Биғазиев Мұратбек

Рейтинг:
Еңбекшіл ел ағасы

      Адам анадан туылғанда жақсы, жаман болып бөлінбейді. Ержетіп өсіп, өмірге деген, өмір сүру дағдысына деген көзқарастары қалыптасқан шақта, ата-ананың ізгі де өнегелі тәрбиесін қажетіне жаратар тұста біреулері бойында ақыл-қайраты мен ар-ұятын бірінші орынға қойып, мақсатына еңбекпен жетуге ұмтылса, кейбірі ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді олжа көріп оңай жолға жалт бұрылатыны шындық. Қазақтың маңдайына біткен ұлы данасы Абай атамыз осы жайлы: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық» - деп, дөп басып айтқан.
      Дана халқымыз «Еңбектің наны – тәтті» -деп, маңдай термен, адал еңбекпен келген несібенің берекелі болатынын меңзесе, адал еңбектің рақатын «бейнет түбі – зейнет» - деп тұжырымдаған. Себебі, ауа-райы сан құбылған, табиғаты әр қилы – шөлі мен шөлейті, батпағы мен тауы, орманы мен ойпаты бар кең даланы өмірі мен кәсібіне бейімдеу үшін бабаларымыз бел шешпей еңбектенген. Ата-бабамыз еңбектің маңызын жете сезініп, өмірден алынған талай мақал-мәтелдерді ұрпақ тәрбиесіне арқау еткен. Оларды балалары мен немерелерінің құлағына құйып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. «Еңбеккер ұйқыдан ширап тұрады, Еріншек ұйқыдан қирап тұрады»,- деген керемет мақал бар. Шынында да, еріншек адамның ұйқысы қанбай, үнемі шаршап тұратыны және өзінен басқаға өкпелеп жүретіні белгілі.
Бойын еріншектік деген әдетке алдырмай еңбегіне сүйенген еңбекқор жандардың бірі – Биғазиев Мұратбек Алтынбайұлы. Ол – 1970 жылы шілде айының 26-сында Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауылдық округінің құрамындағы Жақсылық ауылында дүниеге келген. Отбасындағы сегіз баланың жетіншісі. Сегіз перзентін де оқытып-тоқытып, заман талабына сай кәсіптерді игертіп, өмірден өз жолдарын табуына ықпал еткен, ең бастысы адалдық пен еңбексүйгіштікке тәрбиелеген ата-анасының рөлі зор болды. Тәрбиелеу барысында тек бос құрғақ сөзбен шектеліп қалмастан, тәжірибе жүзінде көрсету маңызды екендігі айқын. Өз істерімен үлгі-өнеге көрсете білген ата-анасының өмірден көрген қиыншылықтары бір кітапқа да сыймастай. 
      Әкесі Қосаев (Телтаев) Алтынбай Биғазыұлы – 1929 жылы қаңтар айының бірінші жұлдызында Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Жақсылық ауылында дүниеге келген. Шамамен 1930-1935 жылдар аралығындағы зұлмат заманда бабасы Қоса мен әжесі Қалиман, әкесі Биғазы мен шешесі Айтай және әкесінің інісі Тымбай Кеңес Одағының жаулары бай-құлақтар мен қожаларға қол тапсырған деген сылтауменен қуғын-сүргінге ұшырап, бас сауғалау үшін көршілес Қырғыз ССР-ындағы Соқылық ауданына қашады.Сол жерде бабасы мен әжесі, ағасы қаза табады. Әкесі Биғазы мен шешесі Айтай және балалары Алтынбай бабамыз (шамамен 5-6 жаста) Құлан ауылына қайтып келе жатқан жолда әкесі Биғазыны белгісіз біреулер ұстап әкетеді. Содан қайтіп өлі ме, әлде тірі ме ешқашан хабарын естімейді, елге оралмайды. Шешесі Айтай елге келген соң 1 жылдан соң уайым мен аштық зардабынан қаза табады. Тұл жетім қалған Алтынбайды нағашы ағасы Телтай асырап алады. 
      Жастайынан жетім қалып,қиын да ауыр өмірдің ащы дәмін бала кезінен татқан Алтынбай ұрлық жолдың шолақтығын, қара күшке сенген бұзақылық істердің жауаптылығын ерте әрі дұрыс түсінді. Күннің ыстығына, аязды суығына қарамай аянбай еңбек етті. Соғыс жылдары әскери шақыртумен Қарағанды қаласында қолына қайла алып, жер асты шахтасында жұмыс істеді. 1950 жылдардың төңірегінде қазіргі Көкдөнен ауылына оралып, Кавказдағы Қарашай еліндегі сұм саясаттың салдарынан біздің елге жер аударылып келген Байрамукова Таужан Әзіретқызымен отбасын құрады.Тағдыр тезіне ұшыраған қос мұңлық жан жараларын жылылықпен емдеп жазуға бел буып, бақытты жанұя құра алды. Кейінірек туған ауылы Жақсылық совхозына көшіп келіп,ағайындарына қосылады.
      Анасы Байрамукова Таужан Әзіретқызы – 1932 жылы 19 мамыр күні Кавказ елінде дүниеге келген. Таужанның әкесі «Халық жауы» деген жалған айыппен итжеккенге айдалып, әйелі мен балалары Қазақстанға жер аударылады. Сол бір тағдырдың тауқыметін тартқан қарашайлар Көкдөнен ауылына қоныстанады.Сол Көкдөнен ауылында бойжетіп, 1952 жылы тұрмыс құрады. Тұрмыс құрғаннан кейінде Тельман колхозында қызылшада жұмыс істейді. 8 перзентті 4 ұл, 4 қыз дүниеге әкелген Таужан апамыз «Күміс медальмен» марапатталған.  Алтынбай бабамыз қажырлы ұмтылыстың,тиянақты еңбектің арқасында Ленин атындағы колхозда еңбек етіп, көптеген көрсеткіштерге ие болып, ерен еңбегі үшін ордендер табысталған. Елі үшін, жері үшін аянбай тер төгіп көптеген нәтижелерге жетіп, уақыты келгенде бейнетінің зейнетін көріп кетті. Алтынбай ақсақал 2000 жылдың шілдесінде 71 жасқа келіп дүние салды.
      Өмірлерінде қандай қиындық кездессе де мойымай, әрбір сынақтан абыроймен шыға білген, елеулі де қажырлы еңбектерінің арқасында балаларын өсіріп жеткізген осындай әке-шешеден туған текті ұл Мұратбек білім қуған шағында да, еңбек жолында да оларды ұятқа қалдырып, беттеріне шіркеу келтірмей, тек сүйсінтіп отыратын. 
Жастайынан ілім-білімге жаны құмар, зерек те зейінді бала 1977 жылы Тельман атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттаған. «Білім инемен құдық қазғандай», мектеп бағдарламасын меңгеріп кетуге тумысынан бойына дарыған білуге құштарлығы мен алғырлығы көп себін тигізді. Ол кезеңде оқушылар үшін ұстаздан артық ұлық адам жоқ, олардың әрбір сөзі бұлжымас қағида болатын, сондықтан тәртібі жағынан да ешқашан сөз естіп, ескерту алып көрген емес. Алтын ұя мектебі қабырғасындағы білімге құштарлығы, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі, тапсырылған міндетке асқан жауапкершілік танытып, мүлтіксіз орындауға дағдылануы, әрбір іске мұқияттылығы кейінгі өмірінде үлкен көмекші болып, қазіргі жетістіктеріне жол ашқан қасиеттерге айналып, болашағының іргетасын нық қалауға сеп болды.
Негізі ауылда туып-өскен балалар кішкентай кезінен-ақ колхоз, совхоз жұмысына ерте араласып, білім мекемесін бітіргенше өздерін жан-жақты дамыта жүріп, еңбек ортасына қойып кетуге дайын толыққанды азамат болып жетілетіндіктерімен ерекшеленеді. Ер-азамат үшін екі қолға бір күрек екендігіне жастай мойынсұнып, кез-келген жұмыстан қашпайтындығымен көзге түсетін балаң Мұратбек «Істей алмаймын» деуді жігіт басына ар санап, бала күнінен-ақ ауылдың бітпес тірлігінің барлығын мұқият тындыруға төселген. Онсыз да мемлекеттік жұмыстан қажып қайтатын әке-шешесіне қосымша көмек көрсетіп, бауырларымен бірігіп, ауыл үйіндегі бітпейтін шаруаларды бөлісіп жасап, малды жайғастырып қоятын. Осылай білім мен еңбекті қатар ала жүріп балаң Мұратбек 1987 жылы мектепті абыроймен аяқтап, үлкен өмірге аяқ басады.
1988 жылдың қаңтарында әскери шақыртумен Тараз қаласындағы ДОСААФ-та (Добровольное общество содействия армии, авиации и флоту), шофер мамандығын 6 ай оқып бітіреді. Курсты аяқтасымен 1988 жылы қараша айында әскер қатарына алынып, азаматтық борышын Германияның Гетто қаласында өтеу бұйырады. Еліміздің қиырындағы шалғай ауылда өскенімен көкірек көзі ояу, ширақ мінезді, қара жұмысқа піскен балаң жігіт онда да қатарынан озып, мақтауға ілігіп, әскери қызметін абыройлы өткеруге бар күшін салып жүреді. Ер жігіттің бойында болуы керек қасиеттерді толық танып-біліп, өз бойына жинақтай жүріп, өмірге деген көзқарасы барынша айқындалып, ысылып, бұрынғыдан есейіп, шынығып, шыңдалып 1990 жылы әскерден оралады.
      Әскерден оралғасын шаруақор әкесінің жанынан табылып, мал бағуға шапқылап, біресе егістік егу ісіне атсалысып, бала күнінен көзі қаныққан шаруаның ішкі жағынан үңіліп, тәжірибесін арттыра түсті. 2000 жылдың сәуір айында әкесі жинаған мал-мүлкін балаларына бөліп беріп, үшінші ұлы Мұратбектің атынан «Алтын-Тау» шаруа қожалығын құрады.Содан бері екі қолға бір күрек алып,жұмысты ауыр немесе жеңіл деп бөлмей, әкесінің ісін адал еңбекпен, зор ұмтылыспен жалғастырып, шаруа қожалығын басқарып келеді. Әрине, шаруашылық жүргізуде тәуекелсіз мүмкін емес. Әйткенмен, табысты іскер жандар айтпақшы, үлкен шығыннан емес, аз табыстан қорық дегендей, қазіргі күні пайда мен шығынның балансына да қол жеткізіп, үйлестіріп отыр.
«Алтын-Тау» шаруа қожалығының негізгі жұмыстары  егістік егу және мал өсіріп, оны бордақылау ісімен айналысады. Осы шаруаларды жүзеге асыру үшін қожалықтың иелігінде сегіз жүз елу гектар егістік, екі мың бес жүз гектар жайылымдық жері бар. Шаруашылықта  бірнеше адамдар жұмыспен қамтылған, атап айтсақ, 10 адам тұрақты, 10 адам маусымдық жұмыс жасайды. Шаруашылықтың иелігінде 4000 бас қой, 100 бас сиыр бар. 500 бас мал ұсақ қойды бордақылау алаңы жұмыс жасап тұр. Шаруа қожалығы өз жұмыстарын іске асыруға қажетті жайлармен, жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Малды өсіру ісіне қажет даңғарадай үлкен баздар, шопандардың отбасыларына арналып салынған 4 бөлмелі үй де бар.
Осыншама шаруашылықты игеруге інісі Дәулетбектің көмегі зор. Ол мал шаруашылығын басқарып, құм мен ауыл арасында шапқылап үлкен үлесін қосуда.
      Егістік жерді жыртып, оған дәнді дақылдар себу, оны арамшөптен тазартып, жаз бойы суғару, көктемде жауын-шашынға ұрындырмай уақтылы жинап алып, жөнелту сияқты жұмыстар толығымен Мұратбек ағамыздың мойнында. Егістік жерлер көктемнен бастап жасыл желекке бөленіп, күзде алтын астық алынғанша жайқалып тұрады.Осы шаруалардың ойдағыдай нәтижелі болуы шаруа қожалығының басшысының ғана емес, барлық қызметкерлерінің арқасында жүзеге асып отыр. Сондықтан білікті, жанашыр басшы әр жұмыскерін бағалап, еңбектерін жеместен, мүмкіндігінше ақысына үстеме ақы қосып, материалдық жағынан көмек қолын созудан қашқан емес. 
      Ата-анасының әрбір ақыл-кеңесін құлағына құйып, көз алдындағы еңбексүйгіштігін бойына сіңіріп өскендіктен оның бүгінгі ел мақтаған тұлға болып қалыптасуы олардың жұмсаған еңбектерінің зая кетпегендігінің айқын көрінісі. Сол сөзімізді дәлелдей түсу үшін ағамыздың марапаттар қоржынына үңіліп көрсек. Марапаттар қатарында «Алғыс Хаттармен» қатар медальдар да бар. Атап кетсек, 2015 жылы ауыл шаруашылық қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орайғ, аудандық мәслихаттан алған «Алғыс Хаты»; 2018 жылы ҚР Тәуелсіздік мерекесіне орай Көкдөнен ауылдық округі әкімінің «Алғыс Хатын» иеленген. Сондай-ақ, осы жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін аудандық мәслихаттан «Алғыс Хат» табысталған. Сый-құрметтердің ішіндегі ең шоқтығы биік марапаты – «Тұрар Рысқұлов» қоғамдық қоры кеудесіне таққан «Ауыл еңбегі үшін» медалінің орны ерекше. 
      Текті атадан тараған абзал азамат әкесі мен шешесінің өмір бойы бірлесе жұмыс атқарып, тату-тәтті ғұмыр кешкендеріне куә болғандықтан «Бас екеу болмай, мал екеу болмайтындығын» ерте жастан түйсініп, жеке өмірінің іргетасын да берік қалауды мақсат тұтатын. 1997 жылы Шинасилова Мархабат Жұматайқызымен отау құрып, қара шаңырақтың түтінін түтетуде. Жары – Мархабат есеп-қисап маманы. Қазіргі күні көлемді шаруашылықтың бүкіл қаржылық жұмыстарын  жүргізіп, отбасылық кәсіптің дамуы мен өркендеуіне өзінің зор еңбек үлесін қосып келеді. Інісі Дәулетбектің жары –Махамбеткеримова Назым Сейітханқызы да шаруашылықтың бір ісінің жүгін көтерісіп, өзіндік үлесін қосуда. 
Қазіргі кезде Мұратбек Алтынбайұлы зайыбы Мархабатпен бірге бір ұл, бір қызды тәрбиелеп отыр. Ізін жалғастырушы ұлы Алтынбай Заңғар Мұратбекұлы – Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген білікті маман ретінде атасы жол салып берген шаруа қожалығының басы-қасынан табылуда. Келіні – Илесханқызы Меруерт атқарып отырған кәсіптерінің ұлғаюына еңбек етуде. Қызы – Зәйтүн Мұратбекқызы болса адам жанына арашашы болуды жастайынан армандап, қазіргі таңда республикамыздағы медицина саласы бойынша маңдай алды оқу орны Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде дәрігер мамандығын игеруде.
      Мұратбек ағамыздың тағы бір жеткен жетістігіне тоқтап қалмастан алдына мақсат қойып, соған жеткенше міндеттерді рет-ретімен жоспарлай алатындығында. Жақын-жуық уақытқа қойып отырған мақсаты – мал бордақылау базасының санын арттырып, 200 бас бұқа, 200 бас жылқы бордақылап,өңір халқын етпен қамтамасыз ету. Негізгі мақсаты – халқына аянбай қызмет етіп, шаруа қожалығының ауқымын ұлғайтып, еліміздің әл-ауқатын көтеруге өз үлесін қосу. Осы жолда ол кісі үнемі біліктілігін жетілдіріп отыруға ұмтылады. 2017 жылы «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қой шаруашылығы» бағытындағы семинар жұмысына қатысып, теориялық және практикалық курсын аяқтаған. 2018 жылы  «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бизнес Кеңесші» жобасы бойынша оқу курсын бітірген. 2019 жылы Еуроодақ қаржыландыратын «Центральная Азия Инвест ІV» бағдарламасы аясындағы семинарға қатысқан. Сонымен қатар осы жылы «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бизнес өсу» жобасының курсын оқып шыққан. 
Ердің жасы елуді еңсеріп, кемелденген шағында өткен өмірге бір сәт үңіліп, өз-өзіне есеп берер тұста әрбір азаматтың ар-ұжданының таза, ел алдында жүзінің жарқын болуы, өсіріп отырған ұл-қызына, жалпы өскелең ұрпаққа үлгі тұтарлық тәрбие беруі осы жасқа жеткенше еткен еңбегінің нәтижесіне тікелей байланысты. Еңбек жолын әке ісін жалғастырудан бастап, бүгінде жеке кәсібін дөңгелетіп отырған осы бір жігіт ағасының әрбір тамшы маңдай терінде жастарға өнеге боларлықтай тәлім бар деуге болады. 
      Бүгінде ел ағасы атанған, адамгершілік шеңберінен аттап кетпей өз мақсаттарына жетуде бабалардың өсиетін, даналардың нақыл сөзін, ата-анасының өмір жолын үлгі тұтып, адал еңбекті сенімді серік еткен, «Адамның негізгі міндеті күнелту емес, өмір сүру»,- деген жазушы Д.Лондонның қанатты сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған Мұратбектей атпал азаматтың ізгі мақсаттарының орындалып, еңбегінің жемісін көре беруін тілегіміз келеді.


Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости