тауып отырғандарға қарағанда мұндай тәуекелділікке барғандардың аты алысқа шабады. Әр адам кәсіп бастар алдында ең бірінші көп табысты қалайтыны жасырын емес. Бірақ, біз тілге тиек еткелі отырған келесі кәсіпкер пайданы көздеуді о баста мақсат тұтпаған. Ол әлі күнге адамдарға жақсылық жасағысы келіп тұрады. Оның бір дәлелі көптеген адам жағдай сұрап келгенде, бетін қайтармай қол ұшын созып отырады. Аудан әкімінің шешімімен шаруашылық серіктестігіне 10144,6 гектар ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскесі беріліп, берілген жерді мақсатты пайдалануда. Шаруашылық 2020 жылы 2100 гектар жерге күріш, 545 гектар жерге жоңышқа, 150 гектар жерге бидай егіп, 250-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Әр адам мамандықтарын жақсы меңгерген азаматтар. Айлық жалақылары уақытылы берілуде. Аталған серіктестік Қызылорда қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан. Жыл сайын күріштің әр гектарына 60 цн/ден өнім аламыз. Комбайнер, жаткисттерде жоғары өнім жинап, орып аудан, облыс бойынша жеңімпаз атанып жүр. 2019 жылғы өнімнен ең жоғары өнім алған үздік бригадирге жеңіл авто көлік сыйға берілді және үздік жақсы көрсеткіштер көрсеткен 50 адамға комбайнер, жаткист, күрішшілерге теледидар, газ плиталар сыйға берілсе, 250 адамға сыйлықтар және «Алғыс хаттармен» марапатталды. 2020 жылғы озат күрішші, озат комбайнерға су жаңа  шетелдік 2 жеңіл автокөлік, 120 адамға теледидар, газ плита, ас үй жиһазы, дәліз жиһазы, гостинный гарнитур,   т.б бағалы сыйлықтар берілді.
 
«Мади Қажы атындағы» ЖШС-нің 2018 жылғы атқарылған жұмыспен  әлеуметтік көмек.
Атқарылған жұмыстарҚаржылай құны
1Халыққа тегін көмекке таратылған ақ күріш 75 тонна18 750 000
2Үлкен кісілерге тегін көмекке таратылған жоңышқа пресс 7 000 дана2 800 000
3Шаруашылық жұмысшыларына тегін көмекке таратылған шөп пресс 45 000 дана9 000 000
4Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек және мәдени мерекелік  шараларды қолдауға2 000 000
5Мектепке бала тасымалына  «Hyundai» микро автобус және оқушыларға  лагерьге8 000 000
6Мешіттің шатыры және жылу жүйесі толығымен жаңадан салынды5 000 000
7Әр отбасының экономикасын көтеру және еңбекке баулу мақсатында ауыл тұрғындарының  картоп, сәбіз жалпы бау-бақша дақылдарын егуге  жерді тегістеп, айдау, қарықтау және 100 тонна тыңайтқыш тегін беруге8 000 000
 Барлығы:53 550 000
 
«Мади Қажы атындағы» ЖШС-нің 2019 жылғы атқарылған жұмыспен  әлеуметтік көмек.
Атқарылған жұмыстарҚаржылай құны
1Халыққа тегін көмекке таратылған ақ күріш 75 тонна18 750 000
2Үлкен кісілерге тегін көмекке таратылған жоңышқа пресс 7 300 дана2 920 000
3Шаруашылық жұмысшыларына тегін көмекке таратылған шөп пресс 45 000 дана9 000 000
4Арыс қаласына және мүмкіндігі шектеулі жандарға заттай, ақшалай көмек2 000 000
5№ 15 «Нұрбақыт» балабақшасының   ойын алаңын жабдықтауға және  ұлдар қыздар медресесіне заттай ақшалай көмек900 000
6Мәдени мерекелік шараларды қолдауға1 000 000
7Әр отбасының экономикасын көтеру және еңбекке баулу мақсатында ауыл тұрғындарының  картоп, сәбіз жалпы бау-бақша дақылдарын егуге  жерді тегістеп, айдау, қарықтау және 100 тонна тыңайтқыш тегін беруге8 000 000
 Барлығы:42 570 000
 
 
 
«Мади Қажы атындағы» ЖШС-нің 2020 жылғы атқарылған жұмыспен  әлеуметтік көмек.
Атқарылған жұмыстарҚаржылай құны
1Халыққа тегін көмекке таратылған ақ күріш 75 тонна18 750 000
2Үлкен кісілерге тегін көмекке таратылған жоңышқа пресс 10 000 дана4 000 000
3Шаруашылық жұмысшыларына тегін көмекке таратылған шөп пресс 45 000 дана9 000 000
4

Коранавирусқа көрсетілген қаржылай көмек

2 400 000
5Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек және мәдени мерекелік  шараларды қолдауға2 300 000
6Мақтарал ауданы тұрғындарына және ұлдар қыздар медресесіне заттай ақшалай көмек2 500 000
7Әр отбасының экономикасын көтеру және еңбекке баулу мақсатында ауыл тұрғындарының  картоп, сәбіз жалпы бау-бақша дақылдарын егуге  жерді тегістеп, айдау, қарықтау және 100 тонна тыңайтқыш тегін беруге8 000 000
 Барлығы:46 950 000
 
         Сонымен қатар ауыл мектеп-лицейіне 2018 жылы балалар таситын «Спринтер" авто көлігін сыйға тартты. Және жыл сайын мектеп оқушыларын жаздық лагерьге серіктестік есебінен жібереді. 2017-2019 жылдарда ауыл мектебіне, мектеп жанындағы лагерьге, мәдениет үйіне, ауыл тұрғындарының газет-журналдарын тарататын «Казпоштаға» маман берілді. Айлығы шаруашылық есебінен төленіп тұрды. Сол сияқты ауылдағы ветеринариялық станцияға бір маман беріліп, айлығы шаруашылық есебінен төленді. Емханаға жылу маусымында көмір және автокөлікке қосалқы бөлшектер, мешітке қажетті заттар, шатыры және жылу жүйесі қайта жаңадан салынды. Жылу маусымында жыл сайын көмір, имам мен көмекшісіне  ай сайын тұрақты еңбекақы төленеді, аталған мекемелерге әлеуметтік көмек көрсетіледі. 2019 жылы ауылдан шаруашылық атынан шаштараз ашылды. Бұл шаштаразда оқушылардың және зейнеткердің шаштарын тегін қысқартады. Әр жыл сайын шаруашылықта жұмыс жасайтын барлық жұмысшыларға тегін жем-шөптері берілді, -дейді кейіпкеріміз. 
Иә, атқарылған жұмыс ауқымды. Ауыл тұрғындарының шаруашылық тарапынан көріп отырған көмектері де жетерлік. Мұның барлығы жұмысты дұрыс ұйымдастыра білген шаруашылық басшысының нағыз еңбегі деуге болады. Халықтан алғыс арқалаған іскер азамат, депутат. «Шіркейлі» бастауыш партия ұйымының төрағасы, 2014 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының мүшесі. «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты балалық шақ», «Жастар Отанға» бағдарламалық жобаларына ұдайы қатысып отырады. Осындай аздан бастап, көп іс тындырған жандардың өмірі бізге қашанда үлгі. Қай істе болмасын адалдық деген кіршіксіз дүниеге кір түсірмеу азаматтық парыз екені бесенеден белгілі. Мұндай кәсіп иелері кәсібін жаңа ашқандарға ісімен тәлім берері сөзсіз.
Облыс, аудан әкімі, облыстық бас имамның, облыстық қорғаныс істер департаментінің генерал-майорының «Алғыс Хаттарына» ие болып,Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикасының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін ауданның 90 жылдық мерекелік медалімен марапатталған. Сондай-ақ, «Қызылорда қаласына 200 жыл» мерекелік медальмен және  ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгісімен награтталған.
 Сондай-ақ, туған ауылының көркеюіне өз үлесін қосуымен қатар әрдайым демеушілік жасап жүретін кең жүректі кәсіпкер «Жомарт жүрек-2019» байқауының «Туған өлке» номинациясы мен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жомарт жүрек» байқауының   «Жыл меценаты» номинациясына және «Жастар жанашыры» номинациясына ие болды. Бұл кәсіпкерлік саласында өз қолтаңбасын қалдырып, халық алғысын арқалаған кейіпкерімізге берілген нағыз баға деуге болады. Сонымен қатар іске азамат әрдайым жастарға қолдау білдіріп, өзінің ағалық көмегінде аямай келеді. Тағы бір кейіпкер мерейін тасытқан марапаттың бірі екі жыл қатарынан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Парыз – 2019», «Парыз – 2020»  дипломымен марапатталуы еді. Бұл марапаттың барлығы кейіпкеріміздің еңбегінің бағаланып қана қоймай, нағыз бағасын алуы десекте болады. Біз бүгінгі мақаламызда атқарылған жұмыстың үштен бірін ғана көрсеттік. Әлі де тізбектей берсек бұл жұмыстарды толығымен көрсетуге болады. 
«Бас екеу болмай, мал екеу болмайды», - дейді дана халқымыз, мұндай нәтижелі жұмыстың артында қолдап, демеу беріп отыратын отбасының бары рас. Жолдасының қолдауының арқасында осындай жетістікке жетті десекте қателеспейміз. Отбасында үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған әке ардайым балаларына адал болуды қасиет етіп отырады. 
Әр адам өз кәсібін бастау арқылы, өзгелерге үлгі болады. Оның қызметі жандана бастаса, әрі қарай оны игеруге деген ынта-ықыласы оянып, өзгелерге ақыл-кеңесімен бөлісіп, ойын ортаға салады. Сондай ізгіліктің үлгісіне айналған кейіпкеріміз әрдайым өзінен кейінгі жаңа іс бастағандарға: «Белгілі бір кәсіппен айналысу үшін адалдық, жігерлілік, сол кәсіптің сапасымен экономикасын нық қадағалау керек”, – деп ылғи да ақылын айтып отырады. Өзі де осы бағытынан жаңылмай келе жатқан кәсіпкер өз кәсібінің алға жылжуы үшін нысанды заманауи технологиямен жабдықтап, оның дамуы үшін еңбектеніп келеді. 
Ел үшін еңбек ету, әр азаматтың парызы деп ел экономикасының дамуына  өз үлесін қосып, талай жыл талмай-қажымай еңбек етіп келе жатқан Сейткамал Абзалұлының «Халық алғысынан, марапатынан асқан құрмет жоқ», деп алдына мақсат қойған азамат.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости