Ботабеков Роман

Рейтинг:

      Аспанымыздағы ақша бұлт өзіне тән өрнек сала көшкен қазақ даласының қай жері болса да, тұнып тұрған сұлулық. Байлығы кеңірдегінде тұрған кенді Алтай тау сілемдерімен көз тартса, табиғаттың қайталанбас ерекше мүсінді Оқжетпес пен Сәкеннің әніне арқау болған сұлу Көкше, тірліктен шаршаған дімкәс көңілді сергітіп жіберетін табиғаттың дауасы. Адамзат қолымен қалыпқа келтіре алмайтын Сарыарқаның ұсақ шоқысы, Барқанының өзі ысқыра әндеткен Қызылқұм мен Мойынқұм, жалаңаш тасты каноньдары иірленіп келген Торғай үстірті – көңілдің парқын ашатын ерекше жерлер. Сан ғасырдың куәсі болып, екі дүние бөлігін жалғастырып жатқан қарт Орал – оңтүстігімізді ала жамбастай жатып керіле түскен Алатау мен Қаратау көкке шаншылған шыңдарымен сатып ала алмас сұлулықты бейнелеп тұр. Алпыс екі әулие жатқан Атырау, шағаласы төсін торлаған теңізді Ақтау, тұла бойы тұнған тарих Отырар мен Түркістан барып көруге, керемет дүниені сезінуге тұрарлық жерлер. 
      Сұхбатымыз сыр бүгіп жатқан қазақ елінің тылсым да сұлу табиғатын көпке жария етіп, дәріптеп, Қазақстанда туризмнің дамуына зор үлесін қосып келе жатқан ел ағасы туралы болмақ. Тақырыбымыздың тұздығын туризм деп алғанымызбен, есімі ел есінде желдей ескен Ботабеков Роман Бейдәліұлы – іскер азамат. 
      Кәсіп пен хоббиді бір алақанда ұяластырып, бір емес бірнеше кәсіпті бір тізгінде ұстаған Роман Бейдәліұлы – тек қана қазақстандықтардың ғана емес, Ресейде де ерекше құрметке бөленген арда азамат. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Құрмет», «Қазақстан даңқы» ордендерінің иегері атанып, «Астана», «Қазақстан теміржолына – 100 жылы» мерекелік, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медальдарымен марапатталып, «Экология саласының үздігі» төсбелгісін кеудеге тақты. Балық аулау спортына сіңірген еңбегі үшін, «Қазақстан Республикасының аңшылар мен балық аулаушылар» қоғамының Құрметті мүшесі. 2013 жылы Ресей Ғарыш Федерациясы Президентінің шешімімен Ғарыштық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға атсалысқаны үшін «За слуги», Ю.А.Гагарин атындағы медальмен, 2014 жылы «Әскери барлау ардагерлер одағы» Президентінің бұйрығымен «Защитник Отечества», «Туризм саласының үздігі», «Қазақстан ұлттық қауіпсіздік қызметіне – 20 жыл» мерекелік және «Адамзаттың ғарышқа ұшқанына – 50 жыл», «В основание 70-летия под Москвой» естелік медальдарымен марапатталды. «Технология және қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру» маманы, экономика ғылымдарының докторы, республикалық «Тұран ТВ» телеарнасының негізін қалаушы Роман Бейдәліұлы ҚР спорттық балық аулау федерациясының президенті, спорттық балық аулау бойынша әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Юный рыбак» мектебінің авторы. 
      Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін қазақ елін әлемге паш етіп жүрген кәсіпкер тек қана бір тізгінді ұстаған жан емес, өзгелер жүрексінген, тамыры әзер соғып тұрған темір жол жолаушылар тасымалының бойына қан жүгіртіп, аң, балық аулау секілді сүйікті ісін кәсіпке, спортқа айналдыра білген ерекше тұлға. 
      – Роман Бейдәліұлы, үлкен теңізге құяр өзендер де бастауын тұма мен тау мұздықтарынан алатыны секілді, адамдық болмыстың алғашқы кірпіштері де кіндік қаны тамған жерден басталады. Топырағына құт, жусанына кие дарыған қазақтың қай өлкесінде дүниеге келіп, балдырған балалығыңызды қайда өткіздіңіз? Өмір жолыңыз бен отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
      – «Тау баласы тауға қарап өседі» деген, ұлы армандар мен үлкен мақсаттарды алдыма тұсбағдар етіп алып, көздегеніме жетуіме сеп болған, бәлкім, оңтүстік өңірдің киелі топырағы мен елдің ыстық ықыласы шығар. Мен, 1960 жылдың 1 маусымында Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласында дүниеге келдім. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген, жастайымнан еңбекке ерте араласып өстім. Қолымда барды іске жарата біліп, қай іске де ерте төсілдім. Энгельс атындағы Ленинград кеңестік сауда институтын 1979 жылы инженер-технолог мамандығы бойынша бітірдім. Ал, отбасыма келер болсам, жұбайым Айнұр екеуміз 4 баланы тәрбиелеп келеміз. «Әйел – үйдің шырағы» деген, ол үнемі менің кәсібіме қолдауын білдіріп отырады. 
      – Сіз Қазақстанда кәсіпкер ретінде ғана емес, бұрын-соңды болмаған елдегі алғашқы табиғаттың болмысын ашатын «Тұран ТВ» телеарнасының негізін қалаушы ретінде де белгілісіз. Табиғатқа тіл бітірген телеарна туралы айтып берсеңіз?
      – Өз басым Қазақстанның адам аяғы баспаған жабайы табиғатында, жануарлары қорғауға алынған қорықтарында болып көрдім. Картадан далалық аймақ деп көрсетілсе де, өзіндік ерекше сұлулығы бар сары даланың төсінде әндеткен самалды халыққа жеткізу керек емес пе?!
      Жапырағы діріл қаққан жасыл өлкені жанардан тыс қалдыру қиянатқа жатпай ма?! «Алатаудың қия шыңдарының бірінде есімің қалсын» деп құрметті адамымызға айтылатын тілектегідей, еңсеңді тіктеп төбесіне көтерілген сайын мерейіңді өсіретін таулар мен шыңдары ше?! Тізгіндесең де тұрмай, бұғалыққа көнбейтін текті түз тағыларының жабайы ортасын білмей өту – қоршаған ортаны қорғау деген сезіміңе нәр бере ала ма? Көрмеген нәрсені қалай қорғаймыз?! Таулары,өзен-көлдері, орманы бар әдемі елдің табиғатын көрермендерге көрсетпеу – қылмыс. 
      Табиғатқа деген махаббат – мен үшін Отанға деген махаббаттың көрсеткіші. Қазақта мынадай бір қанатты сөз бар: «Табиғатын сүйсең, елін сүйесің» деген. Дәл осы сөз бүгінде көрермен көзайымына айналған «Тұран ТВ» арнасының басты қағидасын айшықтай түседі. Бірнеше жылдан бері «Тұран ТВ»Қазақстан көлемінде хабар таратып келеді. Таралымы таяуда басталса да, өз көрермендерін тапқан сүйікті телеарна болып үлгерді. Арна контенті басқа арналардан өзіндік ұстанымы арқылы табиғатқа, туған өлкесіне, тарихына бейжай қарамайтын адамдардың таптырмас серігі. Аңшылық, балық аулау, туризм, экстримальды спорт түрлері, тарихи орындар мен ескерткіштер туралы хабарлар таратып, ел тарихының қаншалықты бай екендігін, теле- көрермендерге қызықты форматтарда ақпарат етіп ұсынады. 
      Телеарнаның мақсаты – өз контентін құра отырып, ел тұрғындарының бойында өз еліне деген мақтаныш сезімін ояту, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға шақыру,салауатты өмір салтын қалыптастыру, көрермендердің таным-түсінігін кеңейту, белсенді демалыс пен айналаға зиян келтірмей демалуды насихаттау.
      Біздің еліміздің табиғаты өте әдемі. Тұнып тұрған табиғат сұлулығын көрсету үшін тынымсыз жұмыс істеп келеміз. Тіпті, қызметкерлеріміз алдарына шығармашылық тапсырмалар қойып, сапалы кадрлар дайындау үшін бар біліктіліктерін салады. Тек қана Қазақстан аумағы деп қатып қалған қағида жоқ, телебағдарламалардың 70 пайызы шетелде түсіріледі. Айтарымыз қаншалықты шынайы, көрсетеріміз кең ауқымды болу үшін, түрлі бағытта жұмыстар жасап келеміз. Ғылым алдыға түсіп, адамзат ғарышты бағындырған сайын, адам да табиғатқа жақындап келеді. Сондықтан, түсірілімдік жерлерді кеңейтіп, көрермендердің көзқарас-пайымын арттыруды көздейміз. 
      –  Тыңнан түрен салған соқадай,қалыпты тірлікпен күнде таңертең терезесін ашқан Қазақстан телевизиясына өзгеше леп әкелдіңіз. Өзге елдің көк сандығына телміріп жүрген көрермендер үшін жақсы әрі қуанышты жаңалық болды. Телеарна қандай бағдарламалар көрсетеді?
      – Қапшағай су қоймасы жақта Алматы қаласына жақын жерде «Рыбацкая деревня» атты түсірілім павильонымыз бар. Қазақстан қорықтарын көрсетумен қатар, шетелдегі балық шаруашылығы, «Македонский рыбалки на Охридоно озере» құпиясы туралы бағдарламалар көрсетіледі. Телеарнамызда әйел балықшыларға арналған «Рыбалка на каблуках» хабары бар. Бағдарлама баламасы еліміздің басқа арналарында тіпті, шетелдік арналарда жоқ. 
      Балық спорты туралы екі тақырып аясында өрбитін тележоба дайындалуда. Бірі «Федерация күнделігі» «Тұран ТВ» арнасы басшылығының қатысуымен федерацияның спорттық балық аулау аясында өткен іс-шаралар болса, екіншісі «Клуб жұмысы тақырыбында» федерация, клубтар мен форумдар атқарған жұмысына қатысты болмақ.
      «Рыбалка в водоемках Казахстана» деген тағы да бір бағдарламамыз бар. Не көрсетілетінін аты айтып тұрғандай Қазақстанның кез келген балық аулайтын сулы жерін түсіріп, олармен танысу, судың проблемасы болса, назарға іліктіру. Одан өзге аңшылық туралы хабардан да сырт айналып өтуге болмайды. Қырда қызыл түлкікөзге шалынбай, бүркітінің томағасын сымырмаған аталарымыз ежелден-ақ саят құрған. Қазір бұл үрдіс жанданбаса өшкен жоқ. Жыңғыл жағалап, қамыс ішіне кірсе де, қуғанын жібермеген құмай тазысын ертіп, сейілдеуді өмір тірегіне айналдырған бабаларымыз, олжасын жолай кезіккенге сауға етіп тастап кете берген. Атпен саят құрып, аңға шығу қазақтың қанында бар қасиет. 
      Бірақ, қазір бәрі басқаша. Дала кезген аң жоқ, қорықтар мен рұқсат етілген санаулы аймақтарда ғана. Оқшантайына патронды толтырып барсаң да, жабайы табиғат тісін батырмай қоймайды. Сондықтан аңшылық сейіл құру – барлық адамдарға арналмаған. Адамның ең басты байлығы – денсаулығы.
      Аңға шығу – төзімділікті, жабайы табиғат аясында өмір сүруге, жыртқыштардың тап беруінен қорғануға, аңшы қаруын дұрыс қолдану тәсіліне, машықтануды талап етеді. Жыртқыш аңдардың өмір сүруі, ортасымен қатар  бағдарлама көрермендерге осындай қауіпсіздік жағын да көрсетеді. Сүрлеуі жоқ соқпақпен жүру жолаушыға да ауырлау емес пе?! Бұрын-соңды болмаған жоба болған соң, алғашында арнамызға ауырлау болғанымен, жүре келе түзеліп кеттік. Ұжымда жұмыс жасайтындар – әрқайсысы өз ісінің мамандары. Ұжымның талантын ашып, шығармашылық қабілетін шырқауға, жаңа нәрселерді көріп үйренуге, жақсы дүниені танып білуге, кәсіби біліктілігін арттыруға барлық жағдайды жасап келеміз. Тақырыптық хабар аясында түсірілім барысымен, іс-сапарлатып Қазақстанның түкпір-түкпіріне, алыс-жақын шетелдерге жіберіп тұрамыз. Біз көрермендеріміз үшін жұмыс жасайтындығымызға қуанамыз. Шығармашылығымызды белсенді түрде қарап, оң көзқарас танытып, қолдау білдірулерін күтеміз.
      – Балық аулау ісін спорттық туризмнен бөліп қарасақ, санаға қысастық жасаған болар еді. Қазақстандағы спорттық балық аулау федерациясының президенті әрі спорттың осы түрінен әлем чемпионысыз. Танымға томпақ келмейтін бұл спорттың Қазақстандағы қазіргі халі қалай? 
      – Селкеу түскен көңіліңді селт еткізіп, шаршағаныңды басатын, арқаңды кеңге салып табиғатпен ұғысатын, ішкі жан-дүниеңді емдейтін балық аулау хоббиі бүгінде әлемдік спорттың бір бөлшегіне айналып келеді. Су жағасында тыныштықта отырғанда, сіз табиғатпен байланыс орнатасыз. Су... от... қармағыңызға іліккен балықтар... Күйкі тірлік жаралы еткен көңіліңді емдеп, таза ауамен тыныстап, сығалай батқан күнмен таласа от жағып, демалу бір керемет емес пе?! Табиғат аясында тамақтану да ерекше әсер сыйлайды. Таза ауада піскен астың дәмін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Салауатты өмір салтын ұстану – адам өзін құрметтегені, өзін бағалағанының белгісі. 
      Бүгінде ауқымы кеңейген балық аулау, тек қана ауыл-аймақта емес, әлемдік аренада өткізілетін спорт түріне айналды. Қалтқысы ойнаған қармақтың қызығы – әлем балықшыларының жүзін өзіне қаратты. Әр адамның ермегі, қолы қалт етсе, елеңдей жөнелетін сүйікті ісі болады. Менің өмірімдегі хоббиім – балық аулау. Балық аулау спортына келуден бұрын, шағын арықтан балық ауладым. Бұл спортқа деген қызығушылығым Санкт-Петербургте оқып жүргенімде оянды. Жамбасқа алған балық аулауға деген ынтызарлық елге оралған соң, Қазақстанның тоғандары мен өзен-көлдерін аралауыма әсер етті. Қармақтың сылдырмағына лап ете қалған құмарлық, 2002 жылы өзіме жақын балық аулауға қызығушылығы бар жандардың басын қосып, федерация құруыма себепші болды. 
      Жеріміз кең-байтақ, өзен-көлдеріміз баршылық болғанымен,кәсіби балық спорты кең етек ала қоймаған. Күлдегі шоқтың жылуындай, сәл ғана үміт бар еді. Елімізде қаншама су көздері бола тұра, ешбір жерде балық мәселесі туралы жазылып, айтыла бермейтіні жаныма батты. Шешінген судан тайынған ба, кедергілер аяққа оралып жатса да, қаражат керек болса, өз қалтама қол салып, федерация құрылған алғашқы жылдың ішінде ел чемпионатын өткіздім. Балық аулау деп кәсіби аталым иеленбесе де,қармақты серік еткендер баршылық екен. Солардың ішінен таңдап алып, 2013 жылы Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатына қатыстық. Қабырғасына мұхит толқыны ұрғылаған елдерде балық аулау спорты өте жақсы дамыған. Чемпионатқа әлемнің түкпір-түкпірінен 78 елден спортшылар бақ сынады. Дәл сол додада Әлем федерациясы, яғни, 300млн адам көк байрағы желбіреген қазақ елінің спортшыларына қол соғып, таланттарына тәнті болды. Апарған 19 спортшымыз да сауырына қамшы салдырмай келген қаракердей, қалтқысы ойнағанда, қармағын балық қауып, барлығы да әлем чемпионы атанды. Меңзеп барған тұстан мінбер көрінсе, асығымыздың оңынан түскені емес пе?! Көк байрағымызды желбіретумен қатар, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды. Бұл – біздің таңсық жерге табан тигізіп барғандағы алғашқы жеңісіміз еді. 
      Әлем чемпионатынан беделіміз бел асып, мерейіміз көтеріліп қайтқан соң, балақтан тартқан кейбір қиыншылықтарға қарамай, федерацияның географиялық ауқымын батыстан шығысқа, солтүстіктен оңтүстікке қарай кеңейттік. Қайралып тұрмаса қын түбіндегі қылыштың жүзі қайтып қалмай ма, кем дегенде жылына 7-8 рет мықты деген спортшыларымызды халықаралық деңгейдегі жарыстарға жіберіп тұрамыз. Түсінігімізге теріс келетін, спорт емес, Аллаға шүкір, байрақты бәсекелерден құр қайтқан емеспіз. Тайваньда өткен Азия кубогында жоғары нәтижелер көрсетсек, Австралияда өткен жарыста бір айламыз кем түсіп, ІІ орынға табан тіредік. 
      Айналасы 4-5 жылдың ішінде алдыңғы қатарлы елдер санасатындай дәрежеге жеттік. Еңбегімізді бағалап, талантымызды мойындағаны емес пе, халықаралық федерация ақылдасу үшін, үстел басына жиі шақырады. Әрине, бұл – федерация мүшелерінің сансыз еңбегі, жетістігі. Біздің құрамда әр саланың мамандары бар. Банкир, ғалым, бизнесмен және қарапайым жүргізушілерге дейін бар. Талант таңдап қонады. Бұл спорт түрінде жас айырмашылығы кедергі емес. Қолынаижеке куәлігін енді алған баладан, 80 жасқа дейінгі қарттар бар. Бұл спорттың ерекшелігі сол қария деп жатпайды, қолына алған қармағын балыққа қаптыра білсе – болғаны.
      «Тұран ТВ» телеарнасын ашудағы бір мақсат осы балық спортын дамыту, жалпақ жұртқа жеткізу болатын. Спорттық балық аулаудан біз Еуропа мен Азияда, әлемдік деңгейдегі чемпионаттарда жетістікке жеткеннен кейін, спорттық балық аулау федерациясының жетекшісі ретінде Қазақстанда оны насихаттауға, көпшілікке танытуға тура келді. Бұл идея мен жоспары бар-жоғы бір сағаттың ішінде өмірге келді. 
      Себебі, Қазақстандық балық аулаушылардың жетістіктері туралы ақпарат тым аз болды. Істеп жатқан еңбегімізді ел көріп, жетістіктерімізді білмесе, біздің әрекетіміз сор жерді шалғынға айналдырамын деген әпербақандық ойдан айырмашылығы жоқ еді. Чарли Чаплиннің киносындай жүрген қимылымызды көргенмен, үнімізді естімесе, маңдайдан тамған ащы тердің желге ұшқаны емес пе?! Құмға сіңген судың дәмі керемет еді деп кім айта алады. Сондықтан осылардың барлығын реттеу үшін телеарна ашу керек болды. 
      Нарықтың тісі қай саланың да шымбайына батқан кезде, отандық телеарналарда да жариялау құны жоғары болды. Көрпеңе қарай көсілетін заманда құны қымбат деп, оларға да өкпе арта алмаймыз. Оның үстіне отандық арналарда аңшылық, балық аулау, туризм туралы танымдық-бағдарламалардың болмауы – өзіндік ерекшелігі бар масс-медиа құруға алып келді. Әлеуметтік, тарихи, ойын-сауық бағдарламалардың қасына саяткерлік бағдарламаны қоса алмаймыз ғой. Арзанның сорпасы татымайтыны тағы бар. Бұған дейін біз аңшылықпен айналысу, балық аулаудан жеткен жетістіктерімізді ресейлік «Охота и рыбалка» арнасынан көрсетуге мәжбүр болдық. Қауып ішкен судың кермек дәмі болатыны секілді, бізде салалық хабар тарататын арнаның болмауы – көңіліме қаяу түсірді. 
      Екі есеп те, бір есеп нәтижесінде қазақстандық балық аулау аңға шығу, туризм, жалпы салауатты, белсенді өмір салтын ұстанатын, табиғатқа бейжай қарамайтын адамдар туралы хабар тарататын «Тұран ТВ» телеарнасы дүниеге келді. 
      – «Бір қозы туса, жерге бір түп жусан артық шығады» деген, тәуелсіздік алғалы өз көшін өзі сүйреген отандық телеарналар қатарының толығуы бізді де қуантады. Оның үстіне, көзден таса, көлеңкеде қалып қойған дүниені жарыққа шығарып жатырсыздар. «Тұран ТВ» телеарнасында сіз айтып өткеннен басқа қандай хабарлар көрсетіледі? 
      – Федерация мүшелерінің арасында еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін бар. Оның ішінде федерация тарапы жағынан ерекше құрметке ие, Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының да ардагер-жауынгерлері бар. Оның үстіне, Отан соғысы туралы айтпау – азаматтық борышымызға сын. Патриоттық рухқа тәрбиелеу мақсатында бағдарламалар беріп тұрамыз. 
      Қатардағы жауынгерлер мен батырлар туралы трансляциялауды 2015 жылы, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында бастадық. Елімізде, соғыс залалын тигізбеген отбасы жоқ. Көптеген соғыс ардагерлері әлі күнге дейін балық аулауға шығып тұрады. Өздері ғана айналысып қоймай, балалары, немерелерімен бірге жасайды. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан үрдіс. Мұны тоқтатуға болмайды. 
      – Роман Бейдәліұлы, сіздің есіміңіз туризм саласынан бұрын, «Тұран Эспресс» компаниясы арқылы таныс. Бүгінде айшылық жолды қысқартып, облысаралық жолаушылар тасымалын реттеп, елге қызмет етіп келе жатқан, яғни, негізін қалаған «ТұранЭкспресс» компаниясы туралы айта отырсаңыз.
      – Үкімет 2006 жылы 2015 жылға дейін транспорт саласын дамыту туралы мемлкеттік стратегиялық жоспар құрған болатын. Дамыған елдердегідей бізге де барлық салада бәсекелестікке төтеп беретін жеке компаниялар құру керек болды. Мәскеудің де соғыс кезінде салынып, Астананың да тоқырау кездері құрылғаны секілді «ТұранЭкспресс» компаниясы да 2006 жылы дағдарыс кезінде құрылды. Осы жылдары ірі-ірі кәсіпорындар мен стратегиялық маңызы бар объектілер мемлекет қарамағындаболатын. Етек-жеңін енді ғана жиған жас мемлекет үшін Америкадан басталған ипотекалық дағдарыс боранды дауылдан кем соқпады. Компанияның құрылуы да осы кезге дөп келді. Қай істе де ебін таба білу керек. Қазіргідей емес ол кездері Қазақстан темір жолының жағдайы аса жақсы емес болатын. Жаны сірі шойын жолдың ғана сыр бермегені болмаса, вагондар мен тепловоздар күрделі жөндеуді қажет ететін еді. Осылардың барлығын реттеу үшін, көп уақытпен қомақты қаражат керек болды. Аянып қалғанымыз жоқ. Қолдағы барды салдық. Бүгін міне, қай өңірде де тепловоздар вагонын сүйреп, елге қызмет етіп келеді.
      Жолаушылар тасымалын ұйымдастыруда «Қазақстан темір жолы» магистральды желі дирекциясы және «Локомотив», «ВокзалСервис», «Вагонсервис»секілді акционерлік қоғамдарымен әріптестік байланыс орнатамыз. Әсіресе, үлкен талап жолсерікке қойылады. Халықпен тығыз жұмыс жасайтын – солар. Халық қанағаттанатындай қызмет көрсету үшін, жолсеріктерге қойылар талапты күшейтіп, жыл сайын аттестациядан өткізіп тұрамыз. Жолда жолаушыларға жақсы қызмет көрсете білу, қосымша ұсынылатын сервис, ұлттық қонақ күту мен кәсіби қызметін үйлестіре білу – оларға қойылатын басты талаптардың бірі.
      Вагондарымызға түгел дерлік күрделі жөндеу жасаттық. Бүгінде евростандарттарға сай жоғары деңгейдегі сапалы вагондарымыз бар. Жалпы вагондармен бірге купе, арнайы жабдықталған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналғандары да бар. Әр купеде жылытқыш, желдеткіш, теледидармен жабдықталған болса, жолсеріктің купесінде жолаушыларға арналған тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, ыстық, мұздай су диспансері орналасқан. Асхана жабдығы, тынығу бөлмесі, бар-кинотеатры бар қонақ бөлме ретіндегі ерекше вагондар қазірдің өзінде сұранысқа ие. 
      – Компанияңыздың жақын арадағы және болашаққа құрған жоспарларымен нақтырақ бөліссеңіз. Бизнесіңіз бен сүйікті ісіңізді қалай байланыстырасыз? Қазақстанда туризмді дамыту үшін басқа қандай жұмыстар атқару керек? 
      – Туризм, бұл – балық аулау, аңға шығу секілді мен қызығатын дүниелер. Ал, теміржол туризмі – бұл жаңа бағыт. Тоғыз жолдың торабында отырған Қазақстан үшін туризмді дамыту, ел экономикасын көтереді. Ашық теңізге шыға алмайтын ел болған соң, транспорттық қатынастың күретамыры автожол мен теміржол. 
      Қазақстанның территориясы үлкен. Бұл – біздің елдің ең үлкен жетістігі. Жақында Алматы-Достық бағытында жаңа пойыз қосамыз. Ол жол бойындағы барлық бекеттерге тоқтайтын, болады. Шымкент-Атырау маршрутының бағытын ұзартып №11\12 Алматы-Шымкент пойызына алмастыру жоспарда бар. Жаңадан қосылатын екі бағыттың мүмкіндігі – Достық темір жол станциясынан Атырау темір жол станциясына дейін жетіп, Ұлы Жібек жолының бағытын қайталайды. Стратегиялық тұрғыдан Қорғас-Жетіген жол желісі салынып жатқандықтан, осы жаңа бағыт бойынша жолаушылардың қозғалысын ашуды қарастырып жатырмыз.
      Республикалық, халықаралық маңызы бар сансыз көп ескерткіштер, қорықтар, тарихи жерлер туризмге сұранып тұрған аймақ. Сондықтан да, бәрібір пойызбен саяхаттау ыңғайлы, қолжетімді әрі қауіпсіз. Қазірдің өзінде Ұлы Жібек жолының бойынан бірнеше темір жол бағыттарын аштық. Олар: Тараз, Шымкент, Арыс, Түркістан, Қызылорда бағыттары. Байқоңыр кешенінің бойынан өтеді. Бұл – мықты туристік бағыт. Космодромға бару жайлы айтар болсақ, ол жер естен кетпес әсер, көңіл-күй сыйлайды. Онда әлем назарын өзіне қаратқан, жер кіндігінде орналасқан Байқоңыр ғарыш айлағын сыртынан қызықтап қана қоймай, ұшу алаңын көруге, жөндеу-сынақ жүргізу корпусына баруға, тарихи ескерткіштер мен мұражайларды тамашалауға, ұшар алдындағы шешуші сынақтарды, ракетаны ұшу алаңына қалай қондырылатынын көруге болады. Экипаж құрамымен танысып, ғарышкерлердің ұшу алдындағы толқу сезіміне, космос кемесінің жылдам қарқын алуына куә болып, қайталанбас әсер алуға болады. Бір сөзбен айтқанда, ғарыш бір табан жақын және сіз мәңгілікке осы бір керемет, ұмытылмас саяхатты есте сақтайсыз. 
      Сонымен қатар жоспарымызда бәріне танымал курорт Алакөл көліне демалыс ұйымдастыру да бар. Шипажай жұмысы жанданып келеді. Күннен-күнге демалушылардың да сервиске деген талабы өскен. Компанияның мақсаты – ыңғайлы, жайлы саяхаттауға барлық жағдайды жасау, шипажайға барушыларға демалуды вагоннан бастап ұсыну. Мұның бәрі шын мәнінде қолжетімді, ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар. 
      – Роман Бейдәліұлы, бүгінгі сұхбатыңызға көптен-көп рахмет! Байрақты бәсекелерде көк туымызды желбіретіп, көгілдір экран арқылы тылсымға толы табиғатымызға тіл бітіріп, шойын жолда жүйткіген темір тұлпарларыңыз тоқтамай, ел игілігі үшін қызмет ете беріңіздер!
 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...