Новрузбаева Набат

Рейтинг:
Сәби жүрегіне жол тапқан тәрбиеші

      Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» - деген, ендеше болашақ армандарға құлаш ұрған әрбір жас жүректің үміт отын лапылдатып, кітап оқуға, білім жолына түсуге деген, өмірден өз орнын тауып адамзат болып қалыптасуына сеп болатын ол – ұстаз. Ұстаздар туралы талай жазылып та, айтылып та жүр. Күміс көмей әншілер сахна төрінде ұстаздардың мерейін өсіретін ән айтса, ақындар мен қаламында қарым бар жазушылардың да шығармалары ұстаздар туралы мөлтек сырларды қозғап, тұмса табиғатқа ғашық қылқалам шеберлерінің де ең сәтті шыққан картиналары ұстаздарға арналған. Осындай, ұлы құдіреттің астарында сыр бүгіп жатқан, еңбектеген баладан, алтын тақтағы ханға дейін қарыздар ұстаздарға деген құрмет көрсетіліп, олардың саналы да өнегелі өмір өрнегінен туындаған үлгілі істері мен кейінгі ұрпақ үшін жасап жатқан еңбектері тарих беттерінде тастан қашалып жазылып қалмақ.Осындай ұстаз деген ұлы мамандықты иемденген асыл жүректі жандарымыздың бірі Новрузбаева Набат Амангелдіқызы – 1962 жылдың 12 сәуірінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жайлыбаев ауылында дүниеге келді. Жазда жайлауында төлінің бауырын жер сыздыра қоң жинатып, қыста қыр басында тебіндетіп өсірген аталарымыз үшін батыста Орал тауынан, шығыста кенді Алтайға дейін созылып жатқан дархан далада төлін өргізген. «Еңбегіңнің жемісі тек өзіңе емес, елге де жетсін»,- деген ұстанымды тірек етіп алған Набат Амангелдіқызының түп тамыры берекелі өңір Маңғыстау топырағында жатыр. Әрдайым адал іс қылып әділ болуға, ақ сөйлеуге тәрбиелеген асқар тау әкесі мақта егістігінде тракторшы болып жұмыс істесе, жүрегіндегі шексіз мейірімі жүзінен мөлдір тамшы болып тамып тұратын ай жүзді анасы Зибаш фермада сауыншы болып еңбек етті. Ол кездің балабақшасы әже тәрбиесі емес пе, Набат та әжесі Сүйріктің қолында өсті. Әжесі тағдыр тауқыметін көп көрген, күйеуі Диділ соғыс майданында жүргенде ердің жұмысын атқарып, Киров каналын қазған, колхозшы болды.Жеңісті Будапешт қаласында қарсы алып, ауылға аман-есен оралған майдангер Диділ Күшікбаев соғыста алған жарақатынан көп ұзамай қайтыс болады. Жалғыз ұлын қайтсем де жеткізем деп, таңнан кешке дейін жер қазған жесір әйел көп ұзамай көзінен айырылып, үйде отырып қалады. Жалғыз жапырағынан жайылып, 7 ұл, 4 қызынан 11 немере сүйген көкірегі ояу қария қасына көбіне қыз немересінің үлкені Набатты алып, батырлар жырын дауыстап оқып, тыңдатып отыратын болған. Әжесінің қызы болып өскен Набат өз анасын да «жеңеше» деп атап кеткен. 
      Қысы жеңіл өткенмен жазы жаныңды жадыратып жіберетін жайдарлы Оңтүстік өмір, Қазақстанның ең көрікті де, табиғаты сұлу аймақтарының бірі. Таңғы шық мөлдірлігін сездіріп тұрған өлкеде бақытты балалық шағын өткізген Набат өзі құралпас балалармен етене араласып, еркін болып өсті. Ауыл төріндегі мектептің табалдырығын аттаған соң да бар ынта-ықыласымен сабақ оқып, берілген тапсырманы өз уақытында мұқият орындап, қатарластарының алды болуымен қатар, ұстаздарының алғысын жиі алатын алғыр, зерек, тілалғыш оқушы болып өсті.
      Ұлы армандарға ұмтылған ұлан мектепті бітірген соң, ұстаздық жолға бет бұрып, 1980 жылы Жетісай қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы педагогикалық училищенің «Мектепке дейінгі мекемедегі тәрбие» бөлімін бітіріп шығады. Ұстаздық жауапкершілігі мол мамандықпен қатар, қызықты мамандық. Педагогикалық салада өзінің алғашқы еңбек жолын 1983 жылы жас маман Жайлыбаев ауылындағы балалар бақшасында тәрбиешіліктен бастады. Көздерінен күн күліп, мейірім төккенге жылы шыраймен қарайтын сәби күлкісі жанын жадыратып, кеудесіне қуаныш сыйлаған Набаттың алдында таңдаған саласын тереңірек танып, тәлім беру, өзінің білім көкжиегін кеңейту мақсаты тұрды. Талаптыға тау да биік емес, Иүгінеки Ахмедтің айтуынша, «Білген адам білімді өмір бойы іздейді» - демекші, 1983 жылы Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы педагогика институтының «Мектепке дейінгі педагогика және психология» мамандығы бойынша 1988 жылы үздік бітіріп шыққан. Набат Амангелдіқызы алған білімімен шектеліп қалмай, Қазақ инженерлік - гуманитарлық университетінің «Жалпы педагогика және психология» мамандығына 2003 жылы түсіп, 2005 жылы аталған оқу орнын үздік дипломмен тәмамдайды.Көңілі қалаған істі қолға алып, өзі сүйген мамандықпен жұмыс істеу – жұмыр жүректі пенденің арманы емес пе?! Сезімталдығы басым сәби күлкісінен өмірге деген құлшынысы артып, өмір сүруге деген екінші тынысы ашылған Набат Амангелдіқызы мамандығы педагог-психолог болғандықтан өзі ұнататын жұмыстың қыр-сырын меңгеруге талпына түсті. Қызмет барысында сәбилердің сүйікті апайына айналып, балабақшада өткізілген іс-шараларға белсене қатысып, жауапкершілігі мол жұмыстарды жоғарғы деңгейде атқара біліп, өзін көрсете білген жас маман әуелі әдіскер, одан кейінгі жылдары меңгерушілікке жоғарылайды. Қолынан іс келетін жас қай саланың да таптырмас маман, жұмыс талғамай, оның атқарылу күрделігіне қарамастан табандылық таныта отырып, сабырлылықты серік етіп, еңбек етіп, 1985-1988 жылдар аралығында 3 жыл балалар бақшасының басшысы қызметін атқарды. Бірақ, Кеңес Одағының да тамағына салқын тиіп, жиі «жөтеле» берген сол жылдары, бір жеңнен қол шығарып, бір қазаннан ас ішкен 15 Республика өз еншісін алуға талаптанып жатқан 1989 жылы білім саласы да сарқау тартып, мектепке дейінгі мекемелердің жұмысы қысқартылғанда ішінде осы балабақшада болып, жұмысын тоқтатты. 
      Бірақ жетіспеушілік пен жоқшылықтың жамау шекпені тобықтан қаққан тоқырау жылдары жұмыссыз жүру, ұстаздардың арына сын еді. Біліктілігі белес асып, тәжірибесі толыққан Набат Амангелдіқызы 1989-1994 жылдар аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып ұстаздық етсе, 1994 жылдан бастап Г.С.Титов атындағы орта мектепте мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін жалғастырып, 2007 жылдары Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданына қоныстанғасын №86 мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етті. Еңбектің диірменін айналдырған сауатты да білімді маман ретінде 2008-2009 жылдар аралығында аталмыш мектептің инновациялық жұмыстар жөніндегі әдіскері, 2009 жылдан осы мектепте директорының оқу ісі жөніндегі (әдіскер) орынбасары қызметін атқарып келеді.
      Жанындағыларды үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілеті басым Набат Амангелдіқызы педагогикалық салада қызмет еткен жылдары «Мұғалім талантты болса, шәкірт талапты болады» - дегендей, мектепте қосымша драмалық үйірмеге жетекшілік етті. Көкірек көзі ояу, әрдайым қоғаммен байланыс жасап отыратын ұстаз қай іске кіріссе де, нәтиже шығара білетін іскер ұстаз ретінде, көп ұзамай өзі жетекшілік ететін топты түрлі сайыстарға қатыстырып, өнерлерін аудан, облыс жұртшылығына таныта бастады. «Ұстазы мықтының, ұстамы мықты» деген, бақ салып, бап тілеп барған шәкірттері мен өнерпаздары, түрлі ауылдардан жиналған кіл жүйріктердің ішінде шын жүйрік атанып, сауырына қамшы салдырмай додада қара үзіп шығып, жүлделі орындарды қанжығасына байлады. Солардың бірі ретінде, оқушылардың талантты ұжымдарын анықтау мақсатында өткізілген «Қазақстанның жас таланттары» атты облыстық байқауда, үйірмеде тәлім берген талантты ұландарының І - орынды жеңіп алып, «Алғыс Хатпен» марапатталу тек шәкірттерінің ғана емес, ұстазының да жеңісі еді. Бұл жеңіс – ұстаздың, мектептің мерейін көтерген, абыройын облыстық деңгейде асқақтатқан жеңіс болатын.
      Жыл санап емес, ай санап, сағат санап өте қатты жылдамдықпен дамыған заман көшінен қалып қоймау мақсатында әрдайым жаңалықтарға назар салып, өзінің білім-біліктілігін арттырып, газет оқып, қоршаған ортамен үнемі байланыс орнатып отыруды әдетке айналдырған Набат Амангелдіқызының ауыл өңірінде, мектеп пен балабақша өмірінде өзгеше ұсыныстармен алдыға шығып, талай келелі істің бастамашысы болған кездері аз емес.
      Сөзіміздің дәйекті әрі сенімді шығуы үшін, ұғымында ұлылық, ұстаздық пайымында парасаттылық жатқан Набат Амангелдіқызының Елбасының халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейтін Жолдауындағы өзекті мәселе, еліміздің болашағы мектепке дейінгі бүлдіршіндерге арналған «Балапан» бағдарламасына қозғау салып, өз мамандығына оралуына себеп болды. Перзентінің тентектігіне кейіген ананың «тұқымың жайылғыр» деген кейіген сөзінің астында, алғыс жатқаны қазақтың көбейіп ел болсын дегені. Тоқырауда тал бесігі теңселген ауылдың да жүзіне әр кіріп, шекарасы ұлғая түсіп, жастар ауылға оралып, ауылда балабақша кезегі ұлғайып бара жатты. Бала армандарының бірі болған тәрбиешілікті жанындай қатты жақсы көретін ұстаздың ойына ауылда балабақша ашу ісі келді. 
      Бүгінгі істі ертеңге қалдыруды құп көрмейтін, еңбексүйгіш Набат Амангелдіқызы білек сыбана іске кірісіп кетті. Осы кезеңде селолық жерлерде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, кәсіпкерлікті шағын бизнесті қолдау мақсатында 2011 жылы «Лукойл» компаниясының Қазақстандағы «Арай» әлеуметтік әріптестік бағдарламасы өз жұмыстарын жүргізіп жатқан болатын. Шабамын деген тұлпарға айыл-тартпасы ауырлық таныта ма, оның үстіне орай келіп тұрған іс, Набат жеке меншік балабақша ашу мақсатында өз бизнес жоспарын дайындап шықты. Кәсіпкердің айтуынша сол кездері үкіметтік емес ұйым «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетованың бағыт беріп, осы жоба туралы кәсіпкерлікке ашылып жатқан мүмкіндіктер туралы кеңінен жүргізген түсіндіру жұмыстарының көп ықпалы болды. Көпті көрген, білгені мен түйгенін кейінгі жастарға үлгі ретінде бере алатын тәжірибелі Набат Амангелдіқызының жобасы мақұлданып, өзі ғана емес ауыл болып қуанышқа бөленіп, қайтарымсыз 850 мың теңге грантын жеңіп алды. Осы іс кәсібін бастаған ұстаздың ісін жеделдетіп, ертеңгі күнге ұмтылысын күшейтті. Оған қосымша Маңғыстау облыстық микрокредиттеу орталығының Мұнайлы аудандақ филиалынан 10 пайыздық несиемен қаражат алуы, айы оңынан туған Набаттың қолтығынан демеді. Қолына аз да болса қаражат тиген Набат алдына қойған мақсатын іске асыру үшін жеке меншік балабақша ашу жұмысына бірден кірісіп кетті.
      Еңбек еткен жанның ештеңеден тарықпайтынын ерте түсінгеннің пайдасын Набат аз көрмеді. Туған жерден алысқа, атамекенге көшіп келгенде де екі қолға бір күрек тапты. Жеке кәсіпті жүргізу – елдің баласын бағып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту оңай болмайтынын түсінді. Бірақ, еңбек етуден шаршамайтын, өзінде барды өзгемен бөлісуге әзір тұратын, білгенін жастарға үйрете білетін, өзі де үйрене білетін Набат жұмысын жолға қойып, өзі құрған «Арай» балабақшасын аяғынан тұрғызды. Аулаға кіргеннен көзге түсетін жинақылық, иесінің ұқыптылығынан хабар бергендей. Шүпірлеген балапандардай сәбилердің басынан сипап, бірімен шүйіркелесіп, жан-жағына мейірім шуағын шашып жүретін балабақша басшысы нағыз бала жанының бағбаны секілді.
      Міне, осылайша ауыл кұмын табаны тілгілеп, бақытты сәттердің бал күнінен тоймай жүрген балғындардың қуанышын еселеп, 2011 жылы қазан айында Мұнайлы ауданы, Басқұдық селосында жеке кәсіпкер ретінде «Арай» жеке меншік балабақшасының тұсауы кесілді. Алғашқы кездері 18 қызметкермен жетпіс баланы қабылдай алатын мүмкіншілігі болған тәрбие ордасы кейінірек қажырлы еңбек пен талмай ізденудің нәтижесінде қызметкерлер саны 20%-ға дейін өсіп, 2014 жылдың тамыз айында «Арай» балабақшасы 150 бала тәрбиелейтін, халықтың сұранысына ие болған үлкен ұжымға айналды.      «Меніңше, жақсы тәрбиеші болу үшін, ең алдымен, балалардың жүрек кілтін табу керек»,- деп әңгімесін бастаған Набат Амангелдіқызы балабақшаның жетістіктерімен болып жатқан өзгерістерді былай баяндады: «Арай» балабақшасы ұжымының жауапкершілікті терең сезініп, өз қызметтерін адал атқаруының арқасында бұл мекеме ата - аналардың биік талғамының үдесінен шығып, бүлдіршіндердің жылы мекен, ыстық ұясына айналды. Тағылымды тәрбие өз жемісін беріп, қазіргі кезде балабақша тәрбиеленушілері аудан, облыс, халықаралық деңгейдегі жарыстардың жеңіпазы атанып жүр.
      Балабақша педагогтері үнемі ізденіс үстінде жүреді. Жаңа технологияларды оның ішінде «Тәй-тәй», «Монтессори» әдісі, ментальды арифметика курстарына барып, біліктіліктерін шыңдап отырады. Соның нәтижесінде балабақша балаларының білім көрсеткіштері жоғары деңгейді көрсетуде. Мектепке дейінгі білім беру стандарты баланың өмірге қызығушылығы мен бейімділігіне, денсаулығы мен физиологиялық дамуына, әлеуметтік ахуалды іске асыруға, бірыңғай білім беру және жаңа үлгілерін қалыптастыруға отбасы әлеуметтік ортаның бірігуіне жағдай туғызады және әрбір білім беру салалары арқылы қалыптастырады.
      Балабақшаның болашақтағы жоспары – балабақшадағы сабақ процесін жаңа технологияға сай өткізуге қол жеткізу. Топтарды интерактивті тақтамен жабдықтау. Тәрбиешілер қатары, дефектолог-логопед, орыс тілі, хореограф, ағылшын тілі мамандарымен толықтырылды. Қазіргі таңда балабақшада болған балалардың 50 % гимназия және лицей мектептеріне қабылдануда. Себебі, мектеп жасына дейінгі балаларды қабілеттеріне қарай іріктеп оқытылады.
      Жетістіктеріміз де баршылық. Алғашқы аудандық семинар 2014 жылы сәуір айында «Арай» балабақшасында «мектеп жасына дейінгі балалардың интеллектуалдық даму көзі» тақырыбында 25 балабақшаға тәжірибе алмасу семинарын өткізді. 2018 жылы ақпан айында «Step by step» инновациялық технологиясы бойынша, «Ғажайып қыс» атты тәжірибе алмасу семинары өтіп, семинарда 51 балабақшаға ашық оқу қызметтерін көріп, тәжірибе жинақтады. 
      Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі ұлттық даму стратегиясымен тығыз байланысты мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып табылады. Бала – біздің болашағымыз. Олай болса мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту баланың ғана емес, еліміздің де жарқын болашағының кепілі. Ол үздіксіз білім берудің алғашқы деңгейі. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың негізгі мақсаты балалардың жеке басының қалыптасуы мен интелектуалдық дамуы болып отыр. Өйткені, баланың мінез - құлқын, өмірге көзқарасын дұрыс қалыптастырып, заман талабына сай азамат етіп өсіру оңай міндет емес».
      Набат Амангелдіқызының кәсіптегі үлкен жеңісі – өзі таңдаған мамандығы арқылы бүлдіршіндерге тиісті дәрежеде жағдай жасау арқылы заман талабына сай, білімді ұрпақ тәрбиелеу мен баланың денсаулығын нығайту, жан - жақты дамыған жеке тұлға тәрбиелеуге қол жеткізген. Осы міндетті орындау үшін барын салып, аянбай қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда штаттық негізде 38 адамды жұмыспен қамтамассыз етіп отыр.
      Елге қызмет еткеннің еңбегі еленбей қалмасы анық. Алғашқы еңбек жолын тәрбиешіліктен бастап, одан кейінгі жылдары ұстаздық етіп, кейіннен жүрегіне жақын бала тәрбиесіне қайта оралған, бүгінде жоғары санатты педагог маман Набат Амангелдіқызы атқарған келелі істері мен еңбегінің арқасында әкімшілік пен білім басшылықтары тарапынан «Алғыс Хаттар» мен дипломдарға ие болды:
      - «Қазақстан Республикасының білім үздігі және «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгілерінің иегері;
      - Қазақстан Республикасының Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданның қалыптасуына және дамуына қосқан үлесі үшін «Мұнайлы ауданының 10 жыл» мерейтойлық төсбелгісі;
      - Аудандық «Білім ұясы: Ең үздік мектепке дейінгі ұйым педагогы-2014» байқауынан І орын;
      - 2011-2020 жылдар аралығында Басқұдық селолық округінің әлеуметтік - экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Алғыс Хаттар»;
      - 2018 жылы «ӨРЛЕУ» біліктілік арттыру ұлттық орталығы АҚ Филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарында инклюзивті білім беруді психологиялық - педагогикалық сүйемелдеу» тақырыбындағы облыстық әдістемелік семинар тренинг өткізгені үшін «Алғыс Хат»;
      - Республикалық «Заманауи балабақша-2018» номинациясы бойынша «Үздік басшы» диплом иегері;
      - Жылма - жыл дәстүрлі түрде өткізілетін республикалық «Мектепке жол» акциясына белсене атсалысып көмек бергені үшін «Алғыс Хаттар»;
      - Кәсіпкерлік ынталылығы және қоғамдық белсенділігі үшін «Алғыс Хат»;
      «2007 жылы жанұялық жағдайымызға байланысты Маңғыстауға көшерде шешем Зибаш та, екінші анам болып кеткен Ибахан да қатты қиналды. Мені өздерінің алдарында жүргенін жақсы көрді. Бірақ, тағдырдың ісіне амал бар ма, кейін екеуі де бір жыл ішінде о дүниелік болып кетті ғой. Біз болсақ осы жердің дәмін тартып, атамекенімізге оралдық. Одан жаман болған жоқпыз, Қаншама жақсы адамдармен танысып, жұмыс жүргізіп, кәсіпкер болдық. Жалпы баламен жұмыс жасау рахат. Олар періште ғой, айтқаныңды ұғып алып, өзіңе айтып беріп жатырса соған қуанасың. Әр баланың бойында белгілі бір затқа деген қызығушылық болады. Біз соны байқап, одан әрі жетілдіре білсек, түбінде сол баладан үлкен маман иесі немесе белгілі қоғам қайраткері шығады деп ойлаймын. Баланың мінез-құлқына, өмірлік көзқарасын дұрыс қалыптастырып, заман талабына сай азамат етіп өсіру - оңай міндет емес. «Білімсіз адам – қанатсыз құспен тең» демекші, бүлдіршіндерге дұрыс бағдар беру үшін өзіміз үнемі білімімізді жетілдіріп отыру керек. Білуге, үйренуге құштар балаларды көргенде менің шабытым артып, тағы бір биік шыңдарға шарықтағым келеді, асулар пайда болады. Мені шабыттандырып алға жетелейді. Өз жұмысыңның нәтижесін көруден, еңбегіңнің ел кәдесіне жарағанын сезінуден артық қандай бақыт бар?»,- деп ішкі сырын жайып алған Набат Амангелдіқызының өмірлік жолдасы Досжан Наурызбаев Жамбыл мелиоративтік оқу орнын бітірген құрылыс, кәріз,жүйелерінің білгір маманы. Кәсіпкер шаңырағының ішін шаттыққа бөлеп, қуаныш сыйлыған тұңғыш перзенттері Ақжелен қаржы қызметкері болса, үлкен ұлы Ғалымжан – әскери қызметкер, жұбайы – Маржан, кішісі Айтжан – әскери байланысшы, жұбайы – Əсем. Екі келіні де мұғалім болып жұмыс жасайды Бүгінде балаларынан 9 немере сүйіп, немерелерінің қызықтарына, бал татитын бала тіліне тоймай отырған бақытты ата-әже!Ел үшін, ұрпақ үшін етілген еңбек еш ұмытылмайды. Бұрымды қыз бен кекілді баланың қолына қалам ұстатып, тәй басқан қадамына құт дарытып, жазу мен санауды үйретіп, ертеңгі күні бір-бір әлемнің өнерпаздары мен ел үмітін ақтайтын тарландар мен дарабоздарды, әлемдік аренада көк туымызды желбіретер спортшыларымызды, ел тарихын жазатын тарихшыларымыз бен жазушыларымызды тәрбиелеп шығару жолында ат салысып келе жатқан тәрбиешілер қауымына халықтың айтар алғысы зор. 2017 жылы Малайзия, 2018 жылы Италия елдерінде халықаралық деңгейде өткізілген тәжірибе жинақтау және тарату семинарларына қатысып, біліктілігін арттырып келген Набат Амангелдіқызына кәсібіңіз алға жүріп, балабақша ұжымына толағай табыстар тілеп, ұлт болашағының ұранын жазар ұлтын сүйген ұландарды тәрбиелеп шығара беріңіздер деп, ақжолтай тілегімізді білдіреміз!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 апреля 2024 22:06
Азамат
Даурен.Ауылшаруашылығын дамытып,елге ісі тигізген улкен азамат,өз қамын ойламай жұртқа жақсылық жасап жүрген азамат....
31 марта 2024 13:36
Sholpan Kuanish
Вся эта история очень прекрасна. Гаухар Сартаевна очень сильная женщина, хорошая начальница и прекрасная мать. ...
31 марта 2024 13:24
Асема
Гаухар Сартаевна мен Алла тагалама сансыз ризамын сиздей жанмен тынысып омир атты жолымда сиздей керемет жанның...