Қойлыбаев Сералы

Рейтинг:


Адал еңбек иесі

      Азамат ісімен, әрекетімен көрікті дейді ел ішінде. Демек, кез - келген кісі туралы сөз бастағанда ең әуелі ол не бітірді, не тындырды деген сауалдың туатыны да заңдылық. Белгілі бір саланы меңгеріп, сол арқылы ел мақтанына айналып, халық құрметіне бөленіп жүрген азаматтар баршылық. Өзінің кішіпейілдігімен, биязы мінезімен, табанды еңбегімен ерекшеленетін сондай жанның бірі әрі бірегейі – Қойлыбаев Сералы Әбдіхалықұлы. Ол асты кенге, қойнауын малға толтырып, кәсібі мен ауыл шаруашылығын қатар дамытқан, жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етіп, халық қызметіне өзіндік үлесін қосып жүрген еңбекқор жан.  Ерен еңбек иесі бүгінгі күнге бірден қолы жете қоймады. Өмір оны сан тараулы өткелдерінен өткізіп, талай бұралаң жолдарымен жүргізді. Қарапайым дүкен сатушысы қызметінен тек таза, ақ адал еңбегі мен маңдай терінің арқасында ғана жеке қожалық иесі деңгейіне дейін жетті. Әңгіме осы адал еңбектің иесі хақында  болмақ. 
      Сералы Әбдіхалықұлы 1963 жылы 1 маусымда бұрынғы Шымкент облысы, Түркістан ауданы, Шорнақ ауылында, Ленинизм колхозында дүние есігін ашқан. Әкесі Әбдіхалық өз ортасында сыйлы, еңбек талғамайтын қажырлы кісі болған. Анасы бала тәрбиесімен айналысқан, жеті құрсақ көтерген көпбалалы, батыр ана. Сералы отбасында жеті ағайынды. Үйдің үлкені әпкесі Ақбілек, Оразалы, Ералы, Бегалы, Қаршыға, Сералы және Раушан есімді бауырлары бар. 
      Сералы жасынан шаруаға бейім, еңбекқор болып өседі. 1971 жылы ауылдағы Михаил Васильевич Фрунзе атындағы орта мектептің 1 сыныбына қабылданады. Мектеп қабырғасында қабілеттілігімен ерекше көзге түсіп, көпшіліктің көңілінен шыға білетін қасиетімен ұстаздарын да сүйсіндіріп жүретін. Он жылдық мектепті 1980 жылы аяқтап, қайратты да жігерлі жас арман қуып, Алматыға келеді. Алайда, Алматы арман қуып келген жас жеткіншекке жылы қабақ танытпады. Оқуға түсе алмағанына еңсесін еш түсірмеді. Түркістан қаласына келіп алты айлық кооперативтік курсты оқып меңгеріп шығады. Жарты жылдай еңбек еткеннен кейін, әскерден шақырту келіп, 1981 жылдың қараша айында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Ресейдің Саратов деген қаласында екі жыл әскери борышын өтеп, 1983 жылы елге оралады. Әскердегі қатарлас сарбаздармен иық тірестіріп қызмет ете жүріп, әр түрлі ұлт өкілдерінен тұратын жаңа таныстар мен достар тапты. Қызмет еткен ортасы оң әсерін тигізбей қоймады. Мектепті енді аяқтап оң-солын әлі тани қоймаған жас жігітті әскери қызмет әбден шыңдады. Өмір мектебінен өткізіп, болашағына деген үлкен тәжірибе жинап келді. 1983 жылдың желтоқсан айында еңселі ер болып қалыптасқан қалпында елге абыроймен оралады.  
      Әскерден келісімен-ақ, уақытты текке жоғалтпай екі қолға бір күрек табылар деп жұмыс қарастыра бастады. Еңбекті үлкен-кіші деп талғамайтын Сералы 1984 жылдың қаңтар айында Түркістан қаласындағы «Детский мир» дүкеніне сатушы қызметіне орналасады. Адал еңбектің ұяты жоқ екенін жақсы түсінгендіктен бұл қызметіне еш арлана қоймады. Сұңғақ бойлы әр қадамын нық сенімділікпен басып жүретін жігіт ағасына сүйсініп қарайтындар аз болмайтын. Келісті, келбетті, қажырлы әрі жүрісі де ширақ болғандықтан бұл қызметте ол жемісті еңбек етті. Аса сабырлы, жүзінен мейірім шапағаты төгіліп тұратын жомарт жанымен, дархан пейілімен үлкен-кішіні бірден баурап алатын. Өзгелердің сәлеміне сақ тұратын, өзі де әдептіліктен аттамайтын осы бір қасиеттері оның өмірлік жолында талай мәрте септігін тигізіп келеді.       
      Адал еңбектің нанын жей жүріп, Сералы жоғары білімнің артық етпейтіндігін де терең түйсінетін. Осылайша, ол 1987 жылы Түркістан индустриалды-педагогикалық техникумының сырттай бөліміне қабылданады. Еңбек ете жүріп оқу ақысын төлеу де оңайға соқпады. Әр түрлі салада еңбек етіп табыс тапты. 1988 жылы қаңтар айында нан зауытына экспидитор болып орналасады. Бірақ алдына үлкен мақсаттар қойған жалынды жігіт мойыған жоқ, шыдамдылық танытып, ағысқа қарсы жүзе білді. 1990 жылы аман-есен қолына дипломын алып, оқуын аяқтап шығады.  Оқуды аяқтағаннан кейін, зауыттағы жұмысын жалғастыра берді. Жұмыс орнында өзінің еңбек сүйгіштігін, маман ретінде біліктілігін көрсетті, әріптестерін мойындата жүріп, 1991 жылы осы зауыттың дайын өнімдер қоймашысы қызметіне келді. Сонау Шорнақ ауылынан Түркістан қаласына күнделікті автобуспен қатынап жұмыс жасайтыны – оның еңбекке деген зор ықыласының бір көрінісі десек те болады. Кейін де жігерлі жұмысымен, үлкен адамгершілігімен, тиянақты ісімен көзге түсіп түрлі қызметтерді лайықты дәрежеде атқарып басшылық ризашылығына бөленді.
      Ол қызмет ететін ұжымның қол жеткізген жетістіктері, ынтымағы, бірлігі де ерекше болды. Алайда, тұтас қаланы нанмен қамтамасыз етіп отыратын зауыт 1999 жылы түрлі себептерге байланысты қызметін тоқтатады. Сол жылдары мемлекет тарапынан үлкен бетбұрыс жасалып, 2000 жылы Ленинизм колхозы таратылды да жер тұрғындарға бөлініп берілді. Колхоздарды таратып, орнына жаңадан жеке шаруашылық құрылымдарын құра отырып, олардың нарықтық қатынаспен жұмыс істеп кетулеріне жанды көмектер көрсетіліп, жан-жақты қолдау жасалды.  «Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» - демекші жұмыстан қалған Сералы Әбдіхалықұлы да осы жерден өз үлесін алады. Бұл жылдар елімізде ауыл шаруашылығы қарқынды дами бастаған кездер еді. Мал шаруашылығы мамандарының беделі артып, жастар жаппай ауылға бет бұра бастаған-тын. Әрі бұл салада еңбек ету абыройлы да болатын.            
      Қай салада болмасын өзінің іскерлігімен, үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Сералы Әбдіхалықұлы үлеске алынған жерді шаруа қожалығына айналдырып, өз кәсібін дөңгелетуді көздейді. Нан зауыты өндірісінде еңбек етіп жүрген кезінен-ақ жігерлі жастың ойында қайткенде жоғары білім алып, кейін өз кәсібін ашу мақсаты бар болатын. Оның  ішінде ауыл шаурашылығы, мал шаруашылығы салаларына қатты қызығатын. Сөйтіп, мемлекеттен өзіне тиесілі үлесті жерін алып «Сері-3» шаруа қожалығын ашып қол астына жұмысшылар жинап, өзі қожалыққа төрағалық етті.. Бойындағы ата қанымен, ана сүтімен дарыған еңбек сүйгіш қасиеті ылғи алдыңғы саптан көрінуіне себепші болды. 23 гектар суармалы, 77 гектар жайылым жер алып егін мен мал шаруашылығын қатар дамытты. 
Шаруа қожалығының табысты жұмыс істеуі бірінші кезекте білікті басшыға байланысты екені сөзсіз. Бұл ретте Сералы Әбдіхалықұлы тәжірибелі, ашық, ұйымдастыру қабілеті жоғары, білікті басшы бола алды. Ол өзінің өмір жолында болсын, еңбек жолында болсын хакім Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла»,- деген сөзін ту қылып ұстаған азамат. Ол адамдарды қызметіне, түріне, табына қарап еш бөлмейтін, алаламайтын. Содан да болар қожалықтың әр жұмысшысына жеке көңіл бөліп, түсіністік танытатын. Себебі, жұмысшының жағдайын реттемейінше, шаруашылық өндірісінің жұмысы да тиімді болмайтынын түсінетін аңғарымпаз басшы еді. Осындай қарапайым адами қағидаларының нәтижесінде Сералы Әбдіхалықұлының кәсібі өрге домалай бастады. Қожалық жыл сайын оң нәтижелер беріп отырды. Сәйкесінше, қожалық жаңа техникалармен, заманауи құрал-саймандармен және көрнекі құралдармен жабдықталып келеді. 
      Халық ішінде «Бақыт деген еңбек пен баланың қызығын көру»,- деген тәлімді сөз бар. Сералы Әбдіхалықұлының тұлғалық бейнесінің қалыптасуында қызығы мен шыжығы қатар жүретін өмір жолында, оған серік бола білген жарының да үлесі бар десек болады. 1988 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде жары Оразкүл Сатыбалдықызы екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірген қадірлі ата-ана. Қара шаңырақтағы бақыт пен қуаныш үлкен түсіністіктен басталады. Сералы мен оның құдай қосқан қосағы бас қосқалы жүз шайысып көрмеген, ұйыған үлгілі отбасы бола білді. Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп жеткізді. Бәрінің де бойында адамгершілік, еңбекқорлық, қарапайымдылық қасиеттері бар. Қазіргі таңда ұл-қыздары мамандықтары бойынша әр салада қызмет етіп жүр. Бәрі де жоғары білімді. Бүгінде Сералы Әбдіхалықұлы ұлын – ұяға, қыздарын – қияға қондырып, әулеттің туын биік ұстап отырған жан. 
      Бүкіл саналы ғұмырын ел игілігіне арнап аянбай тер төгіп, жанқиярлықпен еңбек еткен, алға қойған асқаралы мақсаттарына жету үшін бар күшін, ой-жігерін, қажыр-қайратын аямай, өз ісін беріле атқарған Сералы ауыл шаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, бірнеше мәрте марапатталған құрметті азамат. Еңбек жолын сатушы болып бастаған жас жігіт бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласының көрнекті маманы, білікті де тәжірибелі басшы. Жастайынан ауыл өмірінің қиыншылықтарына төзіп, еңбектен ұялмай қызу еңбектің ортасында жүріп, қазіргі таңда игілікті істерімізді, ортақ байлығымызды қалыптастыруға қыруар үлесін қосып жүрген атпал азамат. Қарапайым отбасынан шығып, қала өміріне ілесу, өмір белестеріндегі ауыртпашылықтарды мойнымен көтеріп, талмай еңбектенген Сералыға бүгінгі дәрежеге жету оңай болған жоқ. 
      Мағыналы да өнегелі өмірінде тек ізгілікті ісімен көрініп, азамат аты шыққан, өзінің алдындағы жақсы-жайсаңдармен жанасып, халық игілігіне қызмет еткен тұлғаларды «ер азамат» деп жатады. Сералы Әбдіхалықұлы – сондай тектілерден тұяғы, жақсылардың жалғасы. Қай қырынан алып қарасаң да құрметке лайық адал еңбек иесі.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Талгат- 1 апреля 2021 00:10
Ия агамыз Сералы осы айтылган деректерге сай,тулгасы биик,абыройлы азамат.Агамызды мактан етемиз

Меруерт- 21 апреля 2021 14:59
Ағамыз өте жақсы адам. Енбекқор адал адам. 

Ернар Хансейтұлы- 21 апреля 2021 16:05
Сералы көке жарайсыз! Талай жастарға үлгі болып, із қалдырып жатырсыз, аман болыңыз! 

Турабаева Айгул Айдаршаевна- 22 апреля 2021 14:48
Еңбегіңіз жансын .....!!! Ерен еңбек иесі бола беріңіз

Нурболат- 22 апреля 2021 14:49
Лайқты адал кісі!

Айгүл- 22 апреля 2021 14:50
Ісіңізге сәттілік тілеймін! 

Асель- 22 апреля 2021 14:53
Адал еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

Акбопе Ауесханова- 22 апреля 2021 14:56
Сералы Әбдіхалықұлы тәжірибелі, ашық, ұйымдастыру қабілеті жоғары, білікті басшы. Ағамыздың отбасына амандық тілейміз.

Janar Sadirbaeva- 22 апреля 2021 14:57
Сіз өте жақсы жайсаң жансыз! 

Гулмира- 22 апреля 2021 14:57
Улгі боларлық,4олдаймын!

Janar Sadirbaeva- 22 апреля 2021 14:58
Керемет жансыз!

Умирбекова Гульжамал- 22 апреля 2021 15:27
Енбегинизге жемис,абыройлы болыныз!Саттилик серигиниз болсын!

Талгат- 22 апреля 2021 21:39
Еңбегіңіз табысты болсын. Алға қойған жоспарларыңыз орындала берсін

Талгат- 22 апреля 2021 21:41
Құрметке лайық адам

Последние новости