Сауранбекова Күнімхан

Рейтинг:
Кәсібінен береке тапқан ана

      Тәуелсіздік пен тыныштық ұялаған азат мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде жас ұрпақ үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген елдің елеулісі, халықтың қалаулысы болып үлгерген көптеген азаматтарымыз бар. Сол жандармен бірге өмір бәйгесінің аламанына қосылған балдырған бүлдіршін балапандарымызға алақаны мен жүрегінің жылулығын қатар беріп жүрген «Нұрәділ» балабақшасының құрылтайшысы, кәсіпкер – Сауранбекова Күнімхан Жағрафияқызы. 
       Күнімхан 1951 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау кентінде қарапайым ғана шахтер әке Жағырафия мен тоғыз бірдей перзентті дүниеге әкелген «Батыр ана» Күлбибінің құт қонып, береке дарыған қарашаңырағында дүние есігін ашқан. 
       Күнімхан Жағрафияқызы Кентау кентіндегі №16 мектептің табалдырығын аттайды. Оқу десе ішкен асын жерге қоятын қаршадай ғана бүлдіршін қыз ұстаздар қауымының назарын өзіне бұрып, айтылған дүниені табан астында қағып алатын ойының аса ұшқырлығымен көпшілікті лезде өзіне баурап алады. Түбінде бір үлкен жетістікке жетеді-ау деген жақындары мен ұстаздарының үкілеген аппақ үміттерінің үдесінен шығып, сенімдерін ақтау үшін барын салады. 
       Алыстан сағымдай бұлдырап қол бұлғаған арманның жетегіне ерген жайдарлы мінезді қыз 1971 жылы Алматы қаласындағы политехникалық институттың экономика факультетіне оқуға қабылданады. Институт қабырғасында оқып жүрген сәттен бастап өмірдің үлкен баспалдақтарымен сүрінбей жүруге дағдыланып, бос уақытын текке кетірмей, үнемі терең ізденіс пен оқу барысында кездесетін барлық қиыншылықтарға мойымай, алыс арманға деген шағын қадамдарын сенімді түрде нық басады. Еңбекқор отбасында көрген тағылымы оған көп жерлерде өзін тек қана жақсы қырынан көрінуіне себепші болады. 1976 жылы экономика факультетін өте жақсы деген бағаға аяқтап, көктемдей болып өте шыққан бес жылдағы студенттік кезеңнің небір қызығы мен шыжығы таусылмастай көрінетін сол бір қайталанбас шақтарда өзімен бірге талай дәуренге куә болған, өзі жанымен, жүрегімен қалаған сүйікті адамы Жалағаш өңірінің тумасы Аяғанов Серік атты азаматпен отбасын құруға бірге шешім қабылдаайды. Институтпен қоштасқан екі жас бір тілек, бір жүрек болып, дипломдарын құшақтаған күйде отбасылық үлкен өмірге қадам басады.
       Оқуын енді ғана тәмамдаған, талабы таудай жас үлкен еңбектегі жолын тұтынушылар одағының бухгалтериясынан бастайды. Өн бойын жұмыс жасауға деген құштарлық пен күш-қайрат кернеген жас талап жаңадан орналасқан жұмысына білек сыбана кірісіп, аз ғана уақыттың ішінде өз жұмысын асқан ыждағаттылықпен дөңгелетіп әкетеді. Алайда, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманының тоқсан түрлі бәлесіне тап болған жас отбасы қарапайым халықпен бірге жоқшылық пен жетіспеушіліктің зардабын тартады. Жас мемлекетіміздің құрылу қарсаңындағы уақытша ғана болып жатқан қиыншылықтарды екі жас қол ұстасып бірге еңсеруге бел буады.
       Еліміздің экономикасы тұралап жатқан кездерде енді ғана отау құрған жас отбасы өз нандарын өздері адал жолмен табуға бел буып, өз еріктерімен үлкен бір ауқымды істі бастауды бірлесіп қолға алады. Ұлттық рухымыз бен салт-санамыздың сан ғасырлар ұмыт болуға айналған ою-өрнектерін қайта жаңғырту мақсатымен тігін цехын ашады. 
       Кәсіп жасаудың, бизнес бастаудың қыр-сырын барынша меңгеріп алған жас отбасы уақыт өте келе өз кәсіптерін одан әрі кеңейтіп, «Салтанат» кафесін ашуға тыңғылықты дайындықпен білек сыбана кіріседі. Жағдайдың қиындығына қарамастан, кәсіптерін дамытып қана қоймай, бірнеше адамды жұмыспен қамтып, жас мемлекетіміздің дамуына аз да болса үлес қосады. 
       Күнімхан Жағырафияқызы отағасымен ақылдаса келе қонақ үй бизнесін қолға алады. Аудан орталығындағы қаңырап бос жатқан қос қабатты ғимаратты сатып алып, ауданда тұңғыш болып қонақ үй ашады. Жаңадан ғана бастап ашылған кәсіптеріне қыздары Салтанаттың есімін береді. Кәсіптерінің тасы өрге домалап, қомақты табыс әкеле бастайды. 
       Әуелден-ақ әке-шешенің берген жақсы да өнегелі тәрбиесін бойларына сіңіріп өскен құтты әулетке айналған жайсаң мінезді жандар қандай жағдай болмасын мұқтаж адамдарға шамалары жеткенше қол ұшын созып, шамалары келгенше шарапатты істерге мұрындық болып, қайырымды істердің басы-қасында болады.
       Жаратқанның жазуымен Күнімхан апайымыз бен жолдасы екеуінің қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген сүйікті қыздары Салтанат тұрмысқа шығып, бір шаңырақтың келіні атанады. Көп ұзамай тәп-тәтті немерелердің ата-әжесі атанады. Шексіз бақыт пен қуаныштың құшағында тербеліп, немерелерінің балдай қылықтарына тоймай, тіршілік кешіп жатқан жайы бар бүгінде.
       Көптеген жоспарлар мен тыңғылықты жұмыстардың нәтижесінде 2014 жылы 14 маусымда балалар бақшасының тұсаукесер рәсімін жасап, қызу жұмысқа кірісіп кетті. Балабақшаның атауын сүйікті немересінің құрметіне «Нұрәділ» деп қойған болатын. 
       Балабақша жұмысы бірден ерекше қарқын алып, Күнімхан апайымыздың көпжылғы тәжірибесі мен аналық мейірімін ерекше бағалап, үлкен сенім артқан жандар өздерінің кішкентай бүлдіршіндерін балабақша тәрбиешілерінің қамқорлығына тапсырған болатын. Осы жайттарға қарап отырып Күнімхан Жағырафияқызының айналасы мен ортасына сыйлы, көптеген жандардың үлкен сеніміне ие болған жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ, ерекше жаратылған жан екендігін еш қиындықсыз аңғаруымызға болады. 
       Күнімхан апайымыздың жеке бастамасымен ашылған балабақша бүгінде керемет идеяға айналып, ата-аналардың риясыз махаббаты мен сеніміне ие болған, соңғы технологиялық аппараттармен жабдықталған керемет үлгідегі үздік балабақшалардың қатарына қосылып үлгерген. Нәтижелі жұмыс жасап келе жатқан балабақшаның облыс, республика көлемінде болып жататын түрлі балабақшалар арасында өткізілетін сайыстардың барлығынан дерлік қанжығасы майланып, топ бастап келіп жүр. Атап айтар болсақ, төмендегідей жетістіктердің барлығы Күнімхан апайымыз бен қызы Салтанат бастаған ұжымның тынымсыз жасап жатқан бастамалары мен ерекше форматта жүргізіп жатқан жұмыстарының берген жемісі деп түсінсек болады. «Нұрәділ» балабақшасының тәрбиешілері мен балапандай бүлдіршіндері 2015 жылы «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау» күні мерекесіне орай «Бірлігіміз жарасқан!» ұранымен өткен аудандық балабақшалар арасында көңілді эстафета бағдарламасында екінші орын және «Ғажайыптар елі» тақырыбында өткен мерекелік іс-шарада «Хайуанаттар елі» номинациясы бойынша жүлделі екінші орынды иеленді. Тек қана мұнымен тоқтап қалмай, 2018 жылы 
       Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Астананың жиырма жылдығы» аясында өткізілген «Өлкенің гүл жайнаған балғындары» тақырыбында аудандық іс-шараға белсене араласқаны үшін балабақша тәрбиеленушісі Аухатова Нұрлыайым мен Оңдасын Елхан «Алғыс Хатпен» марапатталды. Дәл осы жылы «Астана қаласының 20 жылдығы» мен «Қызылорда қаласының 200 жылдығына» орай балабақша қызметкерлері арасында өткен волейбол спартакиадасында бірінші орынды, 1 маусым – балаларды қорғау күнінің қарсаңында «Көңілді старт» ойындарының I этабында I орынды иемденіп, жетістік қоржынын молайта түсті.
       Күнімхан Жағырафияқызы өзінің саналы да мән-мағынаға толы ғұмырында өзі танитын немесе мүлдем танымайтын жандарға қолынан келгенше, жағдайы жеткенше жәрдем қылудан еш уақытта тартынып, бойын алып қашып көрген жоқ. Бойына тумысынан дарыған мейірбандыққа толы жүрегімен жан-жағындағы ағайын-туыстарына, дос-жарандарына шуағын шашып, өзі де басқа тілектес жанашыр жандардың алғысына бөленіп, жан-жары мен қызының, тәтті қылықтары таусылмайтын немерелерінің жанында, қарашаңырағының астында бақытты да баянды өмір сүріп жатыр.
       Олай болса, Күнімхандай мейірбан аналарымыз көбейе берсін. Тек биік белестерді бағындырып, дәйім жақсылықтарымен бөлісуге жазсын!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...