Әділбек Жәмила

Рейтинг:
Жәмиланың жарқын келбеті

      Қазіргі таңда үздіксіз білім беру – еліміздің ертеңі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне өту – білім беру саласына, соның ішінде, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға уақыт талабына сай өзгерістерді енгізуді талап етіп отыр.
      Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек, ешқашан қателеспейміз. Барлық білімнің бастауы – балабақшада. Осындай білім беру мекемесінің іргетасын қалап, сапалы тәрбие беруді мақсат еткен жандардың бірі – Әділбек Жәмила Базарбекқызы.
Жәмила Базарбекқызы 1964 жылдың маусым айының 1-ші жұлдызында Жаңақорған ауданы, Төменарық бекетінде дүниеге келген. 1971 жылы Ақмая ауылындағы №49 Ақмая орта мектебінің орыс сыныбына қабылданған Жәмила білім ордасын 1981 жылы ойдағыдай тәмамдайды. Отбасындағы тәлімді тәрбие, ата мен анадан алған өнеге Жәмила қыздың болашағына зор септігін тигізеді. 
Арманшыл жас түлек Ташкент қаласындағы геология және кен орындарын барлау техникумының «техник-программист» мамандығына оқуға түседі. Аталған оқу орнын 1984 жылы бітіріп, елге оралады. 
      Еңбек жолын Жаңақорған аудандық №14 кітапханасында кітапханашы болып бастаған. Ол жерде 1994 жылға дейін қарқынды жұмыс жасады. 1994-2005 жыл аралығында Ақмая ауылдық округінде кассир, әскери есеп столы маманы, бас маман сынды түрлі қызмет сатыларынан өткен Жәмила Базарбекқызы осынау жолды тек жақсылықтың бастамасы санады.
      Осы жылдарды Жәмила ханым өзін дамытуға, ізденуге арнады десе де болады. 2003 жылы Қазақ-Америка университетіне оқуға тапсырып, аталған жоғарғы оқу орнын «бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы, экономист біліктілігі бойынша бітіріп шығады. Одан соң Жәмила Базарбекқызы өзін банк саласында сынап көруді ұйғарды. 2006-2011 жылдар аралығында АҚ «БТА Қазақстан» жинақтаушы зейнетақы қорында 1 - категория менеджері болып жұмыс жасады. 
      Одан кейін Жәмила апай 2011-2013 жылдар аралығында наурыз айына дейін «Атамекен» жинақтаушы зейнетақы қорында 1- категория менеджері болып, қажырлы қызмет атқарды.
      Асылы, әйел затының бойында қажымас қайрат пен ерге бергісіз қуат жасырынып тұратын тәрізді. Іскерлік қабілетке бейім тұрар нәзік жандылардың шықпайтын шыңы жоқ. Өйткені, олар тынымсыз тіршіліктен еш уақытта шаршаған емес. Керісінше, еңбек етудің жарқын үлгісіне айналған. Өз кезегінде жаңақорғандық Әділбек Жәмила Базарбекқызының шыққан шыңдары – сөзіміздің айқын дәлелі. Осындай қажырлы еңбектің арқасында жеке кәсіпкерлікке бет бұрып, балабақша ашуды қолға алды.
      Бұл күнде аудан жұртшылығына белгілі «Аймира» балабақшасын ашу идеясы 2011 жылы туындаған. Аталған жылы Елбасы, Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Балапан-2020» бағдарламасы негізінде қолға алып, алғашқы балғындарды қабылдайды. Оларға тәлімді тәрбие беріп, ақыл-ойының дамуына атсалысатын, бойларындағы талантын шыңдайтын білікті педагогтардың басын қосты. Әлбетте, оңай болған жоқ. Жұмыстың оңайы болмайды. Еңбекпен, қиындықпен келген дүниенің қай кезеңде де жемісті молынан берері анық. Сонымен қатар, еңбекпен келген жетістіктің бағалы әрі құнды болатыны тағы бар. Өткенге көз жүгірткен сәтте де сол бір қиындықтарға толы кездерден ыстық естеліктерді еске алып, тоқмейілсіп, арқаны кеңге салатын кезеңге апаратын жол екені анық. Міне, осындай азды-көпті қиындықтар оларды өз саласының маманы етті. Ділгір маманның қоғамға тигізер пайдасы да, қоғамның дамуына қосар пайдасы да ерекше болмақ. Жәмила Базарбекқызы 2011 жылдан бастап «Аймира» ЖШС жеке ясли-балабақшасының құрылтайшысы қызметін атқарып келеді. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген осы емес пе?!
      Тәрбие мен білім – егіз. Облыс орталығындағыдай кең қабинеттер мен қажетті базаға қол жеткізу үшін бізге тынбай еңбек етуге тура келді. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр. Балалардың тілін дамытуды, қызықты үйрету үшін жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибемізде қолдану да – басты міндетіміз. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі. Егемен еліміздің талабына сай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, қазіргі заманға сай білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – білімді, жан-жақты тәрбиешілердің еншісінде деп ойлаймын. Әрбір баланың бойында тұнып жатқан талантты танып, оны шыңдай түсуде тәрбиеші-мұғалімдер елеулі үлес қосуда. Талантты табу, тану, таныту деген қағиданы ұстанып отырамыз, - дейді Жәмила Базарбекқызы. 
      Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие мен білім саласында заманауи педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде де педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымның біріне айналды. Ендеше мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне заманауи әдістерін енгізу. Жаңа технологияны, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану үздіксіз тәрбие беру мен білім сапасын арттырады. 
Әрине, бұл үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың заманауи инновациялық технологияларды қолдана білу сауаттылығына да байланысты.
      Біз ұлт болашағы деп бағалайтын ұрпақ тәрбиесі қай уақытта да күн тәртібінен түскен емес, түспейді де. Қай уақытта да жіті назарда болмақ. Бүгінгі балдырған – ертеңгі тұлға, азамат. Елдің тұтқасын ұстап, қалың қазақты соңына ертетін – зиялы қауым өкілдері. Біз сол себепті оларды лайықты әрі байыпты тәрбиенің аумағында баулуымыз шарт. Себебі, ертеңіміз біздің бүгін беретін тәрбиемізге байланысты. Мұны әр жерде саяқ жүріп орындау мүмкін емес. «Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайды». 
Балабақшалар ұжым болып бірігіп, бір-бірімен бәсекенің аламанында кәсібилік деңгейінде сынасуда. Әлбетте, бұл – сапа жөнінен жоғары жетістікке жететіндігіміздің айғағы. Балабақша ұжымы қоғамдық шараларда белсенділік танытып жүреді. Бұл күнде «Аймира» ясли-балабақшасы балғындарға барлық жағдайды жасап отыр. 
      2017 жылдың желтоқсан айында бөбекжай балабақшасы жаңа ғимаратқа көшті. Балабақша лентасын Шиелі ауданының әкімі мен ғимараттың салынуына демеушілік жасаған кәсіпкер Абдулла Әділбеков қиып, бөбекжай ұжымына сәттілік тілеген болатын. Аталған ғимарат 120 орынға арналған. Бөбекжайда 80 бала 4 топта тәрбиеленуде. Ауылдағы 25 жанды жұмыспен қамтып отырған балабақша құрылтайшысы Жәмила Әділбек: «Балабақша ғимараты бұрынғыға қарағанда әлдеқайда кең әрі ыңғайлы. Ата-аналар да дән риза. Алдағы уақытта тағы да 2 топ ашуды жоспарлап отырмыз», - деген еді. 
       Рас, бүгінде жеке балабақшалар жетіп артылады. Нарықтық бәсеке деген осы. Нәтижесінде, кейбірі құлдырап жатса, енді бірі жаңадан еніп жатады. Бұл бір тоқтаусыз процесс тәрізді. Көп орталықтың жанында алдыңғы шепке қол жеткізген Жәмила Базарбекқызы басқаратын бөбекжайдың алар асуы да, шығар шыңы мен бағындырар белесі де алда. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демей ме? Бүгінгі күні әйелдер қоғамымыздың барлық салаларында да белсенділік танытуда. Олар қандай қызмет атқарса да, аналық құқығын гүлдендіре отырып, үлкен жауапкершілік пен сенімділіктің, жоғарғы кәсібиліктің үлгісін көрсетіп, уақыт көшінен қалмай, болашаққа деген сенімнің зор ұйытқысы болуда. 
       Қоғам мен мемлекет тарапынан да нәзік жандылардың іскерлік белсенділіктеріне деген сенім жоғары деңгейде көрініс табуда. Осы орайда Жәмила Базарбекқызы осыдан бірнеше жыл бұрын Ақмая ауылдық округінің әкімдігіне кандидат ретінде ұсынылды. Жәмила ханым өз бағдарламасында ауылдық округ тұрғындарын жеке қабылдап, олардың ұсыныстары мен арыз-шағымдарын қарап, олар бойынша тиісті шешімдер қабылдау, «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасының 4 бағыты бойынша толығымен жұмыс жасап, халық игілігін ұсыну, Ақмая ауылдық округіне инвестиция тарту арқылы елді мекендерді көркейту, көшелерді жарықтандыру, орташа жөндеу жұмыстарын жалғастыру, ауылшаруашылығын өркендетумен қатар, майда шаруашылықтарды біріктіріп халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмыс жасау, шағын бизнес пен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында құрылған несие серіктестіктері арқылы (мал шаруа-шылығын дамыту, әлеуметтік нысандар салу,) жұмыс көздерін ашып, халықты жұмыспен қамту сынды әлеуметтік мәселелерді көтерді.
       Бүгінгі әйел заты қоғамның барлық саласында бой көрсетіп жүр. Олар – ана, олар – жар, олар – қыз, олар – келін. Қызметтен де басқа қоғамдағы орындары бар. Ең бастысы әйел– әрдайым әдеміліктің, нәзіктіктің символы. Жәмила Базарбекқызы да елі үшін, қоғам үшін елеулі еңбек етіп жүрген аяулы жан.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости