![]()
МҰНАЙ САЛАСЫНЫҢ БІЛІКТІ МАМАНЫ
...Баяны жоқ дүние басынан кімнің өтпеген... Бірде борандай ұйытқып, бірде самалынан жылы леп есетін, жайдары жазы жаныңды жылытса, қабағы қырау шалған қысы үскірік аязды келетін өмір арбасы уақыты келгенде біреуді ерте, біреуді кеш түсіріп кете береді. Ақиық ақын Мұқағалиша айтқанда, «көтеріп тұрып құлатқан өмір, жылатып тұрып жұбатып алды». Асқар тауынан жастай айрылса да, сүрінген жерінен қайта тұрып, жаулығын жас шылаған анасына қолғабыс болып, әке қолының табы қалған шаңырақты биік ұстап, керегесін кеңейткен жан туралы айтпақшымыз. Елбасының қолынан «Құрмет» орденін алып, «Парыз» сыйлығының Гран-Приін иеленген, «ҚазГерМұнайБК» ЖШС-нің 20 жылдық және «IspirationalCompany» ОАЭ-ның «Бизнес көшбасшысы» медальдарын кеудесінде жарқыратқан экономикалық басқарудың магистрі, мұнай инженерлігінің шебері, «КазГерМұнай» ЖШС бас директоры, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Кәрім Медет Сапиұлын әңгімеге тартқан едік. – Бастауын тұма мен тау мұздықтарынан алатын өзен секілді, бала да өмірлік нәрін әкеден алады. Қабағынан қайраттылық, қаттылығынан қайсарлықтың лебі ессе де, жүрегі мен жанарында мейірімділіктің тұнығы мөлдіреп жатқан әкенің болмыс бітімі балаға қашанда үлгі. Әңгімемізді қылқаламымызды бояуға қанша малсақ та бітімін суреттеп, болмысын толық аша алмайтын асқар тау әкеңізден бастасақ?![]()
– Әкем жүректе сағыныш болып қалды... Сапи Кәрімұлы Кәрімов 1946 жылы 13 қазанда түгін тартсаң, майы көрінген Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында дүниеге келді. Орта мектепті ойдағыдай бітірген асқар тауым алғашқы еңбек жолын 1963 жылдың шілдесінен Қызылқоға аудандық дайындау конторында есепші болып бастады. Сонымен қатар, еңбектен қол үзбей жүріп, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының «Экономика» факультетінде оқып, «Ауыл шаруашылығының экономисі» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Тағдыр тұлпарының тұяғы қара алтынды бауырлап жатқан киелі топыраққа жиі тиіп, жауапкершілігі мол жұмыстар атқарды. 1966 жылдың желтоқсанынан Қызылқоға аудандық мәдениет бөлімінде бас есепші, 1974 жылы аудандық тұтынушылар қоғамы басқарма төрағасының орынбасары, сонымен бірге Қызылқоға селолық тұтынушылар одағының басқарма төрағасы қызметтерін атқарды. 1985 жылдың қаңтар айынан бастап өмірінің соңғы сәтіне дейін Махамбет аудандық тұтынушылар қоғамының басқарма төрағасы болып жемісті еңбек етті.
Әкем қарапайым еңбегімен ел құрметіне бөленген, абыройлы кісі болатын. Арғымақтың мойнын қамыт қажытқан сол
![]()
бір кездерде, беліне байлаған жауапкершілік шоқпарын ауырсынбай, еліне адал қызмет ете білді. Кеңестік кезең тұсында ең ауыр да аса жауапты сала болып табылатын сауда саласында, халыққа қажетті тауарларды тауып беріп, тұрғындардың көңілінен шығып, сауда саласының мықты маманы, шебер ұйымдастырушысы болды. Өз ұжымының, сондай-ақ еңбекшілердің мұң-мұқтажына қай кезде де құлақ салып, ауыр тұрмыс тірсегін тірсегіне соққылатқан жоқшылықтың жаңбыры жиі тамшылаған жандарға қол ұшын беріп, ел мұңын мінберге жеткізіп, бірнеше мәрте Миялы, Махамбет селолық, аудандық кеңестерінің депутаты болып сайланды.
1974 жылдан СОКП мүшесі, аудандық тұтынушылар қоғамының басқарма төрағасы, Махамбет аудандық Кеңесінің депутаты қызметінде жүріп, 1987 жылдың 19 желтоқсанында, 41 жасқа толған шағында кенеттен қайтыс болды. Күн мен айдың жетегіне жармасқан уақыт тұрсын ба, әкемнің бұл дүниеден өткеніне де 30 жыл болды. Көзін көрген жора-жолдастарының да қатары кеміді. Бірі қол бұлғап келместің кемесіне мініп кетсе, бірі күтіп жағада тұр. Алтын білікті топыраққа қанша көмсең де, алтын білік болып қалады екен, тек уақыт көмескі тартқызғаны болмаса. Менің әкем тура қарағанның жүзін жарық ететін білтелі шам секілді, өзіне жақындағанға қамқорлығын аямайтын. Әкеме арнап, «Сапи – өнегенің өлшемі» атты ағайын-туыс, қатарластарының естелік кітабын шығардым. Оған жазылған естеліктерді оқып
![]()
отырып, көзім жетті. Тау алыстаған сайын, биіктей түсетіні секілді, оның асыл бейнесі оны таныған жандардың әлі де жүрегінде екен....
Бұл кітап кешігіп шықты, оның да өзіндік себептері бар. Мәселе қаражатқа тірелген жоқ. Мәселе менің рухани жетілуімде, азаматтық көзқарасымның қалыптасуында болды... Әке туралы айтар ой-түйінім, әкем жүріп өткен өмір жолы, әке келген жас, әке жеткен асулар мен белестер, әке жете алмаған армандар бәрін-бәрін басымнан өткізіп, сезінгім келді. Мен де қазір әкемін, отбасының тірегімін, жауапты жұмыстамын, мұның барлығында дұрыс шешім қабылдау – менің міндетім. Жан дүниемде осындай рухани арпалыстар болды. Әкем о дүниелік болғанына да көп уақыт өтті, жора-жолдасы да азайды, ұмытылып та барады ғой деген ойымның да еш негізі жоқ екен... Оған жазылған естеліктерді оқып отырып көзім жетті. Қаншама жыл өтті... Сағынышқа толы естеліктерді оқып отырғанда, жүзімді жас жуып, жан дүнием астаң-кестең болды. Әкеге деген қаншама жылдар бойғы сағыныш теңіздей болды... Кейде асау толқыны жанымның жағалауына соғып маза бермейді, жаралайды... кейде тып-тыныш боп тына қалады...
Тоқтаусыз жылжыған уақыттың тегеурініне шыдай алмай, меңіреу таулар мүжіліп, шалқыған теңіз шағаласынан айырылса да, «ғалымның хаты мен жақсының аты өлмейді» деген сөз рас екен. Қырықтың қырқасында ел құрметіне бөленіп, өзі жаққан оттың жылуы өзіне жетпесе де, тағдырдың тезі тоңдырған өзінен кейінгілерді жалыны шарпыды. 2016 жылдың соңында жергілікті қоғамдастық мүшелері қолдап, облыстық ономастика комитетінің шешімімен Миялы ауылындағы атауы әлі қойылмаған бір көшеге халқының қалаулысы болған аяулы әкемнің есімін берді. Көше бойында аудандық орталық емхана, «Нұр-Шуақ» бөбекжай-балалар бақшасы, орталық монша ғимараты, телемұнара сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандар орналасқан. Ашылу салтанатында аудан әкімі Мақсот Мұқанов
![]()
пен танымал жазушы әрі журналист, әкемнің ағасы Марат Мәжитов ескерткіш тақтаны ашып, денсаулық сақтау саласының ардагері, ауданның құрметті азаматы Жауқаш Тұрдағалиев және басқа туыстар мен әкемнің көзін көрген тұлғалар сөз сөйлеп, мәңгілік бейненің тағылымды істерінен сыр шертті. Бұл Сапидей әкемнің ел алдындағы биік мәртебесі деп білемін.
–
Жүрегінің астында екінші жүректің дүрсілі соққан сәтінен бастап таңдайынан тілеуі түспеген, мейірім жетімсіреп бұрышта қалған заманда, Аналық махаббатымен барша әлемді жылыта білген аналар туралы айтпай, қаламымыз қағаз үстіне жұқпасы анық. Ар-намысын ақ жаулығының астына жасырған, өмір атты күрежолдың бел ортасында сыңарынан айырылса да, ұядағы сарыауыз балапандарына тұмсығымен жем тасыған қарлығаштай болып, Сіздерді қанаттандырған алтын құрсақты анаңыз туралы айтып өтсеңіз? – Анам Жаңыл Қатепқызы 1946 жылдың 7 қазанында Атырау облысы, Индер ауданы, Кулагино селосында дүниеге келген. Нағашы атам – аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, тағы басқа сол сияқты құқық қорғау орындарында басшылық қызметте болған кісі. Әжем он құрсақ көтеріп, анам екіншісі болған. Украинадан келген мұғалім Людмила Николаевадан алғаш тәлім алып, жоғары сыныпты Кулагинде тәмамдайды. Анам – жастайынан қолына қалам алып, сан түрлі тақырып қаузаған жан. Ол «Дружные ребята» газетіне алдымен балалық қиялдан туған туындыларын ұсынса, өсе келе «Герой нашего времени» тақырыбында өңірге еңбегі сіңген алып тұлғалар туралы, еңбек ерлері, малшылар, батыр атағын алған жандар туралы тебіреністі шығармаларын газет бетіне жариялаған. Қиындылары әлі күнге сарғайған альбомдардың ішінде кешегі күннің көмескі белгісіндей жақсы естеліктерді қаперге салып тұр.
![]()
Бала кезгі арманы – дәрігерлік болып, Ақтөбе медициналық институтын бітіріп шыққан соң, Миялыда акушер-гинеколог болып түрлі қызметтің баспалдағынан өткен анам – бұл күнде медицина саласының ардагері.
Анам өмірдің барлық қиыншылықтарын мойнымен көтеріп, ал бізді жалғыз өзі өсірді. Күн-түн демей еңбек етті. Әке шаңырағының түтінін түзетіп, тағдырдың өткір желі жүзін қақтаса да, бізді қатарымыздан кем еткен жоқ. Тамағымыз тоқ, киіміміз бүтін болды. Білімнің де жоғарғысын алдық. Тек бізді ғана ойлап, жеке басының бақытына көңіл бөлмеді. Күндіз бізге білдірмесе де, түнде көз жасына ерік беретін сәттеріне талай куә болғанмын. Бала болып жұбата да алмадым-ау..! Әйел затының темірдей мықтылығына, шыдамдылығына, ұрпағына деген ғаламат махаббатына таңқаламын және басымды иемін. Бүгінгі күні ол Атырау қаласында, кенже баласы Саттар інімнің қасында Даниярдай немересін құшып, Астана мен Атырау арасын сапарлатып жүрген жайы бар. Саттар інім де мұнай саласында қызмет етіп келеді, «Уралойлгаз» біріккен кәсіпорынының алдыңғы қатарлы мұнайшы маманы. Әкеміздің ақ туын жықпаған азамат. Ең алдымен, біз анамызға қарыздармыз! Ендігі күнде оны аялап, қамқорлық көрсету – біздің перзенттік борышымыз. Әлі де қасымызда панамыз болып отыра берсе деп сұраймын Тәңірімнен...
– «Іңгәлап» дүние есігін ашқаннан кейін, әркімнің өз маңдайына жазылған өзіндік өмір жолы болады. Бесіктен аунап түсіп, еңсе тіктегелі бері өз әлімізше қарманып келеміз. Көздің ағы мен қарасындай ащысы мен тұщысы, қиыншылығы мен қызығы қатар жүретін тіршіліктегі соқпағы көп сүрлеуге толы еңбек жолыңыз қалай басталды? Қай өңірде дүниеге келіп, қайда білім алдыңыз? – Менің туып өскен жерім – еліміздің мұнайлы өңірі Атырау облысындағы жабулы Қара қазан атанған, Жібек жолының өткелі болған Қызылқоға ауданы, Миялы селосы. Тауында арқары тебініп, қырында киігі желмен жарысқан, көгінде қыраны қалықтаған қазақ даласының қай өңірі де құтты мекен. Қараңғылық шапанын жамылған түнде сан жұлдыздың арасынан бір жұлдыздың жап-жарық болып тұратыны секілді, әр адамға туған жері ерекше ыстық. Шыбығын ат қып мініп, құмында табанымның табы қалған Миялы ауылы –балалығымның куәсі. Талай жақсы мен жайсаңдар өткен киелі мекенде туып өскенімді мақтан етемін.
![]()
12 жасыма дейін әкем жұмыс барысымен Махамбет ауданына ауысқанша, ата-әжемнің қолында өстім. Мен атамның баласы болдым. Қазақы дәстүр қай уақытта төрден түскен, үйдің тұңғышы болған соң, үлкендер бауырына басқан. «Қарты бар үй – қазыналы үй» деп бекер айтылмаған. Кеудесі шежіреге толы атамның өнегелі тәрбиесін көрдім. Атам – Кәрім Мәжитұлы, ауылдағы беделді, сыйлы қарттардың бірі болды. Ақыл-кеңес сұрап, әңгімелерін тыңдаушылар көптеп келіп жататын. Үлкен кісілер көргенін, естігенін қызықты етіп айтады. Тілдері бай, сөздік қоры мол ерекше адамдар болатын. Жақсылардың қасында жүріп, есті сөздерін тыңдап, санама тоқып, құймақұлақ болып өстім.
Атам да, әкем де тегін адамдар болмаған. Бізде тегімізге тартып өстік. Шаңырағымызға зиялы қауым өкілдері жиі келсе, біз де оларға мейман болып барамыз. Кішкентай кезімнен ортаға, қоғамға, адамдарға жақын болып, көпшіл болып ер жеттім. Адам болып қалыптасу үшін, отбасындағы тәлімді де тұғырлы тәрбиенің орны бөлек. Адам мамандықты игеріп алар, ал адамдық қасиет атаның қанымен, ананың сүтімен бойға сіңген қасиет арқылы дамиды.
1980 жылы мектепалды даярлық сыныбына қадам басып, Миялыда мектеп табалдырығын аттадым. Ата-әжемнің баласы болған соң, еркелігім болды. Әжемді мамалап өстім, екеуміз 2-3 рет сабаққа қатысып, партада қатар отырдық та, «даярлық сыныбы менің қолым емес екен» деп қоя салдық. Алғашқы 1 мен 2 сыныпты Бәйсеу төбедегі ескі мектепте оқыдым. Миялының шұрайлы жайылымы малға жайлы болатын. Түгін тартсаң майы көрінетін, тереңірек қазсаң, мұнайы шығатын, түртіп қалсаң, су атқылаған, табиғаты да өзгеше бір керемет жер еді. Кейін орталықта жаңадан салынған Н.Крупская атындағы мектепте 3-тен 5-сынып аралығын бітірдім. Махамбет ауылында оқуымды жалғастырым. Тайды жайдақ мініп, жалына жармасқан оқушылық өмірімді өткізіп, 1990 жылы 11 жылдық мектепті аяқтадым. Сол жылдары оқу орнынан адамдар келіп, түрлі емтихан мен сынақтар алып өздеріне талапкер жинайтын. Білім теңізіне қайығымды түсірген мен емтихандардан сүрінбей өтіп, жоғарғы баға алып, Алматы қаласындағы технологиялық университет пен Украинадағы әскери училищеге жолдама алдым. Талаптының қашанда жолы нұрлы болған, алдымдағы қос таңдаудың ішінде мұнай саласына бет бұрып, Алматыда түсіп тұрған технологиялық институтқа құжат тапсырмай, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ политехникалық институтының студенті болып шыға келдім. «Жігіттің жақсы болуы нағашыдан» демекші, мамандығымды таңдауда Атырауда тұратын нағашыларымның септігі тиді. Нағашы ағам Мәтжанов Қуаныш елге белгілі геолог болатын. Әкемнің бажасы Шалабаев Ақылбек ол да елге танымал, геофизик жездем бар. Екеуі де қара топырақтың қатпарында құмығып жатқан қара алтынның қайнарын атқылатып, мұнай көздерін ашқан өз ісінің мықты мамандары еді. Оның үстіне шынтағын партамен жанасқан мектеп қабырғасында жүрген кезімде химия, физика, математика секілді техникалық пәндерді сүйіп оқитынмын. Емтихан тапсырған кезімде солардың көп көмегі тиді.
– Тағдырдың желі үйіріп соқса да, бел арқаны керегесі мызғымай, өмір сынақтарынан сүрінсең де, қолтығыңнан демейтін, ол – отбасың! Жұмыстан шаршағанда, жаныңа дем беріп, жүзіңе шырай кіргізетін отбасының орны бөлек. Отбасыңыз, балаларыңыз туралы айтып өтсеңіз? – Жұбайым Қуанышбаева Рашида Қилыбайқызы 1974 жылы дүниеге келген. 1991 жылы орта мектепті тәмамдаған соң, 1996 жылы Атыраудағы Х.Досмұхамедов атындағы университеттен математика-информатика мамандығын игеріп шықты. Алғашқы еңбек жолын «ЕмбіМұнайГаз» акционерлік қоғамына қарасты «ҚайнарМұнайГаз» мұнай-газ өндіру басқармасында кадр бөлімінде инженер болып бастап, аталмыш кәсіпорында қызмет етті. Одан әрі «Эмбастройсервис» ЖШС-інде еңбек етіп, тұңғышымыз Камилла дүниеге келгеннен соң, жұмысын қойып, бала тәрбиесіне ауысты. Екінші болып дүние есігін ашқан ұлымыз Мансур да – біздің көзқуанышымыз. Елімізде еңбек етемін деген адамға бар мүмкіндік қарастырылғандай, Рашида да бала тәрбиесімен қатар, жеке кәсібін қатар алып келеді. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің», – деуші еді әжеміз. Сол айтқандай, осы қос қарашығымыздың жүздерінен күлкі кетпесе екен деп тілей отырып, жарқын болашақтары үшін аянбай еңбек етіп келеміз.
Бүгінгі таңда, біліміңді күнде жетілдіріп отырмасаң, көш соңында қалдым дей бер. Есіктен енген нарық енжарлығыңды сезсе, еңсеңді көтертпейді. Мен де қыркүйек айының соңынан бастап Италияның Милан қаласында италиялық ENI ұлттық мұнай компаниясында біліктілігімді шыңдап, білімімді көтеріп жатырмын. Жаңа заман талабына сай, саланы жетік меңгерген қызметкерлерін біліктілігін арттыру мақсатында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы шет елде оқу-тренингтерге жіберіп келеді.
![]()
Қос шамшырағымыз Астана қаласындағы Халықаралық мектепте оқып, білім алып келеді. Қазір менің қызметтік сапарыма байланысты қызымыз Камилла Италиядағы Милан қаласының (ASM – AmericanSchoolofMilan) американдық мектебінде 9-сыныпта оқыса, ұлымыз Мансур – аталған мектептің 4-сынып оқушысы.
– Адам еңбектену үшін өмір сүрмейді, өмір сүру үшін еңбектенеді. Қамшының қысқа сабымен өлшенген ғұмырда адамның шырайын қашанда еңбек шығарған. Соқасының жүзі жылтыраған жанның өзегі талмай, жүзінде бақыттың мейірімі ойнап, абырой тұлпары қашанда белбеуде байлаулы болған. Өнегенің өлшемі болған Сапи атаның тұяғы еңбек күрегін қай жерде қолына алды немесе еңбек жолыңыз қалай басталды? – Құлай аққан тау өзеніндей ағысы қатты өмір иірімдерінде кімді айналдырып әкетпеді?! Әкемді қайтпас сапарға аттандырғанда мен 14 жаста, інім 9 жаста еді. Өзгелер балалықтың шылбырынан аяғын алшақ ала алмай жүргенде, мен жұмысқа араласып, ерте есейдім. Тірі адам тіршілігін жасайды. Анамның тұрақты жұмысы болса да, тапқаны – жыртығымызды жамауға жетпейтін. Ана деген керемет жан ғой, шіркін! Сол бір қиын, жұқалтаң кездері де сыр білдірген жоқ. Ұшын қайғы зәріне малған тағдырдың улы жебесі жүрегіне қадалса да, иілген жоқ, иығына еңбектің иінағашын салып алып, қиындыққа қасқая қарсы тұрды. Анама қолғабыс ету үшін, мен де білек сыбана еңбекке кірісіп кеттім. Әкемнің көзі тірісінде жолдас болған Кенжеғалиев Мұса ағамыз мені жұмысқа алды. Осылай алғашқы еңбек жолым «Балық қорғау» мекемесінде матрос болудан басталды. 1995 жылы Атырауда «ЕмбіМұнайГаз» АҚ-ның құрамында «Қайнармұнайгаз» өндірістік басқармасы ашылды. Сол акционерлік қоғамның президенті Батырбаев Махамбет Демешұлы ағамыз болатын. Оқуды бітірген соң, 1995 жылы сол ағамыз ІІ дәрежелі операторлыққа жолдамасын беріп жұмысқа қабылдады. Өмір көрген азамат үлкен жетістіктерге жету үшін, қай нәрсені де төменнен бастау керектігін айтатын. Үлкен өмір табалдырығын енді ғана аттаған менің адам болып қалыптасуыма ол кісінің тигізген көмегі аз болған жоқ. Алғашқы жылы оператор болып жұмыс жасап, келер жылы мастер болдым. Одан әрі қызметім көтеріліп, цех басшысы болдым. Өзіңе берілген тапсырманы жауапкершілікпен тиянақты атқара білсең, еткен еңбегің жерде қалмайды. Береке мен ырыс еңбек еткен адамның тері болып тамып, жеңі болып түріліп, бедел-абыройыңды көтереді. Аға инженер, бөлім бастығы болып жауапты қызметтер атқара бастадым. Сол бөлімді басқарып жүргенімде жоғарғы басшының ұйғарымымен «ЕмбіМұнайГаз» аппаратындағы жаңа кен орындарын дамыту және жайғастыру департаментіне келдім. Бұл да – мұнай нарығындағы іргелі компаниялардың бірі. Ол жерде де аға инженер
![]()
болдым, артынан директорлар кеңесіне хатшы етіп алды. Кейіннен «ҚайнарМұнайГаз» мекемесіне бас инженер қылып қайта жіберді. Міне, даңғыл жолдың басы осылай басталып, кете барған-ды...
– Іргелі елдің іргетасын берік етуде мұнай саласы да шет қалып жатқан жоқ. Қазақ жерінің ұңғымасынан атқылаған «Бренд» маркалы мұнай сапасы жағынан әлемдегі басқа да мұнай маркаларын тізе бүктірді. Бұл да болса, мұнай саудасындағы жарық жұлдыз, қазақтың маңдайына біткен бақ. Әлемнің мұнай алпауыттарын бір арнаға тоғыстырған ОПЕК-те қазақ мұнайын мойындаған. Өзіңіз қызмет етіп келе жатқан мұнай саласындағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз? – Қызылордада мұнай компанияларында ардагерлер қоры болмаған, алғаш болып «ҚазГерМұнай» мекемесінде «Ардагерлер кеңесін» құрып, өз алдына қор аштық. Атыраудан алған іс-тәжірбиемді Сыр өңірі халқының дамуы үшін қолдандым десем болады. Зейнеткерлікке шыққан ардагерлерді ескеріп, ардақтау керек деп есептеймін. Жантағы домалап, құмы сусыған Қызылорданың құла түзінде мая шөптен ине іздегендей жер қойнауын зерттеп, тереңде жатқан ел ырысын жоғары көтеріп, халық игілігіне жаратқан сол бір сом тұлғалы ардагерлерді ұлықтамасақ, адамшылығымызға сын емес пе?! Кезінде қолына май тамған, бүгінде қарттықтың шапанын жамылған зейнеткерлерімізді жинап, кеңесіп, ақылдасып осы қорды құрдық. Маңдайынан еңбек тамшысы мен мұнай тамшысы қатар тамған ардагерлерді ардақтап, өнегелі ісін кейінгі ұрпаққа жеткізуде қор өз жұмысын жасап келеді.
Мекемеде болып жатқан іс-шараларға қатыстырып отыру, мерекелерде құттықтау, демалыс уақыттарында үлкен қалаларға қыдырту, ем-домына жәрдем беру, қуанышына, той-томалағына ортақ болу, осының бәрі ардагерлер қорының міндеті. Қорда отыздың үстінде ардагеріміз бар. Алғашқы жылы есігін енді ашқан қорға 26 миллиондай қаржы бөлінді. Зейнетке шығатын адам қорықпай еңбек демалысына шыға береді. Міне, бұл да, көп уақыт бойы, бір қайнауы ішінде шала болып, өз кезегін күтіп жатқан түйінді мәселе еді.
– Еңбек ішігін құрсана киіп, белдігін бекем буынған әрбір адам, ойлы-қырлы түрлі жолдарға кезігеді. Бір істі бастағанда, лап еткен ұшқын біреулердің кеудесіне ұмтылыстың отын жақса, кейбіреулердің кеудесінде шоқ болып, маздай алмай сөнеді. Төбеден көрінген жетістіктің жұлдызына, жоғарыға жетелеген не нәрсе?![]()
– Ең бастысы – мамандыққа деген сүйіспеншілік, өз ісіме деген махаббат деп білемін. Өз мамандығын сүйіп жұмыс жасаған адам ғана жақсы жетістікке жетеді. Бар ынта-ықыласымен беріліп істесе, биік төбенің өзі аласарып, жеңіс тұлпарының үзеңгісіне аяғы жетеді. «Тау баласы тауға қарап өседі» дегендей, оның үстіне табан астындағы топырақтың өзі мұнай дымқылын тартқан Атыраудың азаматы бола тұра мұнай саласымен айналыспау қиын ғой. (
күлді). Екпіндей соққан толқынына шомылып, суына шомылып өскен теңіз баласы үшін таулы өлкеде өмір сүру қалай қиын болса, маған да өмірімді мұнайсыз елестету мүмкін емес. Бірдің емес, мыңның, миллионның нәпақасы болып отырған осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін.
– Елім деген ерді, халық тасада қалдырған емес. Тайғанақ тағдырда тайып жығылсаңыз да, қайта тұрып еңсе тіктеген арда азаматсыз. Саналы ғұмырыңызды мұнай саласына арнаған ел ағасысыз! Ел ықыласына бөленген жан ретінде қандай марапаттарға ие болдыңыз? – Маман ретінде өз саламыздың марапатын иемденіп, еңбегіміз бағаланып жатса, әрине, қуанамыз. Мұның өзі алға деген ұмтылысты тудырады. Министрлік тарапынан алған «Ерен еңбегі үшін» медалім ерекше ыстық. Жасап жатқан ісіңнің дұрыс жолда екенін біліп, ел ықыласын танытып жатса, оның өзі ерекше құрмет. Сондай бір, ең үлкен марапатымның бірі – Елбасының қолынан алған «Парыз» сыйлығының Гран-Приі. Бұл марапат «Қазгермұнай» компаниясына берілсе де, осы бір үлкен сыйлықтың ішінде еңбегімнің жатқанын сезінгенде арқаланып, жігерленіп кетемін. Сонымен қатар, мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» орденін иеленгенім – ерекше марапатым деп айта аламын. Еңбегімді ескеріп, жоғары жаққа жақсы көрсеткіштерімді жеткізіп отырған «ҚазМұнайГаз» компаниясындағы басшылыққа рахметімді айтамын. Ерекше бір ықылас тілегімді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлына білдіремін. Аға ретінде үлкен көмегін, қайырымдылығын көрдім. Өмір жолымда әкемнің тәрбиесін ту етіп келсем де, тағдыр белестерінде қамқорлығын аямаған, әке жүрегінің жылуын шынайы бөлісіп,қолдау көрсетіп келе жатқан аяулы жанға көңілімнің ризашылығын білдірмей өтуге азаматтық арым бармайды.Ол менің қайын атам немесе папам Қуанышбайұлы Қилыбай – Атырау облысының Құрметті азаматы, облыстық «Атырау» газетінің Бас редакторы, тағы да басқа көптеген жауапты қызметтерді атқарған, бүгінде бұқаралық ақпарат жүйесіне еңбегі сіңген ардақты зейнеткер.
– «Әр істің шала білгірі болғанша, бір істің дана білгірі бол» деген атамыз, өзінің қабілеті мен алғырлығына қарай әркім өзі қалаған мамандығын таңдайды. Мұнай саласын меңгерген жанның бойында қандай қасиеттер болу керек деп санайсыз? – Әр адамның бойында бір іске деген бейімділік бар. Бірі жүре келе, көре келе, тәжірибе жинақтай келе білікті маман болса, кейбіреулерде туа бітті қасиеттер болады. Адам алдына мақсат қойып, соған жету жолында еңбектене білу керек. «Боламын деген баланың бетінен қақпа, белін бу» деген, жұмысын жауапкершілікпен атқарса, жетістіктің сүрлеу жолы өзі-ақ көрінеді. Қарапайым оператор болып жүрген кезеңдерде «Басшы болсам, мынаны былай етер едім. Мына жерін былай жасар едім» деген ойлар келетін. Сөйтіп, қызмет баспалдақтарынан өрге жүзіп, тәжірибе жинақтадым.
Басшыға керек қасиет – тыңдай білу, өзгенің ойымен, пікірімен санаса білу дер едім. Кез келген жұмыскердің жағдайын түсініп, керекті нәрселерін жасай білу керек. Басшылық қызметте жүріп, солардың орнына өзімді қойып көруге тырысатынмын. Түйінді мәселелерді ылғи солай етіп отырамын.
Жаным күйзеліске ұшырағанда, рухани а
![]()
зығым Абайды оқимын. Абай – менің үстел кітабым. Өйткені, Абай – бізбен де, келер ұрпақпен де замандас. Абайды зерделеп оқысаңыз, көкейде жүрген көп сұрағыңыздың жауабын табасыз. Абай: «Өмір, дүние ағып жатқан су екен. Жақсы, жаман көргенің, ойлай берсең у екен», – дейді. «Жалған өмір» деген ұғым да – осы, өмірдің қысқалығы, өткіншілігі, су сияқты ағып кететіндігі айтылса керек. Бәрімізде дүние есігін Тәңірімнің қалауымен аштық, соның қалауымен сағаты келгенде, жабамыз. Арасы тек үміт пе деп ойлаймын. Өмір бойы сені жетектейтін де осы үміт сияқты. Жақсылыққа үміттену, жақсылық күту...
– Түтіні түзу ұшқан тәуелсіз қазақ елінің қамын ойлар азаматсыз. Ел экономикасының дамуына үлес қосып, «мұнай» деп аталатын асқаралы Алатаудың бір шыңына өз есіміңізді өшпестей етіп тасқа қашап қалдырған жан ретінде ел болашағы туралы айтар ойыңыз қандай? – Ел дамуына жасалып жатқан жұмыстарға баға беруде өте жақсы деп айта аламын. Аллаға тәубе, әлем мойындаған мемлекет болып келеміз. «Дамыған елу елдің қатарына кіреміз» деп мақсат қойдық, діттегенімізге қол жеткіздік. Ендігі мақсат – дамыған 30 елдің сапына ену. Өзгеге мақтана айта алатын, азуын айға білеген елдермен керегесі кең, терезесі тең бір үстелдің басында отыра алатын дәрежеге жеттік. 2030 жылы – Қазақстан Орта Азия барысына айналады. Елбасымызға үлкен алғыс айтамыз. Елбасының сарабдал саясатының арқасында үлкен жетістіктерге жеттік, әлі де жетіп келеміз. Көздегеніміз биік, мақсатымыз айқын.
Мұнай-газ ісі де жедел дамып, өркендеп, өркенін кеңінен жайып келеді. Әлем нарығына жаңадан мұнай өндіруші елдер қосылса да, қазақ мұнайының саласы қарыштап дамып келеді. Осы ретте білікті кадр мәселесі маңызды рөл атқарады. Маман ретінде кез келген адамға білімін жетілдіріп отыру керек деп білемін.
– Қай кезде жаяудың шаңы көтеріліп, жалғыздың үні шыққан?! Жалғыз ағаш орман болмайтын бүгінде жетістіктерге жету жолында кездескен қиындық көпірлерінен өту жалғыз адамға өте қиын. Бақыт сәулесіне жүзіңді сүйдіру үшін де, бел жазбай еңбек ету керек. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген, әкенің аса таяғы бел ортасынан сынған сол кездерде жаныңыздан табылған жандар туралы айтарыңыз? – Аллаға шүкір, анам қасымда, бауырым, жан-жарым, балаларым, ағайын-туыс, дос жаран – бәрі бар. «Ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпес» деген бабаларымыз, бұл фәнидің жалған екенін айтып кеткен. Мен бақытты жанмын. Алла бір есікті жапса, екінші есікті ашады. Алған мамандығымның жемісін көріп, тағдыр сыйын көріп, бірталай жетістіктерге жетіп келемін. Мерейімді өсірген жетістіктерімнің артында қамқор ағалар, жора-жолдастар тұр. Үлкен басшымыз Мақашев Нұрпейістің талай мәрте азаматтығын көрдім. Сәлімгереев Мәлік, Әубәкіров Асқар, басқа да көптеген ағаларым еңбегімді бағалап, Астанаға жетуіме өз көмектерін аямады. Мен ешкімді ұмытқан емеспін. Артымнан ерген бауырларыма қолымнан келгенше, көмегімді көрсетіп, қамқорлығымды аямаймын. Алдымызда ақылшымыз, әкемнің ағасы Мәжитов Марат папам бар, менің жоғарғы білім алып, еңбекке араласуыма, әкелік қамқорлығын жасаған жан. Елде ғасырлық жасы бар мамам Зәкарияқызы Балзиба анамыз отыр, ақ батасын беріп, амандығымды тілеп. Әкемнің інісі Кәрімов Едіге ағам бар, елгезек, ақжарқын, бауырмал, әрдайым көмегі дайын. Әкеммен бірге туған тілекші апаларым бар, қайда жүрсем де тілеуімді тілеп отырады. Кіші жүз, Жаңбыршы Беріш деген рулас, текті тайпам бар. Мен десе көмегіне дайын тұратын рулас ағайын қаншама?! Анам жағынан нағашыларым да, «Бекет» деп ұран салып тұрған қайын жұртым да бір төбе... Шүкірмін. Тек бір нәрсе жетпей тұрады. Әттең, әкем жетпейді жаныма... Шерағаның «Бір кем дүниесі» осы екен ғой...
–
«Өмір деген – күрес» деп өмір көрген бір ағамыз айтқан екен. Кездескен қиындықты еңбекпен, сабырмен жеңіп отырмасаң, аяғыңнан шалып түсіп, жүрісіңнен жаңылдыратын қуанышы мен қайғысы қатар жүретін тіршілікте мақсатыңа жету үшін күресе білу керек. Оқырман көңіліне түйінді ой салатын, өзгелерге үлгі боларлықтай еңбек жолыңыз туралы әсерлі әңгімеңіз бен сырлы сұхбатыңызға көп рахмет!