Мамбеталиев Бақыт

Рейтинг:
 Еңбектің адамы

    Тәуелсіздік біздің елімізге көптеген игіліктерді сыйлады. Осы жылдар бедерінде тұрғындардың өз алдына шаруа қожалығын ашып, дербес тірлік жасауына да мол мүмкіндік туды. Шаруасы шалқыған шаруа қожалықтарын көргенде расымен көңіл марқаяды. Өлшеусіз еңбекпен келетін тірліктің бейнеті мен қоса өзіндік рахаты да бар. Оны мойындау керек. Ал, бейнетті еңбектің бәрі ауылда. Алайда, ауылда барлығы табиғи. Адам өмірінде еңбекпен ғана көгеріп, көктейді десек, әркім өзінің табиғатына жақын еңбек түрін таңдап, соның арқасында нәпақасын тауып, отбасын асырайды. Өзінің күш-қуатына, ықылас-ниетіне қарай қолға алар ісінің қыр-сырын жетік меңгерген адам ғана табысқа жетіп, шаруасын шалқытып, өзіне де, өзгеге де табыс әкеле алады. Бүгінгі күні қандай шаруаны қолға аламын деген адамға жол ашық, мемлекеттен берілетін көмек те жақсы. Қолдан келетін іске талас жоқ. Десек те, әр істің өзіндік қиындықтары болатыны сөзсіз. Оған шексіз шыдамдылық, сабырлылық керек-ақ. Бақыт бала күнінен-ақ кәсіп қылмаққа ниетті жан болатын. Бала болса да қатар-құрбылары секілді күн шыққанша ұйықтап жатқанға жаны қас, ертемен оянып, қора-қопсықтың тіршіліктерін жасап, дала жұмыстарын тындырып тастап, рахаттана ас-суын ішіп, сабағын да жақсыға оқып, ата-анасына, бауырларына көмекші болып, мектептің мақтанышы, ұстаздарының озық ойлы шәкірті атанды. Кез-келген шаруаны меңгере кететін елгезек Бақыттың тіл байлығы да мықты. Әдеби кітаптармен қатар, есепке де жүйрік. Жаңалықтарды қалдырмайтын ол білімін толықтырып, түрлі бағдарламалар арқылы өзінің білмегенін үйренуден жалықпайтын азамат.
      Дархан даланың кеңдігін жұдырықтай жүрегіне сыйдырған еңбекқор халық әлі күнге мал өсіріп, егін егіп, өз шаруасын дөңгелетіп келеді. «Жоқ» деген кедейінің өзінде бір отар қойы болған сонау жылдардың бейнесін, қолдан жасалған сұрқия саясаттың кесірінен сағымға айналып, тоқырауда торықса да, еңбексүйгіштігі мен еңбекқорлығының арқасында дала төсін қайта гүлдетіп, азық-түлік, астық өнімдерімен елді қамтып, мал өсіріп ата кәсіпті жалғастырып отырған азаматтар бүгінгі таңда көптеп кездеседі. 
Тынымсыз еткен еңбектің бағасы қашан да жоғары болмақ. мысықтабандап, бір саусағын ішіне бүгіп келген нарықтық заманның тілін тауып, қараусыз қалған даланың бойына қан жүгіртіп, есік қайырылысында қалған сиярдың ноқтасын қайта қолына алған арда азаматтарымыздың бірі Мамбеталиев Бақыт Маханұлы 1978 жылы тамыздың 29 күні киелі Түркістан облысы, Арыс ауданы, Дермене совхозы, Саналы ауылында дүниеге келген. 1995 жылы Қаражантақ орта мектебін үздікке бітіріп, өзінің қалауы бойынша кәсіпкерлікке бет бұрды. 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, инженер-технолог мамандығын алып шықты.
       «Бірлік қылмай ел оңбас, тірлік қылмай ер оңбас»,- деп бабаларымыз бірлік пен тірлік қағидаларын өсиет етіп қалдырғандай, адам қай қоғамда өмір сүрсе де оның толыққанды өмір сүруі үшін бекем бірлік пен берекелі тірліктің айнымас қағидалары ауадай қажет екені бесенеден белгілі. «Еңбектің көзін тапқан байлықтың өзін табады» демекші, адал кәсібінен нәсібін айырып отырғандар бүгінде басқаға алақан жаймайтыны анық. Жалпы жаңа заманның көшінен қалмай, тұрмысқа жаңашылдықтарды батыл енгізіп отыру қашанда өз нәтижесін бермек. Бұл ретте Бақыт Маханұлы да қарап қалмады. Өзінің кәсібін ашуға ниетті азаматтың мақсаты мығым, өзі тас-түйін дайын болды. Ауылшаруашылығының жайын білетін ол жүгері егуді қолға алды. Оның игілігін көріп, елге де пайдасын тигізді. 
      - Бүгінгі күні ер азаматқа бір іспен қарап отыруға болмайды. Кәсіпкерлікті дамыту заман талабы екенін естіп, біліп отырмыз. Оған мемлекетіміздің өзі көңіл бөліп отыр. Қазақ атамыз айтады ғой, мал баққанның маңдайы жарық деп. Қай қазақ малсыз өмір сүрді?! Малдың жайын білетін қазақтың баласы үшін шаруашылық жайы да, ауылдың тіршілігі де жат емес. Табиғи өнімнің барлығы дерлік ауылда. Қарап отырсақ, осы ауыл өнімдеріне сұраныс та артып келеді. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді»,- деген тәмсіл бар ғой. Расымен де бүгінгі күні ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы едәуір қымбат. Әрине, ол адамның қол еңбегі болғандықтан бағасына да лайықты деп айта аламын. Жүгері өндіруден алдыма жан салмай келемін. Бір менің ғана емес, жанымдағы еңбеккерлерімнің маңдай тер, табан ақысы деп білемін. Онымен қоса жылқы бағамыз. Қазіргі таңда озат жылқышымын. Алланың берген осынау сыйына шексіз алғысымды айтамын. Бірінің қолынан келмес, бірінің ниеті болмас, алайда бейнетті еңбектің берері ортаймасын дегім келеді. Әрбір ісімізге береке бітіп, ісіміз оңынан болса, бізге одан артығының керегі жоқ,- дейді кәсіпкер азамат.
      Ол ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің «Алтын күз-2017» жәрмеңкесінде ауылшаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды. «Сізге даланың жайдары көңілін, берекелі тіршілігін берсін. Еңбегіңізге толағай табыс, отбасыныңызға ырыс-береке, амандық, саулық тілеймін»,- деген қала әкімі 
      М.Қадырбектің «Алғыс Хатын» алды. Қала әкімінен «Алтын күз – 2017» жәрмеңкесінде «Озат жылқышы» дипломын да иеленді. Жыл сайын осындай мәтіндегі «Алғыс Хаттарды» табыстайтын Арыс қаласы әкімі М.Қалдарбектің «Озат жүгері өндіруші», «Озат жылқышы» Бақытбекке деген ықылас-ниетінің жоғары екенін байқауға болады. 2019 жылы Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік саласы кәсіподағы Орталық Комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы агроөнеркәсіптік кешені еңбеккерлері кәсіподағының «Еңбек даңқы» медалін омырауына тақты.
Ауыл – ел экономикасының алтын бесігі. Тәуелсіздіктің туын алған жылдардан кейінгі уақыттар ауылшаруашылық өнімдері үшін қиын кезеңдерден басынан өткеруге тура келсе де, жаңа ғасырдың басында иілген еңсесін қайта тіктеді. Оған тіреу болған, өрісі мол мал шаруа-
шылығымен қатар, далалы егін шаруашылығын да дамытып, ауыл-аймақ тұрғандарын астық өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған Бақыт Маханұлы секілді ауыл көшін өрге сүйреген білекті де, жүректі азаматтар. Азғана жылдар ішінде қолына алған ісін жүргізіп, шаруасын дөңгелетіп, сапалы да құнарлы өнімдерді өндіріп, тұрғындары мен өзге де тұтынушыларды қамтамасыз етіп келе жатқан шағын шаруашылықтардың қатары молынан болуы – егеменді елдің, жарқын болашақтың, экономикалық өсудің кепілі!
      Жастайынан жалықпай жақсы істерді жұмыла да, жеке жасауда азаматтық позициясынан айнымаған еңбек адамының қанша жылғы төккен тері мен көрген тәжірибесі тәтті сый болып, берекелі өмірінде өз жүйесін тапты. Шынайы еңбектену зор шыдам мен төзімді талап етеді. Еңбек жолында тар жол, тайғақ кешседе бастапқы талпынысынан таңбай, жалын мен жігерін мұқалтпай, бар болмысымен көздеген бағдарына бет алған адам адал ісінің ізгілігін сезінеді. Еңселі еліміздің есіл ерлерінің еңбегі арта берсін!
Еңбекпен көсегесі көгеріп отырған кәсіп иесі Бақыт Маханұлына толағай табыстар тілейміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Куаныш- 10 апреля 2021 21:37
Жарайсыз Бақыт аға! Тынбай атқарған еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз!😍👍 сіһдей ағаммен мақтанамын!💪🏻

Куаныш- 10 апреля 2021 23:38
Бакыт агамыздын енбегiне дан ризамын.Талай жетiстiкке жететiне сенемин.

Канат- 13 апреля 2021 22:30
Алла тагалам касибинизге Береке денге саулык берсин отбасына амандык берсин Ансаган армадарына жетиндер

Последние новости