![]()
ЕЛ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДА
Шудаларын шаң баса желіп өткен өркешті жануардың қомына жабысып, төрт тұяғын тең алған тұлпардың жалына жармасып, туған айдың өтерін, шыққан күннің батарын, тілі тоқтамай зырғыған сағатпен өлшеген уақыт өз дегеніне бағындырып келеді. Адымыңды қысқа алып, аяғыңды кейін тартсаң, шыққан биігіңнен ысырып, кәсібіңді тұралататын, бәсекелестік биігіне жетелейтін нарықтық қоғам жаңа технологиялардың етегіне еріп қарыштап дамуда. Діңі қатты еменнен жасалған ағаш соқасы өткеннің ауласында қаңтарылып, қолының табы қалған атаның тырмасы мен кетпені қуыста елеусіз қалған бүгінде жаңа ғылым өндірісі ишара еткен техниканы бас шұлғып, қолданудан басқа амалымыз қалмады. Нарықтық кезеңнің шырмауы бұғауына түскен кәсіпкерлік әмияны, «көк қағаздың көлемін өсіремін» деп, өнім санын арттырғанымен сапаның дәрежесі төмендегені анық. Десек те, арайлы күннің шапағы әлі көрінген жоқ. Қазақылығымыздың қаймағы бұзылмаған өңірлерде тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етіп жүрген кәсіпкерлік сәйгүлігін сұлы беріп баптаған, текті атаның тұяғы болған арда азаматтар жоқ емес. Ел игілігіне қызмет етіп келе жатқан сондай ел ағаларының бірі – Атырау өңірі тұрғындарын нитратсыз қауын-қарбыз, құрамы дәруменге толы көкөніспен қамтамасыз етіп отырған «Дастан» шаруа қожалығының басшысы, 2016 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденін иемденген, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған Ерманов Қоныс Амантұрлыұлын әңгімеге тартқан едік.
– «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер» деген, аталарымыз тегіне қарап жар таңдап, еліне қарап қыз беріп, көршісіне қарап қоңсы қонған. Алпыстағы әжесі алты жасар ер баланың алдынан кесіп өтпеген ұрпақ тәрбиесі қашан да ел бірлігін, ынтымағын бір желіге көгендеген. Ата көріп оқ жонған жігіттің арғымағы белдеуде байлаулы тұрып, ана көріп тон пішкен қыздың көрпесі көктеулі болған. Сұхбатымызды «таныспақ болсаң, тегін сұра» демекші, өзіңіздің туып-өскен жеріңіз еңбек жолыңыз туралы әңгімемізден бастасақ. – Қазақтың қай өңірін алып қарасаңыз да, көгінде тырнасы тыраулап, төсінде малы мыңғырған құтты мекен. Таулы өңірі мен өзен алқаптары, Асан Қайғыша айтқанда, көктеген қозысы жер бауырлаған, Қарақұмы мен Қызылқұмында құмы көшкенмен, астындағы кен көзін ашуды күтіп жатқан атырап әлемде еш жерде жоқ. Сондай, қойнауында қазынасы бұғып жатқан мұнайлы өңір Атырауда 1956 жылы 4 қазанда Махамбет ауданы №8 ауылда дүниеге келдім. Мұғалімдер отбасында кекілім жетіліп, атам Ерманның өнегелі сөздерін санама сіңіріп өстім. Басқұр мен үзікбауы ішіне әр берген киіз үйдің кереге ағаштарын қайыспен берік еткен аталарымыздың дәстүрі мен тәртібін қатты ұстанған жан еді. Бүгінде санасында саңылауы бардың ғана түйсік танымына енетін, аты «Архаизм» деп аталатын кітаптың қатпарларында қалған атсейіс кісі болатын. Қолына құрығын ұстап, түзде жүріп ерден түспесе де, әкем сауатты болған. Бүгін біздің түрлендіре ұстап жүрген қаламымыз түсіне кірмесе де, ауызша таралған өнегеге толы өсиет, нақыл сөздерді анам Маден әркез құлағыма құйып отыратын. Ауыл ақсақалдары бата бергенде: «Ерман аталарыңдай бол!» дейтін. Осы бір ауыз сөздің өзі-ақ біраз нәрсені аңғартады.
![]()
80 жасқа келсе де, атқа қарғып мініп, жастардың жылдамдығын ширататын «Теңге ілу» ұлттық ойынына қатысқан. Анамның айтуынша, күнде жүн сұрап алып, тұсау еседі екен. Атамның: «Бір күн өмір сүріп, бес тиынның ісін істемеген адамның ішкен асы харам» деген осы бір сөзі әлі күнге санамда жаңғырып тұр. Үйдегі жүн таусылса, көршісінен сұрап әкеледі екен. Өзінің асын адалдау үшін, елге тұсау есіп беретін болған. Осындай өнегелі ісімен тек бізге ғана емес, дүйім жұртқа үлгі болған сол кісінің ұрпағы болғаным үшін мақтанамын!
Ал әкеме келер болсақ, әкем Амантұрлы саналы өмірін мектепте балаларға білім беріп шәкірт тәрбиеледі, кейіннен денсаулығына байланысты жұмыс жасамады, анам үй шаруасында болды. Көкірек көзі ояу, сауатты жандар еді. Тал шыбықты ат қып мінген балдәурен балалығым да, мұрты тебінденген жігіттігім де осы ауылда өтті. 1963 жылы Қызыл үй орта мектебінің табалдырығын аттап, 1973 жылы түлеп ұшып, сол жылы Целиноградтағы (қазіргі Астана) инженерлік-құрылыс институтына инженер-құрылысшы мамандығы бойынша оқуға түстім. Студенттік өмірдің қазанынан 5 жыл дәм татып, жоғарғы оқу орнын бітірген соң, құрылыста инженер, мастер, участке бастығы болып, 1996 жылға дейін әртүрлі мекемелерде жұмыс жасадым. Сол бір 1991 жылдары «әміріңізге құлдық» деп басын имегенді шауып түскен ақ патшаның қылышынан кем түспеген КСРО-ның қаһарлы билігінің табанынан өткен сыз қос өкпесінен айырып, мызғымас билігінің түтіні тарамданған кез еді. Бір орталыққа бағынып, бас шұлғып үйреніп қалған жергілікті билік өкілдері нарықтық экономикаға көшу мен жекешелендіру саясатын желеу етіп, өз мүдделеріне жұмсағандары анық. Осы орайда, реформаны бастауда біршама қателіктерге жол берілді. КСРО ыдырағанда, өз жұмысын тоқтатқан өндіріс, өнеркәсіп ошақтары мен әлеуметтік нысандар жеке меншікке беріліп, «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кете барды. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деп, заман көшіне ілесіп, «АтырауОхотПромхоз» мекемесіне маңдай тіреп, сол жерде төрт жылдай қызмет еттім. Заман иірімінде ұршықша айналып, өмір өзенінде ағып кетпеу үшін, «Бизнес» дейтін талды қарманып, жағаға шықтым.
– Сол бір өткен ғасырдың соңғы жылдары талай жанды жүдетіп кетті. «Тоқырау» деп енші алған кезеңнің өткір суығы, жеңін жапсаң, өңірі, мойнын жапсаң, білегі ашық қалып, тапқаны таянғанына жетпейтін бұқараны талай тоңдырды. Бұл бір жағынан, бір қазаннан ас ішіп, үкіметке жәутеңдеп қалған халыққа ес жидырып, ұйқысынан енді оянған елді ширатып жібергендей болды. Сіздің «Бизнес» дейтін алып әлемге келуіңізге не әсер етті?![]()
– Сол жылдары Кеңес Одағы ыдырап, «Тәуелсіздік алдық» деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, жейдеміз жұқа, қалтамыз тесік еді. Тіршілік қамы кімге тау басқызып, кімге дорба арқалатқызбады?! Алғашында кішігірім саудамен айналыстым. Шекаралас жатқан Ресейге барып зат әкеліп, алып-сатарлықта жүрдім. Негізінен тасымалдайтынымыз – «Урал», «Планета», «Юпитер» секілді мотоциклдердің қосалқы бөлшектері. Осыларды сатып, қолымыз аузымызға жетсе де, көңіл шіркін ауылға ауып тұрды. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деп Шынберген ақын айтқандай, бір қолында айраны, бір қолында қаймағы ауылдан ағайындар келіп тұрса да, ауылға аңсарым ауып, аяғым тартып тұрды. Оның үстіне кәсіпкерліктің иісі мұрныма барғасын қалай түшкірмейін. «Жер алсам, мал бағып көрсем, егін ексем» деген ой мазалап, ауылға жетеледі де жүрді. Менің қарамағымда он төрт жылдай жұмыс жасап, кейіннен Ресейге көшіп кеткен Костерин Володя деген жолдас жігіт болатын. «Алып-сату – сенің қолың емес, өндіріспен айналысуың керек», – деп кеңесін айтып отыратын. Жай ғана көлік жүргізушісі болса да, көрегендігі бар жан еді. Жүзі бөлек болғанымен, жүрегі – бір, тілі бөлек болғанымен, тілегі – бір, діні бөлек болғанымен, асыл дініміз – ислам, мұсылмандарға құрметі бөлек ерекше бір адам болды. «Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра» деген, кітапты көп оқығаннан кейін бе, ақылгөйлігі мен парасаттылығы көрініп тұратын. Содан болар білмегенімізді сол кісіден сұрайтын едік.
Тас жұтуға бекінген жан «тамағым» деп қайғырған ба, тәуекел түбіндегі желқайықты медет тұтып, көлеңкеде жүзін тат шалған соқамызды қайта қайрап, айыр, кетпенімізді жаңадан саптап, «Қайдасың ауыл?» – деп тартып кеттік. Төсінде ата арғымағының тұяғы тиген егінді алқап, арқаланып келген бізді жатсынған жоқ. Алғашында екі гектар жерге картоп ектік. Сілтеген кетпеніміз жаман болған жоқ, анау айтқандай көп болмаса да, өз өнімін берді. Кейіннен 10 гектарға, жылдан-жылға өсіріп, 30-35 гектарға жеткіздік. Ол кездері егінді алқапты көнеден келе жатқан жол арықпен суардық та, бертін келе тамшылатып суару деген әдіс шығып, оны да меңгердік. Жаяудың қалай жортса да, шаңы шығатын ба еді?! Ақылын айтып, жөн сілтеген ағалар болды. Сол кездері орынбасар, бүгінде басқарма басшысы Сырым Маратұлы тамшылатып суару қай жағынан да болсын пайдалы екенін айтып, мені сол әдіспен жұмыс істеуге көндірген еді. Бір жағынан су шығынын азайтып, өнімді молайтатын әдіске мен де қарсы болмай, қолданысқа енгіздік.
Мамандығы құрылысшы-инженер болған туған інім Ақтұрлан екеуміз ақылдаса келе, 2002 жылы құрылған «Дастан» шаруа қожалығы осылай кәсіпкерлік қатарына ене берді. Негізгі шаруа қожалықтың директоры Ақтұрлан Ерманов, ал қаржы, басқа да құжаттық мәселелерімен Әбен Қасымов айналысса, шаруашылық жұмысын мен жүргіземін. Осындай үлкен деңгейдегі жетістіктерге жетіп отырғанымыз – талмай жүгірген ізденістер мен ерінбей еткен еңбектің арқасы. Жан-жағыңды бақылап, жаңа технологияның қазанына көзіңді ғана салып қоймай, озық техниканы қол салып алып отырмасаң, бел жазбай, қадамыңды қанша алыс алсаң да, айылын тартып, ерттеп мінбесең, жалына жармасқанды жағаға ұрып лақтырған уақыт пен ғылым арғымағы жаныңнан шаңдатып өте шығады. Осы бағытта әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің технологияларын өндіріске енгізіп отырамын. Мысалы, Ресей ауыл шаруашылығында технология жағынан бізден он жыл ілгері келеді. Бірақ, біздің де «бәсекелестіктің шырмауына» шаруашылығымыздың дөңгелегі босқа айналып қалған жоқ, өз тұтынушыларымыз нарықта өз орынымыз бар. Сонда да шет елден әлі үйренеріміз көп. Кәсібіміз айналымға түскен соң, тек егін мен мал шаруашылығымен ғана емес, жыл он екі ай өнім беретін жылыжаймен де айналыстық. 2004-2005 жылдары жылыжайлардың дені ағаштан салынып, бетін полиэтиленді қаппен жабылатын. Осы әдісті Атырау жеріне ең бірінші болып әкелген біз болатынбыз. Әлі де бұл тәсіл қолданыстан түскен жоқ. Бірақ, бір қиыншылығы ағаштан жасалғандықтан, жылма жыл ауыстырып отыру қажет. Ал, қазіргі жылыжайлар заманға сай тұрғызылған, бес-жеті жылға дейін қызмет етеді. Егу жұмыстары негізінен қыс және жазғы маусымдарда жүргізілді. Ерте өнім беретін көкөністерді қыстан бастап егеміз.
![]()
– Піскен өнімді уақытында жинап алу, сақтауға арналған қоймаларға жеткізу, оны сатудың өзі – бір жұмыс. Қолда барды қанағат тұтып, өніміңді пұлдай білмесең, нарық еңсеңді көтертпейді. Сіздің егіндігіңізден шыққан көкөніс Атыраудың дастарқанымен қатар, қай өңірдің дүкен сөрелерінде сатылады? Экспорт нарығы қалай? – Аллаға шүкір, бүгінде өнім көлемі молайды. Ішкі сұранысты толық қанағаттандырумен қатар, артық өнімді шекаралас жатқан елдерге экспорттап келеміз. Кейбір өндіріс орындары қалтаға түсетін көк қағазды ойлап, есіл-дерттері тек қана өнім санын арттыру болып, сапа қағаз жүзінде ғана таңбаланып, есіктен сығалаған баладай анда-санда ғана бір көрініп қалады. «Дастан» шаруа қожалығы әр тұтынушысына құрметпен қарап, сапалы өнім шығаруды ғана көздейді. Оның дәлелі егіндікке ешқандай химиялық қоспа қоспаймыз. Біздің барлық өнім нитратсыз өсіріледі. Осы бір артықшылығымыздың арқасында көкөністеріміз қай жерде де сұранысқа ие. Биыл 125 гектар жерге өнімнің сегіз түрін ектік. Оның ішінде қарбыз – 35, қауын – 10, картоп – 40 гектарға, қалған алқапқа адам ағзасына қажетті дәрумені мол пияз, асханалық қызылша, тәтті бұрыш, баклажан, сәбіз, қияр егілді. Жер баптау-күту технологиясынан, техникаларды жүргізуден хабардар әрі жұмыс тәжірибесі бар егіншілер мен механизаторларды, өз ісінің білікті мамандарын жұмысқа тартқандықтан, «Дастан» шаруа қожалығы қазіргі деңгейге жетіп отыр.
Бүгінде «қолымда алтын қармақ бар, балық өзі қабады» деп те отыра беруге болмайды. Бір емес, бірнеше істі қатар қолға алмасақ, тұралап қалуың мүмкін. Сол себепті мал шаруашылығын да жолға қойғанбыз. Қожалық болып ұйымдасқан алғашқы жылы 450 бас қой, 22 сиыр, 9 жылқы мен 4 түйе бар еді. Бүгінде мал басы еселеп артып, еділбай қойының саны 2000-нан асса, 320 мүйізді ірі қара, 100-ге тарта жылқы бағылады. Қожалық меншігіндегі шағын мал сою пункті ауыл тұрғындарының қажетіне қызмет көрсетеді. Осы жерде қаймақ, сүзбе, айран, көже секілді сүт өнімдерінен жасалатын тағамдар дайындалады. Алайда ол өнімдер дүкен сөрелеріне түспей, қожалық жұмысшыларына үлестіріледі. Қызылқоға ауданы, Тайсойған ауылында жайылымдық жерлеріміз бен шабындық алқаптарымыз бар. Жаз шығысымен малшылар қауғасын сайлап, құрығын байлап сол жайлауға барады.
![]()
Қожалықта Қызылқоға, Мақат және Махамбет ауданынан келген азаматтармен бірге қаладан келетін, тіпті, Қарақалпақстан азаматтары да бар. Жалпы саны 80-нен астам жұмысшы еңбек етеді. Жас ерекшеліктерінде ешқандай шектеу жоқ, оның үстіне еңбекақылары да уақытылы беріліп тұрғасын, «басқа жерден жұмыс іздеймін» деп ешкім кетіп көрген емес. Малды көбіне ет бағытында ұстаймыз. Қазіргі күні қолымызда барымызды бір жерге шоғырландыратын агрокешен салып жатырмыз. Ішінде 1000 тонналық өнім сақталатын қоймамыз, дүкеніміз, мал соятын қасапханамыз бар. Басты мақсатымыз – өнімді халыққа ортадағы алыпсатарлар арқылы емес, тікелей жеткізу. Сауда нүктелерін көбейтер болсақ, халықтың қолжетімділігі де артады. Бүгінде тұтынушылар өнім халал немесе сапасыз екенін бірден ажыратады. Егер нашар болса, қолын бір сілтеп кетер еді, бірақ, халық бізді іздеп жүріп сатып алады. Алла бұйыртса, агрокешен құрылысын аяқтасақ, үкіметтен 50-60 бас сүт бағытындағы сиыр сұрауды ойлап отырмыз. Себебі, төрт түліктің еті, сүт өнімдеріне деген халықтың сұранысы өте күшті. Бұл да – біздің еңбегіміздің жемісі.
– Өткен ғасырдың соңында түйесі шөгіп қалған ауыл шаруашылығының көшін алға сүйреп жүрген азаматсыз. Тоқырау жылдарының темір қамыты кімнің мойнына түспеген?! Қарға адым аттау мұң болған сол бір қиыншылық кездерде, қара нарға артса, қабырғасы қайысатын ауыр жүкті иығымен көтере білген ел ағасының жары қандай жан? Ата қауғасын күн астында қаңтармай, науасына су толтырған азаматтың балалары туралы білсек? – «Әйелмен құның өлшенер, құдайдан кейін сол шебер» деп Жүрсін ақын айтқандай, үйге әйел кірсе, береке де қоса кіреді. Жолдасым Үміт Целиноградтағы (бүгінгі Астана) инженерлік- құрылыс институтында білім алған. Өзгелер еркеліктің соңғы серпілісі студенттіктің қызығына тоймай жүргенде, біз жоқтан бар жасап, үйленіп алдық. Алла сый ғып берген Рүстем деген ұлымыз бар. Содан тараған немерелерімді бағып отырмыз. Аллаға шүкір, үш немерем бар. «Бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті» деген, балама бұлай болмаған едім, немерелерімнің ыстығы ерекше. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, Тәңірден бар сұрайтыным – осылардың тілеуі. Есейгенде немерелерім лайықты маман болғанын қалаймын. Үлкен азамат болып, өмірден өз орнын табуы – менің басты арманым.Тұрағы жоқ бұл дүние өз кіндігінде айналып, бір орнында тұрмайды. Желе жортқан желмаясын мінген Қорқыт төрткүл дүниені шарласа да, өткінші өмірден тиянақ таба алмай жан тыныштығын қобызынан іздеді емес пе?! Асан қайғы ше?!.. Жер жәннатын нұқып көрсеткенімен, ол да кетті тұрақтай алмай. Алдынан көрінген қараны, алдаспанымен жайпап өткен Ескендір Зұлқарнайың да бұл өмірден ештеңе алып кетпеген. Мен: «Ұрпағыма байлық қалдырсам», – деп, дүние жинап жатқан емеспін. Күннің шапағы ауаны тілгілеген таң алагеуімнен қызыліңірге дейін бел жазбай еңбек етуім – немерелерімнің болашағы үшін. Қаракөз қарақтарымның жоғары білім алуы үшін, барымды саламын. Сауаттының жолы ашық болған бүгінде қолыңа кетпен ұстау үшін де, білім керек. Мен оларға байлық қалдыруды мақсат тұтпаймын. Өздеріне де: «Ақша қалдырсам не жоғалады, не біреудің қалтасында кетеді. Сондықтан, сендерге жүйені жел шайқаған қандай дауылды құйын болса да, ұшып кетпейтін, жалыны леп шарпыған қандай от болса да, шетін күйік шалмайтын, қолмен ұстап, көзбен көрмейтін, сүрінгенде қолтығыңнан демеп, қиыншылықтан алып шығатын, надандық қараңғылығына сәуле боп еніп, нұрын шашатын – білім», – деп айтып отырамын. Білім алып, білікті маман болып шығулары үшін, бар байлығымды сарп етемін. Үлкен немерем Бекес, одан кейі
![]()
нгісі – Ернұр, Айдана. Ұлым Рүстем бұрын кеденде қызмет еткен, бүгінде маған қолғанат болып, шаруашылығымды алға сүйреп келеді.
– Қамшының сабымен ғана өлшенген ғұмырда, табаны топырақ басып, жүзін күннің шырайы сүйіп, өкпесін ауа кернеген әрбір жанның арман - мақсатымен қоса, өзіндік ұстанымы болады. Қолынан қауғасы мен кетпені түспей, қыста жылыжайда көшет отырғызып, жазда егінді алқапты өсірумен қатар, қымызын сапырып, айранын ұйытқан, ел ырысын жерден айырған жанның ұстанымы қандай?– Тіршілік дейтін тынымсыз әлемнің шығыршығында шыр айналып жүрсек те, өзіндік сүрлеуімізді қалдыруға қарманып бағамыз. Ойыңдағыны жүзеге асыру үшін де, дұрыс бағыттала білу керек. Өмірдегі менің ұстанымым – адалдық. Көлденең көк аттыға жем болып кетпеуіме де сеп болған осы – адалдық. Кісінің ала жібін аттамаған әке тәрбиесі бізді де жолымыздан қиыс тайдырған жоқ. Шөміштеп жиған абыройымызды өз әлімізше көтеріп келеміз. Құлагер шапқан аламанда, Батыраштың балтасы да қатар жүргені секілді, тасада тұрып тас ататындар да жоқ емес. Бірақ, алтын білікті батпаққа қанша көмсең де, құнын жоғалтпайтыны секілді, өз биігімізге көтеріліп келеміз.
«Спорт – денсаулық кепілі» деп бекер айтылмаған, үлкен-кіші барлығы спортпен айналысу керек. Мен де студент кезімнен спортпен айналыстым, әлі де күніне бір, бір жарым сағат уақытымды спортзалда өткіземін. Демалыс күндері болса да, өзіме босаңдық танытқан емеспін. Спорт қашанда адамды төзімділікке баулиды. Спорт – жан серігім. Денсаулық үшін, көңіл-күй үшін, салауатты өмірдің өзі – ауадай қажет. «Экология» деген нәрсе тамағымызға да еніп, киімізге де түсіп, дені сау ұрпақ тәрбиелейміз деген тұста балақтан жармасты. Сондықтан, осындай қосымша аурулардан құтылып, өзімізді сергек ұстау үшін дене шынықтыруымыз керек. Жастар дегеніміз – енді ғана өсіп келе жатқан жас буын. Сондықтан салауатты өмір салты ауадай қажет. Атырау облысынан шығып, екі рет олимпиадаға қатысқан Ринат Ибрагимов атты спортшымыз бар. Сол бір талантты спортшының әртүрлі деңгейдегі жетістіктерге жетуге менің де қосқан үлесім бар. Жастарды спортқа баулу мақсатында үш-төрт рет самбодан республикалық турнир өткіздім. Ұлым да осы спорт түрімен айналысады
![]()
. Талай тұлпарды тағалап, аламанға қосып жүрген спортшылар арасында есімі танымал «Қазақстанға еңбегі сіңген» жаттықтырушы Табынбаев Қошқарбай екеуміз бірлесе жүріп, біраз шаруаның жиегін қайырдық. Әсіресе, балалар спортының дамуы, қанат жайып өркендеуі үшін, еңбек еттім. Байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген Ринат бауырымыз да – кезінде біз мұрындық болған самбо үйірмесіндегі спорт мектебінің түлегі. Әлі талай чемпиондар шығатынына сеніміміз мол. Ауылда спорттық сайыстар өткізіп жүреміз. 9 мамыр мерекесіне орай ауған соғысында қаза тапқан ауылдасымыз «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Мұхтар Рахметовті еске алу және жолдасын Ұлы Отан соғысынан 15 жыл күткен асыл анамыз, ардагер ұстаз Оралбаева Ұлдай апайымыздың құрметіне жыл сайын мектеп оқушылары арасында футболдан турнир өткізіп тұрамыз. Жастарымыздың жақсы азамат болып қалыптасуы үшін, спорттың берері көп, сондықтан өз әлімізше қолдан келген көмегімізді көрсетіп келеміз.
– Бүгінде зор алғысқа бөленіп, ел қызығушылығын оятқан шаруа қожалығына деген құрмет биік. Тіл жеңіл сөйлегенімен, осы бір үлкен жетістіктің артында, қауғасы мен күрегі қолынан түспеген шаруа адамының, тіркемесінде соқасын сүйретіп, мұржасынан қара түтіні будақтаған тракторшының, сыртында ақ үлпек қар жер бауырлап жатса да, ішінде көкөністің өркенін жайдырған жылыжай қызметкерінің еңбегі тұр. Жалғыз ағаш орман болған ба? Ғылым көшін ілгері салғанда, нарық суығында мұз құрсанып, бәсекелестіктің көк бестісін тақымдап, кәсіпкерлік арбасының дөңгелегін тоқтаусыз айналдырып келе жатқан шаруашылықтың локомативі, қарамағыңыздағы жұмысшыларыңыз туралы айтып өтсеңіз. Саяқ шапқан сайға құлаған бүгінде көппен көрген ұлы той жасайды? – Әрине, барлығының басын біріктіріп, жұмылған жұдырықтай етіп, ұйымдастырғаныммен, еңбек – солардікі. Осы жұмыста үлкен еңбек етіп келе жатқан інілерім туралы айтқым келеді. Таңғы бесте тұрғаннан, түн қараңғылығына дейін, көтерме базарға барып сауда жасайтын Қасымов Әбен, егістік алқабының басы-қасында болып, жұмыс барысын қадағалайтын Ерманов Ақтұрлан деген інілерім – шаруашылық көшін бірден-бір алға сүйреп келе жатқан азаматтар. Өз ісінің майталман маманы менеджер Сайтов Баһадүр деген жігіт бүкіл саудаға, заттың бағасына жауапты. Сұраныс алып, тұтынушылар қажеттілігін өтеп келеді. Өзіммен бірдей жатып, ерте тұрып, автокөлігін әрқашанда сақадай сай ұстап алыс жолда бірге жүретін, Ресейдің талай қаласын басып өткен Мұстафин Ғарифолла деген үзеңгілес ініме құрметім шексіз. Қазір техниканың тілін білетін жастар жоқ, агроном, механизатор секілді ауыл шаруашылығына нағыз керек мамандарды тіпті, қажет кезінде де таба алмаймыз. Кеңес кезіндегі техника өзгерді, сол жаңа техниканың тілін меңгеру керек. Алдымен өзім Ресейде үйренемін де, келіп қызметкерлеріме үйретемін. 125 гектар егіннің тамшылатып суару технологиясын есеппен жинап, өнім бергенге дейін қадағалап отыратын Байниязов Айдос – агрономның орнында жүрген азамат, жүргізушіміз Тауманов Қазбек, Өтегенов Асан деген механизаторымыз бар. Жігіттердің үлкен еңбегі бар, менің тапсырмамды күтпей-ақ қалай жасау керек, солай істей береді. Бұл жігіттерге өзіме сенгендей сенемін
![]()
.
Одан бөлек жаз айларында егінді алқаптарда оқушылар еңбек етеді. Үлкенге қарап қол жайғаннан гөрі, өздері ақша тапқанды жөн көреді. Екі ай жұмыс жасап, мектеп формаларын, оқуға керекті құрал-жабдықтарын, керек-жарақтарын сатып алады. Ауысқан ақшаларын ата-аналарына беріп, қуантып жатады. Бұл – бір бала үшін де, ата-ана үшін де керемет сәт. Осылай бір жағынан үйлеріне көмектесіп, оларға салмақ салмайды. Мысалы, 8-сыныпқа барған оқушы жаз мезгілінде 182 000 теңге тауыпты. Міне, еңбек! Міне, азамат! Негізінен бізге 6-сыныптан бастап келе бастайды. Ата-аналар да: «Баламды жұмысқа алыңызшы!» – деген соң, қолын қайтара алмаймыз. Бізге алғысын жаудырып кете барады. Біздікі – үйлеріне, ата-аналарына көмектессін деген ниет қой, бәрі. Олар, ауыр жұмысқа түспейді, машина үстінде қарбыз алып беру секілді жұмыстың жағасында жүреді.
Үлкенге құрметіміз ерекше, кішіге ізетіміз бөлек. Сыйластықтың түрлі сатысын санамызға қалыптастырған атаның баласы емеспіз бе?! Жұмысшылар ауызбіршілікпен, ұйымшылдықпен жұмыс жасайды. Үнемі бір-бірін қолдап жүреді. Жыл соңында еңбек санаты 10 жылдан асқан бір қызметкерге кезекпен тегін үй саламыз немесе автокөлік сыйлайтын дәстүріміз бар. «Жаңа машинаның кілтін кімге беремін?» – дегенімде, «мен аламын» деп емес, «Қазбек алсын», «Асан алсын», – деп үлкендерге жол бергенде, кәдімгідей кеудеңді бір ұлы сезім кернеп өтеді. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген, «мен – басшы, ол – жұмысшы» деп аражігімізді бөлмей, илейтініміз бір терінің пұшпағы болғасын, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, еңбек етудеміз.
Алғаш кәсіпті бастағанда, соқа басын бірге ұстасқан жұмысшылар бар арамызда. Жыл соңында еңбек еткен жылдарына байланысты әр жылына 10 000 теңге сыйақы беріледі. Одан бөлек әр жұмысшыға ынталандырылған қаржылай сыйлық беріліп, «Шаруашылық үздігі» аталымын анықтаймыз. Оның да атына заты сай қомақты қаржылай сыйлығы бар. Ұжымымыздың арасында ұсталығынан шыққан заттан бірде-бір мін таба алмайтын қолы алтын, мықты шебер бар. Сол кісіге «Шаруашылық жеңімпазы» деген жазуы бар белдік жасатамыз. Жеңімпазға белдікпен бірге, 5 тоқты, көктемде 1 байтал беріледі. Жыл сайын жеңімпаз ауысып тұрады. Сондықтан үміткерлер жұмыста барын салады. Бұл да болса еңбекке, жұмысқа ынталандыру үшін жасап жатқан бір ісіміз.
Ата-анаға әр баласының орны бөлек, бір-бір төбе болатыны сияқты, әр қызметкердің өзіндік орны бар. Біреуі жоқ болса, іздеп алаңдаймын. Қарақалпақ жігіттер де бізге келіп еңбек етеді. Жұмысшыларымыздың жағдайы жасалған, тек нәтижелі жұмыс күтеміз. Олар да осыған үйренген, табысынан бөлек картоп-жуа секілді көкөніс өнімдерін де алады. Жұмысшыларыма әр мейрам сайын сыйлық беруге, туған күндерін атап өтуге, қуаныш-қайғыларына ортақ болып отыруға тырысамын. Олар менің жұмысымды шын беріліп жасағандықтан, мен де әрине, еңбегін бағалаймын. «Сыйға – сый, сыраға – бал» деген осы емес пе?!
–
Тіршіліктің қос білегі жағадан алып, таңмен таласа тұрсақ да, уақыт тапшылық еткен бүгінде уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет, аға! Сіздердің бақшаларыңызда өскен экологиялық таза өнімдеріңіз тек Атыраудың ғана емес, бүкіл қазақ жұртының киелі дастарқанынан орын алсын! Пенделік нәпсімізді заман жүгіне арта салып, сан мен сапа итжығыс түскен нарықта, кәсіптің тарғыл сиырын жиі сауғанымызбен шелегіміз кейде толып, кейде жарты болып, тіпті, кейде сауынымыз ерте суалып жатады. Қанша ауырсынсаң да, осы бір сауда-саттық қоғамның өткір желі қойын-қонышыңнан кіріп, денеңді мұздатып кетеді. Нарықтың азулы төбеті аяғына оралғанда, өзіне жақындатпай, нитратсыз таза өніммен халықты қамтамасыз етіп, ел игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан Қоныс Амантұрлыұлы секілді азаматтардың қатары көп болғай!