Кенже-Әлі Асқар

Рейтинг:

Мәдениеттің майталманы

      Мәдениет бұл адам әлемі. Мәдениет көріністерінде адамдық парасат, ақыл ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылып, игіліктер дүниесі құралған. Сонымен бірге мәдениет адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал болып табылады. Әл-Фараби айтқандай, адам – «хайуани мадани», яғни адам мәдениетті жан. Адам –табиғат туындысы және ол үшін табиғи орта мәңгілік қажеттілік болып қалады. Мәдениет адамнан табиғатты бөліп алады деген пікір қанша рет айтылса да, адамның табиғи шығармашылықтың ең жоғары үлгісі екеніне күмән жоқ. И.Гердердің тілімен айтқанда, адам табиғаттың бірінші азаттық алған пендесі. Өнер – адамзаттың ортақ мұрасы. Қазақ халқы әлімсақтан өнерпазын төрге шығарып, халқын ән-жырмен әлдилеген. Оларға қошемет жасап, қастерлеп, алақанында аялаған. Осынау үрдіс бүгінгі заманда да жалғасын тауып келеді. Өнегелі өмірімен ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленіп жүрген азаматтар ел ішінде жеткілікті. Соның бірі – «Қазалының Левитаны» атанған Асқар Кенже-Әлі десек қателеспейміз. 
      Мектеп табалдырығынан бастап өзінің хас талантымен көпшілікке танымал бола бастаған Кенжекең қазіргі таңда сахнада жүргеніне елу жылдан асты. Елдің мәдени-әдеби өмірінен тыс қалған емес. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, сахна саңлағына айнала білді. Өзінің кербез даланың әсем табиғатындай қоңыр даусымен аудандық, облыстық, республикалық мәдени шаралардың жүргізушісіне айналып, жоғары деңгейде өтуіне атсалысып келеді. Көпшілікте өзгелерден бітім-болмысы бөлек өнер қайраткерін құрметтеп, екінші дүнижүзілік соғыстың басты қаһарманына айналып, сол кездегі ұлт көсемі, жоғарғы қолбасшы Сталиннің тікелей бұйрықтары мен елдің ең маңызды құжаттарын, халыққа жағымды, рухты дауысымен жеткізетін Юрий Борисович Левитанға теңеп, «Қазалының Левитаны» деген айдар таққан. 
      Мәдениет дегеніміз – өнер-өмірдің өзегі.
      «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, бала кезден өнерге жақын болып өскен Асқар 
      Мақсатбайұлы Кенже-Әлі 1956 жылы 29 ақпанда Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Лақалы елді мекенінде өнерлі жандардың отбасында дүниеге келген. Бала кезінен бастап өнерге құштар болған Кенже-Әлі мектеп қабырғасында өзінің өнерімен көпті тәнті етіп, мектеп мақтанышы атанды. .Көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындарды алып, түрлі іс-шараларда өнер көрсетіп, марапатталып жүрді. Алғыр да зерек, елгезек бала Кенже-Әлі кейбір той-домалақтарда ән салып, көптің батасын да алатын. Мұндайда үлкендер жағы «Әп, бәрекелді, жарайсың, өнерің өрге жүзсін» деген секілді мадақтаулар айтса, өзінің қатар-құрбыларының арасында беделі бар, мерейі үстем болды. Мектеп қабырғасын ойдағыдай аяқтап, Қызылорда қаласындағы медициналық училищесіне оқуға түседі. Ол оқу орнында да көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, өз өнерін көпшілікке паш етіп жүрді. Аталмыш оқу орнын 1974-1977 жылдар аралығында оқып, бітіріп, аудандық ауруханада қызмет жасады. Ауруханада еңбек ете жүріп, аудандық мәдениет үйінің өнерпазы болды. Ол түрлі мәдени шараларда концерттік бағдарламаларды жүргізуші болып та көзге түсіп жүрді.
      Адам баласының өмірлік ұстанымы болмыс-бітіміне сай қалыптасып, мінез-дағдысына айналары хақ. Алайда, тұлға боп танылу кез-келген жанның қолынан келе бермесі анық. Әйтсе де, тағдыр талайы өмірден алған тағылым-тәлімін сабақтап, өзіндік орнын қалыптастыруына алып келеді. Өнер жолы ауыр жол емес пе?! Әр кезеңнің өзіндік сәні, талғамы, сапасы болады. Бастысы елге ұнайтын, елдің көңілінен шығатындай қызмет ете білу керек. Сондықтан да мәдениетсіз елдің ертеңі бұлыңғыр, яғни мәдениет, өнер ол елдің ертеңін анықтайтын сала деуге әбден болады. Мәдениет саласында өзіндік ісімен танылып, қазақ өнерін түлетіп келе жатқан, іскер де талантты азаматтың репертуарында халық әндері мен Қазақстан композиторларының әндері орын алады. 1977 жылы облыстық радионың алтын қорына оның әндері жазылды. 1982 жылы КСРО Композиторлар Одағының төрағасы Тихон Хренниковтың өзінің қолы қойылған дипломымен марапатталып, төсбелгісін омырауына тақты. Сонымен қатар бүкілодақтық байқаудың жүлдегері атағын алды. 1987 жылы Қазақтеледидарына «Қорқыт сазы» фольклорлық халық ансамблінің сүйемелдеуімен фильмге түсті. Кенже-Әлі 2006 жылдан бастап Әйтеке би кентіндегі кенттік Мәдениет Үйінің директоры, кейін аудандық мәдениет орталығының мәдени ұйымдастырушысы болып қызмет атқарды. Болмысынан өнерге жаны жақын, әсіресе, түрлі жанрдың теориясын жіті түсінуі, кәсіби білімі де, рухани таным-түсінігі де ұлттық құндылықтарға ұсталығын танытып тұратын қасиеті келген ортасында беделін арттыра түсті.«Ер еңбекте сыналады» емес пе, еңбек жолында ол ұжымын ұйымшылдықпен ұйыстырып, әріптестерінің пікірімен санасуды адамгершілік тұрғысында санасына зерделеді. Қазіргі таңда Әйтеке би кенті әкімі аппаратының «Кенттік клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры қызметін абыроймен атқарып келеді. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, аудан өнерпаздарының табиғи талантын танытар байқаулар мен өнер сайыстарын, рухани жетістіктерін шыңдайтын түрлі додалардың өткізілуін ұйымдастыруға ұйытқы бола білді. «Қалауын тапса, қар жанады» Кенже-Әлі ұйымдастырған әрбір шараның жинақылығы көрермен көңілінен шығып, тыңдарманына рухани азық сыйлар мазмұндылығы мақтауға лайықты-ақ. Адал еңбек қана абыройға жетелейді. Мәдениет саласында үздіксіз қызмет етіп, аудан мәдениетіне қосқан үлесі зор. Асқар Кенже-Әлі Мақсатбайұлының сахнада жүргеніне 40 жыл толуына орай 2012 жылы «Ән қанатында» атты шығармашылық кеші аталып өтті. Ол бірнеше мәдени шараларда белсенді ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, мәдени қызметі мен өнеріне байланысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың, облыс әкімінің, облыстық мәдениет басқармасының, аудан әкімі мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Алғыс Хаттарымен», «Грамоталарымен» бірнеше рет марапатталды. 2012 жылы ауданның мәдениеті мен өнерін дамытудағы еңбегі үшін «Жыл мәдениет қызметкері-2012» номинациясына ие болды. 2016 жылы «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына» арналған мерекелік медалімен марапатталды. 2016 жылы Қазалы ауданының мерейтойлық медалімен наградталды. 2017 жылы мемлекеттік тілді, білім мен мәдениетті дамытуға қосқан жеке үлесі үшін бірінші дәрежелі «Қазақ тілі» төсбелгісін алды. 2019 жылы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерекелік медалін алды. 2020 жылы «Елеулі еңбегі үшін», «Мәдениет» медалін тақты.
      «Мәдениет» саласындағы түрлі қызметтерді абыроймен үздіксіз атқарып келеді. Өзі қызмет жасайтын саладағы мәдениет пен өнердің қыр-сырын жетік меңгерген, жауапкершілігі мол, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Қоғамдық өмірге белсене араласады. Ұжым қызметкерлерімен қарым-қатынаста мәдениетті, қарапайым. Оның адамгершілігі, айналасына қамқор ниеті, дос-туысқа сыйластығы ерекше азамат. Қоғамдық пікір туындай қалған жағдайда жалтақтыққа жаны қас. Турашыл, өмірде өзіндік орнын таңдап, әділеттілікті ұстанымына айналдырған азаматтың ар-ұжданы биік. Сондықтан да болар, іскер маман, білікті басшы бола жүріп жиған абырой тек қана адалдығының жемісі деуге болады. Бүгінде отбасында жұбайы Жанзирамен бірге 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, өсіріп, олардан 7 немере сүйіп отырған ата-әже. 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости