Сатыбалдина Айжан

Рейтинг:
Өз ісінің маманы

      Заман өзгерген сайын адам да заман талабына сай өмір сүруі керек. Уақыт өткен сайын қоғамға қажетті мамандықтар саны да артуда. Адам өмірінде тағдырын айқындайтын екі нәрсе бар, оның біріншісі өмірлік жарын дұрыс табу болса, екіншісі мамандық таңдауда қателеспеу. Мамандық таңдау да өте жауапты. Себебі, сол таңдаған мамандығы арқылы өмір бойы жұмыс істеп, адал жолмен нәпақасын табады. Мамандық таңдауда адам бойында соған деген сүйіспеншілігі және өзіне деген сенімділігі болуы керек. Өмірде сан алуан мамандық бар, мәселен дәрігер, мұғалім, заңгер, әнші, есепші, сатушы, аспазшы, іс жүргізуші. Расында, адамдар өздерін таңдаған мамандыққа кездейсоқ келмейді. Біреулер бала күнгі арманымен келсе, ендігілері ата-анасының ізін жалғап, сол мамандыққа еріксіз барады. Асылында адам өзінің жүрегі қалаған мамандығына барғаны құба - құп. Адам қандай да бір мамандық иесі болмасын өз саласында көшбасшы қабілетке ие бола алғанда ғана биік жетістіктерге қол жеткізеді. Мамандық – тек ғана ақша табуды ғана көздемеу керек, сол салада жаңалық ашуға талпынып, биіктерге ұмтылу керек. 
      Сатыбалдина Айжан Қасымқызы 1985 жылы 14 қарашада Қарағанды облысы, Шет ауданында дүниеге келген. Әкесі Сатыбалдин Қасым Сатыбалдыұлы өз саласының білікті маманы болды. Анасы Аманжан Дүйсенбекқызы – қазпоштада бас телеграфшы болған. Айжан 2002 жылы Түркістан қаласындағы №17 мектеп гимназиясын үздікке бітірген. Ол мектеп қабырғасында жүргенде ұстаздарының мақтанышы болды. Қандай да бір іс-шаралардан қалмай, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысатын. Пәндік олимпиадаларда жеңіс тұғырынан көрінді. Сабақтан тыс уақытта да түрлі үйірмелерге қатысатын Айжан жан-жақты, ізденімпаз, өте зерек оқушы болды. Мектептен соң  Қарағанды мемлекеттік университетінің құжаттану факультетіне оқуға түсті. 2007 жылы университетті бітірген соң, Халыққа қызмет көрсету орталығында инспектор болып жұмыс атқарды. 2008 жылдан 2017 жылға дейін «Кәсіби әскерилендірген құтқару қызметінде» кадрлар бөлімінде іс жүргізушісі қызметін атқарды. Қызметі барысында мамандығымен тереңірек таныса келе көптеген қызықты да пайдалы нәрселерді үйренді. Құжатпен байланысты мәліметтердің бәрі ол үшін оқылмаған кітаптай болып көрінді. 
      Рас, қай мамандықтың болмасын келешегі болғандықтан өміршең болады. Іс жүргізуші маманы қай кезде де сұранысқа ие мамандық. Іс қағаздарын жүргізуші тек қағаздардың дұрыс жасалуын ғана талап етпейді. Сонымен қатар әр адаммен тез тіл табысып, сыпайы болуын да қажетсінеді. Айжан Қасымқызы табиғатынан ашық жарқын жан. Кіммен болмасын тез тіл табысып кететін жақсы қасиеті бар. Өзінің білімін сәт сайын жетілдіріп, қандай да кедергілерден шыға білді. Өзінің ісіне бар ынтасын салып, күш-жігерін жұмсап еңбек ете білді.
- Сәт сайын өз білімімді жетілдіріп отыруға тырысамын. Себебі, қазір барлығы жылдам дамып жатыр. Жаңалықтар да соншалықты сәт сайын өзгеріп жатады. Әр нәрсені дер уақытында егжей-тегжейлі оқып үйренуіміз керек. Біз білгенімізді болашақ өсіп келе жатқан балаларымыздың бойына еге білуіміз керек. Бір ғана мамандықты оқыдым деп адам тоқтап қалмауы керек. Қолыңнан келсе ине шаншуды үйреніп ал, қолыңнан келсе тігін машинасын алып тігін тік, әу демейтін қазақ жоқ, неге қолға қалам алып шығармашылықпен айналыспасқа?! Қазіргі уақытта жан-жақты, ізденімпаз, білімділердің тасы өрге домалайтын кезең. Егер ата-ана қозғалыста болмаса, өсіп келе жатқан балалар да жігерсіз болып ержетеді. Адам өз ісінің маманы болғанымен қатар, көпқырлы болуға талпынып, қолынан келген істі қоса алып жүруі заман талабы болып отырғанын түсінуі керек. Мен де ана ретінде өзімнің балаларымның болашағы үшін бір ғана іспен тоқтап қалмай, қолымнан келген істі қолға алып, 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін өз жеке кәсібіммен, яғни сүйікті ісіммен айналысып келемін, -дейді Айжан.
      Қоғамның беталысы әйел затының тәрбиесі мен әдебіне тікелей байланысты. Нәзік жанның бар бақыты бала және жанұясы. Отбасында аяулы жар, қоғамда айтары бар жан бар жақсыға лайықты. Әйел отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы» деген емес пе?! Әрбір әйел адамның арманы – сүйікті жар, аяулы ана, ардақты әже болу. Отбасының тірегі ер азамат болғанымен, ондағы тыныштықты сақтап, берекесін кіргізіп отыратын әйел адам. Түздегі ер адамның отбасында ризық-несібесін арттырып, оның қызметте абыройлы болуына жәрдем беретін осы әйел адамдар. Жақындарының бақытты екенін көру нағыз – әйел бақыты деп айтуға болады. Иә, Айжан расында бақытты жан. Жолдасы Молдақашев Дәурен Серікұлы Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ селосының тумасы. Бүгінгі күні ол – Кәсіби әскерилендірілген құтқару бөлімінде бөлім командирі болып қызмет етеді. Жанұяларында екеуі Альтаир, Әліби есімді екі ұл, Сабина, Ясмина есімді екі қыз тәрбиелеп, өсіріп отырған ата-ана. 
«Мен - әйелмін, әлемнің анасымын,
Үміт жеңген кей-кезде жан ашуын,
Күлкісі – күн, тәні – нұр, санасы – мұң, менмін.
Нәзікпін мен, сол үшін айыптымын,
Ғажап түске боядым ғайып түнін,

Не десең де бақытқа лайықтымын, сенгің». Айжанның бақытты жүзінен, күлімдеген көздерінен Қарақат Әбілдинаның осы өлең жолдарын оқығандай болдым. Лайым, бүкіл қазақ қаракөздеріне осындай бақ бұйырсын!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости