Қайрат Мусин

Рейтинг:
ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА
 
      Құрамында шаруашылықтың әр саласымен айналысатын жиырмадан астам құрылымдық бірліктері, сондай-ақ Қазақстанның біраз қалалары мен Египет, Қытай, Израиль, Индия, Ресей мемлекеттерінде өкілдіктері бар «ҚМ компаниялар тобының» бас директоры, Ауған соғысының ардагері, «Құрмет» орденінің, «Парыз -2009» Президент сыйлығының иегері, ел экономикасын дамытуға қосқан жеке үлесі үшін «Қазақстан даңқы» орденімен, экономика саласында екі жақты тиімді қарым-қатынасты нығайтқаны үшін Ресей Федерациясының «Достастық жұлдызы», Европа Бизнес ассамблеясының «Виктория Ханшайымы» ордендерімен, Францияның «SEIN» ассоциациясының Алтын медалімен марапатталған, есімі елімізге танымал тұлға – шығысқазақстандық кәсіпкер Қайрат Маратұлы Мусинге арнайы жолығып, қалың оқырманға жақынырақ таныстыру үшін, емен-жарқын әңгімеге тартқан едік.
      – Қайрат Маратұлы, әңгімемізді ең алдымен туған жер, туған ел, өскен ортаңыздан бастағанымыз дұрыс болар.
      – «Балалық шаққа саяхат жасайық» деп отырсыз ғой, ол да жөн екен. 1960 жылғы шіліңгір шілденің жұлдызында Ұлан ауданының Тасөткел деген шағын ауылында Марат пен Мәрзия Мусиндердің қарапайым отбасында дүниеге келіппін. Мектепке кіргенше, Батқолда атам мен Дина апамыздың қолында өстім. Ауылымыздың жанынан Тасөткел өзені ағып жататын, Нұржау деген тауымыз бар еді. Балалық көзқарас, балалық пәк сезім мен сағыныш дегеніңіз ерекше есте қалады ғой. Бүкіл ауылдың балалары жаз бойы жағасынан шықпайтын, сол күркіреп жататын Тасөткелге жетер өзен, басына ентіге шығатын Нұржаудан биік тау әлемде жоқ сияқты көрінуші еді. Сол кезде «жердің жәннатындай» болған ауылымыз қазір жоқ, бірақ балалық сағыныш дегеніңіз өшпейді екен көңілден...
      Кейінірек сол ауданның Шымқора ауылына көшіп келіп, мектепті сол жерде бітірдім. Бұл ауыл – қазір Ұлан ауылы деп аталады, қазақтың біртуар ғалымы Сәрсен Аманжолов, ақын-жазушылар Тұрғазы Нұқаев, Мүсілім Құмарбеков, Серік Ғабдуллин ағаларымыз өсіп-өнген, көптеген спортшылар шыққан киелі де қасиетті мекен. Мектепте мінезім ұяңдау болды, бірақ сабағым – «төрт» пен «бес». Өзім класымыздың старостасы болдым, жоғары кластарда бокспен айналыса бастадым. Ол кезде милицияның беделі мықты еді ғой, төрт-бес ұл сол милицияның мектебіне оқуға жиналып, бір жолдасымыз құжаттарын дайындап үлгере алмағандықтан, «за солидарность» деп, қалғанымыз да бармадық. Бір жыл ауылдағы құрылыс цехында жұмыс істеп, келесі жылы Қарағандыдағы жоғарғы милиция мектебіне емтихан тапсырып, диктанттан «өте алмадым». Сол жолы біздің облыстан барған жиырма екі баланың біреуі ғана қабылданып, қалғанымыз қайтып келдік. Бұл дүниеде әділетсіздік дегеннің болатынын сол жолы алғаш рет байқадым...   
      Қайтып келген соң, Өскемендегі Құрылыс-жол институтының дайындық курсына оқуға түсіп, 1979 жылғы мамырда әскери борышымды өтеуге аттандым.
      – Қайрат Маратұлы, сіздің бүгінгі күні «орынсыз, қате соғыс болды» делініп жүрген, қаншама өрімдей жасты қыршынынан қиған Ауған соғысына қатысқаныңызды, онда көрсеткен батылдығыңыз бен ерлігіңіз үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, бірнеше медальдармен, оның ішінде Ауғанстан Президентінің Жарлығымен «Жауынгер-интернационалистке Ауғанстан халқының ризалығы» медалімен марапатталып, қазір «Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің облыстық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде көптеген өнегелі істер атқарып жүргендігіңізден хабардармыз. Сол жөнінде өзіңіз кеңірек таратып айтып берсеңіз.
      – Оқу оқып жүріп, өз өтінішіммен әскерге кеткенімді әкем құптамаған еді. «Қайтып келген соң, оқимын», – деп мен де болмадым. Ол кезде жігіт үшін, Отан алдындағы әскери борышыңды өтеу – парыз ғана емес, мақтаныш сияқты болатын. Уақытында Армияға бармай жүрсең, «е-е, мынаның денсаулығында бір кінәрат бар-ау» деп барлығы сені мүсіркейтін сияқты көрінетін. Әскер көрмегеніңе қыздардан да ұялатынсың. Өзгені қайдам, өзімді әскери қызметке жетелеген, бір жағы, осындай намыс сезімдері болды. Ол кездегі бейбіт заманда соғыстың ортасына түсемін деген ой – өңім түгіл түсіме де кірген жоқ қой. Сонымен, Алматының 70-разъезіндегі жарты жылдан соң бізді Термезге, одан 1980 жылғы 4 қаңтарда шекарадан асырып, Кабул, Джелалабад арқылы Асадабад деген қалаға алып келді. 40-армия, 66-бригаданың 2-дербес батальонында, Пәкістанға жақын шекарада орналастық. Ол соғыстың орынды я болмаса, орынсыз екендігін ол кезде кім пайымдап жатыпты. Біздің міндет – әскери ант қабылдап, Отан алдындағы перзенттік міндетіңді өтеу болатын. Осы Асадабадта алты айдай оқу-жаттығу өткізіп, бізді соғыс ісіне үйретіп, дайындады. Екі жылдай бүгінгі «Халық Қаһарманы» Бақытжан Ертаевтың қарамағында болып, көп нәрсені үйрендім. Ол кісі – біздің батальонның командирі, әскери тәсілдерді жетік меңгерген, ержүрек басшы болды. Бақытжан ағамыз сарбаздарға жергілікті жердің тарихын, елінің салт-дәстүрі мен дінін сыйлауды үйретіп, жергілікті халықпен тіл табысудың да рөлін түсіндіріп отыратын. Мен батальонның материалдық жабдықтаушысы, командирдің орынбасары бола жүріп, елу бес рет азық-түлік, жанармай, оқ-дәрі жеткізуге шығыппын. Тау жолында талай рет дұшмандардың шабуылына ұшырап, көлігіміз неше мәрте минаға ұрынып, қаншама майдандас достарымнан айырылдым. Қорықпадық дегендердікі – өтірік. Шабуылдан соң, көлігіміздің қапталындағы қаптаған оқ іздері, аяқ-қолын мина жұлып кеткен жап-жас жігіттердің жан ұшырған айқайлары көз алдыма келгенде, әлі күнге дейін арқам мұздайды. «Марқұмдардың әрқайсысы бір-бір шаңыраққа иелік етіп, ертеңгі күні ұрпақ сүйер азаматтар еді ғой», –   деп, жүрегім қан жылайды. Ол соғыстың қасіреті, жүрекке салған жарасы өзіміз тірі тұрғанда ұмытылмайды ғой. 
      Жаңа өзің атап өткен бірлестігіміз 2009 жылы 9 қаңтарда «Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылуының  20 жылдығына орай» құрылған болатын. Ол ұйымымыздың басты мақсаты – соғыста қаза болған жауынгерлерді есте сақтау, сол марқұмдардың, мүгедек болып оралғандар мен соғыс ардагерлерінің заңды құқықтарын қорғап, қолдан келгенше көмек көрсету, олардың өмір жолы арқылы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру. Осы мақсатта 2015 жылғы 20 шілдеде Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде «Туған жерге – тағзым!» акциясы аясында менің демеушілігіммен  Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысында қаза болған боздақтарға, соғыс ардагерлеріне арналған саябақ ашылды. Оның ішінде Ұлан жерінен шыққан Кеңес Одағының он батырына орнатылған кеуде мүсіндері мен қаза болған жауынгерлерге бағышталып «Тырналар» ескерткіші орнатылды. Екі соғыстың да хабаршысы ретіндегі мойындарын көкке созған, қанаттары жаралы, бір ақ, бір қара тырнаның арасында азаматын жоқтаған, ұлынан айрылып, қайғыдан қабырғасы қайысқан Ана бейнесі орнатылған. Бұл салтанатқа «Халық Қаһарманы», «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-лейтенант, менің Ауған соғысындағы командирім Бақытжан Ертаев ағамыз, генерал-лейтенант, Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов, жерлесіміз, сенатор Сергей Плотников, ардагер ұстаз Жеңіс Құлсейітов, жазушы Сәдібек Түгел, белгілі спортшы Жанәділ Атаев, басқа да лауазымды құрметті қонақтар қатысты. Бұл жоба Қасым Қайсенов кентінің әкімі, менің туған ағам Думанай Маратұлы Мусин екеуіміздің арамыздағы келісім-шарт негізінде іске асырылды. Осы арада айта кеткен орынды болар, бұл саябағымыз – 2011 жылы 200 миллион теңгеден аса қаржыға Бұхара жақтан тас әкелдіріп, Өзбекстаннан қыш қашайтын арнайы шеберлер алдырып, Шығыстың архитектуралық үлгісімен салынған 400 орындық зәулім мешіттің жанынан орын тепті. Ол мешітті де туған ауданымда кезінде мен салдырған едім. Мұндай шаралардың барлығы – бір жағынан шейіт болған боздақтарға, ата-баба рухына деген құрмет болса, екінші жағынан өзімізді өкшелеп келе жатқан жас ұрпақты имандылыққа үйіру, өз еліне, өзінің ұшқан ұясына деген сүйіспеншілікке баулу, қайырымдылықтың өнегесін көрсету деп есептеймін.  
      – Отбасыңыз туралы білсек. Сіз басқан ізді басып, жолыңызды қуған балаларыңыз туралы айтып өтсеңіз? Ұрпақ жалғастығы болған балаларыңыздың болашағынан күтетініңіз?
      –  Жиырма жылдай тату-тәтті ғұмыр кешкен аяулы жарым, үш баламның анасы Әния Жамбылқызының да бұл фәниден ерте озуы отбасымыз үшін аса ауыр қайғы болды. Мамандығы қаржыгер болған Әния – бір жағы, менің кәсіпкерліктегі сенімді серігім, оң қолым, компаниямның белді басшыларының бірі болған еді. Ол арамыздан кеткелі, міне, он үш жыл болды. «Көзден кетсе де, көңілден кетпейді» деген рас екен. Анасы кеткенде, үлкен ұлым Мәди – он сегізде, екінші ұлым Дәмір – он бесте, ал кішкене қызым Дина – алтыда ғана болған. Қырық күн үйден мүлдем шықпай, «Балаларымды қайтіп тәрбиелеп жеткіземін?» – деп уайымға баттым. Аллаға мың да бір шүкір, осы қиын кездерде қасымда асыл Анам болды. Немерелерін өз құшағына басып, үйдің барлық жағдайын реттеп, тіпті, менің кәсібіме де анда-санда өз пікірін айтып, маған ақылшы болды. Таң атқанда, бөлмемнен шығар-шықпас анам есікте тұрып: «Балам, қашан үйленесің? Өстіп жүрмекпісің? Жалғыздық Аллаға ғана жарасқан. Әлде мені мәңгі қасыңда жүреді деп ойлайсың ба? Қызың болса, өсіп келеді. Оған сырласып, ақыл айтатын ана керек. Бос жүрісті қой да, үйленуді ойла», – деп ақыл айтатын. Сөйтіп жүргенде уақыт зымырап, бес жыл өтіп кетіпті. Анамның айтқанын тыңдап, 2009 жылы Әйкерім деген аруды шаңырағыма келін етіп түсірдім. Әйкерім атына сай балаларымның көңілін тауып, керемет ана болуға барлық күшін салды. Анама, туыстарыма да жақсы келін болды. Барлығының қабағына қарап, айтқандарын істеп, менің де барлық жағдайымды жасап, қонақтарымды да күтіп, талмастан қызмет етті. Әйкерім келгелі жанұямызға жаңадан бір жылу кіріп, жаңа өмірге қадам басуға бет бұрдым. Мәди, үлкен ұлым – Үкімет қызметінде жұмыс істейді. 2013 жылы Аяна атты келін әкеліп, бізге Айша бибі мен Кәусар атты немерелер сыйлады. Екінші ұлым Дәмірдің алғашқы мамандығы – заңгер, екіншісі – экономист, менің оң қолым, қолғанатым деп те айтуға болады. Өйткені, мен соңғы кездері қоғамдық іс-шаралармен көп айналысамын да, компаниямның барлық жұмысын ұлым атқарады. Екеуміз бірге іс-сапарға кете алмаймыз, біреуіміз кетсек, екіншіміз қалып, жұмысты басқарамыз. Дина қызым мектепті жақсы бітіріп, Л.Н.Гумилев атындағы Ұлттық университетінде «архитектура-дизайн» факультетінің екінші курсында оқып жүр. Дина – өте талантты, дарынды қыз. Суретті жақсы салады, көптеген республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Уақыт шіркін, соққан желдей өте шығады екен. «Қайтіп жеткіземін?» – деп уайымдаған балаларым ер жетіп қалды. Бүгінгі күні өзіме ақыл айтады (күлді). Ұлдарым – сырлас және жолдас. Қызым ақылды, ерке. Психология жөнінде кітап көп оқиды, оқығанын ойына түйіп маған барлық жаңалықты айтып береді.
      – Қайрат аға, бүгінгі күні Тәуелсіз Қазақстанымыздың маңдайалды кәсіпорындарының біріне айналып, алыс-жақын бірқатар шетелдерге де танылып, көптеген марапаттарға ие болып отырған компанияңыздың ең алғашқы қадамдарына және болашақ жоспарларына тоқталып өтсеңіз.
      – Әскерден кейін құрылыс-жол институтындағы оқуымды жалғастырып, 1986 жылы «жол қозғалысын ұйымдастыру» факультетін бітіріп, инженер-механик мамандығын алып шықтым. Осы арада бірден айта кетейін, бертінірек, компания кеңейе бастаған кезде, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «мемлекеттік және муниципалдық басқару» факультетін, одан бертінірек, компаниямыз ауыл шаруашылығымен қосымша айналыса бастағанда, Риддердің агротехникалық колледжін бітірдім. Сонымен, қазір менде үш диплом бар. Мен мұны мақтан үшін айтып отырған жоқпын, бұлардың барлығы да қызметіме қажет болған соң оқыдым. Қарамағымдағы мамандарға ақыл айтып, бағыт-бағдар беру үшін, сол саланы алдымен өзің жақсы білуің тиіс деп есептеймін. «Мен бастық екенмін» деп, айқайлай беруден жұмысың өзің ойлағандай жүре қоймайды, сондықтан да бұл оқулардың барлығының да менің жұмысымның алға жылжуына тигізген пайдасы аз болған жоқ.Жә, сонымен, мен соңғы курста осы қаланың Әния деген аруына үйленіп, дипломмен қатар екеуіміз тұңғышымыз Мәдиді көтеріп, 1986 жылы еңбек жолына қадам бастық. Оқу бітірген 50 түлектің көпшілігі сол кездері атағы дүрілдеп тұрған Өскемен халықаралық көлік-экспедициясы кәсіпорнына жұмысқа барғысы келді, ал олар бір ғана адамды қабылдайды екен. Сол жалғыз орынға менің орналасуыма, ең алдымен Ауған соғысында болғаным, одан соң отбасылы болғаным және оқуды үздік бітіргенімнің көп көмегі тиді. Сол мекемеде мен жол қозғалысы қауіпсіздігі инженері және техникалық қауіпсіздік инженері болып үш жыл қызмет істедім. Өндірістік  тәжірибе жинақтап, ұжымда жұмыс істеу жағынан біраз ысылдым. Бұдан кейін «Өскеменснаб» мекемесінде жеті жылдай қызмет істедім. Одақ ыдырап, экономика құлдырап, көпшілік ала дорбаларын арқалап сауданы жағалай бастағанда, 1993 жылы мен де базарға кеттім. Ол кезде екінші ұлымыз Дәмір де дүниеге келген болатын. Әнияның мамандығы қаржыгер еді, ол да менің шешімімді қолдады. Сонымен, Орталық базардың директоры, Өскемендегі алғашқы кәсіпкерлердің бірі, ол жағынан тәжірибесі мол Қазыкен Мұхамадиев ағаның шақыруымен сол кісінің орынбасарлығына орналастым. Кәсіпкерліктегі ең алғашқы қадамым – сол базардан жалға орын алып, «Мәди» фирмасын құрып, ет сатудан басталды. Саудаң тиімді болуы үшін, өзіңнің малың болуы керек екен. Содан мал өсіре бастадық. Жұмыс жүріп, ақша құрала бастаған соң, өзіміз жеке базар ашып, оған «Дина» деп қызымыздың есімін бердік. Кейінірек, банк арқылы ғимаратымен қоса баспахананы сатып алып, газет шығарып, кітап басу ісін жолға қойдық. Қаланың орталығынан «Заңғар» сауда үйін аштық. Осылай біртіндеп кеңейіп, қанатымыз қатая түсті. Қазір компания құрамында жиырмадан аса құрылымдық серіктестер бар, оларда мың жарымнан аса адам еңбек етуде. Кәсіпорындарымыздың барлығында өз еңбеккерлерімізге де, сырттан келетіндерге де барынша қолайлы жағдайлар жасауға тырысамыз. Мәселен, «Дина» толайым-сауда кешенінде теміржол кіретін тұйық алаң, бірнеше көкөніс қоймалары, ет павильоны, ветеринарлық лабораториясы, техникалық қызмет көрсету станциясы, асхана, дәмханалар, әрқайсысы 60 орындық екі қонақүй бар. Саудамен Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан, Ресей сияқты көптеген шетелдерден келетін болғандықтан, осы базардың ішінен шетел азаматтарын тіркеуге алатын көші-қон қызметінің, қалааралық телефон байланысының  бөлімшелерін ашып қойдық.
      Компания құрамына енетін «Қанжар» серіктестігі Қазақстандағы ең алғашқы жылжымалы мал сою кешені болып табылады. Барлық стандарт талаптарына сай келетін, финляндиялық заманауи қондырғылармен жабдықталған бұл кешен елді мекендерді аралай жүріп, малды сойып, етін тұтынушыға дейін жеткізіп береді.
      Бұл айтып отырғаным – оқырман біздің кейбір кәсіпорындарымыздың жұмыс ауқымымен таныссын дегенім ғой. Ал енді өзіңіз сұраған алдағы жоспарлар жайлы, оны да қысқарта айтайын. Біздің «EX-TA» серіктестігі – баспа ісі мен полиграфия саласы бойынша өңірдегі көшбасшы кәсіпорын. Газет басу мен әдеби кітаптар шығарумен қоса, енді мектеп бағдарламасына сай оқу құралдарын басып шығару, облыстағы туризмді дамыту мәселелерін  қарастырып жатыр. Өзім де бір тиімді ұсынысты депутаттардың талқылауына жолдадым. Жақын арада Ресей Ямал-Ненец округінен Қытайға газ құбырын тарту жұмысын бастамақ. Сол құбырдың Риддер маңынан өтетін тұсынан бір жергілікті тармағын Риддер арқылы Өскеменге тартуға әбден болар еді. Бұл мәселе шешімін табар болса, біздің өңірге экономикалық жағынан да, экологиялық жағынан да тиімді болары сөзсіз. Орайы келіп жатса бұл шаруаға атсалысу да біздің келешек жоспарымызда бар.
      –  Еңбегіңіздің мемлекет пен халық арасында бағалануы қалай? Марапаттарыңыз туралы айтып өтсеңіз.
      –  Мен еткен еңбегімді ешқашан бұлдамаймын. Оны біреуге міндетсімеймін, өзім үшін істеймін. Әрине, еңбегім бағаланып жатса, әркім сияқты, менің де мерейім көтеріліп қалады. Ал енді менің негізгі марапаттарым туралы сұхбатымыздың басында өзіңіз айтып өттіңіз ғой. Одан өзге Елбасының Алғыс хаты, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық бірлестігінің «Ұлт мақтанышы» медалі, «Тіл жанашыры» төсбелгісі, Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары жетістіктері үшін» төсбелгісі, әртүрлі деңгейдегі Құрмет грамоталары сияқты марапаттар аз емес. Ол марапаттар жалғыз менің ғана емес, компанияның құрылымдық серіктестіктерінің, бүкіл ұжымымыздың еңбегіне берілген баға деп білемін, сондықтан өзіммен бірге осы кәсіпкерліктің қызығын да, шыжығын да бөлісіп, бірлесе еңбек етіп келе жатқан сенімді серіктеріме алғыс айтамын. Ал мен үшін ең үлкен марапат – халықтың алғысы мен ақ тілегі. Сондай аса құнды марапатты – мен өз жерлестерімнің 2006 жылы «Ұлан ауданына сіңірген ерекше зор еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттап, «Ұлан ауданының Құрметті азаматы» атағын беруі деп есептеймін. Менің қоғамдық жұмыстарым көп болды, әлі де аз емес. 2002-2007 жылдары облыстық мәслихаттың екінші, үшінші шақырылымының депутаты болып сайландым. 2002 жылдан бері Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ (бұрынғы өзім бітірген құрылыс-жол институты) түлектері ассоциациясының президентімін, «Бабамыз батыр Қабанбай» қоғамдық қорының жетекшісімін. Міне, осындай қоғамдық жұмыстарды атқара жүріп, көп шарулардың оң шешілуіне ықпал етіп, көп адамдардың әлеуметтік мәселелеріне қол ұшын беріп, қамқорлық жасадым. Оның барлығын жіпке тізудің қажеті бола қоймас. Сол адамдардың алғысы мен ақ баталары менің жұмысымның өрлеуіне шапағаты тиген болар деп ойлаймын. Мен мемлекеттің де, халықтың да еңбегімді лайықты бағалап жүргендеріне разымын, ешкімге ешқандай өкпе-ренішім жоқ.
      – Қайрат Маратұлы, жаңа «Бабамыз батыр Қабанбай» қоғамдық қорының жетекшісі екеніңізді айтып қалдыңыз ғой...
      – Сұрақтың астарын түсіндім, бұл қағаз жүзіндегі лауазым немесе санда бар, сапада жоқ ұйым емес. Бұл қоғамдық ұйымның соңғы бір атқарған жұмысы – Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында республикалық деңгейде өткізілген Кетбұқа ноян мен Төлегетай бабамыздың рухтарын еске алып, ас берілуі – тәлімі мен тағылымы мол іс-шара болды. Бұл шараға халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов, «Төлегетай» халықаралық қорының президенті Жекен Қалиев, Қазақ-Американ еркін университетінің ректоры, академик Ережеп Мәмбетқазиев, ақын-жазушылар Жүрсін Ерман, Роллан Сейсенбаев, Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулетов, Жезқазғаннан «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров, Талдықорғаннан «Нақ-Бірлік» қоғамдық қорының президенті Аманғазы Шегіров, «Түркістан қаласының Құрметті азаматы», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әбдіғаппар Шаймерденов, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Мақсұт Атамбаев, Шыңжан университетінің профессоры, Қытайдың жеті дүркін чемпионы болған әйгілі палуан Айдархан Қабдоллаұлы сияқты жан-жақтан құрметті қонақтар жиналды. Тойға жиналған көп қауым алдымен Халифа Алтай атындағы облыстық мешітте ел бірлігі, жер тұтастығы үшін, ат үстінде жүріп арпалысқан бабалаларымызды еске ала отырып, бүгінгі тәуелсіз еліміздің баянды тірлігі мен ұрпақтың бақытты болашағын тілеп құран-қатым түсірді. Құрбандыққа ақ түйе шалынып, Кетбұқа ноян мен Төлегетай бабаны еске алу батасына қатысты. Шара бұдан әрі «Жекпе-жек» сарайындағы түйе палуандар арасындағы қазақ күресімен ұласып, Меновное кентінде аламан бәйге, көкпармен жалғасты. Әр ауданнан арнайы киіз үйлер тігіліп, әнші, бишілердің өнерлерін тамашалады. Жұртшылық бірінші орын үшін күрескен «Қазақ барыстары» Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновтың айқасына тәнті болды. Нағыз барыстардың, арыстардың айқасында екі бүк, бір жартылай жеңіспен бас жүлдеге тігілген темір тұлпар Мұхиттың тақымына бұйырды. Мұндағы жарыстардың жүргізілуін өз қолдарына алған жерлестеріміз, бүгінгі күні есімдері елімізге кеңінен танымал, Қазақстандағы ұлттық спорт ойындарын биік деңгейге көтеріп жүрген жазушы, кәсіпкер, атбегі Сәдібек Түгел мен дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президентінің кеңесшісі Талғат Мәзбаев, ұландық ақтаңгер ақын Аслан Ғафуров халықтың делебесін қоздырып, көңілдерін көтеріп, қай жарысты болсын жандырып жіберді. Бұдан бөлек С.Аманжолов атындағы университетте өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда тарихшы ғалымдар Кетбұқа мен Төлегетай тағылымдарын таразылаған баяндамалар жасады. Конференцияда Көне замандағы қазақтың ең ұлы абызы, Жошының қазасына байланысты шығарған оның бүгінге дейін жеткен «Ақсақ құлан» күйі туралы, ХІІ ғасырда Египеттің он бірінші сұлтаны болған Кетбұқа бабамыз туралы көптеген тың деректер айтылды. Іс-шара аясында қаламы ұшқыр ақындарды республикалық мүшәйраға шақырған болатынбыз. Сайыс қоржынына түскен 35 туындының ішінен жезқазғандық ақын Ғазиз Ештанаевтың «Кетбұқаның соңғы күйі» деп атаған лирикалық поэмасы бас бәйгеге ие болды.       Қаза тапты бір қауымның көсемі,
      Сұмдықты естіп күңіренді дос елі.
      Тіршіліктен тыншу таппай жүретін, 
      Кетбұқаның қалауы да осы еді. 
      Бізге жеткен ескі әңгіме кешегі:
      Кетбұқаны ер еді дер көшелі.
      Жөн білген жұрт Кетбұқа мен қобызды,
      Бір қабірге қатар қойды деседі. 
      Маң ғасырлар тарих көшін сүйретті, 
      Алмасты ұрпақ, заманға сай күйге епті.
      Өкініш сол:
      Кетбұқа мен қобыздың,
      Өзегінде біз білмейтін күй кетті... – деп жырлаған Ғазиз ақынның бұл поэмасын қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман «Қазақ поэзиясының соңғы жылдардағы айтулы олжасы» деп жоғары бағалады. Ғалымдар мен ақындардың сөздерінің әсері ме сол іс-шара кезінде кереметтей толқыдым. Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған Үкіметтік делегация құрамында Египет еліне барған іссапарым есіме түсіп, бағзы замандарда Алтайдан келіп осында билік құрған Кетбұқа бабамыздың аруағына деген перзенттік сыйластығым  бір сәт көзіме жас болып үйірілді. Бүкіл ғаламға белгілі Александрия кітапханасын көргенде, «Біздің бабаларымыз туралы да осында талай сыр, беймәлім мағлұматтар жатқан шығар, әттең, соларға қазақ ғалымдарының қолдары жетсе ғой...» – деген ойлар да мазалаған еді сол жолы...
      Жә, сезімге еріңкіреп кеттік пе?.. Сонымен, жұртшылықтың көңілінен шыққан Найман Ұлысының ғана мүддесі үшін емес, қазақ мемлекетінің тұтастығын, ұлттық қасиеттерді қастерлеуге деген адалдығын паш еткен бұл шараны жалғыз өзім өткіздім деп айта алмаймын. Төраға ретінде мен ұйымдастырдым, әр ауданнан тағайындалған Жанарбек Білімбаев, Ержан Ақтанов, Марат Мұзапаров, Сержан Омарбеков, Сейілжан Сайлаубаев, Съезхан Жүзенов, Бәделхан Кәмелханұлы, Мұқан Ағзамов, Жұмабек Жәпішев, Ербол Абдықалықов сынды басқа да көптеген кәсіпкер азаматтар іс-шара аясында өткізілген барлық шараларға демеушілік жасап, өз үлестерін қосты. Ол үзеңгілес әріптестеріме, әрине, алғыстан басқа айтарым жоқ, көпшіліктің қолдауы адамға осындай кезде керек қой. Зырян, Зайсан, Ұлан, Тарбағатай аудандарының әкімдері Айбек Каримов, Серік Зайнулдин, Дәулет Батырбаев, Ділдабек Оразбаев сынды азаматтар үлкен қолдау жасады. Зайсан ауданынан келген ауыл әкімі Талғат Дүйсенбаев, Ұлан аудандық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Болат Мамырбаев сынды жігіттер сол жиынның бел ортасында жүріп, көп көмек жасады.
      Шынайы ынта-пейілдерімен істесе, қоғамдық бірлестіктер де ел игілігі жолында, еліміздің дамуы жолында, жастарды отансүйгіштікке баулуда, рухани құндылықтарды насихаттауда айтарлықтай жұмыстар атқара алады. 2016 жылдың 12 қаңтары күні Алматы қаласында «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысы ұйымдастырған Тәуелсіздіктің 25 жылдығына, Желтоқсан көтерілісінің  30 жылдығына, Алматы қаласының  1000 жылдығына, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына, «Ұлы көштің» 25 жылдығына арналған «Ұлы дала елі – Ұлттық руханияттың мекені» атты патриоттық мәдени іс-шара жоғары деңгейде өткізілді. Жиынның басты мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Ұлы дала елі туралы айтқан ұлағатты бастамаларына қолдау көрсету, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, оларды насихаттау, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу болды. Міне, сол жиында еліміздің әр өңіріндегі қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер басшыларымен бірге біздің «Бабамыз батыр Қабанбай» қоғамдық қорының да осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарын бағалап, мені де «Ұлы дала қырандары» медалімен марапаттады. 
      Былтыр халық мені халықаралық «Кетбұқа – Төлегетай» қорының президенті етіп сайлаған еді. Бұл бағытта біраз шаруалар атқарып жатырмыз. Жуырда ғана Жезқазған қаласында Жошы әскерінде мыңбасы болған, Шыңғыс қағанатының белді бір мемлекеттік қайраткері болған Кетбұқа бабамызға үлкен ескерткіш орнатылды. Соның ашылу салтанатынан оралдым. Сол Ұлытаудағы Жошы хан кесенесінің жанына да Кетбұқа ноянға арнайы құлпытас орнатылып, оның етегіне осыдан сегіз ғасыр бұрын өзі Құлағу әскерінде қолбасшы болып соғысқан, сол жақта мерт болған Израиль жерінен арнайы әкелінген топырақ қойылды. Бұл – шаралардың ұйымдастыру жұмыстарына жүгірген «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық қорының төрағасы Төлеген Бүкіровтің еңбегі үлкен. Бұл орайда Қарағанды облысының әкімі Ерлан Жақанұлы Қошановтың тікелей қолдауына үлкен алғыс айтамыз. Ол кісі өзі сөз сөйлеп, қатысып, осы шараның соңына дейін болды. Бұл ауқымды шараға Мұхтар Алтынбаев, Мұхамбет Көпей сынды қоғам қайраткерлерінің де қадірлі қонақтар ретінде қатысқандықтарын айтып өткеніміз орынды. «Қазақмыс» компаниясының қаржылай көмегіне ризалық білдіреміз.
      –  «Ақшаны табу үшін сәттілік, ұстап тұру үшін ақыл, көбейту үшін талант керек» дейді шығыс даналығы. Келешекке тиімді жоспар құрып, алға қойған мақсатқа жету үшін, басшының бойында қандай қасиеттер болуы керек? Өзіңіздің басқару тәсіліңіз қандай? Кәсіпкерліктің биігіне шыққан тұлға ретінде кәсіпкерлікке енді бет бұрған жастарға не айтар едіңіз?
      –  Мұны айтқан данышпан да өмірлік тәжірибеге сүйеніп айтқан болар, оны мен жоққа шығармаймын. Басшыға да, қосшыға да, жалпы адам баласына қандай қасиеттердің қажет, қандайының жат екендігін ғұлама Абайдан асырып айтқан адам жоқ шығар:
     Өсек, өтірік, мақтаншақ, 
     еріншек, бекер мал шашпақ –
     бес дұшпаның білсеңіз.
     Талап, еңбек, терең ой,
     Қанағат, рақым ойлап қой –
     Бес асыл іс,көнсеңіз, – демеді ме Абай атамыз. Бұл – алдына мақсат қойған әр адамға бағдаршамдай болып, жарқын жолға бастап тұрар үлкен философия, керемет даналық емес пе?! Ал енді басшы адамға ұстамдылық, бір сөзділік, намыс, жігер, орынды жерде қаталдық та керек. Мен негізінен компаниямыздың орта буын басшыларымен жұмыс істеймін, ал олардың әрқайсысының мінез-құлқы, іскерлігі, орындаушылық қабілеттері әртүрлі. Сондықтан, мен бастық екенмін деп столды тоқпақтап, айқайлай бермей, әркімге әр қырынан келген дұрыс. Мен мүмкіндігінше тапсырманы ашық, нақты, түсінікті етіп қоя отырып, иландыру тәсілімен жұмыс істегенді ұнатамын. Ал енді серіктестеріңмен, әріптестеріңмен, халықпен жұмыс істегенде ежіктемей, мәймөңкелемей, шыншыл болған абзал. Уәде бердің бе, оны қайткенде де орында. Қолыңнан келмесе уәде берме, бірақ, себебін түсіндір. 
     Ал енді тәуекелге бел буған жастарға айтарым – тегінде, ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Талай «әттеген-айлар» біздің де бастан өткен. Бүгінгі күні баяғы біз бастаған кездегідей көзіңді жұмып кіріп кететіндей қарабайырлық жоқ қой. Сондықтан мақсатыңды айқындап, бизнес-жоспарыңды жасап, заңмен жақсылап танысып, содан соң намыс-жігеріңді жанып, батыл кірісіп кетулеріне әбден болады. 
     – Жалпы, өмір, тіршілік жолы үнемі даңғыл бола бермейді ғой. Өзіңізге кездескен қиындықтар болды ма, оларды қалай жеңдіңіз?
     – Жұмыс барысында қателіктер де, қиындықтар да аз болмайды. Олардан тиісті сабақ алып, жеңуге, түзетуге тырысасың. Ал енді Алланың басыңа салған сынағына қолдан келер шараң болмайды екен. Тіршіліктегі қиындықтарды қойшы, ең үлкен қайғы – жақын адамдарыңның мезгілсіз қазасы. Біз отбасымызда үш ұл, бір қыз едік. 1975 жылы туған кенже бауырымыз Талғаттың мезгілсіз қазасы қабырғамызды қайыстырып кетті. Қылар қайран жоқ... Жиырма жылдай тату-тәтті ғұмыр кешкен аяулы жарым Әния Жамбылқызы дүниеден өтуі мен үшін аса қиын қайғы болды. Әния – өте білікті маман әрі білімді қаржыгер еді. Кенді Алтайда кәсіпкерлікпен шұғылданған алғашқы қазақ қыздарының бірі ретінде жыл сайын Әнияны еске алып, оның құрметіне кәсіпкерлер арасында спорттың әр түрінен облыстық спартакиада өткізіп келеміз. Жеңімпаз командаларға автокөлік, басқа да бағалы сыйлықтар тапсырылады. Жалпы, біздің компанияның өзінің спорт сарайы, өзінің спорт клубы бар. Бұрынғы Құрылысшылардың Мәдениет үйі ғимаратын сатып алып, спорт клубына лайықтап  күрделі жөндеуден өткізгенбіз. Волейбол командамыз облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүреді. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға толық жағдай жасалған. Компанияда жастар да, спорт ардагерлері де аз емес. Өзім де кезінде бокстан спорт шеберлігіне кандидаттықты қорғап, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып жүретінмін. Жас кездегі машық есейгенде де қалмайды екен, қолым қалт еткен кездері спортзалға асығып тұрамын.
     – Қайрат Маратұлы, Сіз – «Атымтай жомарттығыңызбен» ел көлемінде жақсы танымал болған азаматсыз. Меценаттыққа, қайырымдылық шараларына қаншалықты көңіл бөлесіз? Көңіліңізге алмаңыз, бұл сауалды тек көпке үлгі болсын деген ниетпен ғана қойып отырмын.
      – Оқасы жоқ. Қайырымдылық жасағанның шарапаты Алладан қайтады. Сондықтан, қолыңнан келсе, әлсізге көмек бергенің – үлкен сауап болмақ. Талай игі шарадан кейін арнайы келіп, алғысын жаудырып, батасын беріп жатқан жандардың жылы лебіздері есімде. Оның үстіне адам біреуге жақсылық жасаған сайын, рухани байып, көңілің марқайып жүреді. Қай деңгейдегі болсын қайырымдылық іс-шараларынан біз ешқашан шет қалған емеспіз. Көмек сұраған ұйымдар мен ұжымдардың, жекелеген ұлттық өнер, спорт жанашырларының сөздерін жерге тастағаным жоқ. Шығыс өңіріндегі қазақ күресіне қолдау танытып, жас ақын-жазушылардың Өскеменде өткен республикалық мүшәйрасына қаржылай демеушілік көрсеттім. Елдің елдігі, ердің ерлігі ел басына күн туған қиын шақта көрінсе керек. Осыдан бес-алты жыл бұрын Тарбағатай ауданында су тасқыны болып, елді әбігерге түсіргенде, біз де зардап шеккен тарбағатайлық ағайындарға көмектесіп, «Парыз» қорына қаржы аударып, тамақ, киім жөнелттік. Өскемендегі Қабанбай батырға ескерткіш орнатылғанда, үлкен мешіт – имандылық ордасы салынғанда  қолдан келгенше атсалысып, аянып қалғамыз жоқ. Жаңа Қанай ауылында мектептің салынуына, Таврия, Сағыр ауылдарында көпір салуға, Макеевка селосына фельдшерлік-акушерлік пункт үшін ғимарат сатып алуға, Ұлан ауылдық мектебіне автобус алуға, Пролетарка, Қасым Қайсенов кенттерінің мектептеріне музыкалық орталықтар алып беруге мұрындық болып, атсалыстық. Тұрмысы нашар, көп балалы бір отбасына қаладан пәтер сатып әперіп, ауылдан көшіріп әкелдік. Қызы сал ауруына ұшыраған Қасымовтар отбасына қаржылай көмек көрсеттік. Өзіңіз түсініп отырған боларсыз, мұның барлығы тек менің есімде қалғандары ғана. Сондықтан, қолымда барымды мүмкіндігінше көппен бөлісу – мен үшін артықтық етіп көрген емес, керісінше мейірімді сезінген жанның алғысы – мен үшін үлкен мәртебе. Біреуге жақсылық жасаған адамға түбі – ол жақсылығының қайтып келетініне мен, өз басым сенемін.
      –  Қайрат аға, мазмұнды да парасатты әңгімеңіз үшін үлкен ризалық пен алғысымды білдіремін. Өзіңізге және ұйымшыл, іскер ұжымыңызға да толағай табыстар тілейміз
      – Біздің атқарып жатқан қарапайым шаруаларымызды елімізге, қалың оқырманға таныстырамын деген ниеттеріңіз үшін сіздерге де рақмет! Қаламдарыңыз әрдайым ұшқыр болсын!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...