Бақытын еңбектен тапқан асыл ана Еңбектің наны тәтті» деген халық даналығын жете түсініп, адал еңбегімен абырой биігінен көрініп жүрген жандар баршылық. «Еңбек бәрін де жеңбек». Осынау аталы сөзді ту етіп, еңбегімен ел ішінде абыройға бөленіп жүргендер өндірісті өркендетуге, экономиканы алға апаруға, татулық пен бірлікті бекем етуге күш салып жүр. Еңбегінің арқасында сый-құрметке бөленген ондай азаматтардың ісі өнімді. Алдына қойған мақсатына жету, ол жолда тынбай еңбек ету – жастайынан бойларына сіңген дағдылары. Талай жыл табандылықпен еңбек етіп, кейінгі толқынға үлгі болып жүрген азаматтардың бірі – қасиетті Отырар топырағында түйе сүті шаруашылығын жолға қойып, атакәсіпті отбасымен дамытып жүрген кәсіпкер ана Гүлсара Сейітжанова.
![]()
Ол 1953 жылдың мамыр айының 3-жұлдызында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. «Бақыттың кілті – еңбекте» деп санап, өмірін адал еңбек жасап, халқына қызмет етуге арнап келе жатқан
Гүлсарадай ел анасының бүгінгі жеткен жетістігі туған топырағының даралығынан дарыған деуге болады. Даналар айтады: ұлы ел атану – халық санының көптігімен есептелмейді. Ұлылық ол – өмірге ұлы ұрпақтарын дүниеге келтірген халыққа тән. Сондықтан да Отырар өзінің даңқты перзенттерімен, шежірелі тарихымен мақтанады. Отырар – өзінің көне тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалымдарының назарын өзіне аударған ұлттың рухани қазығы. Отырар – әлемнің екінші Аристотелі атанған Әл-Фарабидей дананың, мемлекет қайраткері, этнограф Өзбекәлідей ұлт мақтанышының, қазақ «вальсінің королі» Шәмшідей сазгердің кіндік қаны тамған, ізі қалған жер. Одан бөлек жүзден астам ғалымдар, академиктер, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен өнер адамдары шыққан. Халқымызға осындай біртуар азаматтарды сыйлаған ұлы далада дүниеге келген Гүлсараның өскен отбасы еңбекқор қарапайым жандардың ортасы болатын. Қарапайым, көпбалалы отбасында тәрбиеленген қыз жастайынан шаруақор, еңбексүйгіш әрі мейірімді жан болып өсті. Оған ауыр болса да адал еңбегін көзімен көріп өскен әкесі мен анасының өмір жолы әрқашан көрнекті мысал еді. Себебі, шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол – бала тәрбиесі. Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Бала үшін олардан асқан тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, қайырымдылық, татулық, әдептілік сияқты қасиеттер отбасынан бастау алатыны белгілі. Тәрбие балаға сөзбен, теориямен дарымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. Сондықтан да дана халқымыз: «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», - деген ғой. Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Қай халық болсын ұрпағының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына үнемі алаңдаушылықпен қараған. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелеу ісі. Жалпылай алғанда, адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиеттерімен ардақталатыны мәлім. Адамгершілік негізі – имандылық пен ізеттілікте. Ол әрбір отбасынан басталады. Осыны жадында тұтқан қазақ халқы жастарды кішіпейілділікке, ізеттілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді бірінші міндет деп санаған. Халқымыз: «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер», - дейді. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан, жақсы мен жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор.
![]()
Бауыр еті балаларының алдындағы осынау аса маңызды міндетін жете түсінген ата-анасы дүниені дүр сілкінткен сұрапыл зұлмат соғыстың ауыр зардабына қарамастан, адал еңбектерінің арқасында он бір перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп-жеткізген. Әкесі Сейітжан – мамандық атаулының асылы мұғалімдікті жанына серік еткен жан еді. Перзенттерінің ішінде жанына аса жақын тартатыны – Гүлсара болатын. Ол жастайынан әкесінің жанынан бір елі қалмай, әрбір шаруасына қолқабыс ете жүріп, қора-қопсы, төрт түлік малға жақын аса малсақ болып өседі. Туған өлкесі қашаннан еңбекқор жандардың ортасы болғандықтан, жастайынан еңбекті қадірлей білді. Ол заманның жастары еңбек етуді ауылдағы алдыңғы толқыннан үйренген. Солардың ішіндегі алдынан жұмыс үркіп отыратын, шаршап-шалдығуды білмейтін жансебіл адамдарды ауылдың ақсақалдары, аяулы әжелері жас ұрпаққа мысал қылып, құрметтеп отыратын. Біз де сондай құрметке ие болсақ деген көкіректерінде ниет, жас жүректерінде балауса арман болды. Сол арман алға жетелеп, кезінде ауылдың ғана емес, аймақтың құрметіне бөленуге дейін жетті. Шаруаға икемділігімен қатар, анасы Бибіхадишаның арқасында оқуда да табиғи зеректігі мен алғырлығының арқасында озат әрі үздік шәкірт бола білді. Дегенмен, қай кезде де адамның дегені толығымен орындала бермейтіні белгілі. Ата-анасына тел еркелеп, ауылдың бітпес тірлігін мінсіз тындырып, сабағын сусынға шөліркеген жандай аса бір ыждаһатты ынтамен оқып жүрген қызды тағдырдың қатал сынағы күтіп тұрған еді. Соғыстан кейін ел есін ептеп жия бастаған кез. «Жұт жеті ағайынды» демекші, еңсе тіктеп келе жатқанда 1969 жылы етектегі елді су тасқыны алып кетеді. Осы бір ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде асқар тау әкесі Сейітжаннан мәңгілікке айрылып қалады. Көп ұзамай ескі ауыл іргесінен Жаңа Шілік елді мекені салынып, тұрғындар жаңа қонысқа көшіріледі. Оның үй-іші әуелде тасқыннан кейін қаладағы драма театрға жайғасып, кейін пәтер жалдап, үш ай Шымкентте тұрған. Жаңа Шіліктен үй соғып, қайта қоныстанады. Осылайша, отбасымен көшіп-қонуға мәжбүр болған балаң қыз көп қиындық көреді. Өзі он алты жаста, тоғызыншы сыныпта оқиды. Ілім-білімге аса құмар, зерек те зейінді болғанымен, – жоғары сыныптарда жағдайы болмайды. Сол уақыттың қиындықтары әсер еткеннен болар, 1970 жылы мектеп бітірген арманшыл бойжеткен пединститутқа оқуға құжат тапсырғанмен түсе алмай қалады. Бала күнінен қайсар ару бұл сәтсіздікке мойымастан, өмірден өз жолын тауып, дүниеге бір кірпіш болып қалануды мақсат тұтып, жұмыс істеуге бел буады. Сөйтіп, Шымкент қаласындағы «Кожгалантерея» тоқыма фабрикасына жұмысқа тұрады. Түпкі ойы – бір жыл жұмыс істеп, еңбек машықтарын бойына жинап, келер жылы тағы да оқуға түсуге дайындалып, бағын сынап көру болатын. Алайда, тағдыр оған басқа сыйын дайындап тұрғанынан хабарсыз қыз кезекті демалысында ауылға келсе, анасы сыртынан көз салушылардың бірімен құдандалы болып, қалыңмалын алып, ұзатуға бекініп отыр екен. Үй мен түздің шаруасын теңдей қамдап, жайластыруға епті, тірлікке пысық аруға көз салушылар аз емес еді. Солардың ішінде болашақ күйеу жігіттің де әке-шешесі табылып, үлкендердің өзара келісімімен әскерден жаңа келген ауылдасы, ағасының сыныптасы Құдіретулламен бас қосады. Тұрмысқа шыққан соң ата-енесі жас жұбайларға енші бөліп беріп, қол ұстасқан екі жас Шымкент қаласына көшіп келеді. Өзі кооперати
![]()
втік курсқа, ері Шымкент энерготехникумының кешкі бөліміне оқуға түседі. Курсты ойдағыдай аяқтап, азық-түлік дүкеніне жұмысқа тұрып, сонда біраз жыл еңбек етеді. 1975 жылы қаладан ауылға қайта оралады. Отағасы кеңшарда электр маманы болып жұмыс істеді. Ал, қол қусырып қарап отыруға жаны қас, сауда-саттық саласының қыр-сырын біршама меңгеріп қалған Гүлсара өз саласында дипломды маман атанып, білімін тереңдете түсуді ойластырып, 1977 жылы Шымкент кооперативтік техникумын бітіреді. Содан білігіне білімі үйлескен білгір маман өз мамандығы бойынша 1992 жылға дейін сауда-саттық саласында өзін сынап, жұмыс істейді, мол тәжірибе жинақтайды. Бос қарап отыра алмайтын тынымсыздығының, еңбектің кез - келген түрінен қашпайтын еңбекқорлығының арқасында ешқашан жұмыссыз отырған емес. Осы жылдар аралығында ауыл дүкендерінде, мектеп асханасында еңбек етті. Он қолынан өнері тамған келіншек негізгі жұмысына қосымша өз қолымен түрлі тағам да пісіріп сатты. Осылайша, үлкен еңбек жолынан өткен тәжірибелілігі, бүгінгідей дөңгеленген шаруаға деген қабілеті, үлкен кәсіп ашуға бейімділігі мен жетістігіне бастаған алғашқы қадамдары еді.
Таңдаған кәсібіне адалдық танытып, тұрақтылығымен көзге түскен абзал жан еңбекқорлығымен, мұқияттылығымен, әрбір іске асқан жауаптылықпен қарайтындығымен, әріптестеріне көмек қолын созуға әзір ақкөңілдігімен бәріне жаға білетін. Осы орында үздіксіз көптеген жыл қатарынан адал еңбек етіп, ешқашан ескерту алмағандығымен ерекшеленетін. Егер Кеңес Одағы тарап, қымқуыт кезең орын алмағанда, абыройлы жанның еңбек жолы сол адалдықтан айнымай, табысты жалғасары айдан анық еді. Еліміздің ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке қолы жетіп, қуаныштан шалқыған тұсы аса қиын кезеңге ұласқаны бәрімізге белгілі. Кезінде КСРО қирандысынан қалған қордалы проблемалармен бетпе-бет келіп, елдің егемендігі екіұшты болған жағдаяттарды сәтті еңсеру оңайға соға қоймады. Тәуелсіздік жылдары ел арасына көптеген жаңалықтарымен, ауыртпалықтарымен келгені, көптеген салаларда тың өзгерістердің орын алғандығы да рас. Себебі, осыған дейін социалистік шаруашылық идеясымен қаруланып, тек қана ортақ мүддеге еңбек еткен жандардың бәрінің басқа көзқарасқа бірден ауыса қоюы мүмкін емес еді. Расында, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары терең дағдарысқа ұшыраған ұлттық экономика құрдымға кете құлдыраудың аз-ақ алдына барып қайтып еді. Кейіннен сауатты саясаттың арқасында өсімге ұмтылдық. Нарықтық экономика талаптарына жауап беретін шаруашылық құру, жаңа заман талабына сай кәсібін дөңгелетіп әкету – нағыз өз күш-жігеріне сенімді, іскер азаматтардың қолынан ғана келгені шындық. Бизнес – тек кедергілерден тұратыны белгілі, оның бірі деп қорқақтықты айтуға болады. Сондықтан, ешнәрсеге қарамастан тәуекелге бел буу керек. Осындай тәуекелшіл жандардың қатарынан бала күнінен ешбір қиындыққа мойымайтындығымен дараланатын отанасы Гүлсара да табыла білді. Қиын да сындарлы сәтте өз жолынан айнымай, күндіз-түні тынбай жүгіріп жүріп, кәсіптің көзін тауып, заманына қарай бейімделе алды. Бұл жерде арда азаматтың бойындағы төзімділік, бірбеткейлік, еңбексүйгіштік, жалқаулық пен бойкүйездікке бой алдырмауы, жеткен жерінде қалып кетпей, үнемі алға ұмтылуы сияқты адами қасиеттері мен кәсіпкерлік жолдың алғашқы жылдарындағы шығын көлемінің көптігіне мойынсұнбайтын қайсар мінезділігі үлкен рөл ойнағаны болып тұр.
1994 жылы жеке шаруашылық ашқандарға үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, несие беріліп жатқан сәтті тиімді пайдаланып, Шәуілдірдегі несие серіктестігінен қаржылай қарыз алып, «Жаңа жер» шаруа қожалығын ашады. Қарызға алған қаржыға бірнеше бас сиыр, түйе сатып алып қолға ұстап отырған бес-алты бас малына қосады. Кейіннен шаруашылығын кеңейтіп, қымыран сатып тапқан қаржыға Ойсылқара тұқымын көбейтуге мықтап кіріседі. «Табысты кәсіпкер болудың ең басты сыры – шын ықыласта» деп білетін кәсіпкер ана басында небәрі екі түйемен бастаған шаруасының бүгінде іргесін кеңейтіп отыр. Себебі, қымыранға сұраныс артты. Қымыранға жиналған ақшаға аруана алып, мал басын арттырды. Шұбат, қымыранға қазір сұраныс мол. Қант диабеті, бауыр ауруларына ем болып, алғысын айтушылар көп.
Қазіргі күні осы түйе шаруашылығымен айналысатын «Жаңа жер», «Нұр Шілік», «Нұртас» шаруа қожалықтарында қымыран, шұбат табиғи жолмен дайындалып, оған қоса 2015 жылдан бастап құс фермасында жұмыртқа да өндірілуде. Үлкен сауда орындарынан тауық жұмыртқасына тапсырыстар көптеп түседі. Одан бөлек ірі компанияларға да тасымалданады. Арнайы цехтың шаруасы техникамен басқарылады. Құстарға табиғи, қолдан егілген жүгері дәні азық, қажетті дәрумендер беріледі. Осы іспен айналысып жүрген ұлдарының қарамағында жиырма бес адам жұмыспен қамтылған.
Осылайша, бірнеше кәсіпті қатар ала жүріп, табысты жүргізіп отырған қайратты жанның елеулі еңбегі ескерусіз қалған емес. Әр жылдары аудан, облыс әкімдері мен әр түрлі деңгейдегі сала басшыларынан алған «Алғыс Хаттары»
![]()
мен «Құрмет Грамоталарында» есеп жоқ деуге болады. Сонымен бірге, шоқтығы биік бірнеше марапаттардың да иегері. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы министрлігінің «Ауылшаруашылығының үздігі» төсбелгісімен, «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. 2018 жылы Қазақстанның педагогикалық академиясының кәсіпкерлік және менеджментті сараптау бөлімі «І Дәрежелі білікті басшы» төсбелгісін табыстаған. Кәсіби қызметінде осындай ірі жетістіктерге қол жеткізген абзал азамат жеке өмірінде де бағы жанған асыл жар, өнегелі отанасы. Жолдасы Құдіретулла Мұхамедкәрімұлы екеуі 3 ұл, 3 қызды өсіріп жеткізген. Шарапаты – мұғалім, Шолпаны – кәсіпкер, Айман – колледжде мұғалім, Нұрсейіті – «Саутс-Ойл» компаниясы басшысының орынбасары, Жансейіті – «Смарт-Ойл» компаниясында жабдықтаушы, Бақытжаны – «Бақытжан» құс фермасының төрағасы қызметін атқаруда.
Қасиетті Отырар топырағында түйе сүті шаруашылығын жолға қойып, атакәсіпті отбасымен дамытып жүрген кәсіпкер ана Гүлсара Сейітжанова – ерен еңбекқорлықтың үлгісі. Шаруаның да көзін тауып, ұясын да сүттей ұйытып отырған ананың өнегелі өмірі мен еңбек жолы жастарға үлгі. Жаны мейірімді мұндай әйелдердің жүрегіне ұлтымыздың әдемілік пен әдептілік әліппесі жазылғандай. «Кәсіптің көзін тапқанды бақыттың өзі табады»,- дейді халық даналығы. Ауылдағы ағайынның алдындағы абыройы биік Гүлсара анамыздың болашақта да табыс биігінен көрінеріне сенімі мол.