Нүсіпов Бақытнұр

Рейтинг:

Әмбебап маман

      «Бақытнұр - ер Нүсіптің немересі,
      Өнер-білім еңбекте өнегесі.
      Жер жыртып , құдық қазып, мал өсірді,
      Жәмеңке Мәмбетұлы шөбересі»,- деген өлең жолдары осы мақаланың кейіпкеріне арналып жазылған. Еңбек еткеннің маңдайы ашық деген бар ғой. Бақытнұр - еңбекпен шыңдалған азамат. «Кісіні танымақ болсаң, ісіне қара»,- деген екен Жүсіп Баласағұн. 
      Бақытнұр - атқарған еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген, ешқашан уақытпен санаспайтын азамат . Ол -Алматы облысы, Талғар ауданы, Қайнар әкімдігіне қарасты Жаңалық ауылында тұрады. 1957 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданы «асыл тұқымды қой совхозында» туылған. 1976 жылы № 11 орта мектебінің табалдырығын аттап, 1976 жылы үздік бітіріп, сол жылы Алматы қаласы «В.И.Ленин» атындағы Қазақ ұлттық институтына оқуға түседі. 1981 жылы Алматы Архитектура Құрылыс институтын тәмамдағаннан кейін Алматы облыстық Талғар ауданы құрылыс жөндеу тресінде маман құрылысшы болып еңбек етеді. 1983 жылы Қапшағай ауылшаруашылық құрылыс комбинатына шебер болып кіріп, 1986 жылдан бастап прораб болады. 1988 жылы Талғар ауданы Жаңалық савхозына күрделі құрылыс жөндеу шебері болып тағайындалып, 1989 жылы құрылыс тексерушісі болады. Мемлекеттік құрылыс жұмыстары бүкіл ел бойынша тоқыраған 1992 жылы өкімет жұмысынан босап, Президент жарлығы бойынша ең алғашқы қатарда жеке меншікке жер алып, жекеше шаруашылықпен айналысуды қолға алады.
      Елдегі жекешелендіру – жерді жекешелендіру және мүлікті жекешелендіру болып екіге бөлінгенде, жерді жекешелендіру бойынша жер үлесінен Бақытнұрға тиесілі болғаны суарылмайтын сортаңдау жеті гектар жер болатын. Егістік су құрылысы жүйесі жасалмаған, өңдірістік техникасы болмаған, еңбек күші жеткіліксіз, оларды жасауға, тіпті, жалдауға қаражат тапшы кезең. Нені қалай бастау керектігінен хабары аз, осындай жер теліміне ие болған Бақытнұр секілді азаматтардың еңсесін еңсерген қиын шақ болатын. 
      Сол жылдары Америка және Европа елдерінде «фермер» (жеке шаруа қожалығы) болу үшін 50 гектар жекелік жері болу керек,-деген ақпаратты оқығаннан кейін Бақытнұрға жаңа ой түседі. Жеке меншік жерін игере алмаған жекелердің жер үлесі ақысын беріп, егістік жер көлемін кеңейтіп, 50 гектарға жеткізеді.
      «Қалауын тапсаң, қар жанады», «Еге білсең, тасқа да шығады»-деген емес пе?! Осындай істің жөнін игерген Бақытнұр Нұрқайдарұлы егістікке су шығаратын су насосы құрылғысын құрылыс инженері мамандығына сай жасап, тың жерді суармалы егіндікке айналдырады. Жыл сайын табиғи тыңайтқыш беріп, топырақтың құнарлылығын арттырып, жердің күшін сақтайды. Егістікке жем-шөп, астық, көкөніс және майлы дақыл өнімдерін егіп, қара жердің қойнауынан отбасының ырзық-несібесін алады. Егістікке қазіргі заманауи тамшылатып суару құрылғыларын орнатып, қыста жылыжайға көкөніс егіп, базардың кемдігін толықтырып, кірісін арттырады. Мал шаруашылығында, ірі қара және ұсақ малдар өсіріп, төлін алып, сүтін ішіп, етін жеп, артығын базарға апарып сатады. Малдың қиын тыңайтқыш ретінде пайдаланады. Қыста бұқа, жылқы, қой бордақылап, дәмді де сапалы соғым етімен отбасы, туыс-туған, көрші-қолаң, ауылдастарын қамтамасыз етті. Құс шаруашылығында, инкубатор мен үй құстары балапандарын шығарып, үндік, қаз, үйрек, тауық асырайды. Көкөніс майларын қолдан өсіріп, көктемгі қорық пен егіндікке өзі дайындайды.
      Сан-салалы шаруашылық, ауыр өндірістік еңбектен қаймықпаған Бақытнұр осының бәрінің басы-қасында болып, өзі қадағалап, күнді түнге жалғап еңбек етті. Жыл сайын 3-4 адамға маусымдық жұмыстар беріп, оларды жұмыспен қамтыды. Әркімге өз отбасын асырай алатындай жағдай жасап, оларға өндірістік еңбектің қыр-сырын үйретті. Жаңадан кәсіп бастауына жол ашты. Қолынан келгенінше жағдайы нашар, әлсіздерге көмектесіп, ауылдың абыройлы ағасы атанады.      Осылай, тасқындаған жігер, қайтпас қайраттың жебеуімен ащы еңбектің тәтті жемісін татқан, біліміне ақылы сай келген Бақытнұр сабырлы да салмақты түрде өткеніне көз жүгіртіп, бүгінгісіне тәубе етеді.
      - Мен мемлекеттік қызметте - 10 жыл, жеке қожалықта - 30 жыл, жалпы - 40 жыл еңбек еттім. Ең алғашқы жекешелендіруде жеке қожалыққа шыққанымда, қыл аяғы ат арбам да болмаған еді. Істі арба жасаудан бастаған едім. Қазір, мінекей, өндіріс техникаларым толық Аллаға шүкір, жағдайым жақсы. Өмірде өзімнің істеген істеріме өзім ризамын. Мемлекеттік саясат, заң-жарлықтары төменге толық жетіп, ауыл шаруашылығына деген экономикалық қолдауы күшейгенде, қарапайым халықтың әл-ауқаты бұдан да жақсы болар еді»-дейді.
      Бақытнұр Нұрқайдарұлының жұбайы Айгүл - алты баланың анасы, мемлекеттік «Күміс медальдің» иегері. Жылылыққа толған жанұяның балалары да еңбекқор. «Атаға қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» дегендей, балалары өте қарапайым, ақкөңіл. Балаларының үлкендері жоғарғы оқуды үздік бітіріп, қоғамның бір саласында елі үшін елеулі еңбек етуде. Қыз ұзатып, келін түсіріп, немере сүйген ата-ана 30 жылдық бақытты ғұмырларына дән риза. 
      «Бақытнұр ешқашан мына жұмысты істей алмаймын деген емес. Ебін тауып, ізденіп, қисынын келтіріп, әр түрлі жұмысты тәуекел етіп бастайды да, аяғына дейін содан нәтиже шығаруға тырысады. Соңында сол ісін тындырымды істеп береді. Өзі - көп ұйықтамаған кісі. Бос ұйқыға жаны қас, жүрмей тұрған жұмыс болса, ұйқысы қашады. Сағат таңғы 3 пен 4-те орнынан тұрып өз ісіне кіріседі. Жұмыс істеген адамды бағалай біледі. Жанындағы адамға түсіністікпен қарап, соның жағдайына түсіп көреді. Ешкімді алаламайды,-дейді жұбайы Айгүл.
      «Толағай табысқа жеткен еркектің соңында бір ақылды әйел тұрады»,-деген рас. Бақытнұр Нұрқайдарұлының осындай жетістіктерге жетуі - өмірлік серігінің парасаттылығынан. Әйел заты - қырық жанды, қырық шырақты деген емес пе? Өзінің отбасы үшін тынымсыз, күнделікті айналып келе беретін тіршілігімен қоса, ерінің түздегі жұмысына да зыр жүгіріп, жан-тәнімен қолғабыс ете білген жарының орны бір бөлек.
      Әр заманның төл тумасы,өз еркесі болары хақ. Жәмеңке Мәмбетұлы 1916 жылғы Қарқара көтерілісіне басшылық еткен болыс болса, баласы Нүсіп атамыз тың жерді боз жерге айналдырған маман. Өз кезіндегі патша үкіметінің «ит жеккенінен» босап, қызылдардың қуғынынан аман қалған асыл тек. Жәмеңке немересі Нұрқайдар атамыз - өз кезінде көненің көзі, асылдың сынығы болған. Атасынан жалғасып келе жатқан өнер-ұлттық нақыштағы тұрмыстық тұтыну бұйымдарын жасаудың қас шебері, еңбекқор шаруа иесі, шариғат жолын ұстанған мүмин. 
      Айнақан ана 8 бала өсірген мемлекеттік «Күміс медаль» иесі-тін. Бақытнұр Нұрқайдарұлы болса, сол тегеуірінді заманның тепкісінен тайсалмаған, өнері елге өнеге болған, тектілердің ізін жалғаған тай-тұяқ.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости