![]()
Сенім жүгін арқалаған азамат
Қандай істі қолына алса да шырайын шығаратын, нарықтық экономиканың тілін түсінген, қаржылық әрі саяси сауатты, кәсіпкерлікте қабілетті, бүгінде алпыстың көк дөнені бел астында байлаулы тұрған Кенжебеков Алтынбек Лесбекұлы 1964 жылдың 1 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, бұрынғы «Ленин жолы» совхозында (қазіргі Ақарыс ауылдық округі) дүниеге келді. Асқар тау әкесі Лесбек ақсақал бір қазанға қол салған сонау бір ұжымдаса тірлік еткен жылдары адал еңбегімен абырой биігіне көтеріле білген абзал жан. Жұмысының ауырлығына қарамастан барлық перзенттеріне жеткілікті дәрежеде көңіл бөліп, саналы, қоғам мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін адал азамат болып ержетулеріне көп ықпал етіп, ақ жолды, дұрыс бағытты сілтеп отыратын, адамға жақсылық жасауды жаны сүйетін, көңілі ақ ұлпадай кіршіксіз таза, жүзіне қараған кісіге өзінің адалдығы мен мейірімін, еңбектен есіп тұрған нұрлы сәулесін төгетін ерекше мейірімді жан болған. Ал мейірімі күн нұрынан да жылы анасы 8 баланы дүниеге әкеліп, өсіріп, жетілдірген алтын құрсақты ана!
Мінсіз табиғатының өзі суретшінің ұлы картинасына сұранып тұрған, даласынан ескен желінен, баласының тазалығы, данасының кіршіксіз көңілі мен дархандығы сезіліп тұрған өлкеде бақытты балалығын өткізген Алтынбек ауыл іргесіндегі білім ордасыны табалдырығын аттады. Үлкенді тыңдайтын әрі сыйлай білетін, айтқанын екі етпей орындайтын, олардың есті сөздерін естіп өскен ол мектеп қабырғасында да үздік оқушылардың сапында болды. Ұстаз тапсырмасын орындауда алғырлық танытып, сайыстар мен интеллектуалдық ойындарда оқығаны мен көргенін зерделей алатын зейіні мол оқушы болып өскен Алтынбек 1978 жылы Шымкент қаласына қоныс аударып, қаладағы №32 орта мектепте тәлім алды. Мектепішілік өткізілген шараларға белсене қатысқан кейіпкерміз спортқа да бір табан жақын болып өсті. Сабақтан тыс уақыттары жаттығу залына барып, 10 сыныптан бастап бокс үйірмесіне қатысты.
![]()
1981 жылы мектепті бітірген Алтынбек Лесбекұлы оқуға баруға ұмтылғанымен мүмкіндігі болмай, Шымкент қаласындағы аса ірі өндіріс орындарының бірі – Шымкент қорғасын зауытына жұмысшы болып орналасады. Осы жұмыс орнында бір жыл жұмыс жасап, алдына қойған мақсатына жету жолында уақыт тауып, дайындық курстарына барып, 1982 жылы Қазақ химия-технологиялық институтына (қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) оқуға түседі. Оқу-білімге ынталы, әрбір ісіне мұқият, алғырлығы жағынан қатарластарының алды болған студент жоғарғы оқу орнында да спорттық іс - шаралардың бел ортасында жүріп, білімі күннен-күнге толығып, кәсіби қызметінде қажетіне жаратар дағдыларға да машықтана түсіп, ашық-жарқын, кез келген адаммен тіл табысып кете беретін жан білім ордасында өткізілетін әрбір іс-шарадан да қалыспай, ұйымдастырушылық қабілетін де көрсете білді.
«От басының өнегесі – Отан өнегесі», - деп Бауыржан Момышұлы айтпақшы, бала кезінен әкесінен әділдік пен адалдық, еңбексүйгіштік пен Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбие арқылы бойына сіңірген Алтынбек 1 курсты бітірген соң әскерге аттанады. Ер азамат үшін Отан алдында борышын өтеу ең бірінші орында тұратыны секілді, білім алып жүрген кейіпкеріміз азаматтық борышын Кеңес әскері қатарында Шешенстанның Грозный қаласында дайындық курсынан өтіп, жарты жылдан соң Ростов облысы, Замшалова станциясында борышын өтейді. Шалғай ауылда туып-өскенімен көкірек көзі ояу, ширақ мінезді, қара жұмысқа піскен жігіт онда да қатарынан озып, командирлерінің мақтауына ілігіп, старшина болып, қызметін абыройлы өткеруге бар күшін салған Алтынбек Лесбекұлы қызметін абыроймен атқарып, 1985 жылы елге оралады.
Елге сенім артуға тұратын еңселі азамат болып оралған Алтынбек әскерге кетерде үзіліп қалған оқуын жалғастырады. Спортқа деген, оның ішінде боксқа бала кезден бергі қызығушылығы бар, оның үстіне әскерде жүргенде үздіксіз жаттығу үстінде болған ол жоғарғы оқу орнына келген соң өзінің сүйікті спорты бокспен шұғылдануын жалғастырады. Институт атынан талай жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, спорт шебері атағына өтініш берген жас 1985 жылы Магнитогорск қаласында қорғап шығады. Теңіз үстіндегі кешкі тымықты бұзған құйындай, тағдырдың да ескертпей келетін тосын сәттері болады. Үшінші курсты бітірген соң отбасы жағдайына байланысты институттан академиялық демалыс алған Алтынбек екі жыл араға үзіліс салып, 1991 жылы аталмыш білім мекемесін абыроймен тәмамдап, «мұнай-газ саласының маманы» мамандығын алып шығады.
![]()
Арайланып батқан күннің, шырайланып шығатынына кім кепіл?! Жоғарғы оқу орнын бітірген жастың алдынан тоқырау кесе көлденең шыға келді. Шекесі шылқыған ешкім жоқ, қай жанұяны қарасаң да кешкі тамағын табу жолында қарманып жүрген сол бір ел үшін ауыр жылдары Алтынбекте қарап қалмады. Ізденіп жүріп оқыған дипломы сандық түбінде қалып, заман ағымына қарай, елмен бірге бұл да сауда ісіне араласты. «Батырға оң мен солы бірдей» деген, тек мына жұмысты істей аламын деп бір саламен шектеліп қалмаған ол қандай іске де бейімі мен икемі бар екенін дәлелдеп, сауданың да көркін қыздырды. Осындай іргелі жұмыстар кезінде табысын молайту үшін Прибалтика елдерінен, Германиядан машина әкеліп сатып, істің көзін таба білетіндіктен қолға алған шаруасының бәрін абыроймен атқарып жүрді. Бір орталыққа бағынып, үкіметке қарап жәутеңдеп қалған елді жеке кәсіпкерлікке шақырып, колхоздар мен совхоздарды ұжым мүшелеріне еншілес етіп бөліп берген жылдары, ертеңгі күні не боларын ешкім де болжай алмаған кез еді. Алдымен мемлекеттік рәміздерін бекітіп, Конституциясын бір ізділендіріп, мемлекет те енді экономикаға көңіл бөліп жатыр еді.
Істің жайын білетін, қаржылай сауаты бар Алтынбек Лесбекұлы бұл уақытта яғни, 1997 жылы Шымкент қаласындағы зауыттан бензин алып, Қызылорда қаласындағы фирмаларға көтере сатумен айналысып бастайды. Қиындығы мол жұмысты қайыспай атқарып біршама жылдар осы кәсіпті айналдырады. 2000-2001 жылдары Қызылорда қаласындағы Жалағаш ауданында «Халық банкінің» өкілі болып, күріш өсірушілерге несие беруге жауапты болады. Ал 2001 жылы өз мамандығы бойынша жұмыс атқару мүмкіндігі туындап, Қызылорда қаласында бензин шығаратын мини-зауыт ашады. Ойына алған істі тындырмай тыным таппайтын атпал азамат тәуекелшілдігін де байқатып, осы ісін екі жылдай жасайды. Екі жылдан соң Шымкент қаласына оралып, бұрынғы машина сату кәсібіне қайтадан кіріседі. Сол жұмысты айналдырып жүргенінде «Бейбарс газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Нұров Амангелді Қуанышұлы Қызылорда қаласына жұмысқа шақырады. Бұл ұсынысқа келіскен Алтынбек Лесбекұлы 2006 жылы «Арал газ» газ толтыру станциясын ашады. Оның өндірістік қуаттылығын 1000 тоннаға дейін көтереді.
![]()
Қолынан іс келетін, тасқа салса да жүзі қайтпайтын алдаспандай өткір, қайратты күрделілігіне қарамай бастаған ісін табандылық таныта отырып жеңіп шығатын білікті мамандар сол кезде қасқалдақтың қанындай тапшы еді. Осы саладағы тәжірибесінің молдығы, қажырлы еңбегі ескеріліп, 2009 жылы Шымкент қаласындағы «Бейбарс газ» компаниясына директор болып тағайындалады. Лауазымды қызметті өзіне тән бірбеткейлік пен талпыныс, қойылған мақсаттарға қолжеткізуге негізделген сенім арқасында жеткілікті дәрежеде атқарады. «Болат қайнауда, Батыр майданда шынығады» ,- деген қиын кезеңдерде түрлі қызметтер атқарып, аз ғана уақыт ішінде сауда, менеджерлік саласында мол тәжірибе жинақтаған Алтынбек Лесбекұлы басшылық қызметте де өзіне деген сенім төрінен көріне білді. Өзінің қарамағындағылармен тонның ішкі бауындай етене араласып, еңбек етіп, лауазымы қаншалықты жоғары болса да қарапайымдылық қалпынан айныған емес.
Одан арғы қызметінде 2012 жылы «ЛП газ» ұйымына басшылыққа келген Алтынбек Лесбекұлы тоқырау аяғына тұсау салып, шаруасы шатқаяқтап тұрған компанияның бойына қайтадан қан жүгіртіп, қарызға белшесінен батып, банкроттыққа ұшыраудың аз-ақ алдында тұрған жұмыс орнын аз ғана уақыт ішінде аяғынан тұрғызды. Жұмыс орны түгілі шағын шаруалардың күйі «шықпа жаным, шықпамен» отырған сол кездері, мұндай іс жасау жүздің бірінің қолынан келе бермейтін ерлікпен пара-пар іс еді. Оған да сауаттылық, нарық талабына сай менеджерлік қабілет пен тынымсыз еңбек керек еді. Жаспын деп аяғын кейін тартпай, өзінің мүмкіндіктерін пайдалана білген Алтынбектің қолынан бұл іс келді.
Өзі қызмет істеген кезеңде мойнына жүктелген міндетті абыройлы атқарып, ісіне адалдығымен, еліне жасаған жақсылығымен танылып, уақыт сынынан сүрінбей өткендерді жұртшылық аңыз-әңгіме ретінде айтып жүретіні де анық. Адами қасиетті өмірінің темірқазығындай берік ұстанып, еліне адал қызмет етуі арқылы бүкіл ғұмырын халқының мүддесімен ұштастыруға бел байлаған білікті де білгір басшының бірі әрі бірегейі Алтынбектей ел ағасының осындай мықты тәжірибесі болғандықтан 2017 жылы «Арал газ» компаниясында, бұл ұйымды да қиыншылықтан құтқарып, сату көлемін 1000 тоннаға дейін көтере білген іскер азамат Алтынбек Лесбекұлы 2019 жылдан бері «Бейбарс газ» ЖШС директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.
![]()
«Ер дәулеті - еңбекте»,- дейді ғасыр өтсе де ескірмейтін қазақ даналығы, еңбек еткен жылдары бірнеше кәсіпорындарды тоқыраудың шеңгелінен алып шығып, ел қызметіне пайдалануға берген қайсар, дария тасыса да тобығымен су кешер сабырлылығы басым азамат Кенжебеков Алтынбек отбасында аяулы жар, асқар тау әке, немере қызығына тоймай отырған ата. Жолдасы екеуі дүниеге 3 қыз, 2 ұл әкеліп, өсіріп, саналы етіп тәрбиелеп, білім беріп, әрқайсысы бір-бір мамандықтың белді мамандары болуына көмектесіп, өмірден өз орындарын табуына бағыт сілтеді. Қазіргі таңда барлығы өмірден өз орындарын тауып, адал еңбегімен нәпақа айырып жүр. Үлкен қызы Кенжебекова Индира – заңгер, жер комитетінде менеджер болып жұмыс істейді, одан Бауыржан, Аружан атты екі жиен немересі бар. Әулеттің ізін жалғар ұлдың үлкені Кенжебеков Нұржан – полиция майоры, қаланың аға инспекторы, Әлижан, Керей атты немерелердің қызығын қызықтауда. Кенже ұлы Алтынбеков Нұрсұлтаннан Айзере атты тәтті немере сүйіп отырса, екінші қызы Алтынай 2020 жылдың қараша айында тұрмыс құрып, кіші қызы Жұлдызай – Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің 3-курс студенті, болашақ ағылшын тілі мұғалімі.
Айтары мол өткенге құлақ түрсек «Әр заманның өз сұрқылтай болады»,- деген бар. Тарихын тастағы жазулардан оқып білген әр дәуірдің де өз қиыншылықтары болып отырған. Және сол қиыншылықтарды еңсеретін қапсағай денелі батырлары, елдің қамын ойлаған данышпандары, жетімін жылатпаған мейірімді жандары, иек артып сенім білдірген қара нардай қабырғалы азаматтары болған. Тоқырау жылдардағы біздің үміт артқан, жүктің ауырын көтерген қара нарымыз деп Алтынбек Лесбекұлын айта алар едік. Санаулы ғұмырын саналы ұрпақ тәрбиелеп, халқына қалтқысыз қызмет ету жолына арнап келе жатқан абзал азаматтың еңбегінің табысты болуына тілекшіміз!