Төленов Нұрсұлтан

Рейтинг:

Отызында орда бұзған

      Тынбай еңбек еткеннің тұрмысы берекелі болады. Бүгінгі заманның талабы да осы. «Кәсібіне қарай нәсібі» деген емес пе?! Бүгінде өз мүмкіндіктеріне қарай кәсіп ашып, ісін дөңгелентіп отырғандар саны күннен - күнге артып келеді. Талай сөздің төрелігін айтып, даулы додада дуалы сөзі мен шешендігінің арқасында күрмеулі істің шешімін тапқан Төле би өз заманында: «Кәсіп болмай, нәсіп болмас»,- деп кәсіпкерліктің пайдасын пайымдап кеткен екен. Иә, расында да, бүгінгідей нарықтық заманда жеке кәсіп ашып, шаруаның шырайын шығарып жүрген жастар қатары жетерлік. Солардың бірі - Нұрсұлтан Назымбекұлы. Ол мектепте оқып жүргенде-ақ өзінің жан - жақтылығымен, ізденімпаздығымен ерекшеленіп, көзге түсіп жүретін - ді. Мектептің мақтанышы болып, ұстаздарының үлгі тұтар шәкірттерінің бірінен болған ол – сыныбындағы достарының беделдісі болды. Әр сабаққа аса ыждағаттылықпен кірісетін Нұрсұлтан атына заты сай алғыр да зеректігінің арқасында талай байқауларда жеңіс тұғырынан көрінді.
      Нұрсұлтан – көпбалалы отбасында тәрбиеленген, шаңырақтың тұңғыш баласы. Сондықтан да болар әкесі Назымбекке көмекші болып ержетті. Ер жігітке тән барлық қара жұмысты меңгерді. Өзінен кейінгі бауырларына қамқоршы, анасы Қалипаның көмекшісі болды.
      Төленов Нұрсұлтан Назымбекұлы 1992 жылы 9 ақпанда Жамбыл облысы, Тараз қаласында дүниеге келген. 1999 жылы Тараз қаласындағы № 42 орта мектепке бірінші сыныпқа барған. 2010 жылы орта мектепті үздікке аяқтап, 2010 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп , 2014 жылы «шығармашылық» факультетін бітіріп шықты. 
      Бала күнінен еңбекке жақын болып өскен Нұрсұлтан студенттік шақтарында да өзінің қолынан келетін іспен айналысып, ақша табудың көздерін іздестірді. Қандай жұмысты болмасын меңгеріп кете беретін ол заманауи тұрғыда өзінің жанына жақын кәсібін ашуды ойластыра бастады. Оқып жүріп, жұмыс істей жүріп, ол өз идеяларын ойлаумен жүретін. Жан-жағындағы болып жатқан жаңалықтарға құлақ түріп, қоғамға ненің қажет екенін іздестіріп, елге пайдасы тиеді-ау деген кәсіпті ашуды жөн санады. Осылайша, Нұрсұлтан 2014 жылы өзінің жеке кәсібін ашты. Қазіргі таңда «NUR-DOS-STROY» мекемесінің басшысы. 
      Елімізде кәсіпкерлік деңгейі жыл сайын артып келе жатқанын жақсы білеміз. Оның ішінде, Нұрсұлтандай жастардың кәсіпкерлікке бет бұруы соңғы жылдары көптеп кездеседі. Олар табыс тауып қана қоймай, ел мүддесі үшін де жұмыс жасап, халықтың алғысын арқалап та жүр. Иә, халық қажеттілігін өтеп жүрген жас кәсіпкерлердің табысқа жету жолындағы қажыр-қайратына қарап қайран қаласың. Көсегені көгертетін кәсіп емес пе?! Қазақта: «қимылдаған – қыр асады»,- деген аталы сөз қалған. Қазіргідей нарық қыспаққа алған заманда артық қаржы көзі болмаса да қиын. Осыны ескергендер кәсіптің түр-түрін игеріп, жағдайларын түзеп жатқан жайлары бар. Кәсіпті игерсең, қаржылық жағынан тәуелділік азаяды. Кәсіпкерлікті қолға алғандар құрдымға кетіп жатыр дегенді әзірге естігеніміз жоқ. Керісінше, мемлекеттің қолдауына ие болып, жағдайларын барынша түзетуге тырысып жатыр. Қаржылай қолдау алып, жаныңа жақын жұмыстың жемісін көруіңе әбден болады. Тек, мүмкіндікті мүлт жібермеу керек. Көпшілігі кәсіп бастауды қиынсынады. Өйткені, кәсіпті айналдырып кетемін дегенше, сан мың шаруа күтіп тұрады. Иә, оңай жерден нан жоқ. Еңбектенесің, содан соң алдыңа нан келеді. Еңбекпен, маңдай термен тапқан нанның тәтті болатыны да содан. Кәсіппен тек көзін тапқандар ғана айналысады. Ебін тапқандар да шетте қалмайды. Міне, өз кәсібін ашып, жұмыссыз жүрген жандарды жұмыспен қамтып, отызында орда бұзып отырған Нұрсұлтанның ісіне береке бітсін дейміз.       Адамның өз ісінен ләззат аларлықтай рухани халге көтерілуі – ең ауыр жол. Тіршілік кешудің соқпағын емес, жүректің қалыбын табуға ұмтылу –үлкен ілім. Осыны өзінен іздеген жандар оны өзгелерден де тауып, тұлғасын танып, бағалауы ләзім. Дүниеге қарыз болсақ, ертелі-кеш өтелер, ал адамдыққа қарызымызды сезіне беруіміз қиын-ау. Абайдың: «адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң – Алланың сүйген құлының бірі боласың»,- деуі алтынды жезден айыра алғанша, қарапайымдылықтан даналық тапқанша, қанша соқпақтан өтіп, қарапайым ақиқатты елемегендiктен, қанша азап тартатынымызды тұспалдағандай. «Еті тірі» дейтін сөз бар ғой. Сол сөз Нұрсұлтанға дөп келеді. Жас та болса, бас болып жүрген ол өзінің сүйікті ісін жолға қоя білді. Сонымен бірге, ата-анасына көмекші, бес бауырына қамқор. Өзі 2019 жылы отау көтеріп, ата-анасының қолын ұзартып, ағайын-туыстың батасын алды. Баталы ер көгеріп-көктейді. Алар асуың көп болсын, Нұрсұлтан!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости