Еркінбек Мұсабаев

Рейтинг:

ТЕҢІЗДЕЙ ТЕРЕҢ ҚАБІЛЕТ
 
      Адамның ілгерілеу талабы неғұрлым биік болса, соғұрлым оның қабілеті, таланты тез, өмірлі болып дамиды. 
Николай Чернышевский
      Толқыны жағаға ұрған Сырдарияның бойында қайсыбір істе болмасын таланттар басым. Алашқа ана, талайға пана болған Сыр-Ананың жатырын жарып шыққан тау таланттар көп мұнда. Табылдының әніндегі «Біздің қырда төбешіктей аналар, дүниеге таудай ұлдар әкелген» қасиетті Ақмешіт топырағы емес пе?! Қаржы саласының дамуына өзіндік үлесін қосып, табан ет, маңдай терін төгіп жүрген елдегі осындай мамандардың бірі – «ForteBank» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Еркінбек Түрікбенұлы Мұсабаев. Ол – Нұрсұлтан Әбішұлының «Алдымен экономика, сонан соң саясат» деген қанатты сөзін ұстаным етіп алып, қаржы саласының дамуына атсалысып жүрген жандардың бірі.
      Еркінбек Мұсабаев 1968 жылдың 19 ақпанында Қызылорда облысындағы қасиетті Қазалы ауданында дүниеге келген. Асылы, қасиетті топырақ тегіне тартпасқа қоймайды, бала күнінен қатарының алды болып, қашан да биіктен көрінуге талпынған Еркінбек Түрікбенұлының болашағын тап басып ешкім айтпаса керек-ті. Алайда, «болар бала он бесінде баспын дер» деген тәмсілдің түп төркіні кейіпкерімізге арналып айтылғандай. Он бесінде жас болған да, бас болған да бар. Е.Мұсабаев кейінгі айтқан қатарда болды. Бала күнінен асқақ армандарға қол созып, биік мақсаттарға көз тіге білді. Қазақ халқы – биіктікті стандартты өлшеммен емес, көгінде қалықтаған қыранның қанатымен өлшеген дана халық. Еркінбек Түрікбенұлының да таудай таланты мен бармақтай бағы бала күнінен қалыптасып, есептен есе жібермейтін банк саласына батыл қадам басты. Ол үшін тек кірісе кеткен жоқ, алдымен талапқа сай білімді орта мектептен қалыптастырды. Қатарынан оза шауып, қай сәтте де алдыңғы қатардан көрінуге талпынды. Оның өмірлік ұстанымы – орыс драматургі Максим Горькийдің «Дарындылық – ол өзіңе деген сенім» деген қанатты сөзі. Еркінбек Түрікбенұлы сол ұстанымы арқылы биіктерді бағындырамын деген мақсатына да жетті.
      Мектеп бітіріп, «алдымда тоқсан таңдау, тоқсан жол» деген жас түлек 1985 жылы елге қажетті сала деп, Алматы зооветеринарлық институтының табалдырығын аттап, оқуға қабылданады. Талмай-тынбай ізденіп, білім кенін игеріп,1992 жылы дипломды маман болып елге оралады. Білікті маман еңбек жолын Сырдария ауданына қарасты КСРО-ның50 жылдығы атындағы совхоздың тұқым жұмыстары жөніндегі аға зооинженер-селекционер болып бастайды.
      Еңбек даласында ысылып, маңдай терін ауылдағы елдің игілігі үшін төгіп, мал шаруашылығын дамытуға шама-шарқынша өз үлесін қосуға талаптанды. Ауыл шаруашылығы елдегі локомотив саласы болғандықтан, бұл саланың қайнаған қазанында пісу – әрбір азамат үшін жауапкершілікті жұмыс. «Еңбегінен ел таныр» демей ме халық даналығы. Бұл салада да жас жігіттің еңбексүйгіштігі мен табандылығы көпшілікке байқалып қалды.
      Кез келген жаста мамандықты өзгертуге болады, ең бастысы – ынта мен жігердің болуы. Атақты психолог Луиза Хей былай деген екен: «Өзгеріске үй жинауға қарағандай қараңыз. Алдымен бірін, сосын екіншісін өзгертесің, енді бір қарасаң – айналаң жарқырап тұрады». Нарықтық экономика есік қағып келіп тұрған уақытта маңызды салалардың бірі – қаржы секторы болатын. Өз мүмкіндіктерін саралай келе, ел экономикасының басты салаларының бірі – қаржы саласын меңгеруге бет бұрды.
      Мықты, кәнігі мамандар керек болды. Ел мүддесі жолында мамандық ауыстыру дегеніңіз – өміріңізді жаңа арнаға бұрғанмен тең. Жаңашылдық пен өзгерістен қорықпайтын ізденімпаз жан  көп ойланбастан, 1994-1995 жылдары Алматы банк колледжінде(КазГАУ) есептен есе жібермей, экономикалық, қаржылық әлеуетті арттырар саланың қыр-сырына қанықты. Дегенмен орта білім беретін оқу орнымен шектеліп қалғысы келмеді, өйткені оның аталған саланы меңгеруге деген ынта-жігері өзгеше болатын. 1995-2000 жылдары Қызылордадағы іргелі шаңырақ Қорқыт ата атындағы университеттен экономист-менеджер  мамандығы бойынша білім алады.
      Тауға қарап емес, аспанға қарап қол созатын қайсар қазақтың даланың иісі бұрқыраған кең атырабындай алар асуы да – мол болары заңдылық. Қасиетті Қазалы аумағынан шыққан талапшыл жас алған білімін жүзеге асыруға кірісті. Бастысы, еңбек жолын жусан иісі аңқыған еңбек даласында бастаған ол үшін жұмыстың қиыны болмады, сондықтан іске мығым кірісіп, алар асуын еншіледі.
      Өмірде бәрі өзгеріп тұрады. Осыны жете түсініп, өз өмірін өзгертіп, өмірге деген көзқарасы да басқаша болды. Ынтасы артып, үлкен белестерді бағындыруға алысқа құлаш сермеді. 1994 жыл. Қазақстан Әлем банкінің Қызылорда облыстық басқармасында жинақтау қорында жай маманнан бастап, аға маман, жетекші маман, бас маман деңгейіне жетті. Бастапқы баспалдақта жылдап жүргендер бар, ал Еркінбек Түрікбенұлы бір жылдың ішінде осынша мамандық биігін бағындырып, сонау бас мамандық деңгейге дейін жетті.
      Мұнан әрі қарай қызметтік жолы  Тұран Банкінің Қызылорда облыстық басқармасында жалғасын тапты. 1994 жылдан 1997 жылға дейін аталған қаржы ұйымында маман, аға маман, жетекші маман деңгейлерінен өтіп, несиелендіру бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарды. Иә, генерал болуды армандамайтын солдаттың болмайтыны тәрізді ол өзін биіктен көргісі келді, алайда мансаптың соңынан қумады, қызмет маманның соңынан өзі жүгірді. 1997-2000 жылдары «БанкТұранӘлем» ААҚ Қызылорда филиалының депозиттік операциялар бөлімін басқарды. Мұнда да көрегенділігімен іске кіріскен ол өзінің тәжірибесінің молдығын көрсетті, елдің сенімін арқалады. Әйтпесе, алтын көріп жолдан тайған періштелер көп. Еркінбек Мұсабаев халықтың, оның ішінде басшылықтың үмітін үкіледі.
      Бұрындары мекеменің ішінде бөлім басқарып жүрген жан үшін аудандағы филиалдың бірінші адамы болу әсте қиын болмады. Өйткені, тәжірибе зулаған жылдармен қатар адамның өзіне талап қоюымен жиналады. Банк саласы– бақан сындырар қолдың емес, жұмысты жүйелі жүргізер ақыл-ойдың процесінен туындайтын сала. Басшылық артқан сеніммен банк саласының ақтаңгері 2000-2007 жылдары «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Арал аудандық филиалының басшысы болып еңбек етті. Кіндік қаны тамған қасиетті мекенде Қазалының түлегі әрбір істі жауапкершілікпен орындап, елдің оң жамбасына шығар жемісті нәтижелерімен танылды.
      Осының бәрі зерек ой, терең білім, жоғары парасаттың арқасында ғана мүмкін болатын дүниелер екені даусыз. Ал Еркінбек Түрікбенұлының бойынан аталмыш қасиеттердің барлығы да табылады. Ол қасиеттері сыртқы пішінінен, қарым-қатынасынан, сөйлеген сөзінен, ізгі ісінен анық байқалып тұрады. Е.Мұсабаев – өз ісіне қатал талап қоя білетін, сексеуілдің тамырындай терең білімдерін өзгелерге үйретуден жалықпайтын жан. Жастардың  бәрі оған тым үйірсек. Оның да өзіндік себебі жоқ емес. Биязы да жайдары жүзі, ақылшы сөзі кім-кімді де өзіне тартып алатын магниттей. Бүгінде ағамыздың жолын қуған сандаған мамандар ол көрсеткен бағытта, ол айтқан бағдарда қоғам үшін аянбай еңбек етуде. Елге еңбек сіңірудің үлгісін жастар қауымы Еркінбек Мұсабаевтан үйренді. Оның өлшеусіз  еңбегі оны халқының нағыз азаматына  айналдырды. 
      Банк іс-әрекетінің жалпы нәтижелерін талдау және бағалау үшін банк клиенттерінің және олардың шоттарының саны, банкпен көрсетілетін қызмет және операциялар көлемі, депозиттер көлемі, несиелік және инвестициялық салымдар көлемі сияқты сандық көрсеткіштер қолданылады.
      Сапалық көрсеткіштерді бірнеше бөлімдерге бөлуге болады. Бірінші табыстар және шығыстар көрсеткіштері тобының көмегімен банкті рентабелді басқару жүзеге асады. Құралдар айналымының жылдамдығы, операциялар, жетілдіру шығындарының еңбек сыйымдылығы, құжаттар айналымының жылдамдығы – бұл көрсеткіштер екінші топты құрайды. Үшінші топқа қызметтердің сапасы, құрылымы бойынша клиент сұранымдарының қанағаттану деңгейі, информация құпиялығының, іскерлік келіссөздер құпиялығын қамтамасыз етілуінің көрсеткіштері кіреді.
      Әлеуметтік көрсеткіштер ұжым мүшелерінің кәсіби дамуын, олардың еңбекке қатынасын, әлеуметтік проблемалардың шешімдерін табу деңгейін мінездейді немесе көрсетеді.
      Адам ресурстарын өте тиімді пайдаланатын банк, қызметкерлерін жақсы жұмыс жағдайымен қамтамасыз етіп, өз мекемесінің сенімділігін нығайтып, тұрақтылығын қалыптастырудың негізгі бағыттарын игереді. 
      Мақсаттарға жетудің тиімді шешімін таба алатын, жағдайды тез бағалай алатын жоғары деңгейлі кәсіби маман-басқарушы менеджменттің орталық тұлғасы болып табылады. Банк басқарушысы ойлау қабілетінің тереңдігі, өз ісін жетік білушілік, тәуекелге бара білу, табандылық немесе қайсарлық, көзделген жоспарларды жүзеге асыра білу және лидерлік қабілетке ие болу сияқты кәсіби және жеке сапалық қасиеттерге ие болуы тиіс. 
      Банк саласында өзара бәсекелестік жоғары деңгейде дамыған. Аталған саланың мамандығын төрт жыл табандап жүріп тәмамдағандар бар, бірақ шынайы мамандар аз. Өйткені, қаржы санау – еріккеннің ермегі емес, үздіксіз ізденіспен келер қабілет. 2007-2009 жылдары Еркінбек Мұсабаев «БТА Банкі» АҚ Арал аудандық филиалының директоры болып жұмыс істеді. Екінші деңгейлі банктердің өрістеп-дамуы үшін елмен етене, халықпен қоян-қолтық араласа алатын, елдің табиғатына терең бойлай алатын мамандар қажет. Еркінбек Түрікбенұлы  ерік-жігері мен білімділігі, кәсіби шеберлігі арқасында бұл үдеден шыға білді.
      Банк басшысы – өз саласының білгір маманы, сонымен қатар өзге саладан да хабары бар маман болуы тиіс. Ол – алысты болжай алатын көреген, топпен жұмыс істей алатын, қол астындағы адамдардың пікірімен санаса білетін, бар пікірлерден сөздің тобықтай түйінін шығара білетін ұшқыр ойдың иесі.
      Жақсы көшбасшы өсуді болжай алумен қатар, осы өсу кезінде командасын сақтап қалуымен анықталады. Мұндай көшбасшы болу үшін жаңалық енгізуге дағдыланып, күнделікті биікке қарай қол сермеу керек. Әйтпесе, орташа деңгейдегі басшы болып, мықтылар қатарынан қалыс қалатыныңыз анық. Еркінбек Түрікбенұлы өзгеріс енгізе алатын үздік басшылар қатарынан, өйткені күнделікті дамып, өсіп отыруды өз дағдысына айналдыра білді.
      Аудандық деңгейде еңбек етіп жүргенде осы дағдысы көмекке келіп, үлкен мектептен өтіп, өзінің облыстық деңгейдегі кез келген қызметті ұршықша иіре алатын маман екенін көрсете білді. Сол себепті біліктілігін жаңашылдыққа бағыттай   алған маман 2009-2011 жылдары «Альянс Банк» АҚ Қызылорда филиалының директоры болып еңбек етті. Облыстық деңгейдегі сан мың жұмысты өз орнымен жемісті атқарған директорды жұмысын жүйелі ету керек басқа да өңірлерге жөнелтеді. Өйткені, кәнігі маманның қабілеті аймақ таңдамайды, кез келген істің тасын өрге домалатады. 
     2000-2012 жылдары «Қазақстан Халық Банк» АҚ және «БТА Банк» АҚ Арал аудандық филиалдарын, «Альянс Банк» АҚ Қызылорда және Ақтөбе филиалдарын басқарып келсе, 2012 жылдың мамыр айынан бастап Қызылорда қаласындағы «Дани-Ер» ЖШС мекемесінің қаржы жөніндегі директорлығына ауысады.
     «Альянс Банк» АҚ Қызылорда облыстық филиалы қай уақытта да мамандардың жоғары деңгейімен көрінетін. Бұл ретте Е.Түрікбенұлының еңбегі зор. Адамды тік тұрғызатын екі аяғы емес, арманы мен парасаты, еркі мен жасампаздық қуаты. Өйткені, осы істі дөңгелете отырып, айналасына нағыз өз ісінің мамандарын жинақтай білді. 2013-2015 жылдары бұрынғы қызметіне қайта орнығып, филиал директоры қызметіне кірісті.
     Өз саласында білікті басшы атанып, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, ұжымды ұйымдастыра білген басшы қаржы саласының өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде мекеменің тасы өрге домалап, айы оңынан тууда. Сондықтан осынша жыл жүріп өткен еңбек жолында Еркінбек Түрікбенұлы 2000 жылы «Қазақстан Халық банкі» ААҚ басқарма төрағасының қолынан жоғары жетістігі үшін «Құрмет грамотасын» иеленді. Әлбетте, бұл марапаттың басы ғана. Өйткені, оның еткен еңбегі өлшеусіз болатын.
      2002 жылы кәсіби мереке аясында жоғары деңгейлі көрсеткіші үшін басқарма төрағасының «Құрмет грамотасын» тағы бір дүркін иеленді. Қаржы саласына қосқан қомақты үлесі артқан сайын, абырой биігі Эверестке бағыт алды.
      2007 жылы жоғары көрсеткіштері үшін «Банк Тұран Әлем» АҚ басқарма төрағасының өзі арнайы «Атаулы сағат» пен «Құрмет грамотасын» табыс етті. Еңбегі лайықты бағасын алған сайын адамның жұмысқа деген ынта-ықыласының артуы заңды,   Еркінбек Түрікбенұлы да өз қызметіне ерекше құлшыныспен кірісті.
      Әрбір жыл оны жақсылықпен, жағымды жаңалықтарымен тосты. 2008 жылы «Жыл серпілісі» номинациясы бойынша «БТА Банк» АҚ басқарма төрағасының «Қызметкердің ерекше еңбегі үшін» атты мадақтамасын иеленді.
      Оны тек банк саласындағы ұйымдар ғана емес, мемлекеттік мекемелер де құттықтап, ыстық ықыласын білдіріп жатты. 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалі иегері атанды. 
      Ал Ұлттық валюта күні, төл теңгеміздің туған күні банк саласындағы үздік қызметі үшін 2014 жылы ҚР Ұлттық Банкінің арнайы алғысы жарияланды. Дәл осы жылы банк саласындағы ерен еңбегі үшін Арал ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 
      Ел мүддесі жолында төгілген тер мен еткен еңбек қашанда биіктен көрінеді. «Қазақстан Республикасы Депутаттары Ассоциациясы» РОО-ның «Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл» мерекелік медалін 2015 жылы  Е.Түрікбенұлына табыстады. Әлбетте, халық қалаулыларының төл мерекесінде табыс етілген бұл медалдың маңызы жоғары.
      Қазақстан Республикасының қаржы секторының дамуына өлшеусіз үлес қосып, маңдай терін ел мүддесі жолында төккені үшін 2015 жылы 13 қарашада Қазақстан Республикасы Қаржыгерлер ассоциациясының Кеңес төрайымы А.Елемесова «ҚР Еңбек сіңірген қаржыгері» қоғамдық орденін өз қолымен табыстады.
      Ол үнемі ізденуден танған емес. Өйткені, ізденіс – биіктерге қанат сермеуге әкеледі. Ізденіс – адамды шыңдайды. Ізденіс – адамның көкірек көзін оятады. Еркінбек Түрікбенұлы қашан да қаржылық саланың айналасында,тынымсыз еңбектің ортасында жүреді. 
      Қазіргі техногендік даму мен жаһандану дәуірінде заман ағымы тез өзгеріп, құндылықтар ауысып, таным-түсінігіміз де кеңейіп келеді. Дегенмен, күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздегі сақталуы тиіс абсолютті ақиқаттардың бірі – дәстүрлі отбасы мен оның тұрақтылығы екендігі сөзсіз. Бұл – Мәңгілік ел идеясының мәңгілік құндылықтарының бірі.
      Бақытты отбасын құру екі-ақ адамның қолынан келеді. Бірі – отағасы да, екіншісі – отанасы. Ол үшін бұл екі тұлғаның болмысы бүтін болу керек. Яғни, екеуі де иманды, парасатты, отбасылық өмірді мемлекеттің негізі деп қарайтын, ағайын-туғанға қайырымды, бір-біріне бауырмалдылығымен ерекшеленуі керек. Өйткені, ата-ана – отбасының сәулетшілері.
      1971 жылы туылған Жанар Мадиярова екеуі сенім мен махаббатқа негізделген үлгілі шаңырақтың іргетасын қалаған. Бақыты мен шаттығы үйлесімдік тауып, бағы мен берекесі кірген шаңырақтың шаттығына куә болып, ұл-қыздары дүниеге келді. Әке – отбасының тірегі, ана – бүлкілдеп соққан жүрегі демекші, біреуі – әке, біреуі – ана атанды.
      «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бабаларымыз текке айтпаған, ананың сүтімен, әкенің қанымен бойға сіңген қасиет – жеткіншек өмірінің бағдаршамы іспетті. Бақытын баладан іздейтін ата-ана «не ексе, соны оратынын» біліп, өзінің әрбір сөзі мен әрекетіне мән бергені дұрыс. Отбасылық, ағайындық, туыстық қарым-қатынастарды үйрететін, қазақ шаңырағына ғана тән, жазылмаған қағидалар – әдептілікке тәрбиелеудің үлкен мектебі. Перзенттеріне тәлімді тәрбие беру жолында олар осы мектепті өздеріне үлгі етті.
      Өнегелі отбасындағы 1998 жылы дүние есігін ашқан Айбота Мұсабаевадай қызы қылықты, 2000 жылы туған Ернар Мұсабаевтай ұлы ұлықты болып ер жетті.  Қызы Айбота Еркінбекқызы – Қазақ Мемлекеттік Заң университетінің ҮІ курс студенті. Ал ұлы Мұсабай Ернар Еркінбекұлы облыстағы алдыңғы қатарлы білім ордасы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін тәмамдады. Арманы асқақ, мақсаты биік, болашағынан зор үміт күттірер дарынды келешекте өмірге бір кірпіш болып қаланатыны сөзсіз.
      Бір басында зооинженер, банк ісінің маманы, экономист-менеджер атты үш бірдей мамандығы бар жанның мұндай асу аспауға хақысы да жоқ. Өйткені, ол – биіктен көріну үшін жаралған жан. Бос уақытында спортпен айналысып, аяқдоп ойнауды әдетке айналдырған салауатты өмір салтын ұстанатын жігіт ағасы  кез келген мәселеге сергек қарайды.
      Мақсатқа ұмтылушылық – алған беттен қайтпайтын күшті ерік-жігері бар кісінің сапасы. Адамның мақсатқа ұмтылушылық қуаты, үміт–арманы, алға қарай ілгерілеу талабы неғұрлым тартымды әрі биік болса, оның қабілет-қарымы да жоғары болады. Қиындықтан қорықпайтын, кедергілерге мұқалмайтын Мұсабаев Еркінбек Түрікбенұлы«Альянс Банк» акционерлік қоғамы басқарма басшылығының 2013 жылғы 22 қазандағы бұйрығымен «Альянс Банк» АҚ Қызылорда филиалының директоры қызметіне тағайындалады. Ал 2015 жылдың 3 наурызынан бастап осы кезге дейін «ForteBank» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры лауазымды қызметін абыроймен атқарып келеді.
      – Тек қана алға қарай талпыну керек. Рим императоры Марк Аврелий: «Біріншіден, ештеңені де себепсіз және мақсатсыз істеме. Екіншіден, қоғамның пайдасына аспайтын ештеңені істеме», – деген сөзі менің жаныма жақын. Не істесем де халқыма бір пайдам тисе екен деймін, себебі халықтың үкілеген үміті мен сенімі мен үшін аса қымбат. Әрбір іске кіріскенде, ойымда тұратыны – осы. Қай биікке шықсам да, мені елдің қолдауы демейді. Қазақ – қасиетті топырақта өсіп-өнген халық. Сол топырақтың қасиеті бізге де дарысын деп тілеймін.
      Еркінбек Түрікбенұлының арман-мақсаты осы оймен ұштасады. Өйткені, ол – бір ғана атаның емес, тұтас елдің ұлы. Өзін «халықтың ұлымын» дейтін біртуар азаматтың болмысы да бөлек. «Бақыт тапқыңыз келсе, өзгелердің сізді мойындауы туралы ойламаңыз. Қуанышты өз ішіңізден табуға тырысыңыз. Өз-өзіңізбен бақытты болыңыз», – дейді Дейл Карнеги. Еркінбек Түрікбенұлы – өмірден өз орнын табу арқылы бақытын тапқан жандардың қатарынан.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

15 сентября 2025 19:43
Ардак
Абила бүгінде үлкен жанұяның акжаулықты анасы отау тіккеніне 40 толып ұрпақ рахатына бөленіп отырған бақытты жансың...
14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...