Досмағанбетқызы Бибімария

Рейтинг:
Кәсібін өрге жүздірген нәзік жан

      Ол басына күн туған зобалаң кездерде де қазақ әйелінің қайсарлығы мен батылдығы, шыдамдылығы көпке үлгі болған. Ал мынадай бейбіт күндегі жақсы істердің жаршысы болуға бастайтын, елдің алдында зор жауапкершілік жүктейтін кәсіпкерлік іске қазақ әйелі әрқашан дайын. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін» әйелдер отбасы мен қоғам, кәсіпкерлік жұмысын қатар алып, үй мен түздің шаруасын дөңгелетіп қана қоймай, ел экономикасына да серпін беруге қауқарлы екені белгілі. Бизнестің қандай түрімен айналысу керек екенін шама-шарқына, қабілет-қарымына қарай таңдау – әркімнің өз еркінде. Әдетте, бизнестегі әйел адамды елестеткенде жеңіл өнеркәсіп, тағам және қызмет көрсету салалары бірінші ойға оралады. Алайда, қазіргі таңда әйелдер арасында да ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, ер-азаматтармен қатар кәсібін дөңгелетіп жүргендері баршылық. Солардың бірі–«МӨЛДІР» шаруа қожалығының төрайымы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Созақ аудандық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Бақ-Нұры» іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің кәсіпкер әйелдер кеңесінің жетекшісі, «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі, Түркістан облысы іскер әйелдер кеңесінің және іскер әйелдер ассоциациясының мүшесі Тұрмаханова Бибімария Досмағанбетқызы. 
      Ол 1958 жылғы 7 қарашада бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан), Созақ ауданы, бұрынғы Ф.Энгельс атындағы совхозда (қазіргі Қарақұр ауылы) дүниеге келген. Сырлы Созақ – Ысқақ баб, Баба Түкті Шашты Әзіз, Қарабура, Саңғыл би әулиелердің мәңгілік мекені. «Созаққа барсаң күйшімін деме..», - деп халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, киелі өнер қонған өлкеден Тоқа, Бапыш, Сүгір Әліұлы, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров сияқты дарынды күйшілер, Құлыншақ Кемелұлы, Сәуірбек Бақбергенов, Құлжабай Төлеуов, Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Бәтима Батырбекова сынды дүлдүл айтыскер мен ақын-жазушылар, әйгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов, кейінгі толқын саналатын жастардан эстрада жұлдыздары Сәкен Майғазиев, Кенжебек Жанәбілов, Жұбаныш Жексенұлы, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып туып өскен, құт қонған өлке. Қазақылықтың қаймағы бұзылмай сақталған киелі топырақтың тумасы Бибімария білдей бір үлкен қарашаңырақта он екі ағайынды бауырымен бірге құт пен береке тұрақтаған, зиялы отбасыда дүниеге келген. 1966 жылы Ф.Энгельс атындағы орта мектеп табалдырығын аттаған сәтінен бастап тумысынан бойында бар алғырлығы мен қабілеттілігіне өнегелі әке-шешесінің сіңірген міндетіне жауапкершілікпен қарау, бастаған істі тастамай аяғына жеткізе білу, үлкенді құрмет тұтып, кішіге ізет білдіру, беймәлім әлемге жол бастар жолбасшыдай ұлағатты ұстаздарын сыйлау сияқты т.б. қасиеттері қосылып, балауса қыз озат оқушыға айналады. Оған қоса, үздік шәкірт қоғамдық іс-шараларға да қатысудан қашпай, әрқашан қайнаған мектеп өмірінің бел ортасында жүргенді ұнататын. Әрбір іс-шараға қатысып қана қоймай, олардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, ұйымдастырушылық қабілеттен құр алақан еместігін байқатып, басқа да қырынан таныла жүретін. Аталғандармен қоса, мектептен бос уақытта жұмысқа араласып, еңбек дағдыларын бойына жинайтын. Өзі туып-өскен Қарақұр ауылы негізінен мал шаруашылығымен айналысатын. Ол уақытта ауыл жастары секілді балауса Бибімария да қой қырқу, қойды күйекке түсіру, сақпан бағу секілді науқандық жұмыстардың бел ортасында жүретін. Ол замандағы жастар еңбекке ерте араласқаннан ешқандай зиян көрмейтін. Қайта бұл оларды еңбекке құлшындырып, еңбек ұжымымен араластырып, оң-солдарын танығанша көмектесетін. Осылайша, оқушылық кезеңдерін барынша пайдалы өткізуге тырысып, келешек өміріне қажетті білім қоры мен еңбектік машықтарды ала жүріп, 1976 жылы аталмыш білім мекемесін жақсы деңгейде бітіріп шығады.
      Алтын ұя мектебі қабырғасынан түлеп ұшысымен іркілместен қайнаған еңбек майданына араласып кетеді. Сөйтіп, 1976 жылдың қыркүйек айынан бастап Ф.Энгельс атындағы совхозда жұмысшы болып еңбек етеді. Оқушы күнінен көз қарақты шаруаны еңсеріп кету аса қиындық тудыра қоймайды. Өзіне тапсырылған әрбір іске мұқияттылықпен, асқан жауапкершілікпен қарап, жүктелген міндеттің үдесінен шыға жүріп, ұжымдағы еңбек тәртібіне, адамдармен қарым-қатынас жасау мәдениетіне үйреніп шығады. Солайша, осы орында бір жылға жуық жұмыс жасап, сол аралықта қыз баланың өмірдегі асыл мұратының бірі – тұрмыс құру болғандықтан, 1977 жылдың тамыз айында Тұрмаханов Мэлс Ашықбекұлына тұрмысқа шығып, жанұялы болады. Осы уақыттан бастап отанасы ретінде өзін отбасы жылулығын сақтауға, бала-шағасы мен асыл ерінің жағдайын жасауға арнайды. Жас жұбайлардың ақ некесінен өмірге екі ұл, екі қыз бүлдіршін балапандары дүниеге келеді. Келін болып аттаған ақ босағасындағы қайынжұрты көзі ашық, көкірегі ояу көргенді жандардың өніп-өскен үлкен әулеті еді. Бас құраған күннен бастап, өмірлік тірегі, арқасүйер азаматы екеуі қол ұстасып, асау толқынды өмір дариясынан бірге жүзіп өтуге бел байлайды. 1988 жылы жұбайының қызмет ауыстыруына байланысты Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылына қоныс аударады. Бұл уақытта балалары біршама өсіп қалғандықтан, әрі қол қусырып бос отыру табиғатына жат еңбекқор келіншек еңбек етуге кіріседі. Содан, сол жылдың қараша айынан бастап «Мал сою, ет тоңазыту» мекемесіне қатардағы жұмысшы болып жұмысқа тұрады. Бұл ет комбинатында біраз жыл жұмыс істеп, сауда саласында әжептәуір тәжірибе жинақтайды. Кейінірек «Созақ-Ет» акционерлік қоғамында, содан соң «Шолаққорған» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де жұмысшы, таразышы, тоңазыту цехының мастері жұмыстарын атқарады. Осы салада 1996 жылға дейін жұмыс істеп, тәжірибе жинап, ысылғандығы жеке кәсіпкерлікке түбегейлі бет бұруына түрткі болады. Алғашында шағын дүңгіршекті жалға алып, ет сатумен айналысты. Орталықтан азық-түлік дүкенін ашты. Сауда істеу дәстүрге ене қоймаған ауылда бұл әрекетінен еш қымсынбады да. Өйткені, бұған оны жақсы өмір сүруге деген ұмтылыс итермеледі. Кейін жұмысы жүре келе «Мөлдір» дүкенін, дәмхана ашты. Сонымен қатар, жылқы өсірумен айналысатын «Мөлдір» шаруа қожалығын құрды. Шаруа қожалығында мал бордақылау, мал асырау, оған жем-шөп дайындау, жайылымдық, тәлімдік жерлерде осы малдардың жем-шөбін дайындау жұмыстарымен айналысатын. Осылайша, ортақ іске жұмыла кететін отбасылық кәсіптің негізін қалады. Бизнес бастапқыда тек кедергілерден тұратыны белгілі, оның бірі деп тәуекелге барудан тартынуды айтуға болады. Бизнес табыс әкелуі үшін ешнәрсеге қарамастан тәуекелге бел буу керек. Осындай тәуекелшіл жандардың қатарынан бала күнінен ешбір қиындыққа мойымайтындығымен дараланатын қайсар келіншек Бибімария да табыла білді. Қиын да сындарлы сәтте өз жолынан айнымай, күндіз-түні тынбай жүгіріп жүріп, кәсіптің көзін тауып, заманына қарай бейімделе алды. Бұл жерде арда азаматтың бойындағы төзімділік, бірбеткейлік, еңбексүйгіштік, жалқаулық пен бойкүйездікке бой алдырмауы, жеткен жерінде қалып кетпей, үнемі алға ұмтылуы сияқты адами қасиеттері мен кәсіпкерлік жолдың алғашқы жылдарындағы шығын көлемінің көптігіне мойынсұнбайтын қайсар мінезділігі үлкен рөл ойнағаны болып тұр. 
      Бірде шатасып, бірде жолы болып, жеке кәсіпкерлікті де сәтті игеріп кете алған Бибімария анамыз осы кәсібін әлі күнге табысты жүргізуде. Күндіз-түні шапқылап жүріп, ерінбей жасаған еңбегінің нәтижесі ретінде «Мөлдір» дүкені қазіргі таңда «Мөлдір» мейрамханасы болып, халыққа қалаулы ас үйіне айналып отыр. Сонымен қатар сауда қатарлары жұмыс жасауда. 
      Жеке кәсіпкерлікті таңдағанымен өз жеке басының ғана қамын күйттемей аймақтағы әлеуметтік-экономикалық, саяси іс-шараларға белсенді қатысып отырады. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының мүшесі. Созақ ауданының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген Бибімария апайымыз жұмыссыздықтың оңтайлы шешілуіне де ықпалын тигізіп келеді. Қазіргі кезде 15 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұнан бөлек, ол қайырымдылық шараларынан да шет қалған емес. Өз отбасының ғана емес, бүкіл елдің қамын ойлайтын кәсіпкер тұрмысы төмен отбасыларға мүмкіндігінше ылғи көмектесіп отырады. Арыс оқиғасы орын алғанда алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды. Қаншама адамдарға көмек қолын соза отырып, кәсібін дөңгелетіп жатқан атпал азамат жоғарғы білімі болмаса да, алға қойған арман, мақсаттарына табандылық танытып, қиындықтарға шыдап, осы жетістіктің жемісімен қатар жеңісін де көріп отыр.
      Осындай жомарттығымен елдің ыстық ықыласына бөленген іскер әйел толағай табыстар мен үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Бибімария Досмағанбетқызының ерен еңбегі еленіп, мерейін үстем ете түскен марапаттар қатары жетерлік. Атап айтсақ, 2016 жылы «Нұр Отан» партиясы Созақ аудандық филиалынан «Алғыс Хат» алған. 2017 жылы Оңтүстік Қазақстанның болашаққа бағытталған қадамын нықтау жолындағы елеулі еңбегі үшін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың және Созақ ауданының әкімі М.Исаевтың «Алғыс Хаттарын» иеленген. 2018 жылы кәсіпкерлік саладағы жетістігі, басқарудағы біліктілігі мен жоғары ұйымдастырушылық қабілеті үшін «І ДӘРЕЖЕЛІ БІЛІКТІ БАСШЫ» атағы Қазақстанның педагогикалық академиясының президенті Ж.Төлтебайдың төсбелгісі кеудесінде жарқыраған. Бұл жылғы марапаттар қатары мұнымен түгесілмей, қоғамға үлгі болар өнегелі істері үшін Оңтүстік Қазақстан облыстық іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы Қ.Бакенованың «Алғыс Хатын» алса, сонымен қатар, Созақ аудандық маслихаттың хатшысы Б.Байғараевтың «Құттықтауы» және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Ал 2019 жылы Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы қажырлы еңбегі үшін аудан әкімі С.Полатовтың «Алғыс Хаты»; Түркістан облысы, Кәсіпкерлер палатасы Созақ аудандық филиалының директоры Ғ.Жүсіптің «Алғысы»; Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің «Алғыс Хаты»; Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы С.Тулегенованың «Алғыс Хаты» берілген. Сондай-ақ, осы жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «BUSINЕSS LADY QAZAQSTAN» конкурсында еңбегі лайықты бағаланып, «Түркістан облысы бойынша әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамытқаны үшін» номинациясының иегері атанды. Бұларға қоса, отбасындағы тәрбиесінің жемісі ретінде «Мерейлі отбасы» атағы берілді.
      Келесі 2020 жыл да жетістіктерге толы болды. Алдымен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаевтің «Алғысына» ие болды. Одан кейін, Қазақстан Республикасының дамуына ықпал еткен көп жылдық жемісті еңбегі үшін «Қазақстанның құрметті азаматы» қоғамдық мойындау орденімен және Қазақстан Республикасының әлеуметтік саласына және қоғамның дамуына қосқан ұзақ жылдық еңбегі үшін «Ардақты ардагер» төсбелгісімен марапатталды. Егемендігіміздің 30 жылдығына орай елімізге жасаған ерен еңбегі үшін «Жылдың 100 жаңа есімі» автобиографиялық энциклопедиясына және Қазақстан Республикасына еңбегі сіңгені үшін есімі ел есінде қалатын алтын жүректі тұлғаларды топтастырған «Қазақстанның Алтын кітабы» басылымына есімі енді. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Алтын кітабы» төсбелгісін иеленді. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда жалпыұлттық деңгейде тұңғыш рет өткен партияның сайлау алды іріктеуіне белсенді атсалысқаны үшін Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ө.Шөкеевтің «Алғыс Хаты» табысталды.
      Ал 2021 жылы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының төрайымы Л.Рамазанованың өңірдің экономикасы мен әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін «Аруана» бизнес құрметі сыйлығының лауреаты атанып, Дипломымен марапатталды. Оған қоса, «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Л.Рамазанованың іскер әйелдер кеңесінің дамуына қосқан үлесі үшін «Алғыс Хатына» ие болды. Осындай елеулі марапаттарымен қатар елден алған ақ батасы мен сауаптарының шарапаты болар, бәлкім, Алланың берген алтын асықтай екі ұлы мен екі қызы бүгінде әр саланың тізгінін ұстаған жоғары білімді әрі үйлі-баранды болып, айрандай ұйып отырған жағдайлары бар. Қазіргі таңда осы ұл-қыздарынан он үш немере сүйіп отыр. Арқасүйер азаматы білдей бір үлкен қарашаңырақтың отағасы болып отырған азамат. Уақытында түрлі жауапты қызметтерде жұмыс жасап, қазіргі таңда байқуатты зейнеткер ата болып отыр. Мэлс ағамыз бен Бибімария апайымыздың жанұясы бүгінде жемісі мол алып бәйтеректей саялы, жылулық пен мейірім құйылған үлгілі шаңырақ. Ерен еңбегімен әулеттің ғана емес, халықтың жанына жақын, мұқтаж жандарға көмегін аямай, қолындағы барын беріп, жақсылық жасаудан жарысып жүрген жандардың бірі, аяулы жар, мейірімді ана, табысты да үлгілі кәсіпкердің өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі етуге тұрарлықтай.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...