Түркменбаева Айнұр

Рейтинг:
Бүлдіршіндерді бақытқа бөлеген жан

       Бүгінде бүкіләлемдік тенденциялар мен толассыз жүріп жататын саяси немесе мемлекетаралық сан түрлі ситуацияларды ғаламтор беттерінен қалт жібермей қадағалап отыратын көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз біздің азаттық алғанына бар болғаны отыз жыл енді ғана толған жас мемлекетіміздің дамуы тұрғысынан Батыс Европа елдерінен басқа төрт тарапымыздан қоршап тұрған елдермен салыстырмалы түрде қарағанда экономикалық - әлеуметтік жағдайымыз бойынша қалып кеткенімізді айтып та, жазып та жатады. Аты бүкіл әлемге мәшһүр болған шетелдік беделді оқу орындарында оқып келген көптеген қазақ азаматтары қайтадан шетелдерге кетіп жатады. 
        Өз еліміздегі жауқазын буын жастар да шетелге шығып білім алуға, саяхаттауға жағдайы келіп жатса, мейлінше сол жақта қалуға тырысып бағады. Осы ретте мұндай құбылыстың елімізге аса тиімді емес екендігін айту – артық емес. Кез-келген ұлттың басты құндылығы – халық, сол миллиондаған халықтың ішіндегі кейінгі буын – жастар. Жастар дегенде де көзінде оты бар, қарым-қабілетін кез-келген ортада дәлелдеп бере алатын, потенциалы мен амбициясы, ел мен жерге деген зор сүйіспеншілігі бар жастарды айтсақ жарасады. Сондай жастардың бірі, нағыз ұлтжанды әрі көркем мінезді, кәсіпкер, «Bobegim» балабақшасының иесі – Түркменбаева Айнұр Жетібайқызы.
        1992 жылы қараша айының алтыншы жұлдызында Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келеді. Дүние есігін шыр етіп ашқан сәттен бастап еңбексүйгіш, жүрегі мен алақанының ыстық жалыны суымаған мейірбан да ерекше қамқор әке-шешенің ықыласы мен айтуға тіл жетпейтін шетсіз, шексіз махаббатына шомылып өседі. 
        Мектеп табалдырығын имене аттап, көпшілік ортаға бірден сіңісіп кете алмаған бүлдіршін қыз уақыт өте келе бойы үйренісіп оқуына қызу кіріседі. Алғаш рет қолына қалам ұстап, алдындағы соншалықты жылы ұшыраған әліппені ашып-көріп, әр бетінен түсініп болмайтын әріптерден кереметтей бір жылылық сезінеді. Көңілінде мысқалдай болсын жамандық ниеті жоқ, жүрегіне кір жұқпаған қаршадай ғана қыз мұғалімдерінің берген тапсырмаларын бұлжытпай орындап, жан баласының көңіліне келетіндей бір ауыз сөз айтпайтын үлгілі тәртібімен көзге түседі. Әке-шешесінің берген тәлім-тәрбиесін бойына бойтұмар етіп тағып, кез-келген үлкендер мен кішілер бас қосатын отырыстарда өзін иманды, ибалы қырларынан көрсетіп, ата-анасының атына кір келтіріп көрген жері болған емес. Ұстаздарының алдында керемет талапты оқушы, білімімен қатарластарынан әрдайым алда болған, қайратты да қажырлы шәкірт, мектеп қабырғасында жүздеген оқушыларға тынбай білім мен тәрбие беріп келе жатқан мұғалімдер ұжымының үлкен сенімі мен үмітін арқалаған жас талапкер орта мектептің жоғарғы сыныптарын үздік бағамен тәмамдап, сағымдар арасынан елес беретіндей болып көрінетін аппақ арманын кеудесіне қысып ұстаған қалпы арман қуып Алматы шаһарына жетеді. Алматы қаласындағы политехникалық колледжіне құжаттарын тапсырып, 2007 жылдан бастап студент ретінде жоғары оқу орнының бірінші курсына қабылданады. 2010 жылы колледждегі үш жылдық оқуын үздік дипломмен тәмамдағаннан кейін Алматы қалалық үздіксіз білім университетіне оқуға түседі. Университет сынды алып білім ордасы оған сондай асқақ армандарының сыңарындай көрініп, өне бойына ерекше бір тылсым күш келіп құйылғандай болып сезіледі. Алғашқы күннен бастап өз тобындағы білім алушы студенттердің арасынан оқ бойы озып шығып, бойындағы күш-жігері мен қажыр-қайратын білім алу мен мол тәжірибе жинау жолында аянбай еңбек етіп қана қоймай, университет ішінде жиі-жиі жүріп жататын білім бәйгелері мен спорттық шараларға белсене қатысып, өзін басқа қырларынан танытады. Кафедра ұжымы тұлғалық даму мен бойындағы ерекше әрі сирек кездесетін қарым-қабілеттерін ұштап жетілдіру үшін барын салатын, креативті ойлау мен жаңашыл идеяларды жаны сүйетін, отандық және әлемдік жаңалықтарды ой сүзгісінен өткізіп, дұрыс анализ жасауға қабілеті бар студентті ерекше бағалап, қай кезде де қолдау білдіріп отырды. Міне, осындай ерекше қасиеттерді бір бойына жинақтай білген жас ару қоғамда болып жататын өзгерістер мен мүмкіндіктерді өз ақыл-ойының таразысына салып, жеті рет ойлап бір кесетін мұқияттылықпен ойлана келе 2011 жылы өзінің жеке шағын бизнесін ашуды қолға алады.
        Айнұр Жетібайқызы университеттегі екі жылдық оқуын тәмамдағаннан кейін 2013 жылы «Өрлеу» орталығында өз мамандығы бойынша аванстық есепші-бухгалтер болып қызмет атқарды. Қызметіне орналаса салысымен айналасындағы жаңа әріптестерімен тығыз әрі жақын қарым-қатынас орнатып, білікті маман жұмыс барысында орындалуы керек болған міндеттер мен өзіне жүктелген тапсырмаларды асқан ұқыптылықпен, ынтасымен шынайы беріліп орындап, жұмыс жасай білген болатын. Осы қызмет барысында кездескен сан түрлі сапырылысқан жағдайлардан оңтайлы шешім тауып, әр кезде өзінің шынайы кәсіби маман екендігін дәлелдеп отырды.
        2014 жылы өзі туып - өскен маңғаз өлке Маңғыстауына қайта оралып, белгілі тұрмыстық себептер мен мұқтаждықтың әсерінен тікелей Түркия елінен өз елімізге сапалы киімдер мен басқа түрлі тауарларды тасымалдап, біршама уақыт саудамен айналысты.
        2015 жылы Амангелді атты қазақтың жайсаң көңілді атпал азаматына тұрмысқа шығады. Жар атанып, өмірде кездесетін әрқилы ауыр да жеңіл сынақтарда жан жолдасын сүйеніш етіп, сол кісінің қолдауымен, 2016 жылы тұңғыш перзентті болғаннан кейін, Ақтау қаласының орталығынан кішкентай балаларды ментальды арифметикаға баулитын оқу орталығын ашып, дәл осындай орталықты Маңғыстау облысы бойынша бес жерден ашады. Бұл, әрине, нәзік жанды болып жаратылған әйел адамы үшін өте ауыр жүк болып есептеледі. Соған қарамастан, әуелден тәңірдің өзі тарту еткен темірдей төзім мен салмақты сабырлылығынан айнымастан өз кәсібінің тасын өрге домалату үшін бар күш-жігерін аямай салады. Жастайынан бойындағы бизнес жасауға деген үлкен құштарлық пен уақыттың сұранысын өтеу мақсатында мұхит асып ұшып барып, зор қайрат көрсетіп, үлкен бизнестегі алғашқы қадамдарын жасай бастаған еді. Осындай сәттердің барлығында оған жүрегінің қалауымен тұрмыс құрған арқасүйер жан жолдасы әркез қолдау білдіріп отырды. 
        2017 жылы жүз балаға арналған «Бөпем - ай» балабақшасы жұмысын бастайды. Зор тәуекелмен қатар үлкен көлемдегі көп қаражатты талап ететін жобаны бастауға бел буып, балалармен жұмыс жасауды жоғары деңгейде меңгерген он төрт кәсіби мамандарды қарамағына жұмысқа алған болатын. Балабақша облыс және халықаралық білім додаларында бір емес, бірнеше рет республика көлеміндегі ең үздік балабақша атанып, ең олжалы болған жобасы еді. Олай болу себебі, балабақша өз жұмысын бастағаннан бастап облыстық және республикалық білім бәйгелерін айтпаған күннің өзінде халықаралық дәрежеде өткізілген бірнеше додаларда алдына қара салмай, оқ бойы озық шыққан жас шәкірттер керемет нәтижелер көрсете бастады. Айнұр 
        Жетібайқызы басқарған он төрт бірдей тәрбие беруші ұстаздар жұмыс жасайтын балабақша ұжымы республика деңгейінде өте танымал әрі беделді ұжымға айналды. 
        2019 жылы әрдайым ізденіс пен ұмтылысқа жаны құмар Айнұр «Bobegim» балабақшасын ашып, бүлдіршіндердің шат күлкісіне, ата- аналарының ризашылығына бөленді.
        2020 жылы Айнұр Жетібайқызы Қазақстан Республикасы Білім беру саласында заманауи технологияларды пайдалану арқылы ғаламтор кеңістігінде тәжірибе алмасып, білім беру жүйесіндегі жаңа ақпараттық – коммуникациялық технология бағытының дамуына үлес қосқаны үшін «Алғыс Хатына» ие болды. Мұнымен ғана шектеліп қалмай, алда болатын үлкен жүлделі жарыстар мен таудай жетістіктерге қарай ұмтыла түседі. Балабақша ұжымының тынымсыз жасаған еңбегінің арқасында республикалық деңгейде «Өрлеу Қазақстан» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен балалар арасында өткен республикалық «Мен дарынды баламын» атты онлайн байқауына шәкірт дайындағаны үшін аты аталған қоғамдық қор директоры Б.Н. Қуандықов мырза өз қолымен «Алғыс Хатын» табыстаған болатын. Әр жетістікке жеткен сайын Айнұр басқаратын ұжым ұстаздары мен тәрбиеленушілері ерекше шабыттанып, келесі болатын додаларға дайындықты қызу бастап кетеді. Осындай ауызбіршілігі мол ұжымды басқарып, оның ішкі, сыртқы көптеген өзекті мәселерін уақытында тиімді әрі оңтайлы тәсілмен шешімдер шығарып отыру – үлкен тәжірибе мен терең білімді қажет етері сөзсіз. Балабақша тәрбиеленушілері бір белесті зор күшпен бағындырғаннан кейін саябырсып тоқтап қалмай, жеңіс эстафетасын одан әрі жалғастыра түсті. Араға көп уақыт салмай, халықаралық білім бәйгесінде қанжығаларын майлап келді. «Darin asia – халықаралық үш тілде оқытатын онлайн оқу орталығы ұйымдастырып отырған халықаралық байқауға балаларды дайындауда еткен еңбегі үшін аталмыш оқу орталығының директоры Әсел Оңғарқызы «Алғыс Хат» жолдаған болатын. Осындай үлкен жетістіктерден от алған балабақша ұжымы мұнан да жоғары деңгейдегі марапаттарға қол жеткізу үшін бұрынғыдан да екі есе көп күш салып, алға қарай нық қадам жасауды жалғастыра берді. Көп уақыт өтпей жатып тағы бір бәйгеде сүйікті шәкірттері топ жарды. Қазақстан Республикасының «BILIMBULAQ KZ» - қосымша білім және дамыту порталы балаларды оқыту саласында жаңа бағыт беру мақсатында ұйымдастырған байқауға шәкірттерді дайындағаны үшін «Алғыс Хатпен» марапатталды.
        Айнұр Жетпісбайқызы – бүгінде даңғыл жолға түсіп үлгерген бірнеше оқу орталықтарының басын бір жерге біріктіріп, шәкірттерге білім берумен қатар үлкен бизнестің тұтқасын ұстап келе жатқан көпқырлы қабілет иесі. Осынша қарбаласып жатқан тіршілік базарында адасып қалмай, өзіне жарасатын әдемі өмір мәнерін тауып, өзіне соншалықты биік дәрежеден көрінуге септігін тигізген, өз жанына сүйкімді болған қызметі мен кәсібін дөңгелетіп, жарасымды өмірді сүріп жатқан жайы бар. Жаны мен тәні жарасым тапқан арқасүйер азаматынан көрген үш бірдей аяулы перзенттері мен ағайын-туыс, дос-жаран алдында абырой мен атаққа ие болып, бақыт пен берекенің бесігіндей болған қарашаңырағында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан жандарға қарап жай ғана өмір сүруге құлшынысыңыз арта түседі.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 апреля 2025 11:09
Сымбат
Венера - отличный специалист, мама, подруга, жена! Спасибо за дружбу ...
18 апреля 2025 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
18 апреля 2025 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...